ОРАЗА АЙТЫ
Атақты ғұлама Ибн Абидин былай дейді:
«Айттың ъиид аталу себебі оның «қарымта» деген мағынасына байланысты. Өйткені Алла Тағала онда әрбір игілік иесіне жасаған ихсан-игіліктерінің қарымтасын қайтарады. Яғни ораза айындағы ішіпжемнен тыйылудан, пітір садақасынан соң осы игіліктердің қарымтасы ретінде және қажылық рәсімдерінің қарымтасы ретінде қуаныш, шаттық күндері етіп айт мейрамдарын белгіледі. Және ондағы қуаныш шаттық, белсенділік әдеттеріне орай да солай аталған болу керек».
Айт намазын оқу һижраның бірінші жылынан бастап шариғатқа енді. Әнес ибн Мәлік (р.а.) былай деп риуаят еткен: «Алла Елшісі (с.а.с.) Мәдинаға келгенде қала жұртының екі күн тойлайтын мейрамы бар еді. Пайғамбар (с.а.с.) олардан: «Бұл екі күн қандай күн?» – деп сұрағанда мәдиналықтар: «Бұл екі күнді жәһилиет дәуірінде осылай тойлаушы едік», – деді.
Сонда Алла Елшісі (с.а.с.): «Алла сендерге ол екеуін олардан да қайырлы екі күнмен ауыстырды: құрбан және ораза айт күндерімен», – деген.