03.04.2023
  558


Автор: Серікбай Оспанов

Гүл туралы аңыз

Ерте, ерте, ертеде еді,
Жер мұнан да көркем еді.
Шаруалар тұқым сеуіп,
Күні-түні тер төгеді.
Шаруалар тер төгеді,
Гүлмен жерді көмкереді.
Бидай мен гүл қатар өссе,
Қызығын Хан,
Ел көреді.
Ақ бидай мен гүл өседі,
Ел қызықпен күн кешеді.
Бір ғана гүл солмауы үшін,
Бүкіл адам күреседі.
Əсем гүл боп дала сəні,
Ауыл сəні, қала сəні,
Гүл сыйлайды бір-біріне,
Қарсы ап гүлмен тамашаны.
– Бидай ғана – ердің көркі,
Дəн өсіру – ел міндеті!
Пайдасы жоқ гүл дегенге
Толып кетті жердің беті! –
Деп, Хан бірде тарлық етті,
Шақырып тез алды көпті:
– Құртыңдар, – деп, – гүл біткенді!
Ол бəріне жарлық етті,
 
– Гүл де егеміз,
Дəн де егеміз,
Туған жерге сəн береміз! –
Дегендерді тыңдамады,
– Дəн ғана, – деп, – жанмен егіз!
Хан ашулы,
Хан айбатты,
Гүл үстінен мал айдатты.
Талай бақтың гүлін жұлып,
Жіберді өртеп талай бақты.
Жалмауыздай жалмады бір,
Жер үстінде қалмады гүл.
Ханның жаны тыныш тапты,
Орындалып арманы бұл.
Кетіп мүлде қала сəні,
Кірмей қойды дала сəні.
Гүл сыйламай қалай енді
Қарсы алады ел тамашаны.
Еш адам жоқ ықыласты,
Жанарды мұң бұлты басты.
Гүл қуаныш сыйлаушы еді,
Елден енді күлкі қашты.
Гүл – қуаныш, əрі бақыт,
Тұрғандай еді жалын атып.
Дертке – шипа,
Жанға – демеу,
Жіберетін жадыратып.
 
Əсем гүлді жан қимайды,
Əрбір атқан таң қинайды.
Гуілдейді бал аралар,
Қайдан?
Қалай бал жинайды?
Хан бір күні ауырып қалды,
Айлар бойы сауықпады.
Емші айтты:
– Бал қосылған
Беріңдер, – деп – тауып дəрі.
Бал табылса қалар жаны,
Бал іздеп ел таба алмады.
Хал үстінде Хан жылайды,
Бал ғана боп бар арманы.
Дерті қатты.
Хан жылайды,
Жылап-жылап қалжырайды.
Бір тал гүлдің табылмауы
Жанына енді салды қайғы.
Бір бала тек сақтап қапты,
Ханға гүлін таптатпапты.
Сол маңайға жиналыпты –
Бал аралар қаптап бақты.
Күлкілі де,
Қайғылы əрі,
Бала болған жайды ұғады.
Ханға апарып бал сыйлайды,
Хан аурудан айығады.
 
Түсініп сонда қателігін,
«Екен ғой, – деп, – қатер мұным»,
Күлімдеп Хан балаға айтты:
– Гүл тұқымын əкел бүгін!
Екен гүлде барлық көрік,
Гүл ек!– деді жарлық беріп.
Балақайдың гүлзар бағын
Қуанысты халық көріп.
Гүл егіпті ел қайтадан,
Түрленіпті жер қайтадан.
Қыз айтады əн гүл құшақтап,
Гүл құшақтап Ер айтады əн.
Гүл сыйлайды ел батырларға,
Ғарышкерге,
Ақындарға.
Гүл сыйлайды қызға жігіт,
Жүрегіне жақын жанға.
Оранады дала гүлге,
Оранады қала гүлге.
Аға күнде гүл тереді,
Гүл тереді бала күнде.
Гүл сыйлаймыз аналарға,
Гүл сыйлаймыз балаларға.
Ағаларға гүл сыйлаймыз,
Ауылдарда, қалаларда.
 
«Гүлім, гүлім, гүлім!»– дейді,
Гүл десе, ел күлімдейді.
Алуан гүлден шырын жинап,
Бал аралар гуілдейді.
Ол сұлулық болып келген,
Елге,
Жерге көрік берген.
Жұпар шашар кең даладан,
Алма ағаштан,
Өріктерден.
Гүлмен сəнді əр күн, міне,
Қуантады ол əркімді де.
Дəрі-дəрмек жасайды одан,
Гүлден алады əтірді де.
Гүлді əрқашан ел іздейді,
Бақтан оны көп үзбейді.
«Бидай – тамақ,
Гүл – сұлулық,
Бұл екеуі егіз», – дейді.
Бидай əрі гүл өседі,
Ел қызықпен күн кешеді.
Бүгін гүлдің солмауы үшін
Барлық адам күреседі!





Пікір жазу