15.04.2023
  319


Автор: Қожа Ахмет Яссауи

САЛАУАТ

Он сегіз мың ғаламға сәруар* болған Мұхаммет,
Отыз үш мың асхабқа сардар болған Мұхаммет.
Жоқшылық пен індетке қанағатшыл Мұхаммет,
Күнә тартқан үмбетке шапағатшыл Мұхаммет.
Кірпік ілмей талықты, – сабыр табар Мұхаммет,
Жетім, міскін, ғаріпті жарылқаған Мұхаммет.
Үлес берген пендеге сара жолдан Мұхаммет,
Азап кешкен әммеге пана болған Мұхаммет.
Әбужаһил залымға төзім қылған Мұхаммет,
Жалақордың хақ жолға өзін бұрған Мұхаммет.
Жалғаншының қайғысын ұмыттырған Мұхаммет,
Зікір айтып Рухын шынықтырған Мұхаммет.
Малғұн, лағин, шайтанға соғыс қылған Мұхаммет,
Шариғатқа үмбетін тоғыстырған Мұхаммет.
Тариқатқа – жолбасшы, жаны ышқынған Мұхаммет,
Ақиқатты баршаға табыстырған Мұхаммет.
Жамандыққа – жақсылық бағыштаған Мұхаммет,
Тауфық тілеп, залыммен алыспаған Мұхаммет.
Сәждеге ұрып маңдайын, тағат қылған Мұхаммет,
Қабыл болып дұғасы – таң аттырған Мұхаммет.
Залымдардың бәлесін харап қылған Мұхаммет,
Бір Алланың Дидарын талап қылған Мұхаммет.
Бес уақыт намазда имам болған Мұхаммет,
Миғражда көргені Дидар болған Мұхаммет.
Ғаршы, Күрсі базарын иеленген Мұхаммет,
Сегіз бейіш төріне Кие берген Мұхаммет.
Міскін Ахмет құлына мұра қылған Мұхаммет,
Жетімдерге жүрегін шыра қылған Мұхаммет.
-------------------------
Сәруар* – жолбасшы.





Пікір жазу