Бизнесменнің тоқалы - 5 бөлім
Анамның неше күннен бері көңіл күйі жоқ. Бізге бірдеңе істеп қояр деп, жұмысқа да бармады. Біздің де оқуға бармағанымызға неше күн болды... Қаншама күндер өтті. Бірде бір күніміз тыныш өтпеді. Ұйқысыз, тамақсыз біз неше күн жүрміз. Әкемнің мүлдем бізде жұмысы жоқ. Келеді де анама тиісіп, ұрып тепкілеп жатады. Оған біз қорқып, бір бұрышта қорқып тығылып отырамыз. Әкемді тоқтатуға шамамыз жетпейді. Себебі ол денелі еді.
Анамның жинап жүрген ақшасының бәрін араққа жұмсаған әкемнің дымы қалмады. Ақыр соңында үйде тұрмайтын болды. Анам болса күніге көз жасын көл қылып, жылап отырды. Сіңілім екеуміз не істерімізді білмедік. Осылай жүргенімізде уақыттың қалай өтіп жатқанын да байқамаппыз. Оқу жайына қалды. Анам жынды болуға айналды. Әкеміз үйдің бетін көрмегелі қай заман.
Анам бір күні үйден шығып кетті. Кеш болып қалған. Сіңілім екеуміз оны уайымдап отырмыз. Кешкі 22:00, 23:00, 00:00. Біраз уақыт өтті. Көз іле алмадық. Ақыры анам келмеді. Үйде тамақта жоқ. Көшеге шығуға қорқамыз. Не істеу керектігін білмеймін. Алды да не боларын Құдай білсін. Аштан осылай өліп кетер ме екенбіз?!
Таң атып қалды. Есік ашылды. Шығуға қорқып тұрмын. Сіңілім ұйықтап жатыр. Жайлап есік жаққа бардым. Әкем болса айқайлап кіруші еді. Сығалап қарасам, ілініп салынып, анам кіріп келе жатыр. Түрден түр жоқ. Тура бір түнімен жер жыртып келген сияқты. Анамның мұндай түрін көрмеген мен шошып кеттім. Үстіндегі киімі алба жұлба болып кеткен.