15 сәуір Ғашықтар күні
«Этнографтар мерекенің ұлттық сипатта тойланғаны дұрыс дейді:
– "Ғашықтар" күнін атап өту жастар арасында енді ғана кең етек алып келеді. Бірақ батыстық үлгіде емес, өзіміздің ұлттық нақышта атап өту керек деп ойлаймын. Тек ұлттық сипатта аталып өтсе, мерекенің тәрбиелік мәні болар еді. Сонымен қатар мерекеде қазақтың ән-күйлерінің насихатталуын қадалаған жөн, – деді этнограф» Құралай Сәрсембина.
Этнографтың айтып отырғанына қарасақ ойы өте дұрыс. 15 сәуір Ғашықтар күнін атап өткенде жастарға тәрбиелік мәні бар салт-дәстүрімізді насихаттай отырып бұл күнді атап өтсе болады. Бұл мерекені тек ғашықтардың күні ретінде қарастырмай, «Махаббат» деген ұғымды еліне деген, жеріне деген махаббат, ата-ана мен бауырға, дос-жаран мен туыстарға деген махаббат деп алып қарар болсақ, дәл осы күн ерекше сый-құрметке ие болар еді. Яғни, Ғашықтар күні ол бірін-бірі жақсы көрер қос ғашықтан бөлек олардың айналасындағы жандар мен еліне, жеріне деген махаббатты айқындайтын дүние десек, сол қоршаған ортада өмір сүріп жатқан мына біздер мен ғашықтар әлемін нұрландыратын қос ғашықтар сүйіспеншілігі түнгі аспанды жарық етердей-ақ болар еді.
Ғашықтық жайлы өлең жазбаған ақындар да, қалам тартпаған жазушылар да жоқ шығар... Күнделікті эфирден беріліп жатқан түрлі телехикаялардың барлығы да дерлік осы ғашықтық сезімге негізделген.
Бірі түсінер, бірі түсінбес бұл ғашықтық сезімді аялап, құрметтеу өз қолыңызда екені сөзсіз. Жарыңа деген сезімің, анаңа деген, бауырларың мен айналаңдағы жандарға деген махаббатың бәрі осы бір жүректен бастау алады. «Махаббатсыз дүние бос» деп Хакім Абай атамыз айтқанындай, егерде махаббат болмаса сүйген жарыңа деген, ата-анаң мен бауырың, жақындарыңа деген жақсы көрушілік сезімің жоқ, құр бос кеуде боп қалары сөзсіз еді. Ол кезде расында да бұл дүниенің қызығы жоқ, бекер дүние болып қалар еді.
Дей тұрғанмен, осы күнімізге шүкір дейік, жүрегімізге иман гүлін еккен махаббаттың пәк сезімін орнатып берген Жаратқан иемізге деген ризашылығымыз ұшан-теңіз. Аллахым жүректегі махаббатымыздан айырмасын лайым!
«Ғажайып Қазақстан —2050» журналының және «Ғажайып Қазақстан» газетінің бас редакторы Жібек Искакова, Түркістан қаласы