9 мамырда әлемде болған тарихи оқиғалар
Бүгін – Кеңес Одағының Екінші Дүниежүзілік соғыста (1941-1945 жылдары) жеңіске жеткен күні. 1941 - 1945-жылдар аралығындағы Ұлы Отан соғысына 35 миллион адам қатысты. Сұрапыл соғыстан 26,6 миллион кеңес әскері қаза тапты. Қазақстаннан қан майданға 1,8 миллион адам аттанған. Оның 600 мыңы отанына оралған жоқ. Қазақстандықтар Мәскеу мен Ленинградты жанкештілікпен қорғап, Украина мен Беларусь, Балтық маңы мен Молдованы азат етуге атсалысты, Берлин шабуылына қатысты. Бүкіл соғысты басынан өткерген қазақстандық 12 дивизия құрметті атақ алды. Олардың бесеуі бір, төртеуі екі, екеуі үш орденмен марапатталған. Бес дивизия гвардиялық атақ алды. Олардың ішінде Кеңес Одағының батыры Иван Панфилов атындағы атақты 8-ші гвардиялық дивизия бар.
Ұлы Отан соғысында 497 қазақстандық Кеңес Одағының батыры атағын алды. Ал 1990 жылы 11 желтоқсанда соңғы Кеңес Одағының батыры атағы қолбасшы Бауыржан Момышұлына берілді. 1941 жылы аға лейтенант Бауыржан Момышұлы басқарған атқыштар батальоны мен Иван Карпов басқарған 1075-ші атқыштар полкі Мәскеу түбінде бір ай бойы үздіксіз ұрыстар жүргізіп, дұшпанға қарсы шабуылға шығып отырды.
Төрт қазақстандық Талғат Бигелдинов, Леонид Беда, Иван Павлов және Сергей Луганский екі мәрте Кеңес Одағы батыры атанды.
9 мамыр – Дүниежүзілік әділетті сауда күні. Жыл сайын мамырдың екінші сенбісінде аталып өтеді.