03.04.2023
  104


Автор: Серікбай Оспанов

ҰЛЫЛАР ҰЛАҒАТЫ: Ыбырай Алтынсарыұлы

Ыбырай
Ешкімді де алдамаған,
Басқан əр кез алға қадам.
Балаларға арнап тұңғыш
Ол – оқулық жазған адам.
***
Жол көрсетіп халыққа,
Бағыт берген Ыбырай.
Ұмтылдырып жарыққа,
Шабыт берген Ыбырай.
«Таусылмайтын бұлағың,
Білім – Күнің, Білім – Ай», –
Деп білімнің шырағын
Жағып берген Ыбырай.
Заңғарға ұлан ұшырған,
Дана тұлғаң Ыбырай.
Қысылғанда мұсылман
Ара тұрған Ыбырай.
Бар мен жоқты салмақтап,
Жаңашыл болды Ыбырай.
Ана тілін ардақтап,
Жанашыр болды Ыбырай.
 
***
Алға білім, өнердің
Озғанын айтты Ыбырай.
Ынтымағы жоқ елдің
Тозғанын айтты Ыбырай.
«Отаршылдық – қамыт бұл,
Киме!» – деді Ыбырай.
«Өзіңді-өзің танып-біл,
Биле!» – деді Ыбырай.
Жар болсын деп бір Құдай,
Ата салтын жалғады.
Сендерге алғаш Ыбырай
Əңгіме, өлең арнады.
Адалдыққа шақырған
Ойларының тұнығы-ай.
Кітаптары ақылды,
Таза бұлақ – Ыбырай!
***
«Кел, балалар, оқылық,
Оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқылық!» –
Деп ол Торғай төрінде
Тұңғыш мектеп салдырды.
Қазақтың қыз-ұлына
Ұлы жолды нұсқады.
Ұлағатты, ол ұлы да
Ұстаздардың ұстазы.
 
***
«Оқығанды еске сақта,
Жанға жала жаппа.
Байлық – қанағатта», –
Деген ұлы Ыбырай.
***
«Кеш деме, күндіз, түн деме,
Атаң мен анаң жайын біл.
Неге де, жалпы кімге де
Қолыңнан келсе қайыр қыл», –
Деген ұлы Ыбырай.
***
Қараңғыда жарып топ,
Түрді күн боп түнекті.
Шəкірттерге жарық боп,
Қыран құстай түлетті.
Ел тілегін нұр етті,
Бастап білім шыңына.
Кеуделерге гүл екті
Бөлеп жанын жырына.
Ашқан көңіл сарайын
Тұңғыштардың тұңғышы.
Жарық еткен маңайын,
Жалғыз өзі – мың кісі!
 
***
Еткен ісі ертектей –
Ойға терең бойлаған.
Сəби сөзін екі етпей,
Аға қамын ойлаған.
Іні қамын ойлаған,
Діннің қамын ойлаған.
Талаптыны қолдаған,
Қалқан –
Халқын қорғаған!





Пікір жазу