03.04.2023
  155


Автор: Серікбай Оспанов

Өсиет, тілек-баталары

Бүгілмесін беліміз,
Еңкеймесін еліміз.
Гүлге толсын жеріміз,
Тұнық болсын көліміз.
Алла, аққа жақ едің,
Ашылсыншы бағы елдің!
Бір-біріне бауырмал
Болсын жаны бар елдің!
***
Алға бассын еркін ел,
Адал еңбек етіңдер.
Мен жетпеген бақытқа
Сендер аман жетіңдер!
***
«Ісің де, қайрат, күшің де
Кем болмасын басқадан.
Қазағым сол үшін де
Тек ілгері бас қадам!
Қиындық көп туатын,
Ертеңгі күн, бүгін де, –
Байлық пен күш- қуатың!» –
Деді Ахмет білімде!
 
Оқы, оқы, бас алға,
Білім-шырақ, білгейсің.
Ата ақылын қашанда
Есіңе алып жүргейсің.
***
Ахмет ата ақылы –
Сөз гауһары, алтыны.
Бізге үлгі-өнеге,
Елге өсиет, нақылы!
***
Сыйла ата-анаңды,
Сыйла барлық адамды!
Біл дұрысты, бұрысты,
Біл жақсы мен жаманды.
***
Ашу таластырады,
Ашу адастырады.
Ақыл қысты
Шуақты
Жазға жалғастырады.
***
Ай да өзім, күн де өзім,
Білем деме бір өзім.
Жаман етер мінезің,
Жақсы да етер мінезің!


 
***
Кейбіреулерден асқанға,
Көтерме мұрныңды аспанға!
Бақытқа елді бастайтын
Ақиқатты айтсаң жасқанба!
***
Баласың жөн білетін,
Ұшып-қонба!
Көрінгенге үретін
Күшік болма!
***
Өтірікші оңбас,
Жақсы азамат болмас.
Ұстазыңды тыңда,
Бол жақсымен жолдас!
***
Болса баста санаң
Ең ардақты саған –
Туған елің, жерің,
Баққан ата-анаң.
Сүй Еліңді, балам!
***
Ұмытыл алға, өрге,
Оқуды жек көрме!
Сөйлеріңде ойлан,
Кісі сөзін бөлме!
 
***
Рас сөзді қолда,
Əлсіздерді қорға!
Мылжыңдап көп сөйлеп,
Мақтанға үйір болма!
***
Əр күн толы жаңалық,
Бақытты шақ- балалық.
Тазалықты ұмытпа,
Тəн саулығы – тазалық!
***
Білім – басты құралың,
Таусылмайтын бұлағың.
Жақсы оқы, ұланым.
Жанар сонда шырағың!
Ардақтай біл ұстазды,
«Мектеп жаны – мұғалім!»
***
Білімім көп деме,
Бар затты жоқ деме.
Болмасаң өнерлі,
Өзіңе өкпеле!
***
Сыйлап əркез елге теңдік,
Ерге теңдік,
Кемге кеңдік,
Оқығанға төр беретін,
 
Азды көпке теңгеретін
Жадыңда ұста,
Біл, ұлым,
Өнер, ғылым, білімің!
***
Оқы, жалқау демесін,
Босқа өткізбе күніңді.
Қиындықта жеңесің,
Болсаң егер білімді.
Оқуға үйрет ініңді,
Жасың үлкен– көкесің.
Ұмытпайды ол мұныңды,
Алғыс айтады өскесін.
Таңда өзіңе лайығын,
Ініңе де бұл үлгі.
Елге жаса қайырым,
Болуға ұмтыл білімді.
Білім-мəңгі тозбайды,
Бұйым, киім тозады.
Байлық алға озбайды,
Білімді адам озады!





Пікір жазу