Өгей анам салған із - 6 бөлім
Жүгіре жүріп көшелерді аралап қызын тапты-ау әйтеуір.
Қызын сүйрелеп дереу үйіне қарай бет алды. Қыз байғұс шырылдап жылап келеді.
Үйіне кіргізген бойда қызын төмпештеп ұра бастады.
- Сен менен қашып кетпек болдың ба?
- Жібер мені. Сен менің анам емессің. Мен сені тыңдамаймын.
- Солай де? Ендеше мен кіммін сонда?
- Менің анам неге жаман? Ол мені неге қинай береді деп жүрсем, сен мені тумаған екенсің ғой. Мен сені жек көрем.
- Мен саған мені жақсы көр дедім бе? Сені туған анаң керек етпегенде мен сені неге керек етуім керек еді? Сен ешкімге керегі жоқ, сұрауы жоқ бейшарасың.
- Әкем мені жақсы көреді. Әкем осыдан келсін мен бәрін айтып беремін.
- Айтсаң өлесің. Мен сенің өз ажалыңмен өлгеніңді қалап едім. Бірақ айтар болсаң ажалың менен болады.
- Бәрі-бір айтамын.
Гүлмира өзінің не істеп не қойып жатқанын сезіне алар емес. Ақылынан адасқан адам секілді. Газды жағып бауырсақ пісіретін ыдысын алып май құйып отқа қойды. Бір қолымен қыздың қолын қысып ұстап алған. Шырылдап көмек сұрап жылаған қыздың дауысын еститін тірі жан жоқ. Еш бір аяусыз қызып тұрған майды қыздың иығынан бастап құйып жіберді. Сол кездегі бұл кішкентай қыздың қалай қиналғанын көз алдыма елестетсем жүрегім тарсылдап аузыма тығылады. Артынша жанашыр ананың кейпіне еніп қызға көмек көрсетіп неше түрлі жақпамайлар жағып әуре-сарсаңға салынды. Күйген жарасын танып ұйықтатын дәрі беріп Мақсат келгенше ұйықтатып тастады..