3 мамырда қандай қызықты оқиға болды
Бүгін Жер бетіндегі барлық тіршілік иесінің мерекесі – Күн күні аталып өтеді. Күн – Жерге ең жақын жұлдыз. Басқа жұлдыздар бізден әлдеқайда алыста орналасқан. Мысалы, Жерге жақын жұлдыздардың бірі - aльфа Центавр жүйесіндегі Проксима бізден 4,22 жарық жылындай қашықтықта. Күн – планетамыз үшін ғарыш энергиясының қуатты көзі, ол Жер атмосферасын қалыптастырып, жануарлар және өсімдіктер әлемін жарық және жылумен қамтамасыз етеді. Күн болмаса, Жерде ауа да болмас еді, Күннің арқасында миллиондаған жылдар бұрын біздің планетамызда тіршілік пайда болды. Халықаралық күн энергиясы қауымдастығының еуропалық бөлімі 1994 жылдан бастап дәстүрлі әрі ерікті түрде Күн мерекесін атап өтеді, оның мақсаты – халық назарын энергияның осы көзін тиімді пайдалану мүмкіндіктеріне аудару.
Сонымен қатар, бүгін әлемнің көптеген елінде Дүниежүзілік баспасөз бостандығы күні аталып өтеді. Мерекенің негізі 1993 жылдың 20 желтоқсанындағы БҰҰ Бас Ассамблеясының шешімімен қаланған. Бұл мерекенің пайда болуына 1991 жылғы ЮНЕСКО Бас конференциясында қабылданған "Әлемдегі баспасөз бостандығын қамтамасыз етуге атсалысу туралы" шешімі себепші болды. Осы мейрамда халықаралық қауымдастық кәсіби міндетін атқару кезінде қаза тапқан БАҚ қызметкерлерін еске алады. Бұл күні журналистер бірлестіктері мен қоғамдық ұйымдар қоғам мен биліктің назарын БАҚ-тағы сөз бостандығы проблемасына аударуға бағытталған шаралар ұйымдастырады.
Сонымен қатар, бүгін – спамның туған күні. Интернет қолданушылары "спам" деген ұғыммен жақсы таныс. Яғни, бұл – электронды поштаңызға күнбе-күн түсіп жататын көптеген қажетсіз хабарламалар, кейде олар қауіпті болуы да ықтимал. "Спамның" негізін қалаушы DEC компаниясы болып саналады, олар 1978 жылы 3 мамырда өз клиенттеріне 400 "спам" хабарламаны таратқан екен. Осылайша жаңа өнім – мини-компьютерлерді жарнамалақ болыпты. Ал атаудың шығу тегі жайында сөз қозғасақ, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде дәмдеуіш қосылып тартылған ет консервілері ағылшынша "спам" деп аталған екен. Сонда бұл мерекені қалай тойлайды дейтін шығарсыздар? Әлбетте, жұрт "спамды" келемеждейтін әзіл-қалжыңдар айтып, желі қолданушылары оларға қарсы күресу үшін күлкілі әдістер ойлап табады.