16.03.2023
86
Қадір түнін үйде қалай өткізген дұрыс?
- Алланың ризашылығы үшін ғибадат жасап, намаз оқып, құлдық сезімдерді арттыру;
- Құран Кәрім оқып, тыңдап, түсінуге ынта қойып, Құран Кәрімге сүйіспеншілік пен байланыстар орнату;
- Пайғамбарға салауат айтып, оның шапағат етуінен үміттеніп, адам оның үмметінен болғанын саналы түрде сезініп, оның жолын берік ұстану;
- Уағыз-насихат тыңдап, сұхбаттар құрып, күнделікті күйбең тіршілік барысында жүрекке түскен кірбіңді жуып-шайып, көңілге ұялаған кір мен күмәннан арылу;
- Қадір түнінің маңызына байланысты және Қадір түніне қатысты жеткілікті мағлұмат беретін дін адамдарымен сұхбат құру. Әсіресе адам өз-өзімен сұхбаттасып, қателіктерін танып, кемшіліктерін жоюға күш салуға, адамдармен достық қарым-қатынасын күшейтуге, бірлік пен біртұтастықты арттыруға мән беруге тиіс;
- Тәубе айтып, кешірім сұрап, өз нәпсісін есептен өткізіп, қателік жасаудан сақтанып, қайырлы істерді жасауға құштар болу;
- Алланы зікір етіп, еске алумен жүрекке тыныштық ұялатуға барынша әрекет жасап, иманды күшейту;
- Жиі-жиі дұға жасау. ҚМДБ барша қауымды қасиетті Қадір түнінде Түркістан облысындағы тасқын судан зардап шеккендерге дұға жасауға үндейді;
- Қадір түнінің күндізін де бейне кеш секілді өткізу;
- Қадір түнінің құрметіне бүкіл мұсылмандардың күнәларының кешірілуін тілеу
- Шамасы жететін сомада садақа беріп, садақаның қабыл болуын сұрап дұға ету;
- ҚМДБ Құран хатым дұғасын, уағыз-насихат пен пайдалы дәрістерді онлайн режимде өткізеді. Үйде отырып, онлайн режимде дұғаға қатысып, насихат тыңдауға толық мүмкіндік бар.