29.03.2023
  132


Автор: Қадір түні

Қадір сүресінің түсіндірмесі

Қадір түнінің қадір-қасиетін жете түсінуіміз бес аяттан тұратын бұл сүренің әрбір аятына жеке-жеке тоқталып өткіміз келіп отыр.


Бірінші аятында: «Шындығында, Біз оны (Құранды) Қадір түнінде түсірдік» делінген. Бұл аятта араб тіліндегі мағынаны, хабарды нығайта түсетін күшейтпелі сөздер қолданылған. Мәселен, Алла Тағала барлық істің иесі болса да, мұнда көпше түрде «біз» деп айтылып тұр. Сөздің бұлай қолданылуының өзі       айтылмыш         тақырыптың ұлылығы          мен     маңыздылығынан     хабар       береді. Сондай-ақ, бұл іске ең үлкен періштелердің бірі, уахи жеткізуші Жебірейіл сияқты көптеген періштелердің қатысқандығынан білдіреді.


Жалпы Құранның түсірілуі адамзат тарихындағы үлкен оқиға болды. Құран адамзат үшін ашық жол көрсетуші, екі дүниенің бақытына жеткізуші қасиетті кітап, Алланың кәләмі. Ибн Аббас (р.а.): «Осы түні Құран Кәрім толықтай төменгі дүниенің аспанына түсірілді», – деген.


Анамыз Айшадан (р.а.) риуаят еткен Бұхаридің хадисінде Қадір түнінде болған осы оқиғаның қалай басталғаны туралы былайша баяндалады. Әбубәкір Сыддықтың қызы, мүміндердің анасы Айша (р.а.) былай дейді: «Алланың Елшісіне (с.а.с.) алғашқы уахилар, айқын түс түрінде келді. Оның көрген түстері өңінде айна-қатесіз болатын болды. Сосын ол (с.а.с.) оңаша қалуды ұнатты. Сөйтіп, Хира атты үңгірдің ішінде Раббысына ғибадатпен айналысты. Көп күндер сонда қалып, үйінен көп күнге керекті азығын алып кетіп жүрді. Қайтып келгенде өзінің басынан     өткен   керемет            жағдаяттарды  жұбайы Хадишаға әңгілемелеп беретін. Бірде түнде Хира үңгірінде жатқанда оған бір періште (Жебірейіл) келіп «Оқы!» деді. Ал пайғамбарымыз жазу-сызудан бейхабар еді. «Мен оқи алмаймын» деп жауап берді. Сосын періште оны қатты қысып, сосын қайтадан босатып, тағы да «Оқы!» деп бұйырды. Осылай үш рет жасаған соң, Жебірейіл Алланың әмірімен мына аяттарды оқиды:


 


«Сондай жаратқан Раббыңның атымен оқы! Ол адам баласын ұйыған қаннан жаратқан. Оқы! Ол Раббың аса ардақты. Сондай қаламмен үйреткен. Адамзатқа       білмеген      нәрселерін                           үйреткен». Қатты қорыққан Пайғамбар (с.а.с.) жүрегі дірілдеп үйіне жүгіріп барады. Жұбайы Хадиша анамызға (р.а.) бара сала «Мені орап тастаңдар! Мені орап тастаңдар!» дейді. Олар Пайғамбарымыздың (с.а.с.) қорқынышы сейілгенше оны жылы орап тастайды. Пайғамбар (с.а.с) өзі үшін қатты қорыққандығын айтады. Сонда Хадиша анамыз (р.а.): «Қорықпа. Сені Алла қор қылмас. Өйткені сен тек ізгі істер істейсің, туысқандарыңмен байланысыңды үзбейсің, қиындықтарды көтере білесің, жарлы-жақыбайға болысып, қонақтарға жомарттық көрсетесің» дейді. Сосын Хадиша анамыз (р.а.) Уарақа ибн Нуфил деген бір білімдар туысын шақырып, болған жайды баяндайды. Ол шынайы насара дінінде болатын. Қасиетті кітаптарды оқи алатын. Бірақ біраз жасқа келіп қартайған шағы еді. Көзі де көрмей қалған. Уарақа Пайғамбардың (с.а.с.) басынан өткен нәрсені өз аузынан естіген соң: «Сенің көргенің Мұсаға түскен Намус, яғни Жебірейіл періште. Әттең, сені өзіңнің қауымың еліңнен қуып шыққанда тірі болсам ғой», – дейді. Сонда Пайғамбар (с.а.с.) таңданып: «Сонда мені өзімнің елім қуып шыға ма», – деп сұрайды. Сонда әлгі білімдар кісі: «Иә, Жебірейіл келген әрбір адам (пайғамбар) қиын-қыспаққа түсіп, елінен қуылады. Егер сол уақытқа жетсем саған көмектесер едім», – дейді.


Расында да Уарақа ибн Нуфил айтқаны дәл келеді. Хира үңгірінен басталған нұр бүкіл әлемге таралады.


 


 


Пайғамбар (с.а.с.) өз руластарынан, жақындарынан көп құқай көреді.


Адамзатты адасудан, шайтанның азғыруынан құтқарушы Құран осылай түскен еді. Алланың кәләмі Кәрім Пайғамбарға (с.а.с.) осы кезден бастап жиырма үш жыл бойы үзік-үзік болып нәзіл болды.


Қадір сүресінің бірінші аяты Құран Кәрімнің нақ осы Қадір түні түскенін айқындап, оның бұрыннан құрметті, аса мәртебелі түн екендігін білдіріп тұр. Кейбір ғұламалардың айтуынша, Алла Тағала тара-пынан түсірілген бұрынғы қасиетті кітаптар да осы берекелі рамазан айында түсірілген. Ибраһимге (а.с.) қасиетті парақшалар, Мұсаға (а.с.) Тәурат, Исаға (а.с.) Інжіл берілген. Ал осы мүбәрәк айдың ішіндегі Қадір түні барша адамзатқа Алла Тағаланың ең соңғы жолдауы – Құран Кәрім жіберілді.


Ендеше Қадір сүресінің алғашқы аяты Құран Кәрімнің осы Қадір түні түсірілгендігін айқындап, осынау түннің айрықша дәрежесін биіктетіп тұр. Келесі аяттарда бұл түннің аса қасиетті түн екендігі паш етіледі.


Екінші аятта Алла Тағала Пайғамбарымыз Мұхаммедтен (с.а.с.) және барша мүміндерден Қадір түнінің қандай түн екендігін сұрайды. «Қадір түнінің не екендігін білесің бе?»


Біз сұрақтың негізінде бір нәрсе туралы білу мақсатында қойылатындыгын білеміз. Ал бұдан басқа сұрақ қоюдың басқа да мақсаттары бар. Мысалы, жақсы көрген кісіңізді тосын сыймен қуантқыңыз келсе, «мына қораптың ішінде саған арналған бір нәрсе бар, ал сен оның не екенін білесің бе» деп сұрап, оның ынтызарлығын, сыйлықты білуге деген құштарлығын арттыра түсесіз. Дереу айта салмай, әбден қызықтырып барып айтасыз. Ал сіз мұндай сұрақты қоймай-ақ, жай «осы тарту саған» дей салсаңыз оның тыңдаушы үшін көп әсері болмайды


Алла Тағаланың мысалы бәрінен де жоғары. Осы аятта да сондай ынтықтыру, құлшындыру тәсілі қолданылған. «Иә, Қадір түнінің қандай түн екенін білесің бе?» Бұл сұрақтың артында үлкен бір олжа, керемет бір жаңалық айтылатыны анық. «Жоқ, Раббымыз! Біз бұл түнді білмейді екенбіз. Сонда бұл түн қандай түн? Мұның қандай артықшылығы бар?» деген сұрақ туындайды. Ендеше, бұл сұрақ Қадір түнінің өте керемет түн екендігін паш етеді.


Үшінші аятта осы сырдың беті ашылады. «Қадір түні мың айдан қайырлы».


Қалайша бір түн мың айдан қайырлы болады? Сонда мың айдың уақыты, яғни сексен үш жыл төрт ай бір ғана түнге сыйып кете ме? Тәуліктегі бір түннің ұзақтығы әрі кеткенде 12-13 сағат қана болады. Қалайша мың ай осы уақытқа сыйып кетеді?


Мұның мағынасы осы түнде орындалған амал-ғибадаттар мың айда жасалған ғибадаттардан да қайырлы, мол сауапты болады дегенді білдіреді. Демек, бұл қайталанбас уақыт, кімде-кім осы түні ғибадат жасаса, оның сауабы мың айда жасалынған


ғибадатпен тең болады. Ендеше, бұл түннен құр қалмайық.


 


Әбу       һурайрадан          (р.а.)        жеткен         риуаятта Пайғамбар (с.а.с.): «Кімде-кім Қадір түнінде шынайы иманмен, сауабынан үміт етіп ғибадат қылса, оның бұрынғы күнә-қателіктері кешіріледі», – деген. (Бұхари мен Мүслім риуаят еткен).


Киелі түннің қадір-қасиеті шарапатты аяттарда осылайбелгіленген екен. Қадір түнінің дәрежесі қандай екендігі осылай айқындалды. Осы ғажап сүренің түсу себебі туралы тәпсірші ғалымдар мынадай риуаяттар келтіреді. Бәйһақи мен Ибн Мунзир таратқан хабарда былай          делінеді:   «Бірде  Пайғамбарымыз        (с.а.с.) қасындағы сахабаларына ертедегі Бәни Исраилда бір баһадүрдің Алла жолында мың ай бойы аттан түспей ғазауат қылғаны туралы әңгімелеп береді. Сонда сахабалар ондай ерлік жасауга өздерінің күш-қайраттарының жетпейтіндіктерін ойлап қам жеген екен. Бұл жайт Пайғамбарды (с.а.с.) да ойландырыпты. Сонда осы Қадір сүресі түскен екен».


Өйткені бұрынғы үмбеттердің дене сипаттары кейінгілерден әлдеқайда күшті болып, олар өте ұзақ жасайтын. Ал мұсылман үмбеті орташа үмбет.


Қадір түнінің атауы жайлы да біраз пікірлер бар. Аз-Зуһри деген ғалым Қадір түнінің бұлай аталуының сыры оның қадірлілігіне, құрметтілігіне байланысты дейді. Халил ибн Ахмет деген ғалым Қадір түнінің бұлай аталу себебі араб тіліндегі «қадр» сөзінің «тарылу» деген мағынада да қолданылатындығында, яғни сол түні жерге түскен періштелердің көптігі соншалық, олар жердің бетіне сыймай кетеді деген пікірін келтіреді.


Ал       көпшілік         тәпсіршілер          және        Ислам ғалымдарының басым көпшілігі Қадір түнінің аталуы «қадр» сөзінің «тағдыр» деген мағынасына байланысты деген ортақ ойға тоқталған. Яғни нақ осы түні келер жылы болатын істердің тағдырлары шешіледі. Кейбір ғалымдардың түсіндіруінше бұл істер төмендегідей:



  1. Тағдыр тақтасында жазылған тағдырларды, пенде-лердің амалдарын орайластырып, ризықтар мен өсімдіктер, жауын-шашындар істері Микаил періштеге жүктеледі.

  2. Соғыстар мен жер сілкіністері, найзағайлар, жердегі апаттар Жебірейіл періштеге жүктеледі.

  3. Пенделердің іс-амалдары бақылау Исрафил періштеге жүктеледі.

  4. Тауқымет, ажал мерзімдері Әзірейіл періштеге жүктеледі.


Сондай-ақ  Қадір           түні     пенделердің        ризық-несібелері, жастары және жалпы қайырлы істердің тағдырлары шешіледі дейді тәпсіршілер. Сондай хикметтерге     байла-нысты      бұл   түні      жасалған құлшылықтың сауабы да мол, мәртебесі де биік.


Төртінші аятта: «Онда (бұл түні) періштелер мен Рух (Жебірейіл а.с.) Раббыларының рұқсаты бойынша барлық іс (Алланың әмірі) үшін түседі» делінген.


Ибн     Аббастың       (р.а.)     айтуынша       осы     түні Жебірейіл (а.с.) бастаған мыңдаған періштелер аспан әлемінен жерге түседі. Жер бетіндегі адамдардың, оның ішінде мұсылмандардың не істеп жатқандарын бақылайды. Түн аяқталған соң көкке қайта көтеріледі.


 


Сонда жоғарыдағы періштелер бұлардан «Қайдан келесіңдер», – деп сұрайды. Сонда Жебірейіл (а.с.): «Жер бетінен келеміз. Бүгін Мұхаммедтің (с.а.с.) үмбеті үшін Қадір түні болды», – дейді. Сонда жоғарыдағы періштелер: «Алла Тағала Мұхаммедтің (с.а.с.) үмбетінің қажет-тілектерін қандай жауап берді?» – деп сұрайды. Сонда Жебірейіл (а.с.): «Алла Тағала олардың ізгілерінің күнә-қателіктерін кешіріп, олардың құрметі үшін жамандарын да кешірді», – дейді. Осылайша періштелер жердегі мұсылмандардың намаздарын, тәсбих-тәһлилдерін, дұға-тілектерін жоғары көтеріп әкетеді. Міне, осындай дәрежеден, мол сауаптан құр қалмау үшін Қадір түні дұға тілеп, намаз оқуымыз қажет.


Бесінші аятта: «Ол (түн) таң атқанға дейін бейбітшілікте болады» делінген.


Яғни     бұл     түн      тыныштық,       мамыражайлық сипатта болып ол таңның атуына дейін жалғасады екен. Ғалымдар осы сипат оны басқа түндерден ерекшелейтін сипаты, осы арқылы Қадір түнін тануға болады деген. Кейбір тәпсіршілердің пікірінше, бұл аяттағы «сәлем» сөзі періштелердің әрбір мүмін-мұсылманға сәлем беруін білдіреді. Бұл түн таң атқанға дейін мамыражай, бейбіт күйде өтеді.





Пікір жазу