Қазақ ұлттық университеті – оқу орындарының қара шаңырағы
Ұлттық білім беру жүйесі әлем бойынша жаһандану үрдісін кешуде. Мемлекетімізде бұл тарапта орта және жоғары білім беру мекемелері басты назарға алынады. Еліміздің кәсіби мамандарын даярлауда жоғары оқу орындарының атқаратын қызметі орасан. Білім алу тұлғаның одан әрі өмір жолын, кәсіби қызметін қалыптастырады және болашақта өмірдің сапасына әсер етеді. Сондықтан ыңғайлы жерде қажетті кәсіби дайындықты алу өте маңызды. Осы тұрғыда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі, әрі қазіргі таңдағы магистранты ретінде өз таңдауымнан қателеспегендігімді айта аламын.
1934 жылы ірге тасы қаланған бұл университет бүгінде қазақ жоғары оқу орындарының альма-матеріне айналды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қазақстанның жоғарғы оқу орындарының бас рейтингісінің көшбасшысы болып табылады. Ел тарихында тұңғыш рет Қазақстан Республикасы Президентінің "Сапа саласындағы жетістіктері үшін" сыйлығының лауреаты, қызметтерінің сапасы жағындағы жетістіктері үшін Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы сыйлығының дипломанты IQNET Халықаралық сертификациялық жүйесінің ірі әлемдік сертификаттау орталықтарының куәлігін алды.
Әлемдік білім беру жүйесі мен ғылыми кеңістікте өзіндік орны бар ҚазҰУ-дың алдыға тартқан мақсаттарының бірі елдің ғылыми әлеуетін дамытып, саналы да сапалы ұрпақтарын тәрбиелеп шығару. Осы кезде қабырғасында білім алып жатқан мыңдаған студенттерге халықаралық стандарттарға сай білім беру жүйесі ұсынылып отыр.
Ертеңгі егемен елдің жарқын болашағы саналтын мыңдаған студент осы киелі мекенде білім алуда. Солардың бір қатары 70 жылдың үстінде тарих саласының мамандарын даярлаған тарих факультетінде. Қазіргі таңда факультетіміз «Қазақстан тарихы», «Дүние жүзі тарихы, тарихнама және деректану», «Археология және этнология» кафедраларынан тұрады. Кафедраның профессор-оқытушылар құрамы бакалавр, магистратура, доктарантура бойынша білім алушыларға заманауи талаптарға сай білім беру бағдарламалары бойынша білім беріп, кәсіби тәжірибелерден өткізуде. Сонымен қатар, студенттердің шетелдік жоғары оқу орындарымен білім және тәжірибе алмасуына мүмкіндік берілген. Бұл тұрғыда тарих факультеті ірі халықаралық жоғары оқу орындарымен, ғылыми-зерттеу орталықтарымен ынтымақтастық қарым-қатынастар орнатқан. ҚазҰУ-дың әрбір факультеті дәл осындай мүмкіндіктер мен студент өмірне қажет барлық жағдайды жасаған.
Өзімізге белгілі халықаралық QS рейтингісіндегі университетіміздің алдыңғы қатарға жылжи беруі оқытушы-профессорлардың сапалы ғылыми жұмыстарының нәтижесі. Қазақстан Республикасы бойынша Scopus базасына енген еңбектердің бестен бір бөлігі ҚазҰУ ғалымдарының үлесі болып табылады.
Ұлттық тәрбие мен сапалы білімді қатар беретін киелі қара шаңырағымыз алдағы уақытта да осы қарқыннан еш бәсеңдемейтініне сенімдімін.
Баян Нұрдаулет,
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлтттық
университетінің 1-курс магистранты
Ғылыми жетекшісі: т.ғ.к., доцент
Қартабаева Е.Т.