03.04.2023
  276


Автор: Серікбай Оспанов

Толыбай сыншы

(Халық ертегісі ізімен)
Ерте-ерте, ертеде екен,
Жер жүзі өте көркем екен.
Болыпты бір жалмауыз хан,
Жарлыларға нақ жауыз хан.
 
Елге қаһар төгеді екен,
Ұрсады екен,
Сөгеді екен.
Алтын, күміс іздегені,
Атты жақсы көреді екен.
Өзі –
көзі тоймайды екен,
Байлықты тек ойлайды екен.
Жылтыраған зат көрсе егер,
Алмай оны қоймайды екен.
Алтын, күміс сұрап елден,
Бермесе егер қыра берген.
Талай кісі аштан өлген,
Талай бала жылап өлген.
Халық əбден қалжыраған,
Хан десе тек зар жылаған.
Болмаған соң əділдігі,
Бармайды екен алдына адам.
Жиып бірде барлық елді,
Хан мынандай жарлық берді:
– Көресіні көресіңдер,
Хан сыйламай келесіңдер!
Желден жүйрік,
Құстан ұшқыр
Тұлпар тауып бересіңдер!
 
Таппасаңдар, сорлатамын,
Ақырзаман орнатамын.
Салықты да өсіремін,
Үндеріңді өшіремін!
Мініп алған хан ашуға,
Болмайды ешбір таласуға.
Хан бұйрығы қайталанып,
Толып кетті дала шуға.
Өзендердің сағаларын,
Көл біткеннің жағаларын,
Бəрі-бəрін тінтіп шықты,
Қай жерден ел қарамады?
Аттарын жұрт тағалады,
Тау мен тасты аралады.
Барды барлық өлкелерге.
Бір тұлпар жоқ көкте, жерде,
Ешкім іздеп таба алмады.
Таппай егер құр қол барса,
Ханның анық жан алмағы.
Халық əбден шаршап бітті,
Хан тұлпарды аңсап күтті.
Елдің күйін ескермеді,
– Табыңдар! – деп, дес бермеді.
«Табыңдар!» – деп тау-тас шулап,
Қайталады ескен желі.
Осы бір сөз ойға түсіп,
Осы бір сөз төске өрледі.
 
Шаршап ел-жұрт күн-түн қатып,
Жолдың шаңын бұрқылдатып,
Құба жонда келе жатып
Қарт кісіге жолығады,
Қаумалайды оны бəрі.
Еске салар ақша қарды,
Қария екен ақ сақалды.
Ол бұларды байқамады,
Не нəрсе екен қартқа қайғы?!
Құшып аттың бас сүйегін,
Жылап сөзін қайталады:
«Жерден жүйрік сəйгүлігім,
Болдың маған қайғы бүгін.
Қанатым-ай,
Тұлпарым-ай!
Болат тұяқ сұңқарым-ай!
Қу сүйек боп кездестің-ау,
Өмір бойғы іңкəрім-ай!
Мəпелеуші ем, жемдеуші едім,
Бəйге алдын бермеуші едің.
Күн-түн тұяқ сермеуші едің,
Қырдан-қырға орғығанда,
Қиялымды тербеуші едің.
Жазылмаған маңдайыңа
Бірінші боп келмеу сенің!»
Саған ере алмаушы еді
Жүйрік дала құландары...»
 
Таңданысты бұған бəрі.
Іштей қартты мазақ етіп,
Бар күліп те тұрғандары.
«Алжыған шал не демейді», –
Деп кейбірі елемеді.
Қарт іштегі шерін төгіп,
Əр бір сөзін шегелейді.
Бірі сосын қартқа барып,
Беріп сəлем,
Мақтап алып,
Білді неге жылайтынын,
Алладан не сұрайтынын.
Қартың сонда айтып өтті,
Даңқы шыққан аты бопты.
Ұшқан құсқа жетеді екен,
Желден озып кетеді екен.
Аттың даңқы Ханға жетіп,
Жүреді екен арман етіп.
Атақты сол арғымақты
Хан бұл қарттан тартып апты.
Шаң қондырмай арқасына,
Жуытпапты жан қасына...
Сол тұлпардың кезігіпті
Қария бүгін қаңқасына.
 
Қанаты, əрі жақсы досы,
Тұлпарының басы осы.
Деп армандап: «Көрсем етті»,
Бұл жерге ол кеше кепті.
– Жапандағы қу сүйекті
Тұлпар дейсіз не себепті?
– Ата, қалай таныдыңыз,
Білейікші анығын біз?
Жылытқандай жылымасты,
Сонда ақсақал сырын ашты:
– Сыйлайды да көбі байды,
Кедейлерді танымайды.
Білуші еді кеше халқым
Ат сыншысы Толыбайды.
Сол Толыбай мен боламын,
Ақ жусаннан арқан есіп,
Белбеу етіп белгі орадым.
Бай десе егер тарылып қап,
Кедей десе кең боламын.
Керей елі – кең мекенім,
Дархан елміз, кел, қонағым!
Болмапты ешбір қатал адам,
Сыншы екен ата-бабам.
Байқампаз боп өстім мен де,
Таласпайды ешкім елде;
Атын маған сынатады,
Мен ұнатсам, ұнатады.
 
Көкірекке ой түйе білмей,
Өз ісіңді сүйе білмей,
Ештеңені бақамайсыз,
Жұрттың ісін қайталайсыз.
Аңдасаңыз сіз ерінбей,
Сезімтал жоқ бұл өмірде
Адамның жан-жүрегіндей...
Бас сүйегі тұлпарлардың
Ешкінің бас сүйегіндей.
Қанатым деп қадірлеген,
Атқа қазақ бəрін берген.
Қазанаты жолда өлсе,
Көміп кеткен қолдан келсе.
Жүйрік қой бұл көңіл деген,
Бас сүйектен өмір көрем.
– Неге жатыр құба жонда,
Сүйек неге көмілмеген?!
– Емес еді қалаулы адам,
Болатын хан қарау, надан!
Соңғы жылдар бір жан ертпей,
Жалғыз өзі аң аулаған.
Бір емес, көп елік қуып,
Ханның бойын желік буып,
Көзі қимай қыра берген,
Зорығып ат құлап өлген!
Бұл жауыздық ұғынғанға,
Таяқ тиер ұрынғанға!
 
Асып-тасу бекершілік,
Масаттанып бүгін барға.
Тұлпар кенет жығылғанда,
Мерт болыпты зұлым хан да.
Содан бері қанша заман,
Уақытта тыным бар ма?!
Өткен жауыз небір керең,
Осы ғой бұл өмір деген.
Анау жатқан Ханның басы,
Көрдіңдер ме?!
Көмілмеген!
Серігім еді, серігі едім,
Сондай жақсы көріп едім.
Тұлпарымның бас сүйегін
Кездестіріп еңіредім...
Сыншылығын халық көріп,
Қартты ханға алып келіп,
Елдің бəрі қуанысты,
Сыйлап оны құрақ ұшты.
Болмаған соң тілегені
Хан ашулы –
Түнереді:
Шал емес, бір тұлпар келсе,
Шұрқыратып мінер еді.
Басқалардан озар еді,
Алшаң басып жүрер еді.
Айқай салды:
– Əкелдіңдер
Не үшін маған бұл немені?!
 
Босатып ел тостағанын,
Жүріпсіңдер босқа бəрің! –
Деп кіжініп, долданғанда,
Қан қаптады қос жанарын.
– Шаттанысып,
Өлең айтып,
Келгенсіңдер неге қайтып?!
Деді біреу:
– Жылқыңыздың
Тұлпарын қарт береді айтып!
Мына сөзге шамданды ма,
Шақыртты хан шалды алдына.
– Басымнан сөз асырмаған,
Ханмын еш сыр жасырмаған.
Таба алмасаң көзіңді оям,
Жіберсем де басыңды аман! –
Деп Хан елге жарлық етті,
Көзбен шолып алды көпті.
Үйір-үйір жылқылардың
Қарт алдынан барлығы өтті.
Қарт сонда да үндемеді,
«Мынау тұлпар, мін!» – демеді.
Деп ойлады жиылған ел:
«Құдай ұрды бұл немені!»
 
– Қайырдың сен қанатымды,
Тауыстың сен тағатымды.
«Жылқымда бір тұлпар жоқ», – деп,
Орынаттың қара түнді!
Сыншы болсаң, таппайсың ба,
Қайсы тұлпар, айтпайсың ба?!-
Деп тағы да хан ақырды.
– Бұздым, білем шырқыңызды,
Көріп тұрмын жылқыңызды.
Ішінде бір тұлпары жоқ,
Жүйрігі бар, сұңқары жоқ!
– Елде қалған жылқы бар ма,
Бəрін алып шықсын алға!-
Деп Хан елге айқайлады,
Басылып сəл шалқайғаны.
– Мəстек қана қалды жалғыз!
– Хан бұйырды:
– Алғыз, алғыз!
– Мəстек емес, тұлпар мынау,
Желден жүйрік сұңқар мынау!-
Деп Толыбай күлімдеді,
Ашулы хан дірілдеді:
– Көзіне у тамызыңдар,
Екеуін де ағызыңдар.
Мəстегіне өңгеріңдер,
Кетсін қаңғып,
Жол беріңдер!
Мəстекті жұрт айдап келді,
Жетегіне байлап берді...
 
...Мəстекті елге алып барып,
Мəпеледі бағып-қағып.
Арғымақ боп мүсінденді,
Алған екен анық танып.
Жарап шықты бірер айда,
Тұлпар деген, міне, қайда?!
Төрт тұяғы төрт қанаттай,
Аяңдаса, жортқаны аттай.
Ал, жортқаны шапқан аттай,
Қоймас елді жалт қаратпай.
Бауыры жазық,
Қақпан белді,
Таң қалдырды шапқанда елді.
Апан дерсің ойылған бір
Төрт тұяғы басқан жерді!
Ұшқан құсқа жеткізбейді,
Алдынан аң өткізбейді.
Тыпыршиды шабыс тілеп,
Жарып шығар топты іздейді.
Қолтығында желі бардай,
Сұлу мойын, өзі қандай?!
Тұрпатына қараған жан
Тұрып қалар көзін алмай.
...Күндер, айлар зулап өтті,
Жыл артынан жылдар өтті.
Топас Ханның құлағына
Тұлпар жайлы жыр да жетті.
 
Толыбайдың баласы бар,
Жас та болса, санасы бар.
Бір тұлпарға мінгеседі,
Екеу болып күн кешеді.
Өзі-сыншы, өзі-дана,
Қарттың енді көзі-бала!
Балаға айтса, қарт ақылын,
Бар сенімін артатынын,
Бала айтады көргендерін,
Алда не бар,
Келген елін...
Сөйтіп екеуі аралайды
Өзендерін, көл мен елін.
Жүреміз деп неге қатты,
Екеуі жай келе жатты.
Баласы айтты:
– Алдымызда
Тосып тұр, – деп, – күрең атты!
Солымызда он шақты атты,
Оңымызда он шақты атты.
Жүрістері сондай суыт,
Бізді, əке, қоршап апты!
– Күрең атты Ханы шығар,
Ұлым, жақсы тынысып ал.
Мазақ етіп күлейік бір,
Кезі келді сағы сынар!
 
Қартты сөзбен алдап тұрып,
Сірə, олар салмақ құрық.
Естілді Хан шақырғаны,
Қарт пен бала жақындады:
– Амансыз ба, мəртебелім,
Көрдіңіз бе қарт өнерін?!
Хан айтты:
– Атты əкел маған,
Мінбеген ат əкең, бабаң!
Қарт айтты:
– Сіз мініп пе еңіз,
Тұлпарлығын біліп пе еңіз?!
Ою көзді оңай шығар,
Қою сөзді ірітпеңіз!
Ақылымды ел олқы демес,
Жиғаным көң-қоқыр емес.
Жанарымды жоқ еткенмен,
Көңілім сіздей соқыр емес!
Дос едім мен қас дедіңіз,
Мынау «Жаман мəстегіңіз!»
Мəстек емес, тұлпар болды,
Желден жүйрік сұңқар болды.
Болсын сіздің айтқаныңыз,
Қуып жетіп,
Қайта алыңыз! –
Деп Толыбай алға атылды,
Жете алмады,
Хан бақырды.
 
Жорта тежеп арғымақты,
Қарт Хан тобын қалжыратты.
Сөйтіп шаңға көміп кетті,
Хан ызадан өліп кетті...





Пікір жазу