АННА
Сол түні Карлдың басына небір ойлар келіп, ұйықтай алмады. «Өзіміз туралы жақсы ойлау арқылы өмірімізге керемет және әдемі нәрсе-лерді тартамыз» – деді ғой Марк.
Карл Маркпен жақын танысқа-нына қуанды. Алайда, ол Марктің өмірі шынында да «керемет те әдемілікке» толы ма екенін анықтағысы келді. Ол өзінің сондай дәрежеге жететініне сенімсіз еді. Ойдан шаршаған Карлдың есіне бір кезде күлгін күнделік түсті. Орнынан тұрды да әлгі әйелді алдап соғу үшін күнделікті жәшіктің тартпасына тығып қойды.
Әлгі әйел түсіне тағы кірді. Оның үстінде сол баяғы ашық қызыл свитер. Ол тағы да әйелдің дауысын ести алмады. Ол ернін жыбырлатқанымен, бірде-бір дыбы-сын ести алмады. Сонан соң әлгі әйел күлгін кітапшаны көрсетіп, үстелдің жәшігіне салып қойды.
Карл оянса да әлгі түсінен айыға алмады. Ол күнделік-ті алып бетін парақтай бастады. Екінші бетінде жазулар пайда болыпты.
Шешуші сұрақ: Мен шынымен жақсымын ба?
Көптеген адам өзіне саналы түрде бұл сұрақты қоймас бұрын бірден: «мен жақсы адам емеспін», «бұл менің қолымнан келмейді», «мен істеуім керек, бірақ қолымнан келмейді» деп жауап береді. Оларда өзіндік сана дамымаған.
Өзімізге сенімділіктің шешуші үш аспектісін түсінуге үш сұрақ көмектеседі.
«Бұл менің қолымнан келе ме?» «Мен махаббатқа лайықтымын ба?» «Мен кіммін?»
Бұл менің қолымнан келе ме: өмірдің маған дайындаған сынақтарына мен дайынмын ба?
Мен махаббатқа лайықтымын ба: бақытқа лайықтымын ба, әдемі де қуанышты өмір сүруге лайықтымын ба, мені жақсы көруге бола ма?
Мен кіммін: мен қандай адаммын, қазіргі өміріме алғыс айта аламын ба?
Осы сұрақтарға жауабымыз өміріміздің сапасын айқындайды.
Осы тұста мәтін үзіліп қалған. «Бұның бәрі қайдан келді? Мен жынданып кеткеннен саумын ба? Қандай да бір түсініктеме болу керек қой» деп ойлады Карл. Ол өзін сабырға шақырғанымен түк шықпады. Қайтадан жазбаға шұқшиды. Осы кезде басына: «Осы сұрақтарға өзім жауап берсем ше, жазбаша» деген бір ой сап ете қалды. Карл күліп жіберді.
– Ал, кемпір, күнделігіңе тағы жазба қалдырсам қалай қарайсың?
Ол жазбасының басқа түспен түскенін қалады. Кемпір көк сиямен қалдырған екен, бұл қызыл сиялы қаламды таңдады.
Бұл менің қолымнан келе ме? Барлық нәрсе қолымнан келеді деп ойламаймын. Бәрі қолымнан келеді дейтін адам бар ма екен, сірә? Ол әрине Супермен болмаса. Ондай болсаң, әрине жақсы болар еді.
Махаббатқа лайықтымын ба? Киноға түсетін жұлдыздар бұған лайықтырақ деп ойлаймын. Олар бақытты әрі әдемі өмірге лайықты, ал мен неммен лайықты бола аламын? Мен кіммін? Мен өзімді сипаттай алмаймын. Мен өзім туралы көп біле бермеймін және ол маңызды емес деп ойлаймын. Өзімді сипаттау қажет пе? Бұл сұраққа жауап беру маған мүлдем қиын.
Ұялы телефон белгі берді. WhatsApp-қа Марктен хабарлама келген екен. Уәде еткен нақылдарын жіберіпті:
Сен бір адамды жан-тәніңмен сүйіп, ол үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға дайын болып көрдің бе? Өзіңе де сондай бол, өз бақытыңа қол жеткізу үшін бәрін істе.
«Жоқ» деп ойлады Карл. – Ондайды басымнан кешіп көрмеппін. Ешкімге шынайы ғашық болып көрмеп-пін. Жарық түсіретін студиядағы ассистентке болмаса. Ол өте әдемі қыз. Бірақ оны махаббат деп айта алмаспын. Жоқ, махаббат емес».
«Неге Марк мұндай хабарлама жіберді екен?» деген ой келді басына. Алайда ойланып жататын уақыт жоқ еді, киностудияға баратын кез таяп қалған. Кешігу ғана жетпей тұр ма еді. «Қызық, егер түсімдегі қызыл свитерлі кемпір мен күлгін күнделіктің кешігуіме себеп болғанын айтсам ел қалай қабылдар еді? Бәрі сеніп қалар әрине» деп өз-өзіне кекесінмен күлді.
Карлдың жаны рахаттанып сала берді. Ол әзілдей алатынына мәз болды, ал әзіл көп жағдайда көмектесетіні сөзсіз. Оның ішінде бар-жоғы неғайбіл күлгін күнделік те бар.
Түскі асқа дейінгі уақыт өтпей қойды. Қырсыққан-да жарық түсірушілер созылып жүріп алғандай, ал Карл үшін уақыт тоқтап қалғандай болды. Оның ойы жұмы-стан аулақ еді, ал жұмысты ойламаған кезде уақыттың да өтпей қоятыны белгілі.
«Жарық қондырғыларындағы дублер деген не жұмыс мынау – деп өз-өзінен сұрады – студияға кіру үшін кез келген мүмкіндікті пайдаланғаным түсінікті, бірақ дублер деген тым өрескел».
Карл жұмысқа назар аударуға тырысты, түстен кейін назары өзі дублер болған актерге түсті. Тіпті оның ролін қалайша кремет ойнайтынын ұғынғысы келді. Жұмысы-на мән бере бастады: өз-өзіне көңілі толмаса да бір нәрсе үйренгісі келді.
Карлдің Маркпен кездеспегеніне үш күн болды. Ол Маркпен бірге түстенетініне қуанышты еді. Әрине ол дер кезінде келді. Марктің көңіл-күйі әдеттегідей көтеріңкі еді.
– Неткен керемет күн! Сені көргеніме қуанышты-мын, кездесуге асықтым. Сен де, дер кезінде келіпсің. Тамаша!
– Мен де қуаныштымын. Бірақ ойым сан сақта. Түсініксіз нәрселер болып жатыр, – деді Карл.
– Өзгерістер өмірімізге ерекше оқиғалармен, жаңа-лықтармен келеді. Жаңалық деген әдеттегі нәрсе емес. Байқауымша, сен өз-өзіңе жол тапқан сияқтысың, – деді Марк.
– Немене, бірдеме дұрыс болмай жатыр ма?
– Сен ерекше жігітсің, жас кезімдегі мені есіме түсіресің. Сен әлгі үш сұраққа әлі жауап таппаған сияқты-сың ғой.
– Рас, – деп келісуге мәжбүр болды Карл.
– Бұл үш сұрақ қыр соңымнан қалар емес. «Бұл менің қолымнан келе ме?», «Мен махаббатқа лайықтымын ба?», «Мен кіммін?» – Ол Маркке сынай қарады.
– Сен өзің оларға сенімді жауап бере аласың ба?
– Әрине. Және жауап бере алатыныма қуанамын да. Ол менің өмірімдегі бар жақсылық пен мейірімділіктің бастауы. Жауап таппаған күннің өзінде де мен сенің жұмысыңды істей алмас едім.
Шамалы үнсіздіктен кейін Марк сөзін жалғастырды: – Зерттеулерім мен тәжірибиеме сүйене отырып,
шынайы бақыт пен табысқа өзіндік сананы өзгертпей жету мүмкін емес екенін айта аламын, ал ол үшін сенің қолыңнан келетініне, махаббатқа лайық екеніңе, кім екеніңе сенімді болуың керек.
Карл мұрнының астынан міңгірлеп, келіспейтінін білдіріп тұрды. Марктің өзіндік сана ең маңызды қасиет дегені есінде, енді онсыз тіпті бақыт пен табысқа жете алмайсың дейді. Бұл енді тіпті асыра сілтеушілік деп ойла-ды Карл. Ол Марктен неге олай ойлайтынын сұрады.
– Қуана түсіндіріп беремін. Бірақ менің қазір қарным ашты, – деді қуанышты күйден арылмаған Марк.
Әдеттегідей олар үнсіз тамақтанды. Тамақ тағы да керемет дәмді болды.
Дәмді десерттен кейін Марк:
– Түстен кейін менің бірнеше кездесуім бар. Менімен бірге фирмама барып, немен айналысатынымызды көруіңе болады. Әріптестеріммен де танысар едің, – деп ұсыныс тастады.
Карл бірден келісті. Оған шын мәнінде қызық бола-тын. Олар офиске келе жатқанда Марк ескертіп қойды:
– Ешкім өз-өзіне сенімді болып тумайды. Бұл қабілет-ті дамытып отыру қажет.
– Бірақ, мен туғаннан осы қабілеті асып-тасқан адамдарды білемін, – деп сенімсіздікпен қарсыласты Карл. – Иә, мен де ондай адамдарды білемін. Олардың артықшылығы да сонда. Дегенмен олар өзіне сенімді болып туылған жоқ. Олардың жолы болып, балалық шағы мен жастық шағындағы қоршаған ортасы өзіндік санасын
дамытуға ықпал еткен.
– Менде ондай орта болмаған болып тұр ғой. Сен бұл қабілетті әркім өзі дамыту керек дедің ғой. Бірақ қалай?
– Сен оны менің фирмамнан біле аласың.
Олар заманауи, қарапайым болса да, керемет әсер беретін ғимаратқа жақындады. Елеусіз жерге «ӨЗІНДІК САНА АКАДЕМИЯСЫ» деп жазылған екен.
Фойеде оларды сымбатты әйел қарсы алды, Марк оны көмекшім Лиза деп таныстырды. Марк оған Лиза қамқор болатынын айтып жиналысқа кетті.
Карл не айтарын білмей қысылды, түсіндіруге тырыса бастады:
– Мен Марктің машинасын соғып кеттім, маған оның жағдайды реттегені қатты ұнады. Бұл жағдайда ол өзінің машинасының жайын емес, менің жағдайымды көбірек ойлады. Біз жақсы сөйлесіп кеттік, ол өзіндік сана бойын-ша сарапшы екенін айтты. Маған өте қызық болды, мен бұрын бұл туралы білген емеспін.
Шамалы үнсіздіктен кейін Карл жалғастырды:
– Шынымды айтсам, мен қазір де ештеме түсініп тұр-ғаным жоқ. Әзірше үш сұрақ бар. Марк шақырғасын келіп тұрмын, бірақ мұнда не істейтінімді өзім де білмеймін.
– Иә білемін, маған Марк айтқан, – деді Лиза. – Мен сені жақсы түсінемін. Мен Маркпен танысқанда тура осыны басымнан кешіргенмін. Бұл үш сұрақтың мәнін тек біршама уақыт өткеннен кейін ғана түсіндім. Мен де сен сияқты неден бастарымды білмедім.
– Иә, дәл мен сияқты, – деп келісті Карл.
– Мұнда көп нәрсе түсінесің. Әзірше бәрімен таны-са бер. Қалаған жеріңде жүре бер, кез келген қолы бос адаммен сөйлесе аласың. Ішкі түйсігіңді басшылыққа ал, жаныңа жақын адамды міндетті түрде табасың. Ал сұрақтарың болса мен көмектесуге дайынмын.
Лиза өзін қайдан табуға болатынын айтып, Карлды жалғыз тастап кетті. Ол жан-жағына сенімсіздікпен қарай бастады. Бұл не сонда, тағы бір сынақ па? Жоқ, мұндағы адамдар біртүрлі болғанымен мейірімді секілді. Көзіне қабырғада ілулі тұрған тақтайша түсті. Онда былай деп жазылыпты:
Өзіндік сананы қалыптастырудың алғашқы қадамы: ол маған қажет деп шешім қабылда!
«Түсінікті. Ақылыңа болайын» деп кекесінмен мырс етті Карл. Дегенмен өзінің бұған дейін өзіндік сана тура-лы ойламағанын, оған назар аудармағанын есіне түсірді. Енді бірдеңе болса да естіп отыр. Алайда өзгеріп жатқан ештеме жоқ әзірге. Ол спорттан біледі, нәтижеге жеткің келсе, саналы түрде шешім қабылдауың керек. Мұнда да солай болып тұр ғой, бірінші кезекте шешім қабылдау керек сияқты. Шамалы ойлана келе, ондай шешім қабыл-дауға әлі дайын емеспін деген қорытындыға келді. Өзін-дік сана тіпті керек пе? Кім білсін!
Карл беті ауған жаққа жүре берді. Күңгірт әйнектің ар жағынан дауыстар естіп, тұра қалды. Бұл жер конфе-ренц-зал сияқты. Карл жақындай түсті, қай жерге барам десең де «рұқсат» деді емес пе, демек не айтып жатқанын тыңдаса да болатын шығар.
Ол әйел дауысын естіді де, кенет өзін ток ұрғандай дір ете түсті. Қозғалуға шамасы келмей қатып қалған, себебі бұл ол үшін әлемдегі ең әдемі де, өзі бұрын естіме-се де, соншалықты таныс дауыс еді. Дауыс шыға берсе екен деп тілеп тұр, әп сәтте дауысқа ғашық болып қалды.
«Есің дұрыс па? Дауысқа ғашық болды деген не сұмдық! Мұндайды қорқынышты фильмде де кездестіре алмассың!» деп өзіне жыны келді Карлдың. Жан-жағы-на қарай бастады. «Тың тыңдап тұрғанымды біреу көріп қалмасын. Жетпегені осы еді. Мен тың тыңдап тұрған жоқпын ғой, жай ғана дауысты тыңдап тұрмын». Шындығында да солай еді. Ол сөздеріне мән беріп тұрған жоқ еді, ол тек дауыс әуезділігін тыңдап тұр еді. Жүрек-тері шымырлай түсті.
Дауыс тоқтап қалды. Карл әйнек қоршауға қарап, дауыс қайта шығар деген үмітпен тұра берді. Осы кезде әйнек қоршау айқара ашылып, ішінен бір топ адам шыға келді. Бұл үш ер адам және бір әйел еді. Олар сұраулы жүзбен бұған қарап тұрды.
– Марк маған барлық жермен танысып, араласаң болады деп еді, - деді міңгірлеп Карл.
– Иә, біздің Ми ондайды жақсы көреді, – деді бір жас жігіт.
– Ми?
– Біз Маркті өз арамызда осылай атаймыз. Бұл мен білетін адамдардың ішіндегі ең ақылды адам.
– Оның өзі де қарсы емес, – деп жымиды екінші біреуі.
Карлды үнсіз бақылап тұрған жас әйел кенет жыми-ды да:
– Менің атым Анна. Мүмкін мен саған көмектесер-мін, не білгің келеді? – деді.
Карл өзін таныстырды. Өзі жаңа ғана тыңдап тұрған дауыс Аннаға тиесілі екенін түсінді. Ол өте әдемі еді және өзі дауысқа, дауысы өзіне керемет үйлесіп тұр еді. Карл әйелден көзін ала алар емес. Бір кезде әйелдің жауап күтіп тұрғанын түсінді де, ұялғанынан қызарып кетті. «Былжыраған неме» деп өз-өзіне ұрысып алды да:
– Мен өзімнің кім екенімді білгім келеді. Бұл жерге осы үшін келсем керек, – деді.
Төртеуі де күліп жіберді, бірақ Карл ешқайсысынан кекесін байқаған жоқ. Олардың біреуі:
– Барлығымыз осы үшін жиналған сияқтымыз ғой. Осы үш сұраққа жауап тапсақ, өміріміз толыққанды бола-тынын сездік.
– Мен саған көмектесейін, – деді Анна. Ол Карлды қызығушылықпен бақылап тұр еді. – Бірақ сен толық ашылуға дайын болуың керек.
Карлдың қобалжығаннан тамағы кеуіп қалды. Мына әдемі әйелдің алдында бүкіл ішкі дүниесін жалаңаштай ма? Барлық әлсіз тұстарын қалай айтпақ?
– Ол қолымнан келер ме екен, білмеймін, – еді ұяттан жерге кірердей болған Карл. Осыншама ақымақ болармысың!
Анна одан көзін алмастан басын изеді де:
– Бәрі жақсы. Қалай болғанда да жауаптарды іздеу жолыңда табыс тілеймін. Мүмкін тағы кездесіп қалар-мыз, – деп, үш жас жігітпен бірге кете барды.
Бойын билеген сезім Карлға бұрыннан таныс бола-тын, мұндай жағдайда ол бұрын да сезімдерін игере алмай жататын. Оны өзі де неге олай екенін түсіндіре алмайтын. Ол ары қарай танысуды жалғастырды. Өзінің не іздеп жүргенін түсінбегендіктен, қабырғадағы жазу-ларды оқи бастады.
Адам өз-өзіне көңілі толмаса, өміріне де көңілі толмайды
Марк Твен
«Дұп-дұрыс» деп ойлады Карл. – «Менің өміріме көңілім толмайды, өзіме тіпті де толмайды». Кенет ол қорқатынын байқады. Ең қажетті сәтте сәтсіздікке ұшырап қалам деп қорқады. Мысалы қазіргі жағдайдағы-дай. Ол: «Мен жиі қорқамын» деп мойындады. Тағы оған: «Мен қазір қорқамын деген ойдың өзі маған қорқыныш ұялатады» деген ой келді.
Карл өзіне ұрсуын тоқтатар емес: «Алдымда мен армандауға да қорқатын керемет әйел тұр. Өзі ашық әңгімелесуге шақырып тұр. Мен болсам қарсы боламын. Мен мүлдем түкке жарамсызбын». Осы кезде көзіне тағы бір жазу түсті:
Өз-өзіңмен қалай сөйлесетініңді бақыла. Мүмкін өз-өзіңмен соғысып жүрген шығар-сың және өзіңді дұшпаныңнан да әрі сынайтын шығарсың.
Шынында да ол өзін сыбап келе жатыр еді. Бірақ өзіне осылай болу керек сияқты көрінетін. Алайда, өз-өзімен соғысуды қаламайды. Ол тағы бір тақтайшадағы жазуды оқи бастады:
Өмірлік махаббатыңды көргің келсе, айнаға қара
«Болды, осы да жеткілікті. Бұлардың бәрі маған ештеме бере алмас. Аяғында масқарам шығады тек» деп ойлаған ол, Лизаға барып, қоштаспақшы болады.
Лизаны ол кабинетінен тапты. Ол Карлға жымия қарады. Карл бір кезде қашып кету ақымақтық боларын түсінді. Ол барлық ерік-жігерін жинап алды да, Аннаның «Өзіндік сана» академиясында немен айналысатынын сұрады. Лиза жымия отырып, басын изеді де:
– Ұнап қалды ма? Түсінуге болады. Ол керемет жан. Ол маркетинг қызметінің басшысы, – деді.
– «Өзіндік сана» академиясына маркетинг қызметі не үшін керек?
– Ол жетекші компаниялардың жоғары басшыла-рына қызметкерлерінің бойындағы өз-өзіне сенімділікті қалыптастыру маңызды екенін түсіндіреді, – деп Марктің сөздерімен түсіндірді Лиза.
– Түсінікті, сонан соң бұл қызметкерлер болашақтың өнімін жасайды, – деп есіне түсірді Карл.
– Дәл өзі. Анна Марктің зерттеулерінің нәтиже-сін Маркпен талқылай отырып, оның негізінде түсінік-ті тілмен шолу жасайды. Былтыр ол схема дайындады, оның сәтті шыққаны соншалық, Марк оған 100 мың евро сыйақы тағайындады.
Карл бұған дейін алған әсерінің ықпалында тұрған болса, мына сөздерден кейін оның салы суға кетті. Бұл оның киностудияда жеті жыл жүріп тапқан табысынан да көп еді.
Ал Лиза түк болмағандай сөзін жалғастыра берді: – Схеманы көргің келе ме?
Бір мезетте түңілу мен қызығушылық сезімін қатар бастан кешіп тұрған Карл келісті.
– Бұл пирамида. Оның ерекшелігі де осында. Қара-пайымдылығына қарамастан пирамида физикадағы ең мықты құрылым. Мінекей.
Ол Карлға әдемі әрленген карточка берді. Ол мұқият қарай бастады.
«Таңқаларлық – бірнеше сөзге 100 мың евро! Жында-нып кетуге болады» деген ойлар келіп жатты басына.
Кенет артынан Марктің дауысы естілді:
– Және бұл сома соңғы центіне дейін еңбекпен келген.
Карл артына бұрылды. «Ол менің ойымды оқып қойған ба?» деп ойлаған Карл ұялып қалды.
Марк Карлды кабинетіне шақырды. Ол:
– Бұл «бірнеше сөз» тек басы ғана. Пирамиданың астындағы сөздерді оқып шық. Сосын мен бұл сөздерді Аннаның маркетинг тіліне қалай аударғанын айтып берем. Керемет шешім.
Пирамиданың астында мынадай сөздер жазулы тұр еді:
Өз-өзіңе сенімділік: өмірдің сынақтарына дайын екеніңді түсіну. МЕНІҢ ҚОЛЫМНАН КЕЛЕДІ.
Өзіңді құрметтеу: өзін-өзі жоғары бағалау, өзін қолдау. МЕН МАХАББАТҚА ЛАЙЫҚПЫН.
Өзің туралы түсінік: өз-өзіңді тану, түсіну, өзіңнің күнделікті әрекеттеріңді сырттай бақылау. МЕН КІМ ЕКЕНІМДІ БІЛЕМІН.
Карл бос кезімде осы туралы ойлаймын деп шешті. – Аннамен таныстың ба? – деп сұрады Марк.
– Иә. Әуелі мен оның дауысын естідім де ... – «Міне, қазір тағы масқара болам» деп ойлады Карл.
– Иә, сонымен не болды? – оған түсіне қараған Марк оны қамшылай түсті.
Карл өзі неге екенін түсінбесе де шынын айтуды жөн көрді:
– Анна ғажап жан. Бірақ мен бәрін бүлдірдім.
Ол Аннаның өзін «Мен кіммін» деген сұрақ төңіре-гінде пікірлесуге шақырғанын, ал ол болса дайын еместі-гін айтып бас тартқанын айтып берді.
– Ол саған ұнап қалды ғой, дұрыс па?
– Иә, – деп мойындады Карл.
– Сенің оған жауабың – әйелдермен олай танысуға болмайтынын білдіретін рецепт, - Марк салмақты жауап берді, оның дауысынан кінәлау сезілген жоқ.
– Білемін. Бірақ не істей аламын? Менің қандай екенімді білсе, тіпті де шансым жоқ қой. Не айтам мен оған. «Сәлем. Мен сағатына 11 евро табамын» деймін бе? Ол болса 100 мың евро сыйақы алады. Ол әдемі, ақылды, керемет жұмысы бар. Сондықтан да мен оған ашылғым келмеді. Мен кіммін? Жарық қондырғысы бойынша дублер және сәтсіз студентпін. Мені кез келген сәтте масқара болам деген қорқыныш билеп алған. Қазір де солай ...
Марктің жауабы оны таңқалдырды:
– Оны шешуді Аннаның өзіне қалдыр. Мен дұрыс түсінсем, сенімен сөйлесуді өзі ұсынды емес пе? Олай болса сен оны қызықтырғансың.
– Енді не істеймін? – деп сенімсіз сұрады Карл.
– Жай ғана бар да оның ұсынысын қабыл алатының-ды айт. Өзіңнің кім екеніңді білгенің маңызды. Анна саған көмектеседі.
– Менің атым – Карл. Мен заң факультетінің студентімін және киностудияда қосымша табыс табамын, деп пе? – деп Карл өзінің батылсыздығын түсіндіруге тырысты.
– Мұндай сипаттау көп адамға тән. Ол сенің ішкі дүниеңді көрсетпейді.
Карл Марктің дұрыс айтып тұрғанын түсінді. Алайда әлі батылсыздығынан толық арыла алмады.
– Мен саған бір оқиға айтып берейін. Флоренцияда Микеланжелоның Давидке орнатқан статуясы бар. Бұл әлемдегі ең керемет мүсін. Аңыз бойынша, Микеланжело жап-жас кезінде ұзындығы тоғыз метр болатын мәрмәр үйіндісін көргенде одан не жасау керек екенін анық білсе керек. Ол сосын төрт жыл осы мүсінмен жұмыс істеп, нәтижесінде Давидті жасап шықты.
Қызығы да сол, мәрмәр үйіндісін көрген бүкіл ұлы мүсіншілер оның түкке жарамсыз екенін, дұрыс аралан-бағанын айтқан екен. Леонардо да Винчи де, басқа екі шебер де: «бұдан ештеме жасай алмайсың» деген екен. Осы кезде не бары 26 жастағы Микелеанджело жарамсыз дүниеден әлемдегі ең керемет мүсінді жасап шығарды. Жұмыс аяқталған кезде одан: «Бұны қалай жасадың?» деп сұрағанда: «Мен осы мәрмәрдің кесіндісінен Давидті көрдім. Маған тек қана артық бөлшектерді алып тастап, тек пішінді алып қалу ғана қалды» деген екен.
Карл Флоренцияға барған және Давидтің мүсінін де көрген еді. Алайда Марктың не үшін мұны айтып жатқа-нын түсінген жоқ. Ал Марк болса әңгімесін жалғастырда: – Мұқият қарап тұрсақ, бәріміз Давидке ұқсаймыз.
Біз мәрмәр үйіндісінің ішінде жатырмыз. Көп адам ол үйіндіден біздің әсемдігіміз бен күшті тұстарымызды көре алмайды. Кейбіреулері тек қалың күңгірт тас қаба-тын – негативті эмоцияларды, күмән, біз туралы жалған оқиғаларды ғана көреді.
Өміріміздегі маңызды мақсат – біздің ішкі дүние-мізді жасырып тұрған қорқынышты, сенімсіздікті, нега-тивті сезімдерді, күмән мен жалған ұстанымдарды алып тастау. Бізге кедергі келтіретіннің бәрін. Тек керемет адам екенімізді білдіретін болмысымыздың мәнін ғана қалды-ру керек.
Сабырлы қалпында Марк жалғастырды:
– Мен сенің бойыңнан өзің әлі байқай алмай тұрған қабілетіңді көріп тұрмын. Мүмкін Анна да бір нәрсе байқаған шығар. Сенің орныңда болсам онымен сөйле-сер едім.
Микеланжелоның оқиғасы Карлға керемет әсер етті, алайда оны өзінің жағдайына қалай жанастыратынын білмей тұрған еді. Ол өзін керемет мүсін және өнер туын-дысы ретінде елестете алмады. Дегенмен Марк дұрыс айтады. Егер Карлдың болмысынан бірдеңе байқаған болса, Анна да Карлдың өзіне беймәлім бір қасиетті көрген болар. Қалай болғанда да қызығушылығы оянған Карл Маркпен қоштасты да Аннаны іздеп шықты. Марк оны қайдан іздеу керектігін түсіндірді.
Карл есікті қақты да ішке кірді. Анна күлімсіреп қарсы алды, ол Карлды тағы кездестіргеніне қуанышты еді. Ол бар жігерін бойына жинап:
– Сені көргенде бойымды қорқыныш биледі, өзімді игере алмай қалдым, – деді.
Анна барынша жымиып:
– Бұл маған деген құрметің бе? – деді.
– Әрине, – Карлдың бұны айтуы мұң екен, екеуі де қызарып кетті.
– Отыр. Немен айналысасың? – деп сұрады Анна. Карл юриспруденциямен айналысатынын, бұл оның
ата-анасының қалауы екенін, өзі оқуын жек көретінін айтып өтті. Киноға қызығатындықтан каникулда қосым-ша жұмыс тауып алғанын, алдымен жарық түсірушінің ассистенті, сонан соң жарық қондырушының дублеры болғанын да жеткізді.
– Мұндай дублер немен айналысады? – деп сұрады Анна.
– Кинода әрбір эпизодқа жаңа жарық қондырғысын орнату керек. Ол ұзақ уақыт алады, актерды шаршатпау үшін оның орнын уақытша кадрда мен басамын. Қысқа-ша осылай, – деп түсіндірді Карл.
– Аса қызықты жұмыс емес екен, – деді Анна.
– Қалай айтсам екен, – деп қарсы шықты Карл, – тек актердің орнын басу үшін көп дарынның қажеті шамалы. Сыртқы келбетің ұқсас болса болғаны. Мысалы актердің сақалы болса, менде де сақал болу керек. Біздің бойымызда бір мөлшерде болу керек.
– Әзірге қызық ештеңе көріп тұрған жоқпын.
– Басында мен де солай ойлағанмын. Негізінде қызықсыз әрине. Кейін мен сценарийді оқи бастадым, эпизодта не болатынын білуім керек қой. Екіншіден, актерді бақылап, әрекеттерін талдай бастадым. Үшінші-ден, жарық түсірушінің жұмысы туралы мүмкіндігінше көп нәрсе білуге тырыстым. Осы кезде бәрі қызықты бола бастады.
Анна бар ынтасымен қызыға тыңдап отыр еді. Ол:
– Олай болса сен өткен аптада қатысқан көрінісіңді көрсете аласың ғой? Мен сені жақсырақ түсінер едім.
– Әрине. Сонымен мен актермін. Бұл көріністе мен бір ірі тайпаның басшысынан қорғануым керек болады.
Карл көріністі көрсете бастады. Анна таңқала:
– Сен жарықты қондыру барысында бір нәрсе айта-сың ба? – деді.
– Жоқ, әрине. Сен көріністі түсінсін деп айтып жатырмын.
– Рольді қайдан білесің?
– Жаңа айттым емес пе, мен эпизодта не болатынын білуім керек. Сондықтан мен сценарийді оқып аламын. Бір-екі рет оқығаннан кейін есімде қалып қояды.
– Яғни сен кадрда жай тұрмай, рольді жатқа білесің ғой? Сценарий оқитын басқа да дублерлар бар ма?
– Ондайлар жоқ шығар... Анна әлі таңқалып отыр еді.
– Сен сценарий оқимын, актердің ойынын бақылай-мын және жарық қондырушының жұмысын зерделеймін дедің бе?
– Сен жақсы тыңдаушы екенсің. Актердің ойынын бақылай отырып, мен де сол сияқты қозғаламын, әдетін бақылаймын. Әрине, ол жарық қондырғанда маған көмектеседі. Мысалы маған ол телефонды оң құлағына ма, әлде сол құлағына апара ма, қай қолымен есік ашады деген сияқты әрекеттері қызық. Мен оны дәлме-дәл қайталай-мын. Бұл керемет көмектеседі.
Анна түсінгендей басын изеді де, Карл ары қарай жалғастырды:
– Бұл менің қолымнан жақсы келетін сияқты. Жақын-да оны актердің өзі де мойындады. Ол: «Менің болмысы-ма қош келдің» деді. Ол менің жұмысымды бағалағаны деп ұқтым. Диалогтардың мәтінін білсем және жарық түсірушінің жұмысын жақсы білсем, жұмыс істеу да жеңіл болады. Бұл жағдайда жұмыстан ләззат алуға болады.
– Олай болса сен жақсы актерсің, – деді Анна.
– Жоқ, мен тек актерді жақсы ұқсатамын, – деп барын-ша қарсыласты Карл.
– Дегенмен актерлік өнер дегеніміз біреудің роліне кіре білу емес пе? Бұл өте маңызды ғой!
Карл іркіліп қалды да, кінәлы дауыспен жалғастырды: – Жарықты қондырғанша он бес-жиырма минут
босқа тұрғанда рольді ішіңнен қайталап, арасында техник-тердің жұмысын бақылап тұруға болады ғой.
– Мүмкін тағы бір көріністі көрсетерсің? – деп өтінді Анна.
Карл жалындырған жоқ, өйткені оған актер болу ұнайтын. Тек Аннаның алдында шамалы ұялғаны болма-са. Бұл жағдайда ол біреудің ролін ойнағандықтан, өзін еркін сезіне бастады. Ол екі персонаждан тұратын ұзақ эпизодты көрсетті, диалог барысында бір рольден екніші рольге ауысып, тамаша орындап шықты.
Көрініс аяқталған кезде Анна қолын шапалақтап жіберді. Карл Аннаға сенімсіздікпен қарап еді, оның жүзінен таңырқаудан басқа ештеңе байқамады.
– Сен керемет ойнадың. – Әрбір сөзін бөліп-бөліп тағы да қайталады:
– Шын мәнінде керемет орындадың! Тіпті денем тітіркеніп кетті.
– Шынымды айтсам рольден ауытқып кеттім, бір-екі жерінде актер сияқты орындамадым. Өзімше интерпре-тация қосып жібердім. Солай дұрыс болатын сияқты.
Аннаның тілі байланып қалғандай болды. Аз ғана үнсіздіктен кейін:
– Естігенімнің бәрін реттеп алуға мұрша бер. Сен дублер болғаныңмен, сценарий оқисың, мұндайды істей-тін жалғыз дублер шығарсың. Актерды бақылап, оның ойынын талдайсың. Рольді актер сияқты ойнай аласың. Бұл көріністі басқаша да ойнай аласың. Белгілі бір дәре-жеде жарық түсірушінің де жұмысын білесің. Дұрыс па?
– Тап солай.
– Меніңше, сен ерекше дарын иесісің. Сен жұмысың-ды артығымен орындайтын сияқтысың, – деді Анна.
Карл өзін асыра мақтады деп ойлап, қарсыласуға ұмтылды:
– Мен бар болғаны жақсы еліктеймін. Мен жұлдыз емеспін, бойымда ешқандай ерекшелік жоқ. Мен тек актерге қарап тұрып, қимылын қайталаймын. Түсіру бригадасында менің аты-жөнімді ешкім білмейді де, айтқан күннің өзінде де естерінде сақтамас еді. Дарын-ның түріне болайын!
Анна басын шайқай берді:
– Гете бұл туралы: «Біреудің ерекшелігін байқаған адамның бойында да сол ерекшеліктің болғаны, әйтпесе ол оны байқамаған болар еді» деген екен.
– Қой, бұл былжырақ әңгіме, – деп берілмеді Карл.
– Сонымен қатар, шын дарынды екі белгісінен анық-тауға болады. Біріншіден, сен бәрін тез үйренесің, екін-шіден, сен бәрінен ләззат аласың.
– Сонда тез үйрену және жұмысыңнан ләззат алу дарындылық па? Менің істеп жүргенім ерекше іс деп айта алмаймын.
– Бұл дарынның қосымша белгісі. Сен оны байқа-майсың да, өйткені қалыпты жағдай деп ойлайсың. Мен сенің шеберлігіңді көрдім, сен шын мәнінде кереметсің.
Карл мақтаулардан қашқақтады, алайда Анна бірнеше секунд ойланып тұрып:
– Мен жауабын білетін сияқтымын. Дегенмен сен сәтсіздікке ұшырамасаң кім болар едің деп сұрағым келіп отыр? – деді.
– Мен әрине күмәнсыз актер болуды армандаймын, бірақ арманыма жететініме сенбеймін.
– Марк бұл жағдайда: «Егер сен бір мамандықты армандасаң, сен ол мамандыққа қол жеткізгенің. Тек бір нәрседен бастау керек» деп айтар еді.
Анна үстел үстіндегі мүсінді көрсетті. Карл оны бірден таныды. Бұл Микеланжелоның туындысы Давид-тің шағын мүсіні еді.
– Таныдың ба? – деді Анна.
– Иә, Марк бұл оқиғаны айтып берген еді.
– Менің ойымша бұл оқиға әрқайсымыз туралы сияқты, біздің ішкі дүниемізде жанымызды тербететін бір нәрсе бар.
Ол қабырғадағы жазуды көрсетті:
Күн сайын ойлап жүрген арманыңнан ешқа-шан бас тартпа. Бұл жүрегіңнің қалауы. Жүрегіңе адал бол, арманыңды жоғалтып алма. Жемісін жейтін боласың.
– Мына даналық сөз не үшін ілініп тұрғанын білесің бе? – деп сұрады Анна. Карл қызығушылық танытты. Анна аузын ашқаны сол еді, телефоны шырылдады. Бұл Марк болатын. Әңгіме шұғыл болса керек. Анна Карлға басқа уақытта сөйлесейік деп ұсыныс тастады. Мүмкін кешкі ас ішіп отырып.
Карлдың сенімділігі тағы да желмен ұшқандай жоқ болды. Көзін жерден алмаған күйінде:
– Мұны жақсы идея деп ойламаймын, – деп міңгірледі.
Үйіне келгесін, Карл өзін сыбап алды: «Жақсы идея емес? Мисыз есек. Бұл өміріңдегі ең тамаша идея еді ғой. Сен болсаң бәрін бүлдірдің».
Осы кезде ұялы телефоны шырылдады. Бұл Марк еді. – Қоңырауды кеш шалғаныма кешірім сұраймын.
Ертең бірнеше қызметкеріммен Мексикаға ұшқалы жатыр едім, ол жерде бірнеше интервью беремін. Оны түсіріп алу керек. Ал менің түсіру тобымдағы бір адамым ауырып қалыпты. Анна сені жарық түсіру жұмысында хабарың бар деді. Сенің уақытың бар ма, маған көмек-тесуге қалай қарайсың? Әрине мен жақсы төлеймін. Мексика да керемет ел. Төрт күннен кейін қайтамыз.
Карл таңқалды. Дегенмен ойланып тұратын уақыт жоқ еді. Киностудияға ол бес күннен кейін баруы керек болатын. Мексикада ол бірде бір рет болмапты. Ол қуана келісім берді.
– Тамаша, – деді Марк. – мен өте қуаныштымын, Анна да. Айтпақшы ол да бізбен бірге ұшады.
Осы ақпарат та жеткілікті еді. Карл бүгін ұйықтай алмасын сезді. Қызыл свитердегі кемпір бүгін мазасын алмайтын сияқты.