Наурыз келді төрімізге ағайын
Бар жылулық, күннен шуақ таралып,
Табиғатым жер анадан нәр алып.
Наурыз келді төрімізге ағайын,
Гүл көктемде бар айнала жаңарып.
Қыс — кәрілік, болса көктем — жастығым,
Жастығымдай күлімсіреп ашты күн.
Наурыз келді төрімізге ағайын,
Жылдың басы, біздер үшін басты күн.
Киіз үйлер тігіліп әр қанаттан,
Нұрын төгіп көкжиектен таң атқан.
Наурыз келді төрімізге ағайын,
Жар боп бізге қолдаушымыз Жаратқан.
Күніміз бен түніміз бұл теңеліп,
Қазақ елі қуанышқа кенеліп.
Наурыз келді төрімізге ағайын,
Самал желмен жасыл-желек тербеліп.
Ақ дастархан жайылып халық үшін,
Дастарханнан дәм татып үлкен кішің.
Наурыз келді төрімізге ағайын,
Көңіл-күйдің беріп ең көңілдісін.
Наурыз көже беріліп жеті астан,
Жиналған жұрт көңілді, көңілді аспан.
Қыз бен жігіт сырласып наурыз тойда,
Бірін-бірі ұнатып көңіл қосқан.
Кең алаңда бала-шаға жиналып,
Салт-дәстүрлі ойындардан сый алып.
Наурыз келді төрімізге ағайын,
Барша жанға қуанышты күй алып.
Жібек Искакова