Арман
Қанат біткен адамға,
Осы ғажап заманда,
Батыр бала бар екен,
Белгілі бар ғаламға.
Талай-талай жыл өтті,
Елі оны жыр етті.
Батыр бала бұл – Арман,
Білекті де жүректі.
Білімді де, өнерлі,
Аралаған көп елді.
Барып, көріп қайтпаққа
Марсқа ұшпақ ол енді.
Серік етіп алмаққа,
Марсқа бір бармаққа,
Күшті əрі ақылды
Іздеді Арман батырды.
«Батыл əрі қайратты,
Денелі əрі айбатты,
Сол ғой», – деп, ол іздейді
Аю деген маймақты.
«Жылдамырақ барайын,
Қасыма ертіп алайын», –
Деп Аюға ол сенеді,
Үйіне іздеп келеді.
Айтып барлық мəн-жайды,
Оған сұрақ береді.
Басшы десе андарға,
Аю сондай аңғал ма,
Деді:
– Айтшы, Арман-ау,
Марста жейтін бал бар ма?!
– Білмеймін ғой онысын,
Білу керек,
Сол үшін
Марсқа енді барамыз
Зерттеп,
Не бар, табамыз!
Балды бар дей алмаймын,
Бар деп қалай алдаймын.
Аю айтты:
– Мен онда
Ол жағыңа бармаймын!
– Əй, қорбаңбай, қорбаңбай,
Дене қандай, қол қандай?!
Бір сенгенім сен едің,
Өзіңе ұят емес пе
«Балы бар ма?» – дегенің?!
Деді ренжіп қалды да,
Ұрсып-ұрсып алды да,
Арман тағы алға асты,
Жолдарға жол жалғасты.
Дейтін бəрі сол мықтың,
Көкжал қасқыр жолықты.
– Барасың ба Марсқа?
– Марс деген алыс па?
– Əрине, алыс, – деді Арман, –
Марс деген ғарышта...
– Болды, бала, ойланба,
Ойға қарын тойған ба?
Одан да айт ол жақта
Жеп алатын қой бар ма?! –
Деп Қасекең жұлқынды,
Ойлап тұр-ау құлқынды...
– Білмеймін мен онысын,
Білу керек!
Сол үшін
Марсқа енді барамыз,
Зерттеп,
Не бар, табамыз!
Əзір бар дей алмаймын,
Бар деп қалай алдаймын?!
– Қой жоқ болса, – деді арлан, –
Марсқа мен де бармаймын!
Қасқыр кетіп барады,
Ашулы Арман қарады.
«Батыр десем, мұның да
Ойлағаны – тамағы!» –
Деді ренжіп қалды да,
Ұрсып-ұрсып алды да,
Арман тағы алға асты,
Жолдарға жол жалғасты.
Күндерден соң бір күні
Жолықтырды түлкіні,
– Барасың ба Марсқа?
– Марс деген алыс па?
– Əрине, алыс, – деді Арман –
Марс деген ғарышта!
– Онда қасқыр жоқ шығар?
Тауық, қоян көп шығар? –
Деп Түлкішек қарады,
Қызыл тілін жалады.
– Білмеймін мен онысын,
Білу керек!
Сол үшін
Марсқа енді барамыз,
Зерттеп,
Не бар, табамыз!
Əзір бар дей алмаймын,
Бар деп қалай алдаймын?!
Түлкі айтты:
– Мен онда,
Ешқашан да бармаймын!
– Қулық қана білгенің,
Жұртты алдап жүргенің, –
Деді ренжіп қалды да,
Ұрсып-ұрсып алды да,
Арман тағы алға асты.
Қарап оған сезікті,
Қорқақ қоян кезікті.
Аузы-мұрны жыбырлап,
Сөйледі ол сыбырлап:
– Кіп-кішкене баласың?
Қайда, не іздеп барасың?
– Іздеп күні-түнімен,
Таппадым ба шынымен,
Серік болар ешкім жоқ,
Жолдас іздеп шығып ем!
Барасың ба Марсқа?
– Марс деген алыс па?
– Əрине алыс, – деді Арман,
Марс деген ғарышта!
Деді Қоян:
– Қорқамын,
Мен жерімде жортамын...
– Əй, су жүрек, састың ба,
Бас сауғалап қаштың ба? –
Деді ренжіп қалды да,
Ұрсып-ұрсып алды да,
Арман тағы алға асты,
Жолдарға жол жалғасты.
Бармаған жер қалмады,
Серік таба алмады.
Бас қамын тек ойлайды,
Бұл орманның аңдары.
Арман мүлде шаршады,
Ауыл болды аңсары.
Серік таппай күйіне,
Оралды ол үйіне.
Пыр-пыр етіп Мысығы,
Шəу-шəу етіп Күшігі,
Қарсы алды Арманды,
Арман енді таң қалды:
«Басқа мені ұғар ма,
Айтпаппын-ау бұларға?!»
– Ұшасыңдар ма Марсқа?
– Марс деген алыс па?
– Əрине, алыс, – деді Арман, –
Марс деген ғарышта!
– Болса болсын алыста, –
Ұшамыз, – деді, – Марсқа!
Сөйтіп Арман Мысығын,
Ертіп ала күшігін,
Марсқа барып қайтыпты,
Көргендерін ол жақтан
Елге келіп айтыпты...