1 мамырда әлемде қандай қызықты оқиға болды:
Әлемнің көптеген елі бүгін қандай мереке екенін жақсы біледі. Бұл елдерде Еңбек күні аталып өтеді, бұрын ол – Еңбекшілердің халықаралық тілектестігі күні деп аталды. 1886 жылдың 1 мамырында америкалық жұмысшылар ереуіл ұйымдастырып, 8 сағаттық жұмыс күнін талап етті. Бұл ереуіл мен жұмысшылардың шеруі полиция мен демонстранттардың қақтығысына ұласып, қантөгіспен аяқталды. 1889 жылдың шілдесінде II Халықаралық Париж конгресі жыл сайын 1 мамырда жұмысшылардың демонстрациясын өткізуге шешім қабылдады. Еңбекшілердің халықаралық тілектестігі күні мерекесі алғаш рет 1890 жылы әлемдегі Австрия-Венгрия, Бельгия, Германия, Дания, Испания, Италия, АҚШ, Норвегия, Франция, Швеция және басқа да елдерде аталып өтті. Бүгінгі күні көктем мерекесі әлемнің 142 елінде аталып өтеді, бұл күні халықтық серуендер, жәрмеңкелер, бейбіт шерулер мен көптеген түрлі ойын-сауық іс-шаралары ұйымдастырылады. Көптеген адам үшін бұл алаңсыз демалып, отбасымен бірге уақыт өткізетін күн.
Қазақстанда 1 мамыр мерекесі өзгеріске ұшырап, бүгінгі күні ол Қазақстан халқының бірлігі күні ретінде тойланып жүр. Мереке Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығына сәйкес 1996 жылы тойлана бастады. Бұл күні көпұлтты Қазақстан Республикасында елдегі барлық халықты біріктіретін мерекелік көктемгі іс-шаралар өткізіледі.
АҚШ-та бүгін Құқық күні аталып өтеді. Оның мақсаты – мемлекет негізіндегі құқықтың рөлін еске түсіру және құқықтың қоғамдағы рөліне жұртшылықтың назарын аудару. Құқық күнін 1958 жылы АҚШ президенті Дуайт Эйзенхауэр Еңбекшілердің халықаралық тілектестігі күніне (Еңбек күні) балама ретінде енгізді. Еңбек күні коммунистік мейрам секілді қабылданды, оны АҚШ үкіметі құптамады.