16.03.2023
  283


Автор: Қадір түні

Қадір түнінің 9 ерекшелігі

Бірінші ерекшелігі – Қадір түнінде қасиетті Құран Кәрімнің түсірілуі. Кітаптың басқа түндерде емес, Қадір түнінде түсірілуінің өзі оның қасиеттілігін айғақтап тұр.


Екінші ерекшелігі – ұлық түн. Басқа түндер Қадір түніне сәйкес келмейді. Бірдей бола алмайды да.


Үшінші ерекшелігі – құлшылық түні. Қадір түні тұтас бір ғұмырды қамтитын қасиетке ие. Бұл турасында Имам Куртуби: "Аяттағы мың айдан да қайырлы" деген сөз "бүкіл заман" дегенді білдіреді. Өйткені, арабтар шексіздікті білдіру үшін "мың" деген сөзді қолданады", – дейді.


Төртінші ерекшелігі – бұл түнде шайтандар болмайды. Алла Елшісі (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде бұл түні күн шыққанға дейін шайтандар болмайтынын айтқан. Ибн Аббастың: "Бұл түні жындарды кісендеп, үлкен жындарды қамап тастайды" деген сөзі бар.


Бесінші ерекшелігі – періштелердің бәрі, Жәбрейілдің өзі Жаратушының қалауы бойынша жерге түсіріледі. "Қадір" сүресінің 4-аятында: "Ол кезде Раббыларының қалауымен Оның әрбір әмірі үшін періштелер мен Рұх (Жәбрейіл) түседі" делінген.


Алтыншы ерекшелігі – бұл түнде амандық, тыныштық салтанат құрады. Әсіресе, иманды адамдар жамандық атаулыдан аулақ болады.


Жетінші ерекшелігі – бұл түн мүбәрак кеші, яғни береке кеші. Жаратушы "Духан" сүресінің 3-аятында: "Біз Құран Кәрімді мүбәрак болған түнде түсірдік" дейді.


Сегізінші ерекшелігі – күнәлар кешіріледі. Мұхаммед пайғамбар: "Кімде-кім осы түнде Аллаға иман келтіріп, сауабынан үміттеніп, құлшылықы ететін болса, Жаратушы оның бұрынғы істеген барлық кінәларын, кемшіліктерін, қателіктерін кешіреді", – деген.  


Тоғызыншы ерекшелігі – бір жылдық тағдыр жазылады. Кімде кім бұл түннің мол сауабынан құр қалатын болса, ол барлық жақсылықтан ада қалды деп есептелінеді. Мұхаммед пайғамбар бір хадисінде: "Сендерге Рамазан айы келді. Ол – мүбәрак ай. Жаратушы сендерге оразаны парыз етті. Рамазанда жаннаттың есіктері ашылады. Тозақтың есіктері жабылады. Шайтанды Алла кісендеп тастайды. Рамазанда бір түн бар. Ол мың айдан артық. Кім одан құр қалса, барлық жақсылықтан құр қалады", – деген.





Пікір жазу