03.04.2023
212
«Жетім торы»
Күйші ғой ол шабытты,
Сүйген күй мен халықты.
Байжігіт бес жасында –
Жастай жетім қалыпты.
Қолында жоқ қаражат,
Өзен бойын жағалап,
Күн көріпті ауыл-үй,
Ағайынды ол аралап.
Көрмепті бір еркелеп,
Ержетіпті ертерек.
Жетім тайын мініпті,
Оны кейде жетелеп.
Көп қиындық көріпті,
Қораға да қоныпты.
Басына тас жастанып,
Далаға да қоныпты.
Екеуі де есейіп,
Бұл – бозбала көрікті,
Топтан озып, топ жарар
Торы тай – ат болыпты.
Домбыра алып қолына,
Куə болған сорына,
Куə жастық шағына,
Əрбір атқан таңына,
Əрбір шыққан күніне,
Басқа қонған бағына –
Шығарған ол бұл күйді
Арнап жетім торыға.