14.03.2023
  153


Автор: 365 күн

22 наурызда қандай қызықты оқиға болды

22 наурызда Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы тойланады. Ол көктемде күн мен түннің теңелген шағына сәйкес келеді, Орта Азияны мекендейтін халықтардың Жаңа жылы. Мыңдаған жылдан бері тойланып келе жатқан Наурыз парсы тілінен аударғанда "жаңа күн" дегенді білдіреді. 2010 жылдың 10 мамырында БҰҰ Бас ассамблеясы 21 наурызды "Халықаралық Наурыз күні" деп атап өту туралы шешім қабылдады. 2010 жылдан бері Қазақстанда Наурыз мейрамы үш күн тойланады: 21-23 наурыз аралығы. Дәстүр бойынша бұрын Наурыз мейрамын тойлауды бүкіл ел болып, әсіресе жастар жағы түгел жиналып таңды қарсы алудан бастайтын. Бұл мерекеде тазаланған арықтарға су жіберіп, ағаш отырғызып, гүл егу рәсімін өткізген. Ұлыстың ұлы күнінде қазақ халқы түрлі ұлттық ойындар ойнап, ән салып, би билеп қана қоймай, ақындар айтысы, "Қызғалдақ" мерекесі, қазақша күрес, бәйге ұйымдастыратын. Ал кешке қарай "Алтыбақан" маңына жиналып, сауық құрған екен.

Сонымен қатар, бүгін әлемдегі бүкіл такси шопыры кәсіби мерекесі – Халықаралық таксист күнін тойлап жатыр. 1907 жылы дәл осы күні Лондон көшелерінде арнайы есептеуіш орнатылған алғашқы көліктер пайда болды. Лондондық шопырлар есептеуішке "таксиметр" деп ат қойса керек, француз тілінде "такс" сөзі ақы дегенді білдіреді, ал "метрон" грек тілінен аударғанда өлшеу деген сөз. Содан бері жеке қалалық көлікті такси деп атап кетіпті, ал шопырлар – таксистер. Лондондағы алғашқы такси көліктері жасыл және қызыл түсті болатын. Ал осы көлікке сары түстің меншіктеліп кеткеніне Hertz Corporation компаниясының негізін қалаушы Джон Хертц (John Hertz) себепші болған көрінеді.

Сондай-ақ, бүгін – Дүниежүзілік су ресурсы күні. 1992 жылы Рио-де-Жанейро қаласында қоршаған ортаны қорғау бойынша өткен БҰҰ конференцисында бүкіл әлемде Су ресурсы күнін атап өту идеясы алғаш ұсынылды. БҰҰ Бас Ассамблеясы 1993 жылы 22 ақпанда қабылдаған шешім бойынша Дүниежүзілік су ресурсы күні 22 наурыз болып жарияланған. Сол сәттен бері бұл мереке әлем бойынша тойланып жүр.

Оған қоса, бүгін – Дүниежүзілік "түк бітірмеу" күні. Мерекені жұмыссыздық бойынша ұйым 2010 жылы қабылдапты. Бұл мейрамды қолы бос, ерігіп жүргендердің бәрі өз ниетіне байланысты тойлайды екен. Ара-тұра жалқаулығыңыз ұстап кететін әдетіңіз болса, бүгін дәл соның орайы келіп тұрған сияқты.

Бұдан бөлек, бүгін тағы бір оғаш мереке аталып өтеді – Маскүнем күні. Бұл мерекені ішімдікке құмар жандар тойлайды. Назар аударыңыз, маскүнемдік – өте жаман ауру, сондықтан мейрамды арақ-шараппен атап өтуге болмайды.  Зерттеушілер анықтағандай, алкоголь ішкеннен кейін адам миының қауіп-қатерді сезуге және белсенділікке жауап беретін бөлігінің қызметі төмендеп қалады екен.





Пікір жазу