13 мамырда әлемде қандай қызықты оқиға болды
Бүгін ілгек-жабысқыштың (застежка-липучка) туған күні аталып өтеді. Ілгек-жабысқыштың адам тұрмысына жылдам еніп кеткені соншалық, бұрын адамзат онсыз қалай өмір сүргенін елестетудің өзі қиын. Оны сәнгерлер киімді конструкциялау кезінде сәтті қолданып келеді, ол былғары галантереясы саласына етене сіңіп кетті, ілгек-жабысқышты әсіресе бау байлағанды ұнатпайтын балалар жақсы көреді, оның көмегімен аяқ киімді тез бекітуге болады. Ілгек-жабысқышты швейцариялық инженер Жорже де Местраль ойлап тапты, ол кейде Velcro деп те аталады. Өнертапқышқа мұндай идея 1941 жылы келген. Алайда оны іске асыру үшін жылдар бойы тәжірибе жасауға тура келген. Местраль өз өнертабысын 1955 жылы ғана патенттей алды.
Бүгін сондай-ақ Халықаралық хумус күні аталып өтеді. Хумус – Таяу Шығыс елдерінде ноқат езбесінен жасалатын танымал тісбасар. Хумустың құрамына ноқат езбесі (түрік асбұршағы) зәйтүн майы, тахини (күнжіт пастасы), лимон шырыны және дәмдеуіштер (мысалы, сарымсақ, қызыл бұрыш, зере, бұрыш және т.б.) кіреді. Бұл тағам өсімдік ақуызына, жасұныққа және қанықпаған майларға бай. Көбінесе салқын тісбасар түрінде тұтынылады. Бұл тағамның шығу тарихы арабтардан бастау алғанымен, Израильде хумус ұлттық тағам саналады. Халықаралық хумус күнін Таяу Шығыс тұрғындарын біріктіру және Израильдің оң имиджін қалыптастыру мақсатында жас кәсіпкер Бен Ленг енгізді. Хумус мерекенің символы ретінде таңдалды, себебі ол бүкіл Таяу Шығыста өте танымал тағам.
Жыл сайын 13 мамырда Ресейде Айдауыл күні немесе РФ Ішкі істер министрлігінің Күзет-қарауыл қызметі күні аталып өтеді. Бұл мереке күнтізбеде бекітілмегеніне және ресми мәртебе алмағанына қарамастан, оны Ресейдің барлық айдауылы атап өтеді. 1938 жылы 13 мамырда КСРО Ішкі істер халық комиссариаты жұмысшы-шаруа милициясының айдауыл қызметінің Уақытша жарғысын жариялады. Сондықтан да бұл күн Күзет-қарауыл қызметінің құрылған күні атанған.