06.03.2023
  109


Автор: Әбілқайыр Мәдиұлы

АЗ-АЗДАН ОҚУ

Жүгіргенді ұнатасыз ба?


 


Мақсатқа жетудің екі жолы бар. Олар жүгірудің екі түріне ұқсайды:



  1. 1. 30 километрлік марафон жүгіру;

  2. 2. 100 метрге жүгіру.


30 км жүгіретін адам бірден бар күшімен жүгірмейді. Ақырын, бір ырғақпен жүгіреді. Бірден бар күшпен жүгірген адам басында топтан озғанымен, сәлден соң шаршап, тоқтайды. "Болды, жүгірмеймін" деп шешуі де мүмкін. Сол сәтте барлық топ жанынан ақырын, бір ырғақпен жүгіріп отырып, басып өтеді.


 


Біздің де көп жағдайда проблемамыз осыда. Уағыз, инстаграмдағы цитата, не лекция әсерімен "бүгіннен бастап кітап оқимын!" деп шешеміз.


 


Сол сәтте 60 бетке жететін мотивация алған болуымыз мүмкін, бірақ 80 бетті бір-ақ оқимыз.


 


Ықылас аяқталғанша. Аяқталған соң тағы да күшпен 20 бет оқимыз. Ықылас бітті. Ертең өзімізді қинап тағы 40 бет оқимыз. Арғы күні "бүгін шаршап тұрмын. Ертең екеуін қосып оқимын" дейміз. Содан сол кітап ақыры оқылмай, сөреде қалады.


 


Оның орнына тұрақты түрде бір күнде 5 беттен оқу әлдеқайда дұрыс шешім. Жаңа әдет бастайын деп жатсаңыз, қазіргі ықыласты, ұшып тұрған сәтпен өлшемеу керек. Аяқ астынан әке-шешемен қаланың сыртындағы үйге кетіп, қонаққа барып, базарға соғып, зат тасып, кейін бауырлармен кездесіп, шаршап үйге келген кездегі халмен өлшеу керек. Осындай халде де жаңа әдетімізді қиналмай орындай алуымыз үшін.


 


Оның үстіне, еріншектік ұстағанда, нәпсіге қарсы тұратын - ерік-жігер. Ал ерік-жігер бұлшық ет сияқты. Аз-аздан шынықтыру керек. Спорт бастасаңыз да, күніге бірден 100 "отжимание" жасамайсыз ғой. Өзіңізді қинасаңыз, бірден 20-25 те жасауға болатын шығар, бірақ олай қинасаңыз қайтадан өз еркіңізбен күніге жаттығу жасап отырасыз деп айту қиын. Адам өзіне кешірімшіл, кең ғой. Қойып кетеді.


 


Біраз әдет қалыптастырып алған соң бірнеше кітапты бірден оқи бересіз. Мен күніге кемі 54 бет кітап оқимын. Әр түрлі кітаптан 2-5 беттен. Он күнде 540 бет болады екен.





Пікір жазу