Қадір түнінің 5 мағынасы
Бірінші мағынасы – Құран Кәрім түскен түн.
"Қадір" сүресінің 1-аятында: "Расында, Біз оны (Құран Кәрімді) Қадір түні түсірдік" делінген. Құран Кәрім кітабы – Алланың сөзі, адамдарды дұрыс жолға бастайтын және екі дүниенің бақытына жеткізетін кітап. Құран Кәрім жаратылмаған.
Екінші мағынасы – құрметті, ардақты. Бұл түні мұсылман баласы барынша көп құлшылық жасап, Жаратушыға мінәжат етеді. Құран Кәрімді оқып, қателік-күнәлары үшін кешірім сұрайды. Ал Қадір түнін дәл осындай ізгі амалдармен өткізген адам Жаратушы алдында құрметті әрі ардақты болады.
Үшінші мағынасы – таршылық. Бұл түні аспаннан жерге түсетін періштелердің көптігі соншалық, оларға жердің өзі таршылық етеді. Демек, бұл Қадір түніндегі періштелердің көптігін көрсетеді. Алла Елшісі: "Шын мәнінде, Қадір түні жер бетінде періштелер ұсақ тастардан да көп болады", ‒ деп хабар береді.
Төртінші мағынасы – ұлық түн.
Бесінші мағынасы – тағдыр бекітілетін түн. Жаратушы осы түні пенделерінің бір жылдық тағдырын бекітеді. Сондай-ақ, бір жыл ішіндегі табиғат құбылыстарын, жақсылық пен жамандықты, өмірге келетін һәм өмірден өтетін адамдардың мезгілін бекітеді. Қадір түнінде тағдыр тақтасына құлшылықтағы құлдардың тілектері тоқылып, алдағы бір жылға қатысты үкімдер бекітіледі.