31.03.2023
  244


Автор: Лашын Әзімжанова

Жазушылар одағын Мұқағалидай сүйген адамды көрмедім

Мұқағали Жазушылар одағын өзінің жылы ұясындай, жығылса сүйейтін, қысылса көмектесетін туған ағасындай, кең тыныс алатын ақ ордасындай көрді. Жазушылар одағы есіне түссе, «Одаққа барам» деп, жазып отырған өлеңін тоқтатып қойып, дереу жиналып шығып кететін. Өстіп, «Одағым, одағым» деп өтті Мұқағали. Жазушылар одағын Мұқағалидай сүйген адамды көрмедім. Мұқағали кірпігі әрең қимылдап, емханада жатыр. Әбден арыған. Сөйлеуге де шамасы жоқ. Сөйтіп жатып бар күшін жинап, соңғы рет сөзге келді: «Лашын, такси әкел, Одаққа барайық… Балаларым жас еді… Бітпеген жұмыстарым бар еді…» – деп сыбырлап әрең-әрең айтып шықты. Міне, қасірет деген көзіме жаңа көрініп тұр. «Мұқағалиды көретін көзім әзір соқыр боп қалсашы!» деп еңіреп тұрмын. Айтуға тілім жетпейді дәл мына сұмдық суретті. Мұқаңның айтқанын емдеуші дәрігерге айтып едім, «Сіздің есіңіз дұрыс па, мынандай жағдаймен ауруды таксимен алып жүрем дегеніңіз надандық қой, одан да жақындарыңыз болса, хабарлай беріңіз»,– деп сөзімен, пейілімен емдейтін дәрігерім төбемнен қос жұдырықпен бір-ақ соғып, шала өлтірді. Сүмірейіп, өлігімді сүйреп үйге жеттім. Ертесінде тілі мүлде жоқ боп қалды да, түн ауғанда қайтыс болды.
Мұқағали тілі – бай халық тілі еді. Ол халқын қалай сүйсе, халық та оны солай сүйді…





Пікір жазу