28 сәуірде әлемде қандай қызықты оқиға болды
Бүгін көптеген елдерде православ христиандары Пасха мерекесін атап өтеді. Ежелден бері келе жатқан діни мереке Христостың қайта тірілуі құрметіне арналған. Христиан діні бойынша, Иса Мәсіх пайғамбардың "Христос" деген лауазымы бар, ол Құтқарушы және Құдайдың ұлы. 2 ғасырдан бастап Пасха христиандардың ресми діни мейрамына айналған. Бірақ әр шіркеу оны өзінше тойлаған. Әр мазхаб оны өз күнінде, өз дәстүрімен атап өткен. Христиандар Пасха күнінде жұмыртқаны түрлі түсті етіп бояйды. Ал Ресей мен Балкан елдерінде сол түрлі-түсті жұмыртқаларды бір-біріне ұрады. Бұрын орыс ауылдарында жұмыртқаларды төбенің басынан домалатып жарыс ұйымдастыру дәстүрі болған.
Сондай-ақ, бүгін Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні атап өтіледі. Бұл мереке Еңбек ұйымының бастамасымен тойланады. Мақсат – еңбекті қорғау мәселесіне жұрт назарын аударту. Ұйым мүшелері еңбекті ұйымдастыруда мәдениет пен тәртіп қалыптастыру жұмыс кезіндегі оқыс оқиғалардың алдын алуға жол ашатынына сенімді. Бұл мереке алғаш рет 2003 жылы аталып өтті. Еңбекті қорғау күні қиын әрі қауіпті жұмыста істейтін барша мамандық иелері үшін маңызды. 1989 жылы Канада мен Америка жұмысшылары өндірісте қаза болғандарды еске алу күнін жасаған. Мерекені тойлау идеясы осы кезде туындады.
Бүгін Ресейде медициналық жедел жәрдем қызметкерлерінің күні. Бұл, әзірге, ресми мереке емес. Ол медициналық қызметкерлердің бастамасымен аталып өте бастады. Бұл идеяны әлеуметтік желі қолданушылары да қолдаған. 1898 жылдың 28 сәуірі Ресейдегі медициналық жедел жәрдем қызметінің туған күні саналады. Дәл осы кезде Мәскеудегі полиция учаскелерінің жанынан алғашқы жедел жәрдем қызметі жұмыс істей бастаған.