15 сәуір ғашықтар күні
Бұрындары «Ғашықтар күні» деп «Әулие Валентин» күнін атап өтіп, кейбір жастарымыз осы күні өз ғашықтарын құттықтап жүрді. Бұл күн біздің қазақ елімізге жат болып саналғанмен қазіргі таңда да 14 ақпан күнін Ғашықтар күні деп бірін-бірі құттықтап жатқан Ғашықтар жоқ емес. Оларға бұл күнді тойлау дұрыс емес дегенмен әркімнің өз еркіне қалдыратыным.
Қуанышымызға орай, елімізде өзіміздің Ғашықтарымызға арналған күн, яғни 15 сәуір — Ғашықтар күні болып бекітілді. Бұл әрине біздер үшін үлкен қуаныш десек қате айтпағанымыз болар.
Енді бұл «15 сәуір қайдан шықты?» — деген сұраққа жауап іздер болсақ. Елімізде ғашықтар күні деп әр аймақ әр түрлі күнді атап өтіп жүргені белгілі болды. Мысалы Таразда 15 сәуір Қозы Көрпеш Баян сұлу күні аталып өтілсе, Қызылордалықтар бұл күнді 19 мамырда атап өтетін болған. Ал Семейліктер 11 наурызда атап өтіп жүрген. Осы жайларға байланысты Ғашықтар күнін еліміздегі барлық аймақ бірдей бір күні атап өтсін деген оймен 1999 жылы Қоғам қайраткері Дархан Мыңбай мәңгілік махаббат символы — Қозы Көрпеш — Баян сұлу күнін белгілеу туралы ұсыныстарын білдіреді. Дархан Мыңбай: «Қозы Көрпеш — Баян сұлу күнін түрлі жастар ұйымдары мен оқу орындарының студенттері және БАҚ өкілдері атап өтуге тиіс» деді. Бұл бастаманы көпшілік қолдағанымен нақты қай күнді атап өту беймәлім болып қала берді. Сондықтан еліміздің әр өңірі Қозы мен Баян күні деп әр жерде әр түрлі аталып жүрді.
Ал 15 сәуір «Ғашықтар күні» деп ресми түрде мемлекеттік мереке болып бекітіліп, дәл осы жылы Алматы әкімдігі бұл күнді ресми түрде «Ғашықтар күні» ретінде өткізілетін іс-шараларына қосты. Міне содан бері әр жылда 15 сәуір «Ғашықтар күні» ретінде кең ауқымда аталып, түрлі іс-шаралар өткізілуде.
Сонымен, барша қазақ елін 15 сәуір күні тойланып, әрбір жерде аталып өтілетін, бір-біріне ғашық жандар бірін-бірі айтулы күнмен құттықтасатын «Ғашықтар күні» құтты болсын!
«Ғажайып Қазақстан —2050» журналының және «Ғажайып Қазақстан» газетінің бас редакторы Жібек Искакова, Түркістан қаласы