Ешкі неге төрт түлік малға енбеген, немесе, ешкі туралы ертегі
Адамды ауыр қамаған мұң –
Заманында бабалардың
Болған осы оқиғаны
Айтты бірі ағалардың.
Жоқ екен құс, аңдар да онда,
Салынбапты жонға жол да.
Ертеде, тым ертеде екен,
Үйренбеген мал да қолға.
Жүріпті елдің бəрі жонда,
Түспей шөптің дəні қолға.
Ертеде, тым ертеде екен,
Жоқ бидай мен тары да онда.
Жепті адамдар шөп тамырын,
Басқа амалы жоқ тағының.
Аш-жалаңаш мүлде көп те,
Саны аз екен тоқтарының.
Ашып қарны,
Шөлдеп,
Терлеп,
Ауырыпты бөбектер көп.
Малдың сонда бар атасын
Шақырыпты ел көмек бер деп.
Көріп бəрі жиылғанын,
Өздеріне сиынғанын,
Сиырға ата – Зеңгі баба
Алып кепті сиырларын.
– Жылағанын қойсын Ана,
Аш-жалаңаш тойсын бала, –
Деп түйесін алып кепті
Түйе атасы – Ойсыл қара.
Бір күн сосын жарып көкті,
«Қамықпа, ей, халық!» депті,
Қой атасы – Шопан ата
Барлық қойын алып кепті.
Көріп жерде жұрты барын,
Қандырсын деп бұл құмарын,
Жылқы атасы – Қамбар ата
Алып кепті жылқыларын.
Үсті-басы бөгіп терге,
Малын айдап,
Келіп жерге,
Ешкі иесі – Сексек ата
Ешкілерін беріпті елге.
Малды күндіз-түн бағыпты,
Малдан ет, сүт, жүн алыпты.
Сүт ішіп, ет жегеннен соң,
Адам жүзі нұрланыпты.
Ел бұл іске сүйініпті,
Аталарға иіліпті.
Жүннен түрлі жиһаз жасап,
Барлығы да киініпті.
Түйе маңғаз,
Бір қалыпты,
Жылқы,
Сиыр тілді алыпты.
Жуас қой да айтқанды істеп,
Ешкі шатақ шығарыпты.
Төбелестен тартынбапты,
Мүйіздері сартылдапты.
Ұстайын деп ұмтылса жұрт,
Баж-бұж етіп бақылдапты.
Мал мен малды таластырып,
Бірге жүрсе, адастырып,
Күн көрсетпей,
Жасапты ол
Адам айтса нанбас қылық.
Барлық ісін біліп алып,
Болмас деді ел мұны бағып.
Жатады екен сыздан қашып,
Қой үстіне ол мініп алып.
Баққан атай,
Баққан ағай,
Қойыпты оны мақтай алмай.
Сыртқа шықса, желдепті ешкі,
Беті ауған жаққа қарай.
Қаңғыбас мал жалғанда олар,
Талай əлек салған болар?!
«Ешкі бақтым – еңіредім»,
Деген содан қалған болар?!
Қазір де кім бекер дейді,
Ол семіздік көтермейді.
Ой мен қырға орғып, қарғып,
Ұшып-қонып, секендейді.
Қыста қойлар тебіндейді, –
Қар ашып, шөп теріп жейді.
Ешкі бұған ерінеді,
Қой ешқашан ерінбейді.
Жеңіл өмір тілегені,
Өз-өзінен түнереді.
Қой қар теуіп болған кезде,
Ешкі қағып жібереді.
Оған ашық жер қалады,
Дайын шөпті жеп алады.
Бұл – өктемдік,
Бұл –жалқаулық,
Əйтпесе, қар тебе алады.
Түсіп жұрттың кіл көзіне,
Болсын дейтін бір өзіме
Ренжіпті бақташылар
Оның жаман мінезіне.
Депті бірі:
– Лақ бақтым,
«Лақ бақтым, жылап бақтым».
Тушасының, текесінің
Бір мінезін ұнатпаппын!
Басшы айқайға, бүлікке де,
Қарайды ел де күдіктене!
...Тым жеңілтек қоспапты оны
Сондықтан да түлікке де!