ЖОЛ АПАТЫ
«Ерекше күн деген осындай болады екен ғой!» деп ойлады Карл. Таңертең таңғы асын ішіп отырып: «Бүгін күн ерекше болады» деген бүгінгі күннің «болжамын» оқыды. Айтқандай-ақ бірнеше уақыттан
кейін Карл жол апатына душар болады, сәл ғана көңілі басқа жаққа ауған еді, алдында келе жатқан автомобильді барып соқты.
«Таңертең не болса соны оқығанды тоқтату керек. Бүйткен ерекше күні бар болсын. Бұл нағыз қырсық қой» деп ойлады Карл. Соққан автомобилі өте қымбат бола-тын, Карл қобалжығаннан ішкі дүниесі тарылғандай сезінді өзін. Жетпегені осы еді! Қол-аяғы сіресіп қатып қалғандай болды.
Қымбат автомобильдің есігі ашылып, ішінен ер адам шықты. Машинасының шығынын есептеудің орнына ол Карлдың машинасының жүргізуші жағына келіп, шамалы еңкейді де:
– Жағдайыңыз жақсы ма? – деп, жабық терезенің ар жағындағы Карл естісін деп, дауыстап сұрады. Карл тере-зе әйнегін түсірді де:
– Иә, жағдайым жақсы. Кешірім өтінем, ойланып кетіппін, – деді.
Ол кісінің ренжіп тұрғаны байқалмайды, керісінше жымиып:
– Мен де ойланғанды жақсы көрем. Зардап шекпе-геніңіз жақсы болды. Аса қолайлы жағдайда болмаса да танысқаныма қуаныштымын. Мен кез келген жаңа таныс-тықты жаңа мүмкіндік деп қабылдаймын, – деді.
«Өзі біртүрлі кісі екен» деген ой келді Карлға. Әйтсе де, оның ашуланбағанын көріп, жеңілдеп қалды. Карл оған бажайлай қарап, мені шылжың қылып тұр ма деп те ойлады, жоқ, оған ұқсамайды, мейірімді, зиялы адам сияқты. Шынайы айтып тұрған болу керек, дауысында ашудың зілі жоқ.
Карл ақырын машинасынан шықты. Ана кісі қолын созып:
– Менің атым – Марк – деді.
– Ал мен Карлмын – деп қолын қысты Карл.
– Жақсы. Қанша шығынға ұшырағанымызды көрейік – деді ол сонан соң.
Карл бұл адамның өз машинасына қарамай, алдымен бұған келгенін енді ғана түсінді. «Бұнысы қалай?! Менің осындай қымбат машинамды соқса, күлімдеп тұрмай, қандай зақым келгенін білуге ұмтылар едім ғой» деп ойлады Карл. Бұл кісінің әрекеті оны таңдандырды, екеуі машинаны көре бастады.
Жағдай мәз емес еді. Әсіресе Карлдың машинасы-ның алдының бәрі майысқан. Тіпті жөндеудің де қажеті болмай қалған сияқты, өйткені машинасы өте арзан бола-тын. Ал соққан машинаның бамперіне болмашы сызат-тар түсіпті, тіпті ешқандай апатқа түспегендей тұр.
Полиция шақыртылып, хаттама толтырылды. Карл-дың машинасы өздігінен жүре алмағандықтан, эвакуация жасалды. Карл қобалжи түсті, өйткені ұзақ уақыт маши-наға деп ақша жинап, сақтандыру жасауға да мүмкіндігі болмаған еді. Нағыз апат енді басталғандай.
Ер кісі жағдайды өз қолына алды, ал Карл бәріне мойынсұнуға дайын еді. «Неге осынша ұқыпсыздық таныттым? Неге тап қазір, емтихан сессиясы кезінде ұрынуым керек еді?» деп іштей өзін жеп тұрды.
Бір кезде ол адамның өзіне тесіле қарап тұрғанын сезіп, қорғана бастады:
– Мен кешірім сұрадым ғой. Әдейі жасаған жоқпын! – Бәрі жақсы. Неменеге күйіп-пісіп тұрсың? – деді ол
кісі.
– Біз қашан «сенге» көшіп кеткенбіз. Мен мына қираған бәлені үш апта бұрын ғана сатып алдым. Оны алу үшін ұзақ жұмыс істедім. Ақша керек болғасын кез келген жұмыс істеуге тура келді. Ал сіз түкке тұрмай-тын нәрседей көріп тұрсыз – деп, өзін әрең ұстаған Карл ақтала бастады.
– Мен түкке тұрмайтын нәрсе дегенді айтқан жоқпын. Және егер «сенге» көшсек, мен қуанышты болар едім – деді ер кісі.
– Жарайды «сен» болса болсын. Мен өзіме жыным келіп тұр.
– Жарайды келістік, – деп ер адам ашусыз қалпында сынай қарады. Оны шынында да Карлдың жағдайы маза-лап тұрғандай еді. – Байқаймын, өзіңді аса жақсы көрмей-тін сияқтысың ғой. Әлде қателесіп тұрмын ба?
– Бос сөз. Оның бұл жерге қандай қатысы бар? – деді ашуға булыққан Карл.
– Адамның заттарына көзқарасынан өзіне деген көзқарасын байқауға болады – деп сабырлы қалпында жауап берді Марк.
Карл әлі ештеңе түсіне қойған жоқ, дегенмен Марктің өзін ұстауы ұнап тұр, Карлдың ашулы жауап бергеніне ренжімеген сияқты. Карл осы туралы ойлап тұрғанда, Марк:
– Мен сені түскі асқа шақырамын, – деді.
– Мен сені жаңа ғана соғып кеттім. Машинаңның жағдайы жақсы болғанымен, біраз жөндеу жұмыстары күтіп тұр.
– Мен кездейсоқтыққа сенбеймін. Бүгінгі кезде-суіміздің бір себебі болуы керек, соны білгім келеді. Сондай-ақ, менің қарным ашты. Жалғыз тамақтанғанды ұнатпаймын. Менің машинам жүріп тұр, сонымен бара-мыз. Жақын жердегі бір жақсы мейрамхананы білемін. Кеттік пе? – деді жымиған қалпы.
Карлдың ашуы желмен ұшқандай жоқ болды да, таңырқау ғана қалды. Маркке мұқият қарап тұрып: «Өзі шынында да біртүрлі» деп ойлады. «Мен де осындай болғым келеді!» деген бір ой жылт ете қалды. Марктен бір түсініксіз күш есіп тұрды. Сонымен қатар Карл да қарны ашқанын сезіне бастады.
– Келістік – деді ол
Мейрамхана қарапайым екен. Ол жерде ас мәзірі де болған жоқ, бір ғана тамақ ұсынады екен. Алайда Карл дәл бұлай дәмді тамақ жемегелі көп болыпты. Тамақтанып отырып бір-біріне ләм деп үн қатпады.
Кофе келген кезде Марк Карлдың көзіне қарап отырып:
– Мен бағанағы сұрағыма оралғым келіп отыр. «Өзіңді ұнатпайсың ба?», тағы бір сұрақ: «Өзіңді мақтан тұтасың ба?».
Карл дәмді тамақ жеп алып, рақат сезімге бөленіп отырған. Қойылған сұрақтар оған аса ұнай қоймаған секілді. Сондықтан да:
– Мен не үшін саған оны айтуым керек? – деп жауап берді.
– Ішкі дауысым осы сұрақтарға берген сенің жауабың бізді бүгін тағдыр тоғыстырған әрекетке себеп болады деп отыр. Қаласаң өзің туралы айтып бер.
Карл басын изеді де, өзінің заң факультетінде оқиты-нын, бұл оның әке-шешесінің қалауы екенін, олардың да заңгер екенін, болашақта адвокат болатынын, алайда өзін адвокат ретінде елестете алмайтынын, оқуы өзіне ұнамай-тынын айтып өтті. Алайда ата-анасын ренжіткісі келмей-тінін жеткізді. Карл соншалықты ашылғысы келгеніне не себеп болғанын білмеді, бірақ әңгімені тоқтатқысы келген жоқ. Ол Маркке актер болуды армандағанын, киноға құмар екенін айтты. Осы салада бір қосымша жұмыс шыққанда, өте қуанышты болған еді. Алдымен ірі киностудиялардың біріне жарық түсірушінің ассистенті болып орналасады да, кейін жарық қондырушылардың дублеры болып жақсырақ жұмысқа орналасады.
– Кім болып? – деп қайта сұрады Марк.
– Жарық қондырушының дублеры – деп қайталады Карл.
– Ол не істейді?
– Дублер кино жұлдызды түсіретін кейіпте тұруға тиіс. Жарықты түсіру үдерісі өте ұзақ болады. Сондықтан жұлдыздар көп күтіп тұрғысы келмейді. Жұлдыз демалып жатқанда, орнына дублер тұрады. Менің бойым онымен шамалас. Жарықты маған түсіреді.
– Саған бұл ұнай ма?
Карл тағы да ыңғайсыздық сезінді. Тәлкек қылып отыр ма? Маркке барлай қарады да, оның жүзінен ондай ештеңе байқамады. Шынымен қызығушылық танытып отырған секілді.
– Әдетте қиын болады. Кейде он бес минут қимыл-дамай тұруға тура келеді. Ауыр әрине – деп жауап қатты.
– Маған таныс сезім – деді сабырлы қалыпта Марк – Сенің өмірің өзің қалағандай өрбіп жатқан жоқ. Бір нәрсе дұрыс емес, алайда оның несі дұрыс емес екенін өзің түсіне алар емессің.
– Басқаша болмай жатыр. Ата-анамды ренжітіп аламба деп қорқам, - деп жауап берді Карл.
– Есейген сайын айналаңдағылар сені түсінбейтін-дей етіп өмір сүру – шынайы өмір екенін анық түсіндім және бұл дұрыс та, – деді Марк.
– Алайда менің ата-анам өздерінің заң мекемесін соншама қиындықтармен құрған, соны маған таста-мақшы. Бұл олардың асқақ арманы.
– Алайда «Өзіңді ұнатасың ба?», «Өзіңді мақтан тұтасың ба?» деген сұрақтарға жауабың маңызды шешім болып табылады – деп қоймады Марк.
Карл бұл сұрақтарды Марк ұмытып кеткен шығар деп еді, алайда Марк оны тағы қайталады. Карл бұл сұрақтар-дың мағынасын терең ұғынуға тырысты. «Мен өзіме ұнаймын ба?» деген сұраққа түрлі жауап келе бастады, дегенмен анық жауап жоқ еді. «Өзімді мақтан тұтамын ба?» шындығында жоқ ... .
– Бұл былай ғой ... – деп бастады да, үнсіз қалды. – Мұндай сұраққа кім жауап берер еді? Мақтаншақтық қой барып тұрған.
– Бір кездері мен де солай ойлайтынмын. Бірақ қазір адам бұл сұраққа сенімді жауап бере алмаса, жақсы өмір сүруі неғайбыл екенін түсіндім, – деді Марк. Ол жымиды да, ары қарай жалғастырды:
– Басында мен де бұл сұраққа жауап бере алмадым. Сен секілді «өзімді ұнатамын», «өзімді мақтан тұта-мын» деу әдепсіздік деп ойладым. Алайда кейіннен бұл сұрақтардың жауабынан маңызды ешнәрсе жоқ екенін түсіндім.
Карл оған сенімсіздікпен қарады: – Тіпті ештеме маңызды емес пе? Алайда Марк өз-өзіне сенімді еді.
– Бұл сұрақтар сен өзің туралы не ойлайтыныңды айқындайды. Тек бұл ғана емес. Сонымен қатар маңызды үш қорытынды шығаруға болады: 1. Кім екеніңді түсінесің бе? 2. Өзіңді сыйлайсың ба және бағалайсыз ба? 3. Өзіңе сенесің бе?
– Мұның бәрі бір нәрсе емес пе?
– Әрі жоқ, әрі иә деуге болады. Бір жағынан, бұлар әр түрлі үш нәрсе. Екінші жағынан, мұның бәрі адамның маңызды қасиетінің бірі – өзіндік сананы білдіреді.
– Мұны кім түсінеді? Мысалы маған мүлде түсініксіз, миым ашып кетті. Жазып алу керек сияқты. Оған қоса өзіндік сана деген адамның ең маңызды қасиеті дегенге келіскім келмей тұр – деді Карл.
– Түсінуге талпынғаның ұнап отыр. Жазып алу керек дегенің де жақсы идея. Бір кездері осындай маңызды тұстарды жазып алып отырғанымда алға жылжуым жеңілірек болушы еді. Менің жолым айналма жолдарға толы болды. Мен мұны түсіну үшін бірталай кітап оқып, ғылымның бірнеше курсынан өтуіме тура келді. Бірақ маңызды нәрселерді жазып алу керек дегенді мүлдем естен шығарыппын.
Карл бір кезде тек өзі туралы айтып отырғанын, Марк туралы ештеме білмейтінін түсінді. Сәл ыңғайсызданып: – Мен сенің немен айналысатыныңды сұрамаппын
ғой – деді.
– Бұл оңай – деп жауап берді Марк – Мен өзіндік сана бойынша жетекші маманмын және әлемге әйгілі сарапшы-мын. Әлемнің ең керемет фирмалары мені басшыларына сенімділік ұялату үшін шақырады.
Карл Маркке қорқа қарады, ал Марк тағы да жымиып қойды да:
– Мақтанып отырған сияқтымын ба? – деді. – Жоқ, шындығында ...
– Сенімді ме? – деп көмектесті Марк.
– Көп адам сені мақтаншақ дер еді – деп басын шайқа-ды Карл. – Немесе менмен дер еді. Неге бұлай танысты-расың өзіңді? Адамдарды өзіңе қарсы қойып аласың ғой.
– Алайда сен бір әдемілікті, айталық керемет ланд-шафты немесе әдемі гүлді көрсең тап осылай айтасың ғой.
– Иә, әрине.
– Мен де өзімдегі оң қасиеттерімді осылай айтамын. Мен өзімнің кім екенімді білемін және бұл өзіме ұнай-ды. Мен неге қабілетті екенімді білемін және оны мақтан тұтамын.
Карл не ойларын білмей дал болды. Бір жағынан өзі туралы осылай айту әдепсіздік деп ойласа, екінші жағынан «Мен өзіме ұнаймын, мен өзімді мақтан тұта-мын» деп ойлау жақсы сияқты көрінді.
– Бәрібір мен бұндай жағдайда өзімді ыңғайсыз сезі-нетін сияқтымын. Және өзіндік сананы өмірдің мәні деп есептемеймін. Басқа да маңызды нәрселер бар ғой.
– Қандай?
– Мысалы махаббат, достық, кәсібіңде табысқа жету, жақсы жалақы.
– Өзіңді өзің сүймейінше, басқаларды сүйе алмай-сың – деп қарсыласты Марк – Өзіңе сенбейтін болсаң, достығыңнан да ештеме шықпайды. Өзіңнің қабілетіңді білмесең, жұмысыңда да табысқа жете алмайсың. Мен саған мынаны айтайын: барлығының бастауы – өзіңе өзіңнің сенімділігің. Сен өз өзіңе сенімді болғанда ғана толыққанды, табысты, бақытты өмір сүре аласың. Бірақ көп адам мұны түсінбейді. Олар тіпті өзіндік сана дегеннің не екенін білмейді де.
Карлды бұл пікір де сендіре алмады:
– Сүю және дос болу үшін жан-жақты мақтанудың қажеті шамалы.
– Мен сенің күмәныңды түсініп отырмын. Өйткені ата-анамыз, қоғамымыз бұл туралы ештеме айтпайды. Менде қазір кездесу бар еді. Бірақ менің бір ұсынысым бар, ертең кездесейік және осы туралы егжей-тегжейлі әңгімелесеміз.
Карлдың Марктің жол апатын қалай қабылдағаны есіне түсіп кетті. Ол оған мұқият қарады да: «Иә, тағы бір кездессек жаман болмас еді» деп ойлады.
– Жақсы – деді Карл.
Олар қоштасты да Карл үйіне бет алды.
Түнде Карл біртүрлі түс көрді. Түсінде ашық қызыл свитер киген ақ шашты егде әйел бұнымен сөйлескісі келеді. Алайда ол әйелдің дауысын естімейді. Әйел бірдеңелерді айтып жатты, бірақ Карл оның бір сөзін де ести алмады.
Ол әйелдің сөзінің өзі үшін маңызы бар екенін түсін-ді, ол әйелдің сөздерін ұғынуы керек еді. Алайда әйелдің еріндері қозғалғанымен бір де бір дыбысын ести алма-ды. Осы кезде әйел сөмкесінен күлгін түсті кітап алып шығып, ас үйдегі үстелдің үстіне қойды да ғайып болды.
Карл оянғанда түсі көз алдынан әлі өтіп жатқандай әсерден арыла алмады. Бірдеңе жетіспейтіндей көрінді. Не екенін түсінбей отырды да, бір кезде түсіндегі әйел есіне түсіп кетіп қатты шошып кетті, мұздай тер бұрқ ете қалды. «Не деген мағынасыз түс!» деп ойлады ол.
Кофе дайындауға орнынан тұрды. Осы кезде көзі ас үйдегі үстелге түсіп кетті. Оның үстінде кітап жатты! Түсіндегі күлгін кітап! Қолындағы кесесін түсіріп ала жаздады. Иә, күмән жоқ, сол кітап.
Бірінші ойы: «Пәтерге біреу кіріп, кітапты тастап кеткен. Мен есікті жаппағанмын ба?» болды. Карл жүгіріп барып есікті тексерді. Есік жабық екен, кілтке де, шынжыр-ға да жабылған, біреудің кіруі мүмкін емес.
Карл ойланды: «Мен алтыншы қабатта тұрамын. Терезелер жабық. Бұл не болғаны? Әлде мен жынданып жатырмын ба?». Қорыққанынан: «Бұл кітапты лақтырып тастау керек» деп ойлады. Кітапты қоқысқа лақтырғалы далаға жүгіріп шығайын деп тұрғанда қызығушылығы оянып, кітаптың алғашқы бетіндегі жазуды оқи бастады:
Егер сен: «Мен өзіме ұнаймын. Өзімді мақтан тұта-мын» дегенді анық білсең өзіңді қалай сезінер едің? Мұндай жағдайда сен: «Мен ойлағанымның бәріне жете аламын» деп сенімді болар едің.
«Мен табысқа жетемін. Мені ешкім және ештеңе тоқтата алмайды» деп ойласаң қандай шешім қабылдар едің және не істер едің?
«Мен өз-өзіме риза болу үшін ұдайы болмаса да жиі дұрыс әрекет етемін» дегенді білсе, көп адамның ішкі дүниесі тыныштық табар еді.
Саналы түрде болсын, бейсаналы түрде болсын, біз бәріміз осы ішкі сенімділікті: «Бұл менің қолымнан келеді! Және бұны керемет жасай аламын» деген сезімді қалаймыз.
Өз-өзімізге деген темірдей мықты сенімділікті армандаймыз. Бірақ шынайы өмірде бәрі басқаша болып жатады. Біз үнемі: «Менің қолымнан келмейді, бірақ істеуім керек» немесе «Мен істеуім керек, бірақ қолымнан келмей-ді» деп ойлаймыз.
Басқа ештеңе жоқ. Карл күнделіктің барлық бетін парақтап шықты, жазу жоқ. Тағы бірдеңе оқысам деген ниет бар.
Карл неден екенін өзі де білмейді, бірақ қобалжулы еді. Оқып шыққан сөздер әсер етті ме? Түсі ме? Қай жерден пайда болғаны белгісіз күлгін күнделік әсер етті ме екен? Бұл неткен шалдуарлық?
Ол ойша оқығанын тағы бір қайталап шықты: «Мен өзіме ұнаймын ... . Өзімді мақтан тұтамын ... . Ойлағанымның бәрін іске асырамын ... . Егер мұны анық білсем мен табысқа жетем ...». Оқығандары маза бермеді. Әсіресе: «Менің қолымнан келмейді, бірақ істеуім керек. Мен істеуім керек, бірақ қолымнан келмейді» деген сөздер ойына қайта-қайта келе берді.
Бұл оның дилеммасы еді. Ол жақсы адвокат болмай-тынын білді, бірақ ата-анасының көңілін қимады. Олар бұл үшін қолынан келгеннің бәрін жасады. Карл жақсы оқушы бола алмады, сауаты да шамалы еді. Әке-шешесі онымен бірге отырып диктант жазатын, репетитор жалдаған еді. Олардың көңілін қалдыруға кұқығы жоқ еді. Істеуім керек, бірақ қолымнан келмейді.
Оқудан ләззат ала алмады, уақытының да көбі соған кететін еді. «Өзіме не қалар едім?» деген сұрақты тіпті қоюға қорқар еді. Құқықты оқуға мәжбүр болды. Оны қалай ма? Мұндай сұрақты өзіне қоймауға тырысатын. Қаламаса да, істеуі керек.
Телефон шырылдады. Бұл Марк болатын. Ол түскі сағат бірде кешегі мейрамханада кездесуге қалай қарай-тынын сұрады. Карл өзін не күтіп тұрғанын білмесе де кездесуге келісім берді.
Уәделескендеріндей олар мейрамхананың алдында кездесті. Марк Карлды қуана қарсы алды. Оның көңіл-күйі әрдайым жақсы болатын сияқты.
– Уақытында келгенің жақсы болды. Мен бұл қасиетті жоғары бағалаймын. Бұл айналасындағыларға құрметпен қарайды деген сөз – деді Марк.
– Мен қалайша өзіндік сана бойынша жетекші маман мен әлемдік сарапшыны күткізіп қоя аламын? – деп кеке-те жауап берді Карл.
– Өзіндік сана бәрінен де маңызды қасиет – деп жай ғана жауап қатты Марк.
Бірінші кездесуде Марктің осы туралы айтқаны және «Мен өзіме ұнаймын ба?» және «Өзімді мақтан тұтамын ба?» деген екі сұраққа жауап таппайынша жақсы өмір сүре алмайсың дегені есіне түсті. Алайда Карл әлі сенбей тұр еді, жақсы өмір сүру үшін басқа да маңызды нәрселер бар емес пе деп ойлады, алайда олардың не екенін өзі де білмейтін еді.
Өткендегідей мейрамханада бір ғана тамақ берілді, бірақ бұл жолы басқа тамақ болды және ол өте дәмді бола-тын. Тамақ үнсіз ішілді.
Тамақ ішіп болғаннан кейін Марк жас серіктесіне мейірімді жүзбен қарады да:
– Өткендегі әңгіме туралы ойландың ба? – деді.
– Иә, – деді Карл – бірақ мен бір нәрсені түсіне алар емеспін. Маған неге қамқорлық танытасың? Мен сенің машинаңды майыстырдым, дөрекілік таныттым. Мұның бәрі не үшін керек?
– Өйткені сен оған лайықсың – деп түсіндірді Марк. – Лайықты болу үшін не істеп қойдым?
– Мен оны сезіп отырмын. Мен өз сезімдеріме сене-мін. Сенің әлеуетің зор екенін білемін, соны ашуға көмектескім келеді.
Карл бұл сөздерді сенімсіздікпен қабылдады, дегенмен:
– Өзіндік сана бойынша сарапшы немен айналыса-ды? – деп сұрады.
– Мен клиентіме табысқа жетуге көмектесемін. Ірі компаниялар өз әрекеттерін бірнеше жыл алға жоспар-лайды. Олар болашақтың өнімін шығарғысы келеді, алайда олардың қызметкерлері тек бүгінгі күннің өнімі-не ғана дайын, бірақ ... . Марк үндемей қалғасын, Карл шыдамсызданып:
– Не бірақ? – деді.
– Бірақ олар ертеңгі өнімге дайын емес. Сондықтан компаниялар ертеңгі өнімді ойлаумен қатар бүгінгі қызметкерлерін дайындауға да күш салады. Олар басқаша өнімдерін шығара алмайды. Осы кезде мен ойынға қосы-ламын. Мен негізгі ойыншыларға ертеңгі күнгі міндет-терді орындауға арналған деңгейге шығуға көмектесемін. Мұндағы басты нәрсе – өзі өзіне сенімділік.
– Бұл әрине түсінікті, ертеңгі өнім үшін бүгін өзіңді жетілдіруің керек. Алайда сенімділіктің бұл жерде не қатысы бар екенін түсіне алар емеспін. Мен тіпті өзіндік сана дегенді түсініп отырған жоқпын.
– Мен клиенттеріме «Бұл қолымнан келе ме?», «Мен махаббатқа лайықтымын ба?», «Мен кіммін?» деген үш маңызды сұраққа жауап беруді үйретемін.
– Бұл сұрақтардың табысқа қатысы қанша? – деп күмәнданды Карл – Революциялық өнімдерді дайындау жұмысшылардың қабілетіне байланысты. Алайда оларға махабатқа лайықтымын ба немесе мен кіммін деудің не қажеті бар?
Марк жымиды, дегенмен оның жүзінен Карл-ды кекетіп отырмағанын, қайта оның қызығушылық танытқанына қуанып отырғанын байқауға болар еді.
– Сен бұл сұрақтардың астарында не жатқанын жіті зерттей бастағанда, саған оңай болады. Бірақ оны кеше өзің айтқандай, жазып алғаның дұрыс. Жазып алатын құралың бар ма?
– Иә – деп Карл сөмкесін ашты. Онда күлгін күнделік жатыр еді. Оны өзімен бірге неге алғанын да түсінбей-ді. Шамалы уақыт ойын жинақтап алғаннан кейін, ол күнделікті үстел үстіне шығарды.
Марк күнделікке тесіле қарады.
– Бір кездері менің де осындай күнделігім болған еді. Мұны қайдан алдың?
– Ол ас үйде үстелдің үстінде жатыр екен, сөмкеме сала салдым – деп жауап берді Карл.
Марк айта бер дегендей басын изеді. Карл оған өзінің түсі туралы айта бастады. Бұл жағдайда да ол неге айтып жатқанын түсінбесе де солай болу керек екенін сезінді. Оны тыңдап болған соң Марк түк те таңқалмастан:
– Біз өмірімізге маңызы зор мәселелермен жолыққанда түсініксіз жағдайларға тап болып жатамыз. Таңғажай-ып болып көрінуі де мүмкін. Бірақ бәрі жақсы болатыны-на көз жеткізесің әлі.
Карл бұрын да Марктен «Барлығы жақсы болады» дегенді естігенін есіне түсірді.
– Сол үш сұрақты жазып қой – деп ұсынды Марк. – бірақ арасына орын таста. Ол жерге өзің жасаған тұжы-рымдарыңды жаза аласың, сол кезде бұл сұрақтардың сен үшін маңызы арта түседі:
«Бұл менің қолымнан келе ме?» «Мен махаббатқа лайықтымын ба?» «Мен кіммін?»
Карл ештеме жазбады. Ол әлі ештеме түсінген жоқ еді. Марк оның ойын оқығандай:
– Мен бір нәрсе ұсынғалы отырмын. Бүгін саған қысқаша өзіндік сана туралы айтып берейін. Егер қаласаң тәлімгерің болып, оны ашуға көмектесейін.
– Менде тәлімгер жоқ деп кім айтты? – деп бірден қарсыласты Карл.
Марк оның көзіне қарап тұрып:
– Сен махаббатқа лайықсың ба? – деді.
– Оның не қатысы бар? Мен өйтіп мақтанбаймын – деп Карл жауаптан жалтарды.
– Азырақ қыдырып қайтсақ қалай қарайсың? Мен қалада ең керемет эспрессо дайындайтын бір кафені білемін. Жол-жөнекей саған өмірлік философиям тура-лы айтып беремін. Сосын менен бірдеңе үйренгің келе ме, әлде келмей ме, өзің шешерсің – деп ұсыныс тастады
Марк.
Карл келісті. Жолда Марк әңгімесін бастады.
– Өмірде жолықтырған адамдарымның көпшілігі жүрегінің түбінде – бұл сөзді айтқанда ол қолын жүре-гіне қойды, «мен соншалықты жақсы адам емеспін» деген сенімге ие еді. Ары қарай ол: «Мен көп жұмыс істей алмаймын», «мен бұған лайықты емеспін», «бұл қолымнан келмейді», «өзіме ұнамаймын» деген ойларға ұласады. Басымызды осындай ойлар торлаған кезде біздің әлеуетіміз ашылмайды. Біз өзіміз ұнатып тұрған қызбен сөйлесе алмаймыз. Өзімізге ұнайтын жұмысты таба алмаймыз. Өмірімізді қалай жақсартуды білмей-міз. Бұның себебі біреу ғана – өзімізді бағаламаймыз. Өзімізді жаман деп есептегеннен жақсы нәрсеге қолжет-кізе алмаймыз. Егер өзіміз туралы жақсы ойлай бастасақ, онда өзіміздің ең жақсы нәрсеге лайықты екеніміз туралы сенім ұялай бастайды.
Карл мұқият тыңдағанымен әлі де ештеме түсінген жоқ еді. Алайда ол Марктің сөздерінен ақыл мен дана-лықты сезіне бастады.
– Өмір өте қарапайым. «Не ексек, соны орамыз». «Не ойласақ, сол орындалады». Түпсанамызда өзіміз туралы ойларымыз сақтала береді. Көптеген ойлар бізге әке-шешемізден, балалық шақтан берілген. Алайда, бұл тек қана ойлар, оларды өзгертуге болады. Ойларыңды өзгертсең, өзіңе көзқарасың да өзгереді.
Егер өзіміз туралы жаман ойласақ, өмір де оны шеге-леп береді. Егер жақсы ойласақ, өмірімізге керемет және әдемі нәрселерді тартамыз. Мен тек материалдық нәрсе-лер туралы айтып тұрған жоқпын, бұл достыққа, отбасы-на, қарым-қатынасқа, денсаулыққа – бәріне қатысты. Егер өзіңе жақсы қарай бастасаң, өмірің жақсылыққа тола бастайды.
Осы кезде олар кафеге жақындап та қалған еді. Карл ой құшағында еді. Ол бәрін дұрыс түсінгеніне сенімді емес еді, оның үстіне Маркпен келісетінін не келіспей-тінін білмей дал болды. Алайда Марктің өз-өзіне сенімді екенін анық білді. Сондықтан сөмкесінен күлгін күнделі-гін үнсіз алып шықты.
– Маған әлгі үш сұрақты қайталап жіберші, – деді ол өзіне бұның неге қажет екенін толық түсінбесе де.
– «Бұл менің қолымнан келе ме?»
– «Мен махаббатқа лайықтымын ба?» – «Мен кіммін?»
Карл сұрақтарды жазып қойды да, бұл күнделікке қарапайым жазу жазуға болатынын түсініп, жеңілдеп қалды.
– Уақытың болғанда осы сұрақтар сен үшін қандай мәнге ие екенін ойлан. Бірнеше күннен кейін тағы кездесіп, сөйлесейік. Келістік пе? – деді Марк.
– Келістік, – деді Карл.
– Қызың бар ма? – деп кенеттен сұрады Марк.
– Жоқ, – деп таңқала жауап берді Карл. Сұрақтың не үшін қойылғанын түсінбесе де, жасырғысы келмей:
–Киностудияда бір қыз бар, бірақ ол мені көзіне де ілгісі келмейді, оның ойында тек жұлдыздар болса керек, – деп айта салды.
– Ешкімнің артынан жүгірме. Өзіңді жақсы көр және ісіңді жақсы істе. Қажет адамдар сені өздері іздеп табады, қасыңда қалады. Бастысы махаббатқа лайықты екеніңді біл, – деді Марк.
Олар үш күннен кейін кездесететін болып уәделесті де, қоштасты. Бірнеше қадам аттағаннан кейін Марк Карлға:
– Айтпақшы, қарсы болмасаң мен саған WhatsApp-қа ақылды ойлар жіберіп тұрайын, – деді.
– Жақсы, бірақ не үшін?
– Біз күнделікті өмірде көп негативті әсер аламыз, ол бізді тұңғиыққа батырып жібереді. Сондықтан кейде позитивті ойларды оқып тұрғанның пайдасы зор. Оған өзің де көз жеткізесің, – деді Марк.