03.04.2023
  232


Автор: Серікбай Оспанов

Домбыра

Қарапайым жасалған,
Тартылар, оңды, солды да.
Қазақ жаны қашаннан
Болған қара домбыра.
Домбырашы тартқанда
Тыңдар тынып ағайын.
Ұқсайды ат боп шапқанға,
Дүбірлетіп маңайын.
Бейне сөйлеп кеткендей
Домбырашы бармағы.
Болар бізге жеткендей
Ата-баба арманы.
Бұлан болар тулаған,
Құлан болар зулаған.
Орман болар шулаған,
Аңшы болар қуған аң.
 
Мың түрленіп құбылар,
Жаның үнге жылынар.
Қызынар да суынар,
Үнін – тілін ұғып ал!
Болсаң ұғып ұнатар,
Бірде сені қуантар.
Бірде ол сені жылатар.
Жылатар да, жұбатар.
Сен үнінен қуат ал!
Бүкіл халық шертеді,
Бар ма ол сенің үйіңде?!
Тарихы, елдің ертеңі
Домбыраның үнінде!





Пікір жазу