Бізді табыстырған – халық әндері
…1948 жылы Ұлы Октябрь революциясының 31 жылдығына орай, колхоздың талантты жастары мен ұстаздар коллективінің қатысуымен концерт ұйымдастырылды. Біздің алғашқы таныстығымыз осы ұлы мерекеден басталды. Мұқағали музыканы жақсы түсінетін және де тамаша қоңыр даусымен халық әндерін төгілтіп тұрып айтқанда еріксіз тыңдап қаласың. Бізді табыстырған да сол халық әндері ғой. Ән айтқанда жүзі гүл жайнап, көзі от шашып тұрғандай әсер береді. Ал 1948 жылы Мұқағали біздің ауылға ауылдық советтің секретары болып келді. Сайлау науқанында агитатор болғандықтан, Мұқағалимен аз уақыттың ішінде-ақ жақсы таныс болып алдық. Ол маған өлеңмен хат жазатын. Өлеңдері лаулап жанып жатқан от секілді, сол оттан жынды көбелек сықылды айналып шыға алмай қалдым. Ақырында 1949 жылы оқушылардың көктемгі демалысында екеуміз қосылдық. Үй болдық. Мұқағали жеке отау болғанына, ешкімге тәуелді емес, өз алдына ошағы болғанына қуанып жүрді. Еркекшора болып өскен маған үй болу оңайға түскен жоқ, бірақ екі енем де, екі қайным да мені қатты сыйлады. Үстімнен құс ұшырғысы келмеді…