16.03.2023
  324


Автор: Қадір түні

Қадір түнін қалай өткізген дұрыс?

Ислам ғұламалары қасиетті Қадір түнін төмендегіше атқаруды үндейді:


Біріншіден, бұл түнде Алланың ризашылығы үшін ғибадат жасап, намаз оқып, құлдық сезімдерімізді арттыру керек.


Екіншіден, Құран Кәрім оқылып, тыңдалып, түсінуге ынта қойып, Құран Кәрімге сүйіспеншілік пен байланыстар орнатылуы тиіс.


Үшіншіден, Мұхаммед пайғамбарға салауат айтып, оның шапағат етуінен үміттеніп, оның үммбетінен болғанымызды саналы түрде сезініп, оның жолын берік ұстану шарт.


Төртіншіден, уағыз-насихат тыңдап, сұхбаттар құрып, күнделікті күйбең  тіршілік барысында жүрекке түскен кірбіңді жуып-шайып, көңілге ұялаған көмескіліктен арылуға тиіс.


Бесіншіден, Қадір кешінің маңызына байланысты және Қадір түніне қатысты жеткілікті мағұлмат беретін дін адамдарымен сұхбат құру  керек. Әсіресе, адам өз өзімен сұхбаттасып, қателіктерін танып, кемшіліктерін жоюға күш салуға, адамдармен достық қарым қатынасын күшейтуге, бірлік пен біртұтастықты арттыруға мән беруі тиіс.


Алтыншыдан, тәубе мен истиғфар жасап, өз нәпсісін есептен өткізіп, қателік жасаудан сақсынып, қайырлы істерді жасауға құмбыл болуы шарт.


Жетіншіден, Алланы зікір етіп, Алланы еске алғаннан жүрек тынышталады. Ұлы Жаратушының ұшы қиыры жоқ құдіретімен жоқтан бар болған жаратылыстың сырларын жақсы терең ойланып, иманымызды күшейту қажет.


Сегізіншіден, жиі-жиі дұға жасау керек. Өйткені, дұға адамды Ұлы Жартушыға жақындататын дәнекер десек болады. Мұхаммед пайғамбар бұл түні көбінесе мына дұғаны жасаған: "Аллаһым сен кешірімдісің, кешіруді сүйесің, мені кешіре гөр".


Тоғызыншыдан, Қадір түнінің күндізін де бейне кеш секілді өткізу ләзім. Осылай болса, мүбәрак түннің рухтарға төккен шұғыласы сіңімді болып, жүректің қақ төрінен орын алары сөзсіз.


Оныншыдан, Қадір түнінің құрметіне бүкіл исі бүтін мұсылмандардың күнәларының кешірілуін тілеу керек. Қадір түнінің жақсылыққа мұрындық болуын, достық пен бауырмашылдықты арттырып, ислам әлемінің біртұтастығын және күллі адамзатты апаттардан сақта деп тілеу шарт.





Пікір жазу