Қадір түні қай күні келеді
Ислам ғұламалары Қадір түнінің қай күні келетіні туралы әртүрлі көзқараста. Бірақ барлығы да Бұхари мен Мүслім риуаят еткен «Қадір түнін Рамазан айының соңғы күндерінің ішіндегі тақ санды түндерінің арасынан іздеңдер» деген хадиске тоқталады.
Бұл түннің тақ болуының хикметі басқа хадисте айтылғандай: «Алла Тағала тақ (ягни жалгыз) және тақ санды ұнатады».
Айша анамыз (р.а.): «Алланың Елшісі (с.а.с.) рамазан айының соңғы онкүндігінде ғибадатты ерекше ыждағаттылықпен орындап, түнін намазбен өткізіп, жанұясын да намаз оқуға оятатын» – дейді. Бұл соңғы онкүндікті Пайғамбарымыз (с.а.с.) кейде мешітте өткізіп, иғтикәфта отыратын.
Мүслім, Ахмет және Әбу Дәуіт, Термези сияқты хадис имамдарының таратқан риуаятында сахаба Убәй ибн Кағб (р.а.): «Алланың атымен ант етейін! Мен Пайғамбардың (с.а.с.) ғибадат етуге бұйырған Қадір түнін білемін. Ол рамазан айының жиырма жетінші түні. Оның белгісі бұл түн аяқталып, күн шыққанда еш сәулесіз аппақ боп шығады», – деген екен.
Бүкіл істің сырын бір Алла біледі. Осы түн Қадір түні екен деп, жиырма жетінші түні ғана көп ғибадат жасап, рамазан айндағы басқа түндерді ескерусіз қалдыруға болмайды. Бұрынғы өткен салихалы мұсылмандар Қадір түніне сәйкес келер деп рамазан айының барлық түндері қажырлылықпен ғибадат жасаған.
Демек, ғибадатты, тілек-дұғаны қай уақытта да, рамазан айының барлық түндерінде айтуымыз керек. Сонда ғана Қадір түніне дөп келуіміз мүмкін. Қадір түнінің нақты айтылмауының сыры да осында. Кейбір ғұламалар былай деген екен: «Алла Тағала әр түрлі нәрселерді белгілі бір хикметтер үшін жасырды. Рамазанның барлық түндерін ғибадатпен өткізу үшін Қадір түнін сол түндердің арасына жасырды. Жұма күнін толықтай дұға-тілекпен өткізу үшін дұға қабыл болатын сағатты осы күннің бір сағатына жасырды. Күнделікті бес уақыт намазды барлығын сақтап жүру үшін орташа намазды солардың арасына жасырды. Бүкіл есімдерін айтып жүру үшін ұлы есімін тоқсан тоғыз көркем есімдерінің арасына жасырды. Пенденің барлық ғибадатты да қалдырмай орындауы үшін ғибадаттардың арасына разылығына жеткізетінін жасырды. Пенденің барлық күнәлардан бәрінен аулақ болуы үшін күнәлардың арасына ашуын тудыратын ауырын жасырды. Әрқашан да оны қорқып еске алып, дайындалып жүру үшін ақырзаман сағатын уақыттардың бірінде жасырды. Әрдайым оған дайын болып жүруі үшін пенденің ажалын өмірінің бір кезіне жасырды».
Қадір түні көпшілік үшін жиырма жетісі деп белгіленгенмен, оның нақ осы түнге сәйкес келетіні туралы нақты бұлтартпас дәлелдің жоқтығы жайында жоғарыда айтып өттік. Үмбетіміздегі аса тақуадар ғалымдар мен ізгі жандардың айтуынша Қадір түнінің басқа түндерден өзгеше өзіндік қасиет, белгілері бар. Олар мынадай:
- Қадір түні өте тыныштық мамыражай күйде өтеді. Қатты ыстық та, қатты суық та болмайды.
- Қадір түнінен кейін таң атып, күн көкжиектен көтерілгенде аппақ болып, жарық-сәулесі әдеттегідей бірден жайылмайды.
- Ағаштар мен өсімдіктер барлық жаратылыс Жаратушыға сәжде етіп тұрғандай болады.