11.04.2023
  113


Автор: 365 күн

8 мамырда қандай айтулы оқиға болды

8 мамыр – екінші дүниежүзілік соғыс құрбандарын еске алуға арналған Зерде және татуласу күні. 2004 жылғы 22 қарашада БҰҰ бас ассамблеясы 8-9 мамырды зерде және татуласу күні деп жариялады. Осылайша, ұйымға мүше мемлекеттерге жеңіс күнін, азат етілген күнді және мереке күнін белгілеуге мүмкіндік берілді. Сонымен қатар БҰҰ-ға мүше ұйымдарға, әрі үкіметтік емес ұйымдарға және жеке тұлғаларға жыл сайын осы екі күннің біреуін немесе екеуін де Екінші дүниежүзілік соғыс құрбандары еске алу күні ретінде атап өтуге шақырды;

Сондай-ақ, бұл күн Еуропада Жеңіс күні ретінде мерекеленеді. 1945 жылдың 7 мамырында Франциясының Реймс қаласында үшінші рейхті капитуляциялау туралы актіге қол қойылды. Бірақ бұл акт Кеңес одағының басшысы Иосиф Сталинді қанағаттандырмайды. Сөйтіп, актіге қайта қол қою Мәскеу уақытымен 9 мамырда сағат 00:43-те өтті. Бірақ, бұл еуропалық уақыт бойынша 8 мамыр еді. Сондықтан көптеген антигитлерлік коалиция елдері Жеңіс күнін 8 мамырда атап өтеді.

Бүгін – дүниежүзілік Қызыл жарты ай және Қызыл крест күні. Атаулы күн 1953 жылдан халықаралық "Қызыл Крест" қоғамының негізін қалаушы, швейцариялық гуманист, қоғам қайраткері, Нобель сыйлығының иегері Анри Дюнанның құрметіне жыл сайын аталып өтеді. Қозғалыс 1863 жылы жаралыларға көмек көрсету жөніндегі халықаралық комиссия құрылған кезде пайда болады. Кейін қозғалыс мүшелері соғыс майдангерлеріне және ұрыс барысында жарақаттанғандарға көмек көрсетеді. Ал 1864 жылдың тамызында Швейцарияда қол қойылған конвенцияға сәйкес, дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің символы ретінде ақ түстегі Қызыл Крест алынған. 1906 жылы Осман империясында мұсылман елдерінің Қызыл Крестке ұқсас Қызыл Жарты ай қайырымдылық қоры құрылды. Осы екі ұйым да Женева қаласында штаб-пәтері орналасқан халықаралық комитетке қарайды.

Бұл ұйымның өкілдерінің тұтқындар мен босқындар лагерлері аймағына еш кедергісіз өтуге құқығы бар. Бүгінде екі ұйым әлемнің 180 еліндегі 400 миллионнан астам адамды біріктіреді.

2002 жылы Қазақстанда Қызыл жарты ай ұлттық қоғамы құрылып, 2003 жылдың желтоқсанында Қызыл крест және Қызыл жарты ай қоғамдары халықаралық федерациясына қабылданды.





Пікір жазу