22.03.2023
  104


Автор: 365 күн

26 наурызда әлемде қандай қызықты оқиғалар болды

Бүгін - Халықаралық талма дертіне шалдыққандардың күні. Бұл мереке 2008 жылы пайда болған. Оған 9 жасар Меган Кессиди деген кішкентай қыз мұрындық болды. Көз ашқалы талма дертінен зардап шегіп келе жатқан қыз қоғамның жаңсақ түсінігін жойғысы келіп, өзі сияқты науқастардан қорықпауға шақырған. Кессидидің бұл мәлімдемесін Шотландиядағы эпилепсия қауымдастығы, кейін әлемнің өзге елдері де қолдады. Осылайша 26 наурызда халыққа талма ауруына шалдыққандарға көрсетілетін алғашқы медициналық көмек туралы жан-жақты ақпарат берілетін болды. Түрлі деңгейде жәрмеңкелер өткізіліп, одан түскен ақша осы дертке шалдыққандарға қайырымдылық ретінде жұмсалады. 

Бүгін Бангладеш Халық Республикасының ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні аталып өтеді. 1971 жылы наурыздың 26-сында азаттық қозғалысының басшысы Муджибур Шейх тәуелсіз Бангладеш Республикасының құрылғаны туралы декларация жариялады. Пәкістан үкіметі 1974 жылы Бангладеш тәуелсіздігін мойындады. Бангладеш - Оңтүстік Азияда орналасқан мемлекет. Астанасы - Дакка қаласы. Мемлекеттік тілі - бенгал тілі. Ақша бірлігі - така.

Бүгін Украинаның Ішкі істер министрлігі ішкі әскерінің күні. Бұл мерекені Украина Жоғарғы Радасы "Украинаның Ішкі Істер Министрлігінің ішкі әскері туралы" заңды қабылдаған күннен бастап жыл сайын атап өтеді.

Бүгін, сондай-ақ, тәтті тағам түрі – нуганың күні екен. Басында бұл тәтті асты әзірлеу үшін ақуыз, бал, қуырылған жаңғақ, қант қосылған жемісті араластыратын. Оны ежелгі римдіктер ойлап тауыпты. Италия мен Испанияда нуга торрон немесе туррон деген атаумен белгілі. Оны жеңсік ас ретінде пайдаланады. 





Пікір жазу