Өлгендер қайтып келмейді - Роман
БІРІНШІ ДƏПТЕР
1
-Еркін, сүйінші! Оқудан ағаң келді, əйел алып келіпті!
Мен бұл қуанышты хабарды Жабырда шөп орағында жүріп естідім. Ат тырмамен шөп жинаймын. Қашан жазғы демалысымыз біткенше, біз – оқушы балалар, колхозда жұмыс істейміз.
Əуесқой қыз-келіншектер бригадир Бекбосыннан:
— Кімді əкепті?
— Қандай əйел əкепті?
— Əкелген əйелі сұлу ма екен? — десіп, жамырап сұрап жатыр.
Аз сөзді Бекбосын аузын бұртитып:
— Міне, мынау, — деп бас бармағын көрсетеді.
— Е, ол не дегенің?
— Сұлу десең, сұлу! Оқыған десең оқыған...
Əңгіме менің Алматыдағы алты айлық бухгалтерлік курсқа оқуға кеткен Сəрсебек ағайым жайлы. Соңғы кезде жазған бір хатында ол:
«Апа, сізге келін алып барам, той қамын жасай беріңіз» деп жазған болатын. Бұл хабарды естіп, шешемде ес қалмаған. «Қарағым балам, мен болсам картайдым. Оның үстіне денсаулығым нашар, дымкəс адаммын. Екі күннің бірінде ауырып қалам. Сенің мені аяйтын күнің бола ма? Неге үйленбейсің? Өзің құралпы жігіттердің бəрі үйленіп жатыр. Солардан кембісің? Əңгімені қой да, үйлен, үйге шүйкебас біреуді кіргізіп бер» деп, ағайымның құлағын дамылсыз қашай беретін оның өзі еді.
Келін түсіру шешемнің айықпас арманы болатын. Міне енді апатайымның сол арманы орындалған екен.
Жеңгелі болғаныма, сөз жоқ, мен де қуаныштымын. Бекбосынның мен əлі көрмеген жеңгемді мақтап айтқан сөздері жаныма жағып барады. Үйге тез жетуге, мен үшін жер түбі саналатын ту сонау Алматыдан əкелінген нəркес көз, жас жеңгемді тезірек көріп танысуға ынтықпын.
Мінекей, жұмыс соңынан астыма тоқым салған жайдақ атпен Тұйық қайдасың деп, қүйғытып шауып келем.
Есік алды абыр-сабыр көп кісі. Əйелдер, балалар. Қазан асылған, қой сойылған. Қатарынан қойылған қос самауырдың лапылдаған жалыны аспанға атады. Қора жақтан келіп, аттан топ етіп
түсіп жатырмын.
Қазан басындағы əйелдер өзімнің көршілес жеңгелерім. Біреуі мені көріп:
— Еркін келді! Сүйінші! Сүйінші аламыз! — деп жүгірді.
Соңынан жəне бір əйел жүгіріп келді.
Екеулеп бас сап, қалта-қалтамды ақтарып, жұлмалап жүр. «Нең бар, нең жоқ» демейді. Өзім оқушы болсам, өзім жұмыс басынан келсем, нем болушы еді. Үстімдегі киімдерім жамаулы, ескі жұмыс киімдері. Шалбарымның бір қалтасы үңірейген тесік. Жеңгелерімнің біреуінің əумесерлене сұққан қолы сол тесіктен сумаң етіп ары өтіп кетті. Жалаңашсанымды бір-ақ барып қапты. Ойбай деп, қолын жылан шағып немесе əлдене тістеп алғандай бақырып, қайтадан суырып алғанда ғана білді...
Мен мəзбіп, күлкіге қарық болып жатырмын...
Бір жағымнан сап етіп шешем пайда бола кетті. Қозғалған сайын ойбай деп, ілмиіп қалған, күндегі қалпы жоқ. Қуанышын қоярға жер таппай қалбалақтап, ұшып жүр.
— О, шыбыным, келдің бе! — деп қолымнан жетелей жөнелді. Ауыз үйдегі көп адамдардың арасын жарып өтіп, бірден төр үйге əкелді. Мұнда да бірсыпыра кісі отыр.
Менің келуімде зор мəн бардай-ақ:
— Мынау менің кіші балам, Еркін, — деп əлдекімдерге дабыра сап, таныстырып жатыр.
Төр үйдің оң жағында шымылдық құрылған кереует — ағатайымның кереуеті. Мен жаңа түскен жеңгемді ауыл дағдысы бойынша сол шымылдықтың ішінде, қыз-келіншектердің қоршауында, басына бөртпе шəлі жамылып, сызылып отырған болар деп ойлаған едім. Сөйтсем, шымылдық түрулі, төсек жинаулы.
Ол маңда ешкім де жоқ.
Төсекке қарсы, терезе жақта өз алдына оқшау топ боп, шүйіркелесіп бірнеше қыз-келіншектер отырған. Солардың арасынан мен бұрын кермеген, үстіне қонымды су жаңа көкшіл костюм, аппақ ақ кофта киген, басына бір байлам үлбіреген жұп-жұқа орамал байлаған, тіп-тік сұңғақ бойлы, күлімкөз, қараторы біреуі өте сыпайы түрегеліп, маған қарай жүрді.
— Жаным, жеңгең осы бала, аты Қаныша, — деп, шешем бізді таныстырып жатыр.
Жеңгем маған бір көргеннен ұнады. Бекбосынның сұлу десең сұлу, оқыған десең оқыған деп, мақтауына тұрарлық адам тəрізді. Көркі де, киім киісі де əсем, осы биыл педучилище бітірген. Оны да мен бағана Бекбосыннан естігем. Қалада оқыған, мəдениет көрген жан екендігі былай да көрініп, білініп тұр. Қасындағы ауыл қыз-келіншектері бір төбе болғанда, ол өз алдына оқшау бір төбе. Жас жеңгем орнына қайта барып отырды. Əдемі түзу аяқтарын біреуіне біреуін қатар жанастырып, еңсесін тіп-тік ұстап, мойнын жан-жағына аққуша сəнмен бұрып, көзін жұртқа қиғаштай тастап отырысы соншалық керім-ақ еді. Мен ішімнен қуандым да сүйсіндім. Жарайды Сəрсебек ағайым! Бұл маңайдағы талай мынау деген қыздарды жаратпай, менсінбей жүруші еді.
Өзіне нағыз серік асыл жар, өмірлік дос тапқан екен!
Бұл бөлмеде мен танымайтын жəне екі адам отыр. Екеуі де əйел жандар.
Бірі төрдің қақ төбесінде, ауыл совет председателі Нүрəлімен қатарлас, еркекше малдас құрып отырған жалпақ кеуделі, денелі, мосқал жасты қара əйел. Аты Балжан, Қаныша жеңгемнің бірге туған əкпесі. Екіншісі, Балжанның төменгі жағында енесін жанамалаған құлынша оған еркелікпен сүйене түсіп отырған, қасы, көзі қап-қара, еліктің лағындай сүйкімді жас қыз. Көмірдей қара шашын желкесіне төгілдіре қырыққан. Бұл Балжанның Ғалия дейтін қызы екен. Жасы мен шамалас. Маған ол көз алмастан қарай береді.
Жас жеңгем Қанышада əке де, шеше де жоқ. Екеуінен бірдей жас айырылған. Жанашыр жақын туыстан бары осы Балжан көрінеді. Балжан бізбен корші Бөген ауданында тұрады. Сəрсебек пен Қаныша Алматыда мен сендік, сен мендік деп, қол алысып болған соң өзара кеңесе кеп, былай етеді. Мұнда біздің ауылға тіке тартып келмей, жолдан Балжандарға соғады. Қаныша əке орнына əке, шеше орнына шеше болған əпке-жезделерінің алдынан өтіп, бір ауыз ризашылық сөздерін алады. Содан осында келеді.
Балжан мен Ғалияны қолқалап, өздерімен бірге ертіп келеді.
2
Біздің үйде той. Үйлену тойы. Бибісара шешемнің талайдан арман еткен тойы. Той десе, Тұйықтың халқы бір жырғайды. Шақырған-шақырмағаны есеп емес, шұбап келіп жатады. Кемпір-шалдар немере-шөберелеріне дейін тастамай, арқалап немесе қолдарынан жетелеп, ертіп алады.
Ауылдың бар тұрғыны түгел келіп бітпей, той тарқаған болып саналмайды. Бола береді. Құтты болсын айтып келген жұртқа қанша келсе дағы есік ашық.
Дастарқан жаюлы. Қазақ асықпай-саспай, бабымен тойлағанды ұнатады.
Осы кезде біздің үйдегі шаңырақ иесі үлкен адам — шешем Бибісара. Əкеміз Мамырбай бұдан үшжыл бұрын жылқы бағып жүріп, суық тиіп, қайтыс болған. Құтты болсын айтып келушілер бірінші сөзін əуелі үй қожасы шешеме бағыштайды.
— Құс құтты болсын, апа!
- Шеше, келін құтты болсын!
- Жастар бақытты болсын! — дейді.
Үлкен, кіші бəріне бірдей қалбалақтап, апамның жаны қалмайды:
- Айтқандарың келсін!
- Үйге кіріңдер! Төрлетіңдер! - дейді. Өзі есік ашып, қызмет етіп, аяғының ұшымен жорғалайды.
Бибісара шешем аумалы-төкпелі заманды көп көрген, қайғы-қасіретті басынан көп кешірген. Өмірдің өзге тауқыметін былай қойғанда, тоғыз құрсақ көтерген адам екен. Сонда бары Сəрсебек екеуміз ғана. Қалғандарын өзі берген Алла тағала өзі қайтып алған. Шешем байғұсты жылатып сықтатпай, қапаландырмай, қай бір жайдан-жай ала салды ғой дейсің?! Əйтеуір қыбырлап тоқтамай, шала-жансар жүріп тұратын бір сағаттар болады ғой. Шешемнің денсаулығы сол тəрізді. Байғұстың ауырмайтын жері жоқ, тұла бойы толған ауру. Басым дейді, белім дейді, аяғым дейді, тізем дейді... Іші-сырты түгел ауырады. Ауылда дəрігер болмағандықтан, ол аурулардың бəріне де емші өзі. Апамның сандығының бір бұрышы толған дəрі-дəрмек. Кейбірі қағазға оралған, кейбірі шүберекке түйілген, кейбірі былайша тастай салынған. Бір жері ауырса, содан коңілі түскен біреуісін алып, ішіп жатады. Кейде тəуір боп жазылады, ал кейде бұрынғысынан бетер ауырып қалады. Көп дəрінің ішінде аптекадан алынғаны қанша болса, қолдан істелгені, жұрттың бергені жəне сонша. Біреу бірдеңені дəрі екен деп айтса, апам соны қалайда таппай тынбайды. Көкемарал, бұғының мүйізі, адыраспан, жыланның басы, у қорғасын деген секілді не ғаламат дəрілері бар.
Бүгінгі мына тойдың үстінде шешемнің дымкəстігінен түк қалмаған. Бүкішбелі түзеліп, арық бетінің ұшында қызғылт нұр пайда болған. Келін-кепшіктерімен қатар қимылдап, қонақтардың асты-үстіне түсіп, жан таппай жүр.
Сəрсебекте де мұрша жоқ. Той малын сойысып, керек-жарақты дүкеннен өзі əкеліп, қара терге түсіп жүр. Бірақ жиырма үшжасар қабылан жігіт бүған мойымайды, шаршау дегенді білмейді. Не істесе де істеген ісін жапырып жібереді. Ел іші ағайымды жақсы көреді: ешкіммен қақ-соғы жоқ, жұмысына тыңғылықты. Ешкімнің ала жібін аттамайды, бейсауат жүрмейді. Үлкенді аға, кішіні іні деп тұрады.
Мен ағайыма қарағанда басымнан сөз асырмайтын қызба, шатақтаумын. Ал ағайымда ол мінездің жұрқасы да жоқ.
Сəрсебектің білімі, небəрі төрт қана кластық. Бірақ ол əрмен қарай жалқауланып оқымай қойған емес. Ол кезде бұл маңайда одан жоғары мектеп болмаған.
Ағайым өздігінен көп оқиды, қолынан газет-журнал түспейді, cондықтан көп біледі. Ағымдағы саясат, халықаралық хал жөнінде сөйлескенде немесе өзінің бухгалтерлік жұмысына қатысты мəселені əңгіме еткенде, ол он класс бітіргендердің өзін қанжығасына байлап əкетеді.
Ауыл қыздарының біреуіне үйлене салмай, əйелді ту сонау Алматыдан əкелуі де ағайымның талғампаздығының күштілігінен болса керек. (Басқаларды қайдам, мен өзім солай ойлаймын.)
Ағайымның үйлену тойында мен дағы жанымды салып қызмет етіп жүрмін. Елгезек, пысық баланың біреуімін. Қайда жұмсаса да ұшып тұрам, ал қолым қалт етсе, қонақ қыз Ғалияның қасынан шығам.
Ғалия екеуміз теп-тез-ақ үйір бола кетістік. Ол менімен түйдей жасты — құрдас болып шықты. Оқуымыз жəне бірдей — Ғалия да биыл жетінші бітіріпті. Ғалиямен əңгімелесе отырып, қиялдаймын: оныншыны қатар бітіреді екенбіз. Содан соң институтқа бірге барып түссек. Оны да бірге бітіріп шықсақ. Сосын Қаныша мен Сəрсебекке ұқсап, үйленіп той жасасақ.
Ғалиядан кім болғысы келетінін сүраймын. Дəрігер болсам дейді. Ал менің арманым — журналист болу. Ол аз болса, жазушы болу.
Оны-мұны шаруамен, үлкендердің о жақ, бұ жаққа жұмсауымен Ғалияның қасынан кетіп қала берем. Міне сол кездерде Ғалия жалғызсырап қалатын тəрізді. Үйге шешесінің қасына бармай, көше жақтағы жалғыз түп нəн бəй-теректің саясына орнатылған тақтай орындықтың үстінде жалғыз өзі отырған күйде қалады. Əлсін-əлсін бұрылып қарап, менің келуімді күтіп отырады.
Мен келгенде сергіп, көңілденіп қалады.
Екеуміз жаңа таныс болғанға ешұқсамаймыз. Бірін-бірі талайдан білетін, үйреніскен адамдар тəріздіміз. Ескі достар тəріздіміз.
3
Ертесінде кешке қарай Тұйыққа арбасын салдыратып көшпелі кино келе қалар ма! Анда-санда бір келеді. Сондықтан, əсіресе, балалар үшін бұл деген қуанышты оқиға «Кино!», «Кино кепті!» деп, азан-қазан шапқыласып жүр.
Ғалияны бір жаққа ертіп əкетуғе сылтау таба алмай отыр едім. Бұл енді жақсы болды. Екеуміз киноға барып келуге үлкендерден рұқсат сұрадық.
Екі күнге созылған молшылық тойдың бұл кезде ауыр жұмысы аяқталған. Келім-кетім кісі азайған. Осы тойдың негізгі себепкері болғандар жəне біраз сыйлы адамдар отыр. Оларға біздің қажетіміз шамалы. Апам да, Балжан құдағи да:
— Барыңдар, барып келіңдер, — деді.
Міне, енді Ғалия екеуміз киноға келе жатырмыз,
Киноға жалғыз келу бір басқа да, қыз ертіп келу бір басқа екенін мен бірінші рет осы жолы сезінген тəріздімін. Кеше ғана бала едім, бүгін бозбаламын. Өзімді соған лайық сылқым да, байсалдырақ үстауға тырысамын. Аяғымды əлдекімдерге еліктеп ширатыла басам.
Осы келе жатқанымды көлденең жұрт, əсіресе балалар көрсе екен деп тілеймін.
Ол кезде Тұйықта клуб дейтін клуб жоқ, тек аты ғана. Бір кезде ішінде адам тұрған, қыстақтағы көп үйлердің біреуіндей аласа тоқал үй. Кино сонда болады. Есік алдына біраз бала-шаға жиналып қалған. Іштерінде менің кластас, мектептес достарым бар. Олар бізге едірейіп қарасады. Бірін-бірі түртпектеп бірдеңелер айтады. «Еркінді қарай гөр, жаман неме, қасына əп-əдемі қыз ертіп апты» дейтін тəрізді.Ғалия екеумізді көздерімен ішіп-жеп барады. Жайшылықта болса, қастарына жетіп барып, жамыраса кетер едім, ол заман өткен. Анадайдан бас изеп амандасып, Ғалиямен оқшауырақ тоқтадым. Клубтың есігі аласа. Қисайта киген кепкасының астынан тоқпақтай боп шашы дудырап шыққан, ұзын мойын киномеханик жігіт тапал есікті тұла бойымен бүгіле тіреп, билет сатып түр. Кассир де өзі, тексеруші де өзі. Жұрт жəне біраз жиналғанша біз əлгі арада тосып тұрдық. Көп тұрсаң, орыннан құр қаласың. Киноны қақиып түрегеп тұрып көресің немесе малдас құрып кір еденге отырасың.
Бүгін мен баймын, мырзамын. Он сомдық көкала қағазды қалтамнан жарқыратып суырамын,
— Два белет, — деймін орысшалаған боп.
Бір сомдықтан бір уыс ақша қайырып берді. Мен оны санап, əуреленіп жатпақшы емеспін, қалай болса солай умаждап, қалтама сала салдым. Артық немесе кем беріп жатуынан мен үшін келіп-кетері шамалы тəрізді.
Қыз алдында шұқшиып ақша санап, ұсақшыл болып көрінгім келмейді.
Менімен бірге оқитын балалар бұның бəрін байқап, жіпке тізіп қарап түр. Əдейі қасымдағы Ғалия естіртіп:
— Мынау бүгін не боп кеткен?
— Өзі байыпты.
— Қайырып берген ақшаны тіпті санамайды, — десіп, сөзбен шабақтап қояды.
Мен естісем де, естімеген болам.
Тұйықтың киносы нағыз демократияшыл кино. Үлкен-кіші, бала-шаға деп, талғап, сорттап жатпайды. Кім ақша төлесе, сол кіре береді. Орын жоқ деп кіргізбей қоюшылық болмайды. Əуелгі кіргендер орындыққа, соңғы кіргендер жерге отырады. Немесе тікелерінен тік түрегеп тұрады.
Киноның орта тұсынан келіп те кіре беруге, қалаған уақытта шығып кете беруге болады. Əйелдер емшектегі балаларын ала келіп, жыласа, омырауларын жарқыратып ашып, емізіп отырғанын көресің. Екі жұмыс бірден бітіп жатады: анасы кино көрсе, баласы торсықтың рақатын көреді.
Картинаның əр бөлімінен кейін шам жанып, пленка ауыстырылады. Кино қайта басталғанда:
- Əй, бөркіңді ал!
- Мынау қодырайған кімнің басы?
- Əй, отыр!
- Басыңды ал! — деген секілді улап-шулаған дауыстар жамырап кетеді.
Кішкентай үйдің іші адамға лезде толды. Орта шеннен орын алған Ғалия екеумізді жұрт бірімізге бірімізді жапсырып қысып тастады. «Əй, əрменірек отырындар! Қысып жібердіңдер» деген болам. Бұл бер жағымнан. Ар жағым, қайта қыса түссе екен деймін. Ғалияның бүйіріне бүйірім жаншылуынан оның жүрегінің лүп-лүп соққан қимылын анық сезіп, содан өзіме тілмен айтып жеткізгісіз лəззат алып отырмын.
Кино бітті. Жұрт қапырық үйден таза ауаға шыққанша асық болып, тар есіктен таласып-тармасып, шыға бастады. Құдды моншадан шығып жатқан адамдар тəрізді — бастарынан бұрқыраған бу, тер. Біз де солаймыз.
Менімен бірге оқитын балалар кетпей, былайырақ барып, шоғырланып тосып тұр. Бізді тосып, пəле ойлап тұрмаса неғылсын. Біреуісі мені шақырды:
— Еркін, бері келші!
— Не?
— Келсеңші, немене, біз сені жеп қоямыз ба?
Бармайын десем, шабақтап жəне бірдеңелер айтулары мүмкін. Ал барайын десем, Ғалияны жалғыз қалдыру ыңғайсыз. Ғалияның оларға жолағысы келмей тұр.
— Не, не айтасың? Осы арадан да естимін.
— Қасындағы періштеңнен айырылып қаламын деп қорқамысың?
Мен не айтарымды білмей қысылып қалдым. Ғалия жалт бүрылып:
— Ұятсыз! — деді.
4
Біз ауыл совет председателі Нұрəлінің үйінде бүкіл үй-ішімізбен, Бөген ауданынан келген меймандарымызбен бəріміз қонақ болып отырмыз. Нұрəлі əдейі арнап қой сойған, қымыз ағыл-тегіл. Аянбай, ағынан жарылып күтуде.
Тұйықта негізінен Айт, Құрман аталатын ағайындас екі атаның балалары тұрады. Біз Құрманбыз. Ал Нұрəлі болса, Айтқа да, Құрманға да жатпайды, сырттан келген кірме.
Нұрəлі баяғыда, колхоздасудың əуелгі жылдарында Бөген ауданында қызмет істепті. Біздің Балжан құдағимен ол сол кезден жақсы таныс екен. Оның үстіне Нұрəлінің əйелі Сəуле Балжандардың руынан, яғни Қызылбөріктің қызы. Балжан мен Қаныша да Қызылбөріктің қызы. Қарға тамырлы казаққа бірімен бірі жақын бола кетуге, туыс бола кетуге осы да жеткілікті. Əйтпесе, Нұрəлі үйі бұған дейін бізбен онша көп араласпайтын. Сəрсебек ағайым Нұрəліні онша көп ұнатпайтын. Қаныша Қызылбөріктің қызы екенін білген бетте-ақ Сəуле оны бас салады.
— Өзімнің сіңілім екенсің ғой! Жалғызсырап жүр едім, жақсы болды гой! — деп қуанады. Содан ол үшкүн бойы қашан той тарқағанша, біздің үйден шыққан жоқ. Аяғынан тік жүріп, кісі күтісті.
— Сəрсебек екеуміз бажа болдық енді, — деп бұрын онша көп араласпайтын Нұрəлі де бұл күндері біздің үйді жанамалап алған. Тойдың оны-мұнысына жəрдемдесіп, жаны қалмаған.
Осы жақындығымыз баянды болсын, бұдан былай екі үйіміз бір үй болып жүрейік деген ниетпен енді міне Нұрəлі бізді шала шабылып, қонақ етіп отыр. Нұрəлі, жалпы ішкі есебіне мықты жан. Мынадай сəті келген кілтіңді пайдаланып, тасы өрге домалаған жас жігіт Сəрсебекпен жақын боп ала қойса, ол одан зиян шеге ме? Шекпейді. Сəрсебек қазірдің өзінде колхозды құлағынан ұстап отырған екі адамның біреуі. Ал ауылдық советтің председателі деген лаузымы дардай болғанмен колхозсыз Нұрəлінің күні жоқ. Сəрсебексіз күні жəне жоқ.
Жасының ұлғайып қалғанына қарамастан Нұрəлі арақты тəуір ішеді. Етті де тəуір жейді. Балуан денелі, беттері былшиған,қара мұрт, қара сұр адам. Бір көзінің ағы бар. Арақты сіміріп салғанда бөренедей жуан мойны жыбыр етіп қоймайды. Бет-бейнесі ешқандай қиналған нышан білдірмейді. Ішіп-жеген сайын бусанып, беттері қызыл қошқылданып, қарқ-қарқ еткен қарға күлкісі одан бетер еркіндеп баптана түседі.
Еттің қайдағы семізін, майлысын теріп асағанда, жемей қарап отырған менің жүрегіме кілк етіп май тигендей болады.
Сəрсебек араққа құштар емес. Нұрəлінің əлсін-əлсін:
— Кел, бажа, алып қой, — деп зорлауымен ғана ішіп отыр.
Балжан бірінші құйғанды еркектерден қалыспай қағып тастап еді. Одан кейінгісі жəй демеу ғана: «ал, мен де алдым», — деп рюмканы көтерген болады да, ернін тигізіп, қайта қояды.
Нұрəлінің əйелі Сəуле кішкентай ғана шүйкебас ақсұр адам. Қой аузынан шөп алмас момын.
Күйеуінің бетіне тура қарап сөйлегенді білмейді. «Əке, менің кеселім бар, жақпайды» деп ішімдікті жолатпайды,
Сəуле, шынында да, науқасшаң. Кешбойына Сəуле бізбен қатар отырып, бір шыны шəй ішкен жоқ. Тек құрдай жорғалап күтуді біледі. Əйелдің өз үйінде дəл мұнша төмен етек болуы Қаныша жеңгеме оғашкөрінсе керек. Ол бірнеше рет əрі наразылық білдірген, əрі қатты өтінген дауыспен:
- Əпке, бері қатарға отырсаңшы.
Тамақ алсаңызшы, — деп еді. Сəуле əр түрлі сылтаулар айтып, дастарқанға сонда да жоламай қойды.
- Жеңдер, əке. Тамақ қайда қашар дейсің. Өзім ұстап жүрмін ғой, — дейді.
Нұрəлі бір кезде:
- Əй, қатын, сорпа əкел, — деді.
Сəуленің атын атамай, əй қатын деп сөйлеу оның əдеті. Қаныша Нұрəліге тіксіне қарады:
- Жездеке, бұныңыз қалай? Ол кісінің тамаша аты бар емес пе? Атын неге атамайсыз? Мал қайырғандай «ей!» дейсіз.
Қысылатын Нұрəлі емес.
- Балдызжан, сен бізді түзей алмайсың. Үйреніп кеткен ауыз гой, — дейді.
Ауыл дағдысы бойынша екі шай, бір етпен түн ортасын ауғызып, үйге қайттық. Нұрəлі бұл кезде едəуір қызу. Есік алдына шыққасын ол ағайымды жіберсеші. Біз анадайда күтіп, қарап тұрмыз. Нұрəлі тілін шайнай сөйлеп:
- Сəрсебек, мен сені бұрын да өз інімнен кем көрмейтін едім. Енді міне бажа болдық. «Төрт аяқтыда бота тату, екі аяқтыда бажа тату» деген мақал бар. Менікі, сенікі демей араласып тұрайық. Мақұл ма?
- Мақұл, Нұреке, — деп Сəрсебек бас изегенді біледі.
- Айналайын, келші сол үшін.
Нұрəлі Сəрсебекті мойнынан қапсыра кұшақтап алып, сілемейлеп сүйіп жатыр.
Еркек пен еркектің сүйісуін сөлекет көрген Балжан құдағи:
— Кім білген, бажа деген немелер күшік тəрізді болады екен ғой, — деп мысқылдап күліп қояды.
5
Төрт-бес күн қонақ болды да, Балжан мен Ғалия қайтамыз десті.
Бөген ауданынан келген құдағи көрген-түйгені мол, кісілікті, арналы адам көрінеді. Оқуы жоқ болса да, көптен ауылда басшылық қызметтер атқарып келеді. Бірнеше жыл ауылдық советке председатель болған. Осы кезде колхозда сиыр фермасының меңгерушісі, Балжан деп атын айтса, бірсыпыра жұрт білетін беделді, сыйлы адам көрінеді.
Біздің үйдің іші Балжаннан тағы біраз қонақ боп жата түсуін өтінді. Бірақ Балжан қазір шаруа кезі екенін айтып илікпеді. Оның жата түсуін тілеушінің бірі менмін. Ғалия кетпесе екен деймін...
Біздің үйдің іші шамалары келгенше, Балжан құдағиды сыйлап, риза етіп аттандыруға барын салды. Бұрынғының кəдесі деп, көйлек кигізіп, шапан жапты. Ғалияға көйлек кигізді.
Балжан кейбіреулер тəрізді дүниеқоңыз адам емес екен. Ұсынған нəрселерді қиналып əзер алды. Аға, жеңгеме өте байсалдылықпен бірсыпыра өнеге, ақыл сөздер айтып аттанды.
Əне, олар мінген жүк машинасы артында шаңы шұбалып, ұзап кетіп барады. Мен көзімді алмай, қараумен түрмын. Кузовта кабинаға арқасын беріп отырған жалғыз қара — Ғалия. Балжан кабинада.
Менің көзім Ғалияда. Жүрегімнің бір тал нəзік қыл тамырын ол өзімен бірге ауырта жұлып, суырып алып кетіп барады. Ғалия екеуміз хат жазысып тұрмақ боп келіскенбіз. Ендігі жүбанышым сол ғана.
Хатты дəл қазір — Ғалияның қарасы көзден ғайып болысымен отырып жазар едім. Бірақ бұл тым тез. Арада, сыпайгершілік үшін болса да, төрт-бес күн өтуі керек. Мен соған қалай да шыдауым керек.
Төрт-бес күн емес, төрт-бес жыл өткендей болды.
Он ойланып, жүз толғанып дегендей өнерімнің бəрін сальп хат жаздым Ғалияға. Оны əдемілеп бүктеп, əдемі конвертке салып жөнелттім. Марка жапсыруымда, хаттың аузын желімдеуімде иненің жасуындай мін болмаған шығар-ау.
Енді жүрегім аттай тулап жауап күтудемін. Ғалия не жазар екен дегенді ойлағанда, төсекте жатып, ұйқым шайдай ашылып кетеді.
Бір күні кешке жұмыстан келсем, Қаныша жеңгем күлімсіреп:
— Ерке, биле, — дейді.
Бұның не ырым екенін қайдан білейін.
— Неге? — дедім.
Билесең, сен қуанатын бір нəрсе берем. «Биленің» сырын мен енді түсіндім. Ішім бірдеңені сезгендей жылып қоя берді. Жеңгем маған аузы ашылмаған бір хат берді. Ғалияның хаты еді. Ой қуанғаным-ай!
Хатты оңашаға алып кетіп оқыдым. Іші толған басқа жұртқа сездіруге болмайтын құпия болып көрінді маган. Сөйтсем, жай ғана амандық, есендік.
Құпия түгі де жоқ. Менің жазған хатымды алғанын, өздерінің қалыпты тіршіліктерін жазады. Уақа емес, бүл тек бастамасы гой. Жұртқа көрсетпей, жасырып оқитын хаттарды да жазысатын кез болар.
Сол күні Ғалияға тағы бір хат жаздым. Оныма жəне жауап алдым.
Ғалиядан келген хаттарды бір емес, бірнеше қайтадан оқимын. Оқи-оқи жалыққанда, жазуын тамашалап қараймын. Жазуы маржандай əдемі. Анық. Өзі тəрізді ап-айқын. Ғалияның бірде-бір хатын жыртпаймын, өмірімнің ең асыл қазынасындай əдемілеп бүктеп сақтап жүрмін. Оқу басталар кез болды.
Биыл аудан орталығы Қарасазга барып оқымақпын. Тұйықта енді мен оқитын класс жоқ. Мұндағы мектеп жетіжылдық. Мен болсам, сегізінші оқуға тиіспін. Қарасазға Сəрсебек ағайым өзі алып келіп аупарткомде нүсқаушы болып істейтін, өзінің жақын жолдасы Есіркеп деген адамның үйіне орналастырды. Семьясы шағын, тəуір адамдар көрінеді. Есіркеп өзі, əйелі, емшек жасында бір ер баласы ғана. Менімен төртеу. Оқып жүріп жаттым.
Бөтен ел, бөтен мектепке алғашкелген кезде өзіңді кірмедей сезінетінің болады. Ауыл итінің құйрығы қайқы, мұндағы бұрыннан оқитын балалар шекелерінен қарап жүреді. Бірақ бұл уақытша ғана. Сабақты жақсы оқып, өзіңді таныта білсең, кірмелігің тез жойылады.
Мен Тұйық жетіжылдық мектебін мақтау грамотасымен бітіріп келгендердің бірімін. Мұнда да бір дегеннен тəуір оқып, көзге түсіп жүрмін. Сондықтан беделсіз де емеспін.
Біздің колхоздың мұнда бірталай баласы оқиды. Біразы, тұрмыстары нашар, жетімдері интернатта жатады. Біразы мен құсап əркім-əркімнің үйлеріне орналасқан. Сенбі сайын жаяу-жалпылы шұбап, он бес шақырым жердегі Түйыққа — үйлерімізге келеміз. Адамның өз үй, өлең төсегі деген сиқыры бар нəрсе ғой, магниттей тартады да түрады. Бір қонып, кір қолымызды жуғызып, аунап-қунап, Қарасазға көбеңденіп қайта қайтып келеміз.
Жас жеңгем өзіміздің ауылда мұғалім. Орыс тілінен сабақ береді. Мектепте орыс тілін одан жақсы білетін адам жоқ. Оқытатын сағаты көп болғандықтан жеңгемнің жалақысы да мол.
Бұрын біздің үйдегі табыс табатын адам тек ағайым еді. Енді екеу болды. Ақшаның күшті кезі. Тұрмысымыз кəдімгідей оңалып, аз уақыттың ішінде үйімізге дүкеннен бірсыпыра бағалы заттар кіріп үлгерді. Киім-кешегіміз бүтінделіп, дастарқанымыз молайып қалды.
Аға-жеңгем ғажап тату. Екеуі біреуінсіз біреуі тұра алмайды. Біздің үйде кітап, жаздырып алатын газет-журнал көбейген. Кəдімгі көзі ашық, мəдениетті семьяға айнала бастаған. Жасынан қалада тəрбиеленіп өскендіктен жеңгем алғашкелген кезде ауыл тіршілігіне ептеп орашолақ еді. Сиыр саууды білмейтін, атқа мініп жүре алмайтын. Мінсе, оң, теріс деп талғамай, кез келген
жағынан мінетін. Осы үшін жұрт оны күлкі, əжуа етіп жүрген кездер болған. Қаныша қазір олай емес, көп нəрсені үйренген. Қажет болса, сиыр да сауады. Салт атпен ауданға барып келеді. Бұл жағынан ол ауыл əйелдерінен қалыспайды. Ауыл əйелдеріне ұқсамайтын бөлектеу де жағы бар. Ол жеңгемнің киім киісі. Қаныша киімді қаладағыша киеді. Көйлектерінің көпшілігі жағасыз, жеңсіз, етегі қысқа болып тігілген. Күн ыссыда киіп жүруге қолайлы. Ал ауыл əйелдері мұндай көйлектер кимейді. Олардың көйлектерінің етек, жеңі ұзын, жағасы бітеу болып келеді. Құдай жаратқан дене мүшелерінің бет пен қолдан өзге ешжерін жарнамалап ашық қалдыруды олар қаламайды. Мұны өздерінше, əдептіліктің нышаны деп ұғады.
Қанышаның аяғында үстіңгі жағын таспамен үш-төрт шандып қойған кəдімгі жеңіл босоножка. Жеңгемнен басқа мұнда сіз бірде-бір əйелдің, не еркектің аяғынан ондай киім таппайсыз. Біздің ауылдың кыз-келіншегі бұл тəрізді киімді бекер берсеңіз киер ме екен? Тарт əрі. Киім болмай əдірам қалсын. О жағынан кірген шаң-топырақ бұ жағынан төгіліп, бұның киімге не сəндігі бар? Бұдан да жалаң аяғым артық емес пе дейді. Ауылдағы кейбір ескілікті кісілер осы үшін — «тылтитып» қаладағыша киінетіні үшін жеңгемді əлі де сынап, мінейді. Жап-жақсы адамды киімнің қор етуі-ай дегендей сөздер айтады. Жеңгем күледі де қояды, өзіне ұнағанын істейді.
Бір жақсысы, біздің үйде мынауың былай болса қайтеді деп, Қанышаны беттен қағар ешкім жоқ. Апам екешапама дейін, балам, озің біл, өзіңе ұнағанын істе, айтқан жұрт айта берсін дейді. Сондықтан да біз татумыз. Жас жеңгемді біз қалай сүйсек, бізді ол да солай сүйіп, сыйлайды. Біз бақытты едік.
6
Ғалия екеуміздің арамыздағы почта байланысы гүлденіп тұр. Бір хат онда кетсе, бір хат мұнда келеді. Ізі суымайды. Хаттарымызда жазатынымыз, əзірше, кəдімгі белгілі жəйттар: үй ішінің амандығы, оқу жайы, мектеп жайы, т. т. Комсомолға қалай кірдім, райкомсомолдың бюросында қандай сұрақтар берді, БГТО-ға норманы қалай тапсырып жүрмін. Осыларды тізіп жазумен болам. Ғалияның жазатындары да сол тəрізді.
Бірақ бұл мені онша қанағаттандырмайды. Қызға жазатын, қыздан алатын хаттар басқашалау болуға тиіс қой. Сол «басқашаны» қалай бастап, қалай жасауға болады. Кім бастауы керек? Əрине, жігіт бастауы — мен бастауым керек.
Кім көрінгенге айтуға болмайтын, тек Ғалияға айтқым кеп ынтығатын сөздерім бар. Соларды хат бетіне түсіре алмай қор болып жүрмін. Жазбақ боп оқталсам, жүрегім дүрсілдеп, қолдарым дірілдеп кетеді. Дəл бір қылмыс істеуге əзірленген адамша ішімді үрей кернеп, өз-өзімнен берекем қашады. Жарайды «басқаша» хатты жаздым-ақ дейін. Жөнелттім. Сонда ол хатым Ғалияның өз қолына тура барып тие ме?
Ғалиялар тұратын «Ақжол» колхозындағы мектеп те жетіжылдық. Ғалия қазір аудан орталығы Бөгенде орта мектепте оқып жүр. Мен тəрізді, əлдекімнің үйінде пəтерде тұрады. Мен оған хатты мектепке жазып жүрмін. Ал мектепке жазылған хаттарды почташы қалай жеткізетіні ол маған мəлім дүние — мұғалімдер бөлмесіне əкеліп, стол үстіне шашып тастай салады. Кім көрінген талап əкетеді.
Менің бар тапқан айлам Ғалияға ескерткішке суретіңді жібер деп жаздым. Ғалия бұның мəнін түсінуге тиіс қой. Жігіт қыздан (мен өзімді жігіт қатарына қосамын) қараптан қарап ескерткішке сурет сұрай ма?
Міне, Ғалиядан хат алдым. Ерекше хат! Конверттің оң жақ шекесінде астын үшқайтара сызып анықтап, ірі етіп жазған «осторожно, фото!» деген екі сөз. Қуаныштан жүрегім жарылып кете жаздады. Конвертті ашып жіберіп, фотоны іздедім. Жарқ етіп хаттың арасынан шыға келді — документ үшін түскен, бір шеті ақ, кішкентай сурет. Ғалияның дəл өзі. Менің Ғалияшым! Суретке ие болған соң-ақ енді солай деуге қақым бар тəрізді. Ғалия тəрізді əсем қыздар кім көрінгенге сурет сыйлайма! Екі көзі күлімсіреп маған қарап қалған. Суреттің сыртында сиямен «Еркінге ескерткіш» деп жазылған жазуы, Ғалияның қойған қолы бар.
Мен бұл күні шексіз бақытты едім. Суретке əлсін-əлсін үңіліп қарай берем. Көшеде келе жатып та, үйде отырып та қараймын. Сабаққа əзірленген болып, кітаптың арасына салып қараймын.
Мен үшін бұл суреттен қымбат ешнəрсе жоқ еді.
Өзімнің жақын-жолдас балаларымнан мақтанып көрсетпеген, əй, сірə ешкім қалмаған болар. Бəріне көрсетіп шықтым. Жəне əр қайсысын оңашалап, құпия етіп көрсеткен болам. Хат жазып, сұрап едім, жіберіпті демеймін. Ғалия маған өзі жіберіпті деймін.
— Қалай ойлайсың, суретімді мен де жіберуім керек қой деймін? — деп, көрсеткен баладан ақыл сұраймын. Ал өзім осы хатты алған заматта-ақ Ғалияға бір суретімді жіберіп те қойғам.
Күншілдік деген жаман нəрсе ғой. Жолдастарымның кейбірі қуанышымды қалай да жоққа шығаруға тырысады.
— Сен бұл суретті жазда келгенде Ғалиядан ұрлап немесе тартып алған шығарсың, — дейді.
Мен ыза болам:
— Мына сыртындағы жазуды оқысаңшы, өзіңнің көзің бар ма?
— Жазуды өзің жазып алдың.
— Қарасаңшы мынау менің жазуым ба?
— Басқа біреуге жазғыздың.
Мен одан бетер ашуланып, күйіп-пісем... Күншілдік — жаман ауру.
7
Уақыт зымырап өтіп жатты. Оқу жылы аяқталуға жақын қалды. Бəрі бұрынғыдай.
Сыртқы кең дүниеде нендей оқиғалар болып жатыр? Нендей оқиғалар болуға ықтимал? Түйық пен Қарасаздың халқы бұған бас қатырмайды. Олардың бас қатыратыны күнделікті күйбең тіршілік: мал бағу, егін салу, амалдап жан бағу. Киімін бүтіндеу, қарнын тойғызу, баласына қатын алып беру...
Аға, жеңгем осы жаз Бөген ауданына Балжандарға бармаққа талайдан бері қам жасап жүр. Балжан хат жазған сайын шақырады. «Қаныша демалысқа шыққан соң келіңдер, қонақ болып қайтыңдар. Келмесеңдер, өкпелейміз »деп жазады.
Аға, жеңгеме ілесіп менің де барғым келеді-ау! Əрине, қонақ болу, демалу үшін емес. Біраз күн Ғалиямен бірге болу үшін. Шынымды айтсам, мен Ғалияны ғажап сағынып жүрмін... Бұл менің өзім ғана білетін жан сырым. Ешкімге, аға, жеңгеме де білгізбеуте тырысам. Мен оларға Ғалиямен хат жазысып тұратынымды да айтпаймын.
Оқу бітті, үйге келдім. Біздің үйдің есігінің алдында бір аттық, бір жаңалау арба тұр. Үстінде жас талдан иіп қабанжон етіп қаз-қатар уықшалар орнатып қойған. Сыртынан брезент жапса, əп-əдемі үйшік болып шығады.
Апамнан:
- Бұл неғылған арба! — деп сұрадым.
- Аға, жеңгең Бөгенге осы арбамен журеміз дейді. Сені ат айдауға ала кетеміз дейді. Менің қуанышымда шек болған жоқ. Ішімнен нағыз бақытты жан екенмін деп ойладым. Сəрсебек те қызық-ау:
- Көшір боп ат айдап баруға намыстанбайсың ба? Намыстансаң басқа бір адам табайық, — дейді. Көшір болмақ түгіл, арбаны артынан жаяу жүгіріп отырасың десе мен «ағатай, қүлдық» демекпін ғой. Тек Ғалияға барсам, жетсем болды емес пе! Біраз күн Ғалияшыммен бірге болсам. Хат бетіне түсіре алмай қор болған сөздерімді ебін тауып айтсам. Ұғыныссам... Жоқ, мен шынында да бақыттымын!
Сонымен біз жолға шықтық.
Бұл арадан Бөген ауданының орталығына дейін сексен шақырымдай. Одан əрі Балжандар тұратын «Ақжол» колхозы тағы он бес шақырым, үлкен жолдан бұрыс. Асықпай-саспай, араға бір қонып, жетіп барамыз деген есеппен шығып келеміз. Жаздың балбыраған əсем кезі. Жер-дүние көкпеңбек. Кез келген жерге тоқтауға, демалып, рақаттануға болады. Асығатын не бар? Бұл аға, жеңгемнің ойы.
Менің ойым бұдан гөрі басқашалау: «Ғалияшыма бара жатып асықпағанда, қашан асықпақшымын?» Арбаға жегілген екі атты қосаяқтатып шаптырып отырғам, «Ақжол» колхозына дəл осы бүтін жетіп барғым келеді. Бірақ ерік менде емес.
— Күн ыссы, аттарды қуаламай, жай жүргіз, — деп, ағайым əлсін-əлсін ескерту жасай береді.
Даланың тас төселмеген жұмсақ қара жолы арбаға жайлы-ақ. Делбені сілкіп қойсам, күйлі аттар арындап алып жөнеледі. Дүние бүгін ерекше əсем, сыршыл. Арба дөңгелегінің салдырына дейін маған күмбірлеген күй болып естіледі.
Арбаның үсті ып-ықшам əдемі үй. Күн түспейді, жауын-шашын тимейді. Аға, жеңгем үйшік ойнаған балаларша астыларына текемет, көрпе төсеп, кəдімгі үйде отырғандай жайғасып отыр. Екеуі біреуіне біреуі жарастықпен сүйеніп, өте көңілді, рақатқа батып келеді.
Жол азығымыз бапты, ет пісіріп, меске қымыз құйып алғанбыз. Көңіліміз қалаған жерде, көгалды су бойларына тоқтап, тамақтанамыз. Шіркін, далада жеген тамақ қандай дəмді! Қандай сіңімді! Сарқыраған өзен бойында отырып, қара суға нан батырып жесең, таңдайыңа балдай татымай ма!
Ерлі-зайыпты болғандарына жылға жуық уақыт өтсе де, Қаныша мен Сəрсебек дəл кеше қосылғандай. Ыстық-суықтары əлі басылмаған. Кейін, үлкейгенде, Ғалияшыма үйленер заман болса, осылардай тату-тəтті тұруды арман етем. Өмір бойы қабақ шытыспай өтетініме сенімім кəміл.
8
Ат айдаушының орны қай арада болатыны белгілі — жарты денем үйшіктің астында, жарты денем сыртында. Екі аяғым салбырап түсіп кеткен. Көшір үшін бұл деген ең бір жайлы отырыс.
Мен өзім, жалпы, əнге жоқ адаммын. Солай да болса, осы келе жатқанда аспандата əн шырқағым, өлең айтқым келеді. Əттең шіркін, арбада бір өзім болар ма едім. Қасымдағы аға, жеңгемнен ұялам. Əнді ішкі көмейімнен салып келемін. Келесі күні қонаға Балжан ауылына соқтырып келіп те қалдық.
Қыстақтың тұрған орны тау баурайы, көгал əдемі жер. Арық-арықта мөлдіреп мұздай салқын су ағып жатыр. Үйлері біздің Түйықтың үйлеріне үқсайды — жайпақ төбелі, бəкене там үйлер. Шатырлап жапқан бір-екі үй байқалады. Колхоздың кеңсесі, мектеп болуға керек.
Ауылдан шығар алдында аға, жеңгем Балжандарға телефон арқылы хабар берген. Олар біздің келе жатқанымызды біледі. Балалардан сыртта қарауыл қойып, күтіп, тосып отыр екен. Біздің қарамыз көрінісімен бірнеше кішкене бала үйдің үстінен жау көргендей шапқыласып түсіп, хабар берісіп жатты.
Арба үйге жақындап қалған.
Жасы жеті-сегіз шамасында, қызғылт жүзді, жалақ ерін тығыншықтай бір бала қасындағы өзге балалардан жырылып шығып, бізге қарай салып келеді. Арбаның тоқтар-тоқтамасына қарамастан алдыңғы жақтан келді де жармасты. Мені қаға-соға ыршып мініп алды. «Əпке!» деп Қанышаның мойнынан кұшақтап, бассалды.
Бұл Балжанның ұлы екен, аты Қали. Былтыр біздікіне келе алмай, үйінде қалған. Қарауыл қарап, жол тосып жүргендердің атаманы осы көрінеді.
Үйден бізді қарсы алуға төрт-бес адам шықты. Əуелгі шашы желбең етіп, атып шыққан қыз бала Ғалия еді. Соңындағылар Балжан жəне біреулер.
Ғалия кіммен қалай амандасарын білмей, сасқалақтап қалды. Сосын Қанышаның мойнына асылып, бетінен сүйіп жатты. Мені де сөйтер ме еді.
Мынау дөңкиген ақ сары адам, сірə, Балжанның күйеуі болар. Бұрын көрмесем де, Қаныша жеңгемнің айтуынан білем. Аты Ысқақ, колхозда жылқы бағады. «Жездем еңбекқор, жақсы адам. Тек байқұстың құлағы мүкіс естиді» дейтін Қаныша.
Ысқақ бəрімізбен қол беріп амандасты. Екі қолын бірдей ұсынады, əр қолы күректің басындай. Бұл адамның киім киісі де болбиған денесіне лайық: үстінде етегін шалбарланбай, сыртқа салып қоя берген, бір жеңіне бір адам сиып кеткендей дабы жейде. Аяғында басы бұзаудың басындай ауыр жұмысшы етік. Омырау түймелері салынбаған, алпамыстай төсі жүн-жүн. Ұстаған қолын мыжып, күйретіп алмайын дегендей, Ысқақ еппен алып амандасады.
Үйге кірдік. Есіктен төрге қызыл ала текемет төсеп тастаған. Қазақшалап биік етіп жиналған жүк. Тұрмыстары тəуір көрінеді.
Ғалия былтырғысынан өсіп толыса түскен. Кəдімгі бойжеткен салиқалы қыз бола бастаған. Денесінің көз тартар мүшелері айқындалып, көзін де біртүрлі құбылтып, төңкеріп қарайтын болған.
Шай ішілді, одан соң қымыз келді. Əдейі бізге бола сақтаған қымыз. Əйтпесе, қазіргідей беймезгіл кезде қымыз тұра ма. Екі кесе қымызды жеделдеп төңкеріп салып, бой жазған болып сыртқа шықтым. Ғалиямен екеуден екеу шүйіркелесе кеткенше тақат қылмаймын. Өзге жұрт қымыздың желігімен кеукілдесіп, əлі бірғауым отырды.
Міне Ғалия да шықты. Бірден қасыма келді. Сағынысып табысқан ғашықтар тəріздіміз. Екеуден екеу оңаша кездескенге іштей қуаныштымыз. Бірақ жөпелдемеде сөзді неден бастарға білмейміз. Ғалия ауылдан қашан шыққанымызды, қай жолмен келгенімізді сұрады. Кеше шықтық, анау тауды асып келдік деймін. Осы кезде қасымызға əлденеден құр қалғандай арсалаңдап Қали жетіп келді. Өзі біртүрлі ашулы. Келді де, қаға-соға Ғалия екеуміздің арамызға кіріп алды.
- Əй, бұның не? — десем:
- Не? — дейді.
- Біз сөйлесіп тұрмыз ғой.
- Сөйлеспе.
- Неге?
- Сол.
- Мынау кызық қой өзі? — деп Ғалияға қарадым.
- Сөйлеспе, сен жаман сөз айтасың.
- Қандай жаман сөз?
- Білем.
- Нені білесің?
- Білем, сол. Ары тұр, əйтпесе, апама айтам.
- Нені айтасың?
- Айтам.
- Нені?
- Сол, айтам.
Қалидың жауыз бала екенін мен бірден білдім. Қолымнан келсе, шайнап жеп қояр едім, «Қап, сені ме!»
Күрмелген тіл одан бетер күрмеліп, Ғалияға ештеңе айта алған жоқпын.
9
- Соғыс!
- Соғыс басталыпты!
- Германия бізге соғыс ашыпты!
Жаманат хабар төбеден жай түскендей шатыр ете қалды.
Көпшілік шалғай колхоздар тəрізді мұнда да радио жоқ, газет бірнеше күн кешігіп келеді. Соғыстың дəл қалай, қайтып басталғанын əлі ешкім жөндеп біле қоймайды. Қазіргі келіп жеткені ауданнан телефонмен беріліп, мұндағы жаяу почта таратқан əлгіндей шолақ хабар.
Жұрттың жүзі суып, үрпиісіп қалды.
Ауданнан арнайы адам — өкіл келген екен, түстен кейін митинг болды. Соғыстың анық-қанық жайлары сонда айтылды.
- Жау талқандалады! Күлі көкке ұшады. Жауды неғұрлым тез талқандау үшін жұмысты жақсы істеуіміз керек! — деген тəрізді қызу сөздер сөйленіп жатыр.
Митинг жабылды. Жүрттың біреулерінің еңселері түсіп, енді біреулер қарқ-қарқ күліп, тарап барады.
Екі-үшкүн өткенде бір құшақ боп бірнеше күннің газеті бір-ақ келіп жетті. Ішінде соғыс хабарын басқан газеттер бар. Жұрт шоғыр-шоғыр болып, дауыстап оқысып жатты.Біреу оқып болған соң, жəне біреу алып оқиды. Өз көзімен оқымаса, сенбейтін тəрізді.
Мен көресіні Қалидан көрдім. Жексұрын бала жыныма əбден тиіп бітті. Ғалия екеуміз ретін тауып, сəл оңашалана қалсақ, қайдан жетіп келетінін білмейсің, жерден шыққандай боп, сопаң етіп, қасымызға жетіп келеді. Бір жаққа бармақ болсақ, күшік құсап қалмай ілесіп алады. Қысқасы, не күндіз, не түнде біздің бір минут оңаша жырылып шығуымызга ешмүмкіндік бермейді. Бəлем, өзіңді сабап алар ма еді деп, зығырданым қайнап-ақ жүрмін.
Бір күні біз ауыл балаларына ілесіп, тауға рауғаштеруге бармақ болдық. Мен де барам деп, Қали қоса ілесті. Мен оны қалай да тастап кетудің амалын қарайластырдым. Былай таман барған соң:
— Тау алыс, сен жете алмайсың. Одан да қал. Біз саған мол етіп қымыздық, рауғашəкеп береміз, — дедім.
Қали «мм!» деп, кеудесін бұраң еткізді. Онысы қалмаймын дегені.
Алдырқатқанға көнбеген соң, мен енді ашық саудаға көштім:
— Қалсаң, мына бəкімді берем.
— Керегі жоқ.
- Мына қарындашымды да қоса берейін.
- Керегі жоқ, соңынан өзің қайтып алып аласың.
- Алмаймын. Алсам, неғыл дейсің. Мə, екеуін де ал. Егер өйтіп қорықсаң, апар да, мен білмейтін бір жерге тығып қой. Соңынан біз кеткен сон, алып, иемденесің.
Бұл айтқаным Қалиға қисындылау көрінді білем, босаңси бастады. Менің кішкентай ақ бəкіме де, бір жағы кок, бір жағы қызыл алты қырлы бояу қарындашыма да ол қызығады. Бұдан бұрын аттай қалап, атандай сұрап, ала алмай қойған нəрселері. Дүниесі қүрғырдың жүзі ыстық қой. Ақыры Қали көнді, менің берген нəрселерімді алды да, үйге қайтты. Қызыл көз жабысқақ пəледен құтылғанымызға біз қуаныштымыз. Басқа балаларды қойшы, олар өздерімен өздері. Керек болса, былай таман барған соң олардан жырылып, бөлек кетуімізге болады.
Қалидың қарасы өшті ме екен деп, бір кезде артыма бұрылып қарадым. Сөйтсем, қарасы өшкен былай тұрсын, ол бізге қарай салып ұрып, қайтадан жүгіріп келеді. «Не болды?» деп сұрасам, айнып қапты. Мə, нəрселеріңді өзің ал, қалмаймын дейді. Бала емес балшыққа батқыр.
Қали тауға бізбен ілесіп барды. Бұнымен тынса, жақсы ғой. Кешке үйге келген соң шешесіне жұрттың көзінше көңірсітіп айта бастады!
— Апа, білесің бе, бағана тауға барарда Еркін маған бəкісін, қарындашын беріп алдап тастап кетпек болды. Содан соң таудан келе жатып, анау Жағаталдағы судан өтерде, Ғалияны құшақтап, көтеріп алды...
Мен не істерімді білмей, ұялып, өліп барам.
Балжан данышпан адам ғой:
— Жə, не болса соны сөйлемей отыр. Оларға ілесіп, саған не бар? Ана өзің теңдес балалармен неге ойнамайсың! - деп Қалиға жазғырып, ұрсып тастады.
Балжан ауылында бір жетідей қонақтап, елге қайттық. Риза болып қайттық. Күніне бір үй қонаққа шақырады. Бір бағланның басы кесіледі. Балжан мен Ысқақтың туған-туысқандар арасында беделді адамдар екенін осыдан да білуге болатындай. Бұл екеуі, шынында да, бейілдеріне кұрық бойламайтын абзал жандар. Қонақ күтімдері керемет. Колхоз биені тауда байлайды екен. Ысқақ түнімен сол тауда жылқы бағады да, таңертең бізге арнап бір мес қымыз алып, жетіп келеді. Етпен қымыз бұл үйде ағыл-тегіл.
Ысқақты тəңірім қара еңбекке барынша бейімдеп жаратқан. Долбиған зор денесінде өгіздің күшіндей күшбар. Ет жеп болғаннан кейін кəдімгі үлкен дөнен қойдың жілігін екі басынан екі қолымен ұстайды да, ағашсындырғандай бырт еткізіп сындырады.
Ысқақтың күштілігі жайында мен бұл ауылда не қызық əңгімелер естідім. Жігіт кезінде ол біреумен бəстесіпті. Біреудің бір семіз өгізшесі бар екен. Соны Ысқақ соғым етіп соймақ болады да, сат дейді.
- Егер сен осы өгізшені иығыңа салып, үйіңе дейін көтеріп əкетер болсаң, одан мен сатпай-ақ, тегін берейін, — дейді мал иесі.
- Бересің бе?
- Берем.
Жұрт көзінше екеуі бəстеседі.
Ысқақ өгізшені лақ тəріздендіріп иығына салып, көтеріп əкетеді. Үйіне апарады да, сойып алады.
Мал иесі үн-түнсіз қала береді.
Ысқақ жайында мұндай əңгімелер көп.
Ысқақтың қымыз ішуі ғажап. Жұрт құсап ыдыстың шетінен сіміре жұтып ішпейді. Кесе толы қымызды қолына алды болды, өңешіне салық еткізіп, қотарып құя салады. Алақанымен ұйпалап аузын сүртіп жатқанын бір-ақ көресің.
Кетер кеткенше мен Ысқақтың бұл өнеріне таңырқап, ғажап қалумен болдым. Құлағының сараң еститіндігінен қорына ма, қайдам, ол өздігінен тіпті аз сөйлейді. Жұртқа онша көп жоламайды. Тозған сыпырғы тəрізді азғантай шоқша сақалын тұтамдап ұстап, өзімен өзі болып ойға шомып отырады. Сонысына қарамастан Ысқақ керемет кəрі құлақ адам, естіген-түйгені көп. Дүниеде не болып, не қойып жат-қанынан түгел хабардар.
10
Бір күні Ысқақтың көмекші жылқышысы ауырып қалған екен. Оның орнына жылқыға мен ілесіп бардым. Екеуміз оңаша тауда, қарағайдың түбінде қисайып, демалып жатып, əңгімелескеніміз бар. Ысқақтың кəрі құлақ сезімтал жан екенін сонда көргем.
Оның бойындағы жəне бір əдет біреумен сөйлескенде əріптесіне ылғи да екінші жақпен сенің анауың, сенің мынауың деп сөйлейді.
- Еркін, əңгіме айт, кəзит-жұрналың не жазады? — деп бастады Ысқақ əңгімені.
- Газеттер соғысты жазып жатыр ғой.
- Сөйтіп, Керман итің соғысты бастап кетті, ə? Соғыспаймыз дегені, шарт жасауы бəрі алдау екен ғой.
- Иə, солай болып шықты.
Ал əлгі Жапоның не ойлайды? Керманның ол досы емес пе? Досына болысар ма екен, жоқ əлде өзіме де жан керек дер ме екен?
- Жапонның қолынан не келуші еді. Хасан көлінің маңында біз оның əкесін танытпадық па!
Ысқақ «мм», деп менің сөзімді өзінше қортындылайды да, жаңадан тағы сұрақ береді.
- Əлгі бұрнағы жылы бізбен үшай соғысатын кішкентайыңның аты кім еді? Пін бе еді?
- Финляндия.
- Ойпырмай, кішкентай болып алып, өзі бір шақар неме көрінеді ғой. Əйелдеріне дейін соғысыпты дейді сонда, рас па?
- Рас. Оларда арнаулы əйелдер батальоны дейтін болтан.
Ысқақ əріптесінің сөзін ерекше ыждағатпен тыңдайды. Құлағына құйып алатын, бір естігенін ұмытпайтын болуға керек.
Жол-жөнекей елдің бəрі əбігер. Барлығының аузында бір сөз — соғыс!
Үкімет жаппай мобилизация жариялаған, армияға топырлатып ала бастаған. Соғысқа жіберуді сұранып арыз берушілер қаншама!
Тұйықта да əбігер, үрей.
Үрейленбейтін тек балалар болса керек. Олар үшін соғыстың қаупінен де романтикасы, қызығы басым. Бұл сірə, соғыстың жан түршігерлік сұмдықтарын бастан кешпегендіктен, соғыс жайындағы түсініктің біржақтылығынан болар.
Сол бір тұста, соғыстың алдындағы кезеңде, соғыс тақырыбына арналған кинофильмдер көбейген. Ондай фильмдерді біз құр жібермейміз. Тіпті бірнеше қайталап көреміз. Солардың бəр-бəрінде де жау аңғал, қоян жүрек болып көрсетіледі. Қызыл Армия ештеңеден сескенуді білмейтін батыр болып көрсетіледі. Киноның соңын біз қарамай жатып білеміз: жаудың күлі көкке ұшып, талқандалады. Қызыл Армия жеңеді. «Ура!» «Ура!» болып аяқталады. Біз өмірдегі соғыс та сол кинодағы секілді оп-оңай, «урамен!» біте қалады деп ойлаймыз. Соғыс болса, жаңадан батырлар шығады, неше алуан ерлік істер дүниеге мəлім болады. Біздің балаларды, көптен көп қызықтыратыны міне осы. Əттең, соғысқа бізді де алар ма еді деп құлшынамыз. Соғысқа барсақ, батыр болып қайтатынымызға сеніміміз кəміл.
Осы тəрізді арман менде де бар. Бұрынғы өткен соғыстардың тұсында тумай қор болсам, ендігі соғыстардың тұсында өсе алмай қор болып жүрмін.
Жасым қазір он алтыға қарай кетіп барады. Армияға шақырылуға толмайды. Толса, бір күн де аялдамас едім. Мен де соғысқа өзім сұранып кетер едім. Танытар едім өзімді!
Соғыста өлем-ау немесе жараланып, өмір бойы қор болып, кемтар болып қалам-ау деген ой онша күйзелтпейді. Өлетіндер өздерінің нашарлығынан, ебедейсіздігінен өліп жататын тəрізді.
Жалпы, бала кезде адам «мен де өлуім мүмкін-ау» деп ойламайды ғой. Өлетіндер ылғи да басқалар секілденіп тұрады. Ажал саған əбден картайғанда бір-ақ келетін тəрізді. Оған дейін не істегің келсе, секем алмай істей бер. Соғыста атыңды шығару керек болса, шығара бер.
Қабағы салбырап күз келді. Мен Қарасазда тоғызыншы оқимын. Сол əлгі былтыр жүрген үйімдемін.
Соғыс шындығы күннен күнге қатаңдап барады. Жігіттер топ-тобымен жүргізілуде. Немістер пəлен қаланы басып алды, түген қаланы басып алды деген үрейлі хабар будақ-будақ жетеді. Газеттер «уақытша қалдыра тұрдық, тактикалық мақсатпен тастадық» деп тайсақтата жазады. Менің патриоттық сезімім бұған жəбірленеді, ыза болам. Тастамау керек еді, бір адым да шегінбеу керек еді. Мен командир болсам, сөйтер едім.
Жау тырнағы бірер айдың ішінде еліміздің қоң етіне батып-ақ кетті. Беларуссияны түгелдей, Украинаны түгелге жуық басып алып қойды. Ленинград қоршауда. Қанды көз тажал бұл күнде жалақтап Москва мен Кавказға төніп келеді. Жағдай қиын!
11
Бəрі майдан үшін! Бəрі жауды жеңу үшін! Қайда барсаң, оқитының да, еститінің де осы ұран.
Майдандағы армияға жылы киім жинау науқаны басталды. Жұрт аямайды, иықтарынан сыпырып беріп жатыр. Киім жинайтын пункттерде төбе-төбе болып үйілген: тон, пима, ішік, малақай, биялай, байпақ, бөкебай...
Халықтан алынатын алым-салықтың түрі де көбейді. Соғыс аждаһада тойым жоқ. Бергеннің бəрін жалмап жұтып жатыр. Əлі қанша жұтары белгісіз.
Майданға алынған жігіттердің орнын əйелдер мен қарттар, жас балалар басуда. Колхоздың ендігі арқа сүйенері осылар.
Соғысты мен мұншалық ұзаққа созылар, халықтың қабырғасына аяздай бататын қиыншылыққа айналар деп ешойлаған жоқ едім. Жау жеңіліп, біз жеңіп ура, урамен біте қалар деп ойлағам. Дүниеде бізден күшті ел, Қызыл Армиядан күшті армия жоқ деп білетінмін. Олай болса, жаудың біздің жерімізді басып алып келе жатуы, біздің шегініп келе жатуымыз қалай? Түсіну қиын.
Өзім құралпы балалар жиналып, соғысты əңгіме етеміз. Əскерге алынуға жастарымыз толмауына өкінеміз. Соғыстағы сəтсіздік біз бармағандықтан болып жатқан тəрізді. Əрқайсымыз мен барсам, өйтер едім, мен барсам бүйтер едім деп, жұдырық түйіп, тісімізді қайраймыз.
Шетімізден Наполеонбыз.
Шетімізден Суворовпыз.
Шетімізден Александр Македонскийміз.
Қазіргі ел басына қауіп төнген қиын кезде фашистерді талқандап майданда жүрмей, Қарасаздың көшесін таптап жүруіміз бір түрлі қылмыс тəрізді.
Ноябрь айы. Қар түскен. Бір күні Қарасазға Түйықтан қашаба шанамен Сəрсебек ағайым, Қаныша жеңгем келіп тұр. Жүрістері біртүрлі суыт. Сөйтсем, ағайымды əскерге шақырған повестка шығыпты. Дəрігерлік комиссиядан өтуте келген екен.
Мен шынымды айтсам, қуандым.
Аға, əкелері армияға алынған балаларға біртүрлі қызғанышпен қарайтын едім. Олардан өзімді кем қалғандай сезінетінмін. Ағайым соғыста, отан қорғап жүр деп айтудың өзі де біртүрлі мақтаныштəрізді.
Ал егер ерлік істер істеп, аты шықса, орден, медальдар алса ше? Онда менен бақытты адам болмайтынына сенімім кəміл.
Төрт мүшесі сау, тепсе темір үзетін ағайыма комиссия не деуі мүмкін? Арқасынан бір қағып: «бар, жарайсың» дегеннен өзге ештеңе айтпас деп ойлаймын.
Дəл солай болды — ағайымды армияға жаратты.
Ертесінде оларды жүргізетін күн. Военкомат кеңсесінің алды мүндайда хан базарға үқсап кететін əдеті. Атты-жаяу сапырылысқан жүрт.
Əскерге шақырылған əр біреудің соңында төрт-бес туыстары еріп жүр. Қайтсін, енді қайтып тірі көреміз бе, көрмейміз бе дейді. Қимайды.
Менің Сəрсебек ағайымда қамығу жоқ. Көппен көрген ұлы той деп қарайды. Ерте ме, кешпе осылай болуы - армияға алынуы заңды екенін ол күні бұрын іштей құптап, өзін өзі соған дайындап жүрген.
Əйел заты еркектей емес, сезімтал ғой. Қанышаның жүзі күндегісінен жабырқаулы, терең бір ойға батқандай тұнжыраулы. Сəрсебек екеуінің қосылғанына жылжарымдай ғана уақыт өтті. Дос сүйініп, дұшпан күйінгендей тату-тəтті семья құрып еді. Дүлей соғыс оны есепке ала ма?
Жар қызығы, жастық өмір қызығы дегенді ұға ма? Өмірдің сəнін келтіріп, жарастықпен ұғысып табысқан екі аққу тəрізді біріне бірі жан қияр жұбайларды біреуінен біреуін зорлықпен ажыратып əкеткелі отыр.
Ағайым кете барды.
Шешем шешелігін істеді — дəл қоштасарда, жылап, азан-қазан қылды. Жыламаймын, неге жылаймын деп пысық жүрген тəрізді еді. Сəрсебектің мойнынан қүшақтап-ап, дауыс сап, қойсашы. Жұрт əрең дегенде қойғызды.
Денсаулығы нашар адам емес пе, жылаймын деп əлсіреп қалды.
Бұл ағайым Тұйықтан — үйден аттанарда болған іс.
Аудан орталығы Қарасазда ағайымды Қаныша екеуміз шығарып салып тұрмыз.
Күйеулерін қимай, жылап та жүрген əйелдер бар. Қаныша бірақ жыламайды. Тістеніп, қайғы-қапасының барлығын ішінің терең түкпіріне тығындап, тығып алған.
Жігіттерді армияға əйелдерімен қоса алмайтыны өкінішті. Қоса алса, құдай біледі, бірде-бір əйел күйеуінен жырылып қалмас еді. Бірге кетер еді.
Амал қанша, бұндай заң жоқ.
12
Ағайым масаң. Өйткені, армияға кетіп бара жатқан азаматтарды ел-жұрты боп сыйлап аттандырады. Жолдас-жоралары шетінен қонақ етіп, ішкізіп-жегізеді. Арақ сасыған аузымен мені сілемейлей сүйіп, құшақтап, ағайым ақыл айтып тұр:
— Ерка, біздің үйдегі ендігі еркек кіндікті сенсің. Үй ішінің бар ауыртпалығы сенің мойныңда. ұқтың ба? Енді сен бала емессің үй қожасы, дардай жігітсің. Ертең келгенде, барлығының жауабын сенен алам.
Арада бір жетідей уақыт өткенде, Қарасаздағы мен жүрген үйдің иесі Есіркепті де армияға алып кетті.
Есіркептің əйелі оқуы аз адам, ешжерде қызмет істемейді. Əрі жас баласы бар. Бар жан баққызып отырғаны күйеуі еді. Енді халдері мүшкілденіп қалды. Бірден-бір асыраушысын əкеткен соң құрсақтары қабысып, күйлері нашарлай бастады.
Сəрсебек ағайым бар кездегідей емес, Тұйықтағы біздің үйдің халі де қоңыр төбел. Ақшада күш қалмай барады. Бұл күнде ақшаға ештеңе сатып ала алмайсың. Ал колхоздың беріп отырғаны шамалы.
Үйдегілердің аузынан жырып, маған азық-түлік алып келуі де қиындап кетті.
Дегенмен демалыс сайын Тұйыққа үйге барсам, құр қайтпаймын. Бір таба нан, бір жілік ет болса да алып келуте тырысам. Бұл не болсын.
Жанбағыстың қамы адамға не істеткізбейді. Есіркептің үлбіреген əдемі жас келіншегі бір кеңсеге үй сыпырушы боп жұмысқа тұрды. Алатын жалақысы үшін емес. Ай сайын қызметкер, жұмысшыларга беріліп тұратын нормалы астық үшін, дəн үшін.
Жағдай ауыр болғанмен, тырысып оқып жүрмін.
Бірақ оқуда да маза қалмай барады. Еркек мұғалімдерді шетінен əскерге əкетіп жатыр. Олардың орындарына кім болса сол тағайындалады. Өздері сегізінші-тоғызыншы бітіріп, сегізінші, тоғызыншыға сабақ беріп жүргендер бар. Жағдайлары келмей, оқуды тастап кетіп жатқан балалар аз емес.
Тұйыққа үйге келген сайын еркек қолын тілеп, істелмей жатқан бір қора жұмыс алдымнан шығады: жалғыз сиырдың жем-шөбі таусыла бастаған, отын азайған, қора тазаланбаған, үйдің үстінің қары күрелмеген, т. т.
Келген бетте, бұрынғыдай демалып, аунап-қунаудың орнына, əлгіндей көп жұмысқа басыммен күмп беріп, енем де кетем. Жалғыз күн демалыста үлгере алмай, сабақтан екі-үшкүн қалып қоятын да кездерім болады.
Көктемге салым жағдай тіптен ауырлады. Мектепті тастағандардың қатарына менің де қинала-қинала қосылуыма тура келді.
Тастағым келмейді, бірақ амалым жоқ. Біріне тартсаң, біріне жетпейтін қиын кез. Балалардың оқуды тастағанына ең алдымен колхоз қуанады. Бір бала оқу тастаса, колхозға бір жұмыскер қосылғаны. Екі бала оқу тастаса, екі жұмыскер қосылғаны.
Бригадир маған екі ат, бір арбаны қуана-қуана берді. Бұл кезде Тұйықта колхоз председателі Омар дейтін жастау адам. Аз күнде оны да əскерге əкетті. Орнына Нұрəлі басқарма болды.
Сəрсебек пен Нұрəлі «бажа» болып шыққалы екі үйіміз жақсымыз, тонның ішкі бауындаймыз. Жиі араласып, бірімізде жоғымызды бірімізден алып, ауыс-түйіс жасап тұрамыз. Талай рет Нұрəлінің үйінде қонақ болғанбыз. Талай рет қонаққа шақырғанбыз.
Қаныша болса, Сəулені өзінің туған əпкесіндей көреді, Нұрəліні жезде деп тұрады. Сəрсебек армияға аттанарда Нұрəлі бізді үй ішімізбен шақырып қонақ еткен. Өзінің туған інісі кетіп бара жатқандай қамығып, қиналумен болған. Сəрсебекке:
— Мұндағы үй ішіңді ойлап, алаңдама. Бір дəн болса бөліп жеп күн көреміз, — деген.
Басқа біреу председатель болмай Нұрəлі болғанына біз шын қуанышты едік. Заман қиындап барады. Тураушыда туғаның болсын дегендей Нұрəлі тізгін ұстап тұрса бізге жаман болмайтыны белгілі.
Нұрəлінің жасы елуді алқымдаған. Ақ түскен көзі нашар көреді. Оны армияға алмайды.
Біз енді Нұрəлінің үйіне бұрынғыдан да жиі қатынаймыз. Сəуленің денсаулығы онша мықты емес. Үйлеріне қонақ жиі келеді. (Ауданнан келгеннің бəрі колхоз председателінің үйіне түсетін əдеті.)
Қонақ күтіп алуға мұршасы болмай жатса, Сəуле жəрдем тілеп біздікіне жүгіреді. Мейлі апам болсын, мейлі Қаныша болсын, Сəулеге қолғабыс етуден бас тартпайды.
Нұрəлі үйінің отын-суына болысуды мен дағы өзіме ар санамаймын. Қолым боста тапсырған жұмысын тындырып істеп берем. Одан ешзиян таппаймын. Ең болмағанда тамаққа тойып қайтам.
Дəрежелі қонақтар келгенде Нұрəлі үйінде қой сойылады. Өз қойы емес, əрине. Колхоз қойы. Қонақ келген сайын өз қойын сойса несі қалады.
Нұрəлі үйінде қой сойылған күні біз үй ішімізбен дерлік сондамыз. Апам шек-қарын тазалайды, бас үйтеді. Мен отын жарып, сирақ үйтем.
Жеңгем тамақ істеуге болысады. Қойдың құйрық-мойын, өкпе-бауыр сияқты біраз жылы жұмсағы біздің үйге кіреді. Дəреже дейтін кімді де азды-көпті мəек қылатын нəрсе ғой. Колхозға председатель болғаннан кейін Нұрəлі өзге-ре бастады. Мінезінде паңдық, тəкаппарлық пайда болды. Жуантық қарны алты айлық баласы бар əйелдің қарнындай бұлтиып алға шығып барады. Нұрəлі бұны мақтанышкөріп, қуанатын тəрізді. Қарнын əзер көтеріп жүрген адам боп, кеудесін артқа жіберіп, алшаң басып жүреді. Бет алдынан келмесе, қапталындағы жұртты онша байқамауға тырысады. Тани тұрып, танымай қалады, «сен кімсің, ей?» дейді.
Соғыс біреуге соғыс болса, біреуте ырыс. Нұрəлі үшін ырыс. Басына беймезгіл келіп қонған көзі
соқыр бақ. Əйтпесе, кешегі ел аман, жұрт тынышкез болса, оның қолы бұл қызметке жетер ме еді? Жетпес пе еді? Тұйықтың көшесінде менен мықты кімің бар деп, қоразсынып жүрер ме еді, жүрмес пе еді?! Бірақ обалы нешік, Нұрəлі бізге сол бұрынғысынша. Басқаларға көрсеткен тəкаппарлық мінезін бізге көрсетпейді. Күнара келіп, ат үстінен болса да хал-күйімізді сұрап, біліп тұрады. Не сұрасақ береді.
Нұрəлінің бізді көрген жерде бірінші айтар сөзі.
— Сəрсебектен хат бар ма? Не жазады?
13
Сəрсебек армияға алынған бетте Өскеменге барды. Атты əскерде болды, одан соң майданғаа жөнелтілді. Марттың бас кезінде Харьков маңынан соғысқа енгелі тұрмыз деп жазған хаты келді. Содан бері хат жоқ.
Ағайымнан хат келуі тоқтағалы бізде үрей қалмады. Почташының төбесі көрінсе, елеңдеп түрамыз. Тек əйтеуір жаманатын естімесек екен дейміз, жақсылық хабар күтеміз.
Күткен нəрсенің бəлсініп, кешіге түсетін əдеті. Міне, бірнеше ай болды, хат та, хабар да жоқ. Дымкəс шешем сылынып, жүдеп барады.
Бір кезде ертегідей бұлдыр, алыс көрінген соғыстың ащы шындықтары жай түскендей ойрандап, мұнда да көріне бастап, майданнан қара қағаз келуі жиілеп барады. Қайғының қара шоқпарына мертігіп, шұрқан болып жатқан үйлер...
Соғыстан жаралылар келе бастаған. Бірі қолын, бірі аяғын беріп келіп жатыр.
Нұрəлі құтырғанда, жаман құтырды. Жұрт мезгілсіз жүдеп, мезгілсіз картайып бара жатса, ол қайта, жасарып барады. Киімді сəндеп киетінді шығарды. Қарақоңыр ши барқыттан делдиген галифе шалбар, сырт жейде тіккізген. Аяғында сықыр-сықыр еткен жаңа хром етік. Баста шляпа.
Шляпаға тер сіңген қара тақияны қабаттап киюі жараспайды-ақ. Қара тақияның жарым бөлігі желке тұсынан баттиып көрініп тұрады.
Үйде отырғанда, шляпасын алып, тақиямен отырады. Тақияның қажеттігі осы үшін болса керек.
Қамыт аяқ Қыбырай шалды күнде таңертең Нұрəлі үйінен көресіз. Ұстарасын дізесіне сырт-сырт жанып, басқарманың мұртын басып, сақалын алып отырғаны.
Нұрəлі бұрын төрт-бес күнде бір қырынса, енді күн құрғатпай қырынатын болған. Қыбырайдың міндеті басқарманың сақал-мұртын қыру ғана емес. Ол жəне өрімші адам. Нұрəлінің қыбын тауып, жаңадан жүген, ноқта, қамшы тəрізді əбзел-саймандар өріп береді.
Нұрəлінің мініс атын күтімдейді. Таңертең ерттеп, дайын етіп тұрады.
Бұл үшін Қыбырайға төленетін ақы жоқ. Басқарманың үйінде онымен дастарқандас отырып ас ішеді, колхоздан оны-мұны сұрап алады. Төленетін ақы сол.
Нұрəлінің кесір мінездері кеңседе, түзде ғана емес, өзінің үйінде де көп байқалады. Бір жақтан келсе болды, əй қатын, тарт деп киімінің жеңін ұсынып тұрғаны. Дəл өзі киініп, шешіне алмайтын, қолы жоқ адам тəрізді.
Аяқ киімін де Сəуле тартып шешеді.
Төр алдында төрт қабат етіліп көрпе төселеді. Қос жастық тасталады. Нұрəлі соған отырады. Қол жуу қажет болса, леген мен құман Нүрəлінің алдына əкелінеді.
Ауылдық советке председатель болып жүргенде Нұрəліде мұншалық тəкаппар мінез жоқ тəрізді еді. Кешкі тамақты жасап қояды да, Сəуле күйеуін күтумен болады. Ол келмей, ас ішілмейді. Мейлі Нұрəлі таңға жуық келсін, Сəуле төсегіне жатпайды. Киімшең күйі тор алдына қисайып, ұйқылы-ояу тосумен болады. Сыртта ат дүбірі естілгенде, шошынғандай қарғып тұрады.
Нұрəлінің бастауышкластарда оқитын үйелмелі-сүйелмелі екі жас қызы бар. Құдды шешелері тəрізді, екеуі де қой аузынан шөп алмас момын. Əкелері барда үй ішінде бала боп үндері шығып ойнамайды.
Сексеннен асып кеткен қарт əкесі бар Нұрəлінің, қаусаған шал. Ас үйдегі ағаштөсектің үстінде жатқанды ғана біледі. Жаздыгүні күн жылыда кейде есік алдына шығып, күншуақтап отырады. Құлағы мүкіс, сəлем берсең, есті-мейді. Осы мені боқтап түр ма дегендей бетіңе сезіктеніп бажырайып қарайды.
Соңғы уақытта Нұрəлі əкесін дастарқан басына келтірмейтін болған, шалдың сүйретіліп келе жатқанын көрсе:
— Саған мұнда не бар? Со бір үй жетпей ме? Бұл алжыған адамды қойсаңшы, — деп жаратпай, тыжырынумен болады.
Нұрəліде білім дейтін білім жоқ, əйтеуір газет оқиды, жазады. Алу, қосудың төңірегінде ептеп есеп шығара біледі.
Өзімшілдігі басынан асып төгіліп жатқанымен Нұрəлі терең қулықтың адамы емес. Алыстан орағытар айладан гөрі шолақ есеп, дүмшелігі басым. Онысы кейде жадағай, топастық боп, бадырайып көрініп түрады. Алдарқатқаннан ақыруы, өкім зорлығы мол. Қолындағы билікті жұртқа қамшы етіп, шоқпар етіп жұмсайды.
Оның үйде отырып еріккенде қолға алатын, əр жер, əр жеріне көз жүгіртіп оқитын бір ғана кітабы бар. Ол Абай өлеңдерінің жинағы. Біраз өлеңдерді Нұрəлі оқи-оқи жаттап та алған. Кейде орынды-орынсыз жерлерде Абай былай деген деп, бірер шумақтарын жатқа айтып та жүреді.
Бірақ оның Абайды ұғынуы тым таяз, үстірт ұғыну. Тереңде тұнып жатқан асылына жолай алмайды.
Жұрт көзінше қарғаша шоңыма боқ,
Білдірмей, еппен жесең, залалы жоң, -
деген Абайдың мысқыл сөзін Нұрəлі дəл мағынасында, өзі үшін айтылған ақыл-қағидаша қабылдап түсінеді. «Əй, Абай, пəле-ау, білмейтіні жоқ» деп басын шайқап, мəз боп күліп отырады.
Ұлы ақын Нұрəліге: колхозды жесең, білдірмей же деп, сол үшін айтып отырғандай көреді. Нұрəлінің сəнденуі де, жасара бастауы да кездейсоқ те-гін құбылыс еместі. Кəрі көңілін кеулеп, есірік-желік кіре бастаған.
14
Тұйықта Зейнекүл дейтін əдеміше бір қызыл келіншек бар. Күйеуі армияда. Өзі басқарма болған соң біраз уақыттан кейін Нұрəлі Зейнекүлді завхоз етіп қойды. Жұрт мм... десті.
Нұрəлі ауданға жиналысқа барса немесе жайлау араласа, Зейнекүлді секеңдетіп ертіп алатынды шығарды. Үйіне қонбауы жиіледі.
Ел білгенді Сəуле де біледі, ел көргенді Сəуле де көреді. Бірақ бомба болып жарылып, Нұрəлі мен Зейнекүлдің щаңын қағатындай мінез одан шықпайды. Мықтағанда бырқылдап, бірдеңе-бірдеңе деп, күйеуінің құлағын қажайтын шығар. Нұрəлі оны тындай ма? Томырық, топас мінезінен бір-ақ түседі. «Оттама, жап аузыңды!» дейді. Сəуле, сосын, амалсыз жабады.
Жаппаса, тісі түсетінін жақсы біледі.
Бара-бара Нұрəлі жұрттан қысылып-қымтырылуды мүлдем қойып алды. Зейнекүлмен некелескен əйелінше ашық жүретін болды. Сəуле үйде жатып, шапанын басына бүркеніп, пыш-пышжылағанды ғана білді. Бұрыннан басының сақинасы бар, дымкəс адам. Екі күннің бірінде басым, ойбай басым дейді де, тырп етпей жатып қалады.
Бауырмал Қаныша жеңгем Сəулені кереметтей аяйды. Əлгідей ол науқастанып қалғанда, көбінесе Нұрəлі үйінде болып, Сəулеге қолдан келген шапағатын істеп бағады.
Қалқиып, əрең жүрген Сəуле бейшараны Нұрəлі:
— Кет! Жоғалт көзіңді! — деп ұратын мінез тапқан. Жазғы уақыт. Бір жағынан шөп орылып бітпей, екінші жақтан егіннің пісуі таяп, мұрыннан су кетіп жатқан тығыз шақ. МТС-тен арбамен жанармай тасимын, ерте кетем, кешкелем.
Бір күні ел орынға отыра келдім. Шешем жалғыз, қабағы біртүрлі қату.
— Азғын ит, бұл азғын Сəулені өлтіріп тыныштабады ғой, — дейді.
Кімді айтып отырғанын бірден білдім. Не болды деп сұрадым.
Сөйтсем, Сəулені ауданға ауруханаға əкетіпті. Күндегі бас ауруы емес көрінеді. Кəдімгі қояншық болған адамдай аузынан ақ көбігі ағып, талып жығылыпты.
- Бейшара, аман болса игі еді, — деп шешем қатты қайғырып отырды.
- Жеңгем қайда, сол үйде ме?
- Сонда.
Біз шайымызды іштік те, Қаныша жеңгемді алаңсыз күтіп отырдық. Нұрəлінің үйіне қонып қалмасын білеміз. Əсіресе, бүгінгідей əйелі жоқ үйге қонып, жынданып па?
Жеңгем жуық маңда келмеді. Кешіге берді. Май шамды жылтыратып жағып, біз тосудамыз. Сырттан ит үрсе, елеңдеп, құлақ түреміз.
- Қонақ бірдеңе келіп қалды ма, неғып кешікті? — дейді шешем.
Жеңгем кешіге түскен сайын мазасызданып отырмын. Басқарма үйіне келетін қонақтардың сыры мəлім. Қайсыбір шітірейген əкімсымақтар, жөні түзу қыз-келіншек көрсе, естерінен танатын əдеті.
Енді болмаса жеңгемді барып ертіп келмек едім.
Сырт есік саддыр етіп ашылды. Бүл жеңгем еді. Ауыз үйдегі бізге қарамай, бөгелмей, бірден төр үйге өтіп барады. Ашулы ма, бұнысы несі?
Шешем жеңгемнің соңынан кірді! Сосын мен кірдім.
Жеңгем төсегінде киімшең күйі етпетінен түсіп, солқылдап жылап жатыр. Апамның да, менің де зəреміз ұшып кетті. Сəрсебек жайлы жаманат хабар естіп, соған жылап жатыр екен деп ойлап қалдық,
Басқадай ой жоқ.
Апам байқүс дір-дір етеді:
- Жаным Қанышажан, бүның не? Не болды? Жеңгем жауап бермейді, бетін қолымен басып алған.
- Ойбай-ау, сығыр қүдай, айтсаңшы, немене естіп келдің? Нендей сұмдық естідің?
- Жай, сіз қорқатындай ештеңе де жоқ.
- Енді немене? Аяқ астынан не боп қалды? Əлде аузыңа пəлен етейіндердің біреуі бірдеңе деп, көңіліңді қалдырды ма?
Айтпасына қоймаған соң:
- Мен оны əкемдей көріп жүрсем... азғындаған ит... шошқа... хайуан, — деп жеңгем ызаланып, əлдекімді балағаттай бастады.
— Ол кім? Қай жауыз?
— Нұрəлі...
Бақсақ оқиға былай болған екен: Нұрəлі ауырып отырмын дейді де, Қанышаға ет асқызады. Ет үстінде су қосып, спирт ішеді. Қанышаны да іш-ішдеп зорлайды. Қаныша ішпейді. Содан бір кезде балдыз деп қалжыңдаған болып, көздерінде пəленің ұшқыны ойнай, жеңгеме қол жүгірте бастайды. Жеңгем ашу білдіреді.
Еліріп алған Нұрəлі тыңдамайды, шамды үрлеп өшіреді де, қараңғы үйдің ішінде жеңгемді
төсекке қарай сүйрелейді.
Жеңгем оны шапалақпен беттен шарт еткізіп бірді тартады.
Сыбағасын алған Нұрəлі қала береді.
15
— Əкеңнің аузын... басынуын! Мен қазір барып, балтамен басын шауып тастайын!
Ыза болуымда шек жоқ, ауыз үйден қарбаласып балта іздеп жүрмін.
Шешем де, жеңгем де мінезімнің шатақ екенін біледі. Бір сұрқан шығаратыныма көздері анық жетті. Екеуі екі жағымнан келіп жармасып, қой-қойлап жүр.
— Кұрсын, шу шығарып қайтесің. Басқа ешкім білмесін, қалсын осы күйде. Мастығы шығар. Бетің күйгірдің беті күйіп, өзі де жетіспес, — дейді шешем.
Менің қойғым келмейді, қаным қайнап барады. Жалғыз жеңгеме пана бола алмасам, жер басып жүргенім құрсын да!
...Алтыншы оқып жүрген кезім. Əкем жуырда қайтыс болған. Қыстыгүні. Топ бала жарқабақтан сырғанақ теуіп жүрміз.
Нүсіпбай дейтін менен екі-үшкласс алда оқитын, сотқарлау жуан білек бір баламен жанжалдасып қалдым. Екеуміз боқтастық. Нүсіпбай:
— Əкеңнің, аузын... жетім, — деді.
Жетім деген сөзі етімнен өтіп сүйегіме жетті. Екеуміз жат та кеп төбелестік. Нүсіпбай менен əлді, күшім келмейді. Таяқты көбірек жеп қалдым. Өшім кетіп бара жатыр. Жетім деп қорлағаны тағы бар.
Сазарып үйге келдім. Нүсіпбайдан қалай да өшалуым керек. Қалай алам?
Ет кесетін мүйіз сап қара пышағымыз бар. Əлгіні жеңімнің ішіне тығып алдым да, сырғанақтың басына қайта бардым. Үн-түнсіз кеп, Нүсіпбайдың бетінен пышақпен көлденеңдей тартып жібердім.
Нүсіпбай баж етіп, бетін басып, тұрып қалды. Қара қан қолының сыртын жауып кетті.
Осы күні Нүсіпбайдың қабағының үсті үп-ұзын тыртық сызық. Мен салған ескерткіштаңба.
Шешем мен жеңгем ерік бергенде, Нұрəлі азғынға да естен кетпес бір таңба салатын едім.
Таңертең есік алдында арба жегіп жатсам, Сəлімжан дейтін кішкене бала келіп:
— Аға, сізді кеңседе Нұрəлі шақырып жатыр, — дейді. Түндегі ашуым əлі тарқамаған:
— Нұрəлі шақырса, айтып бар, əкесінің тап аузын.. Осылай деп, мына мен айтты деп, туралап айт. Мақұл ма?
Сəлімжан момындау бала. — Мақұл, — деп бұрылып кете барған. Соңынан білдім, кеңседе бір топ адамдар отырады. Солардың көзінше Сəлімжан менің айтқан сөзімді Нұрəліге айнытпай сол
қалпында жеткізеді.
Нұрəлі жаман сасады:
— Өй, мына ит не оттайды? Не танытып тұр! — дейді де, Сəлімжанды кеңседен қуып шығады.
Нұрəлімен арамызда оңай сөнбес бір от тұтанған еді.
Арада бірнеше күн өтіп кетті. Нұрəлі үйіне баратын жолымыз мүлдем қырқылды. Ал Нұрəлі болса, тіпті біздің көшеден өтуді қойып алды. Атты болсын, жаяу болсын, тас мүсіндей бедірейіп біздің үй жаққа бұрылып та қарамастан, анау арғы көшемен кетіп бара жатады.
Не бетімен жоласын енді бізге.
Сəуле Қарасазда ауруханада. Басқарма үйінің сиырын біреу сауып береді, үй жұмысын біреу істейді. Оған қызметші табылмасын ба?
Бір күні біздікіне ауыл советтің атқарушысы келіп тұр.
— Еркін, сені кеңседе Ырысты шақырып жатыр, — дейді.
Ырысты дейтін момындау шалағат əйел. Нұрəлі басқарма боп ауысқанда, ол оның орнына ауыл совет председателі болған.
Келдім. Келсем, Ырысты хатшысымен екеуі ғана.
— Еркін отыр, шырағым. Халдерің қалай? Сəрсебектен хат жоқ па əлі. Келіп қалар. Апаңның денсаулығы жақсы ма?
Ырыстының сөзді тым мəймөңкелей бастауы маған ұнамай барады. Айтатынын тезірек айтса екен.
— Еркін.. аудан осында... саған повестке жіберіпті: ФЗО-ның оқуына барасың, — деген сөзді Ырысты кебек жұтқандай қиналып əзер айтты.
Күзден бері ФЗО-ға бала алу дейтін шыққан. Бірақ бұл армияға алыну тəрізді міндетті нəрсе емес. Мұндағы тəртіп басқа. Аудан əр колхоз, əр ауыл советке ФЗО-ның оқуына пəлен бала бересің. Жас мөлшері пəлен болсын деп бөледі... Оған кімді беру керектігін жергілікті басшылар жұрттың жай-жағдайына қарап, өздері шешеді.
Қыс басында біздің колхоздан ФЗО-ға Əкпар дейтін бала алынған. Нұрəлі Əкпарды жек көретін. «Бұзық немені əдейі жібердім. Барсын, көзі жойылсын» деп айызы канып, айтып отыратын. (Нұрəлі ол кезде бізден сыр жасыра ма?)
Сонда Нұрəлі мен Ырысты Əкпарға да:
— Сені аудан шақыртып отырса, біз не істей аламыз? Біздің қолымыздан келері жоқ, — деп сылтау айтқан.
Əкпар қоржынын арқалап кете барған.
Енді мен Əкпар болғалы отырмын. Бұл Нұрəлінің ісі екенін бірден білдім. Нұрəлімен ақылдаспай Ырысты бұл ауылда ештеңе де шеше алмайды.
«Аудан саған повестке жіберіпті» деулері өздерін арашалап қалу үшін айта салған жадағай, арзан айласымақтары. Қысқасы, бəрі айқын, бəрі түсінікті.
Не істеймін деген оймен кеңседен дел-сал болып шықтым. Барын, Нұрəліні алқымынан ала түскеннен ештеңе де шықпайды. Ал кешірім сұрап, аяғына жығылу — ол менің қолымнан келмейді.
«Кетсем кетейін ФЗО-сына. Тəуекел. Енді маған мұнда жүргенмен Нұрəлі күн көрсетпейді. Қыр соңыма осы түскеннен түсіп алады». Шешімім осы болды.
Шешем бұл хабарды тулап қарсы алды:
— Тұйықта сенен басқа бала құрып қалып па? Бармайсың, жібермеймін, — деп Ырыстыға кетті.
Ырысты менің қолымнан ештеңе келмейді, аудан біледі депті. Апам одан шығып, Нұрəліге барады. Бұрынғы Нұрəлі жоқ, сұрланып, қанын ішіне тартып алған. Шешеммен қайуана қазақтың біреуімен сөйлескендей сөйлеседі:
— ФЗО-ға бала жіберу ол колхоз араласатын іс емес, сіз бұл мəселемен бізге келмеңіз, — депті.
Апамның жүгіргенінен түк шықпады. Мен ауданға комиссияға келдім.
Шешем де, жеңгем де қақсап қалған: «Комиссияға жағдайыңды айт, ағайым армияда. Шешем аурушаң, менен басқа шаруаға қарар адам жоқ. Сол себептен мені қалдыруларыңызды өтінем»
Мүмкін сонда қалдырар деп үміттенген.
Бірақ мен комиссияға бұл сөздің біреуін де айтқан жоқпын. Қайта, бірдеңем тура келмей, жарамай қалмасам екен деймін. Осы өмірімнің ішінде ешқайда ұзап шыққан емеспін. Жұрт барып-келіп жататын Алматыны да көрген жоқпын. Темір жол, поезд дегендерді кітаптан ғана білем. ФЗО-ға алыну арқылы ел көріп, жер көрсем деген көңілімде құштарлық бар.
Қалаға өздігіңнен бармақ болсаң, ол оңайға түспейді. Ендеше, былайғы кең дүниеге шығуыма, бұдан бүрын көрмеген, көрсем-ау деп арман еткен жерлерді көруіме бұл қайта сəті түскен іс тəрізді.
Қазір енді нем бар қарайлай тұғын? Айдап жүрген арбам ба? Екі қолға бір күрек қайдан да болса табылады.
ФЗО оқуының жай-жағдайымен газет арқылы азды-көпті таныспын, онда алты ай оқу керек, содан соң заводта немесе фабрикада жұмыс істейсің.
Маман жұмысшы болып шығасың. Колхозда жүмыс істегеннен жаман ба?
Басқасын былай қойганда, ФЗО киім береді, арнайы форма береді. Онысы əскери форма тəрізді əсем. Азды-көпті оған да қызығамын. Форманы қатып киіп, суретке түссем. Ол суретті Ғалияға ескерткішке жіберсем. Ғалия төр алдына əйнектеп іліп қойса.
16
Комиссия:
ФЗО-ға барғың келе ме? — деп сұрады. Мен ойланбастан:
- Келеді, — дедім.
ФЗО-ға небəрі он бала алынған екенбіз. Алты қазақ, үшорыс, бір татар. Алматыға бізді машинамен жөнелтті.
Ол кездегі машиналар бұзылғыш, көксау болған адамдай қақалып-шашалып, оп-оңай тұрып қала береді. Тар-тар еткен ескі газик кештүсе Бөген ауданының орталығына əзер жеткізді.
Енді осында қонбақшымыз.
Бөгеннен небəрі он шақырымдай жерде «Ақжол» колхозында Ғалия бар. Біз жүретін үлкен жолдың үсті емес, бұрыс.
Ғалия менің ФЗО-ға кетіп бара жатқанымды да, дəл қазір Бөгенге қонып отырғанымды да білмейді. Хабар бергенім жоқ. Бөгенге тоқтамаспыз, зыр етіп өте шығармыз деп ойлағам.
Ғалиямен хат алысуым соңғы уақытта сиреп кеткен. Бұған кінəлі жұмыс бастылық. Хат жазайын деп ойлағанмын, қол тимейді.
Мен өзім, жалпы, хат жазуға салақ та адаммын.
Менің оқу тастағанымды, колхозда жүмыс істеп жүргенімді Ғалия біледі.
Богенге қонатын болған соң, мен қинала бастадым. Ғалияның тап іргесіне келіп жатып, онымен хабарласа алмай кетуім біртүрлі өкінішеді. Көрмегелі көп болды. Сағынып жүрмін, бұл жолы көріспесем, қашан көрем? Қайта айналып келгенше кім бар, кім жоқ?
Мынау жап-жақын, қол созым жерде тұрған аласа қара тауды Қулықтың тауы деп атайды. Соның анау қылта кезеңін асып түссе, ар жағы «Ақжол» колхозы. Ғалияның ауылы. Сол жапжақын жерге жете алмай, қор болып тұрмын.
Əттең құс тəрізді қанатым болар ма еді!?
Бөгендегі біз қонғалы отырған үй шофердің танысы. Бұнда осы маңдағы колхоздан келген жəне үшжолаушы бар. Үшеуінің мініп келген бір-бір салт аттары бар. Ол аттар ауланың түкпір жағында ашқаңтарыльп байлаулы тұр. Аудан басы қу тақыр, ат жайылар жер жоқ. Үшжолаушы да осында қонбақ. Əлгілер кешке аттарды қалай етеміз деп, уайым соға бастады.
- Маған беріңіздер. Мына арадағы «Ақжол» колхозына барып қонып, аттарыңызды тойындырып, таңертең ерте алып келіп берейін, — дедім.
- Онда кімің бар?
- Жеңгейімнің туған əкпе-жездесі бар.
- Кім дегендер ?
- Ысқақ, Балжан дегендер.
- Ысқақ əлгі жылқышы керең Ысқақ па?
- Балжан ферма бастық Балжан ба? — деп мал иелері шұр ете қадды. Бəрі осы ауданның адамдары, Балжан, Ысқактарды жақсы біледі екен.
Ысқаққа бізден сəлем айт, — деп қуанысып қалды. Үшаттың үшеуін де менің билігіме берді.
Ой мұндай қуанбаспын. Көктен тілгенімді құдай жерден тап қасымнан бере салғандай бодды. Тағдырдың маған деген əжуасы əрқашан осылай — бір нəрсеге қолымды жеткізбей, зарықтырған болады да сосын алдыма салаң еткізіп тастай салады.
Жүрісі тəуір деген бір атқа қарғып мініп, басқа екі атты қабаттап жетекке алдым да, «Ақжол» қайдасың деп тартып жөнелдім. Былтырғы өзім жүрген жолды жақсы білем. Жер жағдайы, бəрі таныс болып қалған.
Аттар аяқтарын ытырыла басады, сар желіп келе жатып, жердегі шөптен қарпып, үзіп қалуға тырысады. Ақшам жамыраған кезде, баяғы өзім көрген ауылға дүбірлетіп келіп те қалдым. Əне, анау көрінген Балжан үйі. Көктен түскендей болып, жетіп барам. Мені көріп, шарадай болады. Мұншама аттары несі жетектеп алған?
Ғалия қайтер екен?
Міне қызық, Балжан үйінде бөтен біреулер. Сасыңқырап қалдым.
- Сізге кім керек еді? — дейді.
- Ысқақ, Балжан деген кісілер...
- Олар жоғарыда, фермада, сонда көшіп кеткен.
- Алыс па?
Жоқ, онша алые емес. Сайды өрлеп жүре берсең, алып барады. Жаппалары, киіз үйлері бар малды ауыл алдыңнан шығады, — деп сілтеп жіберді.
Ауылдан тік жоғары созылған сай бар, сонымен келе жатырмын. Тарам-тарам соқпақ жол. Сай табанында азғантай су ағып жатыр, жол кейде суды жағалап, кейде олай-былай кесіп өтеді.
Бұл кезде көз байланайын деп қалған. Бет алдымнан қарауытып, оттары жылтылдап, малды ауыл көрінді. Иттер үріп шықты. Қараша мықыр жаппалардың арасында жалғыз ғана боз үй. Бұл, сөз жоқ ферма меңгерушісінің үйі. Қызметі биіктің үйі де биік.
Боз үйдің бет алдындағы мама ағашта ерттеулі ат байлаулы тұр. Ысқақтың құранды ерін мен бірден таныдым.
Сауыншы əйелдер қарбаласып, сиырларын сауып бола алмай жатыр. Үстіне бірнеше қалайы фляг тиеген екі аттық арба түр. Сауылған сүтті ауылға маслопромға əкетеді.
Боз үйдің алдына кеп, аттан түсіп жатырмын. Жүрегім дүрс-дүрс. Аттарды мама ағашқа байлап жатып, екі көзім киіз үйдің есігінде.
Кенет киіз есік желпең етіп ашылды да, шашы дөңгелене төгілген Ғалияның басы көрінді. Мен оны бірден таныдым, ол таныған жоқ. Есікті қиғаштай ашып əлі қарап түр. Міне, мен ақсия күлімсіреп оған жақын келіп қалдым. Əбден қасына келгенімде, Ғалия бір-ақ таныды.
— Еркін! — деп дауыстап жіберді. Қуанғаны, таңырқағаны бəрі аралас.
— Еркін, қайдан жүрсің? Мынау үшатың не? Сонау Тұйықтан атпен келдің бе? — деп сұрақты жаудыртып жатыр.
Тор алдында бір тізерлеп Ысқақ отыр, қасында Қали. Сəлем беріп кірдім. Мен дəл бір көктен түскендей Ысқақ та таң тамаша. Қысқашалап жөнімді айттым. Балжан үйде жоқ екен. Осы кеште колхоздың партия үйымының жиналысы болмақ, соған кетіпті.
Шай іштік, былтырғы ағыл-тегіл молшылық байқалмайды. Соғыс бұларды да тұтамдап қысып тастаған.
Шай соңынан қазан асылмады. Осы тамақпен жататын түріміз бар.
Ысқақ жылқы бағуға баратынын айтып, дайын отыр. Үшатты ала кетіп, таңертең жеткізіп бермек. Шоқша сақалын сығымдап ұстай отырып:
— Соғысың жуық арада бітпейтін болды, апатқа айналды, — деп бір қойды.
Мен ішімнен мырс етіп күлдім. «Соғысың». Менің соғысым тəрізді. Сенің, оның, мұның деп екінші жақпен сөйлейтін əдетінен танбаған.
— Мына жақтағы Жапоның қалай, тынышпа? Оныңның Қытаймен соғысы не болып жатыр ?
Мен білгенімді айтып, жауап қайтарып отырмын.
Бір кезде Ысқақ жылқыға бармақ болып, киіне бастады. Балжан əлі келген жоқ. Жиналысы кеш бітсе, мүмкін келмей туысқандардың біреуінің үйіне қонып та қалар дейді.
Ауылда жиналыс болса ұзақ болатыны маған мəлім. Ысқақ кетті. Біз Ғалия, Қали — үшеуміз қалдық. Əлі жататын кез емес.
Ін аузын баққан мысықтай Қалидың баққаны Ғалия екеуміз. Осы не айтып, не қояр екен деумен бетімізге жалтақ-жалтақ қарайды. Бір минутқа болса да тысқа шықпайды.
Қалидың жиып жүрген асығы бар екен, үшеуміз біраз уақыт хан ойнадық. Балжан əлі жоқ.
Түн бүгін ерекше əсем, ай жарық. Шаңырақтан жұлдыздары самсаған көк аспан мөлдіреп көрінеді. Əсем түн желіктіріп сыртқа шақырады.
Ғалияға:
-Ақсүйек ойнасақ қайтеді? Бұл ауылда ақсүйек ойнайтындар бар ма? — дедім.
- Бар, ойнайық. Мен шақырып келейін, — деп Ғалия лып ете қалды.
- Мен де ойнаймын, — деді Қали.
Мен ағаштан жонып, ақсүйек жасауға кірістім. Ғалия бірнеше сауыншы қыз-келіншектерді шақырып келді. Бес-алты адам болдық. Ауылдың бет алдындағы қырат жазықтың үстіне шықтық. Ай сүттей жарық, аяқ астына ине түссе табылғандай. Жанға жайлы майда қоңыр жел еседі. Жусанның ашқылтым иісіне жел жақтағы қотаннан малдың жас қиының иісі араласып, желмен бірге бүрқырап, желпіп өтеді.
Екі бөлініп одақ болып, ойнай бастадық.
Біреу ақсүйекті құлаштап тұрып лақтырды. Бəріміз дүркіреп, солай қарай жүгіріп келеміз. Ғалия менің қасымда. Екеуміз қатар жүгіріп келеміз. Ақсүйектің түскен жері осы ара.
Жұрт еңкейе қарап, қарбаласып іздеп жүр. Мен де іздеген болам. Бірақ аңдыған-баққаным Ғалия.
Біреу жырыла беріп, таптым деп айқай салды да, сөреге қарай қаша жөнелді. Басқалар жапырлап қуып берді. Маған керегі де осы еді. Жүгіре берген Ғалияның білегінен шап беріп ұстай алдым.
Ғалия іркіліп тоқтай қалды.
Екеуміз тым-тырыс тұрмыз.
«Не» деп Ғалия айтпады. Не айтарымды мен білмеймін.
Ғалиямен оңаша болуды арман ететін едім. Сол арманыма жарты минутке болса да жетіп тұрмын. Бірақ пайдалана алмай тұрмын.
Басқалардың бізде шаруасы жоқ, ақсүйекті қуалап, жүгіріп барады. Қали араларында. Ол біздің қалып қойғанымызды байқаған жоқ.
Байқаса, жүгірмес еді, бізбен бірге қалар еді. Менен үн шықпасын көрген Ғалия кенет:
— Аналар біліп қояды, ұят болады, — деді.
Осы сөз маған төбемнен суық су құйып жібергендей əсер етті. Есімді тез жиып алдым. Ғалиямен оңаша қалған уақытым минуттап та емес, секундап саналатынын, соның бəрі текке өтіп бара жатқанын жаңа ұққандай болдым.
Тезірек қимылдауым керек.
Ғалияның тоңазыған бетінен шөп еткізіп сүйіп алдым...
Болды, бітті. Əлі де сөреге жете қоймай, үйдек-түйдек жүгірген жүрттьң соңынан алды-артыма қарамай замғап келем.
Тілмен айтып жеткізгісіз бақытты едім.
17
Балжан келген жоқ, біз жатып қалдық. Енді келмейтін болар.
Қали екеумізге төсек төр алдына қатар салынған. Ғалия шешесінің екі кісілік темір кереуетінде жатыр. Түндік түсірілген, киіз үйдің іші көзге түртсе көргісіз қараңғы.
Ұйқы келу қайда. Əлгідегі батырлық қылығыма масаттанып, риза болып жатырмын. Мұндай істе батылдық керек. Батыл болмасам Ғалияның бетінен сүйе алам ба? Əне, ол ашуланған жоқ қой. Яғни, ол да мені сүйеді! «Қап жəне бір сүймеген екем!»
Төсегін сықырлатып Ғалия арлы-берлі аунай береді. Соған қарап оның да ұйықтай алмай жатқанын сезінем. Бірдеңе деп тіл қатуға қасымда жатқан Қалидан жасқанамын. Ол залым естіген-көргенін таңертең əке-шешесіне тақылдап сарнап беруден тайынбайды.
Танауымды пыс-пыс тартып, ұйықтамай жатқанымды Ғалия да сезінеді.
Шіркін-ай, мына Қали да үйде болмаса, қандай жақсы болар еді. Ғалия екеуміз ғана болсақ... Бір кезде қасымдағы Қали пырылдап ұйықтап қалды.
Ғалияға не айтсам екен? Əлде барсам ба екен? Ұят-ау, қасыңа жата тұрайын десем...
Қой, масқара! Ғалия ашуланып жүрсе, ертең бетіне қалай қараймын?
Қиналып ұзақ жаттым.
Қалидың ұйықтап қалғанын Ғалия да білді.
«Батылдық керек. Ал мен болсам жасықпын, ынжықпын» деп өзімді өзім қайрап, ұрсамын. Қайрағанмен өтпеймін. Мұндай түн енді қайтып оңай қайталанбасын өте жақсы түсінемін. Үйдің іші біртін-біртін салқындап барады. Бір кезде Ғалия:
- Еркін, ұйықтаған жоқсың ба? — дегені.
- Жоқ, — дедім жұлып алғандай етіп.
Ғалиямен əлдене турасында уəделесіп, манадан бері сарғайып жауап күтіп жатқан адам тəріздімін.
Тоңбайсың ба? Тоңсаң сыртыңнан киім жабайын, — деді Ғалия.
- Жап.
Ғалияның керуеттен түскен дыбысы естілді. Əне, ол мен жатқан жер төсектің шетін аяғымен барлап, байқап алып, дəл қасымнан жүкке қарай өтіп барады. Жүк жақты сипалап шапан ба, шекпен бе, салмақты бір зат тапты. Соны көрпемнің сыртынан ықтияттап жауып жатыр.
Аяғымды, жан-жағымды қымтап, мені тоңып қалмасын деп, барынша қамқор болып жатыр.
Мен шалқамнан жатыр едім. Екі бірдей қолымды көрпеден шығардым да, Ғалияның білегін тауып, ұстай алдым. Топ-толық əсем білегі ып-ыстық.
Өзіме қарай тарттым. Ғалия үнсіз бағынып, сылқ етіп, көрпе сыртына қисайып отыра кетті. Тоңазығандықтан ба, білмеймін дір-дір етеді. Мен енді батылданып кеттім. Ғалияны құшақтап, бауырыма басып, қаттым да қалдым. Көзімді тарс жұмып алғам. Маспын.
Ғалия тек ішкөйлекшең. Лебі өрт болып, бетімді шарпиды. Бір сөз айтылмай-ақ баяғыдан бергінің бəрі түсінікті болғандай.
Ғалия бір кезде дір-дір етіп, жалаңашбілегі тобарсып, шындап тоңа бастады.
- Ғалия, тондың ғой, бері көрпеге кіріп жатшы. Ғалия үнсіз тек басын шайқады, көрпеге кіргісі келмейді.
Құшағымыз айқасып жəне біраз жаттық. Мен енді біртіндеп саналы қимылға көше бастадым. Көрпе шетін мүмкін болғанынша ашыңқырап, Ғалияны бауырыма тарттым.
- Ғалия, бері кіріп жатшы? Ғалия тағы басын шайқады.
- Тоңасың ғой, қарашы, иықтарың сұп-суық.
- Тоңбаймын.
Ғалияны сүйіп-сүйіп алдым. Ғалия басын шайқады.
Ғалияның астынан көрпе шетін күшпен жұлып ала бастадым. Ғалия шынтағымен нығарлап босатпауға тырысады. Көрпе шетінен айырылса, бəрінен айырылуы мүмкін екенін жақсы біледі...
Кенет, сыртта иттер шулап үріи қоя берді. Еңіс жақтан ат тұяғының дүбірі естілді.
— Апам келді! — Ғалия осыны айтты да, ұшып тұрып төсегіне жөнелді. Мен болсам басыма бүркене жамылып, өтірік ұйықтаған болып, қаттым да қалдым.
Бұл келген, шынында да Балжан еді. Үзеңгісі шылдырап аттан түсіп жатты.
Таңертең оянғанда түндегінің бəрі есіме бірден келді. Арқа-басым шымырлап кеткендей болды. Қали сүм өтірік ұйықтаған боп бəрін естіп, біліп жатқан жоқ па? Қазір тұрған соң, апа, түнде Еркін бүйтті, бүйтті деп, Балжанға сарнап айта бастамай ма?
Балжан мен Ғалия сиыр саууға ерте тұрып кетіпті. Ысқақ əлі келмеген. Қали пырылдап ұйықтап жатыр. Ішіне не түйіп жатқанын құдайым білсін.
Аттар келсе, Қали оянбай, зытып жөнелгім келеді.
Ешқылмысым болмаса да Ғалияға көрінуден жəне жүзім жанады.
Жоқ, сезікті ешнəрсе байқалмайды. Мен бұл үйден абыройым айрандай төгілмей аман
аттандым. Осының өзіне шексіз қуанышты едім.
18
Алматыға түнде келдік.
Қала атаулыны менің тұңғышрет көруім. Бірақ астананың түнгі көрінісі пəлендей мықты əсер қалдырмады. Бізді əкелген кеңседе, облыстық атқару комитетінде, күзетшіден басқа адам жоқ екен.
Ол бізді кіргізбей, көп əлек жасады. Басқадай барар жер, басар тауымыз жоқ екенін айтып жатып, əрең кірдік.
Бірінші этаждағы бір бос бөлменің есігін ашып:
— Осында тыпыр етпей, шуламай жатыңдар, — деді.
Үйдің едені паркет екен. Бұл біздің бұрын көрмеген нəрсеміз. «Ой, сұмдық-ай! Кішкентай-кішкентай жаңқадан ерінбей қурап салғаны-ай, ə? Одан да бүтін тақтайдан неге салмаған» дейміз.
Мынаны еріккеннің ермегі тəрізді көреміз.
Осы келе жатқанда менің бірге ішіп, бірге жейтін екі досым бар. Олар: Ілияс, Нұрымбай деген балалар. Қарасазда үшеуміз бір класта оқығанбыз. Əкеле жатқан азық-түлігіміз үшеумізге тең ортақ, сенікі, менікі демейміз.
Нұрымбай орта бойлы, қара торы, бет сүйегі шығыңқы, пысық. Ептеген жылпостығы бар.
Ілияс сұңғақ бойлы танауы жалпиған, момындау сары бала. Бір сөзді. Нені де болса, төбесінен тоқ еткізіп тура айтады. Ішқатпары аз, пəлендей қулық-сұмдық бүкпесі болмайды.Үшеуміз тірі болсақ, бір төбедеміз, өлсек бір шүңқырдамыз деп келе жатырмыз.
Ауылдан шығар-шықпастан Нұрымбайдың бір оғашмінезі көзге түсіп қалды. Кеше Бөген ауданының орталығына келген бетте машина үстінде чемоданын тізесінің үстіне қойып құнжыңдап бірдеңені сүйкетіп жазып жатыр. Ей, не жазып жатырсың деп қарасақ, үйіне хат жазып отыр екен. Əкесі мен шешесін, туыстарын талайдан көрмей сағынып, зарыққан адам тəрізді. «Амандық хат. Қымбатты əке, апа, қалай, денсаулықтың арқасында жүрген боларсыздар. Біз де аманбыз. Міне Бөген ауданының орталығына келіп жеттік. Бүгін осында қонбақшымыз» деп сықпыртып барады. Əлгі арада Нұрымбайды əжуа етіп, күлай кеп! Хатты тым құрса, Алматыға жетіп алып жазсайшы. Үй іргесінен ұзаған да жоқпыз ғой.
Асылы, Нұрымбай бір жаққа жолаушы шығып, үйіне хат жазуды арман етіп жүрген тəрізді.
Сол күлкі еткеннен біз Нұрымбайды Алматыға жеткенше күлкі етіп, мазақтаумен болдық. Жол бойындағы жаңа бір ауылға келген кезде, қане суыр қағаз-қарындашыңды, осы арадан амандығыңды білдіріп, əке-шешеңе жəне бір хат жазып жібер дейміз. Нұрымбай ыза болады.
Біз бəріміз сырт киімдерімізді астыларымызға төсеп еденде тырайып-тырайып, демалып
жатырмыз. Қай-қайсымыз да машина соғып, шаршағанбыз. Жатпай отырған тек Нұрымбай. Чемоданын алдына алып, бір жамбастап, үйіне хат жазып отыр.Қазір енді мазақтамақ түгіл, мойнына мініп алсаң, тыңдайтын емес.Дəптердің екі бетін толтыруға тақады. Соншама не жазатынына мен таңданамын.
19
Үштен-төрттен топ болып қаланы аралауға шықтық. Ауыл балаларына мұндағының бəрі соны, бəрі қызық. Біз Нұрымбай, Ілияс үшеуміз. Жақын маңдағы көк базарға келдік. Құжынаған халық. Құмырсқаның илеуі. Осыншама халықтың бір араға үйіліп-төгілгенін өмірі көрген емеспіз. Арасына кіріп кетсек, бірімізден біріміз адасатын тəріздіміз.
Базар шетінде екі аяғы тізеден, екі қолы шынтақтан жоқ, домаланған біреу отыр. Əлгіге қараудың өзі соншалық аянышты. Домаланған құр кеуде. Ұйпаланған жирен шаштың арасы кір-кір.Қол орнына шолтаң-шолтаң еткен, томырылып біткен екі жілік — қызыл ет.
Соғыстан мұншалық қор болып қайтқан адамды мен бұрын көрген жоқ едім. Құйқа терім шымырлап, біртүрлі болып кеттім. Əттең, барсам-ау деп құлшынатын соғысты енді тым жақын, əрі айқын танып тұрғандаймын. Ол тануым:
Соғыс деген ол сұмдық! Соғыс ол апат! Соғыс адамды қор ету!
Əлгі тəрізді адамның жаны түршігетін мүгедектер базарда біреу-екеу ғана емес екен. Əр жер, əр жерден ұшырасып қалады.
Трамваймен жүргенді қызық көріп, трамвайға отырдық. Таңырқайтын түгі де жоқ, салдырлаған темір арба.
Дүкендерге кірдік. Ақ нан, əр алуан бөлкешелерге дүкеннің сөрелері сықап, толып тұр. Алып жатқан адам аз. Алматыда азық-түлік тапшы деп еститін едік, бұнысы қалай деп, таңырқаймыз. Ақ бөлкешелерден сатып алмақшы болдық. Ақша берсек, бермейді, «карточки давайте» дейді. Біз бірімізге біріміз қараймыз карточкасы несі дейміз. Карточка деген сөзді сурет деп ұғып қалталарымыздан сурет іздестіріп жатырмыз.
Сөйтсек, нан карточкасы деген болады екен. Оны біз қайдан білейік, ауылдық жерде ол жоқ.
Бір жерде көшенің бұрышында бір əйел алма тəрізді, бірақ алмадан гөрі басқа қып-қызыл бірдеңелер сатып отыр. Бағасы онша қымбат емес. Бұл не?
- Помидор.
Біздің Қарасаз ауданы салқын, таулы аудан, жеміс атаулы өспейді. Овощтан картоп пен капуста ғана өседі. Помидор дегенді бұрын естігенмен, жеп көрген емеспіз.
- Бұны қалай жейді? Осы күйде жей беруге бола ма, жоқ əлде пісіріп жей ме?
Помидорды пісіріп жегенді қай ата-бабаларыңнан көріп едіңдер? Алыңдар да, жей беріңдер, — дейді сатушы.
Үйіп-үйіп қойған помидордың бір үймегін сатып алдық. Бір-бірден ұстап, қызықтап қарап келеміз. Саусағымызга алма тəрізді қатқыл емес, жұмсақтау болып сезіледі. Сыртын киіміме үйкеп сүрткен болдым да, алма тəрізденді-ріп тістеп кеп қалдым. Быршете қалды. Жылымшы
сүйық бірдеңелері бетімді, омырауымды шашырап, жауып кетті. Дəмі де дəм емес, жексұрын бірдеңе.
— Жеміс болмай, құрып қалсын, — деп жемей, арыққа бір-бір аттық.
Қалада солдат көп. Төрт-төрттен сапқа тізіліп, жейделерінің арқасына сортаң терлері шығып, аяқтарын сарт-сұрт басып, кетіп бара жатады.
Көшені жаңғырықтырып, өлең айтып өтеді:
-Вставай, страна огромная,
Вставай на смертный бой!
Темір жолды тұңғышрет көруім. Поезға түңғышотыруым. Керуендей шұбалған ұзын состав Сібірде бетке алып, ұрып келеді. Барар жеріміз Қарағанды. Темір жол Новосибирск — Омск — Томск — Петропавл қалаларын басып, Сібір айналып жүреді.
Қазақстанның оңтүстігін солтүстігіне жалғайтын төте жол ол кезде жоқ.
Жолаушы поезының үшвагоны толы ФЗО балалары. Он төрт-он жеті жастың арасындағылар. Əр ұлттан, бірақ, негізгісі орыс пен қазақ. Бастап алып келе жатқан жетекшілеріміз, тəрбиешілеріміз бар. Күн сайын нормалап нан береді үлкен қалаларға аялдағанда ыстық ас ішкізеді.
Жас адамда уайым-қайғы аз болады, ақылдан албырт сезім басым. Жер көріп, ел көргенге мəз болып келеміз.
Поезд үстінде келе жатып үйге бір рет, Ғалияға бір рет хат жаздым. Бізді оқуға Қарағандыға жөнелткенін хабарладым.
Қарағанды олар үшін жер түбі.
Əнеугі Ғалиямен бірге өткізген түнім есімнен мəңгі шықпақ емес. Мен бір нəрсеге қап деп, өте қатты өкінемін. Ол — Балжанның төменгі ауылда қонып қалмауы. Нағыз келмейтін кезде дүбірлетіп жетіп келуі. Тым құрса енді біраз кешіккенде, енді сəл ғана уақыт келмей, тұра тұрғанда...
Өзімнен де болды. Онша батыл болмадым, көп уақытымды текке өткізіп алдым.
Темір жол бойы, əсіресе, станциялардың басы мазасыз, у-шу. Арлы-берлі сапырылысып ағылған эшелондар көп ұшырасады — майданға кетіп бара жатқан солдаттар. Қару-жарақ, оқ-дəрі тиеп сыртынан брезентпен бүркеп, жауып алған, күзеті мықты составтар.
Соғыс жақтан жаралыларды, жау басып алған өлкелердің босқын адамдарын тасып əкеледі.
Əскерге шақырылушылар.
Біреуді біреу біліп болмайды.
ФЗО-ға бара жатқан балалардың арасында əр қилысы кездеседі. Біреулер бар — моп-момақан қозы тəрізді ата-аналарының бауырынан ұзап шығып, əлі ештеңе көрмеген. Ысылмаған. Дүниедегінің бəріне аңқау сəби көзбен қарайды. Енді біреулер бар — екі иығын жұлып жеп, ұрынарға қара таппай жүрген. Сөздерін тұздықтап, боқтық араластырып сөйлейді. Онсыз сөздерінің сəні кірмейтін тəрізді. Жетекшілерімізден жасырып, бұл қулар арақ та ішеді. Шылымды тіпті жасырмай-ақ бұрқыратып тартады.
Ұрысса тыңдамайды.
— Мұрнымыз қаңсып барады, — деп əуелі келеке етеді.
Табиғатым солай ма, білмеймін, шылым мен араққа құмартқан жан емеспін.
«Жаман əдет жұқпалы» деген сөз рас. Алғашында сұмдық болып көрінетін боқауыз лас сөздерге біраздан соң құлағымыз үйір бола бастады. Ол түгіл, ана балаларға еліктеп, біз де тұздықтай сөйлейтінді шығардық. Онсыз ауылда өскендігіміз, ашық ауыздығымыз білініп, көрініп тұратын тəрізді.
20
Қарағандыға поезд бір жеті жүріп барады екен. Күндіз-түні вагонда қамалып отырған адамға бұл аз уақыт емес. Əрбірден соң кісіні бойкүйез етеді, жалықтырады, өзіңе өзің ықтиятты болудан да қаласың.
Бір күні Ілияс, Нұрымбай үшеуміздің нормалы бір бөлке нанымызды қас пен көздің арасында ұрлап əкетті. Вагонға сырттан бөтен адам кірмейді. Ішімізден ФЗО-ға кетіп бара жатқан балалардың біреуі ұрлады.
Үйден əкеле жатқан азық-түлігіміз əлі де жеткілікті, сондықтап пəлендей зардап шеге қойған жоқпыз. Бірақ ауылдағыдай алаң-ашық жүруге болмайтынын аңғардық.
Петропавлдың вокзалында шалбарымның қалтасынан менің əмиянымды ұрлап қойды. Буфеттен тамақ алған едім де, тамақ ұстаған қолдарымды төбемнен тік көтеріп, қалың, жұрттың арасымен жарып өткем. Сол кезде лып еткізіп алған да қойған. Вагонға кеп, алған тамақтарымды стол үстіне қойғаннан кейін бір-ақ жоқтадым. Қалтамның босап қалғанын көрдім. Буфетке ақша төлегеннен кейін əмиянымды ішкі төс қалтама салып жатуды əуре көріп, əншейінде салмайтын шалбарымның қалтасына сала салған едім.
Енді бұл да сабақ болды. Орыстың: «Алысқа тықсаң жақыннан аласың» деген мақалы осындайдан шыққан.
Əмияным жаңа, əдемі еді. Ішінде жол-жөнекей ұстауға деп, бөлектеп салған азырақ ақшам бар. (Ұрланатынын білген тəріздімін.) Документтерім бар (паспортым мен комсомолдық билетім). Соның бəрі кетті. Жəне бір қымбат нəрсем кетті, ол Ғалияның былтыр маған ескерткішке жіберген кішкентай суреті. Ішім көптен-көп осы суретке ашитын тəрізді.
Мен өзімді ауылдың пысық балаларының бірінен санайтын едім. Сөйтсем, оным асылық екен. Өмірге бейімі жоқ, ашық ауыздың бірі болармын деген ойға келдім. Шикілігім көп екен.
Қарағандыға кешке қарай келдік. Көмір қаласының сырт көрінісі біз көріп келе жатқан басқа қалалардан өзгеше. Шахталар Египет пирамидалары тəрізді қоқы-шоқы үйінділер. Мен бұл үйінділерді көмір екен десем, көмірдің шығарылып тасталған қоқыстары екен. Мұнда аспан да, жер де көмір сасиды.
Айқайын салып, сықыр-сықыр қозғалған көмір тиелген составтар. Түтін, шаң... Қара киімді шахтерлер.
Бізді алып келген эшелон бұдан əрі бармайды. Жолаушылар түсіп-түсіп, кетіп жатыр. ФЗО-ға əкелінген балалар ғана қалдық.
Басшыларымыз бір жерлерге барып, сөйлесіп, қайта қайтып келді.
— Бүгінше осында — вагонда түнейсіңдер, ертең сендерді қабылдайды, — деген сөзді айтты.
Біз мінген вагондарды темір жолдың шеткері бір тармағына сүйреп алып барып қойды.
Келер жерімізге келдік, енді ертеңге дейін істейтін іс жоқ. Зерігіп вокзалға барамыз, қайта қайтып келеміз. Қала аралаймыз.
Вокзалдың буфетінде шарап сатылады екен. Ішкішқулар шарап сатып əкеп, іше бастады. Қызып алған соң олардан көңілді, олардан батыр халық жоқ, шулап өлең айтады, би билейді, басқаларға тиісіп, басынғандық көрсетеді.
Олар енді жетекшілерімізді тыңдауды мүлдем қойып алды. Тілдерін шайнап қолдарын былғаң еткізін, бір-ақ сілтейді:
— Бəрібір соғыс, — дейді.
— Бəрібір соғыс!
Тоғышарлар мен ұстамсыздар үшін осындай бір топас сылтау табылған. Ойларына не келсе, соны істейді де, жаласын соғысқа жаппақ болады. Оларша, соғыс жүріп жатқан кезде адамша өмір сүріп қажеті жоқ.
Түнге қарай айғай-шу тіпті көбейіп кетті. Жетекшілеріміз көрінбейді. Бір жеті бойына бізбен асаумен алысқандай алысып сірə, шаршаған болар. Осы пəлелерден аулақ болайық, деп, бір жерге жан тыныштық іздеп тайып отыр-ған тəрізді.
Көп жындының ішінде сау отырған жаман екен, əрі жараспайды екен. Біздің де жынданғымыз келді. Ақшамыз бар. Біз немене, мына шалқып жүргендерден кембіз бе? Жоқ əлде бұлардай бола алмаймыз ба? Іше алмаймыз ба?
Ілияс, Нұрымбай, мен үшеуміз бардық та, «Вермуд» дейтін жазуы бар үлкен қара бөтелке сатып əкелдік. Əрине бос бөтелке емес, ішінде қыл мойнына тақап құйылған шарабы бар. Тəуекел деп, үшстаканға бөліп құя бастадық. Бұдан бұрын арақ-шарап ішкен жандар емеспіз. Тек кейде қандай болады екен деп, оңашада бөтелкенің түбін аузымызға сарқып көретінбіз.
Ендігі жағдай басқа. Жасырынбай, ашық ішуге, дəмін ғана татып көрмей, сылқия тойып ішуге болады. Тізгін қолда өзімізге өзіміз қожамыз. Əй дер əже, қой дер қожа жоқ. Арақ ішу арқылы адам боп, есеюдің жаңа бір бел-белесіне көтерілетін тəріздіміз.
- Қане, кел!
- Кел! — десіп, көтерісіп қойыстық.
Жұрттан көргеніміз бойынша, басытқылап нан жеп жатырмыз.
Сиқыр су кімді арбап уысына түсірмеген, кімді жынды етпеген. Тамыр-тамырымызды қуалап, бусандырып, дүние — өмір əдемі болып барады.
Ертесінде түске дейін басымды көтере алмай, ауырып жаттым. Өмірі басым мұндай қатты ауырып көрген емес. Енді арақты татып алмасқа өзіме өзім ант бердім.
Ауыздан шыққан анттың бəрі орындалса адам адам емес баяғыда-ақ періште болған болар еді.
21
№ 1 ФЗО мектебінде оқып жүрміз. Алты ай оқып шахтага жүмысшы болып барамыз. Жиырма-жиырма бес баладан топ-топқа (бригадаға) бөлген. Əр топтың басында жетекші мастер. Оқытатын да, тəрбиелейтін де, міне сол.
Біз, Ілияс, Нұрымбай үшеуміз тіреу қоюшылар тобындамыз.
Шынымды айтсам, ФЗО-ның оқуы бірінші күннен бастап-ақ менің көңіліме толмады. Оқытатын, үйрететін нəрсесі шамалы. Жуандығы телеграф бағанындай бөренені шахтаға тіреу етіп қоямыз. Бұның пəлендей бас қатырып, ақыл жұмсап үйренетін түк те қиындығы жоқ. Тек тер төгіп, еңбек ете біл. ФЗО-ны бітірген соң шахтада ең кемі төрт жыл жұмыс істеу шарт, заң бар сондай. Төрт жыл толмай ешқайда жібермейді. Бұл өмір бойы шахтер боп қаласың дегенмен бірдей.
Ал менің арманым шахтер болу емес, басқа. Жазушы болу немесе журналист болу. Екеуінің арасы жер мен көктей. Шахтерлерді армияға алмайды, бронь береді. Алса қуана-қуана кетер едім.
Көңілім қаламайтын, сүймейтін іспен шүғылданғаннан да соғысқа бару маған мың есе артық көрініп тұрды. Онда не болса да тез болады, тез шешіледі.
Өлсең де жаралансаң да, батыр атансаң да қолма-қол.
Біздің тіреу қоюшылар тобының мастері Ахметов дейтін жасы қырыққа кеп қалған адам. Орта бойлы, жауырынды, тығыз, мығым денелі. Жарау аттай сергек жүріп, сергек тұрады.
Ахметовтың үйі осы Қарағандыда. Күндіз бізбен бірге болады да кешке қонуға үйіне кетеді.
Мастеріміз жайма-шуақ жақсы адам. Мені ол бірінші күннен ұнатып, өзіне орынбасар етіп тағайындады.
Ахметов жоқта бригаданың қожасы менмін.
Қаладағы өмір қайнаған қазан тəріздес. Жұмысшы батальонына, ФЗО-ға əртүрлі еңбек училищелеріне халықты əкеп төгіп жатыр. Жау басып алған Донбастан көшіріліп əкелген шахтерлер. Олардың семьялары. Осының бəрі жергілікті халықпен араласып, ми қойыртпақ.
Сол кездегі қиыншылық жағдайды ескергенде біздің тұрмысымыз жаман емес. Екі этажды кірпішүйде тұрамыз. Төсек-орнымыз таза, үшмезгіл тамақ береді.
Мені о баста бір қызықтырғаны ФЗО-ның форма киімі еді, оны əлі берген жоқ. Тек мұқтаж болғандарға ішкиім, аяқ киім тиді. Форманы əне береді, міне береді деп созбаққа салып жүр.
Біреуінен біреуіне өтетін шағын екі бөлмеде он екі бала тұрамыз. Он екі темір керует, алты тумбочка, Нұрымбай екеумізге бір тумбочка ортақ. Бірақ оны менен гөрі Нұрымбайдың пайдалануы көбірек. Күнде кешқұрым тум-бочкага жабысып, басын бір жағына қисайтып хат жазып отырғаны.
Жазу жазып отырғанда, Нұрымбайдың бетіне қарап тұру біртүрлі қызық. Еріндері қисаң-қисаң етіп, жазған əріптерінің ыңғайына қарай жыбырлап, ылғи да қозғалумен болады.
Өзге дүниенің бəрін ұмытып, хатты ол соншалық беріліп, құмарланып жазатын еді. Мен хат жазуға салақпын жəне сөз тауып жаза алмай қор болам. Аманмын, оқып жатырмын деген соң парақтың қалған жерін немен толтырарымды білмей қиналам.
— Тағы не жазам? — деп, кейде Нұрымбайдан ақыл-кеңес сұраймын. Үйден үзбей хат алып тұрам. Жазатын жеңгем. Өздерінің халдерін, ел ішіндегі жаңалықтарды тізіп жазумен болады. Сəрсебектен хат-хабар əлі келмеген.
Ағайымның тағдыры мені ойға батырып, күйзелтеді.
Жеңгем Нұрəлі үйімен қатыспайтынын жазады. Сəуле ауруханада бірғауым жатып келген. Бірақ оңалып кете алмаған көрінеді. Оқта-текте есі ауып жығылатын талма ауруына ұшыраған.
Нұрəлі азғынға тежеу жоқ, оның көңіл-хошы сол əлгі завхоз Зейнекүл. Екеулері ел-жұрттан қымсынуды мүлдем қойып алды деп жазады.
«Сабақтан тыс уақытта балаларды масақ теруте алып барамын. Колхоз ештеңе бермейді, біз ештеңе сұрамаймыз да. Өздігімізден амалдап күнімізді көріп жүрміз» дейді.
Ғалиямен де хат алысып тұрам. Ол биыл оныншы оқиды. Бірақ оқулары əлі басталмаған. Колхоздың егін жинау науқанында жұмыс істеп жүрміз дейді.
Демалыс алып келер болсаң, жолдан бізге соқ. Келмей, өтіп кетіп жүрме деп жазады.
Мен бұған қуанамын. Ғалия енді мəңгі бақи мендік болғаны ғой, қараптан-қарап, бұлай деп жаза ма? Ғалиямен жолығысқанда не қаласам сол болатынына ешқандай шəк келтірмеймін...
Бұрынғыша Ғалияның бірде-бір хатын жыртпай, жоғалтпай, сақтап жүрмін.
22
Үйден хат алдым. Сұмдық хат!
Қаныша жеңгемді мұғалімдік қызметінен шығарып жіберіпті.
Бір күні аяқ астынан мектепке аудандық оқу бөлімінің инспекторы келеді. Екі-үшмұғалімнің сабағына кірген болады. Оның бірі менің Қаныша жеңгем.
Сосын, педсовет шақырылады.
Мектеп директоры Несіпбаев дейтін топас адам.
— Күн тəртібіндегі мəселе Қаныша Асылбекованың жеке бас ісі, — деп қарап отыр дейді.
Қаныша үшін бұл төбесінен жай түскендей оқыста, күтпеген жағдай. «Менің қандай ісім болуы мүмкін?» деп, таң-тамаша қалады.
Сөз инспекторга беріледі.
— Аудандық оқу бөліміне Қаныша Асылбекова турасында бірнеше арыздар түсті, — деп бастайды ол сөзін.
— Арызды жазғандар балалардың ата-аналары, мұғалімдер...
Жеңгемнің екі көзі шарадай болады.
Инспектор қызыл сөзді төпей береді. Асылбекова жолдас педучилище бітірген жас кадр бола тұрып, өкімет пен партияның сенімін ақтамаған. Мұғалімдік іс-қылыққа жатпайтын өрескел мінездер көрсеткен...
Пəлен баланы ұрып-соққан, пəлен оқушының дəптерін жыртқан, пəлен жерде мектеп директорының бетінен алған. Яғни беделін түсірген.
— Бұның бəрін тексергенде, рас болып шықты. Біз совет мектебін, совет мұғалімдерінің қатарын Асылбекова тəрізді жат адамдардан тазартуымыз керек! — дейді инсиектор. Қанышаның төбе шашы тік тұрады. Өйткені, бəрі де адам жаны түршіккендей жала! Бəрі өтірік! Мұншама лас жаланың қайдан шыққанын Қаныша бірақ бірден түсінеді. Мектеп директоры Алыбайдан, Нұрəліден шыққан. Екеуінің астасып бірігіп алып істеп отырғаны. Нұрəлінің үлкен қызы Сара сабақты нашар оқиды. Қағаз-қаламына ұқыпсыз. Үйге берілген тапсырманы бір-екі рет дəптерім жоғалып қалды деген сылтаумен бір парақ, жарым парақ кездейсоқ қағаздарға жазып əкеледі.
Əрі лас, əрі қате жазып əкеледі. Қаныша оған бұл үшін ұрсады, əрине.
Жаман қағаздарды төрт бүктеп, жыртып тастайды.
—Қызымның дəптерін жыртыпсың, ұрыпсың, соғыпсың. Мен саған көрсетемін! — деп жекіреңдеп, Нұрəлі мектепке келеді.
Мұғалімдердің көзінше Қанышаны тілдеп, балағаттайды. Міне осындай бір оқиға болған. Дəптер жыртты, оқушыны ұрып-соқты деген сөздердің төркіні сонда жатыр. Директордың бетінен алды. Иə, бұл біршама шындыққа жанасатын жай. Тұйық жетіжылдық мектебінің осы күнгі директоры Несіпбаев Алыбай өңі апиыншының өңіндей сап-сары, өндіршегі сорайған көксау біреу. Қора толған қойы бар. Тіршілік қалыбы бұрынғының сасық байларынан аумайтын, шалағат дүмше біреу. Он жыл сырттан оқып, педучилищені əлі бітіре алмай жүр.Оның мұғалім боп жүруі де, директор болуы да қора толы қойының арқасы екенін жұрттың бəрі біледі. Сол Несіпбаевты Қаныша əуелден, Тұйыққа келген кезден жек көретін. Несіпбаев ол кезде директор емес, қатардағы жай оқытушы.
— Осындай топас, дүмше адамның қалай мұғалім боп, бала оқытып жүргеніне таңым бар, — деген сөзді əр жерде-ақ ашық айтатын.
Соғыстың арқасында Несіпбаев мұғалім түгіл, директор болды. Тік мінез Қанышадан өшалатын кез келді. Сұмдық хаттың мазмұны міне осындай.
Арада төрт-бес күн өткенде жеңгемнен жəне хат алдым. Он бес шақырым жердегі ауданға арызданып, итшілеп жаяу барған. (Нұрəлі оған ат бере ме?) Бірақ əділдік таба алмаған. Аудандық оқу бөлімі өзінің инспокторын қолдайды, мені тіпті тыңдағылары келмейді. Аудан басшыларына жолыға алмадым, арыз тастап кеттім. Бірақ одан да үмітім аз деп жазады. Жеңгем оншалық күйреуік жан емес еді. Хатынан аса күйзелгені, көп нəрседен күдер үзе бастағаны байқалады.
Бұл, соңғы хатта баяндалатын жəне бір масқара жай: жеңгемді ауыл совет шақырып: «Колхозға жұмысқа шығыңыз, болмаса жекеменшік ретінде салық саламыз» депті. Міне, мəселе қайда жатыр!
Нұрəлінің көздеген түп мақсаты да осы емес пе? Мүғалімдік қызметінен қуылған Қаныша жан бағу үшін енді колхозға келмегенде, қайда барады?
Нұрəліге келмегенде қайда барады? Жалына қол апартпайтын асауды Нұрəлі көзіне көк шыбынды үймелетіп жұмысқа салмақ. Міне, солай күшпен жуасытпақ. Ырысты Нұрəлі не айтса, соны орындайтыны белгілі.
«Жаным Ерка, ақылдасар бір жан жоқ. Не істерімді білмеймін. Сəрсебектің түтінін түтетіп, өлермен кемпірге қарайламасам, екі етегімді беліме түріп, Тұйықты желкемнің шұңқыры көрсін деп кетер едім. Екі қолға бір жұмыс қайдан да табылады ғой. Қалаға барып, бір заводқа жұмысшы болып кірсем де өлмес едім». Жеңгемнің торығу сөздері міне осындай. Ашудан бомба болып жарылуға дайынмын. Егер қол жетер жерде болса, Нұрəліні де, оған қолшоқпар болып жүрген көксау Несіпбаевты да барып, жарып тастар едім.
Ол үшін маған не істейді. Он жылға соттайды да, соғысқа жібереді. Жұрт соғысқа сотталмай да кетіп жатқан жоқ па? ФЗО мектебінің оқу бөлімін басқаратын татар əйелге келдім.
- Мені босатыңыздар. Оқымаймын, үйге кетем, — дедім.
- Неге?
Шешем ауру көрінеді, —деп сылтау айттым.
-Сен барғанда не істейсің? Емдеп, жазасың ба?
- Бəрібір кетем, оқымаймын.
- Балалық сөзді қой,
Жеңгемнің қудалауға ұшырау себебін бұларға қалай айтам ? Біртүрлі ұят.
— Тағы да басқа себептер бар. Босатсаңыздар екен.
— Қазір соғыс кезі екенін білесің ғой. Біз ешкімді де босата алмаймыз. Семья жағдайың келіспесе, ауылыңнан келмеуің қажет еді.
Оқу бөлімінен одан бетер ызаланып шықтым. Тəуекел деп ауылға қашып кетпек болдым. Оңбағандар, еркегі жоқ үйді, соғысқа кеткен азаматтың əйелін басынғандары ғой. Мен оларға көрсетемін əлі! Əділдік таппай қоймаймын! Шынымды айтсам, қалай көрсететінімді, əділдікті қалай табарымды жөнді ойлаған да жоқпын. Əйтеуір ашуым алқымыма тығылып, шексіз ыза болуда едім. Ауылға мен барсам, бəрі орын-орынына түсе қалатын тəрізді. Шешімім тым қызбалықпен жасалған шешім екенін соңыра білдім.
23
- Сен кетсең мен де кетем, қалмаймын, — деді Нұрымбай.
- Екеуіңнен қалып, мен жындымын ба? Мен де кетем, — деді Ілияс.
Сонымен үшеуміз де қашпақшы болдық. Дайындық жасай бастадық.
Жолаушы поезына отырып, ашықтан-ашық кете алмайтынымыз белгілі. Жүк поезына жабысып, жасырын кетпекшіміз. Амалдап Алматыға жетсек, арғы
жағы уайым емес.Алматыға құрығанда бір жеті жүріп барамыз. Олай болса ең кемі, бір жетіге жетерлік жол азық керек. Күнделікті беретін нанымыздың жарым-жартысын жемей, кептіріп, жинап жүрміз. Осылайша бір-бір дорбадан кепкен нан жинап алдық. Əрқайсымызда бірнеше жүз сомнан үйден əкелген ақшаларымыз бар. Бүгін күн сенбі. Кешқұрым. Жатақханаға шахтадан əлгінде ғана келгенбіз. Мастеріміз Ахметов арамызда.
Ол екі қолын плащының қалтасына салып, шешінбей, есік алдында түр.
— Ал, балалар, ертең ғой демалыс, мен келмеймін. Сендер мына старосталарыңды тыңдап, жақсылап демалып, уақыт өткізіңдер. Қалаға киноға барғыларың келсе, төрттен-бестен бірігіп, топтанып барыңдар. Тек кешқалмай, ерте қайтатын болыңдар. Ахметов айтып тұрған староста — менмін. Ол балалармен қошайтысып, кетіп бара жатып, мені есік алдына аулаға ертіп шықты.
— Еркін қалқам, мыналарға бас-көз бол. Қайда жіберсең де, ұйымдастырып, топтастырып жібер. Балалық істеп, біреу-міреуі қашып кетіп жүрмесін. Онда ертең сен екеуміз басымызбен жауап береміз, — дейді.
Ахметовты тыңдай түскен сайын ішім қыпың-қыпың етеді. Өйткені дəл бүгін бірнеше балаға бас болып мен өзім қашуға əзір тұрған адаммын да. Ахметов оны қайдан білсін. Айсыз түн. Тас қараңғы. Ілияс екеуміз станция басына қарай жолсызбен келе жатырмыз. Арамызда Нүрымбай жоқ. Жатақханадан сыртқа шығар есіктің алдында кірген-шыққандарды бақылайтын, балалардан қойылған күзет бар. Сол күзет сезік алмас үшін біз əлгінде бір-бірлеп шығу-ға келіскенбіз. Нан салған дорбаларымызды, біріміз сыртта тұрып, терезенің желдеткішінен тастағанбыз.
Сол маңға таяу тас көмір төгетін қойма бар. Бəріміз соның түбінде кездеспек болып, уəде байласқанбыз.
Бірінші боп Нұрымбай, одан Ілияс кеткен. Ең соңғы мен едім.
Қараңғыда қармана басып уəделі жерге келдім. Қалбиып жалғыз тұрған Ілиясты көрдім.
— Нұрымбай қайда? — деймін сыбырлап.
— Білмеймін, жоқ.
Біз көп іздедік, көп тостық. Нұрымбай келмеді.
Белгі беріп, дауыстап шақырып та қарадық. Ешкім де үн қатпады. Біз кереметтей таңғалдық. Япыр-ау, бұны жер жұтты ма?
Жоқ, əлде қашатынын сезіп қап, ұстап əкетті ме? Енді не істейміз?
Жатақханаға қайтып бару ыңғайсыз. Балалармен қоштасып біржолата шыққанбыз. Олар əлгінде кешкі тамақтың үстінде бізге жарты-жартыдан нандарын берген. Нұрымбайдың табылмасына көзіміз жетті. Тəуекел, ше-шінген судан тайынбайды дедік те, Ілияс екеуміз станцияға қарай тартып жөнелдік. Болған жағдай осы.
24
Көмір тиелген ауыр состав жүруге даяр тұр екен. Маңайда адам болмауын аңдып, бағып тұрдық та, құйрық жақтағы вагонның біреуінің үстіне өрмелеп мініп алдық.
Біреу-міреу көріп қалмас үшін тас көмірді құшақтап жата-жата кеттік. Қашқынның нағыз өзіміз. Паровоз аспанға пыс-пыс етіп бу атқылап, оқта-текте өңешін созып, ақырып қояды. Даусы ащы-ақ. Ышқынып, ақырып келіп қалғанда, бүкіл қала шошып, селк ете қалғандай болады. Құлақ тұнып кетеді.
Составты қараушылар жолға шығардағы ең соңғы дайындықтарын істеп жүр. Қолдарындағы шамдарын шырақ етіп, вагонның ауыр шойын дөңгелектерін таңқ-таңқ ұрып көреді. Бірдеңелерін бекітіп бұрағандай болады. Біз бəрін естіп, біліп жатырмыз.
Қазір түн ортасы шамасы. Паровоз бір кезде өңешін жырта ақырып, ақырып алды да, жұлқып тартып кеп қалды. Бірінші вагон екіншіні, үшіншіні, сөйтіп-сөйтіп жұлқыған сыңғыр үн составтың он бойымен жүгіріп қүйрықтан бір-ақ барып шықты. Біз жайлап қозғалып бара жатқанымызды сездік. Үйлер мен телеграф бағаналары сырғып қалып барады.
— Қош, Қарағанды!
Поездың жүрісі үдей түсті. Қала артта қалып барады. Əлгінде қозғалмай тұрғанда, жел жоқ, тынық еді. Енді поездың екпінімен алдымыздан үріп жел тұрды. Тас көмірдің жел суырған шаңы ұшқындап көзімізге, мойнымызға құйылады. Жағамызды көтере бүркеніп мойнымызды ішімізге тығып алып жатырмыз. Оқта-текте қайда келе жатқанымызды байқау үшін басымызды көтеріп қараймыз. Жан-жағымыз меңіреу түнек, бос қадам басып кірсең, жұтып, жоқ ететіндей. Алдан əр-əр жерден светофордың жол ашық екенін білдірген көк жасыл көздері жылтырап корінеді. Сонау артта электрлі самсаған түнгі қала қалып барады. Күндіз-түні жүрек дүрсілі бір тоқтамайтын көмірлі қала. Өзінің жуырда келіп қосылған əлі етене боп үйреніспеген екі жаңа тұрғыны келген ізімен безіп, қайта қашып бара жатқанында қаланың жұмысы жоқ. Іздеп, əбігер боп жатқан түрі байқалмайды.
Қазір күз ортасы, түн салқын. Біраздан соң кəдімгідей жаурап, тоңа бастадық. Көмірдің артқы ықтасын жағын үңгіп, ұя жасап алып, соған тығыла түсіп жатырмыз.
Баста əр алуан ой.
Мен мастеріміз Ахметовты ойлап жатырмын. Мінезі біртоға, жақсы адам еді, маған өзіне сенгендей сенуші еді. Староста осы бала болсын деп, көп баланың ішінен мені таңдап қойған өзі болатын. Жақсы адамның сол үмітін ақтамай, ыңғайсыз халде қалдырып бара жатқаныма қиналамын да, өзімді өзім əлдекімге опасыздық жасағандай сезінем. Ертең, жоқ, ертең емес бүрсігүні, таңертең Ахметов күндегі əдеті бойынша біздің жатақханаға келеді. Демалысты жақсы өткізіп тыныққан, сергек. Қабағы жадыраңқы. Шəкірттерім қалай демалды екен, оны-мұны оқиға болып қалмады ма екен деген ептеген елегізу бар коңілінде. Міне, ол басқышпен екінші этажға көтерілді. Біздің бөлменің есігін қақты. Іштен бірнеше дауыс қатарынап:
- Да! - деді. Ахметов үйге кірді.
— Балалар, саламатсыңдар ма? —деп ойында ештеңе жоқ, самбырлай амандасып жатыр.
Əншейінде жамырап үн қататын біздің балаларға бірдеңе болған, міңгір-міңгір етіп, мастерге жүздері төменшіктеп қарайды. Ахметов аң-таң, əлденеден секем алғандай.
— Сендерге не болған? Староста қайда?
Біреулер тілдері күрмеліп, міңгір-міңгір етіп, айта бастайды:
- Еркін де, Ілияс та жоқ...
- Жоғы қалай?
-Сенбі күні біз, бəріміз кинога кеткенбіз. Олар үйде қаған. Келсек жоқ...
Ахметовтың өңі күлгін тартып, бұзылып кетеді. Бүзылмай қайтсін, ол енді бізге бола талай əурешілікті бастан кешеді. Мектеп дирекциясының алдында жауап береді.
— Қарауыңдағы шəкірттеріне ие болмай, не қарап жүрдің, ай қарап жүрдің бе? — дейді ғой директор оған.
Ахметов не айтсын?
Жастарға тəрбие бере алмадың деп, Ахметовты орнынан алып тастауы да мүкін-ау. Алып тастамаған күнде, ескерту ме, сөгіс пе, бір жаза қалай да қолданады. Ахметовты шындап аяғандықтан, қап бекер қашқан екенбіз деп өкініп те келем. Нұрымбайдың уəделі жерге неліктен келмегені біз үшін тас түйін жұмбақ.
Оның қолында кішкентай чемоданы барды. Ғалияның өзім жиып жүрген бүкіл хаты, менің бірталай уақыттан бері жазып жүрген күнделік дəптерім бəрі сол чемоданда болатын. Өзімдегі нан салған дорбаға салсам тозып қалар деп, сонда салған едім. Нұрымбаймен бірге соның бəрі қалып қойды. Бұлай болатынын мен қайдан білейін.
Нұрымбайдың қалып қойғанына емес, енді сол нəрселеріме ішім ашып келеді. Осы келе жатқанда менде де, Ілияста да ешқандай документ атаулы жоқ. Менің документтерім ұрының қолында кеткенін оқушы біледі. Ал Ілиястың документтері ФЗО-ның сейфінде қалды. Қашан оқу бітіргенше, ФЗО оқушыларының документтерін қолдарына бермейді. Егер жол-жөнекей біреу-міреу ұстап, жөн сұраса, Қарағандыға қолөнер училищесіне оқуға барған едік, науқас болған себепті оқуға қабылдамады, үйімізге қайтарды демекшіміз. Документ сұраса, екеу ара бір чемоданымыз бар еді, барлық документіміз, поезға алған билетіміз сол чемоданда еді, вокзалда ұрлап кетті демекшіміз. Сөзіміз аша шықпас үшін бұның бəрін егжей-тегжейіне дейін ойластырып жаттап алдық. Поезд жүйткіп келеді.
25
Түн мұнша суық болар деп ойламаған едік. Үстіміздегі күздік пальтоларымыз қауқар болмай барады. Желдің ызғары етімізден өтіп, сүйегімізге жетеді.
Поезд енді бір тоқтағанда түсіп, вокзалға барып, жылынып алмасақ, болатын емес. Эшелон шағындау бір станцияға тоқтады. Секіріп-секіріп жерге түстік. Станцияның аты Шоқай екен.
Таң бозғылданып атып келеді.
Шағын вокзалдың жолаушы бөлмесіне кірдік. Аяқ басар жер жоқ. Чемодандарын, жүктерін жастанып, біреуіне біреуі сүйеніп, бастары салбырап, əрқайсы əр түрлі тұрпатта қор-қор ұйқтап жатқан адамдар. Еден лас. Бөлменің күлімсі жылы ауасы қалшылдап тоңып келген біздер үшін əуелде сүйкімді боп сезіледі. Қор-қор еткен көп жұрттың арасынан орын қарастырып, біз де қисайдық. Поезда тоңып келе жатып, ұйықтай алмағанбыз. Жылы иіске тұмсығымыз іліккен соң теп тез-ақ көзіміз жұмыла бастады. Ұйықтап кетіппіз. Жұртты дүрліктіріп тұр-тұрлаған дөрекі дауыстан оянып кеттік. Үйдің іші жап-жарық. Таң атпақ түгіл, күн шыққан. Ауыр кирзо етігін тарп-тарп басқан тортбақ қызыл сары кемпір үй сыпырғалы келіпті. Қотанда жусап жатқан сиырды айдап өргізгендей əркімді аяғымен бір теуіп, сыпырғымен ұрып, оятып жүр.
Оянып алып, бірімізге біріміз қараған кезде Ілияс екеуміздің көздеріміз атыздай болысты. Түсіміз адам шошырлық екенін жаңа байқадық. Беті-басымыздан, киімімізден тас көмір жұғып, былғанбаған жер қалмаған. Қүдды батпаққа аунап тұрған немесе тұмсығымен жер қазған шошқалар тəрізді. Күлсек, тістеріміз бен көздеріміз жалтырап көрінеді.
Дереу сыртқа зытып жөнелдік. Үйдің артына аулағырақ барып, киімімізді шешіп қағып, құдықтан су алып жуынып, түр-түсімізді тəртіпке келтіріп жатырмыз. Қарағанды жақтан ентіге келіп, жүк поезы тоқтады. Кейбір вагондары бос екен. Ебін тауып, бос вагондардың біреуіне кіріп алдық. Төбеміз ашық — көк аспан, жан-жағымыз бітеу. Ішіне кепкен нан, оны-мұны салған дорбашаларымызды басымызға жастанып, тырайып-тырайып жатып алдық. Дəл бір нағашы атамыздың төрінде жатқандаймыз. Поезд сақылдап жүріп келеді. Түндегі көмір тиелген вагонның үстінде, уілдеген зəрлі желдің өтінде жатқандай емес, мына жатысымыз рақат. Тек астымыздан тақтай ғана батады.
...Петропавлға күн батпай келдік. Вагонның сырғымалы есігін сызаттап қана ашып, сығалап қараймыз. Жұмыс киімін киген, əрқайсы өз жөнімен қарбаласып аяқтарын тез-тез басып, кетіп бара жатқан адамдар. Сырты кірлеп кеткен, шаңға малынған кірпішүйлер, ағаштар. Паровоз мен келдім дегендей өңешін созып, ақырып-ақырып қояды. Келсең, қайт дейсің, келе бер дегендей боп, басқа паровоздар ақырады. Тарам-тарам жолдың өн бойы қаптаған жүк поездары. Кейбіреуі бос, кейбіреуінің үстінде тиелген əр алуан нəрселер. Қайсысы қайда бет алады, біліп боларлық емес.
Станция басына жақындай түскен сайын эшелонның жүрісі бəсеңдей берді. Енді міне баяу ғана жылжып келеді. Есіктің сызатынан сығалап, біз бəрін көріп келеміз, бізді ешкім көрмейді. Кенет, алдыңғы жақ төбемізден жарқ етіп, аспалы көпір шыға келді. Үсті толған арлы-берлі жүріп жатқан адам. Эшелон көпірдің астымен өтіп барады. Біз жаман састық, не істерімізді
білмейміз. Қазір біз мінген вагон көпірдің дəл астына келгенде, ана жұрт бізді көреді. Қаңыраған бос вагоның ішінен жасырынар қуыс таппай, бірімізге біріміз үйлігіп, тыпыр-тыпыр етеміз. Сөйткенше болмады, кəпір біздің дəл төбемізге келіп те қалды. Жұрт көрді бізді. Аналарды қара, анау екеуін қара деп біреуіне біреуі айтып, нұсқап, көрсетіп жатыр. Біз оларға ыржия қарап күлгенді ғана білеміз. Абырой болғанда, эшелон əлі де тоқтамай, қозғалуда. Аспалы көпір де, оның үстіндегі төбемізден төне қарап шу-шу еткен жұрт та сырғып арт жақта тасаланып қалып қойды. Петропавл бұл үшсала темір жолдың торабы. Бірі батысқа, екіншісі шығысқа қарай кетеді. Үшінші жолмен Қарағанды жақтан біз келіп тұрмыз. Эшелон тоқтап тұр. Ілияс екеуміз кеңесудеміз. Не істейміз? Мына поездан түсеміз бе, түспейміз бе? Бұл енді қалай қарай жүрер екен? Бізге керегі шығыс жақ — Новосібір жақ. Олай қарай жүрсе, онда құба-құп. Ал егер олай қарай жүрмей батысқа қарай жүрсе ше? Түспей, тоқтай тұрайық, қалай қарай жүретінін бай-қайық. Батысқа қарай бет алса, онда келесі тоқтаған жерде түсіп қалармыз деп келістік. Қазір түскенмен, жəне бір поезға отыруымыз керек. Оның қалай қарай жүретінін біз қайдан білеміз, пəлен жаққа барады деген маңдайында жазуы жоқ. Əрі үйреніп қалған жайлы вагонды қалдырғымыз келмейді. Бір поездан түсіп, басқа біреуіне мінеміз деп жүргенде, ұсталып қалуымыз жəне мүмкін. Тəуекел. Эшелон көп бөгелген жоқ. Сықыр-сықыр етіп қозғалды. Есіктің сызатына жабысып, бақылаудамыз. Бүл күн батып бара жатқан кез. Жат қаланың жер, көше жағдайы бізге таныс емес. Поездың қалай қарай бет алатынын күнге қарап қана тұспал етеміз. Е,құдай, айналайын ием, шығысқа қарай жүргізе гөр деп ішімізден жалбарынып, тілек етеміз. Қаладан шыға беріп, эшелон қабырғадай иіліп, маңдайын батып бара жатқан күнге қарай бүрын алды.
- Ойбүй!
- Қап, мына ит қатырды-ау, ə!
- Енді қайттік!
Қолдан келер қайрат жоқ, ызаланып, вагонның есігін тарс-тарс тепкілейміз. Қырсық поезд бізді мүлдем басқа жаққа əкетіп барады.
Бəлем, қайтер екенсіңдер деп, əдейі егесіп алған тəрізді, жуық маңда тоқтар да емес. Ызғытып ұрып келеді. Орман, тоғай, шабындықтар, егінін орып əкеткен аңыздар дөңгелене сырғып, артта қалып барады.
Күн батып кетті. Түн. Кешегідей айсыз қараңғы түн. Қырсық поезд əрең дегенде бір станцияға келіп тоқтады. Əжептеуір үлкен станция. Бізден бұрын келген бірнеше жүк поездары тұр екен. Біздің поезд солардың сырт жағынан қатарласып тоқтады. Есікті сырғытып ашып жібердік те, жерге секіріп-секіріп түстік. Күні бойғы қорегіміз құр нан, шөлден өліп барамыз, тіліміз аузымызға сыймайды. Əуелі вокзалға барып, асханасы болса, тамақтанып, сусындап ес жимақпыз. Содан соң ағылып жатқан көп эшелонның біреуімен келген ізімізбен кейін қарай қайтамыз.
Вокзалға төте тартып қатар түрған составтардың біреуінің астынан өттік. Міне, енді екіншісінен өтпекшіміз. Бұл тұрған əскери эшелон екен. Жүктерінің үстін кенеппен бүркеп, жауып алған. Автомат ұстаған күзетшілері бар. Эшелонның астынан өтіп, əрмен шыға берген кезде кенет: — Стой! — деген дауыс саңқ ете қалды.
Төбемізден жай түскендей болды.
Алдымызда жəне бір эшелон тұр.
Біз алға емес, артқа қарай қаштық. Составтардың астынан еңбектеп өтіп, зытып келеміз. Былайғы жақ беті ашық қараңғы. Бірімізден біріміз көз жазбай, сол түңғиық қараңғыға тезірек сіңіп жоғалғанша асықпыз.
Əлгі дауыстың иесі соңымыздан тасырлатьп қуып келе жатқан тəрізді.
Мен алдамын, Ілияс менің соңымда.
Кенет, бір ылди жарқабақтан күмп етіп түстім де кеттім. Қараңғыда ештеңені де көрмеймін. Сөйтсем əлгі арада көлшік су бар екен. Былшетіп белшемнен кірдім де кеттім. Суық суды құшақтап жығылып барып əзер тежелдім.
Артымдагы Ілияс суға сəл жетпей тоқтады. Судан малшына сүйретіліп қайта шықтым. Арт жақтан қуғыншының тысыры білінбейді. Əйтеуір сол абырой болды. Енді аяқ басып жүруге халім жоқ. Əрі қалшылдап тоңып бара жатырмын. Ауыстырып киетін құрғақ киім менде жоқ. Енді қалай еттім? Үсіп өлемін-ау деген қорқынышты ой миымды шағып барады. Əлгі арадан былай таман барып, су болғаи киімдерімді шешіп, сыға бастадым. Сырт киімім мақталы шолақ пальто, оның етек жағы, алдыңғы өңірі малшынған су. Ілияс құрғақ пальтосын маған берді. Менің пальтомды қолына ұстап алды. Енді не істейміз? Вокзал жаққа баруға жүрегіміз дауаламайды. Мына су-су болған түрімізді көріп, кім де болса сезік ойлауы ықтимал. Темір жолдың бұл жақ беті елсіз, станция үйлері вокзалдың арғы жағында. Бұл арадан бізге жарқыраған оттары көрінеді, иттердің əупілдеп үрген дауыстары естіледі.
Оңтүстік-шығыс жағымызда қарайған бір шоғыр ағашбайқалады, соған таман келдік. Ағаштың ірге шетінде сыртын тікенек сыммен қоршаған бір мая шөп түр. Біз қоршаудан оп-оңай секіріп, ішке түстік. Шөп құп-құрғақ, майда екен, ой қуанғанымыз-ай. Өлмегенге өлі балық жолығады деген осы да. Біз енді осы шөпке түнеп шықпақшы болдық. Маяның күнгей жағын үңгіп, екі адамдық қуыс орын жасадық. Су болған киімдерімнің бəрін шешіп, жайып тастадым. Ілиястың қүрғақ киімдерін екеу ара жамылып, оның сыртынан шөппен бастырып, қойындасып жатырмыз. Астымызда қалың шөп, əрі жылы, жұмсақ. Мөп-мөлдір желсіз əдемі түн, таза ауа. Əлгіндегі тіліміз аузымызға сыймай шөлдегеніміз, қарнымыздың ашқаны бəрі де ұмыт болған. Қатып ұйықтап қалыппыз.
26
Оянсақ, күн шығып кетіпті. Төңірек жарқырап тұр. Жерге, үстіміздегі жамылған шөпке шықтанып қырау тұрған. Маңайымыз иен дала. Күн жылыныңқырасын деп, жылы төсекті қимай, біраз жата түстік. Менің жаюлы жатқан киімдерім аздап дегдігенмен əлі кеппеген. Күннің шұғыласы бірден бірге молайып, қызуы өтімді болып барады. Шөпке қонған шық еріп, жеңіл ғана бу болып көкке көтеріледі. Станция жақтан паровоздың ақырған, қозғалған дыбыстары естіліп, жата бермей тұруымыз керектігін, тіршілік қамын істеу қажет екенін еске салады. Ашпыз, ішімізде түк қалмаған. Кепкен нанды қытырлата беруге тəбет соқпайды. Тым құрыса, ыстық су боп, батырып жеуді арман етеміз. Тұрып, киініп жатырмыз.
Аяқ жаққа шөпке көміп қойған бəтіңкелерімнің біреуі бар да, біреуі жоқ. Міне жұмбақ? Əрі іздеп, бері іздеп, таба алсамшы. Қайда кетуі мүмкін? Біреу келіп алса, екеуін бірдей алар еді. Ашықтан ашық жаюлы жатқан киімдерімді қоса алар еді. Ой тоба, жер жұтты ма, не болды? Бəтіңке табылмады.
Бұл мен үшін өте бір қиын жағдай. Жалаң аяқ қалай жүрем? Магазиннен сатып ала қоюға осы кезде ешқандай киім атаулы табылмайды. Ал аяқ киім тіптен қат. Менің бəтіңкем болса, ФЗО берген, былғарысының қалыңдығы бір елі, аяққа да сондай жайлы, су жаңа мынау деген жұмыскер бəтіңке еді. Жарты жыл мойымай кие беруге бар еді. Ол тəрізді аяқ киім бұл кезде, тіпті оңайлықпен табылмайды. Бəтіңкем табылмасына көзім жеткеннен кейін еңсем түсіп кетті. Ілияс жолдастыққа жақсы бала. Менімен бірдей қиналып, іздесіп жүр. Ақыры табылмаған соң:
— Мына станцияда базар бар шығар. Содан аяқ киім табылар сатып алуға, — деп мені жұбатқан болады. Одан басқа амал жоқ.
Станцияға қарай келе жатырмыз. Масқара болғанда, мен жалаң аяқпын. Сыңар бəтіңкемен қалай жүрейін. Бір қажетке жарар деп тастауға көзім қимай, дорбама салып алғам. Біздің келе жатқанымыз жалғыз аяқ көнелеу соқпақ жол. Кенет дəл алдымыздан жоғалған сыңар бəтіңкемнің кездесе кеткені! Жолдың үстінде жатыр мені тосып. Тап сол! Қуанып кетіп, алып қарасам, қонышын бір нəрсе мыжғылап шайнап тастаған.
Көп зиян келтірмеген. Біз енді білдік, ит пе, түлкі ме, болмаса басқа бірдеңе ме, түнде біз ұйықтап жатқанда бұны ұрлап əкеткен. Тамақ етпек болған, бірақ жеп жарымаған. Бəтіңкемнің табылғанына шешем ұл тапқандай қуандым.
27
Станцияға тура жүріп баруға батпай, арғы поселок жақтан айналып келдік. Вокзалдың асханасында бұршақтан істелген буы бұрқыраған, əрі ыстық, əрі қою көже бар екен. Екі-екі сыбағадан алып ішіп, несін айтасың, бір жетістік. Өмірі мұндай дəмді тамақ ішіп көрмеген тəріздіміз. Ілиястың ұнжырғасы түсе бастаған. Алматыға, бəрібір, жете алмаймыз. Одан да Қарағандыға қайтып барсақ? — деген сөзді айтады.
- Енді барғанымыз ұят емес пе?
- Несі ұят?
- Ұят түгілі, масқара емес пе? Шешінген судан тайынбайды. Не көрсек те енді шыдаймыз.
Станция үлкен станция болғандықтан ба, перронда əскери патруль мен милиция қабаттасып жүр. Поезға мінетін жұртты билеттерін тексеріп шығарады. Бейсауыт ешкімді темір жолға жолатпайды. Кештүсіп, қас қараймай, поезға отыра алатын емеспіз. Жолаушылар залында мелшиіп отыра беру жəне ыңғайсыз. Əлсін-əлсін милиция келіп, шолып қарап кетіп жүр. Не поезға мінбей, не кетпей, сарғайып не бағып отырсыңдар демей ме? Қашан түс ауғанша қалашықты аралап жүріп қайттық. Əбден шаршап, қарнымыз ашқан кезде, вокзалға, қайта қайтып келдік. Манағы дəмді көжеден екі-екі сыбағадан жəне алдық. Уақытты соза түсу үшін асықпай-саспай ішіп отырмыз. Халық асханада онша көп емес, бір столда Ілияс екеуміз ғанамыз. Қарны тойған адамның бей-жайы келетіні белгілі. Тамақтан соң, манаурап ұйқымыз келе бастағандай. Жатып ұйықтар жер болса, қисайып, қор ете қалу арманымыз. Ондай рақат жағдай біз үшін қайда!
Маңдайымызды қолымызбен тіреніп, қалғып-мүлгіп отырмыз. Солай отырып Ілияс та, мен де көзіміз ілініп, ұйықтап кетіппіз. Кенет асхананың іші топырлап, қаптап кірген адамнан дүр ете қалды. Біз шошып ояндық. Жолаушы поезы келіп тоқтаған болуы керек. Халық лақ етіп қаптап түскен.
Мен нан салган дорбамды артыма орындықтың арқалығы мен екі араға қойып, бөксеммен тірегендей болып отырғам. Сипап қарасам, дорбам жоқ. Жүрегім су ете қалды. Ұшып тұрып, алақ-жұлақ қараймын, жоқ. Қара басып, ұйықтап отырғанымды көрген де, қақшып əкеткен.
— Дорба! Нан салған дорба көрдіңдер ме? — деп без-без етем.
Көрдік деп кім айтсын. Өмір бойы жиналған мүкəмал — дүниемді ұрлатсам, дəл мұндай өкінбеспін. Маңайымдағы топырлаған жұртты шетінен түтіп жеуге дайынмын. Қазіргі кезде біз үшін тамақтан қымбат не бар?
— Өй, ит екенсің, арт жағына кісі дорба қоя ма! — деп Ілияс күйіп-пісулі.
— Ал енді аштан ашжетіп көр ауылға, — деп табалағандай болады.
Ішім удай ашып, кімге ұрынарымды білмеймін. Кім алғанын титтей де болса сезсем, қолында өлер едім. Нан салған дорбаның біреуі Ілияста. Мендей емес, ол ақылдылық істеген. Дорбаны
тамақ ішкен кезде де, қалғып отырғанда да алдына тізесінің үстіне қойып, қарнымен басып, екі қолымен құшақтап отырыпты.
— Бəлем, тоқтап тұрсын, мен де біреуді зар қақсатармын! — деп ашынып, Ілиястың алдында ант беріп жатырмын.
Ұры итте ұят, нысап болмайтын көрінеді. Болса, осымен бір емес, бірнеше рет жəукемдеді. Қоймай ма?
28
Бір жеті уақыт өтті.
Бір жетіден бері біз қашқынбыз. Бетке алған нысанымызға қарай итшілеп жылжып келеміз, Омск, Томск, Новосибирск қалалары артта қалды. Қазір енді Алтай өлкесінде келе жатырмыз. Бір күн, жарым күнде Қазақстан шекарасына ілінуге тиіспіз. Əрмен қарайғы сапарымыз онша қиын болмас. Алматыға жетсек, Қарасазға жеткеніміз. Үйге жеткеніміз.
Еркін Мамырбаевты тосып тұрған айқас бар. Қазандай қайнаған ашуым əлі сол қалпында. Тек жетейін Тұйыққа.
Біз, көбінесе, жүк поездарына жабысып, түнде жүреміз. Күндіз демаламыз немесе үлкен қалалардан жаяу өтеміз. Реті келген жағдайда жолаушы поезына да жармасып, мініп аламыз. Вагонның ішіне жоламаймыз. Біздің орнымыз тамбурда. Яки болмаса ашылмайтын есіктің сыртындағы басқыштың үстінде. Қонақтаған торғайша жабысып алып, кете барамыз.
Вагонның төбесіне шығып алатын да кездеріміз болады. Бірақ бұл арада пана жоқ, əлем-жəлем тым суық. Ұзақ шыдау мүмкін емес. Кейде, түнде, жүрт ұйықтап жатқан кезде, ақырындап вагонның ішіне де кіреміз. Ондайда біздің сағалайтынымыз дəретхана. Соның есігі ашық болса, дереу кіреміз де, ішінен кілттеп аламыз. Қашан есікті тақылдатып, қуып шыққанша кетпейміз. Поездан поезға жабысып, «қоян» болып келе жатқан Ілияс екеуміз ғана емеспіз. Ондайлар көп. Жол-жөнекей біз олардың біразымен жүзі таныс болып алдық. Милицияның немесе поезд қараушылардың қарасы көрінгенде:
— Атанда! Атанда! Келіп қалды! — деп бірімізге біріміз хабар беріп, тым-тырақай қашамыз.
Жылжи жонелген поездың өн бойынан бірімізді біріміз жəне байқап, барсың ба, бармын дегендей боп, бас изесіп, күлісіп тас кенедей жабысып тағы да келе жатамыз. Жол азық нанымыз таусылған. Қалтада бар ақшамызға біраз нан сатып алдық. Соны үнем етіп келеміз. Барнаулдан жаяу өттік. Алдағы разъезге дейін құм кешіп жаяу келдік. Қас қарайған кезде əлгі арадан үстіне кіл бөрене ағаш, əр алуан тақтай тиелген жүк поезына отырдық.
Адамша бел шешіп жатпағанымызға, адамша беті-қол жумағанымызға табаны күректей бір жеті. Үстіміздегі киімдеріміз бүл уақытгың ішінде мейлінше ластанып, былғанған. Тас көмірдің күйесі бейне қара май жүққандай болады екен. Қағып сүрткенге кетпейді, одан əрмен айғыздалып былғана түседі. Біздің қазіргі кездегі түріміз қайыршының түріндей. Түн бүгін ерекше суық болды, қалшылдап жөнді ұйықтай алмай шықтық. Жуандығына құшақ жетпейтін нəн бөренелер тиелген вагонда келе жатырмыз. Ең үстінде, екі бөрененің арасындағы қуыссымаққа бірімізге біріміз жалғасып тізбектеле жатқанбыз.Төбеміз бен төбеміз түйісіп жатырмыз. Таңатып, күн шыққанын білдік. Қазақстан шекарасына жақын қалған болуға керек. Тағы біраз жата түскіміз келді.
Күн біртін-біртін биіктеп, жылуы молая түскен сайын бойымыз жадырап, сүйсінеміз. Содан екеуміз бірдей қатып ұйықтап қалған екенбіз.
— Ей, вставай! — деп біреу иығымнан жүлқығанға көзімді ашып алдым. Эшелон тоқтап түр. Күн көтеріліп сəске болған. Станция басы. Перронда əрлі-берлі жүрген адамдар.
Плащ, кепке киген біреу Ілияс екеумізді жұлқып оятып тұр.
— Түсіңдер!
Ұйқы шайдай ашылды. Біріміздің соңымыздан біріміз салбырап түсіп келеміз. Перрондағы жұрт бізге сайтан көргендей таңырқап қарайды.
Станцияның аты Чепуново. Əлгі адам бізді вокзалдағы милиция болмесіне əкеп кіргізді.
— Отырыңдар.
Біз отырдық. Əкелуші сырт киімдерін шеше бастады. Біздің көздеріміз атыздай болды. Өйткені, ертіп əкелуші жай ғана біреу емес еді. Милиция формасындағы лейтенант. Кепка мен плащты сыртынан танытпас үшін əдейі киген. Ол енді бізбен сөйлесуге асығатын емес. Шашын баптап тарап, белбеуін, жамбасындағы наганын түзеп, содан соң столдың ар жағындағы өз орнына жайымен барып отырды. Қармағына ілінген балықты кете алмастай етіп жіпке тізіп, көңілі жай тауып, бипазданған балықшы тəрізді. Біз желбезегінен ілініп, жіпке байланған балықтармыз.
— Ал жігіттер, жөн білісе отырайық. Кімдер боласыңдар? Қайдан келесіңдер?
Жаттанды жауап дайын. Қарағандыдан келеміз. Қолонер училищесіне оқуға барған едік, денсаулығымыз жарамай, қабылдамады. Документ пе? Документіміздің бəрін чемоданымызбен қоса ұрлатып алдық. Поезға алған билетімізге дейін сонда кетті.
— Жүк поезымен жүргені үшін соттайтын указ бар, сендер оны білесіңдер ме?
Біз иығымызды қомпаң еткіздік, білмейтінімізді айттық.
Темір жолдан шалғай жатқан ауылдың балалары болғандықтан темір жолға қатысты заң-тəртіпке мүлдем сауатсызбыз.
— Білмесеңдер, енді білетін боласыңдар. Лейтенант сыртқа шықты да, бір милиционерді соңынан ерте кірді. Бізді нұсқап:
— Міне, мыналар, — деді.
Кəдімгі қылмысты адамды айдағандай, əлгі бізді алдына салып, айдап жөнелді. Көше-көшенің арасымен əкеле жатыр. Қайда апарады, не істейді, біле қоймаймыз. Сырт аумағы биік етіп тақтаймен қоршалған оқшау бір үйге əкелді. «Чепуново аудандық милиция бөлімшесі» деген жазуы бар. Істің насырға шауып бара жатқанын енді айқын сезініп, жүрегіміз су ете қалысты.
29
Кезекші бөлмесіне кіргізді. Тінте бастады. Қалған-құтқан ақшаларымызды, белбеулерімізді, қағаз-қарындаштарымызды, бəтіңкелеріміздің бауларына дейін сыпырып алды. Менің шалбарымның белі кең еді. Белбеуімді суырып алған кезде салқ етіп, аяғымның басына бір-ақ түсті. Сасқанымнан мықшың ете қалыппын.
— Енді қайтем? — десем.
— Ышқырыңнан қолыңмен ұстап ал, — деп күледі. Қораның ішіне алып жүрді. Үйдің асты жерден қазылып істелген абақты екен, соған əкелді.
Темір есік, зор қара құлып. Саудырлаған кілттердің біреуімен аша бастады. Қамағалы жатқанына көзіміз жетіп, түршігіп, зəреміз үшып кетті.
Əуелгі кіргеніміз абақтының алдыңғы үйі. Көр секілді дымқыл да, ала көлеңке. Екі жақта екі есік байқалады: бірі дəл бет алдымызда, екіншісі оң қол жақта. Милиционер оң қол жақтағы есікті ашып қалғанда, ар жақтан телміре қараған, сақал-шаштары өсіп кеткен, қуқыл жүзді біреулер көрінеді. Илеген терінің иісі тəрізді жыныққан қапырық иіс бүрқ ете қалды. Камераға айдаһардың аузына кіріп бара жатқандай үреймен кірдік.
Тоқсан бес көрейін деген жасым ба еді,
Быламық ішейін деген асым ба еді...
Ес білгелі басыма неше алуан қиялдар, ойлар келгенмен түрмеге де түсермін-ау деп ешқашан ойлаған емес едім. Дəм айдап, оны да көрдім.
Жақсылық пен жамандық ұстара жүзінің екі қапталы тəрізді нəрсе екен. Біреуінен аяғың тайып кетсе, екіншісінен бір-ақ барып шығасың.Аты суық, түсі суық абақтының ішінде отырғаныма сенер-сенбесімді білмеймін. Жамандық адамға ал сақтан, мен келе жатырмын деп, тісін ақситып келмейді екен. КПЗ-да бір жетідей отырдық. Содан соң сот болды. Ілияс екеумізді сотқа айдап барды. Мынау міне аудандық соттың кеңсесі. Біздің алдымызда біреулердің ісін қараса керек. Сот кеңсесінің алды үйір-үйір адамдар. Көпшілігі қарттар, əйелдер. Сот мүшелері көрінбейді, сірə, тамақтануға кетсе керек. Бізді бос залға кіргізіп, ең алдыңғы қылмыскер отыратын скамейкаға отырғызып қойды. Бұл кезде Ілияс та мен де əбден жүдеп-жадағанбыз. Көздеріміз шүңірейіп, мойындарымыз қылқиып, дəл бір сал аурудан тұрғандаймыз. Əл жоқ, қылжиып жата кеткіміз келеді. Өстіп қаздиып отырудың өзі ауыр. Тезірек соттап, камераға қайтып алып баруын тілеп отырмыз. Əлсіздіктен басымыз айналып, көзіміз қарауытады. Жұрт бізге аянышпен қарайды. Ана жүрегіндей мейірбан жүрек дүниеде бар деймісің. Түр-түсі кедейлеу, картаң орыс əйелдерінің біреуі үйіне жүгіріп кетіп, жарты бөлке нан алып келіп:
— На миленькие, кушайте, — деп Ілияс екеумізге бөліп берді.
Бет жүзі əжім-əжім сол əйелді, оның жақсылық қылығын мен ешуақытта ұмытпаймын. Қарпып жеп жатырмыз. Сот көп сұрап, бас қатырып жатқан жоқ.
— Жүк поезымен жолаушы жүргендерің рас қой ?
— Рас.
- Бұның қылмыс екенін мойындайсыңдар ғой?
- Біз білгеміз жоқ.
- Білген, білмегендерің қажет емес. Жүк поезымен жол жүру ол қылмыс. Сендер сол қылмысты істеген адамсыңдар, осыны мойындайсыңдар ма?
- Мойындаймыз...
Сот кеңесуге кетті. Қайтып келді. Бір-бір жылдан бас еріктерінен айырылсын, жазаны еңбек түзеу колониясында өтесін деп үкім қабылдапты.
Болды, бітті. Заңның аты — заң. Статьяға тура келіп түрған соң, кесті де салды. ФЗО-дан қашқандығымыз жайлы бір ауыз да сөз жоқ. Тағы да КПЗ.
Екі-үшкүн өткенде, Барнаулға жөнелтті. Мүнда алып келген күні кенет ыстығым көтеріліп, ауырып қалдым. Ауруханаға түстім. Бір жетідей жатып, сақайып, қайта қайтып келсем Ілияс досым камерада жоқ боп шықты. Оны этаппен колонияға жөнелтіп жіберіпті. Содан қайтып мен Ілиясты көрген емеспін. Мейірімсіз тағдыр қасымдағы жалғыз серігімді де көп көріп, бөліп əкетті.
30
Ғұмырымның бір жылын колонияға беріп, міне енді елге қайтып келе жатырмын. Қоңыраудан қоңырауға дейін тура он екі ай отырдым. Қапаста өткізген бір жыл мен үшін естен кетпес мектеп болды. Құйрыққа жақын вагонның біреуінде, үстіңгі орында киімсымақ бірдеңелерімді астыма төсеп, кенеп дорбамды басыма жастап, шалқамнан түсіп жатырмын. Алматыға жеткенше бірнеше күн. Талайдан бері қанбай жүрген үйқымды əбден қандыруыма бұл бір жылдың ішінде бастан кешкендерімді қиялыммен көз алдымнан өткізіп, ақыл таразысына салуға енді толық мүмкіндік бар.
Қапастың аты қапас. Жұртты оған демалсын деп апармайды. Оның үстіне қиын кез — соғыс уақыты. Былайғы бостандық өмірдің өзінде де жан бағу оңай емес. Бұл бір жылдың ішінде мен ашта болдым, жалаңашта болдым. Қабырғам қайысқан неше түрлі ауыр жұмыстар атқардым. Бəріне де көніп, шыдай білдім. Қапасқа кіл оңбағандар түседі деп қарау — жаңсақ ұғым. Мұнда да əр түрлі адамдар кездеседі. Біреуден жақсылық көрсең, біреуден жамандық көресің. Колонияға келген күні алты жүз елу грамдық паек на-нымды бір тістеп жеместен ұрлатып алдым. Күні бойы жаяу жүріп, өлермен болып келгенбіз. Кереметтей ашедім.
— Наным! Наным! Кім алды? — деп құр орнын сипалап, зарладым да қалдым. Ғүмырымның жартысы жоғалған нанмен бірге кетті. Ішім удай ашып, жігерім құм боп, шешем өлгендей боздап жылап жібердім.
Бірде-бір адам неге жыладың демейді. Мына сорлы сорлап қалды-ау деп жұбату айтпайды. Аянышпен қараған бір көз байқалмайды. Бəрі де шоқ, шоқ! Сол керек өзіңе, əкеңнің үйінде емес екеніңді білуің керек еді. Енді бұдан кейін ақылдырақ боларсың деп табалайтын тəрізді. Адам деп аталынатындардың қалың ішінде тұрып, біреуінен бір ауыз адамшылық сөз естімегеніме одан бетер зəр жүтып, боздаған үстіне боздадым. Бір қолында сорпа қүйған кружкасы, екінші қолында паек наны бар, шинель киген, менен гөрі ересектеу жігіт қасыма келді:
— Не болды? Неге жылайсың?
— Нанымды ұрлатып алдым, — дедім.
— Қалайша?
— Төсегімнің үстіне қойып, енді сорпа қүйғызып алуға былай бұрылған едім...
— Ұлтың кім?
— Қазақпын.
— Не үшін түстің?
Айттым.
— Нанды қолдан шығаруға бола ма екен?
Жігіт осыны айтып, маған өз нанынан бір үзіп беріп жатыр.
Мен бұны ешуақытта күткен емеспін. Шыны ма, өтірігі ме деп ойлап, алар-алмасымды білмедім. Мені мазақтауы болар.Жоқ, шын екен. «Мə, же» деп шындап ұсынады. Тəуекел деп алып жеп жатырмын.
Мұндай да адамшылығы күшті қайырымды жан болады екен-ау!
Жігіт маған барақтағы жайғасқан орным жүрттың жолындағы аяқ асты нашар орын екенін айтты. Былай-бы-лай өткендер үстіңді басып өтеді, бірдеңеңді қақшып кетпей тұра ма? Жүр, менің қасымда бір кісілік орын бар, соған жат. Бірімізге біріміз серік боламыз деді. Мен өзімнің туған ағайым табылғандай қуандым. Осылайша екеуміз дос боп кеттік. Адамшылық қасиеттері сом алтыннан құйылып жасалған бұл жігіттің аты-жөні Александр Заславский, ұлты украин. Ындыны өте жуас биязы ғажап адам. Соғыстан бұрын педагог екен. Армияға алынып, соғыста болған, немістерге қолға түскен. Түтқыннан қашып, партизан болады, одан өзімізге өтеді. Мүнда келген соң əскери трибунал он жылға соттап жібереді. Он жылды арқалаған арестант. Саша керемет жаны нəзік арманшыл, білім құмар жан еді. Менен қазақ халқы, оның өткен-кеткен өмірі турасында көп сұрайтын.
Қазақстанда болуға, қазақ даласын аралауға құмартатын. Менен қазақша сөздер үйренетін. Мен болсам, Сашаның Украинасын көрмекке құштармын. Сашадан украин сөздерін, украин өлеңдерін үйренем. Горбиль тақтайдан істеліп, іші-сырты жай ғана сыланған үлкен барақтың іші азынап тұр. Терезенің қырауы бір қарыс. Саша екеуміз киімдерімізді ортақ төсеніп, ортақ жамылып, қойындасып жатамыз. Тек тамақ ішуте ғана тұрамыз. Басқа уақыттың бəрінде бұйығып жатқанды білеміз. Шешініп жату деген болмай-ды. Аяғымызды бүгіп, бауырымызға тығып аламыз. Созсақ, жамылғыдан шығып кетеді де, тоңады.
Оң жамбасымыз талғанда, сол жамбасқа, сол жамбасымыз талғанда, оң жамбасқа бір мезетте аунап түсіп, біріміздің арқамызға біріміз жабысып аламыз. Саша бірер айдың ішінде күрт жүдеп кетті. Тұрып тамақ алуға да халі келмейтін болды. Оның сорпа, нанын мен əкеліп берем. Əлсіз адам сөзден де қала бастайды екен. Бір күні баракқа бастығымыз келіп:
— Шұлық, қолғап тоқуды кім біледі? — деп сұрады.
Бұны еркектің кімі кəсіп етті дейсің. «Мен білем» деген адам бола қойған жоқ.
— Гражданин начальник, қайтеді? — деп сұрадық.
— Біз сендерге жұмыс тауып бергіміз келеді. Майдандағы əскерге жіберуге шұлық, қолғап тоқу керек.
Үйретсе, тоқыр едік, —деп шу ете қалдық. Жұмыс істесек, нанымыз көбейеді.
— Мақұл, — деді.
Əйелдер барағынан бірнеше картаң əйелдерді ертіп əкелді. Олар бізге, ынтасы барларға, ілмек бізбен шұлық, қолғап тоқуды үйрете бастады. Бір бізбен бір домалақ жіпке мен де иемін.
— Мынаның қолы тым епті екен, — деп үйретуші əйел мені көтермелеп мақтап қойды.
Осылайша мен қолғап тоқуды үйрендім. Қолым қолыма жұқпайтын шебер болып алдым. Норма бойынша күніне бір пар қолғап тоқып тапсыру керек. Мен болсам, бір жарым, екі парға дейін тоқимын.
Қолы қимылдағанның аузы қимылдайды. Енді менің алатын наным көбейді.
Паек нанның үстінде қалайда бір кесім қосымшасы болады. Оны:
— Мə, жей ғой, — деп Саша досыма берем. Сашаның қолғап тоқуға халі келмейді. Қарлығаштың қанатымен су сепкені тəрізді əлсіз досыма осылайша ептеп болса да сүйеу болып жүрдім. Күн көрістің жолын тапқан, жылы-жүмсақ орындарды жайлап алған қулар мұнда да бар. Мəселен Тончин мен Зенкевич. Бұл аталған екі адам қоршаудың сыртындағы асханадан ертеңді-кештамақ тасып əкеледі. Барактың түкпір жағында есігі сыртқа қарай шығатын бөлек бөлмеде тұрады.
Тамақ таситын ыдыстарды жуып, таза үстау, арестанттар ішетін суды қайнату ол да осы екеуінің міндеті. Бірақ бұлар ол тəрізді былғанышжұмыстарды өздері істемейді, басқаға істетеді. Тончин мен Зенкевич тамақ таси жүріп, сорпаның қоюынан, ботқаның майлырағынан өздеріне мол етіп, жымқырып алып қалады. Сондықтан да бұлар тоқ. Зенкевич картаңдау, ұлты поляк. Тончин қылшылдаған жас жігіт. Тамақты көп ішкендіктен жұрт мешкей Тончин атап кеткен. Тоқтықтан бұл екеуі кесір болып алған. Қолдарына балаң біреуді қызметші етіп ұстайды. Əлгі айтқан от жағу, су ысыту, тамақ таситыи ағашбөшке, ағашшелектерді жуу тəрізді лас жұмыстардың бəрін соған істетеді. Арестантты малай етеді.
Менің елгезек мінезіме қызықты ма, қайдам, бір күні Тончин:
- Бізге от жағушы боласың ба? — деді.
- Болам.
Барақтан, Сашаның қасынан, енді кетуіме тура келді. Тончин мен Зенкевичтердің бөлмесіне ауыстым. Осында жатып, осында тұратын болдым. Қарын жағы тоғайды, мейлінше тоғайды. Бірақ оның есесіне жұмыс ауыр.
Тончин мен Зенкевичтің жасырып қойған ботқа, көжесінен олар жоқта қаңылтыр кружкаға жымқырып салып, немесе құйып алам. Барақтағы Саша досыма апарып берем. Саша шинелін бүркеніп жатып, ешкімге көрсетпей соғып алады. Бір құлдыраған адамның сергуі қиын болады екен. Сашаның осы күнгі, көктем таяп қалған кездегі халі тіптен аянышты. Қармаққа шаншыр ет қалмаған. Бет жүзіне тіке қарау біртүрлі қорқынышты, көзі өлген малдың көзіндей нұрсыз. Адамға меңірейіп шала таныған көзбен қарайды.
Бой жазып жүре алмайды. Маймыл тəрізді төрт тағандап еңбектеп қозғалады. Барақтың ырсиған еден тақтайының ара-арасынан күзде молшылық кезде түсіп, кептеліп қалған шикі арпа, шикі бидай дəндерін шұқып шығарып алып, жеп отырады. Менің Сашаға жасырып тамақтасып жүргенімді Тончин қу сезіп қалса керек. Бір күні кешқұрым дəретқанаға баратын сылтаумен сыртқа шыққанымда, Тончин соңымнан қуа шығып:
- Тоқта! — деп тоқтатып алды. Тоқтамасқа лажым жоқ.
Тончин қалта-қалтамды, қойнымды тінтіп, қарай бастады. Менде зəре қалмады. Қолтығымның астына тығып алған қаңылтыр кружка бар, іші толы ботқа. Тончин əлгіні оп-оңай тауып алды.
- Мынау не? Кімге апара жатырсың?
Менде үн жоқ.
- Ах ты падло!
Тончиннің шоқпардай үлкен жұдырығы жарқ етіп, көтеріле берді. Мен көзімді сескене жұмып, жасқануды білдім. Көзімнен былшеткізіп, бір перді. Көзімнің оты жарқ етті. Жəне ұрды. Керзі етік киген добалдай ауыр аяғымен ішімнен де тепкілеп жатыр. Мен қирап жығылып қалдым. Жатқанды ұрмайды дейтін еді. Тончинге бəрібір. Кеудеме, арқама, жамбасыма, басыма мыжғылап тебе берді. Тепкен сайын өл, өл дейді. Қорғанбақ түгіл, мен енді сезінуден қалғам. Мылжа-мылжа болып, суық қардың үстінде жата бердім.
Тончин мені өлтіре алмай қойды. Мен ыңырсып тағы біраз жаттым да, сүйретіліп бараққа, Саша досымның қасына жеттім.
— Ой, Саша, өлдім, əрменірек жат, — деуге халім əрең келді.
Коктемнің қызулы күндеріне Саша жете алмады. Мəңгілік ұйқыға батып көз жұмды. Кеудесі толы арман еді, əн еді, бəрін өзімен бірге əкетті.
31
Барақта төрт-бес адам жуан білек зорлықшыл топ бар. Атаманы Иван Гольц дейтін. Асханадан жеткізілген ыстық ас осылардың қолынан өтеді. Сорпаны да, ботқаны да Гольц өзі таратады. Серіктері Гольцке «Арыстан» деп ат қойган. Арыстан десе арыстан. ұзын бойлы, жауырынды, құс тұмсық, шүңгіт көздеу, кісіге шүйіліп, төне қарағанда түсінен адам қорыққандай. Сұп-суық көкшіл көздері өңменіңнен тесіп өтеді. Ортасы шодыр болып сынып біткен құс мұрыны бетінің оң жағына қарай жапырая қисайған. Асылы, тегін қисайыс болмаса керек, керемет бір күшті ауыр соққының жапырып, сүйкеп өтуінен болған қисайыс тəрізді. Бет, шықшыт барлығы солай қарай ауытқып жапырылып біткен. Ешкімге тиіспей, ашуланбай жай жүрген кездің өзінде де Арыстанның бетіне тура қарау мүмкін емес. Жауырыны күдірейіп, күректей үлкен қолдарының саусақтары өз-өзінен тарбиып, жан-жағына сұқтанып, ылғи да əлдекімді бассалып, бүре түсуге əзірленіп жүргені. Арыстан тамақтың бар дəмдісін өздеріне құйып алады. Біз телміріп, сілекейіміз шұбырып, қараймыз да тұрамыз. Ешкім қыңқ деп бір ауыз қарсылық сөз айта алмайды. Өздерінен қалғанын бізге таратады. Арыстан күндіз пырылдап ұйықтағанды біледі, түнде жортуылға шығады. Қашан оянып қарасаң, оның кіріп-шығып, түрегеп жүргенін көресің. Біздің қоршауға қанаттас басқа бір қоршаудың ішінде əйелдер барағы бар. Екі орта биік тақтай дуалмен бөлінген. Дуалдың үстінен тікенек сым тартылған. Қалай өтетінін, Арыстан содан өтіп барып не бір сұлу əйелдерді ертіп əкеп жүреді. Арыстанның мінезіндегі бір ерекшелік — ол сауықшыл. Өлең айтып, би билегенді сүйеді. Жата-жата жалыққанда, даусы жақсы жасөспірімдер мен жігіттерді маңайына жинап алады да, өзі бастап əралуан өлеңдер айтады. Қолдарын шарт-шарт соғып, барақтың ішін дүрліктіріп жібереді. Қапаста туған əр түрлі өлеңдер мен əндер бар. Арыстанның «ансамблі» көбіне соларды орындайды. Əндерінің сазы, əдетте, қайғылы болып келеді. Сөздері жүрек қылын шерткендей əсерлі. Тыңдаушының көзіне жас əкеледі.
Музыкасы да, сөзі де былапыт, адамшылық ар-ұятты белден басып қорлайтын да əн, өлеңдер бар. «Ансамбльдің» əр мүшесіне Арыстан əр түрлі ат қойып, айдар тағып алған.
- Көкқұтан, сен жөндеп айтпай отырсың? Қисықауыз, көңілдірек шырқа! Басың салбырап, немене прокурордың алдында отырмысың?
- Əй, ешкібас, барқырама!
Ол осылай əркімге зекіп ескерту жасаумен болады. Ескерту алғандар əнді жанын сала айтып бағады. Ілмиген арық, көбі көтерем. Сырт қараған адам: өле алмай отырып əн айтқан несін алды дегендей.
Арыстан биле десе билемейтін жан жоқ. «Цыганочка», «Лезгинка», «Гоппак» секілді кілең құтырынған жылдам билер биленеді. Ілмиген арық денелер көрден тұрған əруақ тəрізденіп селкілдеп бұраң-бұраң етеді. «Музыканттар» құтырытпа қыздырмалатып:
- Уа! Уа!
- Ба, ба! — десіп жатады. Бишілер де есіріп жан таппайды. Бара-бара олар естерінен танады. «Музыка» тоқтамайды.
Əбден қалжыраған бишінің бірі бір кезде гүрс етіп құлайды. Құтырынып алған «музыка» сонда да тоқтамайды.
- Ба! Ба!
- Уа!Уа!
32
Түрмеде еске алатын нəрселер толып жатыр. Оның бəрін тізіп жазсам, өз алдына кітап болар еді. Бірақ оның қажеті бар ма? Меніңше жоқ. Түрмені білмей де, оған түсіп көрмей де өмірді тамаша өтікізуте болады.
Міне, қазақ жері басталды. Қазақы ауасы. Станциялар басында қазақтар көбірек кездесетін болды.
Жүрегі қүрғыр туған жердің ауасын өзгеше сезініп қабылдайды. Ақ жаулықты əйелдерді көрсем, өзімнің шешемді көргендей елеңдеймін.
Бір қызығы менің билетім Алматыға дейін емес. Алматының түбіндегі Іле станциясына дейін. Соғыс уақтының заң-тəртібі бойынша түрмеден босаған адамға астанаға кіруге рұқсат етілмейді екен. Маған Іле станциясынан түсесің деді. Мен керісіп жатпас үшін, мақұл дей салдым. Іледе сүйреп түсірмесе, өздігімнен түспейтінім белгілі. Іледе түсіп, жындымын ба? Қарасазға Іледен Алматы жақын, бұл бір. Екіншіден, Іледен біздің ауылға тура қатынайтын жол да жоқ. Алматыға жетіп, бір-ақ түспекшімін. Алматыны айнала əскер қоршап алып, сырттан келген жолаушыларды бір-бірлеп түстеп-түгендеп, тексеріп кіргізіп тұрса, онда амалым жоқ. Ал олай болмаған күнде, менің енді Алматыға жетуіме ешқандай заң да, тəртіп те бөгет бола алмайды. Заң-тəртіптің қайнаған қазанынан шыңдалып, пісіп шақ-қан адамға, тəйірі, бұл бөгет болып па? Басым толған ой-қиял. Бір жыл болды, үй ішіммен байланысым үзілгелі. Ешқандай хабар-ошар білмеймін. Қайсысы қайда? Не істеп жүр? Аман ба, жаман ба? Сəрсебектен хат, хабар келді ме? Келмеді ме? Шешем қалай? Денсаулығы нашар, əрі уайымшыл еді. Сəрсебекке коса мен де хабар-ошарсыз кеткен соң қайғыменен қан жұтып, қаусап қалмады ма. Қаныша жеңгем не болды? Бір жылдан бері менің қайда екенімді, не істеп жүргенімді олар да білмейді. Білсе Қарағандыда, ФЗО-да оқып жүрген біздің ауылдың балаларының жазған хаттарынан Ілияс екеуміздің қашып кеткенімізді білер. Ал одан кейінгі тағдырымыз не болды? Немен тынды. Оларға бүның бəрі тұңғиық.Бір жылдың ішінде бір де бір хат жазған емеспін. Жазуға мүмкіндік жоқ. Бір парақ қағаз табу қиямет. Жұрт кепкаларының күнқағарындағы кардон қағазды алып, жұқалап жыртып, темекі орап тартады. Бір жыл бойы хабар-ошарсыз кеткен адамды олар бірдеңеге ұшырап, жазым болған шығар деп ойлаулары да əбден мүмкін. Ғалия қайда? Ол не істеп жүр? Оныншыны бітірген болар. Мен жөнінде Ғалия не ойлайды екен? Мына түріммен көрер болса талып жығылады ғой.
Бұдан да соғыста төрт мүшемнен бірдей айырылып, домаланған мүгедек болып оралсам сол артық еді. Мына түр, мына сиқыммен ел-жұртқа қалай көрінем, Ғалияға қалай көрінем дегенді ойлағанда, жігерім құм болады. Түрмеден келе жатырмын деп, арып-ашып сансырап қалай барам дегенде, жүзім өрт болып жанып кете жаздайды. Бір заманда өзім теңдес балалардың алды едім. Ұстаздарым адам болатын бала деп, үміт күткеннің бірі едім. Сол үмітті ақтаған түрім осы ма? Əлде тіпті ел бетіне көрінбей, қаңғырып жоғалсам ба екен? Бармасам ба екен?
Сонда қайда барам? Қалай күн көрем? Осы тəрізді ащы ойлар жанымды жегідей жеп маза таптырмайды.
Алматыға жақындаған сайын күйзеліп, қорлануым асқына түседі. Ерді намыс өлтіреді деген рас сөз. Ауыр тұрмыс адамның тауын шағып, мұқатады екен. Тіпті ез ете бастайды екен. Бұрынғыдай
басымнан сөз асырмас өжеттігім, əділдік жолында құрбан боп, жанып кетуге дайын түратындығым қазір жоқ. Айналамдағы өмірге тым селсоқ-салқын қарайтын болғанмын.
Қорқақ болып тумасам да, қорқақ бола бастағандаймын. Жалтақ болып тумасам да, жалтақ бола бастағандаймын. Жаза өтеп келе жатырмын деген бір ауыз сөздің өзі-ақ еңсемді көтертпейді.
33
Поезд Алматыға күндіз сəскелік кезде келді. Күздің аяқ кезі болса да күн жаздыкүнгідей маужырап түр. Жүрт жеңіл киіммен жүр. Вокзал алаңында қаптаған есек арбалар. Ат арбалар азырақ. Жүгі ауыр жолаушылар есек арбаларды жалдап кетіп жатыр. Менде не жүк болсын. Қолтығыма қысып алған кенеп дорбам ғана. Көк базарға қалай баруға болатынын сүрап алдым да, жаяулатып тартып жөнелдім. Маған бес күнге деп жол азық берген. Баратын жерімнің алыстығын, қаладан шалғай екенін ескеріп, екі жүз сом ақша берген. Оның бəрі таусылды. Базарға келе жату себебім біздің ауданнан қалаға сауда-саттық істеп, адамдар жиі келіп жатады. Олар, көбінесе, көк базарда болады. Солардың біреу-міреуісі кездесіп қалар деген ой.
Мүмкін біздің ауылдан келгендер бар шығар.
Мынау, міне, сол баяғы халық құмырсқадай құжынаған көк базар. Енді бұрынғыдай адасып кетемін деп жүрексінбеймін. Олай да, былай да кезіп өтіп, бірде-бір ел адамын көре алмадым. Жеміс атаулының піскен, базарға қаптап түскен кезі. Алма, өрік, жүзім, қауын-қарбыз, былтырғы əлгі быршетіп бетіме шашырайтын дəмі жаман помидор... т.т. көздің жауын алады. Айран, сүт, қымыз деген нəрселер жəне көп. Ақшам болса сатып ап, ішкім келеді, жегім келеді. Оған бірақ ақша жоқ. Берген екі жүз сомның басына жолдағы станцияларда су құйғам. Қалай етем? Ақшаны қайдан табам? Ақша табудың мен үшін екі жолы бар. Бірі қалтаға түсу, ұрлау. Екіншісі үстімдегі киімімнің жарамды біреусін сату. Ұрлау, ол менің қолымнан келмейді, оған көзім анық жеткен. Неше рет ұры-қарыға жем болып, өзім ұрландым. Ал бірақ біреудің бір сабақ жібін жымқырып, бойыма сіңіріп көрген емеспін.
Сонда, қалып отырғаны екінші жол, бірдеңемді сату. Немді сатсам екен? Іске татыр, жұрт жаратып алар нем бар? Жағалы шолақ пальтомды сатар едім. Бірақ оны бекер берсем, ешкім алар ма? Бір жылдың ішінде бұл пальто менің не керегіме жарамады, киім де болды, жамылғы, төсеніште болды. Бұл пальтоны киіп, аунамаған жерім қалды ма? Тас көмірдің үстіне де аунадым.
Батпаққа да аунадым. Шаңға да аунадым. Қазіргі кезде бұл пальтоның пальто деген аты ғана. Бұны сатып алса, адамдар соғыс кезінде осындай да киімдер киіп еді деп, тарих үшін музей ғана сатып алуы мүмкін. Басымда қара матадан тігілген түрсіз малақай. Аяғымда ағаштабан ескі бəтіңке. Бұл екеуінің де құны шамалы. Бұлардан басқа, іске татыр деген киімдерім сырт жейдем мен шалбарым. Сатсам екеуінің бірін сатуға тиіспін. Шалбарды сатуға болмайды. Ұзын балақ, кір-кір дамбалмен содан соң қалай жүрем? Бала-шаға болсам екен, онда бір сəрі. Мұрт шыға бастаған соқталдай жігітпін. Одан да жейдені сатқаным дүрыс. Ішінде жағасы үңірейген кір-кір ішжейдем бар, сонымен жүрермін. Киім базары ол кезде қазіргі көк базармен жалғас. Екеуінің дəл шекарасында, арлы-берлі шұбалған қалың елдің арасында тұрып, сырт жейдемді шешіп алдым. Сілкіп-сілкіп, саудалай бастадым. Бір жақсысы, əйтеуір битім жоқ. Қапаста бұл жағына қатал. Кір жумағанмен айына екі рет міндетті түрде моншаға түсіріп, киім-кешекті дизенфекция жасайды. Өзім тəрізді түр түсі мүсəпір біреулер жейдемді қанша деп сұраған болады. Бірақ салтақ-салтақ кір екенін көреді де алмайды.
— Рубашка! Кому рубашка! Не дорого отдам! — деп айғайлап қоям.
Жұрт алдымнан да, артымнан да сапырылысып əрлі-берлі өтуде.
Бір кезде тап алдыма бір топ ауыл қазағы келіп қалғанын көрдім. Бір əйел, үшеркек. Əлгілер менің жейдемді саудалағысы келгендей бөгеліп, маған ошарылып қарап қалыпты. Тағы да:
— ...не дорого — деп айғайлай беріп, сөзімді аяқтамай қалт тоқтадым.
Төрт адамның төртеуі де маған таныс еді. Өз аулымның адамдары.
— Əкем-ау, мынау Еркін ғой! — деп даусы жарқын шығып кеткен əйел Зейнекүл еді. Басқалары Нұрəлі, Жүніс бухгалтер жəне Оқас дейтін қойшы.
Мұндай да масқара кездесу болады екен. Жүрегім ұялып қорланудан алай-дүлей болып кетті. Бүдан да өлгенім, жеті қат жердің астына түсіп кеткенім артық еді: қолымдағы жейдені не істерімді, қайда тығарымды білмеймін. Зейнекүл мен Оқас:
— Еркін, қайдан жүрсің?
— Не боп кеткенсің? — деп жөн сұрап жатыр. Қысқа-шалап жөнімді айттым.
Нұрəлі бедірейіп үнсіз түр. Ақ түскен көзінің үстіндегі қабағы өрге қарай тартылып дір-дір етеді.
34
Базарда Нұрəлі кездесіп қалар деген ой үшұйықтасам түсіме енген бе? Бұл да болса тағдырдың мені аямағаны, дұшпанымның алдында масқаралап, мерт етіп бергені шығар. Адам өлмеген соң, бəріне көнеді екен. Енді міне күшік құсап ілесіп, Нұрəлі тобының соңында келе жатырмын. Нұрəлі маған бір ауыз сөз айтқан жоқ. Ілеспеске лажым бар ма? Қалтамда бір тиын ақшам жоқ, бір түйір азығым жоқ. Аштан өлемін ғой. Зейнекүл мен Оқас маған жандары ашығандық көрсетіп келеді. Екеуі де қарапайым қайырымды жандар.
Зейнекүлді Нұрəлі Алматыға тегін əкелмегенін, тегін ертіп жүрмегенін мен сеземін. Екеуі құдды ерлі-зайыпты адамдар тəрізді.
Əлде, мүмкін, қосылып та алған шығар? Сəуле не болды екен? Біздің үймен Нұрəлінің неге араз болғанын Зейнекүл біле ме? Білгенде не істейді.
Нұрəлі қара күреңденіп тырсиып жаман қатты семіріпті. Кішкентай жыртық көздерін май басып, қарын дегенің сабадай болып кеткен. Адамның аяғы да семіреді екен. Нұрəлінің балтырлары шелектей бопты. Хром етіктің қонышын кернеп, енді-енді жарып жібергелі түр. Нұреке, Нұреке деп бəйек қаққан Жүніс бухгалтер біздің ауылға басқа жақтан келген. Мен оны былай ғана танимын. Екі бетіне пышақ жанығандай сұп-сүр жылпос адам.
Нұрəлі тобы базарды ұзақ аралады. Көптеген киім-кешек, заттар сатып алды: самауыр, етік, пальто, ұн елейтін елеуіш, қайыс белбеу т. т. Жуан да тəпелтек Оқас қойшыны бұлар əдейі жүкшілікке əкелген тəрізді. Сатып алған заттар-дың бəрін саудыратып соған артады. Зейнекүлдің қолында оқушы балалар ұстайтын жуан қара гюртфель. Соның іші толған ақша екен. Кіл жүз сомдық, елу сомдықтар. Нұрəлі мен Жүніс не сатып алса да ақша сол портфельден төленуде.
Нұрəлі өзіне бір ғаламат былғары пальто сатып алды. Əдемілігіне тіл жетпейді. Алмалы-салмалы күзен астаршасы бар. Белбеуі бар. Сəніне қарасаң, қарап тұрғың келеді. Екі қатар етіп қадаған түймелерінің өзі ғажап. Алтын ба, жақұт па, əйтеуір жарқылдап көз ұялтады. Пальтоны сатушы адам балдақ ұстаған мүгедек екен. Ол: бұл пальтоны соғыста немістің қолға түскен генералының үстінен шешіп алған едім деген сөз айтты. Пальтоның бағасына шашжетпейді. Қанша деп жұрт сұрап алады да, естерінен танып қала жаздайды.
- Нұреке, бүндай пальто ешуақытта табылмайды. Бұны қалай да аламыз, — деп жылмақай Жүніс пальто сатушы адаммен бір сағаттай саудаласты. Нұрəліге бірнеше кигізіп, шешкізді. «Əкел қолыңды, тұрған жерім мынау! Осыдан бір тиын артық берсем шошқа болайын» деп мал иесінің алақанына алақанын бірнеше рет соқты. Кетіп қалып, қайта оралып келіп жəне саудаласты. Генерал пальто солай сатып алынды. Қара портфельдің жуан қарны қабысып, босап қалды — бар ақшаны генерал пальто жұтты. Жүніс, Зейнекүл, Оқас үшеулері Нұрəліні үш жақтан құттықтап жатыр:
- Игілігіңізге киіңіз!
- Құтты болсын! Ғажап пальто!
— Пальтоңыз тозғақ, жасыңыз ұзақ болсын! Оқас пальтоның былғарысын уқалап көріп:
- Бір он жыл киіс берер-ау, — деп еді. Жүніс оған жəбірлене қарап:
- Мына он жылды айтамысың? Жиырма жылға қылау түспей бармаса, мен мұрнымды кесіп берейін, — деген сөз айтты.
Біреумен бірдеңеге сəл егессе-ақ Жүніс антқа жүгінеді екен. Шошқа болайын, мұрнымды кесіп берейін, ит болайын деп жатқаны.
35
Көшкен цыгандар тəрізденіп артынып-тартынып, ұбап-шүбап Нұрəлілер жатқан пəтерге келе жатырмыз. Бұл үй сол маңайдан онша қашық емес екен. Көк базармен қанаттас, Алматы көшесінде. Өз алдына оңаша қорасы бар, бір қабат ескі ағашүй. Мен ауыл үйлерінің біреуіне келгендей əсер алдым. Қақпадан кірген жерден бастап шашылған шөп, қойдың құмалағы. Біздің бет алдымызда түпкірде он шақты қой байлаулы түр. Кілең қүйрықты нəн қойлар. Қала жұрты қой өсірмейді. Бұл қойлар Тұйықтан жолаушылап келген қойлар екенін мен бірден білдім. Біз əйнектелген шағын верандаға кіріп келеміз. Елден əкелінген, еденде жайрап жатқан əр алуан қатық, қойдың кесілген бас-сирақтары, тегеш-тегешішмай, қүйрық май, əр қилы ыдыстарға салынған үйеме-үйеме бауырсақ, құрт, тандырдың тоқашнандары...Бірнеше қап үн. Бұның бəрі қазіргі кезде жұрт көзінен бұлбұл ұшқан қаны жерге тамбас дүниелер.
36
Нұрəлілер қалаға кеше келген екен. Əлі біраз күн болатын түрлері бар. Қалта қалың, уайым-қайғы жоқ, болмағанда неге асығады. Зейнекүл сылқым қасында. Бұларға кездесудегі бір қуанышым Зейнекүлден үй-ішінің амандығын естідім. Шешем де, жеңгем де аман көрінеді. Сəрсебектен хат-хабар жоқ əлі.
Қаныша колхозда істеп жүр, — дейді Зейнекүл.
— Не істейді?
— Арба айдайды...
Мына хабарды естігенде қолқа жүрегім солқ етіп, үзіліп түскендей болды.
Таңертеңгі шайдан кейін мен Зейнекүлге кетем дедім.
— Тосып, бізбен бірге кетпейсің бе?
— Машина іздеп көрем. Табылса кетем.
Басқалардан жасырып, оңашалап Зейнекүл маған біраз ақша берді — машинаға төлерсің деді. Дорбама екі-үшкүнге жетерлік азық салып берді.
Мен тек Зейнекүлмен қоштасып, тайып отырдым.
Алматыдан Қарасазға дейін үшжүз елу шақырымдай. Тіке жүретін машина табылса, бір күнде жетіп барады. Ал бірақ машина оңайлықпен табылмайды.
Қала шетінде машина тосып сарғайған жүрт.Күн жаздыкүнгідей маужырап тұр. Менің машина тосқым келмеді. Қайда асығамын? Неге асығамын? Үй-ішімнің амандығын естідім. Хал-тұрмыстары қандай екенін білдім. Мына албастыдай түріммен елге тезірек көрініп, мазақ болуға асығам ба? Үлкен жолдың бойымен мен енді жаяу жүре бермекпін. Мынау жарқыраған əдемі дүниеге өзіммен өзім боп, ес жиып, сергіп жүре түруды рақат көрдім. Ауыл енді ешқайда қашпас, барармын. Ана-жеңгемді көрермін.
Жылап-сықтасармыз. Ел-жұртқа көрінбей, бір жаққа қаңғып жоғалғаным артық еді. Бірақ оған енді кеш. Көретін жұрттың біразы көрді. Нұрəлі жауым менің бейшара болған халімді көріп, масайрады. Осыдан елге бармай жоғалсам ол одан əрмен масайрап жетіседі. Қаңғып ит өліммен өлген болар демей ме? Барсам да азап ауылға, бармасам жəне азап. Азап үшін туған бір жанмын. Үлкен жолдың бойындағы соқпақ жолмен жаяу келе жатырмын. Жолшыбай кездескен машиналар тоқтап, кел отыр үйіңе тегін жеткізейін десе де, отыруға құлқым жоқ.Үйге баруға қүлқым жоқ. Бармауға жəне болмайды. Сонымен əйтеуір мəңгіріп келе жатырмын. Тек уақыт өтсе болды деген бір жанмын. Жолдың асты-үстінде қойшылардың қараша киіз үйлері мен жаппалары жиі үшырайды. Қарным ашып, шар-шай бастағанда соның біреуіне бұрылып келем. Жай-жағдайымды айтам.
Залалсыз бейшара жан екенімді түрімнің өзі-ақ айтып түр. Оның үстіне осы кезде ешкімнің алтауы аман емес, біреудің бірдеңесі əскерде, біреудікі жүмысшы батальонында. Жұрттың қай-қайсының да көңілдері жарым. Менің аянышты халіме жүректері елжіреп тұрады. Барларын беріп, сыйлап жібереді. Бары дегенде, қойшының үйінде айран мен сүттен өзге не болсын. Дəн жағы қайсысында да тапшы. Нан кей үйде бар, кей үйде жоқ. Əйтеуір аққа тойғызып жібереді. Өзге сый маған қажет те емес. Қонам десем, қондырады. Қонақпын деген пендеге қазақ айналайын ары жүр деп айтпайды. Қонған үйімнен үйқымды қандырып, тамаққа тойып алып бір-ақ қозғалам. Шаршағанда жол бойындағы күнес жердің біріне қылжиып жатып немесе отырып демалам. Күн кешке ауған кезде алдыңғы жақтан жəне бір мал-шының үйі шошайып көрінетінін білемін. Бері кел, қон. Айран-сүтке тоясың, тынығасың деп, қол бұлғап шақырып тұрғандай болады.
Сапарымның осы түрі өзіме ұнай бастағандай. Қарасазға асықпай бір ай жүріп барсам да, өкінетін емеспін.
Жүз жиырма бес шақырым жердегі Шелекке бір жеті жүріп жеттім.
Бүл кешкі уақыт, көз байланып қалған. Шеткі кедейлеу, қараша там үйдің терезесін қақтым. (Тəуір үйлерге жоламаймын.) Орамалы селтиген қара əйел шықты, ұйғыр екен. Мен жай-жағдайымды айтып, қондыруын өтіндім. Əйел біраз ойланып тұрды да:
— Мен сізден үй аямаймын. Бірақ беретін тамағым жоқ, - деді.
— Тамақ өзімде бар. Тек қондырсаңыз болды. Əйел «кіріңіз» деді.
О баста екі бұлың етіліп соғылған үйдің алдыңғы бөлмесі жабылмаған. Кісі тұратыны тек төргі бір ғана бөлме. Жиһаз-мүлік дегеннен дым жоқ. Тіпті төсек те жоқ. Төр алдында ескі кебеже сандық. Соның үстіне біраз бөстек бірдеңелерді жинап қойған. Еденде құрым киіз. Босағада үйғыр дағдысы бойынша жерден қазып орнатқан қара қазан. Төңкерген келінің үстінде сығырайып жанған бөтелке шам. Кебеженің бергі алдында көздері бақырайған, жіңішке арық мойындары менің мойным құсап қылқиған үшқара сирақ кішкене балалар отыр. Үшеуі де маған адам көрмегендей тесіліп қарап қалған. Бұл үйдегілер сірə, бөгде біреу келіп, есіктен қарауды баяғыда-ақ ұмытқан болулары керек. Балалардың əкелері армияда екен. Əскерге алынардың алдында ол мына үйді азаптанып сала бастаған. Төр үйді жауып үлгерген, ауыз үйді жауып үлгермеген. Қу согыс оған мұршасын келтірмеген.
Талайдан бері хат жоқ. Өлі ме, тірі ме? Тірі болса, келер. Алдыңғы үйді де жауып, жұрт қатарлы бірдеңе етіп күн көрер. Ал өлсе ше? Онда, мына үшбаланың күні не болады?
37
Шелектен тағы да жаяу шығып келем. Аяғымдағы ағаштабан бəтіңкем жүруге қолайсыз, илікпейді. Тез шаршатады. Оның үстіне біреуінің табанының өкше тұсы тесіліп сынған. Содан қиыршықтас, құм кіріп, жүргенде табаныма батып, əлек қылады. Елсіз жерде бəтіңкемді шешіп, иығыма салып аламын. Бəйсейіттен ары қарай ел мекені сирейді. Бөген ауда-нының орталығына дейін, жүз шақырым шамасында, бірде-бір поселок кездеспейді. Үштау кездеседі, үштаудың аралығында Сөгеті жəне Көртоғай деп аталатын ұзақ-ұзақ екі шөлейт жазық бар. Суы болмағандықтан егін егілмейді, ел мекен етпейді. Жан-жағын адыр-адыр тау қоршаған, ұзын тұрқы сонау көз ұшына созылатын теп-тегіс кер жазықтар жаз-қысы қаңырап бос жатады. Бір кезде бүл жазықтарда қарақұйрық көп болған. Қоралы қойдай мың-мыңдап өріп жүрген. Жердің тақтайдай жазықтығын пайдаланып кейбір елірме шоферлар машинамен қуатын болған. Сол көп қарақүйрықтың қалдығы əлі де кездеседі. Бөген ауданының орталығына жеткенге дейін мен əлгі айтылған үштаудан асуым, екі жазықтан өтуім керек. Бəрі дерлік елсіз. Таудағы асуларда ғана аз үйлік жол қараушылар, бекетшілер болады, жалпы жұрт болмайды. Жолдың ендігі қалган бөлегі міне осындай — мен тəрізді арық-əлсіз адамға жаяу жүріп өтуге əрі қиын, əрі қатерлі. Жолшыбай машина, көлік кездесіп, ала кетіп құтқармаса, бір жерде түтеп, тырайып, арам қатып жатуым əбден мүмкін.
Мал бағып отырғандар сусыз шөлде ұшыраспайды.
Бұл күні мен Бəйсейіттен өтіп барып, колхоздың жуық фермасына қондым. Жолдан оншалық қашық емес, əудем жер. Жалғыз там үй, маңайында көп тауық жайылып жүргенін көріп келген едім. Шал мен кемпір ғана екен. Жұмыртқа асып беріп, жылы қабылдап сыйлады. Таңертең жүрерімде мынаны жолда же деп, дорбама кішкене кесемен бір кесе талқан жəне піскен үш жұмыртқа салып берді.
Күні бойы жүргенім төрт-бес шақырымдай. Қарға адым жер қозғалып, бір демалам. Бүған жүріс өне ме? Екі етекті беліме түріп алып, аршындап тарта беруте əл жоқ. Бір жүрем, бір отырам. Жол шетінде талықсып жатқанды білем.
Жатсам жата бергім келеді. Тұрғым келмейді. Жату сондай тəтті. Қазір күн кешбоп қалған. Жатырмын. Сонау биік көкте, менің дəл төбемде қыру-қыру əн салып, əдемі үінкілдене тізіліп тырналар ұшып барады. Міне, рақат осылардікі, қанатын бір-бір толғаса, зу-зу етеді. Жетем деген жеріне қиналмай жетеді. Тырналардай қанатым болуын арман етем.
Қарным аш, тамақты арман етем.
Əнеугі Алматыда Нұрəлілер түскен үйдің верандасында крген мес-мес қатық, табақ-табақ бауырсақ, құрт, тандырдың аппақ ақ тоқаштары, қарын-қарын сарымайлар көз алдыма келеді.
Иə, соғыс біреуге соғыс болса, біреуге ырыс. Жол шетінде талмаурап əлсіреп жатып, қойшылардың Шелек пен Алматының екі аралығында жол бойында жиі кездесетін жаппаларын, киіз үйлерін арман етем. Енді соларға да зармын. Əлсіреген кезімде бұрылып, бара қоятын едім. Қойшы өзі үйінде болсын, болмасын, əйелі болады. Қара сирақ балалары болады. Олар мені жатсынбайды. Айранға, сүтке тойғызады. Қою айранға тойып алып, үйдің күнгей жақ
босағасында тон төсеніп, ер жастанып жатып, пыр-пыр ұйықтайтын заман-ай! Қойшыларға қонақтай жүріп менің бір байқағаным, копшілік қойшылардың өздері кəрі болғанмен əйелдері жас. Беттерінен нұры тамып, уылжып тұр. Қаба сақал қойшының əйелі деуден гөрі бой жеткен қызы десең, сол лайық.
Бұл да соғыстың істегені. Шалдардың балаларын əкетіп, орнына алданышетіп жас қатын берген.
Мен əлі жатырмын. Күн болса салқын тартып, батайын деп барады.
Қой, тұрайын, қозғалайын. Тым қүрса, мына белге шығып, ар жақта не бар екенін көрейін.
Кенет арт жағымда арбаның салдырлаған дауысы естілді. Басымды көтеріп алып қарасам, екі ат жеккен жүксіз бос арба. Айдаушысы əйел. Тастақ жолды таңқылдатып соқтырып келе жатыр. Мен орнымнан түрегелдім де, арбаның алдын тосқауылдап, жолға қарай жүрдім. Арба кеп қалды. Қатарласа беріп, арбакеші тығыншықтай қызыл келіншек, аттардың делбесін шірене тартып тоқтатты. Көзінен от ұшқындап түр, мінезі өжет, ымқуырлы жан екені бірден байқалғандай.
- Қайда барасың?
Былай қарай,— деп мен алдыңғы жақты нұсқадым. Отыр. Қайдан келе жатырсың? Жас басыңнан қамалып не көрінді? Ия, қанша отырдың? Е, бір жыл деген ештеңе емес. Үйің қайда? Қарасаздың өзінде ме? М-м... естуім бар. Мен сені Көкпекке дейін жеткізіп тастайын, одан əрі бармаймын. Сол маңайдан қойшының үйін көшіруге бара жатырмын. Көкпек алдымызда көрінген таудың аты. Бірақ жұрт «Көкпекке дейін» немесе «Көкпектен келе жатырмын» дегенде, тауды жалпы айтпайды. Таудың осы біз келе жатқан жол кесіп өтетін сайының арғы шыға беріс ауызында үш-төрт үй бекетшілер — жол қараушылар бар. Соны меңзеп айтады.
Оған жетсем, біраз жерге жетіп қалатын болдым деген оймен ішімнен қуанып қалдым. Бұл кезде күн жарым-жартылап бата бастаған. Дəл бет алдымыздан салқын жел шығып, таудың ішін қалбиған қара көлеңке басып, кешжақындап келеді. Бекетке, мүм-кін болғанша, ертерек жетуте тырысып келіншек аттарға қамшыны баса түседі. Екі аттың екеуі де көн тулақ арық аттар, жазы-қысы мойындарына қамыт түспейтін бейшаралар. Қарындары тоқ болса қашан болдырғанша жортып жүре беруге бұлар да көндіккен. Арбаменен жүргенге, шіркін, даланың қара жолы болса. Соның аз алдында күн себелеп өтіп, жолдың май тозаңын басып тастаса. Міне содан кейін аттарды көсілтіп айдап, зымыратып келе жатсаң. Бір түйір шаң-тозаңсыз таза ауа, артқа қарай дөңгелене сырғып қалып бара жатқан көгал дала, шилер, егістіктер. Құлағыңда тек жел ғана ызыңдайды.
Ал мына тас төселген жол ондай емес, арба үшін жайсыз-ақ. Неғұрлым қатты жүрсең, соғрлым таңқылдап, зірк-зірк етіп, іші-бауыр, қолқа жүрегіңді үзіп жібере жаздайды.
Міне біз тау ішімен келе жатырмыз. Келіншек сөзқұмар адам, маған неше алуан қалжың сөздер айтады. Түп мінезім қалжыңға кет əрі болмағанмен тап қазір зауқым жоқ. Қалжыңдасар халім де, көңілім де жоқ. Аузын буған өгіз тəріздімін. Біртін-біртін көз байланып келеді. Арбаның сыңғырлаған дауысы тау арасында одан бетер жаңғырығып, зорайып шығады. Бұл араның жолы тіптен нашар. Төсенді жолдың əр жерін оңдырмай жауынның селі шайып, жайпай бұзып кеткен. Жайылып жатқан добалдай-добалдай шомбал тастар арба дөңгелегіне шақ-шақ соғылады.
Бір кезде кенет арбаның артқы дөңгелегінің біреуі қиралаң етіп, шоңқиды да қалды. Əлсіз аттар бірден кілт тоқтады. Не болғанын біле қойдық. Түсіп қарасақ, бір дөңгелектің шабағы күл-талқан болған. Күлдіреуіші қирап түсіп жатыр. Өзі бүрыннан да ескі, бірнеше жерінен қырсау салынып, əзер жүрген дөңгелек екен. Дүниені кезіп-кезіп келіпті де, дəл осы араға жеткенде, жан тапсырыпты. Келіншек балғадай тегеуірінді аяғымен қираған дөңгелекті одан бетер қирата ызалана тебеді:
-Қап, қараң қалғырдың мүлкі. Не анда, не мұнда жоқ, жер ортасы көк төбеде қалдырды-ау. Енді не істейміз?
Арба ол машина емес, артық дөңгелек алып жүрмейді. Бізден басқа тырс еткен жан жоқ, елсіз тау іші. Бекетке дейін əлі бірғауым жер. Көз байланып қалған.
Келіншек те, мен де мелшиіп тұрмыз. Арбаның сынғанымен аттардың шаруасы жоқ. Сəл кідірісті пайдаланып олар өздерінің тіршілік қамымен əлек, бастарын жерден алмай, ауыздарына іліккен шөп болса, жалмап, өліп барады.
- Бала, жолың ауыр бала екенсің. Сен болмағанда, арбам сынбайтын еді. Əлгінде өзіңді бекер отырғызған екем, — деп келіншек қалжыңбас мінезінен сонда да тынатын емес.
-Түн боп кетті, арбаны тастап, қайда барамыз, қонамыз осы араға. Таңертең, бір амалы болар, оған қалай қарайсың?
- Өзіңіз біліңіз.
- Менімен бірге қонудан қорықпайсың ба?
- Неге қорқам?
- Қорықпасаң, бопты.
Арбаны жолдан бұрып, былай таман əкелдік. Қалбиған бір түп бұтаның ық жақ қалқасына дем алып жатырмыз. Аттарды тұсап қоя бердік. Ашаттар ешқайда да кетпейді, осы төңіректе шиырлап жайылады да жүреді.
Келіншек пысық-ақ, осы жұмыстың бəрін дерлік өзі тындырды жəне тез тындырды. Жол азыққа алған наны бар екен, екеуміз содан жеп, əлденіп алдық. Маңайда су жоқ.
- Ал бала, енді не істейміз, жатамыз ба? Қалай жатып ұйықтаймыз? Жер сыз, тоңамыз. Арбаның үстіне жатамыз ғой деймін.
- Өзіңіз біліңіз.
Келіншек қираған дөңгелектің астына тас қойып, биіктеп, қыңырайған арбаны түзеді. Қамыт, оны-мұныны басымызға жастады. Киіз бірдеңелері бар екен, оларды астымызға төседі. Сонымен науа тəрізденген ып-ықшам төсек дайын болды.
Жамылғы жоқ, жамылғы əр қайсымыздың өзіміздің үстіміздегі киімдеріміз.
- Қойындасып жатамыз, əйтпесе, тоңамыз, — деді келіншек.
- Мейліңіз.
Сырт киімдерімізді үстімізден ортақ жамылып, жаттық қойындасып. Арбаның үсті екі адамға тарлау. Шалқамыздан жатып сыйыса алатын емеспіз. Келіншек бір дегеннен маған қарай бұрылып, мені құшақтап алды. Соятын мал тəріздендіріп арқамды, қабырғаларымды ұстап көріп:
- Ту, арығыңды-ай, қу сүйексің ғой, — деп қояды. Оның тығыншықтай денесі жанып түрған от.
Мен үндемеймін.
— Бұдан бұрын əйелдермен қойындасып жатып көріп пе едің? — дейді келіншек.
Мен əрең ғана:
— Жоқ, — деймін. Ғалиямен қойындасып жата жаздағаным есіме түседі.
— Еркек емес екенсің ғой, — дейді келіншек. Еркек болсам керек деп ойлап жатырмын. Келіншек мысықпен ойнаған баладай маған білгенін істей бастады. Мен оған бағынуға құштармын.
Таңертең оның бетіне қарай алмаймын. Ал ол болса ұялмайды. Маған отын жаруды немесе арбаға ат жегуді үйреткен адамша:
— Сауатыңды аштым, кісі қатарына қостым, — деп сылқ-сылқ күледі.
38
Түс ауғанша Көкпекте бекет басында болдым. Бөгенге қарай жүретін машина, арба тостым. Сөгетінің шөл дала жазығы дəл осы арадан басталады. Содан Көртоғайга жеткенше, қырық шақырым шамасында, ел де жоқ, су да жоқ.
Қырық шақырымға мен жаяу жүріп, жете алмаймын. Алматыға қарай екі машина өтті. Ал Бөгенге қарай жым-жылас. Азығым біткен, ашпын.
Бекет басының тұрғындары қойшылардай кең пейіл халық емес. Ары-бері өткен жүргіншіден ығыр болып біткендіктен бе, ас беріп сыйламақ түгілі, есіктерінен қаратпайды. Өлгелі жатсаң аузыңа, сірə да су тамызбас. Олардың осы түрін көріп, мен бұл арадан кеткенше асықпын.
Сол араның бір тұрғыны тамақ бермегенмен ақыл берді:
— Сен бала, мына түріңмен Көртоғайга қарай жаяу жүрме. Машина кездессе жақсы, ал кездеспесе қайтесің? Бір жерде қаңырығың түтеп, арам өлесің ғой. Одан да былай ет. Ана бір жақтан соқпақ жолды көрдің бе? Сол жол мына тұрған Торайғырдың тауына алып барады. Əне анау көрінген сайға барып кіреді. Бұл екі ара, мықтағанда, он шақырым. Сайдың бергі аузында қойшылар отыр. Бүгін соларға еркін жетіп қонасың да, ертең ары асасың. Арғы өңірдің бəрі малшы, бəрі ел. Күнде ертеңді-кешмаслопромға сүт тасиды, солармен селбесіп, Жалаңашқа жетесің.
Содан əрі Бөгенге, Бөгеннен əрі Қарасазға жетуің қиынға түспейді. Машина да, арба да табылады, үзбей қатынап жатыр.
Торайғырдың тауы дейтін тау осы тұрғанда менің оңтүстік бет алдымда, шынында да жап-жақын бөп көрінеді. Əлгі айтқан соқпақ жол үш-төрт тарам болып, тауға қарай қасқайып тартып жатыр. Жүрем десең жүр, мен сені қазір-ақ алып барам дегендей, еліктіріп шақырғандай болады.
Біраз ойлап тұрдым. Осы ақыл дұрыс ақыл тəрізді. Тəуекел деп тартып жөнелдім.
Əлгінде жап-жақын болып көрінген тауға жете алсамшы. Тіпті жете алатын емеспін. Мен жақындай түскен сайын, тау ары қарай қашықтай түсе ме, қалай? Бұл менің жүрісімнің өнімсіздігінен еді. Əрі ашпын, əрі көтереммін. Жүз-жүз елу метрдей жүрем де, демалам. Уақыт менің халіммен санаспайды, зымырап өтіп барады. Тағы да күн батуға жақын қалды. Денемде, əсіресе, екі аяғымда қозғаларға қуат жоқ. Бірақ ақыл-есім оларға зорлық жасайды, күштеп қозғалтады. Бет алдымнан көзге ілігер қарайған бір нəрсені өзіме белгі етіп ұстаймын. Соған жетпей отырмауды мақсат етіп қоям. Ант байлаймын. Өйтпесем тауға жете алатын түрім жоқ.
Өлдім-талдым дегенде күн бата тау етегіне іліктім. Ешқандай малшы үйінің қарасы көрінбейді. Жуырда ғана көшіп кеткен бір-екі үйдің жас жұрты жатыр. Əлгі маған ақыл беруші адамның айтқаны, мүмкін, осы көшіп кеткен үйлер болар?
Сайды өрлеп тағы біраз жүрдім. Ешсыбыс білінбейді. Ел болса, тым құрса, үрген иттің дауысы естілер еді. Керең болған құлақтай тым-тырыс.
Əлсіздік пен аштыққа енді үрей араласты, малшылар кезікпесе күнім не болмақ? Ессіз тауда далада түнемекпін бе? Мұнда қасқыр болуы да əбден мүмкін. Қорқынышадамға əл беретін тəрізді. Əлгінде титықтап, ақыр-тақыр біттім деген адам, биікке қарай аяғымды аршындай басам.
Бір жерде алдымнан сыбдырап аққан бұлақ суы кезікті. Тілім аузыма сыймай, қаңсып, өліп келе жатыр едім. Жата қалып ішіп жатырмын. Қара су шөл қандырғанмен тамақ болмасы белгілі.
Жас кезімде аштық жайы сөз болғанда естігенім бар еді — лай су адамды көз көрім жерге апарады дейтін. Сол есіме келді. Сіміріп ішіп жатқан бұлақтың бас жағынан қолыммен былғап-былғап лайлап, жиіркенішті болса да, содан ішіп жатырмын. Қоймалжың лай су тамақтан жүрмейді екен.
Міне асудың қыр арқасында тұрмын. Көз байланып кеткен. Бет алдым ылди жазық дала. Жақын маңда ешқандай ел қарасы байқалмайды. Құлазыған елсіздік. Сонау əріде, тау бөктерінде қырауытқан ауыл байқалады. Үйлердің оттары жылтылдап көрінеді. Ол, сірə Жалаңашболуға керек. Бөген ауданының соғыстан бұрынғы орталығы.
Батыс жақтан ызғырық суық жел соғады, дəл бір қыстыгүнгі жел тəрізді, беті-қолымды қарып өңменімнен өтіп барады. Енді не істеймін? Малшы үйін табудан күдерімді біржолата үздім. Бүкіл жаным-тəнім осы араға қисайып жата кетуді, тынығуды қалайды. Одан əрі не боларын ойламайды. Қолайлы жер іздеп, төңірегіме қараймын. Жолдың дəл шеті жауын суы орудан пайда болған жыраша жар. Табаны қүп-құрғақ қиыршық тас. Жырашаның ішіне түстім де, тіземді бауырыма алып, бір жамбастап, бүктүсіп жата кеттім. Үстімдегі пальтомның бір жақ өңірі төсеніш, бір жақ өңірі жамылғы. Ойдым-ойдым болып қырқылған жүн жағасының жарым шеті жастық, жарым шеті бетіме бүркеніш. Қабырғама батқан тас болса, ырғап-ырғап жайлырақ етіп қоям.
Лезде қатып, ұйықтап кетіппін.
39
- Əй! Əй-һай!
- Əй!
- Тірі адамбысың, кімсің! — деп қатаң шыққан дауыстан оянып кеттім. Көзімді ашып алсам, жарқыраған күндізгі уақыт. Күн сəске болып көтеріліп қалыпты. Түсіне алмаймын, өңім бе, жоқ түсім бе? Осы араға əлгінде ғана жатқан секілдімін. Ол кезде түн болатын. Енді қазір күндіз, жарқырап күн шығып тұр. Бұл қалай?
Дауыс тағы қайталанды.
Басымды көтеріп алып қарадым. Анадай жерде жол үстінде астында теңкиген қоржыны бар, салт атты адам. Аты құлағын тікірейтіп, танауы пыс-пыс етіп, осқырынып қарайды. Сірə үркіп, ілгері баспай тұрғанға ұқсайды.
Түрегеп, үстімді қаққан болып жатырмын. Ұйқым қанып тыңайып қалған екем. Бірақ аштықтан өзегім талып, басым айналады. Жаңа білдім, кешегі кұлағаннан бүкіл түнге өлі адамдай тұяқ серіппей ұйықтаған екем. Салт атты жолаушының дауыстауынан енді оянып отырмын.
Ол оятпаса, тағы қанша ұйықтарым белгісіз.
Салт аттыға жақынырақ келдім.
— Неғып далада жатқан адамсың? Кімсің? Қайдан келесің? — деп жөн сұрай бастады.
Мен қысқашалап жөнімді айттым. Əлсіздіктен теңселіп əзер тұрмын.
Салт атты адам ой жақтан келе жатыр. Ол артына бір қырындай бұрылып, қамшысымен нұсқап:
Анау арада ойпатта малды ауыл отыр. Біраз жүрсең, барасың. Тезірек соларға жет, — деді.
— Ағатай, жейтін бірдемеңіз бар ма?
— Қап, қарағым-ай, жейтін ештеңе де жоқ еді. Ол нұсқаған ойпатқа келіп те қалдым.
Бұл өзі жолға көлденең жатқан кең аңғар өзек екен. Дəл жағасына келгенде болмаса, өзектің ішіндегі малшылардың үйлері алыстан көрінбейді. Кеше менің бұл үйлерді байқамауым содан екен.
Бер таман жолға жақынырақ, қатар қонған екі киіз үй. Мен өңмеңдеп соған қарай келе жатырмын. Жетсем де, жығылсам деймін. Бойымдағы əл-қуатым тек соған жетуге жарайды. Бергі үйдің сыртында белдеуде ер-тоқымды ат байлаулы тұр. Ит қауып ала ма деп, секем ойлап келем. Осы кезде үйден жаулық киген, көйлектерінің етегі шұбатылып аяқтарының басына түскен екі əйел шықты. Біреуінің қолында қамшы. Қамшысыз əйел қамшылы əйелді аттандыра шығыпты. Белдеудегі аттың тізгінін шешіп, қолтығынан сүйеп, мінгізіп жатыр. Мен аяғымды
жеделдете бастым. Атқа мінген əйел жөнеліп кете барды. Ана əйел мені байқар емес, үйіне кіргелі барады. Əлімнің келгенінше дауыстап:
— Итіңіз қабады, — дедім.
Əйел естіп, жалт бұрылып қарады, мені жаңа көрді. Бұл кім дегендей тоқтап, күтіп тұр. Мен келген бойда, іс-міс жоқ, үйге қарай өтіп кете бардым. Табалдырықты аттап кірдім де босағаға, өзімнің малшыларға келгенде отыратын үйреншікті орныма, сылқ етіп, құлай кеттім.
Берілетін сұрақ белгілі:
— Кімсің, қайдан келесің?
Екі ауыз сөзбен жайымды айттым. Көп сөзге дəрменім жоқ.
Əйел өрешені ашты да, үлкен кесеге жартылай айран құйды. Оған қазандағы пісіп, суып тұрған сүттен араластырып, шалап тəрізді сұйқылтым жасады. Сіміруге ыңғайлы болсын дегені тəрізді. Сосын маған ұсынды. Екі қолдап ұстаған кесені басыма бір-ақ көтердім.
Баяғы əлгі Ысқақтың өзімді таңқалдыратын қымыз ішісі бар емес пе? Сол құсап, сімірмей, жұтпай, өңешіме сылқ еткізіп қотара салдым.
Бұдан соң есімде қалғаны: кесені əйелге қайыра ұсынып жатырмын. Басым шыр көбелек айналып барады. Бір кесе айран емес, бір кесе у сіміріп салғандаймын. Өзімді өзім ұстауға əлім келмей, жантайып, құлап барам.
Əйел маған бірдеңе айтып жатыр. Дауысын естимін, бірақ сөзін ұға алмаймын...
Оянсам, түн. Үй іші толған кісі. Қазандықтың астында лапылдап жанған от. Мен кісілердің арт жағында іргеде, бағанағы орнымнан жоғары таман жатырмын. Сірə, қылжия кеткен қалпымнан қозғап, жайғастырып жатқызса керек, астыма бірдеңелер төсепті. Басыма тері жағын сыртына қаратып, тон жастапты. Ашық тұрған шаңырақтан жылтылдап жұлдыздар көрінеді.
Бір кесе айран мені бір күн кешке дейін мас етіп ұйықтатыпты. Ашөзегіне түсіп кетті деген, сірə, осы болса керек.
Қалқиып басымды көтердім. Отырған жұрт менің оянғанымды көрген соң, айтып отырған əңгімелерін доғарып, бəрі түгел мойын бұрып қарап қапты. Араларын ашып, былай-былай сырғып, маған қастарынан орын босатты. Жөн сұрай бастады.
Осы үйде қонып шықтым.
Малшылар Бөген ауданының малшылары. Қой бағады, қойды сауып, мемлекетке сүт тапсырады. Таңертең екі дөңгелекті арбамен Жалаңашқа сүт алып жүрді. Мен жарбиып бірге келе жатырмын.
Қазекем жөн сұрағанда қазбалап түгел сұрайтыны белгілі. Кеше кеште бұндағылар менің кім екенімді біліп алған. Осы ауданның «Ақжол» колхозында тұратын Ысқақ, Балжандардың бізге жекжат екенін де айтқан едім. Ысқақты да, Балжанды да мұндағылар біледі екен. «Ақжол»
колхозы Жалаңаштың ар жағында жап-жақын. Жекжатыңа жетсең, өлмейсің деген сөздермен аттандырып салды.
Балжан сол бұрынғы қызметінде көрінеді — сиыр фермасының меңгерушісі. Ысқақты осы қыста еңбек армиясына əкетіпті. Ғалия колхозда кассир болып істейді дейді.
Бұндағылардың аузынан білгенім осылар. Мен енді ойға қалып келемін. Жалаңаштан ар қарай Балжандарға барам ба? Жоқ па? Оны шеше алмаймын. Барсам өз үйіме келгендей болар едім. Ендігі жол азабынан, аштықтан құтылар едім. Олар мені төбелеріне көтеріп алатыны даусыз.
Ең бастысы Ғалиямды көріп, біраз күн онымен бірге болам. Бұның бəрі жақсы-ау. Сонда енді баруыма не бөгет деп сұрамақсыз ғой. Бөгет бар, мықты бөгет. Ол əлгі намысқойлығым.
Жерден шыққандай боп, жұрттың зəресін алып, қалай жетіп барам?!
Міне, мен Жалаңаштамын. Балжанның жақын туыстары табыла кетті. Солардың біреуінің үйінен шай іштім. Менің кім екенім оларға мəлім болды.
Əлгі үйдегі жас келіншек даладан қуанып кірді.
— Бір машина «Ақжолға» барады екен. Мен тоқтаттым. Сонымен кетсең, Балжанның тура үйіне апарады.
Тоқта, ойланайын деп қалай айтайын. Дорбамды көтеріп, тысқа шықтым. Бензин таситын машина екен. Шофердің жалғыз өзі. Кабинаға отырдым да, тартып отырдым.
Ойым ыю-қию, сезімім əңкі-тəңкі.
40
Мынау міне баяғы өзіме таныс, өзім бір емес екі рет келген «Ақжол». Ғалияның ауылы. Машина колхоз қамбасының алдына тоқтады.
Мынау өзіме таныс Балжан үйі. Қазір Ғалиямен кездесемін-ау дегенде, жүрегім толқып, бойым шымырлап келеді.
Тағы да бөтен адамдар.
Балжандар мұнда емес екен. Жоғары сайда фермада. Былтырғы орындарында дейді. Оны өзім білемін. Былтыр ФЗО-ға кетіп бара жатып келіп қонбап па едім.
Сайды өрлеп жаяу тартып жөнелдім.
Ауылдан былай таман шыққан соң, жолдан бұрылып, əлі де болса ойланып-толғануға əдейі елсізбен келе жатырмын. Жол үстінде біреу-міреу кездесуі, тіпті Балжан мен Ғалияның бірі кездесіп қалуы ықтимал.мФермадағы ауылды сыртынан шолып, қарап алып, барар бармасымды содан соң шешпекшімін. Барсам, қалай барам?
Үркердей боп шоғырланған фермалы ауыл бір кезде табанымның астынан жарқ ете қалды. Сол əлгі алты жеті мықыр жаппа, бір ғана киіз үй Балжанның үйі. Жер шолып, ел торыған ұры тəріздімін. Биік дөңнің үстінен бұғыншақтап қараймын.
Қазір түс ауып қалған. Ферма басы тыныш. Жаппалардан кіріп-шыққан бірлі-жарым əйелдер, бала-шағалар байқалады. Бірақ дəл бұл арадан олардың кімдер екенін жыға тану қиын. Менің көзім үйде, Балжан үйінде. Ешкім шықпайды, ешкім кірмейді, тым-тырыс. Адам жоқ болуы ықтимал.
Ғалияны кассир деп еді ғой, мүмкін, кеңседе қызметінде шығар. Балжан да жалпиып қазан бағып отырған əйел емес, бір жаққа шаруа қамымен кеткен болар.
Қали қайда екен? Залым Қали... Қалиға деген өшпенділігім əлі де айықпаған. Не істеймін? Барам ба Балжан үйіне, бармаймын ба? Барам ба, бармаймын ба? Ойлап-ойлап келдім де, кешке қараңғы түсе бармақ болдым. Күндіз жетіп баруға бетім шыдайтын емес. Қараңғыда барсам, тым құрыса, былайғы жұрт байқамай қалады ғой. Оған дейін осы кең, далада, елсізде аунап-қунап, уақыт өткізбекпін.
Соғыстың алдында, 1940 жылдың күзінде күн тұтылғаны есімде. Жер-дүние лезде қап-қараңғы болды да кетті.
Міне, сондай болып дəл қазір аяқ астынан күн тұтылса. Айсыз қараңғы түнге айналса. Онда мен Балжан үйіне батыл жетіп барар едім.
- Амансыздар ма?
- Аманбыз. Бұл кім келген?
- Мен ғой, Еркінмін.
- Еркін Мамырбаев. Сəрсебектің інісі.
- Еркін!
- Ғалия!
Түрімнің албастыдай екенін қараңғыда қайдан біледі...
Шіркін, жер бетінде тек түн ғана болса. Адамдар тас қараңғы түнекте өмір сүрсе. Біреудің арық, біреудің семіз екені, біреудің киімі бүтін, біреудің киімі жыртық екені сонда байқалмас еді ғой. Біреу өзін артық санап, мақтанбас еді. Енді біреу кемдігіне қорланып, күйзелмес еді.
Түн қойнында, түн құшағында бар адам бірдей болып теңелер еді.
О, түн! Қара түн! Жер бетін неге келіп баспайсың! Мен тəрізді түрінен адам шошитын сорлыларға неге бүркенішболмайсың?!
Əлгі арадан сəл былайырақ арықта сыбдырап ағып жатқан мөлдір су бар екен. Соған беті-қолымды жуған болып жатырмын. Ғалияға, мүмкін болғанша тазарып бармақшымын. Бірақ сабынсыз жуынғанға тазарғысы ке-летін қол байқалмайды.
Құммен ысып жуам деп, қолымның сыртын тырнатып қанатып алдым.
Құм ыдыс жууға жарағанмен, беті-қолды жууға жарамсыз екен деген қорытынды жасадым.
Шіркін, бір айна болып түр-түсіме бір шолып қарап өтсем күнə болмас еді. Мұндай жерде айна табылар ма. Айна орнына суға еңкейіп қараймын. Су түбінен өзімнің самай шашы өсіп, құлағын жауып кеткен ұсқынсыз арық бейнемді көрем.
Су — айна дір-дір етіп, онсыз да оңып тұрмаған түр-тұрпатымды одан бетер мазақтап, бұзып көрсетеді.
Парктерде болатын күлдіргі айнаның алдында тұрғандаймын.
Кеште түсті, көз байланайын деп қалды. Мен бұл кезде дөңнің ең биік төбесінде, бір түп шиді паналап, етпетімнен түсіп жатырмын. Екі көзім табаным астындағы сиырлы ауылда. Екі кештің арасында қарбаласып сиыр сауып жатқан сауыншыларда.
Қас қарая түсуін тосып жəне біраз жаттым.
41
Міне, ферманы төмен жағынан орағытып, дыбысымды білдірмей келе жатырмын. Ешкімнің көзіне шалынбай, иттерді шулатпай, киіз үйге зып беріп кіріп кеткенше асықпын. Бұл кезде киіз үйдің ішінде жарық бар.
Малды ауылдың иттері сақ келетіні белгілі, көлеңкедей қозғалып, ешқандай дыбыс бермей жеткенім соншалық, солардың өзі сезбей қалды.
Жүрегім кеудеме сыймайды, апай-топай.
Есік түсірулі, бір шетінен ұстап, тез аштым да, ұрыдай сумаң етіп кіріп келдім.
Қазандықтың астында маздап жанған от, үйдің іші жап-жарық. Ғалия мен Қали бар екен.
Қали төрге таман, құрым киіздің үстінде отқа қыздырынып отыр да, Ғалия өреше жақта түрегеп тұр. Сол бұрынғы мен білетін əсем Ғалия. Желкесінен келтіре дөңгелентіп қиып қоятын шашы ғана ұзарып өсіп, иығына түсетін бопты.
Ғалия да, Қали да маған бажырайып қарап қалыпты. Аузыма сөз түспей, мендағы сілейіп тұрмын.
Кенет Ғалия жалт бұрылды да, сыртқа атып шықты.
Сиыр сауып жатқандар үйдің дəл іргесінде. Ғалия солай қарай кетіп барады.
- Апа, ай апа? — деді.
О не? — деп жауап қатқан Балжанның үні естілді. Тыстағы сөйлеген сөз киіз үйдің ішіне бөгеліссіз жетеді.
- Апа, үйге бір қайыршы бала кіріп кетті, — деді. Ғалия мені танымаған екен.
Төбемнен бақанмен салып жібергендей болдым. Бұл сөзді естігенше, жерге батып жоғалғаным артық еді. Не өлі, не тірі емеспін, қалшиып қаттым да қалдым.
— О кім, түнделетіп қайыр тілеп жүрген қандай адам? — деп Балжанның келе жатқан дыбысы естіледі.
Үйге əуелі Балжан кірді, соңында Ғалия.
- Амансыз ба, бұл мен ғой, — деп күлімсіреп, айтқан болып жатырмын. Балжан да танымады. Сырттан өңін суыта келген қалпымен:
- Кімсің? — деді.
- Еркінмін ғой...
- Қай Еркін?
- Сəрсебектің інісі.
Шешесінің артына таман тұрған Ғалия аса бір жат дауыспен:
- Еркін! — деп шыңғырып жіберді.
«Үйге бір қайыршы бала кіріп кетті!»
Ғалияның аузымен айтылған бұл қорлық сөз — шемен боп жүрегімде байланды да қалды. Енді оны балталап алып тастау мүмкін емес. Ғалия менің қазіргі шын халімді туралап, көзге шұқып айтқандай еді.
Шоқ, шоқ! Өзіме де сол керек. Осында сол сөзді есту үшін келгенмін ғой.
Таңертең Балжан маған біраз дені дүрыс киімдер берді. Ысқақтың киімдері, кең. Онысына қарауға — киім таңдауға — менде қазір шама бар ма. Рахмет айтып, киіп алдым.
Ысқақтың бұзаубас ауыр жұмыскер етігінен ғана бас тарттым. Аяғыма іліп, көтеріп жүре алатын емеспін. Жəне дұрыс келсін десем — əр аяғыма ең кемі, бес метрдей шұлғау шұлғануым керек. Ағаштабан бəтіңкемнің саудасы біткен болатын. Етіктен бас тартқан соң, Балжан лайықты өзге нəрсе қарастырып, таба алмады. Қонышы балтырға жететін өзінің ескілеу əйел бəтіңкесі бар екен, түсі күрең. Жалаң аяқ қалай жүрмексің, мынаны да болса киесің бе деп, соны ұсынды.
Бітім-сəні əйелге арналып тігілген киімді еркектің киіп жүруі сөлекет. Сонда да болса, лажсыздықтың салдарынан, əлгі бəтіңкені киіп көріп жатырмын. Аяғыма шап-шақ, жеп-жеңіл. Сұлуынан жылуы дедім де, тəуекел деп, киіп алдым. Отырған кезде болмаса, əйел бəтіңкесі екені түрегеп жүргенде шалбардың балағының ішінен онша байқалмайтын тəрізді.
Ғалияның бетіне қарағым келмейді.
Ол да маған біртүрлі селқос, үйір-шүйір жақын қабақ көрсетпейді. Менің мынадай нашар халде келуімнен шошынатын тəрізді.
Жоқ əлде мені танымай қап, кеше əлгі қорлап айтқан сөз үшін күйзеле ме ?
Əйтеуір, қалай болғанда да, Ғалия маған бұрынғыдай емес. Өзгерген. Жат болған. Бұрынғы достықты ұмытқан. Үйде екеуден екеу оңаша қалсақ, Ғалия менен үркіп тұратын тəрізді. Бір ауыз тіл қатқысы келмейді. Бойын аулақ ұстайды.
Балжан үйіне кісі көп келеді. Əр алуан адамдар келіп, кетіп жатады. Кім келсе де сал ауру тəрізденіп отырған маған бірден назар аударады.
Балжаннан мына бала кім, неге бұлай деп сұрай бастайды.
Маған бұл ұнамайды.
Сондықтан да мен үйде көп болмауға тырысамын.
Сыртта жүрем. Ферма басынан аулаққа, жұрт көзінен тасаға қыдырып кетем.
Табиғат анам мынау неге бұлай деп сұрамайды, жатсынбайды. Қойнын ашып, кел, кел деп шақырып тұрады.
Қыдырыстап жүре-жүре, тауға дейін барам. Сайдың бергі аузында итмұрын, қарақат, үшқат тəрізді жемісті бұталар өседі. Бұл кезде жеміс қайдан болсын, баяғыда пісіп, ағып кеткен. Азын-аулақ кепкендері ғана сақталған. Қақ болып кеткен жемістерді уысым толғанша теріп алып, жеймін.
Қапас маған бір нəрсені мықтап үйретті. Ол жер бетінде адамға азық болатын тамақтық заттың соншалық көп екендігі. Əр алуан нəрлі шөптер, шөптің тамырлары, жуалар, жеуге жарайтын жапырақтар, бұталардың басында, ағашта өсетін əр қилы жемістер, саңырауқүлақтар, бүлдіргендер, — осының бəрі-бəрі көл-көсір тамақ емес пе?
Судағы балықтар, ұшып жүрген əр алуан құстар?
аңдар мен жəндіктер. Не деген мол дүние! Не деген ұшан-теңіз зор байлық! Мұншама дарқан байлықты белшеден кешіп жүріп, адамның неге ашболатынына мен қазір түсінбеймін.
Қапаста ашболу ол түсінікті, басың бос емес.
Ал басы бос адамның, ашболуы ақылға сыймайтын іс.
Маған осы кезде қолыма бір сүйем үшкір темір беріп, басқа ешқандай қару-құрал бермей, орманға қуып жіберсе, өлмес едім, жанымды баққан болар едім деп ойлаймын.
Бір күні таңертеңгі шайдан кейін қыдырыстап тауға кеттім. Түс кезінде үйге қайттым. Тағы да бір шай ішер кез болғанын асқазаным есіме салып келеді.
Мен дөңнің үстімен келе жатыр едім. Қабақтан, сиырлы ауылдың дəл төбесінен қылт ете қалдым.
Тоқта! Өз үйлерінің есігінің алдында Ғалия салт атты біреумен қылжақтасып, ойнап тұр. Мен оларға өзімді байқатпас үшін еңкейіп отыра қалдым. Тышқан аңдыған мысық тəріздімін. Иə, қайтер екен?
Екеуінің қылығы нағыз қылжақ.
Салт аттының үстінде шинель, басы жалаң бас. Еңкейіп шалқайғанда, шашы желп-желп етеді.
Енді байқадым, оның кепкасы Ғалияның артқа ұстаған қолында екен. Ғалия бермей тұр. Анау еңкейіп алмақ болғанмен ала алмайды. Жігіт өтімдірек қимылдап бара жатса, Ғалия серпіле қашып, үйдің ашық тұрған есігіне кіріңкіреп кетеді, сосын қайта шығады. Кепкасын бере салса, анау кетер еді, бірақ, Ғалия бере салмайды, əдейі кетірмейді. Жігітті қылжаққа өзі шақырады.
Е, Ғалияның өзгере қалу себебін мен енді білдім, енді түсіндім. Бəсе, бұл маған неге жатбауыр болады деп таңырқап едім. Мен азап шегіп жүрген бір жылдың ішінде ол рақат шегіп жүрген екен ғой.Əскерден қайтқан жігіттермен қылжақтасуды білген екен ғой. Кеудем отқа толып
барады — қызғанышоты.
Балжан қазір, сірə, үйде жоқ-ау. Ол болса, мыналар есіктің дəл көзінде бүйтіп тұрмас еді. Қали қайда? Оу, пəле бала, əпкеңді кім көрінгенмен жыртақтатып қойып, қайда қаңғып кеттің екенсің! Мені Ғалияның қасына жолатпайтын едің? Мынауың не енді? Көзіңді шел басты ма, мыналарды көрмей? Анау ақ бақанды қолыңа неге алмайсың? Мынау жүгенсіз кеткен жігіттің атының басына құлаштап тұрып неге салмайсың! О, өлік Қали!
Бұдан да өлсең етті!
Ат үстіндегі жігіт бір кезде шап беріп, Ғалияның білегінен ұстап алды. Ғалия торға түскен қояндай тыпырлап бұлқынып жүр, бірақ, босана алмайды. Ана пəле тағы да жармасып, жіберетін емес. Талдырмашденесі жыланша бұратылып, шиыршық атады, ат үстінен құлай жаздап созылып, пружинадай серпіліп, бұрынғы қалыбына қайта қайтып келеді. Ғалиядан айырылмайды.
Бір кезде ол Ғалияны өзіне қарай күшпен тартып алды да, бетінен зорлап сүйе бастады. Тапайдың тал түсінде біреу-міреу көреді-ау деп именбейді. Ғалия басын олай-былай алып қашқан болады. Сықылықтап күле береді.
Анау Ғалияны сүйіп-сүйіп алды да, жібере салды. Ғалия сонда да кететін емес. Ойпа-тойпа болған шаштарын түзейді де, ойыны қанбаған балаша, ат үстіндегі жігітке қайта ұмтылады. Əттең, мылтығым болар ма еді. Ойланбастан, екеуін екі басып сұлатар ем. Үшінші оқты өзіме жұмсар едім.
Сонымен бұл драма трагедияға айналып бітер еді.
42
Мен өлуге бел байладым.
Өмір сүрудің мен үшін ешқандай да қызығы қалмаған тəрізді.
Бір қорлықтан соң бір қорлық, бір күйініштен соң жəне бір күйініш. Төзе алатын емеспін. Бүйтіп адам боп, жер басып жүргеннен де, өлген артық.
Ғалияның мендік емес екеніне көзім анық жетті. Менің оған түкке де қажетім жоқ. Жатпын, бөтенмін.
Ол енді мені сүймейді.
Керек десең, бір ауыз сөйлескісі келмейді.
Мен осының бəріне төзуім керек пе? Жоқ, төзе алмаймын, өлемін!
Өзімді жұрттың қоры санап жүре алмаймын!
Ауылға барғанмен де табатын қызығым шамалы ғой. Не қызық табам? Нұрəліге көзтүрткі тəуелді болармын, сол ма? Мен бір нəрсеге қатты өкінемін. Қап деп, бармағымды тістеймін.
Өмір бойы өкініп өтуімде дау жоқ.
Ол — былтыр ФЗО-ға кетіп бара жатқанда осында келіп қонуым, сол түннің оқиғасы. Қали қорылдап үйықтап қалған соң, Ғалия менің еркімде еді ғой. Мен сол мүмкіншілікті пайдалана алмадым. Ит үрді, Балжан келіп қалды.
Енді ойласам, ит боппын. Ақымақ боппын. Балжан келгенге дейін де аз уақыт өткен жоқ еді. Ия, өкініш! Орны толмас зор өкініш. Сол түні Ғалияға өктемдік жасай білгенімде, ол бүгін м-нен теріс айналып, жат қабақ көрсетер ме еді? Менің ұпайым түгел болмас па еді?
Шіркін-ай, сол түн тағы да қайталанса!
Қайталанар, бірақ мен үшін қайталанбас...
Маған өлгеннен басқа жол жоқ.
Үйге бармай, қайтадан тауға келе жатырмын. Қалай өлсем екен?
Шіркін, жақын маңда ағып жатқан терең су болар ма еді. Мойныма ауыр бір затты, айталық, добалдай тасты байлап алып, қойсам да кетсем. Болды, бітті. Су беті шымыр-шымыр қайнайды да, жым болады. Мен де жым болам.
Су түгілі бұл маңайда құдық та жоқ.
Қарағайдың бұтағына белбеуімді байлап, асылып өлсем бе екен? Бұл ыңғайсыз, салбырап түрған
жерімнен жүрт оңай тауып алады. Масқара өлімім бүкіл елге əйгілі болады.
Жүрт ештеңе білмейтіндей, өлігіңді таба алмайтындай болып өлсең.
Тағы да тауға келдім. Жоғарырақ барып, биік жартастардың біреуінің басынан құлап өлмекшімін.
Қапталдағы соқпақ жолмен өрлеп келе жатырмын.
Əне, əне бір тастың басынан секірсем. Аяқ жағым шыңырау қүз, түгім қалмайды. Ешкім биік қүздан азаптанып түсіп, менің мылжа-мылжа өлігімді іздеп таппайды. Мықтаса, бір-екі күн осы арада аспанда шулап құзғын үшып жүреді. Оңай азық табылғанға қуанып, той жасайды.
Көздеген жеріме жетіп, биік тастың басына шығып тұрмын. Астым үңірейген қүз жар. Япырмай, мынадан құлау деген қандай қорқынышты. Анау дөңбектей қара тастардың біреуінің үстіне барып түседі екем. Түгім қалмайтыны даусыз.
Не істеймін, өлем бе? Жоқ əлде қоя түрам ба? Ауылға барып, сағынған шешемді, жеңгемді көріп, содан соң өлсем?
Дəл төбемде, сонау заңғар биікте жападан-жалғыз түз қыраны қалықтап ұшады. Көк қожасы, көк тəңірісі бір өзім, менімен теңесер кім бар дегендей биіктің биігіне шырқап шығып алған. Қара құстай қалбақтап қанат қағу дегенді білмейді.
Бір шеңбердің бойымен жұлдыздай зулап ағады. Таудың өзі түстес қарасұр шоқы шоңдарымен деңгейлескен кезде сіңісіп көрінбей кетеді. Сосын екінші жақтан көк айдынның бетіне зу етіп жəне шыға келеді. О, шіркін, өмір деп, еркіндік деп міне осынікін айт.
Егер қанатым боп, құдіретім жетсе, мен де заңғар көкке шығып алар ем. Мынау азабы, былығы көп дүниемен бір-жолата хошайтысып, кетер ем. Неше түрлі елдердің үстінде қалықтап ұшып жүрер едім.
Кенет өр жағымнан бірдеңе тысыр еткендей болды. Селк етіп, мойнымды бұрып қарадым. Ат тұяғының тысыры. Қаптал жолмен біреулер келе жатыр. Əне, ат пысқырды.
Бұрылыстан əуелі екі аттың басы, одан соң басқа денелері көрінді. Ат жетелеген картаң адам. Мен жолдың шетінде тұрмын.
Міне ол жақын келіп қалды. Мінгені биік көк ат, жетегінде ерттеулі, құлынды қара кер бие. Ат жетелеуші маған жылы ұшырап барады - Дүйсекең? Біздің ауылдағы почта таситын Дүйсенбай қарт.
- Салаумалейкөм!
- Əлеки салам, о балам, қай ауылдың баласы боласың?
- Дүйсеке, мен Еркінмін ғой.
- Еркін!
Дүйсекең екеуміз мəре-сəре табысып жатырмыз.
Дүйсекеңнің сонау Түйықтан маған ат алып келе жатқан беті екен. (Мен мұнда екенімді үйге телеграмма беріп, хабарлағам.)
Өлім енді жайына қала тұрды.
- Балам-ау, жападан-жалғыз бұл арада неғып жүрсің? — деді Дүйсекең. Өлгелі жүр едім деп, қалай айтайын.
- Жай, бой жазып, қыдырып жүргенім ғой, — дей салдым.
Дүйсекең екеуміз фермаға, Балжан үйіне келдік. Бүгін аттарды тынықтырып, осында боламыз. Ертең, амандық болса, таңертең жолға шығамыз.
Үйде Ғалия ғана.
Ол бізге шай қойып берді. Үшеуміз шай ішіп отырмыз. Ғалияның сол бейқам салқын қалпы. Өзінше мені ештеңе көрген жоқ, ештеңе білмейді деп ойлайды. Ғалияның қолынан мен шай емес, у ішіп отырмын.
Ия, таңертең кетем. Ғалия қалады. Енді қайтып Ғалияны көрмеймін, хат та жазыспаймын. Бəрі бітті, сөнді...
Манағы ат үстіндегі шашы желп-желп еткен жігіт қалады. Ол Ғалияға əлі талай келеді, талай қылжақтасады.
Шай соңынан Дүйсенбай сыртқа шығып кетті. Ғалия ыдыс-аяқ жинап, өрешенің маңында жүр.
Үйде екеуміз ғанамыз.
Ең соңғы бірме-бір оңаша сəт. Бірдеңе айтып қалуға, сөйлесуге болатын ең соңғы мүмкіндік осы. Бұдан соң, мұндай мүмкіндік ешуақытта болмайды.
Мен орнымнан тұрып, есіктің алдына таман келдім. Сырт жақты бір көзіммен бақылай тұрып:
- Ғалия, - дедім.
Арт жағынан тарс етіп мылтық атылғандай Ғалия селк ете қалды. Маған жалт бұрылып қарады. Əлгі бір ғана сөзді айтуым мұң екен, неге екенін білмеймін, көңілім босап жүре бергені.
- Ғалия, сен неге...
Осыны айтуға шамам əрең келді, үнсіз егіліп, жылап жібердім.
Ғалияның жүзіне лықсып қаны теуіп, қып-қызыл болып кетті.
Еркін, жыламашы, неге жылайсың? — деді. Жыламашы деген сөз көңілімді одан бетер босатты.
- Еркін...
- Мен бағана бəрін де көріп тұрдым...
- Нені көріп тұрдың?
Осы кезде үй сыртынан Дүйсенбайдың:
- Еркін, аттарды отқа қояйық, — деп дауыстаған үні естілді. Көз жасымды жеңіме апыл-ғұпыл сүрттім де, сыртқа шықтым.
Ғалиямен бар тілдескенім əлгі болды.
43
Біз атқа ерте қондық.
Күн бүгін бұлыңғыр, кеңілсіз. Аспанда беймаза шулап, қарқ-қарқ етіп, тобымен құйғытып ұшқан қарғалар. Тегіннен тегін ұшып жүрген жоқ, ауа райы бұзылатынын хабарлап, белгі беріп жүр. Дүйсекең кəрі көзін сығырай-тып, қарғаларға ұнатпаған қабақпен қарайды.
Дүйсекеңнің астындагы жалы шошқаның жалындай күжірейген күйлі қара көк ат оның жекеменшігі. Мен ес білгелі бері бұл адамды осы көк аттың үстінде көрем. Не қыста, не жазда бір түспейді.
Мен ес білгелі Дүйсекең осы өз атымен колхоздың почтасын тасиды.
Мен ес білген кезде Дүйсекең осындай шал еді, көк ат жалы күжірейген үлкен ат еді. Əлі де сол.
Мен атты да, Дүйсекеңді де ылғи бір қалыпта көрем.
Бір ғажабы, жылына он екі ай мініліп жүрсе дағы көк аттың жалы қисаймайды, қоңы ортаймайды. Дүйсекең қандай тың, қунақ болса, көк ат та, əменде, сондай тың, қунақ.
Дүйсекең өзін қалай күтсе, көк атты солай күтеді.
Тіпті атын өзінен асырып күтеді. Өзі ашқалуға бар, ал көк аттың қарнын ешуақытта ортайтпайды.
Көк аттың қыстай жеп шығатыны тек жоңышқа, жем.
Дүйсекең жоңышқаны жазда егін-егіннің арасынан, арықтың жағасынан орып, жинап алады.
Жемді таппайтын жерден табады.
Ұнның кебегі, дастарқандағы тамақтың қалдығы, қазанның қырындысы, аршылған картоптың қабығы тəрізді нəрселердің, Дүйсекең үйінде бір түйірі босқа тасталмайды. Арпаға, сұлыға қосылып, көк атқа жем боп жатады.
Ат иесінің жасы бұл күнде жетпісті алқымдаған, сонда да болса, тың. Тек үстіндегі киімі ғана бұрынғыдай емес, жүдеу. Бұл Дүйсекеңнің ұқыпсыздығынан емес, соғыс уақытының тапшылығынан. Əйтпесе, бұл кісі бір басын күте білетін жинақы адам.
Көк аттың қалып алған қатты аяң жүрісі бар, біз сонымен келе жатырмыз. Қаракер бие аяңымен кейде ілесіп, кейде ілесе алмай, бүлкең-бүлкең желеді. Бірақ желісі түйгіштеп, ішек-қарынды үзіп жібере жаздайтын қатты желіс емес, жағымды майда желіс.
Ұзақ жолдың үстінде Дүйсекең ауыл-аймақ жаңалықтарынан көп-көп əңгіме айтып, сусындатып тастады.
Араға бір қонып, ертесінде кешқұрым Тұйыққа келіп те қалдық.
44
О, туған жер! Сені де көретін күн болады екен-ау!
Тұйыққа көз байланған қараңғы кезде келдік. Жұрт байқай қоймайтын елеусіз кезде келгенімізге мен өте қуанышты едім. О, жұртым, армысыңдар! Мінекей, мен келдім деп, қасқайып жар салып келетіндей менде түр бар ма, абырой бар ма?
Мынау міне туған ауылдың көшесі. Қалбиған қарашатам үйлер кезіме оттай басылды. Мынау алдымыздағы біздің үй. Əкем салған өз үйім, өз босағам. Тор үйдің терезесі қараңғы да, ауыз үйде солғын қызғылт жарық бар. Жүрек шіркін еріп, балқып, бірдеңе боп барады.
Есіктің дəл көзіне келіп, аттан түсіп жатырмыз. Сол уақытта есік ашылды. Жауырыны шодырайған ұсқынсыз арық кемпір көрінді. Менің шешеме əрі ұқсайды, əрі ұқсамайды.
- Апа!
- Еркін! Қоз-е-е-мм!.. Шешем ойбаймен кеп бассалды. Сағынысқан құшақтар айқасып, қатты да қалды. Анам, асыл анам! Сағындым-ау, аяулым!
Шешемді құшақтап тұрып байқағаным бойы бұрынғысынан кішірейіп, өзі сұмдық жүдеп кеткен. Бұрын да ілбиген қу жаны еді, қазір енді сүйектерін бір-бірлеп киімінің сыртынан санап алғандай. Бейшараның өлмей, қалай тірі жүргенін білмеймін. Бір кезде анамды құшағымнан босатайын десем, сылқ етіп құлап барады. Шап беріп, əрең ұстап қалдым. Сөйтсем, талықсып шала өлік боп, мені сүйенішетіп əзер тұр.
Шешемді Дүйсекең екеуміз екеулеп сүйемелдеп, үйге кіргіздік. Төсекке жатқызып қойдық.
Қайран ғана апатайым, жарықта түр-түсін анықтап байқап, шошып кеттім — түрмеден келген менен де жаман. Қараймын да егіліп бассаламын. Қараймын да егіліп, бассаламын.
Құшақтасам, құшағыма толмайды — бір уыс.
Бұл кезде маңайдағы үйлерден жүгіріп бала-шаға, əйелдер келіп қалды. Біреулер шешемнің орамалын ағытып, бетіне суық су бүркіп жатыр.
Қаныша жеңгем көрінбейді.
- Жеңгем қайда?
Дəл осы кезде мойны-басын киіздей қалың қара орамалмен орап, байлап алған, бұтына еркектің галифе шалбарын киген бір қара əйел есіктен ентігіп кіріп келе жатты. Маған оның жүріс қимылы мен от шашқан жігерлі көздері ғана таныс. Күлімсіреуі таныс.
Есіктен шат-шадыман жайнап кірген жеңгем ол дағы мені өкіріп жылап келіп бассалды...
О, алтын жеңгем, аяулым! Не боп кеткенсің сен дағы!
Жыласып, сықтасып болып, жасқа шыланған көздерімізбен біреумізге біреуміз қараймыз. Мен оған, ол маған таңырқаулымыз. Құдай біледі, мына киім, мына түрмен жеңгемді басқа жерде кезіктірсем, танымай қалуым даусыз. Кешегі өзім білетін, қаладан келген, аршыған жауқазындай Қаныша сылқым бұл емес. Беті-қолы тілім-тілім жарылған, үстіне не болса, соны киген.
Бірімізді біріміз көрмеген бір жылдан аса уақыттың ішінде жеңгемнің басынан аз азап кешпегені бет-жүзінде сайрап, жазулы түр.
Өңі ұсталған ақшадай көне тартып, маңдайына қатарынан екі əжім сызығы түсіп қапты.
Қаныша жеңгем көзінің жасын жеңіне, көйлегінің кір-кір етегіне сүртіп отыр. Маған бұл да жат. Кешегі мұғалима Қанышада мұндай əдет болмайтын, оның қалтасынан тап-таза кішкентай қол орамалы түспейтін...
Жеңешетайым-ау, кім боп кеткенсің!
Түннің көп уақытына дейін біз үйқыға жатпадық. Бірімізден біріміз адасып қап, əр қиырдан əрең келіп табысқан жандармыз. Кеудемізді кернеген мұң, зарымыз да, сағынышымыз да көп екен. Соны қанша ағытып ақтарғанмен тауыса алатын емеспіз.
Менің бастан кешкендерім шешем мен жеңгем үшін ғажайып ертегі тəрізді. Ауыздарын ашып, жандары керемет күйзеліп тыңдайды. Ал олардың бастан кешкендері мені күйзелтеді. Киім-кешектері тозып біткен, адал етті малдан бір сиырдан өзге ештеңе де қалмаған.
Жеңгем колхозда жүмыс істейді екен, істемеске шарасы жоқ.
— Екі етегімді беліме түріп алып, қалаға тартып отыруға талай оқталдым. Бір заводқа жүмысшы болып кірсем де өлмес едім. Жанымды бұндағыдан жақсырақ бағар едім. Бірақ жіпсіз тұсалып, кете алмадым, — дейді жеңгем.
Қандай тұсаулар екені белгілі.
Сəрсебектің отын өшіріп қалай кетсін?
Өлмелі кемпірді қайда тастап кетеді?
Қаныша жеңгем неге де болса шыдап, ақырын күтуге белді бекем байлаған. Ол осы кезде шарбақты өгіз арбамен базға шөп тасиды екен. Адам көнбейтін, адам үйренбейтін не бар десеңізші.
45
Елдің халі жүдеу. Тым жүдеу.
Кешегі тынышытық кезде қолдың саласындай болып, көшеге сыймай жүретін жігіт-бозбалалар қазір көрінбейді. Бəрі дерлік əскерде. Қайтқандары аз. Сау кетіп, ақсақ-тоқсақ, мүгедек болып қайтқандар.
Ауылда бұралқы иттер көбейген. Адам тұрмайтын жаман тамдарды мекендеп, кісі көрсе, безіп жөнелетін жабайыланған мысықтар пайда болған.
Есіктерінің алдына қазан асып, жалындатып арпа, бидай қуырып, келі түйіп жатқандар.
Майданнан қара қағаз алып, боздап қалған үйлер де аз емес екен.
Колхоздағы жұмыстың бар ауыртпалығын əйелдер мен қарттар, жас балалар көтеретін болған. Əсіресе, əйелдер. Менің Қаныша жеңгем тəрізді жас келіншектер.
Əйел затын, жалпы, нəзік деп атайды ғой. Бос сөз. Мықтының ең мықтысы, көнбістің ең көнбісі əйелдер екеніне мен кіммен де дауласуға бармын.
Еркектер зорығып өлетін ауыр жұмыстарды бұ күнде қыңқ деместен əйелдер атқарып жүр. Оның сыртында, үй ішінің тіршілігін істейді, бала өсіреді, кəрі ата- енелерін күтеді.
Құдай біледі, еркек бұған төзбеген болар еді. Соғыс біреуге соғыс болса, біреуге ырыс. Нұрəлі, Жүністер үшін ырыс.
Басқарма мен бас бухгалтер екеулері бұл күнде көкте құдай, жерде өкімет бар екенін мүлде ұмытқан. Колхоздың қоң ет, майлы сүбесіне тұмсықтарын қадап қойып, сорып жатқан сүліктер. Екеуі де əбден байып алған. Дүние, мүлікті бірі мен бірі жарысып, бəсекелесіп жинайтын болған. Қаладан Нұрəлі кілем сатып əкелсе, Жүніс те кілем сатып əкеледі. Нұрəлі əшекейлі сандық сатып əкелсе, Жүніс те соны əкеледі.
Нұрəлі генерал пальто алып кисе, Жүніс, тым құрығанда, генерал костюм алып киеді.
Екі қорқау сен көп жейсің бе, мен көп жеймін бе деп қомағай жарысқа түскен.
Жемқорлығы жағынан біреуінен біреуі қалыспаса да, көзге көбірек түсетіні Нұрəлі. Жүніс айламен бүркеңкіреп жейді де, Нұрəлі ашық асайды.
Нұрəліде бұл күнде атақ та, абырой да жетерлік. Аудан көлемінде ең мықты, ең азулы председательдердің бірі болып саналады екен. Басшылардың аддында беделді. Пленум, конференцияларда ылғи мақталады, газет ылғи мақтап жазады.
Міне сондықтан да ауылда Нұрəлінің бетіне тіке келер бір жан жоқ. Ар жақтарынан атарға
оқтары болмай тұрса да, Нұреке, Нұреке деп алдында құрдай жорғалайды.
Егер көкте құдай бары рас болса, Тұйықтың халқы үшін ол құдай Нұрəлі. Жерде өкімет бары рас болса, ол да Нұрəлі.
Нұрəлісіз Тұйықта таң атып, күн шықпайды. Нұрəлі осы көктемде жүз мың сомның соғыс заемына жазылған. Жүніс елу мың сомға жазылған. Бұл оларға атақ үшін қажет.
Бəрібір өз қалталарынан төлемейді, колхоздың қойы мен майын сатып төлейді.
Өзге жұрт жан баға алмай отырған кезде Нұрəлі ауылдың бас жағынан, оңаша дөңес жерден төрт бөлме етіп, шатырлап жаңа үй тұрғызып жатыр. Қалауы, ішкі тысқы сылағы түгел біткен. Пеш салу, еден төсеу, есік-терезе орнату ғана қалған. Ауылдағы ең биік, ең əдемі үй болмақ.
Ол үй бітіп, дайын болған кезде хозяйкасы кім болады?
Сəуле бола ма? Əй қайдам. Сəуленің талма ауруы соңғы уақытта асқынып кеткен. Кəдімгі жындыға айналған. Нұрəлі оны Шелекке бақсыға апарып тастапты. Сауығып келе ме, не болады?
Үйде бір жетідей тынықтым да, ауданға келдім. Милиция мен военкоматқа есепке отыруым, паспорт алуым қажет. Кешіктіре беруге болмайды, соғыс уақытының заң-тəртібі қатал.
Запы болып қалғандықтан да, милиция кеңсесі жаққа жолағым келмеді. Барсам, ұстап алып, тағы да қамап қоятындай жүрегім дүрс-дүрс етеді.
Паспорт столының кішкентай ойық терезесінен жүрексіне сығалап қараймын. Қандай адам отырғанын байқамақпын. Сөйтсем, бір кезде осындағы мектепте өзіме орыс тілінен сабақ берген Нағима дейтін əйел бар еді, сол отыр. Көңілім жадырап, жылып қоя берді.
-Тəтей, амансыз ба?
Нағима мені танымай барып, əзер таныды.
- Қайдан жүрсің? Не боп кеткенсің? — деп сұрап жатыр.
Мен қысқашалап жай-жағдайымды айттым. Енді паспорт алуым қажет, түрмеден босаған куəлігімді көрсеттім.
- Тоқта... тоқта... Сен бұрын осында жүргенде паспорт алған ба едің ?
- Алғам.
- Ол паспортың қайда?
ФЗО-ға кетіп бара жатып, жолда, Петропавлда ұрлатып алғанымды айттым.
Нағима сол жағында қасында тұрған үлкен сейфтің астыңғы бөлегін ашты да, бір паспорт, бір комсомолдық билет алып шықты. Екеуін де əуелі өзі оқып, қарап алды. Содан соң маған ұсынды:
Мыналар емес пе?
О ғажап! Баяғы сол менің паспортым! Менің комсомолдық билетім! Ешжеріне дақ түспеген. Комсомолдық билеттің арасында Ғалияның маған сыйлаған кішкентай суретіне дейін жүр.
Бұлардың мұнда қайдан келіп қалғанына аң-таңмын.
Түсінсем, бұйырмасын.
- Ұрлатқанда ақшаң да бар ма еді?
- Азырақ бар болатын.
Ұрлаған адам ақшаңды алған да, документтеріңді паспорттағы адресің бойынша конвертке салып, бізге жіберген, — дейді Нағима.
Мұндай да болады екен.
Тағы да бір жетідей уақыт өтті, үйдемін. Таза арық, таза көтерем болсам керек, өзімді сергек сезінем. Ас болса, тəбетімде мін жоқ. Көз жанарым тіріліп, бетіме кəдімгідей қан жүгіріп, адам қатарына қосылайын деп қалдым.
Бір күні хабар тасушы келіп түр:
- Еркін, сені ауыл совет шақырады, — дейді. Сол баяғы Ырысты.
Келдім. Ырысты қинала отырып:
- Қарағым Еркін, əкесі өлгенді де естіртеді. Сені əскерге шақырған повестка кепті, — дейді.
Міне мен Қарасазда военкоматтамын. Тырдай болып шешініп, əскери комиссияның алдында тұрмын. Арықтығыма комиссия мүшелері таңырқап қарасады.
- Аурусың ба?
- Саумын.
- Мұнша неге арықсың?
- Жуырда түрмеден босап келген едім. Жарамадым.
Жарамауым тек арықтығымнан емес. Екі тізем екеуі бірдей күдіс, аяқтарым толық түзеліп, жазылмайды. Бұл Сібірде лагерьдің сыйлағаны. Бүкіл қыс бойына суық барақта аяқты бауырға алып, бүк түсіп жатудан болған. Жарағанда, əскерге қуана-қуана кететін едім.
46
Мен жігерлі, күшті болып өсуді жасымнан арман етуші едім. Мектепте оқып жүргенде дене шынықтыру сабағын жəне спортты өте сүйетінмін. Қолыма түскен спорттың түрлерінен мен шүғылданбаған, мен қызықпаған біреуі жоқ. Шамам келсе, бəрін де игеруге құштар едім.
Волейболды жақсы ойнаймын, шаңғыны тəуір тебем. Суда тəуір жүзем. Жақынға жүгіруде аддыма жан салмас желаяқтың бірі едім.
Турникке де жаман ойнамаймын.
Жасымнан нəзік, арық бала болдым да, қара күшке онша жарымадым. Бірақ оның есесін əлгідей спортпен шүғылдану, өзімді өзім шындап жетілдіру арқылы толықтыруға тырысатынмын.
Дене тұлғасы сымбатты, бұлшық еттері түйін-түйін ойнап тұратын, қыңқыл-сыңқылды білмейтін, денсаулығы күшті адамдарға əрқашан тамсанып, қызығып қараймын. Қолымнан келсе, солардай болу асыл арманымның біреуі.
Əл-қуаты нашарлық, ілмигендік, тағдырдың адам бойына жапсырған зор міні, кемшілдігі деп қараймын. Өмірде ондайлардың талай жерде есесі кететінін өз көзіммен көрдім, басымнан да кешірдім. Қиын-қыспақ уақытта алдымен қаусайтындар жəне осындайлар. Əлжуаз нашар кісі ыстық-суыққа төзімсіз, дене еңбегіне шалағай келетіні даусыз нəрсе.
Ең аяғы біреумен төбелесіп қалса да, таяқ жейді.
Мен өзімді осы кезде əлгідей арық та дəрменсіздігім үшін адамның қоры санаймын. Оған қоса екі тізем күдіс. Көзге қорашбейшара біреу болып қалғанымды, əсіресе, əскери комиссиядан өткен кезде тіпті анық байқадым.
Комиссиядан қорланып, ыза болып шықтым.
Жоқ, мен қалай да оңалуым керек!
Тіземнің күдістігін жоюым керек.
Осыны алдыма ең бірінші мақсат етіп қойдым.
Күнде таңертең керіліп, созылып, неше алуан дене шынықтыру жаттығуларын жасаймын. Шаңғы тебем (уықтан шаңғы жасап алғам). Коньки тебем.
Тізелерімнің күдісін жазу үшін тіземді бүкпей тұрып еңкейіп, қолымды жерге тигізуге тырысамын. Əуелгіде жетпек түгіл, жоламайтын. Сосын біртін-біртін жерге қолымның ұшы тиетін болды.
Мен бұл жаттығуды қашан талғанша, шаршағанша елу рет, жүз рет қайталап жасаумен болам.
Апам ылғи да ренжиді:
- Балам-ау, өзің болсаң, көтеремсің. Бекерден бекер азаптанып, жаныңды мұнша неге қинайсың? — дейді.
Ауданнан қызмет тауып алмақшы болдым. Колхозда Нұрəлінің қол астында жұмыс істегім келмейді.
Қызметке орналассам, үйді көшіріп əкетпекшімін.
Мен тəрізді азды-көпті оқуы бар адамға бүл күнде қызмет оңай табылуы тиіс.
Қарасаздамын.
Танитын біреулерден госбанкке қызметкер керек. Инспекторлық орын бар. Жұмысы ауыр емес, оп-оңай үйреніп кетесің деген сөз естідім.
Келдім. Сөйлестім. Бастығы Мирошниченко дейтін тəпелтек жуан адам. Кадрлардың есебін алатын листок берді, «осыны толтыр. Өмірбаяның мен арызыңды жазып, қосып əкел» деді.
Листокта жүректі дір еткізетін бір жаман сұрақ бар екен. «Сотталддың ба? Не үшін сотталдың?» дейді.
Маңдайымнан терім бұрқ ете қалды.
Менің госбанкке қызметке алыну, алынбауым ғана емес, болашақ бүкіл өмірім осы сұраққа тіреліп тұрған тəрізді еді. Не деп жазам. Өтірік жазуға болмайды. Ал сотталдым деп жазуга қолым бармайды.
Сен өзің совет мекемесіне қызметке алуға болатын дені дұрыс адамсың ба? Жоқ, қауіпті біреусің бе деп сұрап отырғанмен бірдей еді. Кісінің өз кемшілігін, басқалардан жасырғысы келетін жан жарасын өзіне мойындатып айтқызғандай ар-намысқа тиетін дөкір сұрақ.
Қиын бір есеп шығарғандай немесе жұмбақ шешкендей ойланып көп отырдым. Содан соң листокты төрт қабаттап бүктедім де, ортасынан қақ бөліп жəне жырттым.
Екі бөлекті қабаттап салып жəне жырттым.
Осымен менің анкета толтыруым бітті.
Көрмегенім кеңселер, мекемелер болсын дедім де, ауылға қайта қайтып келдім.
47
Дəл сол күні біздің үйде бір қонақ қонып отыр екен. Жасы қырықтар шамасында, жіңішке қияқ мұрты бар, маңдайы қасқалау сұрша жігіт, аты Мұса. Осыдан елу-алпыс шақырым Жарқұлақ деп аталынатын, алтын кенінде жұмыс істейді. Шешем жағынан бізге жекжат шалыс. Өзі домбыра тартып, əн салады. Мінезі жұмсақ, кісіге жұғымды тəуір адам көрінеді.
Осы Мұса өзі жұмыс істейтін алтын кенін кешбойына мақтап сөйлеумен болды. Жұмысы ауыр болғанмен, табысы жақсы.
Əр айдың аяғында сол айда бүкіл алтын кені бойынша алынған алтынның мөлшеріне қарай еңбекақы төлейді. Еңбекақыны алтынның талоны түрінде береді. Бір сомның талоны жай ақшаның құнына шаққанда он сом боп бағаланады. Дүкенде кездеме, бітулі киім, қант-шай секілді осы кезде басқа дүкендерде құрып кеткен нəрселер сықап түр. Талоның болса, не алам десең аласың, жай ақшаға сатпайды. Күніне нормалап нан береді дегенді айтты.
Қазіргі колхоздағы тұрмыспен салыстырғанда, Мұсаның айтып отырғандары коммунизм еді.
- Мен барсам, жұмысқа ала ма? — деп сұрадым.
- Алғанда қандай, əке дейді.
- Оған да өмірбаян жазып, анкета толтыру керек пе?
- Қандай анкета?
- Қайда тудың, қайда өстің, əкең кім, шешең кім деген тəрізді...
- Түктің керегі жоқ. Барасың да, істей бересің. Бітті. Ертесінде таңертең Мұсаға міңгестім де, Жарқұлақ қайдасың деп тартып жөнелдім.
Жолы əрі алыс, əрі ауыр екен. Тянь-Шаньның Қытайға қарай сұғынған ең бір шалғай түкпірі, көк жалтыр жалаңашшыңдардың дəл түбі. Аттың мықтылығынан бір күнде əзер жеттік.
Екі жағы қысаң келген шұңғыл шатқал сай. Көбігін аспанға атқан асау өзен. Алтын кені өзеннің жағасына таяу төскей жүрекшеде. Бөренеден қиған үш-төрт ағашүй, ағашбарақтар жəне он шақты жер үй, жеркепелер. Бары осы.
Біз мұнда кешке қарай келгенбіз. Тау ішінде күн ерте батып, кешерте түседі. Мұса семьясымен жалпы барақта тұрады. Семьясы дегенде өзі, кəрі шешесі, қарындасы үш-еуі ғана. Əйелі жоқ, əйелінен ажырасқан болуға керек. Барақтың есігінен:
- Кешжарық! - деп Мұса бастап, кіріп келдік.
Ұзын барақтың іші алакеугім. Тақтай сəкінің үстінде əр-əр жерде сықсиып жанған білте шам, əр шамды қоршап алып, кешкі шайға бас қойған жұмысшылар. Бəрі мойындарын бұрып, бізге қарасты.
- Ешкің арық!
- Уа, Мұса, ат-көлік аман ба?
Қалай, төменгі ел-жұртың тыныштық па екен?
- Армиядан кімдер келіпті?
- Армияға кімдер алыныпты? Осы секілді сұрақтар жауып кетті.
- Қасыңдағы бала кім? - деп сұрап жатыр.
Біздің Тұйықтағы жекжат еді, осында жұмысқа келді. Е-е.
Тротуарша созылған ұзын сəкінің үстінен Мұса семьясына тиген орын барақтың кіре берісіне жақын екен. Біз сол арада тұрып сырт киімдерімізді шешініп жатырмыз. Мұсаның шешесі мен қарындасы менің бұрын көрмеген адамдарым. Екеуі де маған бұнысы кім, масыл етіп, тағы кімді əкеліп отыр дегендей тосырқап қарасады.
Мінекей, біз шай ішіп отырмыз. Ортамызда төңкерулі кесенің түбіне жаққан сығырайған білте шам. Шайды Мұсаның шешесі Қалампыр құйып отыр. Пісте мұрын, бетінде шешек табынан пайда болған бұжыр шұқыршалары бар қатпа қара кемпір. Маған ол əлсін-əлсін барлап көз тастап қарап қояды.
Мұсаның қарындасының аты Бəтима, жасы мен шамалас. Не шешесіне, не Мұсаға тартпаған, аяқ-қолы жуан, жуан бел, болбиған сары қыз. Шешесі мен Мұсаның екі аралығында менімен бетпе-бет отыр.
Неге екенін қайдам, осы қыз маған бір көргеннен ұнамады. Былайша алып қарағанда, түр-түсі таза, ықтиятты, киім киісінде де оғашешнəрсе жоқ. Аз сөйлейтін, мінезі салмақты жанға ұқсайды.
Бірақ, қараптан-қарап отырып, əлгіні суқаным сүймейтінін сезінем. Күрең-сарғышшашына əлдеқандай жылтырауық май жағып, маңдайынан қақ жара жабыстырып тарапты. Бетіне қараған сайын шашының əр жерінен жарыққа бұра ұстап, басын да солай қарай қисайтып ап, дағды болған мақаммен əуендетіп оқи жөнелді:
Кемел ақын келтірер сөздің түрін,
Оған да заман өткен бір ықылым.
Кешегі ол бір қатар заманында
Өтіпті екі байың бізден бұрын.
Мұндағы жұрттың қолы боста, əсіресе, осындай кешкі уақытта ермек етіп, көңіл көтеретін ойын-сауығы да, кинотеатры да осы кітап екен. Соның ішіндегі қиссаларды он, жиырма қайта оқытқанды, басқалар ұйып тыңдағанды біледі. Оқитын ылғи да Өмірəлі болса керек. Біртүрлі сыңсып əуендеткен тəрізді төселген мақамға салып, оқта-текте ернін жалап қойып, төпеп отыр. Тыңдаушы жұрт бəйге атына дем беріп, қоздыра түскенде əр кезде еліре үн қосып, мəз боп, жырғап қалады.
Қиссаны мен де жақсы оқимын. Өмірəліден əрі тəуір, əрі тез оқимын. Менің де төселген мақам-əуендерім бар. Соған салып, құбылтып, əсерлі етіп оқуға шебер-ақпын.
Он бір буынды қара өлең түріндегі қиссаны бір басқа, жыр түріндегі қиссаны жəне бір басқа əуез нақышпен əлқисса деп басталатын қара сөзі болса, оны тағы да бөлекше дауыспен неше саққа жүгіртіп оқи алам.
Шіркін, маған оқытар ма еді деп арқам қозып, əзер отырмын. Өмірəлінің оқығаны көңіліме толмайды. Бір сарынмен сылбыр оқиды екен, сөз бен сөздің арасында ыңылдап созып тұрып алады.
Бір кезде Өмірəлі талып шаршағандай болды. Тамағы кеберсіп, үні шықпауға айналды. Соны пайдаланып:
- Беріңіз, мен оқиын, — дедім.
Берді.
Көрейік, қалай оқыр екенсің дегендей жұрт маған қарасты. Араларынан орын босатысып, мені шамға жақынырақ жіберді. Көкпарға тыңнан қосылған жүйріктей ешқандай мүдіріссіз заулай жөнелдім:
Тал шыбықтай бүралған өзі керім,
Мінекей, оны айтатын келді жерім.
Қыпша бел, алма мойын сұлу Баян
Сипаты жаннан асқан ол бір серім...
Өмірəліден асырып, құлшынған шабытпен оқып жөнелдім. Əр сөзім анық, айқын, əсерлі шығып жатқанын өзім де аңғарамын. Жұрт менен мұндай өнер күтпесе керек. Бəрі жым боп, бір сəтке тым-тырс тынды да қалды. Сосын кітаптың бір беті таусылып, екінші бетке ауысарда, сол кездегі үзілгендікті пайдаланып:
- Ой, азаматым!
- Мынау бір өнерлі бала ғой!
- Қатырып оқиды екен!
- Тамаша оқиды екен! — деп жамырап, мақтай жөнелісті.
Төбем көкке жеткендей болды...
Мақтау сөздер шабытымды одан бетер тасытты. Жер танабын қуырған тарлан бозша бауырым еркін жазылып, нағыз бабыма түсе бастағандаймын. Маңдайымнан бусанған тер шықты. Жыр мазмұнының жұрттың жүрек қылын шертіп өтеді-ау деген тұстарына келгенде, дауысымды құбылтып, түрленте түсумен қабат, қас-қабақ, бет-бейнемді де бейімдеп, өзгерте қоям. Жырда айтылып жатқанның бəрінің тірі куəсі тəріздімін, өзім бірге арала-сып, басымнан бірге кешіп жүргендеймін.
Мінекей, жыр оқылып бітті. Тез оқылды. Жұрт қалай аяқталғанын сезбей қалған тəрізді.
- Ой, көп жаса!
- Бір жасың мың болсын!
- Жасың ұзақ болсын! — деген тəрізді мақтау сөздер. Өнеріме сүйсінген жұрт:
- Қане, енді Қобыландыны оқы, — деп, өтінішжасай бастады.
Кемеші келсе, қайықшы судан шығады дегендей, Өмірəлі далада қалып қойды. Өзге жұрттың ішінен оны Өмірəлі атандырып, биіктетіп тұрған басындағы азғантай бақ-дəрежесін түгін қалдырмастан мен тартып алғандай болдым. Жыр қиссаларының ішінде Қобыландыны ерекше сүйем. Өзім жəне түгел дерлік жатқа білем. Кей жерін кітапқа қарамай да заулатам. Тайбурылдың шабысын сыпаттайтын жерде жыны қозған бақсыдай өрепкіп, өзімді өзім ұмытып, қалыбымнан шығып кететін тəріздімін.
Қысқасы, ғажап оқыдым.
Жұрт бір ауыздан:
- Мына бала артист екен, — десті.
Осыдан былай күнде кешкілік қисса оқу менің міндетіме айналды.
48
Үлкен барақтың бет алдында бағанға сыммен салбыратып байлап қойған рельс сынығы. Ертемен таң қараңғысынан соны біреу білектей сойыл темірмен бүкіл тау-құзды жаңғырықтырып даң-даң соғады. Бұл ұйқыларың-нан ояныңдар, тұрыңдар дегені. Ұзын сəкінің үстінде қаз-қатар тізіліп сұлаған адам денелері дабыл үнін естіп, қауырт қозғалысқа келеді. Əр-əр жерден жылтырап, тағы да білте шамдар жанады.
Шаштары ұйпа-тұйпа болып, есінеп тұрып жатқан əйелдер.
Тұрғысы келмей, қыңқыл-сыңқыл білдірген балалар. «Əй, тұр. Шай қайнат» деп əйелдерін жұлқыған еркектер.
Алтын кендегі негізгі қауырт жұмыс өзеннің арғы бетіндегі таудың сонау биік жал басынан қаппен кен арқалап түсу. Тіп-тік қия беттен иректеп қашап, жол жасаған. Жұрт тауға сонымен жаяу шұбап шығады, жаяу түседі.
Көлік шыға алмайды. Төменде су бойында бөренеден қиып жасаған шағын ағашүй. Іші диірмен құсап күндіз-түні дүрсілдейді де жатады. Жұрттың тау басынан азаппен арқалап түскен кенін үзбейді.
Шатқалдың ішін жаңғырықтырып дабыл екінші рет соғылғанда, жұрт жұмысқа шығулары керек.
Қолтықтарына бір-бірден бос қап қысып алып, жаяу шұбырған халықтың арасында міне мен де келе жатырмын.
Қасымда Бəтима. Ол маған бір семьяның адамдарында болатын үйірсек жылы көзбен қарайды. Егіз қозы тəрізденіп жанамалап бірге жүргісі келеді. Бəтиманың ол мінезі маған онша ұнамайды. Жолап кетсе, бірдеңесі жүғатындай бойым дір ете қалады.
Судан ары өткен соң-ақ жол тіке өрге тартады. Тауға өрмелеп шығу басталады. Үйренбеген адамға бұл нағыз азап болады екен. Жолдың бір ирегін жүрмей-ақ тізем салдырап талып кетті.
Ал үйреніп, дағдыланып алғандар бірін-бірі қуалап, басып озып, тау ешкіше зырлайды.
Жүрттың ең соңында қалып қойдым.
— Алғашында жұрттың бəрі өстеді. Таудан тас алып түспек түгіл, өздері шыға алмай қиналады. Əлі біраз күннен кейін үйреніп кетесің, — дейді Бəтима.
Бүйткен біраз күні құрып қалсын.
Əлсін-əлсін тоқтап, демалам.
Бəтима да аналардай шаршау білмес көнтерінің біреуі. Бірақ оның мені жалғыз тастап кеткісі келмейді. Маған қарайлап, мен тоқтасам, ол да тоқтайды.
Кейбір өте-мөте тік жерлерде қолтығымнан сүйемелеп, қамқор болады.
Бұнысы адамшылық екенін мен ішімнен жылы қабылдап, əйел заты ретінде ұнатпасам да, жолдас ретінде, серік ретінде өзін тəуір көре бастадым.
Басқалар бізден ұзап кетті.
Маған тау басына шығудың өзі мұң болды. «О, бүйтіп тапқан табысы құрысын! Мынау жұмыс емес дозақ қой!» деген сөзді тоқтап, демалған сайын айтам.
Ирек-ирек болып, тіке кетіп жатқан жол тіпті таусылатын емес. Əр ирегін жүріп өткен сайын енді қанша қалды екен деген оймен жоғарыға көз салып қарап қоям. Əлі көп, əлі ұзақ.
Бір иректен соң, бір ирек.
Əне, əуелгі озып кеткендер таудың үшар басына жетіп те үлгерді. Ол арада кен қазатын шахта бар. Мұса тəрізденген əлуетті жігіттер сол шахтада жүмыс істейді.
Тасты бұрғымен ұрып теседі де, дəрі қойып жарады. Кенді солай қопсытады.
Түстен кейінгі сменаға баратын болғандықтан Мұса қазір үйде.
Біз таудың ортан беліне əзер деп жеткенде, алдыңғы озып кеткендер кен алып, қайтып та үлгерді.
Алтынның кені қиыршық тасы аралас, дымқыл сарғышқұм болады екен. Ауырлығы керемет — түзбен бірдей. Содан қаптарының түбіне зілдей етіп шылқытып салып алған əйелдер мен балалар ауыр жүктің салмағымен жаншылып екі бүктеліп, еңіске қарай дедектеп жүгіріп кетіп бара жатады. Арт жақтарында апат болып, содан қашып келе жатқан адамдар тəрізді, ештеңеге бас бұрып қарамайды. Біреуіне біреуі бір ауыз сөз айтпайды, айтуға мұршалары да жоқ.
Əлгіндей қатты жүріспен келе жатып, жазатайым сүрініп кетіп жығылса, не боларларын білмеймін. Бірақ бір ғажабы, бірде-біреуі жығылмайды.
Əлдері бітіп, демалғылары келгенде, жолдың биік жар ернеуіне арқаларын сүйеп, тікелерінен — тікшалқайып, құлай кетеді.
Сосын тағы жүгіреді.
Өлдім-талдым дегенде таудың басына да шықтым-ау! Шахта дейтіндері міне мынау. Алтынның жылғасын қуалап, жақпар тастың өзегін үңгіп көлбей қазылған, іші ала көлеңке үңгір. Ауасы себездеп жаңбыр жауып тұрғандай дымқыл, аяқ асты шылқыған су. Тас қабырғалардан жорғалап аққан мөлдір тамшылар.
Аяқтың дəл астында үйіліп жатқан кен.
Бəтима екеуміз ғанамыз.
- Ұста қабыңды, - деді Бəтима.
Мен қабымның аузын ашып ұстап түрдым. Алақаны шұңырайған мешкей күрекпен Бəтима төрт-бес күрек кен салып берді де:
- Осы жетеді, бұдан артық апара алмайсың, - деді. Салынған кен қабымның түбінде ғана, маған тым аз көрініп түр.
Əркімнің күнбе күн алып барған кенін таразыға жекелеп өлшеп қабылдайды. Соған сай еңбек жазады. Еңбегі көптің табысы да көп. Еңбегі аздың табысы да аз.
Сондықтан кенді, мүмкін болғанынша, мол етіп апаруға əркім мүдделі.
Бəтима кенді өзіне менікінен екі еседей мол етіп салып алды.
- Қане, көтеріп көр.
Е, көтерсе несі бар деген оймен қабымды жерден жұлып алмақшы болдым. Сөйтсем, зіл батпан. Оңайшылықпен көтере алатын емеспін. Жерге жабысып қалған тəрізді. Бəтиманың жəрдемімен əзер деп арқама салдым.
Кен емес, қорғасын. Бөксемді жаншып сындырып барады. Осыны сезген Бəтима:
- Қалай екен? - дейді.
- Ауыр екен.
Мен алда келе жатырмын. Бəтима менің соңымда. Тізелерім қалтырап, мас адамдай тəлтірек-тəлтірек етем.
Шахтаның шығар аузындағы көлбеу жолмен келе жатып көрген халім осы.
Енді міне құлди еңіс жол басталды.
Ауыр жүкпен еңістен төмен түсу — бұл тозақтың тозағы екен. Жұрттың əлгінде дедек қағып жүгіріп бара жатуының сыры маған енді мəлім болды. Жүгірмеске лажым жоқ. Шаршағанға дейін жанталасып біраз жерге жетіп қалуың керек.
Мен жолдың бір ирегінің басынан аяғына дейін əзер жетем. Сосын, жұрттан көргенім бойынша, жол шетіне шоңқиып құлай кетем.
Мені тастап Бəтима тағы да кетпейді. Қасымда жүгін арқалаған қалпы күтіп, тосып тұрады.
Мен бес рет отырып демалғанда, ол бір рет отырып демалады.
Бəтиманың неге шаршамайтынына менің таңым бар. Менде əл қалмады, отыруым жиілеп кетті.
— Қашан үйренгенше, жұрттың бəрі өстеді. Бұл бұл ма, ертең əлі беліңнен шойырылып, қозғала алмай қаласың, — дейді Бəтима.
Қап, бекер келген екенмін. Колхозда жұмыс істеуім бұдан мың есе артық еді ғой деп ішімнен
өкінудемін. Бəтима бір кезде:
— Тым ауыр болса, азырақ төгіп таста, — деді. Мұндай ақыл басыма неғып келмегеніне таңмын.
Қуанып кеттім де, кенімнің біразын төгіп тастадым.
Сай табанына дейін енді аз қалғанда, менің халім мүлде бітті. Кірпігім əрең қыбырлап, жол шетінде демалып отырмын. Менен төмен дəл қасымда Бəтима отыр.
Бəтима да шаршаңқыраған, бірақ мендей əлсіз емес.
Бізден басқалар заводқа баяғыда барған. Алды кендерін өткізіп үйді-үйлеріне тарап кетті де, арты өткізіп жатыр.
— Ал, жүрмейміз бе? — дейді Бəтима.
— Бəтима, мен қатты шаршадым. Жүруге халім жоқ. Кенімнен жəне біраз төгіп тастайын десем, сонша жерден азаптанып көтеріп əкеп, енді төгуге обалсынам. Ішім ашиды.
Бəтима мен күтпеген ғаламат бір ерлік шешім жасады. Менің қабымды өз қабының үстінен қоса көтермек болды.
Мен əуелде шошып қалдым. Екі адамның жүгін бір адам қалай көтереді ?
Бұл мүмкін нəрсе ме?
Мінекей, Бəтима екі қапты бір өзі арқалап келе жатыр. Мен арт жағында бос келем. Бəтиманың күштілігіне əрі ғажаптанып, əрі оның не белі, не аяғының бір жері бырт етіп сынбас па екен деп қауіп ойлаймын.
Сынбақ түгіл, қыңқ демейді. Үстінен жəне осындай жүк артсаң да, жүре беретіндей.
Күшдеп міне осыны айт.
Еркек басыммен жүгімді қызға арқалатуым жəне оның өз жүгіне қосымша етіп көтертіп қойып, өзім бос келе жатуым көлденең жұрт көрсе, арыма таңба боларлықтай ұят іс. Мен бұны жан-тəніммен шамырқанып терең сезінемін. Біреу-міреу байқамаса екен деймін.
Жолдасқа Бəтимадай қайрымды адам, əй сірə, дүниеде кездеспес!
Көпірдің қасына келгенде, Бəтима уһ деп демалуға бірақ отырды. Енді қалған жол аз ғана. Мен өз қабымды өзім алдым. Өлдім-талдым дегенде, таразының басына жеттім.
Бұл кезде таразы басында адам қарасы жоқ еді. Қабылдаушы да бір жаққа кетіп қалған. Бəтима екеуміз демалып, тосып отырмыз.
- Қалай, қатты шаршадың ба?
- Құрсын, тауға енді шықпаймын. Кетем ауылға.
— Қой, кетемі несі, елден ұят емес пе? Алғашрет шыққанда жұрттың бəрі өстеді. Əлі үйренесің. Менің кетемім — шын сөзім.
Басында қара былғарымен тысталған малақайы, үстінде су жаңа қара көк қыстық пальтосы бар, орта бойлы, толықша денелі, əдеміше қара сұр жігіт іші дүрс-дүрс еткен завод үйінен шығып, аяғын жайлап басып, бізге қарай келе жатыр. Екі қолы қалтада.
- Сен қызға бүгін не көрінді жұрттың ең соңында қалып? Бұрын ең алдымен келетін едің? Бүл Мырқымбай кім?
Бəтима менің кім екенімді айтып жатыр.
- Құдай біледі, колхоздан қашып келдің ғой.
- Мен колхозға мүше емеспін, — дедім.
- Колхозға мүше болмай, аспаннан түскен шығарсың.
Əуелі Бəтиманың кенін өлшеді, жетпіс килограмм шықты.
Менікі отыз сегіз-ақ.
- Өзің жігіт емес екенсің ғой, қыз ғұрлы көтеріп əкелмепсің, — деп қабылдаушы мені мазақ, етіп жатыр.
Кітапшаға жазбақ боп:
- Фамилияң кім? — деп сұрады.
- Мамырбаев.
- Мамырбаев! — деп қабылдаушы елең ете қалды, — Сен Сəрсебек Мамырбаевтың інісі емессің бе?
- Ия, інісімін.
- Туған інісімісің?
- Туған.
- Сəрсебек əскерде ғой?
- Əскерде.
- Қашан алынып еді?
- Екі жылдай болды.
- Хат келіп тұра ма? Қай жерде?
- Былтырғы март айынан бері хат жоқ.
- Соғысқа барып па еді.
- Барған.
- Мм...
- Менің ағайымды сіз қайдан білесіз? — деп сұрадым.
- Е, білмей. Сəрсебек екеуміз Алматыда бухгалтерлік курста бірге оқығанбыз. Бір бөлмеде жатқанбыз. Ағаңның əйелі Қанышаны да білем. Екеуінің қалай танысып, қалай қосылғаны бəрі мына менің алақанымда. Қаныша қайда, сол өз ауылдарыңда мұғалім бе?
Бұл жігіттің аты Дүйсен, фамилиясы Дауылбаев екен. Жеңгем жайлы айтқандарымды өте ыждағатпен тыңдады. Оның əлдекімдердің қудалауымен қызметінен босап колхозда қара жүмыс істеп жүргенін білгенде, кереметтей күйзеліп, мынау сұмдық екен дегендей басын бірнеше рет шайқап қойып тұрды.
Мұндағы алтын кенді артель деп атайды. Дүйсеннің қызмет лауазымы есепші-бухгалтер.
Басқарушылардың біреуі.
Бүл адамның менің Сəрсебек ағайыммен əлгідей жақын жолдас болып шыққанына, сол арқылы маған да сұқбат білдіріп, жылы сөйлескеніне ішімнен қуанышты едім. Жүмыстың ауырлығынан ауылға қайтып кетсем деген ойымнан енді айни бастағандаймын. Шыдап, тағы біраз істеп көрмекпін.
Дүйсен маған қолдан келген жақсылығын істеуге дайын тұрған адам. Сəрсебектің інісі екенімді білген соң ол менің əкелген кенімді отыз сегіз килоның орнына түзеп, қырық сегіз кило етіп жазды.
Өсіріп жазды.
Бір бүгін емес, күнде сөйтеді.
Таудан күнде дерлік мен жұрттың соңы болып келемін. Таразының басында Дүйсеннен өзге ешкім қалмайды. Бəтима болса, ол өз кісіміз. Он түгіл, жиырма кило қосып жазса да, қуанғаннан өзге бір ауыз сөз айтпайды. Дүйсен бір күні:
— Əй қара тампыш, сен осы осынша неге арықсың? — деп сұрады.
Мен бір жыл қамауда болып келгенімді айттым.
— Ой азаматым, басыңнан талай нəрсе өтіпті ғой. Уақа емес, бəрін көріп өскен жақсы. Реті келсе мен сені басқа бір жеңілірек жұмысқа ауыстырармын.
49
Не жұмысқа ауыстырар екен деп жаным тақат таппай күтіп жүрмін.
Дүйсен маған өз ағайымдай болды. Кезіккен жердің бəрінде тəптіштеп хал-жайымды сұрап жатады.
Басқалардың алдында менің төбем көкке жеткендей болады.
Тауға шығуға, таудан түсуге бұрынғыдай емес, аздап үйренген тəріздімін. Кенді де, намысыма тырысып, көбірек көтеріп əкелем. Бірақ азап екені азап. Əр шығып түскенде, ғүмырымның жармысын жоғалтқандай болам.
Жанбағыс адамға не істеткізбейді! Таудан бір центнерге дейін, тіпті одан асырып кен көтеріп əкелетіндер бар.
Күніне өлімтіктеніп екі шығып түсетіндер бар.
Бұндайлардың көпшілігі жас балалар. Əке-шешелері олардың табыс тапқанына құнығып алған. Біздің пəленше шаршау білмейді, тауға екі рет шығып түсу оған ойыншық деп қолтығына су бүркіп, мақтап қояды.
Бала неме, шынында да сондаймын деп ойлайды.
Дүйсен аға көп жаса!
Бір жасың мың болсын!
Мен міне, басқа жұмысқа ауысып отырмын. Рақат жұмыс!
Алтын кені тұрған сайдың бойында, он шақырымдай төменде, қалың қарағайдың арасында пилорам бар. Содан екі адам атқа артып, сүйретіп əр түрлі тілінді ағаш, тақтай тасимыз.
Қасымдағым Əлім дейтін шал.
Жол бүл арада нашар, машина, арба жүре алмайды. Қажет нəрсенің бəр-бəрін төмен жақтан атқа артып жеткізеді. Əлімнің мінгені өзінің жеке меншік аты. Ақы өзіне жəне атына төленеді.
Менің астымда артельдің түйедей биік, күйлі қызыл аты. Ер-тұрманым былғарыдан істелген əдемі базар ер-тұрман.
Күніне бір ғана рет барып əкелеміз. Қалған уақытта боспыз. Екі баруға біз шыдағанмен, ат шыдамайды.
Жазылатын еңбегі тас тасушылардан кем емес.
Жекжатына жолаушы шеккен адамдай Əлім екеуміз таңертең шайдан кейін атқа қонамыз да, əңгімелесе отырып, аяңмен пилорамға келеміз. Аттың əр қапталына екіден-үштен тақтай теңдеп
аламыз да, қайта қайтамыз. Қатар жүруге жол тар, біріміздің соңымыздан біріміз жүріп отырамыз. Қыстыгүні орман іші. Мөлдіреген саф ауа. Тыныштық. Қардан үкі тағынған ағаштар. Тағалы аттар жолдың шыны қарын сықыр-сықыр басып, оқта-текте пысқырып қойып, келе жатады. Бет жүзіміз аяздан албырай түсіп, малақайды шекеге салып қойып, ерге бір жамбаспен отырып, ыңылдап өлең айтқанды ғана білеміз.
Рақат жұмыс емей, немене?
Əкелген ағаштарымызды өлшеп, қабылдайтын Дүйсен.
Дүйсен мұнда салт бас. Артель директорының орынбасары Əміржан дейтіннің үйінде пəтерде түрады.
Бұл адамның бойындағы тамаша бір қасиеті — күлдіргі əзілқойлығы. Айналасын күлкіге тоғытып, басқалардың ойына келмейтін неше алуан қызықты əңгімелерді жанынан шығарып, айтып жүреді.
Бір күні Дүйсен:
- Қара тампыш, мектепте жағырапия пəнін сүйетін бе едің? — деп сұрады. Мен «ия» дедім.
Олай болса, айтшы, Американы ашқан кім?
- Колумб. Христофор Колумб, - дедім білгіштігімді көрсетіп.
- Дұрыс емес. Африканы ашқан кім?
- Африканы кім ашқанын білмеймін. Ал Американы...
- Тоқтай тұр. Жапонияны ашқан кім?
- Білмеймін.
- Сүйетіндігің осы ма, түк білмейсің. Мен саған айтып берейін, біліп ал, дүние жүзіндегі елдердің көпшілігін біздің қазақтар ашқан. Оған дəлел: көп ел, көп жердің аты қазақша. Мəселен «Азия» деген атау қазақтың «əз ұя» де-ген сөзінен шыққан. Яғни ата мекен деген сөз. Ұқсай ма?
Мен ұқсайды екен дедім.
Дүйсен əрмен қарай түсіндіре бастады:
- «Африка» қазақтың «қапырақ» деген сөзінен шыққан, яғни, ыстық деген сөз. «Жапон» халқы «жұпыны» халық дегеннен, «Бразилия» «мынауың біраз ел, ə» дегеннен шыққан. «Европа» ол да қазақ сөзі, «жауропа» дегеннен шық-қан. Көрдіңбе, бəріде қазақ сөзі. «Пекин» қазақтың «бекін» деген сөзі. Жау келе жатыр, қаланың қақпасын жап, бекін дегеннен шыққан. Қазақта «қызың Қырымға, ұлың Ұрымға кетсін» деген сөз бар. «Қырымы» кəдімгі өзіміздің Қырым, Қара теңіздің жағалауы. Ал «Ұрымы» Рим. Итальяның астанасы. Қазақтар Римге тілі келмеген соң «Ұрым» деген.
Дүйсен осы тəсілмен дəлелдеп, «Американы» да қазақ сөзі етіп шығарады.
Мен бұл əңгімені алғашында шын көріп тыңдасам, сосын біртіндеп қалжың екенін білем. Дүйсеннің өзі ойлап тапқан, өте бір қисынды, тапқыр қалжың. Əдемі қалжың. Оқуы аз адамдар сеніп те қалатындай.
Дүйсеннің тапқырлығына мəз болып, рақаттанып күлемін.
- Қазақтар ашқан тағы қандай жерлер бар? — деймін.
- Көп, — дейді Дүйсен. Өзі күлмейді, шын сөйлегендей етіп айтады. — Монголияны да қазақтар ашқан. «Монгол» қазақша «мың қол» деген сөз. «Корея қазақша «қария» сөзі. «Чили» қазақтың, «шилі» деген сөзі, жерінде ши көп өсетін болғандықтан солай атаған. Міне, тампышбала, түйеге, атқа мініп алып, біздің ата-бабаларымыздың бармаған жері қалмаған. Мына шеті Жапония, мына шеті Америка бəрін аралаған.
50
Мұсаның шешесі Қалампыр дүниеге тек ақшаның көзімен қарап, бағалайды. Ақшаны көп тапса, ол жақсы адам, аз тапса, жаман адам.
Мен таудан тас тасып жүргенімде Қалампыр күн сайын қанша əкелгенімді сұрайтын. Ең аз əкелушілердің қатарында екенімді естіп, қоңырайып қалатын. Айдың аяғында табысың аз болады, түк те алмайсың деп жыныма тиіп қажап отырады.
Атпен ағаштаситын жаңа жұмысқа ауысқалы бері Қалампыр маған тəуір қарайды. Өйткені мүнда маған жазылатын еңбек мол, яғни табыс мол. Қалампыр оны жақсы біледі.
— Ағаштасушылар ақшаны қырып алады. Айдың аяғында əлі қарық боласың, — дейді.
Бұрынғыдай емес, асты-үстіме түсіп, елпілдеп тұрады, шай ішкенде нан, қантты алдыма сырып қойып отырады. Осы жасымның ішінде өзім өз боп жалақылы жүмыс істеп, санап ақша алып көрген емеспін. Айдың аяғындағы еңбек ақы беретін күнді шыдамсыздана күтудемін. Қаншама алуым мүмкін екенін күні брұын есептеп шығарамын.
Жұмыстың соңынан қолым боста күнде магазинге бір кіріп шығам. Колхоздағы дүкендерде баяғыда қарасы өшкен əр қилы кездеме, бітулі киім, қант-шай мұнда сықап түр. Соларға көзім қызығып қараймын. Ертең жалақы алған кезде не сатып алатынымды ойластырып, қиялыммен байимын. Ананы, ананы алсам деп, көңілімде тізім жасаумен болам.
Ол тізімім дүкенге жаңа бұйымдар түскен сайын өзгереді.
Өзімнен гөрі Тұйықтағы шешем мен жеңгемнің қамын көбірек ойлаймын. Адам болып, мал тауып, əуелі соларды қуантуға асықпын. Шешеме жаңа мəсі, оның сыртынан киетін азия галошын сатып алуды, жеңгеме көйлек, əдемі салы орамал сатып алуды арман етем.
Өзіме жаңа кирзо етік, мақталы жылы шалбар, жылы фуфайка сатып алсам деймін. Бір жолғы жалақыда бұның бəрін сатып ала алмаспын. Жуырдағы екі-үшайға түзетін жоспарларым осындай.
Міне, ай аяғы болды. Жиырма екі сомның алтын талоны тиді. Бұл бірғауым ақша. Жарым-жартысына келесі жалақыға дейін күн көруіме, жарым-жартысына дүкеннен нəрсе алуыма болады.
Өмірде азап қана емес, рақат та бар екенін мұндағы жұрт жалақы алған күні біледі. Қолдарына талондары тиер-тиместен үй іштерімен магазинге жүгіреді.
Қазекем саудаға, есеппен, үнеммен күн көруге ебедейсіз халықтың біреуі ғой. Кейбіреулер ақшаларын сарп етіп бірден жүмсайды да, ертеңгі шай-нанына елден қарыз сұрап жүреді.
Немесе алсам деп, зəру болған затын алмай, көзіне бірінші іліккен бірдеңені сатып ап, қап деп, не істерге білмей, өкініп жүреді.
Қайтып берсе, магазинші алмайды.
— Мына зат кімге қажет? — деп базар жоқта базар ашып, айқай салып жүргені.
Үй-үйді, барақ-барақты қыдырып, алушы іздейді.
Біреу алсам ба екем деп алмай қойса, онымен табан астында жауығып, бүйткен адамшылығыңды ұрайын деп, ренжісуге дейін барады.
Ақымақшылығы үшін өзін сабап алуға кісі жоқ.
Жылпос магазиншіге алданып қалғанын соңынан үйіне келіп, сатып алған нəрселерін жайып салып, саусақпен санап есептегенде бір-ақ біліп, дүкенге қайта жүгіріп кеп:
— Сен менің пəлен тиынымды жеп қойыпсың, қайтар, — деп шу шығарып жүргендер жəне кездеседі.
Қазақ жүмысшыларына тəн бір жақсы қасиет, əйтеуір, олар арақ құмар емес.
Арақты мүлде дерлік ішпейді.
Арақ ішушілерге жұрт жиренішпен қарайды.
Маған екінші айда тигені отыз бес сомның талоны.
Бүл тас таситын білдей жігіттердің табатын табысымен қарайлас. Қалампырдың «ағаш тасушылар ақшаны қырып аладысы» міне осы.
Үй ішіміз боп (Мұса семьясын жəне өзімді айтам) дүкенге сауда жасауға келіп тұрмыз. Бұл мұндағы жұрттың əдеті. Сауда жасарда, бүкіл семьяларымен түгел келеді. Ешқайсылары қалмайды. Біреуі саудаласушы болғанда, басқалары ақылшы.
Өткен айда шешеме деп мəсі, калошалғам. Олар қазір Қалампырдың сандығында сақтаулы. Жəне сол жолы өзіме кирзо етік алып кигем. Бұған дейін киіп жүргенім бəтіңке еді, атқа мінгелі бері тобығымды үзеңгі қажап, əуреге салған.
Бұл жолы жеңгеме деп көйлектік сатин, сары ала салы орамал, өзіме мақталы жылы шалбар алдым. Біраз қант, шай алдым.
Қалампырға сыйлық ретінде орамал алып бердім. Қара кемпір бүл күнде маған жақсы қарайды. Көңілін аулап, риза етіп қоюым өзіме пайдалы.
Дəл бүгін менен қуанышты, менен бақытты жан жоқ. Өйткені ертең Тұйыққа жол жүрмекшімін. Үйге барып келуге үшкүнге рұқсат сүрап алдым.
Артельдің басшылары мініп барып келуіме астымдағы атыма дейін беріп отыр.Шешем мен жеңгеме алып баратын олжам қаншама!
Бейшара ғаріп жандарды қуантуға жарайтын кезім келген тəрізді.
Мен мұнда бас-аяғы екі-ақ ай еңбек еттім. Соның өзінде əлгіндей табыс таптым. Басшыларға да, өзге жұртқа да жағымдымын.
Басшыларға жағатыным: жұмысты жақсы істеймін, адалмын. Қайда жұмсаса да, елгезектеніп ұшып түрам.
Үлкен барақтағы жұмысшыларға бекітілген үгітшімін. Парторгтың тапсыруымен оларға газет, журнал оқып берем. Қабырға газетін шығарам. Майданда не боп жатқаны турасында əңгімелер өткізем.
Өзге жұртқа жағатыным тағы да осы мінезім. Бұған енді күнде кешқұрым тыңдаушы елдің құлақ құршын қандырып, артистше мың құбылтып қисса оқитынымды қосыңыз. Қисса тыңдауға кейде Дүйсен де, артель директорының орынбасары Əміржан да келеді. Менің оқығыштық өнеріме олар да риза болады. Мақтасады.
Басшылардың мақтауы ол өте маңызды нəрсе.
Əйтпесе қазіргідей қиыншылық кезде үшкүнге жұмыстан мұрсатана алу артельдің екі-үш атының бірін сұрап алу ол кім көрінгеннің қолынан келмейді. Бүл арада менің əлгіндей көзге түсіп жүруімнің себі тиіп отыр.
Таңертеңгі уақыт. Күн əлі шықпаған. Түйедей қызыл аттың үстінде Тұйық қайдасың деп тау ішімен жалғыз соқтырып келе жатырмын. Жолға жақын түрған қарағайлардың дəл төбемде қырау басып салбыраған бұтақтарын ойын үшін қамшымен тартып өтем. Сап-салқын қылтанақты қыраулар басыма, атымның жалына сау етіп құйылады. Жалаңашмойныма да кіріп кетеді.
Күн бүгін сəл ғана шытқыл, ауада білінер-білінбестей аяз бар. Бірақ мен оны елемеймін. Кеудеме толқын атқан қызулы қуанышым тұрғанда, омырауымды аңқитып ашып тастауға бармын. Сіз менің осы келе жатқанда атқа отырысым қалай екенін көрсеңіз. Өзімді бейне бір парад қабылдауға шыққан биік қолбасыдай сезінем. Қарсы беттегі анау самсаған қалың қарағай сап түзеп тізіле қалған солдаттарым.
- Смирно! Равнение на середину! — деп айқайлаймын. Таңғы тұнық ауада дауысым жаңғырығып бүкіл орманды кезіп кетеді.
- Жолдас маршал! Гвардия полкының солдаттары парадқа шығуға даяр! — деп өзіме өзім рапорт берем.
- Сəлемет боларсыңдар, солдат жолдастар!
- Сəлемет боларсыз, маршал жолдас!
Əне, Совет Одағы гимнінің қүдіретті үні шалқып естілді. Менің қолым шекеде. Сап түзеген мың сан солдаттарым қыбыр етпейді...
Адам болу неткен бақыт!
Өмір сүру қандай көңілді!
Бір кезде мен өзімнен өзім тастан құлап, өлмекші де болдым-ау. Тфу, неткен ақымақпын! Нағыз дорақтың өзі екенмін ғой!
51
Қызыл атты тер-тер етіп, Тұйыққа қараңғы түспей, көз байланбай жетіп келдім. Анада түрмеден келгендегідей құбыжық сорлы халде емеспін. Түйедей қызыл аттың үстінде бүгінде кім болып оралғанымды жұрт көрсін қайта!
Жауым Нұрəлі көріп, іші күйсін.
Ау, халайық! Үйлеріңнен неге шықпайсыңдар? Маған неге таңырқап қарамайсыңдар? Менің мынау арт жағымдағы қомақты бөктеріндімді көрдіңдер ме? Сендер оның ішінде не барын білсеңдер етті.
Маңдай тер, табан ақыммен тапқан, шешем мен жеңгеме əкеле жатқан бағалы, асыл бұйымдарым бар.
Жаңа мəсі, жаңа галошты «алтынкеннен балам əкеп берді» деп əлі шешем жарқыратып киіп шыққан кезде, жеңгеме жаңа салы орамал, көйлек əкелгенімді, өзім де бірсыпыра жаңа киімдер алып кигенімді көргенде, сендер қайтер екенсіңдер!
Ау, балақайлар? Сəбилер! Жүгіріңдер, біздің үйге келіңдер! Менің сендерге беретін базарлығым — тəттілерім бар. Қолдарыңа бір-бір шақпақ қант ұстатам. Еркін ағам əкеп берді деп, қажалап жеп жүріңдер, Шіркін-ай, менің осы келген түрімді Ғалия көрер ме еді!
Ех, Ғалия! Мен үшін сен айықпас қайғыға айналдың, дертке айналдың. Жүрегімнен мəңгіге сызып тастайын десем де, дəрменсізбін. Неге олай? Не себептен сызып тастай алмаймын?
Неге ұмыта алмаймын?
Ғалия, сен мені бір емес, екі өлтірдің. Екеуі де өле өлгенше есімнен кетпес, сірə.
Біреуі — үйге бір қайыршы бала кіріп кетті деп қорлап айтқан сөзің.
Екіншісі — мен тау жақтан сейілдеп қайтып келе жатқанда, есік алдында шашы желп-желп еткен салт атты жігітпен ыржықтасып тұруың.
Сондағы іс-мінезің...
Сонда мен «Ақжолға» не үшін бардым? Бір сен үшін еді ғой, Ғалия. Ал сен мені қалай қарсы алдың? Қайыршыға теңедің.
Қас қылғандай, мен келгенде Тұйықтың көшесінде бірде-бір адам қарасы көрінсеші. Бұл кім деп біреу есігін ашып қарасашы.
Тым-тырс.
Мынау там үйлерде тірі адамдар түратынын мұржалардан шығып жатқан түтіндерге қарап білмесең, бəрі түгел қырылып қалған екен дерсің.
Біздің үйге төтелеп анау шет жақпен барса да болушы еді. Мен əдейі орталық көшені қақ жарып келе жатырмын. Бір кезде дəл алдымнан, үйдің қалқасынан қалың киінген, соқтауылдай екі еркек қарсы шыға келді.
Бұлар Нұрəлі мен бас бухгалтер Жүніс еді.
Екеуі де мені бір дегеннен танымай, тоқтап, мойындарын бұра ошарыла қарап қапты. Мен дəл қастарынан, үзеңгіммен қаға өтіп бара жатырмын. Биік аттың үстінде кеудемді одан бетер биік ұстап, көзімді жоғарыдан қиғаштай тастап, əдейі амандаспадым.
— Өй, мынау Еркін ғой.
— Сəрсебектің інісі ғой, — десіп артымнан күңкідеп, айтып жатты.
Айтса, айта берсін. Еркінекең енді олардың сөзі түгіл, өздерін елей қояр ма екен! Біздің үйде мереке! Біздің үйде шаттық!
Менің алтын кеннен қуанышты олжалы оралуым шешем мен жеңгемнің төбелерін көкке жеткізді. Бақыттың ауылы дəл мұндай қол созым жақын болар деп олар ойламаған да, күтпеген.
Кешегі Сəрсебек ағайым бар кездегі берекелі өмір бір кеште біздің үйде қайта орнады. Иісі мұрын жарған қызыл шай, мол дастарқан. Қазанда бүлк-бүлк қайнап, пісіп жатқан сүр ет.
Ертегілерде айтылатын ақ таяғын қолға ұстап, үйінен бақыт іздеп кетіп, талай қиыншылықтарды бастан кешіп, ақыры бай болып оралатын жетім балалар болушы еді ғой. Мен осы отырғанда дəл сол секілдімін.
Дүйсен Дауылбаевты Қаныша əйбат біледі екен. Ия, ол сондай, көңілді жақсы жігіт деп, қосыла мақтап отырды.
Таңертең оянғанда мен шешемді төрдегі аузы өте сирек ашылатын қоңыр сандықтың қасында көрдім. Бұл сандықта Сəрсебектің бар киімі сақтаулы. Шешем үшін дүниеде ол киімдерден қымбат мүлік жоқ.
Қаншама таршылық кезді бастан кешіп, аш-жалаңашболса да, ол ағайымның бір киімін сатып немесе азық-түлікке айырбастап, қажетке жаратқан емес.
Ондай ой шешем мен жеңгемнің басына кіріп те шықпаған.
Шешем Сəрсебектің қисық жағалы қара сатин жейдесін екі иығынан екі қолымен жазып ұстап, үнсіз кемсең-кемсең жылап тұр.
Менің оянғанымды көрді де, көз жасын сүртіп, тежеле қалды.
— Шыбыным, ағаңның мына жейдесін сен ки. Тірі келсе, киім табылар.
Сəрсебектің қара былғары қолғабы барды. Атқа мініп жүрсің, қолың тоңбасын деп соны да маған берді.
Ауылда бір күн болып, оның ертеңінде алтынкенге қайтайын деп жатырмын.
Шешем мен жеңгем аттандырып салып түр.
- Қошсау болыңдар.
- Қош, шыбыным. Қайда жүрсең, аман жүр.
- Ерка, қош.
Ат басын бұрып, енді жөней бергенімде, жеңгем:
— Ерка, тоқташы, — деп қалды. Тізгінді тежеп, кілт тоқтадым. Жеңгем қасыма келді. Мен əкеп берген əдемі салы орамалдан самай шашын түзей тұрып:
— Ерка, Ғалия күйеуге тигенін есіттің бе?
- Жоқ!
- Əнеукүні хат келген. Күйеуге шығыпты.
— Кімге?
Сол өз ауылдарында, армиядан келген біреуге.
Аттың басын тез бұрып, жөнеле бердім. Көңілім босап, ішім у боп еріп барады.
52
Қалампыр мені өз баласы жолаушы кетіп оралғандай қуанышпен қарсы алды. Ұзақ жол шаршатқан болар, қарның ашқан болар деп қалбақтап, жаны қалмайды.
Шешемнің, жеңгемнің амандығын тəптіштеп сүрап жатыр.
Шай үстінде қабағым кірбің екенін байқап қалды.
— Сен неге көңілсізсің?
— Жай.
— Бір жерің ауыра ма?
— Ат соғып, шаршағандық болар...
Қалампыр мені соңғы кезде өте сыйлағыш-ақ. Жатар кез болды. Сыртқа шықтым да, бараққа қайта кірдім. Жатып қалдым.
Менің қасыма, əдетте Қалампыр жататын. Қалампырдың ар жағында Бəтима. Бəтиманың ар жағында Мұса.
Неге екенін білмеймін, ол тəртіп бүгін өзгеріпті. Бəтимаға төсек менімен қатар салыныпты.
Маған бұл ұнамады.
Ішім қып ете қадды.
Калампыр соңғы кезде бір əңгіменің шетін шығаратын болған. Кейде екеуміз оңаша отырғанда, іс-міс жоқ, Бəтиманы мақтай жөнеледі. Қыз болса, менің қызымдай болсын, майлық-сулыққа бірдей. Ақшаны соқтауылдай жігіттеріңнен кем таппайды. Бұған серік болған адамның маңдайының бағы бар дейді.
Мен үндемеймін. Бұл əңгіменің маған қатысы жоқ дегендей қалып білдірем.
Бəтимадан кейін Қалампыр мені мақтайды:
- Сен де жаман бала емессің. Бəтиманы қалай көрсем, сені де солай көрем. Біреуіңнен біреуіңді алаламаймын,- дейді.
Кемпірдің түтіні қалай қисаятынын мен түсінем. Сіз ойлағандай бола қоймас деймін.
Мен Бəтиманы адамшылығы жағынан сыйлаймын. Ал бірақ сүймеймін. Сүймеген соң басыма ақыр заман төнсе де, мен оған үйленбекші емеспін.
Қара кемпір бұны білмейді.
Төсекке жатқан бетте əдейі кемпірге қарсылық мінез көрсетіп, Бəтимаға дөңкиген арқамды беріп, көрпемді басымнан асырып бүркеніп алдым.
Ал енді қайтер екен?
Мұса керемет жуас адам. Ештеңеде шаруасы болмайды. Мынау неге былай деп бір ауыз сөз айтпайды. Жұмыс істеп, ақша тапқанды ғана біледі. Ол ақшаны ұстайтын да, жұмсайтын да Қалампыр.
Келіні қара кемпірдің өзім билеймін мінезіне төзбегендіктен кетіп қалды деген сөз бар.
Бұл əбден мүмкін нəрсе.
Бір күні екеуден екеу отырғанда:
- Еркін балам, мына жұрт өсек айтып жүр ғой, — деді қара кемпір.
- Не деп?
- Сен түн ішінде Бəтимаға қол салады деп...
Мен жаман ыза болдым:
- Кім ? Кім оны айтқан ?!
Қалампыр пəлен айтты деп, ешкімнің атын атамады.
- Сондай бір қаңқу сөз естідім. Өсек айтпай жүрсе, бұл жұрттың іші кеппей ме? — деді.
- Сіз Бəтимаға төсекті неге менімен қатар саласыз? Енді қатар салмаңыз.
Төсек қатар салына берді.
Əлгі сөз, шынында да, жұрт аузынан естілген өсек пе, жоқ əлде Қалампырдың өзі ойлап тапқаны ма, мен біле алмай, дал болдым.
Төсек қатар салына берді.
Шарапты сүйіп ішсең де мас етеді, сүймей ішсең де мас етеді. Əйел заты тап сол секілді — жолап кетсең қауіп.
Біріңе бірің тақалып қатар жату — ол енді шектен шыққандық.
Төсекке ұйқыға жатқан сайын мен Бəтимаға сол дөңкиген арқамды беріп, көрпемді бүркеніп алып жатамын. Қара кемпірге, барақтағы өзге де онымен тілеулес əйелдерге көрсеткен қиястығым. Таңертең жəне осы жамбасымнан, осы жатқан қалыбымнан түрегелем.
Ал түн ішінде... түн ішінде жатысымды аздап өзгертетін кездерім болады. Бір жамбаспен жата беріп кісі шыдай ма?
Бəтима көбінесе шалқасынан жатады. Маған ауыр денесімен тақалып алады. Онша көп қимылдамай, тым-тырс жатады да қояды. Не ояу, не ұйқылы екенін білу қиын.
Міне, мен ақырын еппен аунап, бетімді Бəтима жаққа бұрып алдым. Ұйқым шайдай ашылып кеткен. Енді қыбыр етпей жатып тың тыңдаймын. Үй ішінде қорыл көп, бірі ана тұстан, бірі мына тұстан естіледі. Тыңдап жату қызық — қорылдың неше түрін естисің. Сенің қорылың қандай, менің қорылым қандай деп жұрт жарысқа түскен секілді.
Қорылға қосыла жəне бір анайы дыбыстар да естіліп қалады.
Мен өтірік ұйықтаған болып, «пысынап», көрпемнің кеуде тұсын ашып тастаймын. «Ұйқысырап» қолдарымды бейберекет жайып жіберем. Жайылған қолым Бəтиманың жалаңаш иығына тиеді немесе оның кеудесінің үстіне барып құлайды.
Бəтима шошыған мінез көрсетпейді...
Бір күні түс көрдім. Түсімде Балжан үйіне барған екенмін. Түн. Қараңғы. Төр алдында жатырмын. Қасымда көрпенің сыртында менімен құшақтасып Ғалия жатыр.
— Ғалияш, бері кіріп жат, тоңасың ғой, — деймін. Ғалия үндемейді.
— Қарашы, иықтарың сұп-суық, — деймін де, көрпенің Ғалия жақ шетін ашып, оны өзіме қарай тартам. Ғалияда қарсылық жоқ, жеңіл жылжып келе жатыр. Міне ыстық бауырыма еніп, жабысып алды...
О, ғажап! Шынында да біреуді құшағыма қысып алыппын. Сөйтсем, Бəтима...
- Еркін, хал қалай?
- Хал жақсы, Дүйсен ағай.
- Сол хал дегенің жақсы болмайын деп тұр-ау, Еркін шырақ. Колхоз сенің соңыңнан қуғын қағаз жіберіпті.
Арқам мұздай болып кетті.
- ...Осындай біздің бір колхозшымыз қашып кетіп, сіздерде жұмыс істеп жүрген көрінеді. Сол адамды жұмыстан шығарып, өзімізге қайтарсаңыздар екен депті.
Бұл қуанарлық хабар еместі.
Соңғы кезде алтын кенге колхоздардан жанбағыс іздеп келушілер көбейген. Соған байланысты аудан: колхоз мүшелері алтын кенге жұмысқа алынбасын деп қаулы етіпті деген сөз шыққан. Артынан қуғын келген бірнеше адам жұмыстан босатылған. Бұның бəрі маған мəлім жай.
- Мен колхоз мүшесі емеспін гой, — дедім.
- Бұл сеніңше. Ал олар əке-шешең колхоз мүшесі болғандықтан сені де колхоз мүшесі деп есептейді.
Ойламаған жерден басыма қара бұлт қайта үйірілді.
Бұл да Нұрəлінің ісі. Ана жолы менің ауылға шекірейіп барғанымды ол көрді. Қандай олжамен оралғанымды естіді.
- Жарайды, алаң болмай, жұмысыңды істей бер.
Мен директормен сөйлесіп көрейін. Мүмкін, сені шығармас.
Он күндей құлағым тынышболды. Содан соң кеңсеге шақырады...
Қуғын қағаз тағы кепті.
Артельдің директоры Иванов дейтін қазақшаға судай адам. — Сен жақсы жігітсің, бізге керексің. Қолымнан келсе, сені алып қалар едім. Бірақ ол қолымнан келмейді. Аудандық атқару комитетінің қаулысын бұза алмаймын, - дейді.
Артельмен қошайтысуыма тура келді.
Қара кемпір менен бетер қиналып, Нұрəліні сыртынан қарғап-сілеп жүр. Қарғамай ше! Ол мені өзіне күйеу бала етудің бар айласын істеп-ақ баққан еді. Еңбегі зая кеткелі отыр.
Бəтима түнде құлағыма сыбырлап:
- Еркін, мен сені сағынамын, — дейді.
Оның бетіме оқыс тиіп кеткен самай шашынан үркіп, басымды аулақ алып қашамын.
Нұрəлінің қол астына барғанша мен қаңғып кетуге əзірмін. Тұйыққа — үйге соқпастан, бірден Қарасазға — военкоматқа келдім.
- Не айтасың?
- Мені соғысқа жіберсеңіздер екен.
Мен кірген кабинетте бір əйел, екі еркек — үшадам отырған. Барлықтары маған таңырқап қарасады. Дені сау ма, сау емес пе, шыны ма, тəлкегі ме дейтін тəрізді.
Саумын. Шын сөйлеп тұрмын. Бірдеңе сұраған адамша жалынамын. Өтінішім орындалмаса осы арадан кете қояр түрім жоқ.
Отырғандар:
- Əскери билетіңді көрсет, — деді.
Менің қалтамда əскерге жарамсыз деп, үшай мерзімге берілген ақ билет. Ол мерзім өтіп кеткен. Комиссияға қайта түсетін кезім болған.
Денім де, сөзім де дұрыс екенін білген соң:
- Жақсы, пəлен уақытта комиссияға келесің, — деп, қолыма повестка жазып берді.
Күздегідей түрінен адам шошырлық тірі əруақ емеспін. Кəдімгідей етейіп, оңалдым. Күн сайын ерінбей-жалықпай иіліп, созылып, жаттығудың арқасында тізелерімнің күдістеріне дейін жазып алдым. Енді əскерге қалайда жарауға тиіспін.
Колхозда Нұрəлінің тепкісінде жүргенше, майданға барып, не ерлік өліммен өлейін. Немесе Отан алдындағы борышымды азаматша атқарып, еңсемді жоғары үстап, арымды, анкетамды тазалап, қайтып келейін. Екінің бірі.
Əрі-сəрі болудан тойдым, қажыдым.
Міне, тағы да əскери комиссияның алдында тұрмын. Дені сау, сергек болып көрінуге тырысамын.
- Ауруың бар ма?
- Жоқ. Шешім біреу:
- Годен к строевой службе! Ертесінде арбамен Алматыға жүргізді.
Нұрəліден айламды асырғаныма қуанып, кете бардым.
- Қош, туған ауылым!
- Қош, аяулы алтын анам! Қаныша жеңгем, қош! Отқа салса күймейтін, суға салса батпайтын жаны сірі Еркіндерің есен-аман əлі-ақ қайтып келеді.
ЕКІНШІ ДƏПТЕР
1
Сонау соғыс жоқ бала кезде мен əскердің сурет боп, қатып тұратын киіміне, астындағы сəйгүлік атына, асынған мылтық-қылышына қызығатын едім. Қызыл əскер болуды арман ететінмін.
Сол кезде солдат болдың екен деп бірден жаңа киім бермейді. Майданға жөнелтілгендердің иығынан сыпырылған көнетоз ескі киімдер береді. Оны киіп, сурет боп, қатып қала қоймайсың.
2
Солдаттың да қолының қалт ететін кездері болады. Əркім оны əрқалай пайдаланады: біреу үзілген түймесін қадайды, біреу ел-жұртына хат жазып жатады. Енді біреу аяғына жайлы-жұмсақ болуға сірне-сірне шұлғауын уқалап əлек. Тірі жанның тіршілік əрекеті біткен бе?
Төс қалтамнан тастамай салып жүрген, қатқыл тысты дəптершем бар менің. Ұзындығы сол дəптершенің бойына лайықталған, дəптершемен жұбы жазылмайтын бір сүйем қара қарындашым бар. Екеуі де бағалы мүліктерім. Əлгіндей өз еркім өзіме тиген шақтарда, бетімді қасымдағы жол-дастарымнан теріс бұрып, сүйкетіп жазып жатам.
Өлеңдерді, реті келсе, газет-журналға басқызу, сөйтіп ақын атану үшін жазам.
Пилоткам оң шекемде жыпырмалы,
Арқамда жүк қапшығым сыпырмалы.
Сары сым, сары жейде, кенеп белбеу
Бəтеңкем аяқ бассам сықьірлайды...
«Мен солдат» дейтін өлеңім міне осылай басталатын.
Бұл өлеңді мен өзіміздің ауылға аудандық газетке жібердім. Газет қасқайтып бірінші бетіне жариялапты. Бір номерін хатпен маған жіберіпті. Содан бері қасымдағы қазақ жолдастарым да, орыс жолдастарым да мені «ақын», «біздің ақынымыз» дейтін болып жүр. «Жас Жамбыл», «Жамбылдың мүрагері» деп те атайды. Осының бəрінде де, байқаймын олардың мақтауынан гөрі келемеж етулері көбірек.
Мейлі Поэзия оларға келемеж болғанмен, мен үшін тіпті де келемеж емес.
Құпия қалта өлеңдердің жайы бұдан гөрі бөлегірек. Мен оны газет-журналға ұсыну үшін жазбаймын, тек өзім үшін жазам. Өзімнің ең жақын сырлас адамдарым үшін. Бұл өлеңдерді кім көрінгенге оқымаймын да.
Адам өзінің ішкі сырын кез келгенге ақтарып, жайып сала бере ме? Бұл да сондай. Бұл тəрізді өлеңдерде баяндалатындар өзімнің бастан кешкендерім, ішіме сыймай жүрген мұңым мен зарым. Əлі қолым жетіп үлгермеген арман-дарым. Ол тəрізді өлеңдерді газет-журнал жаратпайды.
***
Менің де өзімше қулық есептерім бар.
Құпия-қалта өлеңдерімнің тəуір-тəуір дегендерін көшіріп, хатпен үйге жіберем. Олар да оқысын. Екінің бірі, егіздің сыңары емес екенімді, яғни ақындық талантым барын біле берсін ел-жұртым. Бүгін болмағанмен ертең соғысқа мен де баратын шығармын. Тағдырым қалай боларын кім білсін. Мүмкін, қаңғыған бір түйір қорғасынның кесірінен елге тірі оралмаспын. Ер атанып, даңқымды жайып үлгермеспін. Міне сонда артымда батырлық даңқым қалмаса да, əлгідей бес-алты ауыз сөзім — өлеңдерім қалады ғой. Менен барған өлең, хаттарды шешем дүние астын-үстін болса да жыртпай сақтайды. Қалтасына бой тұмардай салып жүріп оқытатын болады. Ел оны біреуінен біреуі естіп көшіріп алып, таратып əкетеді. Біреуден біреуге жаяды. Əлі «Еркіннің əскерден жазған хаты» деп, жиын-тойда домбырамен əндетіп, айтып жүретіндер де табылады.
Осының бəрі ел арасында менің атымды шығарады.
Əлгіндей, соғыстан тірі оралмасам, ел-жұртым оқта-текте еске алып, айтып отырмай ма:
— Шіркін боздақ, арман да кетті ғой! Əйтпесе адам болатын баланың бірі еді! — деп.
3
Бастауышмектепте оқып жүріп-ақ редакциялардың біразымен хат алысып-берісуді кəсіп етіп үлгерген едім. Сол əдет солдат болғанда да қалмаған.
Қырсық тағдыр менің ақын атануымды сірə қаламайтын болса керек. Бір де бір өлеңім басылмайды. Ал басылғанын көруге құштар-ақпын.
(Аудандық газет мен үшін таң болудан қалған.)
Бүкіл ел болып, қазақ халқы болып оқитын газет-журналдарға басылса деп арман етем.
«О, құдай, жаратқан ием. Бұныңа да шүкір!» — деп елдегі шешем байғұс бір жасарып қалар еді.
Нұрəлінің іші у жұтқандай күйер еді.
Хат танитын қазақ атаулы түгел жапырлап оқып жатқан өлеңді, сөз жоқ, Ғалия да оқыр еді-ау. Өлең соңында «Еркін Мамырбаев. Н. бөлімшесінің курсант-жауынгері». Ғалияның көзіне менің аты-жөнім оттай басылуы сөзсіз.
Жүрегі кеудесіне сыймай, тулап қоя берер: сол... сол... Еркін...
Өскенде жазушы болам дейтін еді. Бола бастағаны ғой...
Ех, Ғалия... Ғалияшым менің. Басқаға бұйырсаң да, Ғалияшым деуді қоймаймын-ау əлі де. Қайтейін, қимаймын ғой. Қимаймын. Сені есіме алсам, іші-бауырым өртеніп кеткендей болады. Миыма қан құйылғандай екі шекем зырқ ете қалады.
Өзіңді көретін күн болар ма екен, Ғалия? Ішімдегімді армансыз бір ақтарып, сөйлессем. Кінə кімнен болды? Менен бе, жоқ сенен бе? Білсем.
Менің кінəм бір жылға зым-зия жоғалып кетуім. Ал сенің кінəң, одан гөрі көп те, басым. Сен мені ақырына дейін күтпедің. Табандылық көрсетпедің. Бірін бірі шынайы сүйетін адамдар, Ғалияжан, олай болмауы керек еді.
Зым-зия жоғалайын деп жоғалдым ба, мен бейбақ? Алапат соғыс шықты да, өмірдің астын үстіне келтірді, бірді бірге бытыстырды. Сен болсаң, басыма іс түскен кезде ұмыттың мені. Жүрегіңнен өшіріп, сызып тастадың.
Мүмкін, бəріне соғыс кінəлі шығар?
Мен сені, бəрібір қия алмаймын, Ғалия. Өзіңді бір көріп, сыр шертісуге құштармын.
4
Білгіштер қайда да болса бар. Əскерде де жетерлік. Менің газет-журналдарға өлеңдер жіберіп, басқыза алмай жүргеніме олар күледі:
- Шырақ, сен əлі бала екенсің, — дейді. — Бір жапырақ қағазға сүйкетіп, өлең жаза салдым да, қырық тиынның маркасын жапсырып, жібердім. Енді ол басылуға тиіс дейсің. Жо-о-қ, оған ол басылмайды.
- Қалай етсе басылады?
- Алматы деген міне мынау — үйдің қасы. Жарты күн мұрсатана сұрап ал да, редакцияға өзің бар. Өлеңіңді көзбе көз отырып, көрсет. Құр қол жəне барма. Қалтаңда редакция қызметкерлерін сусындатқандай міне мынауың болсын...
Білгішім бұны айтқанда, үшсаусағыңның басын уқалап көрсетеді. Мен бірден түсінем — ақшаң болсын дегені.
- Сосын мен көрейін өлеңің басылмағанын...
Мен ойланып қалам. Өмірде көп нəрсе əлгідей қиғашжолмен жүзеге асатынын білетін тəріздімін. Бірақ, талант жүрген жерде де еп жүруі керек дегенге иланғым келмейді.
Дүниедегі ең əділ, ең турашыл нəрсе баспасөз жəне онда қызмет істейтін адамдар деп ұғатыным жəне бар.
Бұл үшін білгішмені маубас санайды да, өз айтқанын дəлелдеп, өршелене түседі:
- Қазақта екінің бірі өлең жазатыны рас па?
- Рас.
- Егер соның бəрі басыла берсе, не болар еді?
Мен иығымды қомпаң еткіземін. Не болатынын қайдан білейін?
— Егер соның бəрі басыла берсе, — дейді білгіштəп-тіштеп сөйлеп, — жұрт өзге кəсіпті түгел қойып, шетінен ақын, шетінен жазушы болып кетпей ме?
Мен тағы ойланам. Бұл сөзде қисын бар тəрізді.
— Əлгідей жолын тауып, ебін тапқандар ғана басылады, яғни, ақын, жазушы болады.
5
Аяқ астынан, ойламаған жерден, киноға түсу деген əуре табылды. Ол болмаса мен, мүмкін, ауырмас едім. Ауырмасам, Қызыл Армия жасақтарының сапынан мəңгі-бақи шығып қалмас едім. Біріне бірі себеп.
Соғыс кезінде «Мосфильм» Алматыға көшіп келген.
Атақты «Броненосец Потемкиннің» авторы, кинорежиссер Сергей Эйзенштейнді сіздер білесіз. Ал оның қызмет орны «Мосфильм» екенін, Алматыға ол да көшіп келгенін білмеулеріңіз айып емес.
Бір күні біздің батальонды киноға түсесіңдер деді де, сапқа тұрғызып, алды да жөнелді. Қаскелең ауданы, «Политотдел» дейтін шағын колхоздың қасына алып келді.
Жаз уақыты. Үлкен аңғар өзек. Шағын қара су. Қара судың бойына қатар-қатар шатыр тігіп, лагерь жасап алдық.
Біреу тоймен əлек, біреу қоймен əлек, күмпілдеп соғыс жүріп жатуында Эйзенштейннің шаруасы аз, «Иван Грозный» атты кинофильм түсіріп жүрген кезі екен. Бізді, бір батальон атты əскер, бір батальон жаяу əскерді, патшаға жасақ болу үшін алып келген.
Күндіз. Ашық аспанның асты. Шөбі қалың теріскей беткей жерге солдаттар біреуіне біреуі тақала жайғасып отырысқан. Алда əппақ шашы жалбырап мойнына түскен, келбетті шалдау адам таныстыру ретінде болашақ фильм-нің сценариінен бізге үзінді оқып тұр.
Ұлы кинорежиссер аталынатын Сергей ағамыз міне осы кісі. Тап сол кезде мен оның əлгіндей тарих үшін қажетті, құрметті адам екенін біліппін бе. Білсем, осы жүрген кино қызметкерлерінің біреуі ретінде мен оған селсоқ қарамас едім. Мүмкін болған сəттің бəрінде де қасынан екі елі шықпай қояр ем. Көрген-білгенімді бір түйірін қалдырмай, қағазға жазып отырар ем. Міне, қазіргідей сəті келіп қалғанда, куəлі сөздің өтірігі жоқ деп, ол туралы оқушыға майын тамызып, ұзақ əңгімелеп айтқан болар едім. Бірақ, амал қанша, ондай көрегендік ой ол кезде менің мынау ылғи кешігіп ойлайтын басыма кірмек түгіл, жақын жоламаған. Сол себептен, тек сол себептен, ұлы адамның көмескі түр-түсінен өзге ештеңе менің есімде қалмаған.
Бұл үшін, егер қажет болса, оқушыдан да, Сергей Эйзенштейннің мəңгі өлмес рухынан да, кешірім өтінуге мен дайын.
Ұлы суреткермен істес болып жүргенімді мен маубас, қара басып, білмегенмін ол кезде.
Қалың солдаттың сонау шет жағында, орысша оқылған сценариді шала ұғып сонда да зейін сала ұйып тыңдап отырған, беті-басы шытынап күнге күйген кішкене қара солдат — болашақ дардай қазақ жазушысы екенін сірə, Эйзенштейн де білмесе керек.
***
Анадай дөң үстінде тақтайдан, фанерадан Қазан қаласының үлкен макеті жасап қойылған. Біз, Иван Грозный патшаның атты-жаяу жасақтары, соған шабуылдар жасаймыз. Режиссер дауыс ұлғайтқышпен айқай салады:
- Стоп!
Шабуыл басынан бастап, қайтадан жасалады.
Иван Грозный ролінде артист Черкасов.
Халыққа аты кең тараған күлдіргі артист Жаров ол да осында. Ұлы Эйзенштейннен гөрі, біз қолымыз боста, ұлы емес осылардың қасынан шықпаймыз.
Бала кезімізде мүғалімдерден, үлкендерден сұрайтын ек:
- Кинодағының бəрі шын болған ба? Адамдар шын өле ме? Кеме суға шын бата ма? Үйлер шын өртеніп, шын қирай ма?
- Жоқ, оның бəрі жасанды, жалған, — десе, киноға деген ынтығымыз суып қалушы еді.
Ондай ұғым тамаша өнер — кинематографияның ерекшелігін бізге жеткізіп түсіндіріп айта алмаудан туады екен.
6
Түс кезі. Күн ыссы. Қазанға шабуылды жасай-жасай титықтап, демалып отырмыз. Ыстық шекеден өтіп, ми қайнатады. Жымпиған солдат пилоткасындай жексұрын бас киімді мен өмірі көрген емеспін. Не ыстықтан, не суықтан пана боп жарытпайды. Өзен бойы бұл арада жалаңаш, ағаш-бұта өспейді, демалған кезде бас сауғалар көлеңке табылмайды-ақ. Қақтаған ыстықтан жан таппаған соң қасымдағы бір түп қызыл қурайды басыма пана етіп, көк шөпке бауырымды төсеп, жата кеткем. Жер сыз. Лезде көзім ілініп, ұйықтап кетіппін. Қанша жатқаным белгісіз. Бір кезде сатырлаған көп дыбыстан оянып кеттім. Сөйтсем, кинога түсуге дайындалыңдар деген команда болған екен. Бой жазып тұрайын десем, тұра алмаймын. Кеудемнің іші толы инелер. Тікейіп, бойымды жазбақ болсам, əлгі инелер өкпеме, қолқа-жүрегіме оңдырмай сұғып-сұғып алады. Кеудемді қолыммен басып, бүгіліп, тынысым тарылып:
- Ойбай... ойбай... - дедімде, қайта құладым.
Он солдаттың үстінде едіреңдеген бір текешік — отделение командирі. Əлгінің сене қойғысы келмейді:
- Не? Не боп қалды?
- Ішім,ойбай...
- Хватит притворяться, вставай!
Менде тұратын хал жоқ. Мені қулық істеп жатыр деп ойласа керек. Өңезе неме, жаңағы сөзін қайталап, жаман аяқтарымен құйрығымнан теппек болады. Ой, мұндай ыза болмаспын.
— Əкеңнің аузы...! - деп орнымнан қалай атып тұрғанымды өзім де білмей қалдым. Отделение командирінің кеңірдегінен ала түсуге дайын едім. Дір-дір етем.
Шаң-шұңға жұрт елең етіп қарасты. Не, не боп қалды деп, взвод командирі келді.
- Мынау өтірік ауырып тұрғысы келмейді.
- Əкеңнің басы!
Фельдшер келді сумкасын салақтатып. Ыстығымды өлшеді. Термометр айналайын денем от екенін көздеріне шұқып, көрсетіп берді.
Отделение командирінің үні өшті.
Жазықсыз жапа көргендіктен қаным қайнап, басылатын емеспін. Отделение командиріне аузымды шықырлатып:
— Тоқтап тұр! Мен саған көрсетемін, — дедім.
Қос ат жегілген салдырлақ көк арба ыңқ-ыңқ еткен мені Алматыға полкке жеткізді. Санчаста
ренттенге салып көрді де, өкпеңе суық тиген деп тапты. Ыстық күнде тершіп, қызып тұрған денемен сыз жерге жабысып жата қалуым ақымақшылық болған екен. Өкпенің екеуі бірдей қабынып шыға келген.
Ленин көшесінің бойы, тау етегіндегі госпитальға əкеліп салды. Қалың бақтың іші, таза ауа.
Госпитальда күзге дейін жаттым. Адам əбден жүдеп, жадағанда денедегі бар ауру түгел бас көтеретін тəрізді. Өкпем түзелгенмен басқа кесел жамалды. Оң жақ мойнымның өндіршегінің безі қабынып, оңай жазылмайтын, түрі жаман жараға айналды. Жараның үңірейген аузы дəрігер не ем істесе де бітпей, тұрып алды.
Күндер өтіп жатты. Жарада жазылатын ниет жоқ. Ақыры болмаған соң, дəрігерлік комиссияға салды. Комиссия алты айға əскери қызметтен босатты. Берген кеңесі: ауылыңа таза ауаға бар. Күшті тамақтар іш. Көп ұйықта. Таза ауада көп жүр, сөйтіп, оңал. Жол азығымды бұлтитып арқама таңып алдым да, елге қайттым. Қызыл Армияға фашизммен менсіз соғысуына тура келді.
7
Əскерден келе жату, түрмеден босап келе жату емес. Ел бетіне жарқын жүзбен қарайсың. Жолшыбай кездескен машиналарға қолыңды айбаттана көтеріп, қонар үйдің есігін батыл-батыл қағасың.
Бұл кезде əскерде адамы жоқ жан жоқ. Біреудің ұлы, біреудің бауыры, енді біреудің сүйген жары саған ұқсап солдат киімін киіп, отан қорғау жолында қызмет атқарып жүр. Қан кешіп, соғысып жүр.
Əсіресе майданнан жараланып қайтқандарға ел бейілі бөлек. Оларды сыйламайтын, құрмет етіп қарамайтын жан сирек. Қызыл оттың ішінен шыбын жанын шүберекке түйіп аман алып шыққан нағыз бақыттыдай көреді. Бар бейілдерімен қызмет етуге дайын тұрады.
Өте-мөте елжіреп, төніп түсетіндер жақсылық, жамандықты көп көрген қарттар:
- Қалқам, соғыстан келемісің ? Майданның қай жерінде болдың? Госпитальда қайда жаттың? Қай жеріңнен жарадар болдың — деп сұрақты жаудыра жөнеледі.
- Жоқ, соғысқа барған жоқпын. Əскерден ауру болған себепті қайттым, — деуге мұндайда тіл келмей қалады. Алғашқы бірінші сұраққа «иə» деп қап, сосын шегіне алмаймын. Өтірікке белшемнен бата берем. «Қай жеріңнен жаралы болдың?» десе, міне, деп мойнымдағы аурудан болған жараны көрсетем.
Ешкім де шүбə келтірмейді, сенеді. Əскерден қайтқанның бəрі-ақ жараланып қайтқандар деп ойлайды.
Төсекті қалың етіп салып, ең тəуір деген тамақтарын беріп, сыйлап жібереді.
Бүкіл кешбойына соғыс жайынан əңгіме сұрап, қадалып отырып алатындар бар. Анау қалай? Мынау қалай?.. Соғысқа бармақ түгіл, əлі бір оқ атып көрмесем де, майданда «басымнан кешкендерімді» майын тамызып айтып берем. Оның көбі əскерде соғысқа барып келген басқа жұрттың аузынан естігендерім. Ал кейбірі өзімнің соғысқа барсам өйтер едім, бүйтер едім деп, қиялымнан туған. Майданнан келе жатқан жарадар солдат болып, аз күнде есен-аман еліме жеттім.
8
Міне тағы да Тұйықтамын. Тұйық менің дүниенің қай бұрышына кетсем де, қайта айналып табатын алтын ұям. Былқ етпес түп қазығым. Мені оған арқандап байлап қойған, жай көзге көрінбейтін, үзілмес керемет берік жіп бар. Ол жіп үзілсе мен мен емеспін, басқамын.
Ендігі міндет дəрігер айтқан кеңестерді мүлт жібермей орындау. Сөйтіп оңалу. Денсаулықты түзеп, ап, даңқты Қызыл Армияның қатарына қайта оралу. Фашизмді талқандап, жоқ етуге халқымның азаматы ретінде өзімнің үлесімді қосу.
Аулыңа таза ауаға бар деген еді дəрігер. Мен келдім. «Көп ұйықта», өзім де жасымнан ұйқышыл жанның бірімін. Ұйқының сазайын бере бастайтыныма дау жоқ.
Дəрігердің жəне бір айтқаны «күшті тамақтар іш» еді ғой. Бұны да ұмыта қойған мен жоқпын. Бірақ мүлтіксіз орындауға келгенде, ұқыпты болар түрім жоқ. Бар болса ішесің күшті тамақтарды, жоқ болса, неңді ішесің? Дəрігердің кеңесін қазанға салып қайнатқанмен сорпа болып шықпайды. Қазанға тамақтан өтетіндей басқа бірдеңе салып қайнатқан жөн. Ол оңайлықпен табылатын кез емес. Ауызды ауыртып ет, майды айтпағанда, нан жеудің өзін Тұйықтың халқы баяғыда ұмытыпты. Соның бірі біздің үй. Сонау отызыншы жылдары таршылық кезде қазанға жалындатып арпа қуырып, тоңқаңдап келі түйіп жатушы еді ғой. Осы күні сол кəсіпке қайта оралыпты. Күнбе-күн ет, май, нан жейтіндер Нұрəлі, Жүніс тəрізді бірлі-жарым қазан құлағын ұстағандар.
Мен келіп түскен күні шешем байғұс қалбалақтап ауылды кезе жөнеліп, əлдекімнен, əлде неге саудаласып, бір серке əкеп сойған болатын. Оның еті екі-үшкүнде сап болды. Сап болмай қайтсын. Жейтін ауыз тек өзіміз ғана емеспіз. Маған амандаса келген ауыл адамдары қашан қазан оттан түсірілмейінше түкіріктерін жұтынып, төр алдында жарбиып, отырып алатұғын əдеттері.
Көк серкенің еті түгіл үй сыртына күресінге лақтырылып тасталған сүйек-саяғынан да түк қалған жоқ. Ауылдың талайдан сүйек-кемірмеген ашиттері бір бірімен ырылдасып, таласып, тиген-тигенінше талап əкетті.
Енді ет те жоқ. Қолда пышаққа ілігіп, ет болатын ұсақ мал да жоқ. Бүкіл бір үйді жан бақтырып отырған жалғыз қызыл сиыр бар. Есуас болмасаң, оны жарып тастай алмайсың.
9
Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы шал барып сəлем береді. Менің əскерден оралғанымды естіп, біздің үйге бас сұғып шықпаған жан Тұйықта жоқ-ақ. Тек Нұрəлі келмеді. Біздің үймен, біздің тұқыммен бітіспес жау болып алғанын ол жəне бір рет осылайша айқын көрсетті.
Дүниенің қоры болып кетсем де, оның алдына төменшектеп баруға мен де жоқпын. Колхоз председателі түгіл, маған десе, Құдай болып кетсін.
Ал не істеймін енді? Алты ай бойы жамбастап жатып алам ба? Қой, болмас. Онсыз да жандарын əрең бағып отырған екі əйелге (шешем мен жеңгеме) масыл боп, жата беруім жарамас. Өзіме бір жұмыс тауып алайын.
Қайдан табам? Кім болам?
Нұрəліге жұмыс сұрап баратұғын мен жоқпын. Менің ойым ауданда.
«Өмірбаян жаз». «Анкета толтыр» дегенді ойласам, тұла бойым дір ете қалатын əдет пайда болған. Мекеменің бəрінде де сол тəртіп. Қолыңнан қандай жұмыс келетінін сұрамайды. Ең əуелі толтыр деп, алдыңа тоқымдай етіп, кадрлар есебінің листогін тастайды.
Листок емес, сұрақшы. Ол сенен қадалып, сүрақ ала бастайды: сотталдың ба? Не үшін сотталдың?
Сотталмадым деп өтірік айта алмаймын. Ал сотталдым деп жазсам, мекеме басшысының менен дəл бір оба ауруы бар адамдай ат-тонын ала қашатынын жəне білем.
Листок — сұрақшы: шет елде туған-туысқандарың бар ма? Бар болса, қайда деп қадалады. Бұған не айтарсың? Өмір бойы ешжерге тұрақтап, мекен салып көрмеген көшпелі халықтың баласы болсам; шекараның дəл түбінде туып-өссем; дауыл шайқаған кемедей замана бір ары, бір бері толқығанда, балапан басына тұрымтай тұсына дейтін ауыр күндер елімнің басында тек бір ғана ғасырдың ішінде сан рет қайталанса; мынау қол созым көрші отырған шет елде туған-туысқандарым қалай болмайды? Мен ғана емес, шекара өңірінде туып-өскен қазақтың бəрі-ақ солай: бірі анда болса, бір мұнда. Бəрінің де шет елде туған-туысқандары бар. Бірі ерте, бірі кеш кеткен.
Осыны осылай деп түгел жазып беруді листок қаламайды. Тек бір ғана сөзбен не иə, не жоқ деп жазғаныңды қалайды.
Шіркін, не сотқа, не прокурорға хатшы болсам. Нұрəлінің көзі атыздай болар еді-ау! Өйткені, ол жүрген жер лас қой. Екі қолы, аяғы бəрі лас. Заң мекемелерінің аты аталса, лас кісі қалтырап тұрады. Сот, прокурорға хатшы болу маған міне осы үшін — Нұрəліні азды-көпті қалтырату үшін керек. Бірақ мен тəрізді заңмен істес болған адамды заң мекемелеріне қызметке алмайтыны белгілі.
Ойлап-ойлап, мұғалім болайын дедім. Осы күні кім көрінген мұғалім болып жатқан жоқ па?
Рас, жан бағысқа оншалық қолайлы жұмыс емес. Жұрт осы күні біреуге бере алатын, біреуден ала алатын қызмет іздейді. Жанбағысқа қолайлы деп соны айтады. Жалақы — ақша бұл кезде неге жарайды? Түкке де жарамайды.
Ех, шіркін, колхозға завхоз болсаң! Қойма-қамбалардың кілтін ұстасаң. Ауылда бұны арман етпейтін жан жоқ. Бұған бірақ оңайлықпен қол жетпейді. Колхоз председательдері завхоздыққа, көбінесе, ауылдағы ең сұлу, күйеуі жоқ, жас келіншектерді қояды. Өзіне туыс болмаса, еркекті жақын жолатпайды. Заготзерноға қабылдаушы болсаң..! Бұған қол жету завхоздықтан да қиын. Қалада сыра сатушы болғаннан бір де кем емес.
Қойы көп бір колхоздың қой фермасына бастық болсаң! Бұл үшін де сүйемел-қолдау керек. Бұның бəрінен де менде үміт аз. Ал өзге қызметтердің ішінен көңілім қалайтыны- мұғалімдік.
Аудандық оқу бөлімінің кеңсесінде тұрмын. Мұнда да сол тəртіп: өмірбаян жаз, анкета толтыр. Жаздым. Толтырдым. Жүрегім қалтырап, бастықтың үкімін күтудемін. Мұғалім бола алмайсың демесе неғылсын.
Бастық алтын адам екен. Мен толтырған қағаздардың ол бетіне де қарамастан столының тартпасына тығып жатып:
- Ал жігітім, қай мектепке барғың келеді? — дегені. Мен қуанғаннан:
- Қайда жіберсеңіз де барам, — дедім.
— Сарыбелге барасың ба? Əрі мектеп меңгерушісі боласың. Əрі өзің бір класты оқытасың.
— Барайын.
10
Міне, Сарыбелдемін.
Бұл араның көне аты Сарыбел болғанмен колхозының аты Карл Маркс. Біздің Қарасаз ауданында аты құтаймайтын колхоздар бар. Соның бірі Сарыбелдегі осы артель. Əуелде, тұңғышрет колхоз боп біріккенде, атын атам заманғы жер аты бойынша Сарыбел деп қойған. Бұл, əрине, табиғи дұрыс еді.
Кейінірек ауданның ба, болмаса облыстың ба, мен білем дейтін бір басшысына бұл ат ұнамаған. Бəрі жаңаша болу керек деген əлгі басшы. Сарыбелдің орнына колхозға респуликаны басқарып отырған бір мықтының аты қойылған. Бірақ, ол мықты баянды болмаған — қызметінен түсіп қалған. Сосын колхоз аты да өзгерген. Колхоз аты төртінші рет өзгерерде тірі мықтылардан көңілі қалып, запы болған жұрт коммунизм идеясының түп атасы Карл Маркстің өз атына бір-ақ жармасады. Бұндағы колхоз аты содан бері «Карл Маркс». Ал бірақ жергілікті халық бұрынғы тілге жеңіл дағдымен Сарыбел деп атауын жуықмаңда қоятын емес. Соған біз де еріп кетіп отырамыз.
11
Сарыбел аудандағы ірі поселоктің бірі. Орыс, қазақ аралас. Мектеп үйі екі жерде: бірінде орыс кластары, екіншісінде қазақ кластары оқиды.
Менен бұрын мұнда үшмұғалім бар екен. Үшеуі де нəзік жыныстың өкілдері. Мен міне төртіншімін.
Əуелгі кездескен екі жас келіншек мұғалімдер ілтипатпен иіліп:
— Саламатсыз ба, жолдас директор. Келуіңізбен, — деп қолдарын сызыла ұсынып жатыр.
Мырс етіп, күліп жібере жаздадым. Неге «директор?» «Жолдас мектеп меңгерушісі» деп дұрысын неге айтпайды? Əлде менің тым жас екенімді көріп тəлкек еткендері ме? Болмаса, маған жағыну үшін қызмет-лауазымымды əдейі қампитып атағандары ма?
«Мектеп меңгерушісі» дегеннен гөрі «директор» деу, шынында да, əрі ықшам, əрі дардай.
Екі мектеп үйінде үй сыпыратын екі əйел бар. Олар да күні бұрын ақылдасып қойғандай:
— Жолдас директор, амансыз ба? — дейді.
Əуелде оғашбоп естілген «директор» деген сөзге құлағым бара-бара үйренейін деді.
Осында, Сарыбелде, шешеме төркін боп келетін Құдайберді деген адам тұрады. Өзі қазір əскерде. Əйелі Нұрила оқымаған сауатсыз. Колхозда жай қара жұмыс істейді. Бала көтермеген, жалғыз бас. Мен осы Нұрила жеңгейдің үйіндемін. Мінезі жүмсақ, бауырмал жақсы кісі. Аудандық оқу бөлімі Сарыбелге барасың ба дегенде, менің ойланбай, бірден келісім беруіме бұл да себеп болған. Пəтер іздеп əуре болмаймын, Нұрила жеңгейдің үйінде жүретін шығармын деп ойлағам.
Төр алдында Нұрила жеңгейдің қалыңдап салып берген жер төсегінде міне бір түнеп шықтым. Таңертеңгі уақыт. Ұйқым əбден жақсы қанып қалған. Ойым да, бойым да сергек. Адам бұндай кезде оянып ап, мынадай рахат халді қимай, керіліп, жата түсетін əдеті. Əр түрлі ойлар басқа келеді.
Кенет мойнымдағы жарам есіме түсті. Лағнет келгір, осы жара-ақ көңілімді кірбің етіп бітті-ау! Ел көзінше ұялып, көйлегімнің жағасын да ағыта алмаймын. Ыстықта да, суықта да қорынып, қымтап алып жүргенім.
О, ғажап! Сенем бе, сенбеймін бе? Саусағымның ұшымен мойнымды сипап көрсем, жара жоқ! Жазылған. Желімдеп таңып қойғап шүберегі түсіп қалыпты.Жараның орны жым-жылас.
Ой, мұндай қуанбаспын! Орнымнан атып тұрып, айнаға жүгірдім. Жара жоқ. Жараның аузы қара қотырланып бітіп қалған. Жарадан құтылғанмын.
Ой, ғажап-ай! Бұндай да ғажап уақиға болады екен-ау! Дəрігер не ем істесе де бой бермеген
жара еді. Ешқандай ем-домсыз өзінен өзі жазылған.
Госпитальдан шыққалы мен бұл жараға ешқандай да ем істеген жоқпын. Ем істеуге жағдай да болған емес. Тек екі-үшрет кірлеп кеткен шүберегін ауыстырдым.
Мен енді білдім: мойнымдағы жараның шипасы дəрі емес екен. Туған жердің ауасы екен. Жараны сол емдеп жазған. Тек сол.
Қасиетіңнен айналайын туған жер!
Сабақ екі мектепте де екі сменамен оқытылады. Мен түстен кейін екінші, төртінші кластарды қатар қосып оқытам. Мектеп үйінің екеуі де нашар. Осы үшін əдейі арнап салынбаған. Бір кезде адам тұрған осындағы көп үйлердің біреуіндей бəкене, қораштам. Шатырсыз.
Əсіресе қазақ кластары оқитын мектеп ұсқынсыз. Өз алдына оңаша жеке де емес. Əлдекімнің тəйпиған там үйінің жалғасы.
Бергі, көше жақтағы екі бөлме мектеп болғанда, арғы, қора жақтағы басқа екі бөлмеде Сегізбай дейтін, қас-қабағы түксиген тұлғасы аю тəріздес шалдау адамның семьясы тұрады.
Мектеппен Сегізбай үйінің есіктері бөлек.
Сегізбай живсырьеның осы төңіректегі бірнеше колхозды қамтитын агент-қабылдаушысы. Киімді қатып киінеді. Үстінде жаңа фуфайка, шалбар, аяғында сықырлаған хром етік. Баста базар қалпақ. Алғашқыда мен бұл адамды онша ұнатпай жүрдім. Кісіге сүзетін бұқа тəрізденіп иегін алқымына тығып алып, ежірейе қарап тұрғаны. Амандассаң, жөнді амандаспайтын тəкаппар. Ернін болар-болмас жыбыр еткізеді де қояды. Соңғы кезде осы үшін мен де онымен жөнді амандаспайтын болғам.
Мектептің дəл қасында, бет алдында, Сегізбай қожалық ететін бір қора шаруашылық бар. Үлкен шарбақ қоршау. Ол қоршаудың ішінде жабық төбенің астында шоқы-шоқы үйілген жүн, тері-терсек. Есігіне шомбал қара құлыптар салынған əр түрлі қойма-складтар. Шикізат өткізген жұртпен Сегізбай сауда-саттық жасайтын арнайы дүкені бар. Ол да осында.
Дүкен, дүкен деген соң мен бір жолы кіріп едім. Көзім атыздай болды. Сарыбелдің халқы Сегізбайды көргенде алдын қия кесіп өтпей, неге Секе, Секе деп кішірейіп құрмет етіп тұратынын мен енді білдім.
Сегізбайдың тəкаппар болуының сырын енді білдім.
Сенсеңіз əлгі жаман дүкенде жоқ нəрсе жоқ. Осы күні еркін саудада құрып кеткен, халық көп тұтынатын: əр түрлі іштік-тыстық кездеме, пима, галош, айна-сабын, былғары, шай, қант бəрі тұр. Осының қай-қайсы да осы кезде қаны жерге тамбайтын зəру заттар.
Бұл неге бұлай екенін сұрастырсам, соғыстың кесірінен саудадағы тəртіп те өзгеріпті. Əлгі аталған халық көп тұтынатын қат бұйымдар живсырье арқылы да сатылатын бопты. Бірақ жай ақшаға сатылмайды. Жүн, қыл, тері-терсек өткізгендерге, онда да, сол өткізген шикізат құнының белгілі бір процентіне ғана беріледі.
Жай ақшаға сатылса, бұның бəрі бүйтіп жарқырап тұрмайтыны белгілі.
12
Бір күні түске таман күндегі əдетім бойынша мектепке сабағыма келдім. Алғашқы қар жауып, күн қайта жарқырап ашылған. Əлі сабақ бастауға ертелеу. Класқа кірмей, биылғы түңғышқарды тамашалап сыртта өзіммен өзім болып тұрмын.
Кенет, арт жағымнан:
— Бала, неғып тұрсың? — деген дауыс естілді. Жалт қарасам, Сегізбай. — Бері кел!
Сегізбай өз есігінің алдында тұр.
Ішімнен мырс еткендей болдым — «бала». Жұрт қампитып, «директор» десе, бұл «бала» дейді. Тым құрса, «мұғалім» деп те атамайды.
Ішімнен қырсауланып, бұл не айтар екен деп қасына жақындап келдім.
— Жүр, шай ішейік.
Сегізбай осыны айтып, кетіп барады. Болды, ілес соңымнан дегені тəрізді. Мен əлгі арада бір сəтке қалшылдап қалып қойдым. Сегізбай артына бұрылып қарайтын да емес. Менің жыным келді. Мына шал жынды ма ей? Жүр дегенге, мені соңынан томпаңдап жөнелетін күшік тəрізді көре ме? Адамша неге жөндеп шақырмайды? Қатарласып, бірге неге жүрмейді?
Сықырлауық кішкене есіктен үлкен денесімен екі бүктеліп, кіріп жатып, Сегізбай артына енді ғана бұрылды. Жүрмей тұрып қалған мені көрді.
— Жүр, неғып тұрсың? – Тағы өзі бұйырып сөйлейді.
Мен əрі қырсығып, əрі таңырқаймын: өзінің дөрекі мінезі осы ма? Болмаса, мені жөнді кісі деп санамағаны ма?
Алайда Сегізбайдың пысы жеңді. Міне ол кірген аласа есіктен мен де кіріп келе жатырмын. Бұрын бұл үйге бас сұққан жан емеспін.
Шағын ауыз үй. Едені жер. Бірақ таза. Төр үйдің көкшіл сырмен сырланған есігі қақ жарылып, ашық тұр. Ар жақтан еденіне табалдырықтың түбіне дейін жеткізіп, бірінің үстіне бірін қабаттап төсеп тастаған қызылды-жасылды алаша-текеметтер,екі кісілік ақ польский кереует, жібек шымылдық, қабырғаға ұстаған үлкен де, əсем кілем көрінеді. Салтанатқа малынған тап-таза көңілді бөлме. Есік алдына аяқ сүрту үшін тасталған шүберекке қайта оралып, аяғымды барынша ықтияттап сүртіп, сырт киімімді шешіп, содан кейін ғана төр үйге еппен басып кірдім. Сыртынан қарағанда тым қорашжаман тамның іші дəл мұндай жайнап тұруы мүмкін-ау деп ешқашан ойлаған емес едім.
Сегізбайдың үйіне кіріп көрмесем де, семьясын көріп жүрмін, білем. Жауқазын дейтін кемпір боп қалған қатпа қара əйелі, төртіншіде — менің класымда оқитын Жібек атты пысық та, өжет қызы бар. Міне солар бəріміз аласа дөңгелек столда шай ішіп отырмыз. Кесек-кесек опырып
турай салған əппақ таба нан, табақшаға шеңгелдеп үйіп салған қарынның сүр иісті сары майы, қант.
Сүт қатып, баптап құйған қызыл шай.
Бұндай дастарқан бұл күнде кім көрінгеннің үйінен табылмайды.
Ыстық шайды сыпайыгершілік сақтап еппен ұрттай отырмын, басым ой дегенге əңкі-тəңкі. Бұл қалай бай тұрады? Үйінің іші анау, ішіп-жемі мынау. Менің дəл арт жағымдағы үлкен қабырға толы биік етіп жинаған сəнді жүк. Құрығанда он жастық, жиырма көрпе бар шығар-ау. Бұның бəрін бұл қайдан алды? Соғыстан бұрын жинағандары ма?
Біз əр қайсымыз əдейі отыруға арнап істеген бір-бір жұмсақ, дөңгелек құрақ көрпешенің үстінде отырмыз.
Дəл мұндай тұрмысы бар адам бұл кезде ел ішінде сирек. Сирек түгіл, кездеспейді. Тым құрыса, колхоз председателі немесе аупартком секретары болса екен-ау. Живсырьеның жай ғана агент-қабылдаушысы. Бұрын мұндайларды жұрт көзге ілетін бе еді?
Сегізбай сөзшең адам емес. Тек анда-санда маған «іш» деп қояды. Бет-аузы сай-сай əжім басқан, тарбиған сүйек қолдарының көктамырлары бадырайып шығып кеткен Жауқазын тіптен жуас. Өздігінен жақ ашып сөйлейтін түрі байқалмайды. Тек шай құйып бергенді ғана біледі.
Шай соңынан Сегізбай:
- Бала, карта ойнауды білуші ме ең? — деді.
- Ептеп білем.
- Білсең, кешке сабағың біткен соң кел, карта ойнаймыз. Жиырма бір дейтін ойынды білетін бе ең? Қалтаңа ақша сала кел, соны ойнаймыз.
Сегізбаймен менің жақындасуым міне, осылай басталған. Кейде күн ара, кейде екі күнде бір рет осында жиналып, карта ойнаймыз. Картадан өзге көңіл көтеріп, ермек етер нəрсе мұнда шамалы. Кино келмейді, радио жоқ. Той-томалақ болмайды. Бола қалса, тым сирек. Кəдімгі жиырма бірдің өзін ойнаймыз. Бұл күнде ақшадан күшкеткен заман. Соғыс оны жай қағазға айналдырып жіберген. Уыс-уыс көкала қағаз кімнің де қалтасынан табылады. Базары жоқ ауылда ол бəтшағар карта ойнағаннан өзге түкке де жарамайды.
Басқа үйге жиналмай, Сегізбай үйіне жиналатын себебіміз мұнда көңілді отыруға толық жағдай бар. Үй жылы, əрі таза. Жарқыраған əйнекті ондық шам. Соғыс шамды да, оның əйнегін де жоқ еткен. Көп үй осы кезде сығырайған білте шаммен отыр.
Сырт көзге түксиіп, жұғымсыз көрінгенмен Сегізбай, жалпы, жаман адам емес. Əсіресе жора-жолдасына бейілі кең. Карта ойнауға жиналған серіктерін ол тым құрығанда шай бермей жібермейді. Біз төр үйде дуылдасып, карта ой-нап отырғанда, ауыз үйде ақ самауыр қашан ішсеңдер мен дайын деп екі иығынан демін алып, əндетіп дайын тұрады.
13
Секең бізді ылғи да құр шаймен қайтармайды. Кейде одан гөрі мəндірек бірдеңелер сопаң ете қалады. Секең биыл соғымға семіз ту бие сойған. Соның еті ауыз үйде, плитаның үстінде, көк кострюльда бұлқ-бұлқ етіп, даусы бізге естіліп, қайнап жататын да кездер болады.
Ет түсіріліп алдымызға келген кезде:
— Əй қатын, əлгіңнен бірдеңе бар ма? — дейді Секең. Біз көздеріміз қуана жайнап, бірімізге біріміз қарасамыз.
Жауқазын жоқ деп айтпайды. Лып етіп, ауыз үйге шығып кетеді де, жарты бөтелкедей спирт алып келеді. Су қосылмаған. Су қосқанда, бір бөтелке болады. Секең оны қырлы стақандарға өз қолымен бөліп, құя бастайды.
Отырыс бұдан кейін тіпті көңілді бола түседі.
Жауқазын əрі момын, əрі көнбіс жайлы адам. Таң атқанша отырып, карта ойнасақ та, қабақ шытып, быржиып-тыржиғанды білмейді. Аяғының ұшымен жүріп, қызмет етеді. Кейде карта ойнауға Секең екеумізден басқа адам болмай қалады. Екі қолжиырма бірге аздық етеді. Сосын отырып аламыз да, беті қалар ойнаймыз. Аңдысып, есептесіп ойнаса, бұл да қызық. Түн ортасы қалай ауып кеткенін байқамай да қаламыз.
Біздің үй көшенің басы бірғауым жер.
— Енді жеті түнде қайда барасың? Нұриланы ұйқысынан оятып жүремісің? Осында-ақ жата кет, — дейді Секең.
Осылайша мен əр кезде бүл үйге қонып қалатын да əдет таптым. Көрпе-жастық мұнда жеткілікті. Асты-үстім жаңа көрпелерге қопсып, өз үйімде жатқандай рахаттанып ұйықтаймын.
***
Бір кезде Сегізбайды ұнатпайтын болсам, енді оның жақын достарының біріне айналдым. Иə, Секең өмір сүре білетін жан. Өзінің ішкі есебіне берік. Кім көрінгенге омырауын айқара ашып тұрмайды. Əуелі алыстан байқап, барлап алып, содан соң жақындасады. Кейбіреулер қу дейді Сегізбайды. Мүмкін қу да шығар. Бірақ ақылды қу. Сарыбелде бұл күнде Сегізбайға ісі түспейтін жан кем де кем. Қап-қап жүн, сойған малдарының тері-терсегін арқалаған жұрт, қашан көрсең, Сегізбайдың соңынан шұбап, ереді де жүреді. Секең біледі олармен қалай сөйлесуді. Əкелген шикізатты бірден қабылдап ала салмайды. Оны-мұны сылтаумен бір-екі рет қайтарып жібереді. Ұнатпаған кісілерін, сөйтіп, əуреге салып қояды.
Тері-терсек алып келетіндердің көпшілігі кемпір-шал, бала-шаға. Ештеңенің ығы-жөнін онша біле қоймайды. Сегізбай не айтса, соған көнеді. Тек əйтеуір қабылдап алғанына, тегін алмай, азды-көпті бірдеңе бергеніне мəз болады. Бірінші сорттың терісін екінші сортпен, екінші сорттікін үшіншімен қабылдап алып жатқанында шаруалары жоқ.
Көп түкірсе, көл деген. Бір басына жетерлік берекені Секең міне, осылай жасайтын тəрізді. Бірді екі, екіні үшете біледі.Мен мектепте сабақ оқытып тұрып, Сегізбайдың əлде кімдерді жазғырып, ұрсып жатқан дауысын естимін. «Мынауың жүн емес, қиқым-сиқым бірдеңе ғой! Əкет ары. Алмаймын. Керек болса, жуып əкел!»
«Жеті атаң қазақ бола тұрып, мал союды білмейтін неғылған жансың? Өстіп те мал сойып, тері сыпыра ма екен?»
Бір де бір адам Сегізбайға қарсы сөйлеп, дауласпайды. Сегізбайдың қолында қазынаның елден шикізат жинау үшін берілген пілдей екі мықты аты, арба-шанасы бар. Оның бəрін ол өзінің жеке меншігіндей емін-еркін пайдаланады. Барам деген жағына барады қалаған уақтында. Тындыратын ісі болса тындырады. Отын-судан, жем шөптен тарыққанды білмейді.
Иə, соғыс біреуге соғыс болғанмен біреуге ырыс. Сегізбай үшін ол ырыс болып тұр.
14
Қыс түскелі қашан. Аяғыма галошсыз пима киіп жүрмін. Күн жылымық кезде көшедегі қар жыпсып, еріп жатады да, табанымнан су өтіп кетеді. Былғанышсу аяқпен өзіңді жұрттың қоры сезініп бітесің. Галоштек Сегізбайдан табылады. Онда да жүн, тері өткізсең.
Бір күні Секең менің аяғымдағы шекесіне дейін су жұтып, көксоқта болған пималарға көзін қиғаштай тастап, сəл тұрды да:
— Мөлшері нешінші галошкиетін едің? — деп сұрады. Айттым.
— Жүрші.
Осылай деп Сегізбай бұрылып кете барды. Мен соңынан қуана еріп жөнелдім.
Секең қоршаудың ішіндегі дүкеніне ертіп келді. Төргі қараңғы бөлмесіне кіріп кетіп, бір пар жаңа галошұстап шықты.
— Киіп көрші.
— Шақ екен, — дедім галошты су пимаға нығарлап киіп алып.
— Шақ болса ки.
Рахметті өзінше бөлек жаудырып, сосын:
— Ал енді менің сізге өткізетін тері-терсегім жоқ. Құнын ақшалай төлемесем? — дедім.
— Керегі жоқ. Сөз осымен бітті.
Арада біраз күн өтіп кеткен.
Бір күні Секең есігінің алдында екеуден екеу тұрып:
— Бала, — деді.
Мен оның бетіне қарадым.
— Сен біздің кемпірді мектебіңе үй сыпырушы етіп, қызметке алсаң қалай болады? Өзі сыпырар. Отын кесіп, жаруына Жібек көмектесер. Қарап отырғанда не бітіреді? Дəн жағы осы күні қиындап кетті. Азын-аулақ тиесілі норма бидайы ішіп-жемге сеп болсын.
Аз мүдіріп, ойландым да:
— Жарайды, — дедім.
Үй сыпырушы екі əйелдің біреуі науқасшаң. Жұмысқа салақ. Орнына басқа адам алғым келіп жүргенін Сегізбай білетін.
Норма бидай деп отырғаны қызметкер, жұмысшыларға ай сайын сельпо арқылы нормамен бидай беріліп тұрады. Колхоз мүшелеріне, қызмет істемейтіндерге берілмейді.
Жауқазынды осылайша мектепке үй сыпырушы етіп қабылдадым. Мекеме бастығы болып, өмірімде тұңғышрет қол қойып, бұйрық жаздым. Секең екеуіміздің арамыз бұдан кейін тіпті жақын болып кетті.
15
Əр айдың аяғында ауданға баруым керек. Мұғалімдердің жалақысын жəне оқытушылар мен мектеп қызметкерлеріне ай сайын осындағы сельпо арқылы беріліп тұратын норма астықтың нарядын əкелуім керек. Жалақыны аудан-дық оқу бөлімі, нарядты аудандық тұтыну қоғамы береді.
Бұл үшін мектеп меңгерушісі өзі баруы шарт. Мектептің өз көлігі жоқ. Жолшыбай əлдекімдермен селбесіп, онда барып, қайтарда Тұйыққа үйге соғып, бірер күн шешем мен жеңгемнің қасында болып, отын-суына жəрдемдесіп, одан Сарыбелге қайта оралып жеткенше, арада бір жетідей уақыт өтіп те кетті.
Міне Сарыбелдемін. Күн аяз. Жұқалтаң солдат шинельмен жолдан қалтырап тоңып келіп, Нұрила жеңгейдің жеделдете қайнатқан ыстық шайына жаңа бас қойған бетім.
Бір кесе шайды қолыма үстатып жатып, миығынан күлім-сіреп:
— Сегізбай досың жас қатын əкеп, той жасап жатқан көрінеді. Барып, құтты болсын айтпайсың ба? — дейді.
Бұл мен үшін күтпеген жаңалық еді. Жеңгейдің жүзіне ежірейе қарадым. Қалжыңы ма, жоқ шыны ма? Нұрила жеңгей менімен қалжыңдаспайды.
— Сегізбайдың əйелі бар емес пе?
Нүрила жеңгейдің үстіңгі қасқа тісінің біреуі сыртқа қарай шығыңқырап біткен. Сəл жымиса-ақ, жарқырап шыға келеді. Сонысы ақсиып, мысқылмен күлімсірей отырып сөйледі:
— Шал дегендер бұл күнде құтырды емес пе? Əйелдерін ажырастым ат қылып, бөлек шығарып қояды да, бұрынғыша жас тоқал алады. Сегізбай досың да сөйтсе керек. Жауқазынды қызымен бөлек шығарған көрінеді.
Менің таңырқауымда шек жоқ. Япырмай ə, Секең бүйтеді деп кім ойлаған? Аралас-құралас жүріп, оның мұндай ойы бар екенін бұған дейін мен қалайша сезбегенмін? Ол тек менің ауданға кетуімді күтіп қана тұрган ба?
Қалай тез алып үлгерген?
— Кімді алыпты? Осы Сарыбелдің адамы ма?
— Жоқ, бұл аранікі емес, Көмірші жақтан əкелсе керек. Күйеуі соғыста өлген жас келіншек көрінеді.
Көмірші дейтін шағын қыстақ осы арадан көрініп тұр, жап-жақын. Секең шанасын жегіп алып,тері-терсек жинауға ал кеттім деп, ылғи да солай қарай тартып отыратын еді. Нені жинап жүргені енді белгілі болды.
Ой қу-ай! Қашан қақшып түскенше, сездірмеуін қарашы!
Мұндағы негізгі көше ұзыннан ұзақ созылған біреу. Мектеп пен Секең үйінің тұрған орны поселкенің орта тұсы. Нұрила жеңгей айтқан жаңалықты өз көзіммен көріп білгенше тақат қылмай, осылай қарай аяңдап келе жатыр-мын.
Анадайдан байқағаным: Секең үйінің есігінің алды əйел, бала-шағаға толып кеткен. Біреу кіріп, біреу шығып, абыр-сабыр. Енді менде ешқандай да күдік қалмады.
Ой, пəле-ай! Секең пəле екен. Оның бұндай ойы бар деп кім ойлаған?
Бəсе, Жауқазын бейшараның қабағы бір ашылмайтын еді-ау. Күйеуінің көңіліне желік кіріп жүргенін сезеді екен ғой.
— Ассалаумағалейкум! — деп төр үйдегі шай ішіп отырған бір топ адамның үстіне кіріп келдім.
Ауыл дағдысы бойынша қақ төрде қариялар. Олардан төменірек қария болуға дайындалып жүргендер. Одан да төмен жігіт-келіншектер аралас. Осы соңғы топ: кел, кел, мұғалім десіп, араларын ашып, орын босатысты.
Секең нардай болып, кеудесін тік ұстап төрде, қариялардың қатарында отыр.
— Секе, ниет қабыл болсын, — дедім. Секеңнің аузы жыбыр етті де, басылды. Ыстық шай алдыма келіп те қалды.
Менің есі-дертім шайда емес, Секең алып отырған жас тоқалда. Ол қайда? Қандай адам? Мына топтың ішінде не істеп, қалай отыр?
Əйелдер негізінен, самауырын маңынан орын тепкен. Екі жас келіншек қонақтарға шай құйып отыр. Соның бірі бұрын мен көрмеген бейтаныс, үріп ауызға салғандай, көздері жайнаңдаған, толықша ақсары келіншек. Қасын-дағы басқа əйелдерден бөлекше, үлде мен бүлдеге бөленіп, салтанатты киінген. Басында шашағы омырауына төгілген əппақ жібек шəлі. Сүп-сүйкімді, қызғылттау нұрға толы жүзін төмен салып, өте бір иба сақтап, əлденеден қысылған тəрізденіп отыр. Ешкім айтып, таныстырмаса да, Секең қондырған тоты құс осы екенін мен бірден білдім. Əдемі! Көркі де, сүйкімділігі де келіскен. Жас шамасы жиырманың бес-алтауында.
Шынымды айтсам, əлгіні Секеңе қиғым келмей барады...
Ой, пəле-ай, торына қалай түсірді екен?
Жас тоқалдан көзімді ала алмайтын тəріздімін. Аузының салымдысын қарай гөр деп, ішімде қызғаныштың оты тұтанғандай боп, төрдегі Секеңді де барлап қарап қоям. Ол бүгін ерекше ширақ, көңілді. Жемтігін бүріп түсіп, тояттаған қырандай бабында. Кішірек қоңыр көздерінде жалтылдаған от бар. Екі беті нұрлы, қасындағы мыжырайып-тыжырайған шал-шабырға қарағанда, əлі де жігіттей. Жас тоқалдың сырға толы, ап-айқын сиқыр көздері бірнеше рет менің көздеріммен тоқайласып қалған кездер болды.
16
Менің бір таң қалған нəрсем Жауқазын да осында. Сыртта от жағып, отын жарып, қызмет қылып жүргендердің біреуі сол. Бұнысы қалай? Байым жас қатын алды, төсек жаңғыртты деп қуанғаны ма?
Қайдан қуансын. Басқадай амал-айласы болмаған соң, бейшара лажсыз көнгені де.Қайда барады көнбей? Құлынды бие тəрізденіп, соңынан қызын шұбалтып кеткенмен қайда барып сыяды?
Жауқазын мен Жібекті Сегізбай көшенің арғы бетінде басқа үйге шығарыпты. Бұнда жас тоқалы екеуі қалыпты. Бұл тек заңға томпақ келмес үшін сөз жүзінде бөлектену. Ал іс жүзінде олай емес. Сендер əлі де болса менің қанатымның астындасыңдар. Мен тұрғанда аштан өліп, көштен қалмайсыңдар. Мен сендерді назарымнан тыс тастамаймын дегені бұл шарасыз екі бишара жанға.
Сол үшін де Жауқазын оның айтқанына көніп, айдауына жүреді. Құтырған қақпас, алатын жас қатыныңды ала бер. Тек бізді көзімізді бозартып айдалаға қуып жібермесең болғаны деп қарайды.
Дəрменсіздің қолынан басқа не келеді?
Секең, сөйтіп, бір үй еді, екі үй болды. Осылайша заңға қайшы келтірмей, жолын тауып, екі үй болып жатқандар осы күні ел ішінде аз кездеспейді. Əсіресе малшылардың арасында көп. Соғыс жігіт атаулыны сыпырып əкетті. Аяқ-қолы балғадай жас келіншектерді байсыз қалдырды. Олар енді қу тізелерін құшақтап, қашанғы жалғыз сарғайып жатады? Күйеулерінен қара қағаз алып, үміті бір жолата өшкендері шал да болса, жоғынан бары дейді де, көз жұмбайға басып, табылған еркек иістіге тиіп-тиіп алады. Соның бірі Алтын — Секеңнің жас тоқалы.
Атын өзіне лайық тауып қойған.
Бəйбіше, тоқал бір бірімен араласып, бірінің үйіне бірі кіріп-шығып жүреді. Ол түгіл, тамақты көбінесе, Алтын отырған үйде бəрі бірге ішеді. Екі үйдің арасы көшенің арғы беті мен бергі беті, жап-жақын.
Жауқазын Алтын үйінің қызметшісі тəрізді. Отын жару, су əкелу секілді үйдің ішкі-тысқы жұмыстарын, көбіне көп, сол атқарады. Ол болмаса, Жібек атқарады. Ақ саусақ, мырза тоқал Алтын, негізінен, бойын күтіп, үйде отырғанды біледі. Əлдекімше көстеңдеп, көшеге көп шықпайды да.
Бұл екеуінің ар жақтарынан қалай екенін кім білсін, ал бер жақтарынан тату, əзірінше. Сегізбай барда да, жоқта да шайды шошайып, бірге ішіп отырады. Кішісі үлкенін əменде сыйлап, сіз деп сөйлейді. Білмейтін адамға бірі жеңге, біреуі келін тəрізді. Күндес екі əйелдің арасында болатын бірін бірі азуға салып, шайнап тастасам дейтін кіжінген долы араздық бүл екеуінен, əзірінше, байқалмайды.
***
Алтынға үйленді де, Секеңнің мінезі күрт өзгерді. Арқандалған атша үй маңынан ұзап шықпайтын болды. Бұрын екі күннің бірінде арба-шанасын жегіп алатын да, тері-терсек жинауға ел аралап кететін. Кейде бір қонып, кейде екі-үшқонып, ауылға содан соң оралатын.
Кəзір ол ел аралауға тым сирек шығады. Қонып қалу дейтін енді болмайды. Екі атты тер-тер етіп, түнделетіп болса да, Сарыбелге қайтып оралады. Сұлу тоқалды қолтығына қысып жатып ұйықтамаса, көңілі көншімейтін тəрізді.
Секеңнің үйіне жиналып, карта ойнауымыз да азайды. Оған картадан гөрі қызығырақ басқа ермек табылды.
Жұмыс соңынан бала, жүр, шай ішдеуді де ол маған енді сирек айтатын болды. Менің ол үйге бұрынғыша қалаған уақытта еркіндеп, кіріп баруымды да оншалық жаратпай тұратын тəрізді.
Мен осының бəрін көре тұра, көрмеген, байқай тұра, байқамаған болам. Мен үшін Секең сол бұрынғы Секең. Оның үйі сол бұрынғы емін-еркін араласып, кіріп-шығып жүрген үйім. Сабаққа ертелеу келсем, сыртта тоңып тұрмаймын. Осында кіріп, уақыт өткіземін.
Бұндайда Алтын кейде жалғыз отырады. Күйеуі бар кездегіден өзгеше еркін де, жылы қабақпен қарсы алады. Екеуміз оны-мұны əзіл сөздер айтысып, жараса қалатындаймыз. Бұрын бұндайды басымнан көп кешпеген ұяңмын. Нағыз айтқым келген сөзімді айта алмай, уақытты текке өткізіп алғанымды соңынан бірақ біліп, қап деп, бармағымды тістеп, өкінумен болам.
17
Үшадам Секеңнің үйінде карта ойнап отырмыз: мен, Секең, жəне осы «Карл Маркс» колхозының завхозы Əбдібақас шолақ. Əбдібақас оң қолын соғысқа беріп қайтқан. Бары тек сол қолы. Жалғыз қолмен ол бəрін де істейді: өзі киініп, шешінеді, атты өзі ерттеп мінеді.
Жалғыз қол карта ойнауда да ешкімге есе жібермейді.
Соған қарағанда, бір қол кімге де болса жеткілікті тəрізді.
Алтын карта ойнамайды. Əкесіне еркелеген жас балаша ол менің тура бет алдымда, күйеуінің төмпектей үлкен тізесіне бір жамбастап сүйеніп, карта ойнаушыларға мөлдіреп қараумен отыр.
Менің ой-зейінім ойыннан гөрі Алтында. Қолымдағы картаға қараған боп, картаның асты-үстінен Алтын жаққа сығалап, көз тастаймын. Доп-домалақ бұлтиған, көйлекшең əсем бөксе, сəл ғана бүгіп алған түзу толық аяқтар тамсанып, елтіп, кейде тіпті, өзімді өзім ұмытып қарамасыма қоймайды. Карталас əріптестерімнің өзіме арналып айтылған сөздерін естімей қап, дəл бір шошып оянған адамдай селк ете қалатын кездерім болады.
Алтынның да назары менде болуға керек. Ұрлана қарасқан көздер, кейде, бір бірімен тоқайласып қалады. О, көздер! Тіл айтып жеткізе алмайтынды жалт еткен бір ғана қараспен ақтарып, айтып салатұғын сыршыл да, сиқыр көздер! Еркек пен əйел арасының сан қилы құпия пəлекеті ең əуелі осы сендерден басталады. Өрт сендерден басталады. Үлкен өрттің шығуына көздердегі жалт еткен жалғыз ұшқын себепші.
Ойын біткен. Киініп, тарайық деп жатырмыз. Төр үйден жұрттың соңы болып шықтым. Алтын ауыз үйде есіктің дəл көзінде тұр. Секең мен Əбдібақас сыртқа шығып та кеткен.
Алтынның қасынан өте беріп, жіңішке əдемі мықынынан қысып қалдым.
Ол тек осыны күтіп тұрғандай еді. Жауабы тіптен тез болды. Көз ілеспейтін жылдамдықпен білегімнен құшырлана қатты бұрап, үзіп алды. Сенсеңіз, бақырып жіберуге пəс қалдым.
Бірақ бақытты едім.
***
Арада біраз күн өтіп кетті.
Бір күні мектепке сабағыма келсем, Секең есік алдында өзінің таңдаулы аты қара кер жорғаны көк қашабаға жеккелі жатыр. Онда екі ат, екі шана бар. Бəрі қазынанікі. Кəртаң жуанбақай жирен ат пен қанатты жайдақ шананы ол оны-мұны жұмыс үшін, айтайық, тері-терсек жинауға немесе отын-суға жегеді. Ал қара кер жорға мен көк қашабаны олай-былай бой жазып шыққанда, мырза жүрістерге жегіп, пайдаланады. Əр аттың, əр шананың қызметі бөлек-бөлек.
Жолаушы жүргелі жатқанын білдім де, қасына кеп, сəлем бердім:
- Сəке, бір жаққа барғалы жатырсыз ба?
- Ауданға бармағалы талай болып еді... — деп Секең сөзін екі ұшты етіп тоқтады.
Менің ішім қуанғаннан қып ете қалды. Бірақ оны сездірмеуге тырысып, класқа кіріп кеттім.
Шаттық кернеген жүрегім апай-топай. Иə, ауданға Секең бармағалы, шынында да, көп болды. Енді ол аз шаруамен бармайды. Істеп жүрген жұмысының бір айлық па, екі айлық па есеп-қисабын апарады. Оны онда тапсырып, өткізеді. Банктен ақша алады. Живсырьеден жаңа товарлар алады. Бұның бəрі біздің мынау қағаз-бастылық заманда оп-оңай тез біте қалмайды. Құрығанда, бірнеше күнге созылады. Бұл уақыттың ішінде Алтын мұнда жалғыз өзі...
Енді қалай қуанбайын?
Класта сабақ оқытып тұрып, екі көзім терезеден сыртта, жол жүруге қамданып, үйге бір кіріп, бір шығып жүрген Сегізбайда. Тезірек кетсе екен! Кетсе екен деп тілеймін. Айнып қалмаса екен.
Қап əлгінде қайда баратынын бекер сұрадым-ау. Ол пəле сезік ойлап қалуы əбден мүмкін.
Ура! Сегізбай пальтосының сыртынан етегі жерге шұбалған қара сенсең ішік киіп, қолына ұзын арба қамшы ұстап, шығып келеді. Бұл енді кетпек болғаны. Əне, шылбырды мама ағаштан шешіп ала бастады. Аттың басын көшеге қарай бұрды. Менің қуанышымды сезгендей қара кер тыпыршып, шананы алып жөнелуге ол да асық. Аюдай қорбиып, бір өзі шанаға əзер сыйып, отырып жатыр Сегізбай.
Ол енді айнымайды.
Ой, мен қандай бақытты едім!
***
Бір сабақ біткен. Үзіліс. Үйінде жалғыз отырған Алтынға жетіп барғым келеді. Ұрының арты қуыс деген рас-ау. Жан-жағыма сезіктене жалтақтап қарап, əзер батып кірдім.
Алтын ауызғы бөлмеде от жағатын плитаның түбінде астына кішкентай тапал орындық қойып, сымтемірмен шұлық па, қолғап па, бір нəрсе тоқып отыр. Тап кəзір менің келуімді күтпегендей таңырқап, бағжыя қарап қалған. Неге келдің! Сенің жайдан жай келмегеніңді сеземін деп тұрғандай көз қарасы.
Өңінде таңырқау мен абыржу аралас.
Оның жалғыз екенін көріп, қуандым. Іздегенім табылғандай қасына арсалақтап, жетіп бардым. Бірақ жаттап келген сөздерімнің аузыма бірі түсетін емес.
— Неғып отырсың? — деп дəл бір бұрыннан алысып ойнап жүрген жолдасымша иығынан екі қолдап басып, төне түстім.
Алтын тым жуас, өзімсінген дауыспен:
— Ары тұр, біреу-міреу кеп қалады, — деді. Əдемі үлкен көздерінде балқыған жылы нұр бар. Мен енді одан бетер еркінсіп:
— Əне күні білегімді оңдырмадың ғой, — деп Алтынның иығына қонжиып, мініп алдым. Сырт көзге қандай тұрпайылық десеңізші!
— Ары тұр. Қайтеді?
Тап сол кезде сырт есік ашылып келіп кетсін. Жауқазын еді кіріп келе жатқан. Сасқандықтан Алтынның иығынан секіріп түсіп, үлгере де алмай қалдым.
Жауқазын ол да жаман састы. Дəл мұндай əбес те, тосын жағдайдың үстінен түсермін деп, ол, əрине, ойламаған. Не үйден қайта шығып кетерін, не сол кіріп келген бойда бермен қарай жүрерін білмей, есік алдында бетін теріс бұрып, еңкейіп, өзімен өзі болып, құнжыңдады да қадды. Сосын, ақыры, бізге қарауға жүзі шыдамаса керек, үйден қайта шығып кетті.
— Ойбүй бетім! Қу шешек-ай! Ұят-ай! — деп Алтын өз бетін өзі шымшып-шымшып алды.
18
Алтынға созған қолымды тағдырдың қағып тастап, жасаған ескертпесі еді бұл. Мен оны тыңдамадым.
Түн. Аяз. Сарыбеддің халқы отынды, шамға құятын жер майды үнемдеп, бүл кезде ерте жатады. Бір де бір үйдің терезесінен жылтыраған жарық байқалмайды.
Бос көшемен шыны қарды сықыр-сықыр басып, жалғыз өзім келе жатырмын.
Суықтан қорынған иттер де өздерінің жылы ұяларынан шыққылары келмейді. Бейсауат көше кезген бүл кім-ей дегендей, жатқан орындарынан бастарын да көтерместен, əр жерден маңқ-маңқ етіп, жалқау үріп, тез басылады.
Мынау міне, өзім сабақ беретін, қазақ кластары оқитын мектеп. Əуелі сырттай шолып, айнала қарап өттім. Біреу-міреу түнделетіп, мектептің отынын ұрлап, бірдеңесін бүлдіріп жүрген жоқ па? Тексеруге, қарауға толық қақым бар адаммын.
Мектеп аман. Терезелер бүтін. Мектептің есігіне құлып салынбайды. Дыбырсыз еппен ашып, ішке кірдім. Класс іші алакөлеңке, жылы. Ең артқы парталардың біреуінде отырмын ойға батып. Не істеймін? Барам ба Алтынға? Қалай барам? Не айтам? Есігін ашпай қойса, қайтем?
Жоқ, ашпауы мүмкін емес.
Мүмкін, жалғыз емес шығар? Қорқам деп, Жібекті қойнына бірге алып жатқан болса ше?
Көп отырдым қиналып. Міне осындаймын. Батыл болатын жерде батыл бола алмаймын да, соңынан опық жеп, өкініп жүрем. Ертең де сөйтпесем неғылсын!
Дəл қазір Алтын екеуімізді бөліп тұрған бір ғана там қабырға. Ар жақта ол да, бер жақта мен. Қол созым жерде, өзінің жылы төсегінде, ештеңеден қаперсіз пыр-пыр ұйықтап жатыр. Менің мұнда мысым құрып, күйзеліп отырғанымды ол білмейді де.
Қабырғаны тықылдатып ұрсам ба екен? Мүмкін мен екенімді біліп, есік ашар? Сыртқа шығар?
Түнделетіп Сегізбай келіп қалса ше? Жоқ келмейді. Қырық шақырым жерден шаруасын бітірмей, неге келсін.
Қиял келді басыма. Қабырғаны əне ана арадан, іргеден адам денесі сиятындай етіп, үңгіп тессем. Сол тесіктен Алтын жатқан бөлмеге зып етіп кіріп барсам? Тесіктің арғы аузы Алтын төсегінің астында болса. Ол екеуімізден басқа ешбір жан білмесе бұл тесікті. Қалаған уақытта кіріп, шығып жүрсем. Дəл бір мың бір түн ертегісіндегі тəрізді. Шіркін, қандай рақат болар еді.
Өзімді өзім қайраумен желкеден бүріп ап, тұрғыздым да сыртқа шықтым. Төңіректі жақсылап қарап алдым да, Алтын үйінің есігіне келдім. Терезе перделер түсірулі. Есік берік. Жүрегім кеудеме сыймай дүрс-дүрс етеді.
Есікті қақпас бүрын қора жақты жəне бір айналып, қарап өттім. Иə, Секең келмеген. Келсе, қара кер жорға қорада шөпті бырт-бырт жеп тұрар еді. Қаракер де, көк қашаба шана да көрінбейді.
Тəуекелге бел шештім — есікті саусағымның сыртымен ақырын тық-тық қағып, ар жақтан не дыбыс естілер екен деп құлақ тостым.
Сол-ақ екен, төр үйдің есігі ашылды.
- Бұ кім? — деген Алтынның сүйкімді дауысы естідді.
- Мен...
Сөз бітті осымен. Жүрісі білінер-білінбес болып, Алтын бері ауыз үйге шықты. Есіктің ілгешегін сықыр еткізіп, ашып жіберді. Мен келетінімді біліп, ұйықтамай тосып жатқандай еді.
Аласа, ішжағы шүңғыл есіктен үн-түнсіз кіріп келе жатырмын. Істің басталуы əрі оңай, əрі сəтті болғанына қуаныштымын. Алтын да үнсіз. Менің соңымнан есіктің ілгешегін қайта іліп жатыр.
Алтын мені орағытып, төр үйге өтіп барады. Лəм-мим деп, бір ауыз сөз айтпады. Мен оның соңынан ілесе кірдім.
Алтын төсегіне жатып жатыр.
Менің не істеуім керек екені өзінен өзі түсінікті болып қалды. Төр алдында, төсектің касында тікемнен тік тұрып, шешіне бастадым. Алтын бұның не демейді. Менің шешініп болуымды күтіп қана жатқандай.
Киімдерімді сақтық істеп, бірінің үстіне бірін реттеп, үйіп қойдым. Енді міне, тек көйлек-дамбалшаң, Алтынның қойнына кіріп келе жатырмын. Қарсылық та жоқ, сөз де жоқ.
19
Түннің талай уақыты болған. Алтын екеуміз жай тауып, сабасына түскен көңілмен құшағымыз айқасып, əңгімелесіп жатырмыз. Əйелдің еркі өз қолыма көшкен соң мен оны тергеуге ала бастағандаймын. Өзіңе тең емес, шал адамға неге тидің деп сұраймын. Алтынға бұл сұрақ ұнамады. Балаша бұртиып, өй, қойшы, тигім келді, тие салдым. Колхозда кетпен арқалап жүрмекпін бе дейді.
«Тигім келді, тие салдым». Алтындай тартымды сұлу əйелдің аузынан мұндай сөз естігеніме қынжылатын тəріздімін.
- Сегізбай сені қалай көндірді?
- Өй, қойшы. Мен онымен сөйлесті ғой дейсің бе? Тері-терсек жинап, ауылға келіп-кетіп жүретін. Əйімхан дейтін жақын жеңгем бар еді. Шығаннан шыққан жылпос. Қайдан тапқанын, соны тауып алыпты. Сол Əйімхан күндіз-түні басымды ұршықтай айналдырып, қалай тиіп қалғанымды өзім де білмеймін.
Бұл сөзден Алтынның жалпы өмір атаулыға, оның ішінде өз өміріне де жеңілдеу қарайтындығы байқалатын еді. Бұл күнде ондайлар бір ол емес, көп. Соғыс жұрттың болашақ үмітіне дейін азайтты.
Алтын бір үйде бір өзі ерке болып өскен екен. Жеті кластан кейін оқымаған. Орта мектеп өз ауылдарында жоқ. Ал басқа колхозға қыз бала сыртқа шықса, бұзылып кетеді деп, ата-анасы жібермеген. «Бұзылмай тұрғанда» жасын өсіріп, күйеуге берген. Күйеуі сол ауылда өзін оқытқан мұғалімі екен. Соғыста ол қаза тапқан.
Ендігі тағдыры мынау.
Таң атпай, ел аяғы қозғалмай, мен тайып отырдым. Бұл жолы өзіме өзім ризамын. Міне, осындай батыл болу керек деп, өзімді-өзім арқаға қағып, мақтап келе жатырмын.
20
Күн артынан күн өтіп жатты.
Секең ана жолы ауданға бір қонып, қайтып келген. Содан бері ешқайда ұзап шыққан емес. Маған бұл ұнамайды. Секең бірдеңеден сезік алмас үшін мен енді ол үйге аяғымды тарта басуға тырысам. Осы күні Алтынмен, көбінесе, алыстан, қас-қабақпен ұғынысам. Əнеугі түн — бақыт түні бір көрген түсім ғана тəрізді. Жатсам-тұрсам соның тағы да қайталануын арман етем. Ол үшін Секең кету керек бір жаққа. Қонатын болып ұзап кетуі керек. Күндіз-түні Алтынды ғана ойлаймын.
Махаббат жоқ дейді кейбіреулер. Махаббат жоқ болса, бұл не енді? Алтынды көргім, онымен бірге болғым келіп, ынтығып тұруым неліктен?
Махаббат бір-ақ рет болады дейді. Бұл да жалған. Мен өзім талай қызға ғашық болдым. Соның бəріне де өліп-өшіп, шын ғашық болған едім. Ғалияны қалай сүйсем, Алтынды одан кем сүймейтін тəріздімін.
Мүмкін, қыздар да, əйел заты да солай шығар?
***
Əйел мен еркектің бастаңғысын бір күн туырлық жасырады, бір күн үзік жасырады. Үшінші күні, бəрібір, жария болады дейді қазақ. Сол рас.
...Түн. Ел жатып қалған. Дəндеп алған əдіспен тағы да Алтынның есігін тық-тық қағып тұрмын.
- Бұ кім?
- Мен...
Есіктің ілгешегі ашылып жатыр.
Тағы да сол төр алдында, тікемнен тік тұрып, шешініп жатырмын. Бəрі сол ана жолғыдай.
Түннің бірталай уақыты болған. Алтын да, мен де ояумыз. Өліп-өшіп, зарығып кездескенде, дені дұрыс адам ұйықтай ма?
- Таң атып қалды, бар енді. Біреу-міреу көріп қойса, ұят болады, — дейді Алтын.
Мен кəзір кетем деймін де, жата түсем. Алтынның ыстық құшағын қимаймын. Бұдан соң қашан тағы да кездесудің сəті келгенге дейін жəне зарығып бітетінім сөзсіз.
Кенет, сыртта ат тұяғының қарды сықыр-сықыр басқаны, шана табанының сырғанаған дыбысы естілгендей болды. Алтын да, мен де елең ете қалдық. Дыбыс бірден бірге айқындалып, осы есіктің алдына қарай жақындап келеді. Қара кер жорғаның пысқырғаны ап-анық танылды.
- Келді! — деді Алтын үрейі ұшып. Кім келгені былай да белгілі еді.
Атып тұрып, жалма-жан киініп жатырмын. Киімдерімді көрегендік жасап, бірінің үстіне бірін реттеп, үйіп қойғаным қандай жақсы болған.
Сырттағы шана бұл кезде терезенің дəл тұсына келіп тоқтады. Сегізбай екені даусыз. Ап-ауыр денесімен қашабаны сықырлатып, əне, жөңкіліп түсіп жатыр. Қарағайдай сірескен пима, оның сыртынан галошкиген аяқтарын біреуіне біреуін торсылдатып соғып қояды. Шыны қарды шықыр-шықыр еткізіп, бері есікке қарай келе жатыр.
Бұл уақыттың ішінде мен киініп те үлгерген едім. Шұлғау орап жатуға уақыт қайсы. Екі шұлғауды жұмарлап, екі қалтаға ұрдым. Пималарды қоңылтаяқ сұға-сұға салдым.
Есік қағылды. Алтын ұйқысынан жаңа оянған адам боп:
- Бұ кім? — деді.
- Мен.
Секеңнің күжіл жуан дауысы.
Алтын екеуміз тілсіз ұғынысып, біріміздің соңымыздан біріміз қабаттасып, ауыз үйге шықтық. Ол алда, мен арттамын. Алтын есіктің ілгешегін ашып жатыр. Мен оның қалқасында бұрышта байқалмастай болып, тығылып тұр-мын.
Есік бері ішке қарай ашылатын. Сегізбай үнсіз жөңкіліп кіріп келе жатыр. Оны қасынан өткізіңкіреп жіберді де, Алтын ым жасап, мені шынтағымен қағып қалды. Ал жөнел дегені. Алтын мен есіктің арасынан зып беріп, зытып жөнелдім. Сегізбай байқамай, сезбей қалған тəрізді. Артымнан Алтын есікті қайтадан жауып жатты.
Аман-сау құтылғаныма қуанып, көшенің басына дейін жүгірдім.
21
Ол кезде шылым шегем. Жігіт боп, өз тізгінімді өзім қолға алғанның белгісі деп, бұл кəсіпті армияда үйренгем. Папирос, сигарет табылатын кез емес. Сасытып, бұрқ-бүрқ соратынымыз қолдан туралған көк темекі, махорка.
Үйге кеп, жүрегім орныққан соң шалбарымның қалтасына қол салып портсигарымды іздедім, О, сұмдық! Портсигарым жоқ! Мана Алтынға бара жатқанда бар болатын. Жолда шылым орап шеккем.
Жүрегім су етіп, бірден білдім — портсигар əлгінде қарбалас киініп жатқанымда, Алтынның үйіне түсіп қалған.
Енді оны Сегізбай тауып алмаса неғылсын?
Су етіп қалған жүрегім мұзға айналып, бүкіл арқа-басым шымырлап бара жатыр.
Өйтпей ше? Сегізбай ол портсигарды жақсы біледі. Менікі екенін күншілік жерден көріп, таниды. Карта ойнаған кезде мырзасынып, ылғи да столдың үстіне қойып қоятынмын. Секең одан сан рет шылым орап шегіп, қақпағының сыртына бізбен шұқып, қиғаштап жазылған «Кемелханнан Еркінге ескерткіш» деген жазуын талай оқыған.
Кемелхан əскерде бірге қызмет істеген жолдасым. Судағы малта тас тəрізді сырты жып-жылмағай осы бір қалайы портсигарды армиядан босап, елге кетіп бара жатқанымда ескерткішке сол сыйлаған болатын.
Құрыдым. Секең тауып алса, анық құрыдым. Бəтшағар, қалтамнан ылғи да түсіп қала беретін еді. Қап, осының осылай боларын алдын ала неге ойламадым екен?
Ішкі қалталарымның біреуіне ықтияттап неге салып қоймадым?
Кемелханнан осыны аттай қалап, атандай сұрап алған, тіпті, өзім едім-ау. Сөйтсем басыма пəле болу үшін алған екенмін ғой.
22
Менен кейін Сегізбай үйінде не болып не қойғанын қиялыммен көріп білем: сырт есікті бекітіп болып, Алтын шам жақты. Төр алдында, төсекке таяу жерде көкала текеметтің үстінде əппақ боп, жарқырап жатқан портсигарды көрді Сегізбай. Портсигар емес, жылан, айдаһар көргендей болды.
— Мынау кімдікі?
Алтында үн жоқ. Өңі қашып зəресі ұшып барады.
- Бұл мұнда қайдан жатыр ?
- Білмеймін...
— Неге білмейсің, бұзылған қаншық!? Сен білмегенде, мен білем бе? Айт, мына үйде кім болды?
Бұдан кейінгіні қиялдаудың өзі қорқынышты.
23
Таңертең төсегімнен ауырып ояндым. Етім ысып, екі шекем лық-лық етеді. Басымның сақинасы ұстаған. Осы ауру менде бала кезден бар. Күн өтсе, ұйқым қанбаса, бір нəрсеге қатты толқып күйзелсем, қайғылансам, алып ұратын əдеті. Ауырып қалғаныма, сөйтіп, мектепке бара алмайтын болғаныма, дəл осы жолы қуандым. Қазақ кластарын оқытатын екінші мұғалім Сақыш дейтін момындау, жөні түзу келіншек. Соған ауырып қалғанымды айтып, менің кластарымды сен оқыта тұр деп қағаз жазып жібердім.
Міне енді басымды таңып алып төр алдында ыңқ-ыңқ етіп жатырмын. Ойымда Сегізбай, Алтын, портсигар. Бұдан да жазылатын шығармын-ау. Сосын мектеп жаққа қалай барам? Сегізбайдың көзіне қалай көрінем?
— Бала, бері кел. Мынау сенікі ме? — дейді де, қалтасынан портсигарды жарқыратып суырып алады,..
Одан да қара жерге кіріп кеткенім артық емес пе ? Нұрила жеңгей не білсін, түк те білмейді. Айлаңқастап, күлімдеп, қасымнан шықпайды.
— Суық тигізіп алғансың ғой. Сорпа қайнатып берейін. Терлеп іш, тəуір болып кетесің, — дейді.
Аңқаусың-ау, жеңеше. Суық тисе, дəл мұнша күйзелермін бе? Мынау сүттей ұйыған тыныш дүниені бүлдірді «директор» балаң. Өзіне оңай айықпастай ауруды қолдан жасап алды. Содан енді қалай құтылудың жолын іздеп жатыр.
Ой, дүние-ай! Баянсыз, сұм дүние. Кеше Алтынмен құшақтасып жатқанда, менен бақытты жан жоқ еді. Бүгін енді менен сорлы, менен бақытсыз жан жəне жоқ. Тағдырды мен қырсық тағдыр дейтінім міне осыдан ғой. Уайымсыз, қайғысыз рақат өмірді ол маған ешқашан да баянды етіп көрген жоқ. Мені, қалай да, бірдеңеге ұрындырып жүрмесе, сүріндіріп жүрмесе, тағдырдың іші кебеді.
Жоқ, мен бара алмаймын мектеп жаққа. Ертең түгіл, бүрсігүні де, тіпті ешқашан да бара алмаймын. Асын ішіп, дос болып, араласып жүрген Сегізбайдың көзіне бұдан кейін көріне алмаймын. Бетсіз болмасам, не деп көрінем? Жо-жоқ, мен кетем Сарыбелден. Өшіремін қарамды. Суға батқан тасша зым-зия жоғаламын.
***
Тағы да Қарасаздамын. Аудандық оқу бөлімінің кеңсесін сырттан торып, батып кіре алмай жүргеніме бір сағаттан асты. Не айтам? Мұғалім болғым келмейді деймін бе? Жоқ, əлде басқа мектепке сұранам ба?
Қандай себеп, сылтау ойлап табамын?
Қолына портфель ұстаған, шұбалған қара тон, қара малақай киген бойы аласалау біреу көшемен маған қарама қарсы келе жатыр. Танитын сияқтымын. Иə, иə, əлгі... сол... Қаратоғанда тұратын... Əлімғожа. Соғыстан бұрын ары өтіп, бері өткенде біздің үйге келіп-кетіп жүретін, Сəрсебек
ағайымның тəуір жолдастарының бірі.
Əлімғожа да мені бірден таныды. Екеуміз шұрқырасып амандастық. Хал-жай сұрасып жатырмыз.
- Əскерден қашан келдің? — дейді менің бас-аяғыма көз жүгіртіп.
- Екі айдай болды.
- Қайдасың қазір? Не істеп жүрсің? Сəрсебек қайда? Хат-хабар бар ма?
Мен бəрін айттым. Сəрсебек армияда. Талайдан бері хат жоқ. Өзім Сарыбелде мұғалім едім. Енді онан кеткім келіп жүр дедім.
- Неге? Сарыбел ұнамады ма?
- Үйден шалғай. Ауылға келіп-кетіп тұруың қиын... (Табан астында ойлап тапқан сылтауым өзіме ұнап қалды.)
Соғысқа Əлімғожа да барған екен. Бір қолының басынан жарадар бопты. Қазір өз ауылында, жеті жылдық мектепте директормын дейді.
- Сарыбелден кеткің кеп жүрсе, онда бізге кел. Бізге военрук керек, — деді Əлімғожа.
Қарманатын тал таппай тұрғанымда, мынау енді жақсы болды:
- Жарайды.
Екеуміз жəне біраз сөйлесіп, сөзімізді пісірдік те, аудандық оқу бөлімі меңгерушісінің кабинетіне кірдік. Əлімғожа мендей емес еркін. Мекеменің шалдау бастығымен мəре-сəре ұзақ амандасты. Əлімғожаны көріп, анау да бір жетісіп қалғандай болды.
Мен анадайда ескі диванның шетінде тəйт десе, ұшып кететіндей боп, əзер ілініп отырмын. Əңгіменің тезірек маған ауысуын күтудемін.
Кенет Əлімғожа:
- Сүке, мен өзіме таптым военрукті, — деді.
- Кім ол?
- Міне, мына бала.
Сүкесі мені енді ғана көргендей сүзе қарады:
- Біз бұны Сарыбелге жібермеп пе едік?
Сүке, мен сізге бұл баланың жағдайын айтайын, — деп Əлімғожа бастырмалата жөнелді,
— Бұл əлгі Тұйықтағы Мамырбай дегеннің баласы ғой. Əкесі момын жақсы адам еді. Сəрсебек
дейтін ағасы баяғыда мектепте менімен бірге оқыған. Казір армияда. Əкесі соғыстан бұрын қайтыс болған. Қазір үйінде аурушаң шешесі, жеңгесі ғана. Сарыбел бұл баланың жағдайына келмейді екен, шалғай. Демалыс-демалыста үйіне барып отын-суға жəрдемдесіп тұра алмайтын көрінеді. Бұны сіз военрук етіп, бізге жіберіңіз. Əлсіз ғана бұлтақтап көрді де, Сүкең:
— Жарайды, — деді.
Мəселе көрген түстей тез шешілді.
Сөйтіп, Қаратоғанға военрук болып баратын болдым. Ойламаған жерден Əлімғожаны кез келтірген құдайға мың рақмет айтып жатырмын.
24
— Рас-два! Рас-два! Пірам шəгім арш! Ыстой! Нəлеуі! Волна!
Солдаттың ботқа-көжесін үшай бекер ішіп-жемеген тəріздімін. Орысша сөздерді белден басып, сындырып, əлдекімдерге еліктеген шақ-шақ еткен дауыспен балаларға команда беріп жүрмін.
Əскерде мықты командир — қатал командир деген ұғым бар. Мендағы өз əлімше соған ұқсауға тырысам.
Соғысқа дейін мектептерде əскери сабақ болмаған. Соғыс шыққан соң енгізілген. Оқулық бұл пəннен атымен жоқ, программа жəне жоқ. Мұғалім өзі не білсе, балаларға нені үйреткісі келсе, соны үйретеді. Толық анархия.
Мен өзім физкультура мен əскери ойындарға жасымнан құштар жанның бірі едім. Жаңа қызметімді сүйемін. Сабақты шамам келгенінше, қызғылықты етіп өткізуге барымды салам. Одан-бұдан іздестіріп, пəніме қатысы бар біраз кітап, брошюралар тауып алғам. Жатпай-тұрмай оқып, білмегенімді білуге тырысам. Бірақ əлгідей əдебиеттің бəрі дерлік орысша. Қиналып, əзер оқимын, жөнді түсінбеймін. Көп сөзін жобамен ұғам. Ал жобамен ұғылғанның бірі дұрыс болғанмен бірі теріс. Іс жүзінде дұрысым да дұрыс, терісім де дұрыс. Өйткені, қатем болса көрсетіп, мынауың былай дейтін білімі өзімнен озық адам мектепте шамалы. Директор да, завуч та талай жыл қоржынын салақтатып, педучилищеге сырттан оқуға барып жүріп азаппен əзер бітіргендер. Ол екеуінің орысшасы менен де төмен. Менің жұмысымды тексеріп, жөн айтуға олар ниет те білдірмейді.
Мен мұнда мектеп директоры Əлімғожаның үйіндемін. Ана жолы онымен бірге келіп түскеннен осындамын. Жамбас ақы, құрсақ ақы төле деп қазақ айтпайды. Өзім біліп бірдеңе берсем, мүмкін, алар еді. Бірақ беретіндей менде не бар? Ас тегін, төсек-орын тегін. Директор жолдас, мені өзің алып келдің, өзің бақ деп үн-түнсіз жүріп жатқан жайым бар.
Сарыбел, онда аз уақыт мұғалім болғанда басымнан кешкен оқиғалар ойымнан шыға қоймайды. Портсигар жайы əлі де болса мен үшін жұмбақ. Оның тап сол түні сол үйде — Сегізбай үйінде — түсіп қалуы ақиқат. Ал бірақ кім тауып алды? Сегізбай ма, Алтын ба? Мүмкін, Алтын тауып алып күйеуіне көрсетпей, тығып қойған шығар? Секең ештеңе де білмейтін шығар? Онда менің күйзеліп қайғы-қасірет шегуім бекершілік. Сарыбелден ат-тонымды алып, артыма бұрылып та қарамай, безіп отыруым ол да бекершілік.
Осының бəрін қалай білуге болар екен?
Сарыбел Қарасаз ауданының бір шеті, Қаратоған екінші шеті. Бұл арадан Алтынмен тілдесу, хабар білу мен үшін оңай шаруа емес.
Мүмкін өмір бойы біле алмай, ішқұста болып өтермін?
25
Көктем. 1945жылдың көктемі. Фашизм бұл кезде бел омыртқасы мертіккен жыртқыштəрізді. Өзінің ойран салып шыққан бастапқы апанына қарай бас сауғалап, шегіншектеп барады. Азаттық алған қалалар мен елдер саны күн санап көбеюде.
Даңқты Қызыл Армия өзінің алты айға демалыс беріп босатқан ұлын — мені — іздей қойған жоқ əлі. Соған қарағанда, жарадар жауды біржолата жоқ етуге енді оның күші мен араласпай да жететін тəрізді.
Тұйықтағы үйге көктем шыққалы барған жоқ едім. Қатынаған біреуден жеңгем хат жазып жіберіпті. Оқыдым да, ызадан қалшылдап кеттім.
Ауру шешем мен жеңгемді Нұрəлі сиыр саууға шығарыпты. Бұл осы кезде колхоздағы жүмыстың ең ауыры. «Ауру түгіл, сен кемпірдің түгің жоқ. Қақшаңдап өз жүмысыңды істегенде, тажалдайсың. Ауру болсаң төсек тартып жатар едің ғой» дейтін көрінеді, «Мен сорлы неге көнбегем? Бəріне де көнермін. Мына сырқат та, кəрі шешеңе обал болатындай түрі бар. Ерка, кел де көшіріп əкет» деп жазыпты жеңгем.
Атаңа нəлет Нұрəлі қайтсем екен? Сенің-ақ ызаң өтіп бітті-ау.
Мен енді шешем мен жеңгемді осында, Қаратоғанға көшіріп əкелсем деген ойға келдім. Бүл ой басымда бұрын да бар болатын. Əлімғожаға айтып едім, бірден қостады.
— Е, несі бар. Көшіріп əкел. Бұнда да ел бар, жұрт бар. Бірдеңе етіп күн көрерсіңдер. Отын-суларыңа, мүмкіндігінше мектеп көмектесіп түрады.
Директорым былай деген соң, мен енді қозып кеттім. Шешем мен жеңгемді Қаратоғанға көшіріп əкелетін болдым. Мұнда келген соң кіретін үй де оп-оңай табыла кетті. Қаратоғанда малшылардың қаңырап бос тұрған үйлері көп.
Əлімғожа колхоздан бір күнге деп, екі атымен арба сұрап алып берді. «Бар, көшіріп əкел. Көңілің орнына түссін».
Екі аттық бос арбаны салдырлатып айдап, міне, Түйыққа келіп отырмын. Бүл сəскелік кез. Көше қаңырап бос. Қазір көктем егісінің нағыз қарбаласқан қызу кезі. Жұрттың бəрі жұмыс басында.
Əдейі колхоз кеңсесінің алдынан өтпей, орағытып келіп, арбаны өзіміздің үйдің қалқасына тоқтаттым.
Есік берік. Терезе перделер түсірулі. Талайдан жөндеу көрмеген байғұс там үй сыртының əр-əр жерінің сылағы омырылып жүдеп түр. Көптен бері адам тұрмайтын, иесіз үйге ұқсайды.
Шешем мен жеңгем қайда екенін білмекке көрші Мақпал кемпірдің үйіне келдім. Сырт есік ашық. Табалдырықты аттап, кіре бергенімде, ар жақтан бүйірі қабысқан арық қара ит мені соға-моға алдымнан атып шықты. Сасып қорқып қалдым. Үйде ешкім жоқ шығар деп едім. Сөйтсем, төрдің қақ төбесінде, бетін құбылаға беріп Мақпал намаз оқып отыр. Ит бұза алмаған намазды
бұзуға батылым жетпей сілейіп тұрып қалдым.
Əлден уақыттан кейін бетін ең соңғы рет бір сипап, намазын аяқтаған Мақпал орнынан тулай түрегелді:
— Ауызыңа пəлен етейін! Қарашы-ей, тіпті адам екен демейді! Үйдің ішін айнала тіміскілеп, кезіп жүр!
Мен алғашында Мақпалдың кімді ұрсып жүргенін білмеп ем. Сөйтсем, сұғанақ итті ұрсып жүр екен.
- Ит кіріп келе жатқанда, кет деп қуып жібермейсіз бе?
Намаз бітпей қалай қуам. Намаз бұзылады ғой, — дейді Мақпал.
Мен күліп жатырмын. Бұл қараңғылық дегенді қойсаңшы. Дінге шын берілген адамдар намаз үшін жауынан жазым шегеді деп те еститін едім. Мақпалдың мына қылығына қарағанда, сол рас секілді.
- Шешең де, жеңгең де сиыр сауатын болған. Кеше бригадир арба əкеп, тауға фермаға көшіріп əкеткен. Нұрəлі дейтін құдай шықты бұл күнде. Ауру-сырқауыңа қарамайды. Бетіне тура қараған жан болса, төбесіне əңгір таяқ ой-натып бітеді. Шешең жарымжан екенін айтса, тыңдамапты, — деп Мақпал өз мұңын шаққандай күрсініп тоқтады.
Өрге қарай жүру ауыр болса да, аттарды тырқыратып айдап, міне енді таудағы фермаға келе жатырмын. Нұрəліге деген ашу-ызамды екі аттан алатын тəріздімін. Тал түсте сиырды иіріп қойып, сауып жатқан үстілеріне келдім.
Бұ не? Күндіз сиыр сауылатын ба еді?
Қотанның тау жақ шетінде, осындағы жалғыз киіз үйдің қасында, қолындағы таяғына сүйеніп, қарауылдай қаздиған ферма бастық Ошақбайды анадайдан таныдым. Тік мінез, қатал адам. Өзін көп жрттан жоғары ұстайды. Мен оны онша ұнатпаймын. Киіз үйден төмен қарай бұлақты жағалай қонған алты-жеті қарата жаппа үйлер. Соның бірі шешем мен жеңгемдікі болар деп ойлап, арбаны сол тұсқа қалдырдым да, Ошақбайға жаяулап кеп, сəлем бердім.
- Əй, Еркінбісің?! Қайдан жүрсің? Мына арбаң не? -деп Ошақбай бір дегеннен тікірейе қарады.
Мен шешем мен жеңгемді көшіргелі келгенімді айттым. Ошақбай одан бетер тікірейіп, бес тал шоқша сақалы шолтаңдап:
- Колхоз рұқсат етті ме? — деді.
- Колхоздың бізде не шаруасы бар?
- Е, колхоз рұқсат етпей, қалай көшпексіңдер? — деді Ошақбай. Бұл сөзді сиыр сауып жатқан əйелдер түгел естісін дегендей шаңқылдап, қатты айтты. Бір-бір сиырдың бауырына сүліктей жабысып, алған, үстері кір-кір өңшең қара əйелдер елең етіп, құлақ түре қалысты.
- Қазір баяғының басы байлы шаруалары жоқ. Əркімнің өз еркі өзінде, — дедім мен.
- Əй, сен заң соқпа маған. Мен заң-паңынды түсінбеймін. Одан да Нұрəліден рұқсат қағаз алып кел. Онсыз мен ешкімді ешқайда жібермеймін. Сол.
Ошақбай екеуміздің əңгімеміз осымен бітіп қалды.
26
Бұрын мұнда осындағы барлық колхоздар секілді, сиыр күніне екі мезгіл сауылатын. Май жоспары орындалмай, колхоз басшыларының жандары мұрындарының ұшына тірелген кезде енді үшмезгіл сауылатын бопты. Сиыр саууға қосымша адамдар шығаруы да содан екен.
Мал арық. Итеріп қалса, құлағалы тұрған, ыңыршағы айналған, кілең дерлік көтерем. Қыстан қысылып, жүдеп шықса əлі көкке тойып қоңаймаса, арық болмай, қайтеді?
Сауыншы əйелдердің түрлері сауып жатқан сиырларынан да аянышты. Бəрінің дерлік үстінде, қолдары қалт еткенде, жүннен өздері тоқып киген, баяғының батырларының оқ өтпес темір сауытына ұқсайтын, əрі қалың, əрі тұрпайы бір-бір қап көйлек. Жөнді жуылып, таралмаған дудыраған кір шаштар. Кір орамалдар.Бір жаппаның алдындағы тақыр жерде қол-аяғы шидей жас сəби манадан бақырып жылап отыр. Үстінде ит көйлектен өзге лыпа жоқ. Əуелде астына тоқым төсеп, есіктің көзіне отырғызған. Сиыр сауып жатқан шешесіне бармақ боп, талпына-талпына сəби жерге түсіп кеткен. Қазір енді тоқым бір жақта, өзі бір жақта. Оны жұбатып, мұрны-басын тазалауға шешесінде мұрша жоқ.
Жəне бір жаппадан сілелеп шыр-шыр етіп жылаған бесіктегі баланың даусы естіледі.
- Бол! Болыңдар! Күн кешкіріп барады. Сиыр жайылып үлгермейтін болды! — деп Ошақбай сауыншы əйелдерге дігір салып қояды.
Сиыр сауылып болысымен біз көшқамына кірістік. Қалқиған жаман жаппаны жыға бастадық. Аялдауға уақыт тар. Колхоз ат арбасын бүгінге, бір ғана күнге деп берген.
- Нұрəлі рұқсат етсе, көшесің. Рұқсат етпесе, көшпейсің,-деп Ошақбай атын ерттеп мінді де, əкесі өлгендей шабуылдап, Тұйыққа кетті.
- Нұрəлі түгіл, құдайыңа барып айт!
- Балам, шатақтаспа. Шатақ құрсын. Дүниеде шатақтан жаман нəрсе жоқ. Иттермен ит болмай, жайлап, жөндеп сөйлес, — дейді шешем без-без етіп. Менің мінезімнің жаман екенін біледі ол.
Жүкті түгел тиеп болып арбаға отырып, енді жөнелейік деген кезде, Ошақбай қайта жетті. Өңі бұрынғыдан бетер қату.
- Түсір жүкті! Көшпейсіңдер! Бастықтың бұйрығы солай.
Тыңдайтын мен емеспін, арбаны айдап кетпек болдым. Ошақбай арбаның алдына ұмтылды. Екі аттың шау-жайынан ұстап, көлденеңдеп жібермей тұрып алды.
- Жібер деймін!
- Жібермеймін!
- Жібер əкеңнің аузын...
- Əй, шошқа! Тарт тіліңді мен сені өліп кетсем де жібермеймін! Сені жіберіп, менің басым екеу емес! Күшті болсаң, бар ана Нұрəліге!
- Нұрəлінің əкесінің аузын... Мен оған бармаймын!
- Бармасаң бастықтың рұқсатынсыз мен жібермеймін. Ол маған солай деді, өл, бірақ жіберме деді. Мені өлтіріп, өлігімді таптап, содан кейін ғана кетесің!
Ошақбай бір бет қаныпезер жаман адам. Өлуге бар, ал бастықтың бұйрығын орындамауға жоқ.
Ол екеуміздің керісуіміз шегіне əбден жетті. Енді тек қанжоса төбелесуіміз ғана қалды. Бірақ бұған бір де біріміз бара алатын емеспіз. Кім үшін, не үшін деп барамыз? Айдаладағы Нұрəлі үшін бе?
Ферма басындағылар шатақтың ақыры немен тынатынына ынтығып, қарап қалған.
Керісумен бірталай уақыт өтіп кетті. Күн кешке таяп қалды. Ошақбайдың жібермесіне менің көзім əбден жетті. Қап, не істеймін? Осы үшін бұнымен төбелесіп, қанжоса боп жүрем бе?
Жоқ барайын Нұрəліге. Не айтар екен? Жібермесе, жауызды не өлтіріп, не өзім өлейін. Аяйтын не жан қалды!
Екі аттың бірі арқасы бүтін, күйлі үлкен қызыл ат. Соны арбадан шығарып, үстіне жайдақ қарғып мініп, əлгінде Ошақбай барып келген ізбен ауылға қарай құйғытып, шаба жөнелдім. Жүк арбаның үстінде қалды. Жүк үстінде үрейлері ұшып, үрпиіскен шешем мен жеңгем.
Қаныма əбден қарайып алғам.
Өртке шапқан адамша тасырлатып, бір дегеннен колхоз кеңсесіне келдім. Сөйтсем, Нұрəлі мұнда жоқ. Үйіне шай ішуге кетті дейді.
Көшедегі иттерді абалатып ауылдың екінші шетіндегі Нұрəлінің жаңа үйіне келдім. Үшбөлмелі, шатырлы жаңа үйді ол былтыр тұрғызып кірген. Есіктің дəл көзінде шашылып жатқан леген, қысқаштəрізді заттарды ат тұяғына қаңғырлата басқызып, тістеніп айқай салдым:
- Нұрəлі! Əкеңнің аузын... шық бері!
Қолымда қамшы орнына ұстап алған, ұзындығы бір метрдей кеспелтек жуан ақ таяқ. Ар жақтан:
- Бүл кім-ей! Бұ қай ит! — деген Нұрəлінің ызбарлы даусы естілді.
- Əкеңнің аузын... Сен бізді неге жібермейсің ? Бізде не əкеңнің құны бар?
Өзімді өзім ұстай алмай, қалш-қалшетем.
Есік сықыр етіп ашылды да, Нұрəлі көрінді. Сопақ басы тершіп, кемзалын жейдесінің сыртынан желбегей жамыла салған. Ылғи да бас киімнің астында жүретін, желтиіп, күн қақпаған шекелері əппақ. Осы жалтыраған шекелер маған таяқ тілеп шығып келе жатқандай көрініп кетті.
- Əй, ит, не оттап тұрсың? Түс аттан!
- Сен бізді неге жіберме дейсің?
- Түс аттан! Түсіп сөйлес.
Менің мейлінше ашынған түрімді көріп, Нұрəлі қаймыққандай еді. Табалдырықтан бір ғана аяғымен аттап, бері қарай онша шықпай тұр. Бір қолымен босағадан ұстап алған.
- Ана итіңе жібер деп, қағаз жазып бер!
- Түс деймін аттан құриын демесең!
- Мə əкеңнің!.,
Қолымдағы оңтайлап ұстап алған таяқпен аямастан періп келіп қалдым. Жалтыр шекені тура көздеп үрдым. Оған деген талайдан бергі ыза-кегімнің бұрқ етіп жарылған жері осы еді.
Нұрəлі жасқанып, шегініп қалды, Таяқ есік пен шекеге қабаттаса шақ етіп қатты тиді. Сол жақ қабақтың үстінен бұрқ ете қалған қан көрдім. Нұрəлінің бақ еткен дауысы қоса шығып кетті.
Үйде жəне біреулер отыр екен.
- Өлтірді!
- Ойбай, өлтірді!
— Аттан! Аттан! — десіп шуласып жатты. Əйел дауысы, еркек дауысы аралас. Жарықшақ қырыл дауыс қамыт аяқ Қыбырай шалдың дауысы екенін таныдым. Аттың басын бұрып ап төмен өзім келген кеңсе жаққа қарай шаба жөнелдім.
27
Тағы да аты суық, түсі суық КПЗ түрғынымын. Жасым жиырмадан аспай жатып, бұл менің осы босағаны екінші рет аттауым. Оу өмірдегі мен арман еткен жол, тіпті де, бұл емес еді ғой! Басқа еді ғой. Тасбауыр қатал тағдыр адастырып, қайда əкетіп барады осы мені?
Кемем алға қарай жүзудің орнына артқа жүзіп бара жатқан жоқ па? Күнім көкке көтерілудің орнына, мезгілсіз құлдилап, батып бара жатқан жоқ па? Оу, осы мен омақасып неге сүріне берем? Аяғымды алып жүре алмайтын өзім кінəлімін бе? Жоқ əлде тағдыр бешенеме бекітіп жазып қойған, ұқыр-шұқырға толы бұралаң өмір жолы кінəлі ме?
Даңғыраған түзу жолға шығатын күнім бола ма менің де, болмай ма?
***
Сібірдегі, бөтен ел, бөтен жердегі КПЗ-ның қасында мұнда өз үйім тəрізді. Қамалып отырғандардың бəрі дерлік мен танитын жергілікті адамдар. Бəрі дерлік қазақтар. Колхозшылар. Біреуі бір қап бидай ұрлаған. Біреуі бір шана шөп ұрлаған. Енді бірі колхоздың семіз сиырының орнына арық тана қосып, семіз сиырды жымқырып, сойып алған.
Қысқасы, қай-қайсының да дұрысырақ жан баққысы келген.
Соғыс уақтының заң-тəртібі қатал. Ол кімге де болса, мен айтқандай жүріп-түр, бəріне көн, белбеуді мейлінше қатты тартып буын дейді. Көнбесе, көзін жылтыратып қамап қояды. Сосын, мылтық ұстауға жараса, соғысқа айдайды.
КПЗ — кешжатып, ерте тұрып, демалыс дегенді білмей, жұмыстан қажып жүрген колхозшыларға біраз күн тынығып, қанбай жүрген ұйқыны қандырып алу үшін таптырмайтын орын. Олар алғашқы кезде бірнеше күн бас алмай, тек пырылдап ұйықтағанды біледі. Тамақ ішуге қиналып, əзер тұрады. Сосын ұйқы біртіндеп азаяды, енді зерігу басталады. Зеріккен адам əңгімешіге айналады. Жайшылықта томаға тұйық жандар мұнда шегінің қырындысына дейін ақтарады.
Мың бір түн əңгімесіндей таусылмас, не қилы қызық əңгімелер естігіңіз келсе, КПЗ-ға түсіңіз.
Ұйқым қансын десеңіз КПЗ-ға түсіңіз.
Жо-жоқ, КПЗ-да əн айтып, домбыра тартуға болмайды. Домбыраны мұнда кіргізбейді. Шаршағанша тартып-тартып, сосын нервіңіз шыдамай кеткен кезде, қасыңыздағы көзін алайта қараған біреуді домбырамен қақ бастан салып қалмасыңызға кім кепіл?
«Үлгілі» колхозынан Хасен дейтін қамалып отыр. Арба айдап жүріп, астық ұрлаған. Хасен қазақтың жұртқа мəлім күйлерінің бəрін зеріккен кезде аузымен тартады. Малдас құрып, бағжиып отырып алады да, тілін аузының ішінде мың құбылтып ойнатып, кəдімгі тамылжыған əсем күй етіп шығарады. Əрі сүйсініп, əрі ғажап қалып тыңдайтын едік.
Билеуге жəне болмайды КПЗ-ның ішінде. Ал бірақ, бойдың құрыс-тырысын жазу үшін, оқта-
текте, қасыңдағы өзің жек көретін біреулермен шарт-шұрт жұдырықтасып алуға болады.
Тергеуі жуықмаңда бітпей, сарғайтып ұзақ отырып қалғандар шетінен сіркесі су көтермес ызақор, шыжбаң. Болмашы бірдеңеден бірі мен бірі егесіп, ілмелесіп, сүйекке таласқан иттей, аяқ астынан, апыр-топыр болады да қалады. Сырттан күзетші кеп араласпаса, камерадағылар оларды арашалай қоймайды. Зерігуден іштері кеуіп отырған жандарға тегін концерттің, қайта бітпей, созыла түскені қызық. Мұрын бұзылып шеке көгергеннен ешкім де өле қоймайды.
Қамалған яғни, басына күн туған адам, сырттағы үй ішіне де, ағайын туысқанға да қадірлі болады. Олар дəмді деген тамақтарын өздері жемей, ауыздарынан жырып, КПЗ-ға тасиды, КПЗ-ның өз асы тағы бар. Сонымен Сібірдегідей емес, қарын мұнда тоқ.
***
Тергеушім Қазбек дейтін бет-жүзінен ешқандай сезім белгісі аңғарылмайтын, сазарған сұп-сұр біреу. Бұрын осында аудандық магазинде сатушы болатын. Милицияға содан ауысып келген.
Алдымда өзім тəрізді адам отыр-ау деп Қазбек ешойламайды. Адам боп, бір мезгіл езу тартып күлгенді, жадырағанды білмейді. Ол тек өзіне тексеруге тапсырылған қылмыс істі біледі. Заңның соған тура келетін, кітапта тасқа басып жазылған статьясын біледі. Бірін біріне сəйкестіріп, сықпыртып жазғанды біледі,
- Сөйтіп, ұрғаныңды мойындайсың ғой?
- Мойындаймын, ұрғаным рас.
- Немен ұрдың?
- Таяқпен.
- Ағаштаяқ қой?
- Таяқ ағашболмағанда, — деймін мен күліп.
- Осының, сенің ұрғаныңның нəтижесінде зəбірленушінің басы ауыр жарақаттануы мүмкін екенін алдын ала ойлап, білдің ғой?
- Мен ештеңені де ойлап жатқан жоқпын. Қаныма əбден қарайып, ашулы едім.
- Тоқта, сен қан-панды қоя тұр. Егер таяқ есікке кабаттасып, қаға тимегенде, зəбірленушінің басы ауыр жарақаттануы мүмкін екенін алдын ала ойлап, білдің ғой? Маған соны айт?
- Ал, білді десеңіз, білдім. Күн болса, кешкіріп барады. Ат та, арба да колхоздікі.
- Тоқта... Ат-арбаны сен қоя тұр. Бұл арада оның түкке де керегі жоқ. Тергеуімнің түрі міне осы. «Қол қой» дейді. Қоям.
Шашын тікірейтіп, ежик етіп қырыққан, көздері өлген малдың көзіндей жылбысқы су көз Қазбек түннің пəлен уақытына дейін менен жауап алып отырып, бір ауыз да бөгде сөз
сөйлемейді. Қалқам, сенің мұнша ашынуыңда, қылмыс жасауыңа шынайы себеп қандай деп сұрамайды, Бір ауыз əзіл қалжың айтып, не мені сергітпейді, не өзі сергімейді. Құдай оны о бастан жазалаушы етіп, мені жазаланушы етіп жаратып, бетпе-бет аңдыстырып қойғандай.
Адам емес, робот еді Қазбек. Милиция формасын киген, тек сұрақ қойғанды, жазып алғанды білетін робот.
Тергеуім қашаннан да əуре-сарсаңсыз тез бітетін əдеті. Бұл жолы да солай болды. Айыптау қорытындым қолыма тиді. Қылмысымның заң тіліндегі атануы «біреудің дене мүшесін алдын ала ойлап, əдейі қастандықпен ауыр жарақаттау».
Қамалып отырғандардың ішінде бүкіл заң-кодексті судыратып жатқа соғатындар бар. «Бұл үшін екі жылдан сегіз жылға дейін бас бостандық еркінен айыру жазасы беріледі» дейді олар.
Екі жылдан сегіз жылға дейін!
Ең азы екі жыл. Маған осының өзі-ақ жарық дүниенің бетіне енді қайтып шықпайтын тұңғиық болып көрінеді. ФЗО-дан қашамын деп, Сібірде бір жыл отырғанда қандай болдым? Ауылға құр сүлдерімді сүйретіп əрең тірі жетпедім бе?
Екі жыл ол ұшы-қиырсыз мəңгілік.
Ісімде дəрігердің анықтамасы тігілген екен. Онда Нұрəлінің шеке сүйегі шытынаған, миы шайқалған депті. Бала кезде күнде төбелесіп, шекені жарып келетін едік. Сонда ми шайқалмақ түгіл, түк те болмайтын еді. Киіз күйгізіп басып, қанын тыятынбыз да оп-оңай жазып алатынбыз. Нұрəлінің бас сүйегі оп-оңай шытынайтын əйнек болғаны ма? Миы оп-оңай шайқалатын торсыққа құйған айран тəрізді болғаны ма? Əй, қайдам? Шүбəлімін. Менің көзімді жою үшін Нұрəлі бəрін де əдейі солай істеткізуі əбден мүмкін. Оның оған айласы да, құдіреті де жетеді.Басқа түскен масқарашылықтың адам қандайына да көнеді.
Арбамен өз ауылыма сотқа алып келді. Арба соңында салт атқа мініп күзеткен милиционер. Олай-былай еркіме жібермейді. Қасыма ауыл адамдарын онша жақын жолатпайды. Байқаңдар, бұл жұрт қатарлы біреу емес, қылмыскер, қауіпті жан дейтін секілді. Туған-туысқанның бетіне қылмыскер боп қараудан жүзім күйеді. Шешем, жеңгем осында. Қаратоғанға көшу оларға бұйырмаған. Тағдырым былай болған соң, қалай көшеді? Менсіз онда не бітіреді?
Сот мəжілісі басталғанға дейін ауыл советтің кеңсесіне қамап қойды. Бала-шаға қызықтап, терезеден сығалап, маза таптырмайды.
Сот мəжілісі колхоз кеңсесінде өтпекші. Адам көп жиналған. Шағын кеңсеге сыймайды. Көпшілік жұрт маған бүйректері бұрып, жандары ашып қарайтын тəрізді. Бірақ кібіртік, жасқаншақ болып қалған халық Нұрəліден қорқып, пікірлерін ашық айта алмайды.
Тек көздер ғана сөйлейді: Еркін, жарайсың! Жігіт екенсің. Нұрəлі жауыздың басын жарып, өшімізді бір алып бердің. Жұрт айта жүретіндей іс істедің!
Сот процесі басталды. Зақым шегуші ретінде Нұрəлі шақырылды. Ол қазір баяғы бет-аузы тарамыс, қарабайыр Нұрəлі емес. Бордақы болған шошқадай сыздап, əбден қатты семірген.
Аяғына аяғы жуыспай талтақтап, ырс-ырс етіп басады. Салмағынан едендегі тақтай майысады. Шекесіне ағарған дəке жапсырып алған. Сірə, таяқтың тиген жері сол болуға керек. Əлі жазылмағаны ма? Жоқ əлде, жазылса да əдейі істеп отыр ма? Залымнан бəрін күтуге болады.
Процесс адвокатсыз өтіп жатыр. Адвокат алған жоқпын. Алып неғылам? Оған бірдеңе төлеуім керек. Немді төлемекпін? Адвокат айтқан сөзді өзім де айта алатын тəріздімін.
Секиген əйел адвокат ауданнан бізге ере шыққан еді. Мұнда келген соң, не қылмыскер өзі, не оның туған-туысқандары өйте гөр, бүйте гөр деп, аяғына оралып, жалынбады. Оңай олжа боларлық ештеңенің қарасы көзіне көрінбеді. Сосын ол процеске қатыспай, өз бетімен тайып түрды.
Куəлер Қыбырай шал, Нұрəлінің əйелі...
Үкім жарияланды. Аяусыз қатаң үкім — үшжылға бас еркінен айырылсын!
Желке тұсымда таяу отырған қалың топтың арасынан шешемнің боздап, жылап жіберген үні естілді.
***
Тағы да КПЗ, үйреніп қалған жылы орын. Əлдеқайда жолаушылап, өз үйіне қайта оралған жандаймын. «Не болды?», «Қалайбітті?» деп қасымдағылар бассап сұрап жатыр «Үшжыл!» «Көп!» «Көп берген» десіп жатыр. Нұрəлі емес, басқа біреуді дəл осылай жарақаттасам, үшжыл бермейтіні анық.
Күтудемін енді. Бүгін ертең басқа да сотталғандармен қосып, қалаға жөнелтеді. Сот кесілген адамды мұнда масыл етіп, ұзақ ұстамайды.
Одан əрі еңбек түзеу лагері. Бұның бəрі мен үшін өзім жүріп өткен таныс баспалдақтар. Ойлап кетсем, жүрегім зырқ ете қалатын, азабы, соры көп, досың түгіл, қасыңа тілемейтін қиын баспалдақтар.
Өкінемін, əрине. Мен тəрізді жеңілтек, қызба жанның ақылы артынан кіріп жатады. Өкініші көп болады. Неге ұрдым? Ұрғанымнан не таптым? Үшжыл, ол қашан бітеді?
Үшжылды тірі өткеріп, оралам ба?
Жарайды, оралдым дейін. Сосын кіммін? Жұрт қатарына қайта қосылып кете алам ба? Аңсаған құшақ-құшақ армандарымның, тым құрыса, шет жағасына жете алам ба?
Əй, осымен біткен шығармын енді мен.
Тұңғиық түпсіз сары уайымға өзімді өзім тастап келіп жіберем. Басымды қанша қатырып ойлағанмен басқа жол таба алмаймын.
28
Түн. Шырт ұйқыда жатқанбыз. Біреу КПЗ-ның есігін өрт шыққандай қатты-қатты тарсылдатып қағады. Шошып ояндық.
- Өй, тұрыңдар! Тұрыңдар-ей! Сүйінші! Соғыс бітті! Дауыс күзетші милиционердікі. Ол өзінің поста тұрғанын ұмытқан. Құлағына жаңа келіп жеткен қуанышты хабарды ішіне сиғыза алмай, бізді оятқан.
Камераның іші құйын кіріп кеткендей астаң-кестең болды. Соғыс өксіткен, соғыс титығына жетпеген жан жоқ шығар-ақ!
- Рас па? Ей, айналайын, рас айтасың ба?
- Рас. Əлгінде радиомен хабарлады.
Шам жанды. Таң атқанша ешкімде ұйқы болған жоқ. Таңертең қораға сейілдеуге шыққанда қарасақ, Қара-саздың көшесі у-шу. Халық қуанышты. Мейрам. Бір ғана күнде бұрқ ете қалған, алдын ала ешқандай əзірлік жасал-маған тосын да, еркін мейрам. Біреуді біреу қуанғаннан түйгіштеп жүр, сүйіп жүр, жылап жүр. Атқа мініп, соғыс біткенін жариялап, құйғытып, шауып жүрген жігіттер. Лағнет келгір, бұл соғыстың да бітетін күні бар екен-ау!
***
Тағы біраз күн өтіп кетті. Неге екенін, бізді қалаға түрмеге жөнелту кешіктіріле берді.
Бір күні камераға соңына бірнеше адам ертіп, милиция бастығының өзі кіріп келе жатыр. Бұл сирек болатын оқиға. Бəріміз орнымыздан дүркіреп тұрып, қарсы алдық. Милиция бастығының өңі əдеттен тыс жылы. Сендер не білесіңдер дегендей ішінен күлімсіреп тұрғандай,
- Сүйінші! Сүйінші беріңдер! Мен сендерге қуанышты хабар əкелдім.
- Алайналайын! Немізді алсаң, ал!
- ССРО Жоғары Советінің Указы шықты. Сотталған адамдардың бəріне дерлік кешірім болатын болды.
- Ура!
- Ура!
Камераның іші той болып жатқандай у-шу, опыр-топыр.
Мынау мелшиген қатал да, суық қабырғалар мұншама қуанышты дауысты, сірə, өмірі естімеген шығар.Указ басылған газетті өз көзімізбен оқып көрмей, көңіл біртүрлі сенбейтін де тəрізді.Міне, газет те келіп жетті. Жақсылықтың жаршысын дүниедегі ең қымбат, ең асыл жақынымыздай бассалыстық. Біреу оқып, басқамыз сілтідей тынып, тыңдаудамыз. Үшжылға
дейін сотталғандар мүлдем босатылады дейді газет сөзі.
Басқасы маған қажет емес. Менікі үшжыл! Ой, қандай бақытты едім!
Соттың үшжылдан артық бермей, тура үшжыл бергені қандай жақсы болған!
Жоқ, тағдыр мені ешқашан аямайды дегенім асылық айтылған сөз екен. Дəл осы жолы аяп, оң көзімен қарады. Болашағым, əлі жүзеге асып үлгермеген армандарым бар екенін ескеріп, мейірбандық жасады. Тілмен айтып жет-кізгісіз қуанышын төбемнен салаң еткізіп, тастай салды.
О, тағдыр, бұныңа ризамын. Мың да бір рахмет! Бұдан былай мен сені қырсық тағдыр, қатал тағдыр деп, сірə айталмаспын.
Даңқты Қызыл Армия, мың жаса! Фашист айдаһарды жеңіп, мылжа-мылжа еткен сенсің ғой. Сенің жеңісің болмаса, бізге кешірім де болмас еді. Жақсылық төбемізден салаң ете қалмас еді.
Мың жаса Совет өкіметі! Өз өкіметім! Кедей-кепшіктің өкіметі! Осының бəрі сенің арқаң. Ұлыңның азын-аулақ қиғашбасқан қадамдары болса, кешір! Кешіре гөр! Су түбіне мəңгілік кеттім-ақ қой деп едім. Сен мені аядың. Жарық дүниенің бетіне қайта алып шықтың. Осы үшін де мен саған мəңгілік борыштармын.
Қалам қайда? Қағаз қайда? Оу, əкеліңдер! Өлең жазам.
Ура!
Ура!
Енді тура
Босанамын осыдан. Право алам, Үйге барам, Тең-құрбыма қосылам!
29
Өшіп қалған үмітім қайта жанды, өліп қалған арманым қайта тірілді. Енді менде бір ғана ой, бір ғана мақсат, ол — кету Алматыға. ҚазПИ мен ҚазМУ-дің біріне оқуға түсу. Сөйтіп, адам болу. Сонау сəби кезден бүйрегімнің бұрышында ең бір асылымдай ардақтап, сақтап келе жатқан ақын, жазушы болсам дейтін көкейтесті арманым бар емес пе? Соның соңына біржолата бел шешіп түсер кезім енді нақ келген секілді. Өзімді өзім қайрап, жыр шертемін:
Талпынасың талабым,
Қанатыңды қомдайсың,
Ұшып барып, даланың
Неге үстіне қонбайсың?
Қалаға ұшып бару үшін маған ең бірінші қажет нəрсе оныншы бітірді деген аттестат. Ол менде атымен жоқ. Оныншы түгіл тоғызыншыны бітірмесем, қайдан болады?
Қарасаз орта мектебінің директоры бір кезде өзіме тарихтан сабақ берген Мақсұт дейтін жақсы адам. Бір күні көшеде сол кездесіп қалды. Хал сұрады. Алматыға оқуға кетейін десем, аттестат таба алмай жүрмін дедім.
- Мен саған аттестат бере алмаймын, — деді Мақсұт, — қажет десең, тоғызыншы бітірді деп, куəліктің көшірмесін жазып берейін.
- Ағай, сөйтіңізші.
Өйткені, тоғызыншы бітірген де жерде қалмайды. Екі жылдық мұғалімдер институтына түсуіне əбден болады.
Августың ыстық күндерінің бірінде бір қап ұн, бір қойдың кепкен етін арқалап, аңсаған Алматыға да жеттім-ау! Кел, келе ғой дейтін, емеуіріні елжіреп, өзіне шақыратын менің мұнда ешқандай жақыным да, танысым да жоқ. Ешкімді білмеймін. Оқуға түссем, өлмеспін деген тəуекелмен ғана келіп отырмын.
Шофер Талғар көшесінде бір үйге тоқтаған, үй иесі Қарақыз дейтін аяғын сылтып басатын жасамыс əйел. Қашан институтқа түсіп, жатақханадан орын алып жайғасқанша осында тұруға əлгімен оп-оңай келістім.
Менен басқа бұл үйде жəне бір ақсақ еркек тұрады. Қарақызға қарағанда жастау, соғыс мүгедегі. Бір қолына таяқ ұстап, бір қолтығына балдақ сүйеніп жүреді.
Ақсақ та, Қарақыз да ешжерде жүмыс істемейді. Ұзақ күнге көкбазарды торуылдап, алыпсатарлық жасап жандарын солай бағады. Ақсақ кейде екі-үшкүн жоғалып кетіп, қайта табылады. Семіз-семіз тірі қойлар алып келеді. Сойып, етін базарда қасап жасап сатады, бас-сирақ, шек-қарны өзімізге бұйырады.Көршілердің кейбірі ақсақты Қарақыздың күйеуі дейді.
Кейбірі пəтершісі дейді. Осының екеуі де дұрыс па деп ойлаймын.Тапқан ақшаларын бұл екеуі, негізінен, араққа, сосын, тамаққа жұмсайтын еді. Балалары жоқ. Екі жылдық мұғалімдер институты ҚазПИ-мен бірге. Оқу іздеп келгендердің көпшілігі армиядан босаған жастары марқайған, соқтауылдай-соқтауылдай жігіттер. Оныншы бітіре сап келгендер ол кезде аз. Мен документтерімді тарих-филология факультетіне тапсырдым. Екі ме, үшпе пəннен емтихан тапсырасың деді.
Мен бұған кəдімгідей жүрексіндім. Қолыма кітап ұстамағалы бірталай жыл. Шынымды айтсам, қарайып қалған едім.
Жүрексінуім бекер болып шықты. Емтиханның емтихан деген тек аты екен. Ал заты... Оны оқушы өзі атасын.
ССРО тарихынан емтихан тапсырмақ болып кірдім. Мұғалім жалғыз. Үстімдегі əскери киімдеріме қарап:
- Армияда болдың ба?
- Болдым.
- Қай жерлерде болдың?
- Осы Алматыда, Тастақта.
Тақтаның бетінде ССРО-ның əкімшілік картасы ілулі тұр. Соны нұсқап:
— Көрсет Алматыны.
Алматыны көрсетпей қара басып па?
— Тастақ Алматының қай жағында?
— Батысында.
Болды, бітті. Емтихан тапсыратын қағазыма «үш» деген баға қойып берді.
«Үшке» көңілім толмағандай түр көрсетіп едім. «Қабылданасың, бара бер» деп қолды бір-ақ сілтеді.
Басқа пəндерден емтихан тапсыруым да осы тақылеттес.
Жұртттың бəрі дерлік «үшке» тапсырып, бəрі дерлік қабылданып жатыр. Соғыс жаңа біткен. Оқуға түсем деушілер аз. Оқу бөліміндегі əйел емтихан листогімді қабылдап алып жатып:
— Ауылдарыңнан қалаға оқу іздеп келген тағы да балалар болса, ертіп əкел, — деді.
Оның бұл тапсырмасын мен жігітше орындадым.
Көк базарға күніне бір соғатын əдетім. Өйткені азық-түлік карточкасы əлі жойылмаған.
Тамақтан өтетіннің бəрі тек көк базарда ғана еркін сатылады. Ұйғыр əйелдері сүт қосылған ыстық шай, тандырдың көздей кішкене тоқаштарын, ыстық манты сатып тұрады. Түсте бір мезгіл сол арадан əлденем де, Қарақыздың үйіне, негізінен кешке түнеу үшін барам. Көк базарсыз қалада ешкімнің де күні жоқ.
Сөйтіп, көк базарға келсем, біздің ауданның бір топ баласы кездесіп қалды. Шұрқырасып көрісіп, жөн сұрасып жатырмыз. Бəрі де оқу іздеп келген, менен гөрі жас балалар. Жетінші, сегізінші бітіргендер. Сауда техникумына түсеміз деп келіпті. Документтерін əлі тапсырмапты.
— Техникумды қойыңдар. Онда да мен түскен екі жылдық мүғалімдер институтына түсіңдер, — дедім,
— Ойбай-ау, институтқа бізді ала ма? Алса, түсер едік қой.
— Алғанда қандай. Кім болса, соны алып жатыр.
Білім туралы куəлікте жетінші, сегізінші бітірді деген сөздер рим цифрымен жазыла салған. Оны тоғыз етіп өзгерту қолының ебі бар жанға онша қиынға түспейді. Ал куəлікте жоқ пəндерді тура сол түстес сиямен қосып жаза салу ол тіптен де оңай. Əлгі арада, базардың қақ ортасында
тұрып-ақ, бұның бəрін рет-ретіне келтірдік.
Соңымнан бір топ баланы шұбыртып ертіп, институтқа келдім. Оқу бөліміндегі əйелге:
— Міне, айтқаныңызды орындадым, мына балаларды ертіп келдім, — дедім.
Оқуға əлгілердің бəрі қабылданды.
30
Иə, студент болу ол кезде оңай еді, ал шындап оқу қиын еді. Өйткені жағдай ауыр. Жатақхана берген жоқ. Институттың жатақханасына соғыс кезінде əскери заводтың жүмысшылары кірген. Олар енді босатуы керек. Бірақ босата алмай жатыр. Ол үшін оларға үй берілуі керек. Үй жоқ. Семьялы жандарды ешкім де көшеге сүйреп тастай алмайтыны белгілі. Бұл бір қиыншылық. Екінші қиыншылық, карточка системасы əлі жойылмаған. Нан да, басқа азық-түлік те өлшеніп, карточкамен беріледі. Киім-кешек, кір жуатын, қол жуатын сабынға дейін солай. Институт асханасында жүгерінің сұйқылтым дəмсіз көжесі мен дəмсіз ботқасынан өзге ештеңе еркін сатылмайды.
Уақыт өтіп жатыр. Əне-міне деп уəде еткен жатахананың əлі қарасы да көрінбейді. Əлі сол Қарақыздың үйіндемін. Күлшелі бала сүйменді. Бір қап ұн, бір қойдың етін арқалап келген əуелгі кезде Қарақыз маған басқаша қарайтын еді. Енді ол таусылған соң басқаша қарайтын болады. Түстен кейін оқимын. Лекция əбден ел орынға отыра кешбітеді. Қараңғыда есік қағып тұрған мен екенімді білседағы Қарақыз жекіріп:
— Бұл кім өзі?! — деп сұрап алып ашады.
— Сүмпиіп, тағы келіп тұрсың ба? Сен осы біздің үйден қашан кетіп тынасың?
— Апай, бұл мен ғой, — деймін жалынған жұмсақ дауыспен. Ашыңыз, аша көріңіз. Өзге қонатын жерім болмаған соң амалсыз келіп тұрмын деп жалынғандай болам. Ауылдан артымнан дорба-дорба ет, май келіп жатса Қарақыз, əрине, бүйтпес еді.
Ақсақ еркек күнде кешке қарай мас. Бір кісілік бөлек керуетте ол бұл кезде киімін де шешпестен пырылдап, арақ сасып, ұйықтап жатады. Стол үстінде ішімдіктен босаған бөтелке, бірнеше тал пияз, қара нанның қиқымы. Менің жүрегім сазып, тамақ ішкім келеді. Қарнымда күшік қыңсылаған тəрізденеді.
31
Жағдайым ауыр екенін айтып, деканның қыр соңынан қалмай жүріп, ақыры, жатақханаға да қолым жетті-ау.
Институтқа кірген жерде дəліздегі тура есік актовый зал. Сол енді, уақытша, студенттер жататын жатақханаға айналдырылған. Аралас жатақхана.
Аралас болатын себебі: актовый залдың жоғарғы сахна жақ бөлігінде қыздар да, төменде ер балалар. Екі араны тек сарғышшымылдық қана бөліп тұр.
Сахнаның сырт жағында институт ауласына шығатын кішкене бөлек есік бар. Қыздар өз «бөлмелеріне» сол арқылы кіріп шығады. Ер балалардың үстін басып, зал арқылы да өтулеріне болады. Қысқасы, айнала түгел есік.
Ал біз, ер балалар, төмендеміз. Қатар-қатар орындықтар тұрған кең залда енді сиғанынша, бір кезде біреуіне біреуі тақалып, бір кісілік темір кереуеттер қойылған. Жатақхана емес, казарма. Яки вокзалдың күту залы дерсіз. Əсіресе, кешке қарай мұндағы өмір өзінің бар бояуымен жанданады. Біреулер ашық-шашық тырайып, ұйықтап жатса, біреулер тамақ жеп, енді біреулер карта ойнап, кітап оқып отырады. Біреу кіріп, біреу шығып, араның ұясындай гу-гу, ызың түн ортасына дейін бір басылмайды. Қыздар бізден гөрі азырақ, тəртіптірек. Сағат түнгі он бірден кейін жым болады. Бізден шуламауды, ұйқы беруді талап етеді. Шымылдықтың ар жақ, бер жағынан сөйлеген сөздер бір бірімізге естіліп тұрады. Ар жақтан біреу түшкіріп қалса, бер жақ жəрекім алла айтады. Карпенко комендант орнатқан қатаң тəртіп бойынша ер балаларға шымылдықтан ары өтуге, яғни, шекара бұзуға болмайды. Ал əзіл-қалжыңға жол бос.
Шымылдықтың ар жағынан қыздардың киініп-шешінгені, таранғаны, жүрген-тұрғаны бізге көлеңке боп, көрініп түрады.
— Əсия, таранып, қайда барғалы жатырсың? Мені ала кет, — деп дауыстаймыз.
Жəне бір қыз киім өтектеп жатады. Ол пісте мұрын, бұйра шашШолпан.
— Шолпан, көп жасағыр, менің жейдемді де өтектеп бере қойшы, — дейміз.
Шолпан көңілшек:
— Əкел, — дейді.
Бүкіл кешбойына шымылдықтың ар жақ, бер жағынан өстіп, айқайлап, сөйлесумен боламыз. Шекара да бұзылмайды, қыздармен қарым-қатынас та жүріп жатады.
Жарық ол кезде берекесіз. Кейде кешқұрым аяқ астынан жалп етіп, сөнеді де қалады. Жоғарыда қыздар, төменде біз у-шу боламыз. Бірімізден біріміз сіріңке, май шам сұраған боп, қараңғыда миласып, араласып кетеміз. Шымылдық шекара бұндайда, амалсыз, бұзылады. Қараңғыда қарманып, өз төсегім екен деп, басқа төсекке қойып кетушілер табылады...
Дегенмен, əлдекімнің үйінде кірме боп қысылғаннан мүнда жүз есе көңілді еді. Ешқайда сандалып барып жатудың қажеті жоқ. Сабақ оқитын аудиториялар қасымызда. Оқу залы, кітапхана қасымызда. Көңілді алаң етіп тұратын қыздар, олар да қасымызда.
***
Зар боп жүріп, қолыма əрең жеткен жатақханадан да, оқудан да қуыла жаздадым. Дəл бұл жолы тағдыр кінəлі деп айта алмаймын. Тікелей өзім кінəлі едім. Өзімнің тынышжүре алмайтын мынау оңбаған жеңілтек мінезім кінəлі.
Менімен бірге Іргешдейтін студент оқиды. Тоғызыншыны осы биыл бітірген, əлі ештеңе көріп, ысылмаған жуас ауыл баласы. Дəл мұндай ұйқышыл жан дүниеде сирек шығар. Сағат кешкі он болмастан Іргештөсегінде пыр-пыр ұйықтайды да жатады. Ұйқысы тастай қатты. Басына тепкілесең, жуық маңда оянбайды.
Іргеште жасынан дағды болған бір жаман əдет бар. Ұйықтаған кезде үстіндегі лыпасын түгел шешіп, енеден тумаған тыр жалаңашқалпында ұйықтайды.
Үй жылы. Көп адам тұрғандықтан кейде, тіпті, қапырық. Іргешұйқылы көзбен үстіндегі жамылғы атаулыны теуіп, ашып тастайтын кездері жиі болады. Сол кезде оның құдай жаратқан дене мүшесінен жарқырап көрінбеген жер қалмайды.
Іргештің осы жаман əдетін қойғызбақ боп балалар оған істемегенді істеуші еді. Жалаңаштəніне мұздай суық су шашады. Қойнына шошытпақ боп, мысық та салады. Іргешбірақ одан түзелмейді.
- Сен неге ішкиіміңді киіп жатып ұйықтамайсың? — дейміз Іргешке.
- Əдеттеніп кетіппін. Тырдай болып жатпасам, ұйықтай алмаймын.
Іргештруси да кимейтін еді. Оның ішкиімі ұзын балақ дамбал.
***
Бір күні кешқүрым сырттан келсем, жатақхананың іші қараңғы екен. Ешкім жоқ тəрізді. Шамды жарқ еткізіп, жағып жіберіп қарасам, Іргешжалғыз өзі пырылдап, ұйықтап жатыр. Көрпені аяқжағына ысырып, теуіп тастаған. Тыр жалаңаш. Қап, бұған не істесем екен деп ойлап тұрмын. Сол кезде сырттан жəне бір бала кіріп келді. Филфактың орыс бөлімшесінде оқитын қушыкеш Əбен еді.
— Əбен, — дедім, — қызық болсын. Мынаны төсек-мөсгімен көтеріп, қыздардың ортасына алып барып қойсақ қайтеді? (Қыздар жататын сахна жақ ол да қараңғы. Яғни, онда да ешкім жоқ болуға керек). Əбен келіспек түгіл, қуанып кетті. Бір кісілік жеп-жеңіл кереуеттің біріміз басынан, біріміз аяғынан тік көтеріп, алдық та жөнелдік. Сахнаға көтерілетін басқышпен жоғарыға алып шықтық.
Іргештүк те сезбейді. Басы олай-былай ауытқыса, ыңыранып қайтадан түзеліңкіреп қояды. Сірə, жер сілкініп жатыр деп ойлайтын болса керек.
Мынау міне, қыздардың төсектері. Орта тұсы бос. Іргешті кереуетімен сол араға оқшауырақ етіп
қойып қойдық. Аяқ жағындағы ұмар-жұмар болған жамылғысын алдық та, тайып тұрдық. Не болар екен?
Бір айналып, қайтып келсек, актовый залдың іші өрт шыққандай у да шу, бірсыпыра адам жиналып қалған. Қыздардың шаңқылдаған дауыстары. Біз, Əбен екеуміз, түк білмеген боп: не, не боп қалды дейміз. Болған оқиға мы-нау: бір топ қыз улап-шулап кинодан келеді. Шамды жарқ еткізіп, жағып жібергенде, қалың төсектің орта түсында пайда болған жəне бір бөтен төсекті, онда тырайып үйықтап жатқан жалаңашеркек денесін көреді. Шайтан көргендей улап-шулап қоршап алады.
Сөйтсе, ұйықтап жатқан еркек дене — Іргеш.
Шу-шу еткен дауыстан Іргешəзер оянды. Əуелде не болғанын біле алмай, өңім бе, жоқ түсім бе деп жан-жағына есеңгіреп қарайды. Түсі емес, өңі. Ұялып, тəнін жабайын десе, не көрпе, не ақ жаймасы жоқ...
32
Бұл оқиғаның арты қызық болмай, шыжық бола жаздады. Қыздар дереу жатақхана комендантын ертіп келді. Ер балалар бізді масқара жасады деп акт жазады. Ол акт ертесінде институт директорына жетеді.
Иниститут директоры деканға тапсырады:
— Оны істеп жүрген кімдер тап. Тап та тиісті жазасын бер. Басқалар үшін сабақ болсын, — дейді.
Сол кеште кім қайда болғанын тəптіштеп тексергенде, сезік Əбен екеумізге түседі.
Біздің факультеттің деканы Дəулетбаев дейтін адам. Жасы қырықтар шамасында. Қазақ тілінен сабақ береді. Сылдыр сөзге су жұқпас шешен. Аудиторияға сарнап сөйлеп кіріп, сөйлеп шығады. Алғашқы кезде біз оны аузымыз аңқиып, сілекейіміз шұбырып тыңдайтын едік. Не деген шешен, ақылгөй. Болсаң, осындай бол деп ойлайтынбыз.
Жүре-бара біз Дəулетбаевтың кім екенін əбден танып білдік. Оның ешқандай мəнсіз-мағынасыз сылдыр сөзін тыңдаудан жалығатын болдық. Арзан ақыл, құр ділмəрсу. Күндіз-түні бір пластинканы ойната берген тəрізді.
Міне, мойным салбырап, сол Дəулетбаевтың алдында тұрмын. Өтірік айта алмайтын жыным бар. Кінəлі мен екенімді бір айналымға келмей, мойындадым. Енді тек ағымнан жарылып кешірім өтінудемін. Бұдан былай қой аузынан шөп алмай, тынышжүремін деп шын жүректен тебіреніп, уəдемді берем.
Бір кезде, мектепте оқып жүргенде де, осы тəрізді шулаған оқиғалар менің басымда жиі кездесетін. Есейіп, жігіт болсамдағы мені түлен неге түрте береді? Жұрт құсатып неге тыныш жүргізбейді деп ішімнен өзімді өзім сынап, күйзелудемін.
Мені əбден тыңдап болды. Енді кезек Дəуелтбаевтікі. О, ол біреуге ақыл айтқанды, өсиет оқығанды сүйеді. Шошайған сұқ саусағын менің шекеме тақап қойды:
- Мен саған айтайын, — деді Дəулетбаев, — мисызсың. Санасыздың нақ өзісің. Ақымақсың. (Ол синоним сөздерді қабаттап айтқанды сүйеді). Ақымақ болмасаң, өкімет пен партияның өзіңе жасап отырған қамқорлығын неге көр-мейсің? Неге бағаламайсың? Неге түсінбейсің?
- Түсінем, ағай, — деп қалдым.
- Өй, түсінгенің сол ма? Тыр жалаңашеркекті қалың қыздың ортасына салып қойғаның ба? Бұдан өткен бассыздық, бұдан өткен жүгенсіздік, бұдан өткен бетімен кетушілік болмайды, жолдас! Жоқ, əлде бола ма, өзің айтшы?
- Болмайды...
- Сен, мүмкін, əдейі өстіген шығарсың? Институттан əдейі қуылғың келген шығар? Институт
саған қажет емес шығар? Олай болса, бəлшейбекше ашық айт? Сені мұнда ешкім де күшпен ұстап тұрмайды. Дүниедегі ғылым, білім атаулының бəрін сен институтсыз-ақ табатын шығарсың? А?
- Жоқ, — дедім басымды одан бетер салбыратып.
- Əй, қайдам, — деді де, Дəулетбаев мені өзінше кекетіп, мұқатып, тағы да сарнап жөнелді.
- Сен өзің қайдан келдің? — деді Дəулетбаев бір кезде.
- Қарасаз ауданынан.
- Қай Қарасаз? Өзіміздің Қарасаз ба?
- Осы Алматы облысы.
- Не дейді? Не айтады? Сен менің де Қарасаздан екенімді біліп, əдейі айтып тұрған жоқсың ба?
- Жоқ, — дедім мен басымды қуанғаннан көтеріп ап.
- Өй, Қарасаздан болсаң, ендігі біздің үйге келмей, неғып жүрсің? — деді Дəулетбаев. Əңгіменің сарыны мүлдем өзгеріп кетті.
- Қарасаздың дəл өзіненбісің ?
- Тұйықтанмын.
- Білем, Тұйықты да білем. Ойбай-ау, менің өз інім екенсің ғой. Шынымды айтсам, мен сені мына қылығың үшін институттан қуып шықпақ едім. Енді қайтем? Өз қолымды өзім қалай кесем?
Əрине, кесе алмайсыз дегендей тұр таныттым. Тағы да көп-көп ақыл айтып, ең соңында:
- Жарайды, бір жолға мен саған жерлес болғандықтан кешірім жасайын, — деді Дəулетбаев. — Ал, бірақ алдағы уақытта байқа. Ойыңа не келсе, соны істейтін бұл саған ауыл іші емес, қала. Жай қала емес астана. Инстут босаға-сы. Ұқтың ғой?
33
Сол ма? Сол емес пе? Сол ма? Сол емес пе? Сол! Ғалия! Кездесу деп, міне осыны айт!
Пастер мен Карл Маркс көшесінің бұрышында нан заводы. Нан заводының асты нан магазині. Ақ нан, көбінесе, осыннан табылады. Карточкемен жарты бөлке ақ нан алып, шығып келе жатқам. Трамвайдан жаңа ғана түскен сым-батты жас келіншек маған қарсы келе жатыр. Таныс жүз, таныс көзқарас. Сол ма? Сол емес пе. Опырмай, мұндай да кездесу болады екен!
Мəре-сəре амандасып жатырмыз.
- Ғалия, қайдан жүрсің?
Ғалия бүкіл өн-бойымен күлімсіреп:
- Сен өзің қайдан жүрсің? — дейді.
- Мен бе? Мен осында оқып жүрмін.
- Қайда?
- ҚазПИ-де.
- Мен бе? Мен осында оқып жүрмін.
- Қайда?
- ЖенПИ-де. Мəссаған керек болса!
- Мен сені көрмеспін деп ойлаушы ем. Ал, бірақ көруге құштар едім.
Ғалия өте бір нəзік қиылып:
- Менде, - деді.
Баяғы мен білетін Ғалия киіктің лағындай уылжып тұрушы еді. Кəзір енді қыры түскен киімдей өңі ескіріп қапты. Күлімдесе, маңдайына ұсақ бір əжім сызықтары жиналатын бопты. Түр-түсінен, тұлғасынан шаршап та жүргендігі сезілгендей.
Сол маңда, халық аз жүретін, оңаша көшенің бірінде əрлі-берлі қыдырыстап, бірғауым əңгімелестік. Ішімде талайдан жинақталған оған деген өкпе-назым да, орны толмас өкінішім де көп екен. Соның бəрін армансыз ақтарғандай болдым.
Біз көріспегелі есептесек, екі жылдан аса уақыт өтіпті. Бүл екі жылдың ішінде талай-талай су ақты. Талай-талай жел соқты. «Ой, Ғалия-ай, күйігің сонда да басылатын емес. Ойласам, жүрегім қайнап кетеді».
- Еркін, қойшы, бəрі өтті-кетті. Енді айта бермеші, — дейді Ғалия. Тыңдау оған да жеңіл
тимейтін тəрізді.
Қыз кезінде Ғалия шашын иығына келтіре дөңгелентіп қиып қоятын. Бұрымы болмайтын. Басын оңға-солға оқыс бұрып қалғанда, желпең ете қалатын сол шашкəзір жоқ. Оның орнында білектей екі бұрым.
Иə, адам өзгереді екен.
Көңілімді түйген жайтқа қайта оралам:
- Күйеуің кім?
Ғалияның екі беті, маңдайы қызарып кетеді:
- Кім болушы еді, адам.
Менің көз алдымда бұрнағы жылы Ғалия үйінің есігінің алдында онымен ат үстінен алысып ойнайтын, шашы желп-желп еткен, үстінде солдат киімі бар талдырмашмырза жігіт. Мен анадай дөң үстінен ішім қызғаныштан қыз-қыз қайнап, қарап тұрған едім. Сібірден азып-тозып келіп жатқан бетім. Ғалияның күйеуі міне сол жексұрын болуға керек.
Бақытымды тартып алған сүмелекті жексұрын демей не дейін?
— Сенің күйеуге шыққаныңды Қаныша жеңгемнің аузынан алғашестігенде, аттан құлап қала жаздадым ғой. Ауылдан былай таман оңаша шығып алып, əке-шешем қабатынан өлгендей боздап, жылағанымды көрсең!
— Ту, Еркін, айта бермеші.
— ...Сонау Сібірден бір сен деп, азып-тозып жеткенде, танымай да қалдың-ау. Түр-түсімнен шошып, үйден атып жөнелдің. Сыртта сиыр сауып жатқан шешеңе «апа, үйге бір қайыршы бала кіріп кетті» деген сөзіңді мен киіз үйдің ішінде тұрып, анық естідім...
— Ту, Еркін, тіпті бірін де ұмытпайды екенсің!
— Бұның бəрі мен өлгенде ғана ұмыт болады.
Ғалиядан естіген жаңалықтарым: Ысқақ əлі сол Қарағандыда: Еңбек армиясынан қайтпаған. Балжан ферма бастықтығынан босаған.
Ғалия ЖенПИ-дің жатақханасында тұрады екен. Ал күйеуі мал дəрігерлік институтының жатақханасында. Екеуі екі бөлек. «Пəтер іздеп едік, ыңғайлы пəтер таба алмадық» - дейді.
Маған олардың осысы — бөлек тұрғандары ұнайды.
Бұрынғыдай емес, батылмын.
- Ғалия, мен саған енді барып тұрам.
- Қой, Еркін ұят емес пе?
- Несі ұят?
- Менің күйеуім бар екенін қыздардың бəрі біледі. Не деп келмексің?
- Танысым, жерлесім деп келем.
- Қой, ұят болады. Өйтіп бала болма. Өткендегінің бəрін де ұмыт. Сені мен біз енді тек жекжат адамдармыз.
- Көресің, бəрібір барам.
34
Көне дерт қайта қозғалды. Жараның аузы қайта тырнап ашылды. Күндіз-түні Ғалия басымнан шықпайтын болды. ЖенПИ — қаладағы атақты оқу орындарының бірі. Мен ол туралы бұған дейін де талай қызықты сөздер естігем. Бірақ өзім барып көрген емеспін. Қалада ЖенПИ-ді білмейтін, оны сөз етпейтін студент аз. Сезімтал бір жас ақынның газетте ЖенПИ туралы жазған өлеңін оқыған едім. Онда ол оны «сұлулар галереясы» деп атаған.
Галереядағы көп сұлудың бірі — Ғалия.
ЖенПИ — өзінше бөлек тəртібі бар оқу орны екенін білетін ем. Онда тек қыздар, келіншектер оқиды. Жатақханасына кім көрінгенді, əсіресе, жігіттерді кіргізбейді. Кешке қарай жатақхананың алды жігіттің базарына айналады деп еститінмін. Осындай атағы зор ЖенПИ-ге жолы түспей жүргеннің біреуі мен едім. Міне енді жүрегімнің жүр, жүр деп маза таптырмай сүйрелеуімен мен келіп тұрмын. Келме, бала болма десе де, Ғалияға келіп тұрмын. Бала емес, соқтауылдай жігіт болғандықтан келіп тұрмын.
Екі қабат сары үй — жатақхана тақтай қоршаудың ішінде. Қолында кезей ұстаған қаруы болмаса да, ақырған дауысы анау-мынау қаруға бергісіз, зор денелі əйел күзетші. Ол сені ішке кіргізбек түгіл, қақпадан қаратпайды. Сұлу іздеп келгендер жатақханаға қарай өтіп бара жатқан қыздардан қажет еткен адамдарының аты-жөнін, тұратын бөлмесін айтып, шақыртып алып жатыр.
Ана жолы менен бір қателік өткен. Ғалияның қай бөлмеде тұратынын сұрамаппын. Тек аты-жөнін, оқитын факультетін білем. Ол кəзір кімнің фамилиясында? Өз фамилиясында ма? Жоқ, күйеуінің фамилиясына көшті ме? Қақпаға онша жақын жоламай, шеткерек тұрмын. Бұрын базар базарлап көрмеген, базарға тұңғышкелген адам тəріздімін. Əуелі мұндағы жағдайды барлап, біліп алуым керек. Жаңатай адам неге де болса қорыншақ. Бұл бір.
Екінші жүрексінетін себебім: мүмкін, мына тұрғандардың ішінде Ғалияның күйеуі де бар шығар? Мен оны танымаймын. Ойламаған жерден арандап қалып жүрсем ше?
Жуан қара теректі паналап, біраз тұрдым. Осы араны тақырлап, əккі болған қулар мендей емес, батыл. Көше жақтан келе жатқан қыз қарасы көрінсе-ақ, алдын көлденеңдеп, тосып тұрады. Қарындас, бір минутке деп, жанасып, шоңайнаша жабыса кетеді. «Пəлен бөлмеден пəлен деген қызды шақырып жіберсеңіз». Шақырылған сұлу иіс майы бұрқырап, ішжақтан жасанып шығып келе жатады. Анау оны қақпаның дəл көзінде тосып ап, басқалардың алдында бақыты жанған пендеше кеудесіне нан пісіп, қолтықтап тайып отырады.
Көз байлана бастады, Мен əлі тұрмын. Не істеймін? Шақыртам ба, жоқ па? Ғалияның келме деген сөзі есімнен ол да шықпайды. Əлдекімнің əйеліне əлдекімнің сүмпиіп келіп тұруы, шынында да, əбес жағдай. Ғалияны, оның күйеуін білетін қыздар, сосын, не ойлайды? Қалың топқа жоламай, əлгі арада жападан жалғыз көп тұрдым. Қылмыс істеуге келген адам тəріздімін. Өз өзімнен абдырап, берекем қаша берді. Түк бітірмей, жатақханаға қайта қайттым.
***
Шіркін-ай, көзсіз батыр болып кететін де кездерім болады-ау менің. Ондайда ештеңеден тайсалуды білмеймін. Айтам деген сөзімді, кімге де болса, басы-көзің демей, айтып салам. Істеймін дегенімді істеймін. Жер қайысқан қалың қолға жалғыз өзім қарсы шабудан тайынбаймын.
Бүгін міне сондаймын — батырмын. Ана жолы Ғалияға барып оны шақыртып ала алмағаным үшін өзімді өзім жеп қоюға дайынмын. Не деген жасықтық! Не деген су жүректік! Мені де жігіт дейді-ау. Жігіт болмай қалайын.
Не тұр онда? Шақырып ап, сөйлескенде тұрған не бар? Күйеуі көрсе, көрсін. Ұрдым мен оны. Ғалия одан бұрын мені сүйген болатын. Мен Ғалиямен кұшақтасып, бірге де жатқам.
Əттең не керек, пайдалана алмадым. Ақымақ болдым...
Міне, ЖенПИ-дің жатақханасына тағы да келіп тұрмын. Əлі күн батпаған ерте уақыт. Менен басқа жатақхана торыған ешкім жоқ. «Базар» əлі басталмаған.
Бұндағы тəртіпті қасақана білмеген боп, қақпадан ішке кіріп бара жатырмын.
- Куда? Куда? — дейді күзетші əйел жеп отырған тамағын тастай салып, асып-сасып.
- Как куда? Туда, — деймін ауланың ішін нұсқап.
- Онда өтуге болмайды.
- Неге?
- Азамат, тəртіп солай, шығыңыз. Қажет еткен адамыңызды сыртта тұрып, шақыртып алыңыз.
Тəртібі қызық екен дегендей басымды шайқап қоям. Көше жақтан сұңқиған қара қыз келе жатыр.
- Қарындас... Сіз осында оқисыз ғой. Кешіріңіз. Маған Ғалия дейтін қыз қажет еді. Геофактың бірінші курсында оқиды.
- Ғалия? Ғалия қазір мұнда тұрмайды. Күйеуі мен екеуі пəтер жалдап, шығып кеткен.
Мелшиіп тұрдым да қалдым. Қыз менің бас-аяғыма дүдамал көзбен шола қарап алды да, өз жөніне кете барды. Бөксе деген бар-ақ. Аяқтары да түп-түзу. Толық, күшті аяқтар. Осының өзін айналдырсам ба екен? Жəне бір қыз келе жатыр. Бойы маған лайық шағын.
Е, осыны айналдырайын. Жатақханаға бостан-бос қайтпақпын ба? Алдын анадайдан бөгеп, тосып тұрдым:
- Қарындас.
Қыз қалт тоқтады.
- Сіз осында оқисыз ғой?
- Айта беріңіз?
- Сəл... қыдырып қайтпайсыз ба былай қарай?
- Рахмет.
Қыз менен қорыққандай орағыта өтіп кетіп барады.
— Қарындас! А, қарындас!
Қарындас бұрылып та қарамастан аяғын жеделдете басады.
35
Бірінші семестрдің оқуы аяқталып та қалды. Аз күнде қысқы емтихан тапсыру науқаны басталады. Емтиханды мерзімінен бұрын тапсырып, ауылға барып келсем деймін. Тек стипендиямен күн көріп оқу қиын. Ет, май, ұн тəрізді біраз азық-түлік қамдап əкеп, сүйеніш етпесем болатын емес. Бір ғана семестр оқығанда міне екі жағым суалып, көздерім бозарып, көтерем дейтіндей халге жеттім.
Ауылда біраз күн əлденіп, тамағымды тойғызып қайтсам да мен үшін үлкен олжа.
Емтиханды мерзімінен бұрын тапсыру үшін деканның рұқсаты қажет.
Дəулетбаев өтінішімді тыңдап болып:
— Сенің ауылың бай ауыл, — дейді, — қой көп. Ет көп. Қазір соғым сойып болған кез. Барасың да, қалың еттің ішіне кіресің де кетесің. Солай ма?
Мен тек көңіл үшін:
— Солай, — дедім.
Декан рұқсат етті. Ол жазып берген рұқсат қағаздарды қалтама салып алып, енді кетпек болғанда:
- Мен саған бір қызық айтайын, — деді Дəулетбаев кенет есіне бірдеңе түсіп кеткендей. Не қызық екенін білмекке мен қалт тоқтап, құлақ тостым.
- Біздің үйдегі қария бар ғой қызық адам. — Дəулетбаев өзінің дағдылы өтірік күлкісіне салып, кеңкілдеп күліп алды. — Магазиннен, базардан əкелінген етті жемейді. Маған қолдан сойған малдың етін асып беріңдер дейді. Ал қалада, өзің айтшы, ондай ет табыла бере ме?
Дəулетбаев айтқан қызықтың түрі осы еді. Мен не дерімді, мына сөзді табан астында қалай түсінерімді білмедім. Былай шығып, ойға қалдым. Декан əлгі сөзді неге айтты? Менен, сірə, бірдеңе дəметкені емес пе?
***
Жиырма күндей елде болдым. Енді қалаға қайта қайтуға машина іздеп жүрмін. Олжасыз емеспін. Ағайын-туысқанның жəрдемімен бір қойдың еті, бір қап ұн, бірер килодай тоң май дайындап алдым. Сарымай оңайлықпен табылмайды. Сарымайды Нұрəлі секілді қолы жеткендер жейді.
Нұрəліге сарымай сұрап баратын мен емеспін.
Жолаушы таситын автобус қатынымайды қалаға. Мен тəрізді киімі жұқалтаң жанға қыс көзі қырауда ашық жүк машинасының үстіне отырып сапар шегу оңай шаруа емес.
Бірақ одан басқа шара жоқ.
Кузовына толтырып қой тиеген бір машина кезікті. Қаласаң, қалың қойдың арасына отыр деді шофер. Ойланып тұратын, машинадан машина таңдайтын кез емес. Келістім. Арқамды кузовқа тіреп, астыма ет салған жəшікті қойып, отырып алдым.
Машина ызғытып келе жатады. Даланың ойқы-шойқы жабайы қара жолы. Шофер тормозды беріп келіп қалғанда, кузовтағы қалың қой үстіме опыр-топыр құлайды. Біреуіне біреуі соғылысқан, үстері шуаш, тер сасыған қойларды əлсін-əлсін кейін қарай тықсыртып, итерумен болам.
Қой ол адам емес. Түзге шыққым келді деп айтпайды. Қоюын да, сұйығын да тұрған-тұрған жерінде еркін жібереді. Түргенге жеткенше былғанып, та, қиналып та біттім. Түргенде шыдай алмай, түсіп қалдым. Қалаға дейін қалғаны, небəрі, жетпіс шақырымдай. Машина бұдан əрі жиі қатынайды. Бірдеңе етіп жетермін.
Күн кешкіріп барады. Машина жоқ. Шоферлер мұнда бір соқпай өтпес-ау деп аудандық шайхананың алдында тұрмын.
Үстіне биік етіп, текше-текше буған пішен тиеген əскери жүк машинасы келіп тоқтады. Кабинада солдат шофер мен капитан. Шайханаға тамақтануға кірді. Қалаға ала кетулерін өтініп ем:
- Шөптің үстінен құлап қалмайсың ба? — деді.
- Құламаймын.
Жолақыма деп мен төлеген ақшаға екеуі жайланып отырып тамақтанып алды.
Ол да көңілді, мен де көңілдімін. Көңілді адам басқарған машина ор қояндай зымырап келеді.
Алда үлкен құлди еңіс. Жол асфальт емес, төсеген бұжыр-бұжыр тас. Сайдың дəл табаны су жырған жыраша екен. Шофер оны алыстан байқамады ма, қайдам, машинаның жүрісін баяулатпады. Екпіндеген қалпында жырашаны соғып өтті. Жардай боп жүк тиелген ауыр кузов бір жағына теңселіп, оқыс ауып келіп кетті. Мен шөп үстінде екі аяғымды қатарынан көсіп салып отырғам. Жантая тырмысып, шөпке жабыса түскеніме қарамастан, қалпақтай ұшырды да жіберді. Ет салған қалың тақтай жəшік қолтығымның астында еді. Сенен қалмаймын, өлсем, бірге өлем деп, əуеде менімен қатар бірге ұшып келеді: Дəл астымдағы бұжыр-бұжыр тастарды көріп, қазір соған быршете қалатынымды, құритынымды ойлап үлгердім.
Бітті!
Дəл қасымнан бомба жарылғандай тарс еткен дауыс шықты. Бұл, сөйтсем, быт-шыт болған жəшік екен. Жол үстіне шашылып, жəйрап түскен мүше-мүше ет көрдім. Жəшіктің сынықтары аралас.
Өзім саумын. Аяғымды көсіп салып отырған қалпымда тікемнен тік дік ете қалғам. Қирап, мертіккеннен аманмын. Тек оң қолыммен жерді тірей құлаған екем. Қолымның білезігі ісіп, ауырып қалған. Бұл деген шыбын жанның садақасы. Аман екеніме қуаныштымын.
Машина анадай барып тоқтады. Шоферда да, капитанда да ес қалмаған. Маған қарай қалбалақтап жүгіріп келеді. Аман екенімді көріп, көңілдері жай тапқандай.
***
Институтқа кіре берісте сыртта Дəулетбаев кездесіп қалды. Мені көргенге қуанғандай қалт тоқтады:
— Оу, ауылыңа барып, келіп те қалдың ба? Қалай, ел-жұртың аман ба екен? Əке-шешең, іні-қарындастарың... сенің осы кімің бар? Мен тіпті білмейді де екем ғой... Иə, тегіс аман ба екен? Аман болса, болады... Өзің былай аздап... оңалған тəріздісің. Ел іші қазір жақсы шығар. Соғым сойған кез. Қалай, ет-майды көп əкелдің бе?
— Əкелдім...
— Дұрыс, енді оқы. Оқысаң, адам боласың. Мен саған мынадай бір қызық айтайын: ауылдағы көп жұрт оқуды азап деп түсінеді. Қалада кəпескенің көк сорпасын ішіп, көзімді көгертіп, оқу оқығаннан да, ел ішінде ет, майға тойып жүрсем, сол рақат деп қарайды. Бұл деген нағыз артта қалған, кертартпа, тоғышар адамның пікірі...
Жатақханаға келіп, жəне де ойға қалдым. Дəулетбаев менен, шынында да, бірдеңе дəметеді екен. Əйтпесе, ет туралы неге айта береді? Ет-майды көп əкелдің бе деп неге сұрайды? Əнеу күні əкесінің базар еті мен магазиннің етін жемейтінін, қолдан сойған малдың етін аңсап тұратынын ол маған тегіннен тегін айтқан жоқ. Əдейі құлақ қағыс етіп айтты.
Дəулетбаевтың үйі институтқа жақын көшенің арғы бетінде. Көне особняк үйдің жарым бөлігі. Есік алды көше жағын тақтаймен бітеу етіп қоршаған шағын аула. Күзде, біз оқуға жаңа келген кезде, сол ауланың ішінен жіп керіп, боршалап жайып қойған ет көретінбіз. Киімі жүдеу, ілмиген арық сұр шал еттің астына бықсытып түтін салып, қонған шыбындарды қуалап отыратын. Кейін білсек, ол біздің деканымыздың əкесі екен. Ет жайында маған Дəулетбаевтың тегін айта бермейтінін міне сол да растағандай.
Мен де пендемін, алдағы уақытта деканға əлі талай ісім түсетіні даусыз. Ендеше, осындай сəті келіп, ол өзі емеуірін білдіріп тұрғанда, маған бұны неге пайдаланбасқа? Дəулетбаевтың көңілін тауып, қолтығының астына неге кіріп алмасқа? Одан мен пайдадан өзге қандай зиян шегуім мүмкін деген ойға келдім.
Жатақханадан орын алуым да Дəулетбаевтың арқасы емес пе? Алдағы уақытта жатақхананың бұрынғы үйлері босай бастайды. Дəулетбаев оң көзімен қараса, алдыңғы топтың қатарында, тəуір деген бөлмелердің бірінен маған да орын тиеді.
Жəшіктегі еттен қойдың бір қол, бір санын таңдап алдым. Жолға шашылып түсіп, былғанған жерлерін əбден жақсылап тазаладым. Сосын газетке орап қолтығыма қысып алдым да, кешкі шам жаңа жанған уақытта Дəулетбаев-тың үйіне келдім.
Өкінішке орай, деканым үйде жоқ екен. Əйелі де жоқ. Ас ішетін үйде төргі бұрышта, аласа диван кереуеттің үстінде, ата-анасы жазғырып, үйге қамап кеткен кінəлі балаларға ұқсап тек
кемпір, шалы ғана монтиып отыр.
— Ағай үйде жоқ па екен?
— Жоқ, — деді екеуі қабатынан.
Жүрегім лүпілдеп, өзім де əрең кіргем. Алып келген нəрсемді бере сап, қайта қайтқанша асық едім.
— Мынау біздің ауылдың дəмі еді...
Осы сөзді міңгірлеп зорга айттым да, ораулы етті ортадағы ас ішетін үлкен столдың шетіне қоя салып, тайып тұрдым. Кемпір, шал ештеңе де айтқан жоқ. Менің бар қимылыма бағжиып қараған күйлерінде қала берді.
Сыртқа шығып, бойымды жинағаннан кейін өкінейін енді. Менің осым дұрыс болмады-ау, ə? Кемпір, шал ғой менің кім екенімді білмейді. Түстеп танымайды. Осындағы келіп-кетіп жүрген көп студенттің бірі деп қарайды. Мен пəлен деген баламын, пəлен ауылданмын деп анықтап неге айтпадым? Дəулетбаев сонда басқа емес, мен əкелгенімді білер еді. Енді қайдан біледі?
Қап, еңбегім де, етім де зая кеткендей болды-ау.
Ертесінде Дəулетбаев мені көріп, жоқ бұрынғыдан да жылы амандасты. Хал-жайымды тəптіштеп сұрап, іші бауырыма кіріп барады. Көздерімен ет əкелген сенсің ғой, білдім деп тұрғандай.
Мен де қуаныштымын. Кешегі ет апарып берген өзге емес, мен екенімді көзіммен де, бет-бейнеммен де білдіріп, сездіріп жатырмын. Кемпір, шал аты-жөнімді айтпағанымен, түр-түсімді сипаттап айтқан болар-ау. Дəулетбаев сосын бірден-ақ сезген болар.
«Ағай, кеше кеште сіздің үйге барып едім» деп айтуға да аузым бармады.
36
Біздің курста Дəулетбаевқа ең жақын деген студенттің біреуі менмін. Ол менің атымды да атамай, көбінесе, «шырақ» дейді. «Шырақ, хал қалай?» «Шырақ, ел-жұртың аман ба? » деп тұрғаны.
Институт қабырға газетінде менің «Достық» атты өлеңім жарияланған. Дəулетбаев əлгіні оқыпты. Мені көріп:
— Оу, сен ақын екенсің ғой. Молодец! Өлеңің маған ұнады, - деді.
Тағы бір күні институт пен жатақхананың екі аралығында кездесіп қалып:
— Қолың бос па сенің? — деді.
— Бос.
— Бос болса, жүр біздің үйге.
Дəулетбаев мені үйіне ертіп келді. Кабинетіне кіргізді. Екеуден екеу ғанамыз. Есікті қымтап, жауып қойды. Кітап шкафынан мектептерде болатын класс журналы тəрізді сырты қатқыл, үлкен дəптер алып:
— Мен саған өлеңдер оқып берейін, тыңдайсың ғой? - деді.
— Тыңдаймын.
Дəулетбаевтың да өлең жазатынын бұрын білмейтін ем. Баспасөз бетінен көрген емеспін. Ынтыға тыңдадым.
Ол жайлап, өзіндік мəнерге салып, оқи бастады. Шынымды айтсам, бірінші өлеңінің бірінші шумағынан-ақ ұнамады маған. Жақсы өлең, ағып тұрған ақындық талант бірден белгілі. Ал мынау болса, қара дүрсін бірдеңе. Көңіл-ге қона кетер əдеміліктен жұрдай. Ұйқастары шала-жансар. Не болса, соған арнап жазылған арзан өлеңдер.
— Мынау «Ақбайға» дейтін өлең. Осыны тыңда, — дейді Дəулетбаев. Оқымас бұрын ол өлеңнің туу тарихын баяндайды. — Ақбай дейтін менің досым. Өзі тағы құрдас. Сенің бер жағыңда Бөген ауданында тұрады. Бұрнағы жылы демалысқа барған едім. Сонда Ақбай үйіне қонаққа шақырды. Қозы соймай, лақ сойыпты. Мына өлең соған шығарылған.
Сен Ақбай, қозы соймай, лақ сойдың,
Оның өзін қиналып, жылап сойдың.
Бір жылда ауылыңа бір келемін,
Қиналсаң, ол лақты несін сойдың?
Өлең ұзақ — он шумақтай. Бір жолдасы ғылыми советте сынап сөйлесе, Дəулетбаев оған да өлең шығарған. Əйелі түскі тамаққа ет аспай, картоп қуырса, оған да өлең. Əкесі магазиннен сүт əкеле жатып, есік алдында тайып кетіп, сүтін төгіп алса, ол да өлең.
Əй, əке, аяғыңды жөндеп баспай,
Тəлтірек-тəлтірек етесің арақты ішкен мастай,
Колхоздың сен секілді кəрі шалы
Пып-пысық жып-жинақы, мəрмəр тастай.
— Осы өлеңді қарияға оқып беріп ем, жата кеп ашулансын. Содан бері магазинге сүтке бар десең, бармайды.
Дəулетбаев өлеңді өзінше Абайға еліктеп жазатын көрінеді. Бірақ онысы анау жаман, мынау жақсы, анадай болма, мынадай бол деген тəрізді жадағай құр ділмəрсу. Терең ой, терең пікір кездесе қоймайды. Бала екешбала білетін тым арзан қағидалар.
— Мынау міне сендерге, жастарға арнап жазылған өлең. Жөндеп тыңда, құлағыңа кұйып ал:
Жас адамға əуелі талап керек,
Содан кейін тырмысып оқу керек.
Халқыңа, отаныңа қызмет кыл
Құр далада қалмайсың болсаң зерек.
Əр өлеңді оқып боп, менен пікір сұрайды:
— Қалай?
Мен, əрине, мақтаймын. Жақсы өлең, терең философияға құрылған өлең деймін. Өйткені, ол мені мақтасын деп ертіп келді.
Бір кезде қасақана:
— Ағай, сіз бұл өлеңдеріңізді неге бастырмайсыз? — дедім.
Дəулетбаев бұған көтеріліп қалды.
— Шырақ, мен бұны ақын болу үшін жазып жүр ғой деймісің? Өзім үшін жазам да, тастай берем. Қажет еткен адам бір кезде тауып алып, бастыра ма, зерттей ме, өзі білер, — деп бір қойды. Яғни ол өзінің поэзиясымен тарихтан орын алуға дəнекер.
Сосын:
— Былтыр осы өлеңдерімді Сəбитке оқып беріп ем. Ой, Əлеке, сіз ақын екенсіз ғой. Мықты
ақын екенсіз деп мақтады. Өлеңдеріңізді машинкаға екі дана етіп басқызып, бізге беріңіз. Газет-журналға басқызайық, жеке кітап етіп шығарайық деді. Жарайды берейін дедім. Бірақ соңынан айнып қалдым. Ол оны анау бер жағындағы бала-шағаға берер. Олар оны талқылаймыз дер.
Соған сол табанымды тоздырып жүрем бе? — деді.
Иə, мықты ақындар табан тоздырып жүрмейді. Атақ-даңқтың, ақшаның соңынан жүгірмейді. Оның бəрі оған өздері іздеп келеді.
Ұстазымды бұдан бұрын азын-аулақ сыйлайтыным бар еді. Осы жолы оның жəне бір қырымен — ақындық өнерімен танысқаннан кейін соны да жоғалтып алған тəріздімін. «Ой, ақымақ. Мұндай да ақымақ болады екен-ау!» деп шықтым Дəулетбаевтың үйінен.
Өлетін бала молаға қарай қашады. Мен енді түлен түртіп, əр жерде ұстазымды келеке ететінді шығардым. Студенттердің алдына шығып алып, Дəулетбаев болып, сарнап ақыл соғам. Ол болып өлең оқимын.
37
Үзіліс кезі. Дала тұман. Жер балшық, көңілсіз. Студенттер дүр етіп сыртқа шығып жөнелмей, ұйлығып аудиторияда отыр. Кіре берісін кітап шкафтарымен бөліп, факультет секретары отыратын шағын қуыс — бөлмеше жасап қойған, өзіміздің алтыншы аудитория. Мен еріккеннен алға шығып, мұғалімнің орнында Дəулетбаев болып, қолымды сермеп тастап, сарнап тұрмын:
— ...Сендер бірің қойшының, бірің сиыршының, енді бірің, трактіршінің балаларысыңдар. Қалаға жоғары дəрежелі білім алу үшін, сөйтіп, халқыңа, отаныңа пайдалы азамат болып шығу үшін келіп отырсыңдар. Бұл əрине жақсы. Білім алма, халқыңа, тəрбиелеп өсірген еліңе пайда тигізбе деп ешкім де айтпайды. Оны айтқан адам ол совет адамы емес. Ал бірақ сендер мынаны есте ұстаңдар: оқуды қанша жақсы оқығанмен институтті үздік, тіпті ерен үздік бітіріп шыққанмен, одан соң аспирантураға түсіп, оны да үздік бітіріп, ғылым кандидаты, одан соң ғылым докторы, тіпті академик болып шыққанмен, ғылымда нелер ғаламат жаңалықтар ашқанмен, ақылдарың, болмаса, ойларың болмаса, көздеген белгілі бір мақсаттарың болмаса заманға, дəуірге сай сана-сезімдерің болмаса, түйсік, түсінігің болмаса, түкке де аспайсыңдар!
Оңбайын, осының бəрі əр кезде лекция басталар алдында Дəулетбаевтың пулеметтей боратып, бізге арнап айтатын ақыл-нұсқа сөздері. Мəн жоқ, мағына жоқ, біріне бірі қайшы келетін құр сылдыр. Қарнымды жоқ та болса Дəулетбаевша шартитып, алға жіберіп, Дəулетбаевтың өз даусына салып, бірден бірге екіленіп, бөсіп тұрмын. Студенттер рахатқа батып, күлісіп, тыңдап отыр.
Кенет, ойламаған жерден:
— Айт! Айта бер! Бөгелме! — деп есік жақтағы қуыстан нағыз Дəулетбаевтың өзі шыға келсін.
Менің көзім бақырайып, тілім байланды да қалды. Кіріп кетуге жер тесік емес. Мен түгіл, бүкіл курс сасып қалды. Ешкім бұны күтпеген.
Дəулетбаев аудиторияға мана кірген екен. Есік жақтағы қуыста, кітап шкафтарының тасасында менің ол болып сарнаған бар сөзімді тыңдап, естіп тұрған.
- Айт! Тағы нең бар! Қалдырма! — деп маған тақап кеп, қадала қарағанда, мен шыдай алмай, жерге қарадым. Деканның өң-түсі ашудан жаман бұзылып кеткен екен.
- Сен өзің нағыз артист көрінесің ғой. Артистің оқуына түспей, мұнда неғып түстің? Жоқ, қателескенсің! Сен оқитын оқу бұл емес!
«Бітті. Құрыдым. Оқудан шықты деген осы».
Тапайдың тал түсінде ұрлығымен қолға түскен адам есінен танып қалса керек. Менің халім дəл соған ұқсас. Тіпті бір ауыз кешірім өтінуге де тілім келетін емес. Не істесеңіз де көндім деген түр білдіріп, мелшиіп тұра бердім.
Осы уақиғадан кейін талай уақытқа дейін Дəулетбаевтың жүзіне қарай алмай жүрдім.
Əйтеуір мені келеке еттің деп ол мені институттан қуып шыққан жоқ.
38
Сол жолғы кездескеннен кейін Ғалияны көрген жоқпын. Бірақ ылғи да ойлаумен болам. Қайдағы пəтерге шықты? Күйеуі мен екеуі ғана ма? Жалғыз отырған кезінде салаң етіп, жетіп барсам, қайтер еді?
Біз бұл кезде институттың ішіндегі актовый залда жатпайтын болғанбыз. Одан кеткенбіз. Институтқа жақын, Совет көшесіндегі жатақхананың үйлері босап, соған көшкенбіз. Бір бөлмеде небəрі, алты студент, рақат.
Көктем шығып қалған. Көшедегі қар кеткен. Бірақ ағаштар əлі бүршік жарып үлгермеген. Күндіз кəдімгідей күншуақ, жылы, жеңіл киіммен жүруге болады. Ал кешке қарай салқын.
28 гвардияшылар атындағы парк жатақхананың бет алдында, көшенің арғы бетінде. Оның ішінде «Алматы» кино-театры бар. Біз, көбінесе, киноға осында келеміз. Осы кезде кинотеатрда соғыста қолға түскен олжа фильмдер жүріп жатыр: «Тарзан», «Менің қиялымдағы қыз» т. б. Киноға ертіп апаруға қыз деген аяқ астынан табылады. Ал бірақ, ақша табыла бермейді. Кешке қарай жалғыз өзім «Алматыға» кино көрейін деп келдім. Күн бүгін сенбі. Институттың оқу залында отыра-отыра жалыққан едім.
Касса жабық. «Барлық билет сатылып бітті» деген хабарландыру ілінген. Соған қарамастан, кассаның, алдында он шақты адам иіріліп түр.
- Билет жоқ па, немене? — деп жақындай бердім.
- Сізге қанша билет керек еді?
Таныс дауысқа жалт бұрылып қарасам... Ғалия! Ана жолы көшеде бір рет кездестіріп, зым-зия жоғалтып алған Ғалияшым. Ой, мұндай қуанбаспын! Ол мені анадайдан көріп, қарап тұрған екен. Мəре-сəре амандасып жатырмыз.
Ғалияның қасындағы сұңғақ бойлы, талдырмаш, бетінде аздаған шешек дағы бар, жүзі жылы сұрша жігіт. Ғалияның күйеуі екен.
Ғалияны менен тартып алған жексұрын осы екен. Ғалия бізді дереу таныстырып жатыр:
- Мынау əлгі өзіңе айтып жүретін Еркін. Қаныша əкпемнің қайнысы. Ал мынау менің жолдасым. Танысып қойыңдар.
- Жексен, — деп ақсұр жігіт қолын бірінші болып ұсынды.
- Еркін.
Сыртынан бір көрмекке ынтыққан ата жауыммен осылай кездесіп, таныстым.
Мен туралы Жексеннің не біліп, не қоятыны маған, əрине беймəлім. Бірақ көзқарасынан жаусынған түрі байқалмайды. Қайта, менімен кездесіп, танысқанына біртүрлі қуанышты тəрізді.
Дəл бір өзінің ескі досын кездестіргендей өңінде жылы күлкі. Мінезі ашық-жарық жігіт секілді. Екі сөзге келместен ағынан жарылып, достық құшағын айқара ашып:
- Ғалия бір рет көшеде кездестірдім деп келді. Екеуің де сонымен тым-тырыс болдыңдар. Жекжат адамдар деген сөйте ме екен. Бірін бірі қайдан да болса іздеп тауып, араласып-құраласып тұрмайтын ба? Біз жуырда пəтерге шыққанбыз. Жатсынбай, келіп тұруыңа болады, — деп жатыр. Адрестеріне дейін айтты. Мен оны қуана дереу жазып алдым.
Жексеннің ашық-жарқын мінезі, мені өзіне жақын тартып айтып жатқан сөздері де ұнайды. Ұнамайтыны тек Ғалияны менен тартып алуы. Бірақ, ол өзі солай деп ойлай ма екен? Ғалия екеуміздің арамыздағы басталуы бар да, аяқталуы жоқ там-тұм махаббат уақиғасын біле ме екен? Сөзіне, маған деген бейіліне қарағанда, əй, білмейді-ау деймін. Ғалия оған ол жайында айта қойды деймісің. Əйел заты еркектей ашық ауыз емес. Олар өздерінің ішкі сырларына берік келеді.
Жексеннің ештеңе білгенінен де, əрине, білмегені жақсы.
Ғалия мен Жексен де киноға билет алуға келген екен. Билет жоқ. Сыртқа шықтық.
- Ал не істейміз? Киноға кірсек болатын еді, — деп Жексен Ғалияға қарап, мұрнын уқалап, сəл тұрды. Сірə, тегін уқалау емес тəрізді. Əлде ненің исін алыстан сезгендей қүшырлану бар өңінде. Сосын: — мына арадан бір-бір кружкадан сыра ішсек қалай болады? — деді маған.
Мен қарсы емеспін дегенді түріммен білдірдім. Ал өзім мырзалық жасауға қалтам таяз, дəрменсіз едім.
Бертаман, ашық эстраданың сырт жағында, сырахана бар. Үшеуміз соған келдік. Буфетші Миша ағай өз адамымыз. Стипендия алғанда, қалтамызға ғайыптан тиын-тебен түсіп қалғанда, біз мұнда бір соқпай кетпейміз.
Мені сыраханаға алдымен кіргізіп жіберді де, Жексен есік алдында Ғалиямен күбірлесіп, бөгеліп қалды. Ғалияның «сен байқа, бұдан басқа бермеймін» деген сөзі, қағаз ақшаның сыбыры маған анық естілді.
Жексен заказ бере бастады:
- Екі кружка сыра тіркемесімен. Жəне бір кружка.
- Мен ішпеймін, — деді Ғалия басын тыжырына шайқап.
- Онда екі кружка тіркемесімен.
«Тіркеме» сырахананың бұралқы сөзі. Оны мұнда түсінбейтін жан жоқ. Екі кружка сыра құйылып, сырғып алдымызға келді. Кружканың бірін Жексен қолына алды:
- Кəне, таныстығымыз үшін!
Мен əлі қолыма алып үлгермеген кружканың төбесінен Жексен тасты тасқа ұрғандай тарс еткізіп, қойып қалды.
- Жігітім, байқа, сындырасың. Онсыз да кружкалар шақ келмейді, — деді буфетші.
- Қам жемеңіз, түк те болмайды.
Жексеннің сыра ішуі де ерекше. Басын əнтек шалқайт-ты да, ыдыстан ыдысқа қотарғандай өңешіне сылқ еткізіп, бірақ құя салды, Тіпті ашырқанып қоймайды. Кенезесі кеуіп келіп, мұздай суды тартып жіберген адамша рақаттанып, кекірініп қойып тұр.
Мен де кеттім. Бірақ, Жексенше өнер көрсетіп іше алмаймын. Ғалияның біздің не істеп, не қойып жатқанымызда жүұмысы жоқтай. Бір қолымен есіктің тұтқасынан ұстап, сыртқа қарап, осы арадан тезірек кетуге ынтық болып тұр. Жексенде асығатын түр жоқ. Қалған-құтқан ақшасын есептеп, жəне бір-бір кружкадан сыра алды. Сыртқа шықтық.
Жоқ жомарттың қолын байлайды. Қалтамда бірдеңем болса, мұндайда мен де тартынбас едім. Өзімді сыйлаған жанға борышты болып қалмас едім.
Парктен шығып, Карл Маркс көшесін өрлеп келе жатырмыз. Екі кешаралығында дəл осы тұсқа, көше шетіндегі жүз жылдық зəулім биік ағаштардың басына, қайдан ұшып келгенін, қаптаған қалың торғай жиналған. Бейне бір құс базарынша, өздерінің тілдерінде у-шу болып жатыр. Төменде тротуармен өткен жұрт жоғарыға бір қарамай өтпейді.
- Дəу де болса, күн райы бұзылады. Жауын жауады, — деді Жексен. Сосын бетін маған бұрып: — Бүгін сенбі, не бітіресің. Одан да жүр, біздің үйге барайық, — деді.
Мен бұған қуанышты едім. Ғалияның бетіне қарадым. Не айтар екен ол?
- Жүр, біздің қандай тұрмыста тұрып жатқанымызды көресің.
Келістім.
Төртінші трамвай Комсомол көшесінің бойымен батысқа қарай салдырлап, алды да жөнелді. Адам əуелде көп еді. Сосын біртін-біртін азая берді. Трамвай қаладан шығып кетті.
- Оу, біз қайда кетіп барамыз?
- Тастаққа.
Өзім бір кезде армияда қызмет еткен Тастақ.
Трамвайдан түсіп, төмен қарай үшкөшедей жүрдік. Шатырын шифермен жапқан шағын особняк үй. Көше жағын тақтаймен жымдай етіп қоршаған. Адам кіретін кішкене есікті Жексен тықылдатып қаға бастады. Ар жақтан əйелдің шаңқылдаған ұнамсыз дауысы естілді:
- Кто там?
- Бұл біз ғой, Маша апай.
Семіздігі ме, жоқ екі қабат па, қарны шермиген, үстіне салтақ-салтақ ескі сұр фуфайка кие салған, өңі жап-жас, тіпті сұлуша деуге болатын сары əйел есік ашты.
39
Негізгі үйге тіркеп салған бір бөлме аласа нашар үй. Есігі өз алдына бөлек. Сығырайған жалғыз терезе. Жексен мен Ғалия осыны жалдап тұрады екен.
Бұл, сірə, əуел баста времянка болар. Негізгі үй біткен соң үй иелері оны бұзып, алып тастауға қимаған. Қалада пəтер тапшылығы сұмдық екенін көріп, тегін ақша табудың көзіне айналдырған.
Едені жермен жер, алакөлеңке тапал бөлмеге кіріп келген бетте погребтегі шіріген картоп иісі тəрізді ұнамсыз иіс мұрынға лап ете қалды. Ғалия шырт еткізіп шам жақты.
— Төрлет, жоғары шық, — деп мені алдына сала кірген Жексен қүрмет көрсетіп жатыр.
Оң жақта бір кісілік арзанқол темір кереует. Сол жақта шағын тақтай стол. Екі ескі ағаш орындық. Есік жақ босағадағы керогаз, ыдыс-аяқты айтпағанда, үйдегі көзге түсер мүлік мүкəмалдар осылар. Жоғары өтпес бұрын əуелі сырт киімімді шеше бастадым.
Кереуеттің аяқ жағына, қабырғаның дəл орта тұсына ат байлайтын қазықтай дəу қара шеге қағылған. Менің шинелім мен кепкамды Жексен соған іліп қойды. Екі орындықтың бірін Ғалия маған лайықтап, төрге таман сырғытып:
— Осы бір аядай үйде тұрған болып жатырмыз. Шынымызды айтсақ, біз мұнда тек түнеу үшін келеміз. Пəтер табу қалада пəле екен. Оңайлықпен табылмайды, — деп өздерінің мынадай жайсыз тұрмыстары үшін менен кешірім өтінгендей, орынсыз ақталғандай болып жатыр.
— Бір жақсысы əйтеуір трамвайға жақын, сол үшін кірдік. Əйтпесе, кірмейтін едік, — дейді Жексен. — Ал, Еркін, сен енді зерікпей, отыра тұр. Сені зеріктірмеуді мына құдашаңа тапсырам. Мен мына араға барып келе қояйын. Қаланың ортасындағыдай емес, бұл араның магазиндері ерте жабылады. Кемпір, сен ет аса бер. Əлгі тор қайда? Мына қонақтан ұят болып қалмайтындай етіп, сараңдығың ұстамай жəне бірдеңелер бер. Тілеуіміз мұндай дұрыс боларма, бүгін дəл сенбі күні кездесуімізді қарашы. Жақсылап бір демалайық.
Мен тек сыпайыгершілік үшін:
- Жексен, осы əуре болудың қажеті не? — деп жатырмын.
- Несі əуре, əуре болатын түк те жоқ, — деп Ғалия сумкасынан Жексенге ақша алып беріп жатыр.
Көкшіл жіп торды қалтасына умаждап салып алды да, Жексен тайып түрды.
Міне енді Ғалия екеуміз ғанамыз. Əңгімені неден бастасам екен?
- Ғалия, білесің бе, мен сені ЖенПИ-ге іздеп бардым ғой?
- Қашан?
- Жаңа жылдың алдында. Сөйтсем, пəтерге шығып кетті дейді.
- Алдайсың.
- Оңбайын, рас.
- Мен саған келме дегенім қайда?
- Мен бəрібір келем демедім бе?
- Еркін, сен бала емессің ғой, түсінуің керек. Болар іс болды, бояуы сіңді дегендей... Мен сенен өтінемін: анау-мынау ойың болса, таста енді.
- Ғалия, сен не деп тұрсың?
- Сол. Мен турасын бір-ақ айтам. Бекер ұят болады. Саған да, маған да абиыр əпермейді.
Мен қасақана ренжіген боп орнымнан тұрдым:
- Кетем.
- Неге?
- Сол, кетем, — деп қазықтағы шинеліме қарай жүрдім.
Ғалия күлімсіреп, алдымды бөгеді. — Қой, отыр. Сүр ет бар ауылдан келген, ет асам. Ғалияны қапсыра құшақтадым да, бетімді мойнына құшырлана басып, қаттым да қалдым. Əрі наз, əрі өкпем.
- Еркін, не болған саған?
- Ой, Ғалия-ай! Өлдім ғой сені ойлап.
- Еркін, қой, жарамайды. Мен саған ұмыт дегенім қайда?
- Ұмыта алмасам, қайтем?
- Ұмыт. Ұят болады. Сенімен біз енді тек жекжат адамдармыз.
Ғалияны сүймек болам. Ол сүйгізбей, басын алып қашады.
— Еркін, баламысың тоқташы...
Тоқтамаймын. Ғалияны құшағыма одан бетер қыса түсем. Қыз кезінде денесі тығыршықтай, қол батпас қатты болушы еді. Кəзір енді бір түрлі босап, жүдеп қалған. Арқа сүйектері қолыма анық білінеді. Неғұрлым қатты қыссам, сынып кететіндей күтір-күтір етеді.
— Ту, Еркін, сен де осындай ма едің?
Осындаймын. Өз дегенім болмаса, өліп кетуге бармын. Мана сырахананы бір сүзіп шыққанымыз
қандай жақсы болған. Батылмын. Ғалияның басын еріксіз күшпен бүрап, аузын аузыма тақап алып келдім. Сүймек түгіл енді жеп қойсам да еркім.
— Ту, Еркін, қызық екенсің. Əптер-тəптерімді шығардың ғой. Кəзір Жексен келеді.
Бұл сөз маған бетіме суық су шашып жібергендей əсер етті, есімді бірден жиғызды.
Міне, Жексен де жетті асып-сасып. Қолында торға сап, ұстап алған бір бөтелке арағы, бір банка камбала консервісі, қағазға оралған жəне бірдеңелері бар. Басындағы қоңыр малақайды төсек үстіне қарай бірден атты, терлеп кетіпті. Оңға қарай жатқыза тараған сусылдаған қара қоңыр шашы мандайына төгіліп, желпең ете қалды.
Тоқта! Таныс бір сурет менің көз алдымнан елестеп өткендей болды гой. Иə, иə, осы шаш! Бұрнағы жылы сиыр фермада дөң үстінде тұрып көретінім желпеңдеген осы шашемес пе еді? Шашиесі жас жігіт ат үстінен Ғалиямен алысып ойнап жатқан. Иə, иə, сол! Тап өзі!
Ойпырмай, сол жолы қызғаныштан не істерге білмеп едім-ау! Сол сурет, желп-желп еткен сол шашсодан бері менің көз алдымнан кетпейтін. Ғалияны алған, дəу де болса, сен шығарсың деп ойлаушы едім.
Жексен пальтосын төсегінің аяқ жағына артып тастай салды. «Стакандар қайда? Əкел. Нан əкел. Ет піскенше қаужандай тұрайық» деп пышақпен консервіні аша баста-Ды.
Ғалия бұл кезде керогаз жағып, су жылытып, ет асудың қамын істеп жатқан. Үйдегі ұнамсыз сыз иісіне енді қоңырсыған жермай иісі араласып, тынысты мүлдем бітеп барады.
Терезеде желдеткішжоқ. Сырттап ептеп таза ауа кіріп тұру үшін Жексен есікті сызаттап ашып қойды.
Жексен екеуіміз ішіп отырмыз. Ғалия ішпек түгіл, жоламайды. Жексенге қарап, əлсін-əлсін: «Болды енді. Қалғанын ертең ішіңдер» деп ескерту жасап қояды.
Ет піспей-ақ жартылық сап болды.
Жексен масаң. Тілін шайнап сөйлеп, Ғалиядан тағы да ақша сұрай бастады. Ғалия ақша жоқ дейді.
— Өй, əкел деймін-ей. Өлмейміз. Өлетін халден кеткенбіз. Немістің оғынан да құдай сақтаған. Əлі де сақтайды. Ертең стипендия аламыз. Ауылдан азық келеді, бұл əйелің жылаңқы болғаны жаман екен ғой, — деп Жексен сөзінің соңын қалжыңға айналдырып, күлген болады.
Ғалияда күйзеліс бар, өңінен беп-белгілі.
— Бүл енді өстеді, бір ішсе тоқтамайды, — дейді маған шағынғандай боп.
Мен Ғалияны аяп:
— Жексен, бармай-ақ қой. Осы ішкеніміз де жетеді, — деймін. Бірақ бұл бер жағым. Ар жағым бар дейді. Оның үйден кетуі маған тек арақ ішу үшін емес, негізінен, басқа үшін — Ғалиямен
оңаша қалу үшін қажет еді. Арақтың буы енді мені құтыртып, желіктіріп барады.
Жексен пальтосын киіп алган. Ғалияға қадалып: «Мен білем. Сенде ақша бар. Көрсетші сөмкеңді»- дейді.
Ғалия бір күліп, бір ашуланады. Күлгенде де көзінде қайғы тұнып тұрады.
Əне, ол төсектің ірге жағына, матрастың астына тығып қойған сумкасын алып шықты. Ішінен бір уыс ақша алды да, санамай дəнеңе етпей, есік жаққа күйеуіне қарай лақтырып жіберді:
— Мə! Іш!
Он сомдық, бес сомдығы аралас бірнеше көкала қағаз Жексенге жетпей, екі ортаға шашылып түсті.
Бұл Ғалияның ашынуы. Менің одан бетер жаным ашып кетті.
— Жексен, бармай-ақ қойшы!
Сөз ұғатын Жексен көрінбейді. Жердегі ақшаларды қарбаласып, тез-тез жинап алып жатыр. Əйтпесе ақшалар торғай болып, пыр-пыр ұшып жөнелетіндей.
Жексен тайып тұрды. Кəзір кеш. Мұндағы магазиндер жабылған кез. Енді сонау қаланың өзіне кетті.
Ғалия көзін сұлық төмен салып, ойға батып, тұрып қалған. Күйеуге тиседағы Ғалия əдемі еді.
40
Мастықтың мен де о жақ, бұ жағындамын. Көңілімде аранын ашқан жастық желік. Ғалияны тарпа бассалуыма тек оның көңілсіздігі бөгет боп түр.
Əуелі оны жадыратып алуым керек.
- Ғалия не ойлап отырсың?
- Жай əншейін...
Ғалияның иығына қолымды салдым:
- Жаным менің...
- Мен ешкімнің де жаны емеспін.
- Мына менің жанымсың. Жаным бола да бересің.
- Еркін, мен ет түсірейін, — деп Ғалия керогаз жаққа жүре берген кезде, мен босағадағы кнопканы сырт еткізіп, басып қалдым. Көзге түртсе көргісіз қараңғы.
- Еркін, бұның не?
Үнсізбін. Шамды қайта жақпақ болған Ғалияны бет алдынан құшақтап, ұстап алдым.
- Еркін қой деймін.
- Ғалия жаным...
Ғалияны төсек жаққа тықсырып əкеле жатырмын.
- Еркін, өкпелеймін.
- Алтыным, Алтынтайым...
- Бəрібір түк шықпайды.
Төсектің аяқ жағынан шап беріп үстап алған Ғалия айрылатын емес. Күшке салып, жұлып əкетейін десем, темір кереует салдырлап қоса қозғалады. Көршілер естіп не боп жатыр, төбелесіп жатыр ма деп, келулері мүмкін.
— Ғалия!
— Еркін, əуре болма.
— Мейлі!
— Ендігəрі мен сені көрмеймін!
Ғалия үнсіз. Мен шамды жағып, киіндім де, хошта деместен, өкпе мен ызаға қабат сыздап, тайып отырдым.
41
Уақыт зымырап өтіп жатыр. Институтта оқу дегенді бір кезде дүниенің қиыны шығар дейтін ем. Сөйтсем, қиын түгі де байқалмайды. Басқа факультеттерді қайдам, біздің тарих-филология факультетінде аузың қайсы дегенде, мұрнын көрсететін иіс алмастар оқып жүр.
Мұртына қарай іскегі деп, дүмшелер оқытушылардың ішінде де баршылық.
Он сегізінші, он тоғызыншы ғасырдағы қазақ əдебиетінен ғылым кандидаты Беделбаев сабақ береді. Жасы қырықтар шамасында, əйелдерше қасын қырып, үстіне иіс су сеуіп əдеміленіп жүретін қызық адам.
Мұқабасының сыртынан газетпен бірнеше қабат етіп, қаптап алған бір кітапты алдына бүркемелеп, жайып қойып, тек бас алмай оқығанды біледі. Біз оның аузынан шыққанның бəрін сықпыртып жазып алғанды білеміз. Лекцияның түрі осы.
Үзіліс кезінде Беделбаев кітапты портфеліне салып, портфельдің аузын ықтияттап бекітіп кетуді ешүмытпайды. Біз ынтық бола бастадық. Соншалық құпиялап ұстайтын ол қандай кітап? Неге көрсетпейді? Неге портфеліне тығып кетеді? Мүмкін, біз де тауып алар ек. Мұғалімнің аузынан шыққанның бəрін сықпыртып жазып, əуре болмас едік.
Бір күні, Беделбаев үзіліске сыртқа шығып кеткенде, біз білмекке құштарлықтың салдарынан портфельдің аузын ашып, өзіміз ынтыққан, біз үшін жұмбақ кітапты алып көрдік. Көрдік те, бірімізге біріміз бағжия қарап, бетімізді əйелдерше шымшып-шымшып алуға пəс қалдық. Өйтпей ше? Кітаптың құпия түгі де жоқ еді. Өзіміз баяғыда орта мектепте оқыған, тоғызыншы класқа арналған əдебиет оқулығы! Авторы атақты жазушымыз Мүхтар Əуезов.
Мəссаған керек болса!
Қазақ тілінен сабақ беретін декан Дəулетбаев та солай. Қалыңдығы екі елі, парақтары ескіріп, кірлеп кеткен, əлдекімнің қолымен баяғы бір заманда жазылған көне конспектіні алдына жайып қойып, оқығанды біледі. Ал ғылымға қатысы жоқ сылдыр сөзге, сарнап жайдақ ақыл айтуға келгенде автомат. Тек трибуна болсын ол үшін. Азды-көпті тыңдаушылар болсын. Үні бітіп бара жатса, бір ұрттап, тамағын жібітіп алуға графинге құйылған салқын су ғана болсын.
Дəулетбаев екеуіміз бұл кезде тағы да жақсымыз. Ана жолғы ыңғайсыз уақиғаны ол да, мен де ұмытқан тəріздіміз. Мен енді сақ болуға тырысам. Декан жайлы бір ауыз сөз айтсам да аузымды бағып, байқап айтам.
42
Екі жылдық мұғалімдер институтының бір курсы шолтаң етіп бітіп те қалды. Оқудың тең жарымы аяқталды. Демалысқа елге келдім. Бұл кезде біздің ауданнан қалада жоғары оқу орындарында оқитындар аз. Кездескен ағайын-туысқандар, таныстар:
- Ненің оқуын оқып жүрсің? Бітіріп шыққан соң кім боласың? — деп сұрайды.
- Мұғалімнің оқуын оқып жүрмін.
— Е-е, — дейді əлгілер. Көңілдері толмай қалады. Ел адамдарының мəртебе санайтын сот, прокурор дайындайтын оқулар. Оқыған соң міне соны оқыса деп арман етеді. Дүниеде сот, прокурордан өткен үлкен де, құдіретті қызмет бар деп ойлай қоймайды. Ел ішінде сот, прокурордан ықпайтын жан жоқ.
Мұғалім болу үшін азаптанып, қалаға барып оқудың қаншалық қажеті бар екені олар оңайлықпен түсінбейді. Өйткені ауылда кім көрінген мұғалім болып жатқан жоқ па?
Қызметінен қуылғандар басқа қызмет таба алмаса, мұғалім болады.
Əйтеуір менің көңілімді аулап:
— Оқы шырағым. Оқыған жақсы. Оқысаң адам боласың, — дейді.
Онысына да рақмет.
***
Мен келсем, Тұйық астаң-кестең. Облыстан біздің ауданға комиссия шығып келген. Соның үш адамы Тұйықта. Колхозды тексеріп жатыр. Ешкімнің үйіне қонаққа бармайды. Ешкіммен ымы-жымы сөйлеспейді. Кеңседе жатып, кеңседе тұрады. Тамақты осында алдырып ішеді. Өрістегі мал, қамбадағы астық бірі-бəрін жіпке тізіп, түгелдеп жатқан көрінеді. Ұзын құлақ бұндайда бəрін біле қояды. Олардың сыбыр-сыбыр сөзіне қарағанда Нүрəлі мен бас бухгалтер Жүністің шыбын жандары мұрындарының ұшында. Өйткені көп мал, астық кем. Колхоздың бұрын-соңды əлгі аталған екі қорқаудың өңешінен əрі өтіп кеткен қыруар қаржысының ізі де жоқ.
Тағы да сол ұзын құлақтың айтуынша, осы арада осындай түпсіз былық-шылық бар-ау деп, комиссия Тұйыққа өздігінен көрегендік істеп келмеген. Əлдекімнің осы ауылдан дəл жоғарыға қарай домалатқан арызының ізін қуалап келген.
Нүрəлі шынында да бұрынғы жалы күдірейген Нүрəлі емес. Ері мойнына түсіп кеткен. Үй ішінде де береке шамалы тəрізді. Күзде қарт əкесі өлген. Сəуле соңғы уақытта сал ауруға ұшырап, төсек тартып жатып қалған. Бүкіл бір қапталы паралич болған.
Қыздары көтеріп түрғызып, көтеріп жатқызатын көрінеді.
Нүрəліні иттей жек көре отырып, шешем Сəулені ылғи да аяумен болады:
— Байғұс, қор болды ғой, — дейді шешем, — төрт аяғы Нүрəлінің төбесінде ойнар-ау. Сол иттің кесір-кесапаты ғой оны қор еткен. Əйтпесе қандай еді бір кезде?!
Баяғы Зейнекүл бар емес пе? Нүрəлі завхоз етіп, қайда барса да қасына секитіп ертіп алатын Зейнекүл сұлу. Түйені жел шайқаса, ешкіні көктен көр деп, зорбалаң оның басына да туып жатқан көрінеді. Қамбадағы тұқым би-дайды өлшегенде, көп кем шығыпты деген сөзді осы күні Тұйықтың халқы біреуі «əй, əйелің ұл тауыпты» дегендей қуана хабарлап айтады.
Зейнекүлдің күйеуі соғыстан оралмаған. Оралмағаны ол үшін онша теріс те болмаған. Өйткені, құдіреті күшті ием ерігіп-зеріккенде ермек болсын, өсе келе қолқанат, жəрдемші болсын деп, осы соңғы күйеуі жоқ үшжылдың ішінде Зейнекүлге балпанақтай етіп, екі қыз берген. Жəне бір ғажабы, айна-қатесіз Нүрəліге ұқсатып, оның көшірмесі етіп берген. Беттері табақтай, пысық екі қара қыз осы күні бірі мен бірі жарыса өсіп келеді.
Аз күнде комиссия өз жүмысын аяқтап, тайып отырды.
— Не болар екен? Немен тынар екен? — деп ел болып аудан жақтан хабар күтудеміз.
Бір күні біз күткен хабар да келіп жетті. Аупартком бюросында біздің колхоз туралы мəселе қаралған. Нұрəлі мен Жүністі қызметтерінен алып, істерін заң орындарына тексеруге берген.
— Шоқ-шоқ! Көп асқанға бір тосқан! — деп ел іші айыздары қанып, қуанысып жатты.
Сол елдің қатарында мен де бар едім.
43
...Биыл міне үшінші курстамын. Мұғалімдер институтының бірінші курсын бітіріп, төрт жылдық пединститутқа ауысқам. Оқыған соң жөндеп оқиын, жоғары дəрежелі білімді қалтама бөлмей-жармай, толық салып алайын дедім.
Декан Дəулетбаев, обалы нешік, барынша жəрдем етті, қолдады. Бірнеше пəннен қосымша емтихан, зачет тапсыруыма тура келді.
Үшінші курста педпрактика басталады.
Қалада Мəншүк Мəметова атындағы қыздар педучилищесі бар. ЖенПИ-дей атақты болмағанымен, өзінше, бұл-дағы «сұлулар галереясы».
Училищеге негізінен жетінші бітіргендер түседі. Сондықтан, ЖенПИ-ге қарағанда, бұндағы қыздар уылжыған жас келеді. Бұл оның ЖенПИ-ден артықшылығы.
Ара-тұра сақа боп қалған қыздар да кездеседі.
Біз мұнда айдан аса уақыт педпрактикада болдық. Талай мұғалімнің сабағына қатыстық. Өзіміз де сабақтар өткіздік. Қыздарға сабақ беру, қыздардың арасында болу көңілді. Қыздармен жұмыс істеу көңілді. Күлкіге, құдай жазса, махаббатқа да қарық боласың...
Жатпай-тұрмай бақылайсың, психологиялық мінездеме жазасың деп əрқайсымызға бір-бір қыздан бекітіп беріп қойды. Сосын, қыздар жатақханасына қашан барсаң, жол бос. Ешкім ештеңе демейді.
- Неғып жүрсің? Бұның не? — десе:
- Психологиялық мінездеме жазу үшін зерттеп жүрмін, — дейсің.
Маған бекітіліп берілген оқушы — үшінші курс студенткасы Зағипа.
Орта бойлы, ашаң жүзді қараторы қыз Зағипа оқу озаты. Əрі осындағы комсомол ұйымының секретары. Пəлендей сұлу деуге келмес. Бірақ бет-əлпетінде кісіні өзіне үйір етіп, тез тартып алатындай ойлы да, қарапайым жылылық бар. Өзі кедей семьядан шыққан. Өмір көріп ысылған салауатты.
Мен алғашкөріп, танысқан кезден-ақ Зағипаға селқос бола алмадым. Бірақ əуелгіде өзімді өзім тежеп, салқын ұстауға тырыстым. Практикант болсам да, тəрбиеші деген атым бар. Оны ұмытуға, ұстаздық беделіме нұқсан келтіруге болмайды деп қарадым. Бір ауыз да қиғашсөз, жеңіл мінез сездірген емеспін.
Айдан аса уақытқа созылған педпрактика аяқталды.
Бүгін педучилищеге бізбен — практикадан өткен студенттермен қоштасуға арналған сауық кеші. Бүгін енді, реті келсе, Зағипамен басқаша сөйлеуге болады. Ол үшін ешкім де кінəламайды.
Əуелі кештің ресми бөлімі болды. Училище директоры біздің адресімізге жылы-жылы сөздер айтты.
Декан Дəулетбаев еркінше көсіліп, жауап сөз сөйледі:
— Бұл өмір деген өзі қызық нəрсе. Қызық болатын себебі... — деп біздің құлағымызды əбден сарытып біткен, ал бірақ, бірінші рет тыңдаған адамға су жұқпас шешендік тəрізденіп көрінетін, өзінің дағдылы сылдыр сөзін түйдек-түйдегімен ағытты.
Сосын ойын-сауық, би.
Менің бір кемтарлығым би білмеймін. Сондықтан осындай сауық кештерінде, көңілді бас қосуларда би болғанын жаратпай түрам. «Би» деген сөзді естісем, жүрегім мұздап қоя береді.
Институтта би үйірмесі жұмыс істемейді. Істесе, лекцияға бармасам да, соған барып, би үйреніп алар едім. Би білмеудің азабын əсіресе, қалаға келгелі əбден тартып жүрмін. Қыздармен танысуға, жақындасуға биден артық, биден қолайлы не бар?
Жайшылықта сенің қасыңда жіп есе алмайтын біреулер би білетіндігінің арқасында осындайда шырқап жүріп береді. Би музыкасының үні естілер-естілместен арқасы қозып, қас-қабағы қылмаңдап, тіріліп шыға келеді. Жайшылық уақытта сен бар жерде шеніңе жолай алмайтындар небір қыпша бел, нəркес көздің белінен қымқыра қысып алып, дөңгеленіп кете барады. Рақат! Одан өткен рақат не болсын. Би білмейтін сен сорлы ішің қызғаныштан қыж-қыж қайнап, көзіңді сатып, тек анадайдан телміріп қарағанды білесің. Басқаның қуанышын өз қуанышыңа санағандай арсыздықпен ыржиып, күліп те қоясың. Музыканың сиқыр үні тамыр-тамырды балқытып, түгел билейді. Қанатсызға қанат, тілсізге тіл бітіреді. Əуелде бойларын жинақы ұстап, аяқтарын əдеппен қозғауға тырысқан бишілерден бір кезде ерік кете бастайды. Жаратылғаннан бір туып, біте қайнаған егіздерше біреуіне біреуі тақалып, жабысып алады. Төске төс, ауызға ауыз тиермен болып, күбір-күбір сөйлесіп, күле беретіндерін қайтерсің. Не айтып, неге күледі екен? Алпыс екі тамырдан ерік кеткенде айтылар сөз белгілі ғой: махаббат, біреуіне біреуі өліп-өшу...
Сен осының бəрінен де қаға беріс, аулақсың. Қотыры бар адамша ешкімге жолай алмайсың. Ешкімнің қыпша белінен құшақтап, төсіне төсіңді тақап, махаббат тақырыбына сыр шертісе алмайсың. Соның бəрі тек би білмегендіктен.
Зағипа менің қасымда қатар отыр. Ол би біледі. Мен білмеймін. Əркім-əркім Зағипаны биге шақырады. Рұқсат етесіз бе дегендей ол сол кезде маған қиыла қарап алады.
— Бар, билей ғой, — деймін.
Біреуге жүрегімнің жарымын кесіп бергендей бұндай ерлікке əзер барам.
Зағипа бұны түсінеді. Би бітісімен дереу менің қасыма қайта келіп отырады.
Бүгін мен оған үстаз ретінде келіп отырғанымды Зағипа жəне түсінеді. Педпрактика біткен, психологиялық мінездеме жазылып біткен. Енді менің ойымда басқа практиканы бастау бар. Ретін тауып, Зағипаның қолын қысыңқырап қоям. Зағипа шошыған түр көрсетпейді. Күлімдеуі
одан бетер сүйкімдене түседі.
Жəне бір ыңғайы келгенде сыбырлап:
— Сауық кештің соңынан азырақ қыдырайық, — дедім. Зағипа кешіге берді. Қалайша шықпас екен, ə?
Кешбіткен. Жұрт тарап кетіп жатыр. Бұл көктем кезі. Қалың киім үстімізден баяғыда түскен. Есік алдына шығып, онша ұзап кетпей, Зағипаны күтумен əрлі-берлі қыдырыстап жүрмін. Екі көзім қақпада: шығар ма екен? Шықпас па екен?
Кешіккен сайын күдігім үлғайғандай.
Шықпаса, бітті осымен. Онда ол мені сүймегені. Бұдан соң мен мұнда келмек емеспін.
Зағипа кешіге берді. Қалайша шықпас екен, ə?
- Мен сізді кетіп қалған шығар десем.
О, тəңірім! Дауыс Зағипанікі. Мен күткен қақпа жақтан емес, басқа жақтан келіп тұр.
- Неге кешіктің?
- Тайбағарова апай шығарып сал деген соң сол кісіні үйіне шығарып салып келе жатырмын, — дейді.
Тайбағарова педучилищенің директоры. Зағышты қолтықтап алдым да, көшенің қараңғы жағына қарай тартып отырдым.
44
Оқу жылы аяқталуға жақын. Зағипа биыл педучилищені бітіреді. Ал маған институт бітіруте əлі де болса бір жыл бар.
Ол екеуміздің достығымыз ермек үшін болмай шықты. Мен сендік, сен мендік деген пəтуалы сөздер əлдеқашан шынайы бейілмен шегеленіп айтылды. Енді қалып отырғаны соны жүзеге асыру, яғни, семья қүру.
Осы күні біздің алдымызда тұрған сұрақ — «не істейміз?» Зағипа оқуын бітірген соң, қосыламыз ба?
Қосылсақ, қалай күн көреміз?
Зағипа сонау қиырдағы Павлодар облысынан. Үйінде жесір шешесі, үйелмелі-сүйелмелі үш оқушы інісі бар. Күндерін əрең көріп отырған кедей жандар. (Шешесі кеңсе сыпырады.) Оларға алақан жайып, жəрдем күту біз үшін қиын болар еді.
Біздің үйдің хəлі жəне белгілі.
Қысқасы, Зағипада да, менде де сүйенер ешкім жоқ. Екеуіміз де нағыз сіңірі шыққан кедей табының өкілдеріміз.
Көп ойлап, көп толғандық. Жауапкершілігі күшті мұндай істе тəуекел мен көзжұмбақ дұрыс ақылшы бола алмайтынын екеуміз де түсінетін тəріздіміз.
Ақыры: туғалы дара жүріп шыдадық. Осы сопа бас күйімізге жəне бір жыл (мен оқу бітіргенше) шыдайық деген мəмілеге келдік. Сосын өз жанымызды өзіміз бағатындай халге жетіп, қосылатын болдық.
— Бір жыл да болса елге барып, қызмет істейін. Ақ сүтін беріп, азабыма көніп өсірген анама азды-көпті себімді тигізейін. Сенің де болса ел-жұртың бар. Айдаладан келген секілденбей, есімді жиыңқырап барайын, — деген сөздер айтты Зағипа. Бұл ақылсыз қыздың аузынан шығатын сөздер емес.
Келер жылы оқуым бітісімен Павлодарға күйеу кəде істеп, Зағипаны іздеп бармақпын да, үйленбекпін.
Ар жағы белгілі: екеуміз де қызмет істейміз. Тату-тəтті семья құрып, балалы-шағалы боламыз. Семьяда баланың көп болуын мен өзім қаламаймын. Бір ұл, бір қыз жетеді. Ұлым сөз жоқ, өзіме тартады. Сөз жоқ, ақылды болады. Мектепте сабақты озат оқиды.
Қызым, мүмкін, өзіме тартар. Мүмкін, шешесіне тартар. Бірақ ол да ақылды болады, сабақты ол да озат оқиды. (Балаларым осал болатын шығар деп ойлайтын ата-ана бар ма екен?)
45
Бір бөлмеде жататын студенттердің бір-бірінен жасырар сырлары болмайды. Кім кімге қырындап жүр? Кім кіммен кездесіп жүр? Қандай оймен кездесіп жүр? Кімге кім ғашық? Шын ғашық па, өтірік ғашық па? Олар бұның бəрін де біледі.
Менімен бірге Мұқан дейтін студент оқиды. Дербес стипендиат, ақылды, тура сөзді тəуір жігіт. Өзінің күнкөріс есебіне берік, тəртіпті. Бір кеште сырттан тасыр-түсыр кіріп келсем, бөлмеде Мұқан жалғыз екен. Өз төсегінің үстінде жастығын арқасына жұмарлап тіреп, екі бүктеліп, еңсесі түсіп отыр. Осы бөлмедегі алты студенттің ішінде ең бір жабырқауды білмейтін, өзін əрқашан сабасында ұстайтын бекем жанның біреуі осы еді. Бел ортасынан машина басып кеткендей қирап отырған түрі маған бір дегеннен оғашкөрінді:
— Мұқан, не болған саған?
Жауап беру орнына томпақтау үлкен көздерімен маған бағжия қарап, сəл отырды да:
Сен осы биыл Зағипаға үйленетін болдың ба? — деп өзіме қарсы сұрақ қойды.
- Жоқ. Оған жағдай келетін емес.
- Енді не істемексіңдер?
- Зағипа оқуын бітіріп ауылына барады. Бір жыл сонда қызмет істейді. Ендігі жылы институт бітірген соң мен іздеп барам да, үйленем.
Мүқанның көздері одан бетер мөлиіп кетті. Күдер үзген дауыспен:
- Қо-о-о-й — деп қолын бір-ақ сілтеді. — Ендеше бітті! Менің жүрегім су ете қалды:
- Неге бітеді?
- Ауылына кетті дегенше, Зағипа сенен мүлдем кетті дей бер.
Зағипа туралы Мұқан жаман бірдеңе естіп, білген екен деп, менде енді одан бетер зəре қалмады.
- Неге олай дейсің?
- Мə, оқы мына хатты.
Аузы ашылған конверттің ішінде кереге көз дəптердің екі парағына сықап тұрып жазылған төрт бет жазу. Мен оны бір емес, екі қайталап оқыдым. Өз көзіме өзім сенбегендей міне, енді, тағы да үңіле қарап отырмын. Не деген сұмдық! Маржан, мен білетін Маржан, бүйтеді деп кім ойлаған?!
— Менің көз алдымда сұңғақ бойлы, келбетті, ауыр қара қыз. Бойын тік ұстап, жан-жағына аққуша паңдана қарап жүреді. Мұрнының сəл ғана картопқа үқсайтындығы болмаса, өзге бет-əлпеті келісті. Ата-ана тəрбиесін, айрықша мəпелеу көріп өскен əдепті, нəзік мінез иесі. Бұл –
Маржан еді.
Мұғалімдер институтының бірінші курсында Маржан екеуміз бірге оқығанбыз. Біздің курстағы ең ақылды да, көрікті қыз осы болатын. Сабақты жақсы оқитын. Дəмелі жігіттерден Маржанның соңына шам алып түспегені кем де кем.
Бір ұмтылып, жолы болмай қалғандардың қатарында, шынымды айтсам, мен де бармын. Бұған бірақ, қыздан гөрі өзім көбірек кінəлі тəріздімін. Батыл бола алмадым, жасқаншақтық істедім.
Кім біледі, құдай бойды бұдан гөрі ұзынырақ етіп бергенде, жолым əлде болып та қалар ма еді? Бəрі осы бойдың шағындығының кесірі.
Мен бір рет Маржанды киноға шақырдым. Ол оп-оңай келісті. Маржан пəтерде тұрушы еді. Уəделі мерзімде, уəделі жерде сап ете қалды. Сұғанақ жігіттердің талайына пысқырып қарамайтын Маржанның бұл қылығы мені шексіз қуантқан еді.
Міне, Маржан екеуміз киноға келе жатырмыз. Қолтықтап ұстап алсам, қатып-ақ кететіндей. Бірақ оған батылсызбын. Жоқ, Маржан қолымды сілкіп тастар деп қорынғаннан емес. Оның бойының маған қарағанда аздап ұзындығынан...
Қап деп ызаланам ішімнен. Тым құрыса, бойымыздың, тең болмағанын көрдің бе?
Ал кинода қатар отырғанда батылдаумын. Маржанның иығына иығымды тақай түсем. Жоқ, Маржан кет əрі емес.
Отырганда бойдың үзын-қысқалығы онша білінбейді. Ех, шіркін, бүкіл өміріміз өстіп отырумен өтсе!
Менің Маржанға қырындауым бітті осы кешпен. Енесіне ілескен тайға ұқсап, елге күлкі болармын дедім де, енді қайтып жоламадым. Ішімнен оны қимай тұрсам да, екеуміздің арамызды жаңа жалғай бастаган махаббаттың нəзік жібін біржолата үздім өз қолыммен.
Осының бəрін-бəрін де Маржан түсінген тəрізді.
Келер жылы мен кеттім ол курстан, төрт жылдық пединститутқа ауыстым.
***
Өткен жылы бір күні Маржанды осы Мұқанның қасынан көрдім. Мұқан мендей емес, биік. Ішім қызғаныштан бұлқан-талқан болды. Сонда да екеуі біреуіне біреуі тең екенін амалсыз мойындаған едім.
Құдай Мұқанға бойды да, мұрынды да аямай бере салған. Содан кейін Маржан мен Мүқанның жұптары жазылмайтын болды. Жұрт оларды Қыз Жібек — Төлеген деп атай бастап еді.
Өткен жыл Маржан екі жылдық мүғалімдер институтын озат бітіріп, өзінің Гурьевіне қызметке кеткен. Ал Мұқанның оқу бітіруіне əлі болса бір жыл бар.
Ақылды жігіт Мұқанның институт бітірмей үйленгісі келмейтін. «Институтты бітірем. Сосын
Гурьевке Маржанды іздеп барам, үйленем» дейтін. Уəделері құдды біздің, Зағипа екеуміздің уəделеріміз секілді болатын.
Содан бері Маржаннан Мұқанға хат үзбей келуші еді. «Менің Мұқанжаным...» деп басталатын хаттың сөзі. Ал мынау болса «менің Маржаным» деп бастайтын. Бірін бірі елжірей сүйіскен екі жүрек тек оқу жылының бітуін армандаумен болатын. Біз бұлардың уəдеге берік жандар екеніне шек келтірмей сенетін едік.
Енді міне, адал деген қазаннан шошқаның басы шықты. Ойламаған жерден Маржаннан мынадай сұмдық хат келіп жетті...
***
«...Мұқанжан, кінəлі менмін. Тек мен ғанамын, Иə, иə, мен... мен, мен... сенің таза, ақ жүрегіңе тіке қарар бетім болмай отыр...
... Ал мен кеттім... Мəңгі-бақи қайта шықпас болып кетіп барам...
Ата-анам зорлаған жоқ. Бұрынғының қызынша атқа мінгестіріп, қол-аяғымды таңып беріп отырған жоқ. Мен ынжық болдым. Өзімнің өмір жоспарым бар екенін дер кезінде оларға білдіре алмадым. Кешқалдым...»
«Серт байлапты, бəрін де менсіз кесіп-пішіп қойыпты. Енді əке-шешемді жерге қаратып, бүкіл ел-жұртқа күлкі етіп, жаралмағыр қу жалғыз, неге жаралдың дегізіп, тізгінді қолыма жиып алу ерлігі менен шықпауға айналды...
Хош, Мұқанжан, бұл біздің ең соңғы хатымыз».
Маржан хатының сөздері міне осындай. Япырау, сенем бе, сенбеймін бе? Сенбейін десем, таныс жазу. «С. Шортанбай, семилетняя школа» деген таныс адрес.
Жазу да, адрес те Маржандікі.
Хатты маған беріп қойып, Мұқан мойны салбырап, əлі отыр. Шаршаған. Түні бойы ұйықтамаған адамша көздері қызара домбығып ісіп кеткен. (Кім біледі оңашада, мүмкін, боздап, жылап та алған болар!) Бүкіл өміріне тірек еткен махаббаты ойламаған жерден күл болып, қирап түскенін көріп, азаматым есінен біржолата танып қалған тəрізді. Түңілген секілді бəрінен. Өмірлік айнымас дос болатынынан да, бұзылмас серт болатынынан да күдер үзіп, тоқырап тынған тəрізді.
Мұқан ішіндегісін көп ақтара бермейтін ұстамды жігіт. Əлгінің бəрін өзі айтпайды, көзі айтады, тентек болған танадай меңірейген түр-түсі айтады. «Сен бұған қалай қарайсың?» деп менен пікір сұрамайды. Оған енді пікірдің де, түктің де қажеті жоқ.
Мен Мұқанды ғажап аяп кеттім.
46
Қыс бойы жарым құрсақ жүргендіктен мен, əсте көктемге көтерем болып жетем. Күн жылып, жер аяғы кеңісімен қаладан кеткенше, елге жеткенше асық болып тұрам. Өйткені жазбен бірге ел ішіне береке келеді: айран-сүт молаяды, аш-арыққа əрі ас, əрі шипа, өзім ғажап жақсы көретін, бар тамақтың төресі қымыз айналайын шығады.
Декан Дəулетбаев баяғыда арамызда аздап құйын ұйытқып өткеніне қарамастан, өз адамым. Кезекті емтихандарды менің қашан да мерзімінен бұрын тапсыруыма ол əбден үйреніп алған. Титтей де қарсылық жасамайды. «Сенің елің бай. Ет көп, қымыз көп. Барасың да, рақатқа батасың» дей отырып, емтиханды мерзімінен бұрын тапсырудың рұқсат қағаздарына дереу қол қойып береді.
Оның бұл жақсылығын мен əрқашан да үмытпауға тырысам. Соңынан елден келген соң өзіне əдейілеп сəлем беріп, аман-есен келіп қалғанымды айтып:
— Мынау біздің елдің дəмі еді, — деп газетке оралған бірдеңелерді ас ішетін столдың үстіне қойып кетуге мен де үйреніп алғам.
Биыл да елге жазғы демалысқа басқа студенттерден бір айдай бұрын келдім. Зағышқалада. Мемлекеттік емтихан тапсырады.
Ел іші соғыс кезіндегідей емес, тəртіптеліп, түзеле бастаған. Машина, трактор қайтадан көбейейін деген. Қол еңбегінің үлесі азаюға бет алған. Бұл соңғы екі жылдың ішінде біздің Түйықта бұдан да басқа бірсыпыра айтулы өзгерістер болған.
Нұрəлі түрмеде. Бұрнағы жылғы комиссиядан кейін колхоз дəулетін талан-таражға салғаны үшін алты жылға сотталған. Қазір Іле бойында еңбек түзеу лагерінің бірінде қой бағады деп естимін.
Бас бухгалтер Жүніс сотталудан аман. Қазір басқа колхозда, жай бухгалтер.
Əділдік ақыр түбі оңға басып, жақсылықтың ақ мамық қанаты біздің босағаны да шарпып өткен. Былтырғы оқу жылының басынан Қаныша жеңгем мұғалімдік қызметіне қайта түрған. Осы күні өзіміздің ауылда жеті жылдық мектепте орыс тілінен сабақ береді.
Ауданға Ахметов дейтін жаңа секретарь келеді. Жұрт оны əділ, қарапайым, іскер адам ретінде жер-көкке сиғызбай мақтай бастайды. Əділдігін көрейін дейді де, Қаныша жеңгем соған барады. Өзінің бір кезде Нүрəліден шеккен зəбір-жапасын, мұғалімдік қызметтен жазықсыз босағанын тəптіштеп түгел айтып береді.
Ахметов ұйып тұрып тыңдайды. Нүрəлі болса, əне, анадай болды, өзі қазған орға омақаса өзі құлады. Табан аузында аудандық оқу бөліміне телефон соғып:
— Асылбекова жолдасқа өзіне лайық қызмет тауып беріңдер, — деп тапсырады секретарь.
Ахметовтың айтқаны мұндағы жұрт үшін бұлжымайтын заң.
Міне, бір жыл болды Қаныша жеңгем өзінің сүйетін жүмысында қайта істеп жүр.
Нүрəлі қамалған соң аз күннен кейін Сəуле де қайтыс болған. Екі қыздың екеуі осы күні Қарасазда интернатта. Бір кезде Тұйықтың халқына жарты патша көрінген Нүрəлі əулетінің топырағы осылайша тоз-тоз болған.
47
Демалысым демалыс болатындай түрі жоқ. Ойымнан əнеугі Мұқан көрсететін Маржан хаты шықпайды. Сол арқылы өзімнің қалада қалған, осы кезде мемлекеттік емтихан тапсырып жүрген Зағышым шықпайды. Аз күнде ол да оқуын бітіреді, өзінің Павлодарына жолдама алады.
Алматымен хошайтысып, кетеді. Маржанға ұқсап, сол кеткеннен мол кетіп жүрмей ме? Бір жылға дейін кім бар, кім жоқ?
Төсегінің үстінде жастығын жүмарлап арқасына тіреп, еңсесі түсіп отырган Мұқан, оның сондағы аянышты түр-түсі көз алдымнан кетпейді...
Зағышенді мен үшін айықпас уайымға айналды. Иə ел ішінің жайы өзіме белгілі. Алматыдан оқу бітіріп келген сереңдей бойжеткенді ондағы жұрт өз еркін өзіне беріп, жайқаңдатып қоя ма? Тіпті де қоймайды. Үйден қадам аттап шығып бұғалықты анан да, мынан да лақтырушылар табылады. Соның бірі болмаса бірі Зағыштың нəзік қыл мойнына түзақша сап етіп ілігеді. Болды, бітті, тулағанмен енді ештеңе шықпайды. Маржанға ұқсап, Зағышта сатып алған малша əлдекімнің жетегінде томпаңдап кете барады. Ең мықтағанда маған көз жасын сорағытып: «ал, кеттім мен... Кеттім су түбіне. Мəңгі-бақи қайта шықпас болып кетіп барам...» деп дəрменсіз хат қана жазып үлгереді.
Уəдеге берік қыз ана Маржандай-ақ болар. Əне, не келді соның қолынан? Түк те келген жоқ.
Бірін бірі шынайы сүйді деген жандар Мүқан мен Маржандай-ақ болар. Иə, бір жыл ол айтуға ғана оңай. Əйтпесе аз уақыт емес. Бұл бір жылдың ішінде, мəселен, мен қарап жүрем бе? Жүрмеймін. Ендеше Зағышта солай.
Ойлай берсем, күдік үстіне күдік жамала береді. Жəне бəрі де қисынды. Мұқанға туған қайғылы күн ертең маған да туатыны сөзсіз тəрізді. Зағышты уысымнан шығарып, еліне жібермеуім керек секілді. Егер сүйетінім рас болса, осы биыл, қалайда, үйленуім керек. Əйтпесе, басымды бекерге қатырмай, ол жайлы мүлдем ұмытуым қажет.
***
Шешем мен жеңгемнен өзге кімім бар ақылдасар? Қысылып, қиналыңқырасам да Зағыштың жайын оларға айтпақ болдым. Не дер екен? Бір күні кешкі шайдың үстін-де əзіл-шыны аралас етіп:
- Апа, осы үйленсем қайтеді? — дедім.
- Үйлен, — деді шешем менен тек осы сөзді күтіп жүргендей іліп əкетіп.
- Жоқ, шын айтам.
- Е, мен қалжың айтып отыр ғой деймісің? Үйлен. Үйленетін уақытың баяғыда болған. Сен құралпы балалар осы күні бəрі үйленді. Алды əке-шеше болып, бала сүйіп отыр. Сен солардан кембісің?
Баласының ер жетіп, үйленуін қазақ қуанышкөреді. Адам болғанның белгісі осы деп біледі. Сол мінез, сол түсінік менің шешемде де бар. Бір кезде Сəрсебек ағайыма да үйлен, «үйге бір шүйкебас кіргізіп бер» деп құлағын қажап маза таптырмайтын.
Қаныша жеңгем шешемді қостады:
- Жақсы адам болса, біріңді бірің шынайы сүйсеңдер, бар да алып кел. Ендігі жылға қарайтын түк те жоқ. Сен оқуынды бітіргенше осында болар. Менімен бірге қызмет істер.
Қашайын деген қоянға тəйт деген себеп, мен енді үйленуге бел байладым. Зағышпен бұрынғы жасаған уəде-жоспар тас-талқан бұзылды. Алматыға оған тығыз телеграмма жөнелтілді: «Күт мені. Келем!»
***
Тұйықтың халқы Нүрəліден қүтылған. Колхоз председателі бұл кезде Ақжігітов дейтін ындыны жуас, адал, өте бір қарапайым, жақсы адам. Қарасаздан келген. Мен оны бұрыннан білем. Соғысқа дейін ауданда колхоздың бастығы болатын. Сол Ақжігітов менің үйленгім келетінін біліп, есімнен кетпейтіндей жақсылық жасады.
Бірнеше айдың жалақысын құрастырып, осы көктемде жеңгем біреуден бір ұрғашы тана сатып алған екен. Өссін, сауын болсын деген үміт-тағы. Ақжігітовтың жəрдемімен соны енді колхозға өткіздік те, орнына мынау деген əрі үлкен, əрі семіз пілдей көк өгіз алдық. Оны Қарасазға апарып сойып, етін қасап етіп саттым. Еттің əрі зəру, əрі қымбат кезі. Жарты күнге жеткізбей талап əкетті. Түскен ақшаны қалтама салып алдым да, Алматыға Зағышқа тарттым.
Институттарда оқу жылы аяқтала қоймаған. Менімен бірге оқитын студенттер əлі демалысқа тарап үлгермеген.
Зағышменің не оймен шұғыл келе жатуымды, əрине, түйсінеді.
Міне, ол екеуміз тағы да біргеміз.
- Неге келдің? — деп күледі.
- Сені алып кетуге келдім.
- Уəде қайда?
- Уəде бұзылды.
Ресторан жалдап, той жасап үйленуге шама келмейді. Ең жақын деген бес-алты жолдастарыммен Зағипаны ортаға алып, парктегі ашық асханаға келдім. Шампан, тəтті сусындар алдық. Біздің ерлі-зайыпты болуымызды осылай атап өттік.
Той соңынан жолдастарым жатақханадағы бөлменің кілтін маған беріп, қолымды үнсіз қысып, «таңертеңге дейін сау болыңдар» деп өздері басқа жақтан орын тауып, түнемекке тайып отырысты.
Зағышты қолтықтап, жатақханаға алып келдім. Шам жақтым. Біреуіне біреуі тақала қойылған алты төсек. Со-ның терезе жақ бұрыштағы біреуісі менікі. Осындағы басқа төсектерден ешқандай да айырмасы жоқ.
Тап кəзір қолым жаңа жеткелі тұрған жар сүюдің қуанышын ойлап, жүрегім атша тулап, есікті ішінен кілттеп, бекітіп жатырмын.
Шам сөндірілді...
Сөйтіп, бас-аяғы бір түннің ішінде семьялы адам болып шыға келдім.
Көк өгіздің біраз ақшасы қалтада. Зағышекеуміз оған көк базардағы дүкендерді аралап, екі кісілік темір кереует, жамылғы-төсеніштəрізді біраз заттар сатып алдық. Өзіміздің ауданның жолшыбай бір машинасы кездесіп, ешқандай əуре-сарсаңсыз Тұйыққа жетгік.
Есіктің дəл алдында дыр ете қалған машина дауысын естіп, үйден шешем атып шықты. Соңында көрші əйелдер. Келген біз екенімізді көріп, шулап үйге қайта кіріп кетті. Дайындаған шашулары бар екен. Машинадан түсіп те үлгермеген Зағыштың төбесінен қант, кəмпит, қүрт аралас нөсер тасырлап жауды да кетті.
Шофердан бастап, талапайлап теріп жеп жүр.
...Күз. Қалаға қайтып келдім. Əлі бір курс оқуым бар. Зағипа өзіміздің ауылдағы мектепке бастауышкластардың біріне мұғалім болып орналасқан.
Тек шешем ауырып қала береді.
Көктем. Лекция баяғыда тоқтаған. Мемлекеттік емтиханға бас алмай дайындалу үстіндеміз. Қаныша жеңгемнің қолымен телеграмма алдым: «Ұлды болуыңмен қүгтықтаймын!»
Ура! Мен əкемін! Əке қандай қуаныш! Ұл тапқызған əкемін. Бұл енді мақтануға тұрарлық жай. Жатақханада өзіммен бірге тұратын жолдастарым түйгіштеп жүр:
- Ұлыңды жуасың, — дейді. Е, жумай ше!
Бөлмеде гу-гу етіп, менің ұлымды жуып отырмыз. Мұқан да осында.
- Сен дұрыс істедің. Былтыр үйленбегенде, Зағипа саған жоқ еді, — дейді. Өзінің басқа біреуге, көлденең көк аттыға бұйырған Маржаны есіне түсіп, бір сəтке түнжырап, сұлқ отырып қалады.
- Оу, сəбиге ат қою керек емес пе?
- Атты мүмкін, қойып та қойған шығар?
- Жоқ, қоймайды. Əкесінің еркінсіз балаға ат қойылмайды.
- Онда ат табыңдар. Мынау деген əйдік ат болсын. Адам аттары қарша борап жауып кетті: Бақыт, Серік,
Қуаныш, Мұрат, Арман... Біреу тізіп жазып отыр.
- Тағы қандай ?
- Дарын, Мақсат, Жігер...
Əркім дүниедегі ең соны, ең əсем атты айтпаққа тырысады. Сəбидің алдағы уақытта кім болып шығатыны оған бүгін қойылмақшы атқа тікелей байланысты тəрізді.
— Соны, соны ат болсын.
Соны ат оңайлықпен табыла ма? Мұндай кезде адам ойлап жарыта ма? Тіліне бірінші оралған атты айта салады:
- Есіл болсын.
- Есіл ол өзен аты.
- «Есіл ер» дейтін де сөз бар емес пе?
- Есіл ер деп өлген адамға айтады.
- Тəйт, жағың қарыссын!
Өңешті жырта-жырта, ақыры, «Қуаныш» деген атқа тоқтадық. Ата-анасының тұңғышқуанышы, кəзіргі нақ көңіл күйі.
- Идея!
- Айт!
- Осы отырған бəріміз де бір кезде үйленеміз. Бəріміз де ерлі-зайыпты боламыз.
- Мына мен үйленбеймін!
- Үйленбесең, өзіңмен кет! Тынышотыр, мына менде мынадай бір ұсыныс бар: тұңғыштуған балаларымыздың атын қай-қайсымыз да Қуанышдеп қояйық! Өйткені...
- Ура! Мен қолдаймын!
...Өйткені Қуанышдеген ат ұлға да қызға да бірдей жарасымды.
- Табылған ақыл!
- Мынау тарихта қалатын нəрсе!
- Əй, осы өзі тегін емес. Осының басы бас-ақ! Бəріміз серт байласып, қол алыстық.
Арада екі-үшжылдай уақыт өтеді. Осы отырғандардың бəрі семьялы болады. Дүниеге тұңғыш балаларын əкеледі. Бəрінің аты ҚуанышҚазақстанның түпкір-түпкірінде кілең Қуанышатты
балалар мен қыздар томпаңдап жүгіріп жүреді.
- Кəне, сол үшін!
- Кілең Қуаныштар үшін!
Осы отырған бəріміз де сертімізде тұру үшін!
48
Бірінші мемлекеттік емтиханға дейін əлі де он шақты күн. Шыдай алмадым, салып ұрып Тұйыққа, үйге келдім. Өзімнің көшірмем боп, (мен бұған шəк келтірмеймін) аузымнан түсіп қалғандай ұлымды көргенше ғажап ынтық едім.
Сөйтсем мына қызыққа қараңыз, сəби жеті айлық болып, шала туған. Үлкендігі қолдың басындай, нəзік, тырбаң-тырбаң еткен қызыл шақа бірдеңе.
Бірақ пысық, жылағанда дауысы құлақтан өтеді. Емшекті құшырланып, сүліктей жабысып алып, барынша рақаттанып емеді. Ана құрсағында байыздап жата алмауы, тегі мінезінің өзіме тартқан жеңілдігінен болар.
- Қуаныш, əй Қуаныш! — деп, бетіне төніп дауыстасам, титімдей көздерін тыжырынып алды.
Сəбидің шала туылуына, шындығында, Зағипа өзі кінəлі еді. Ай, күні тақалғанға дейін күтінуді білмеген, аяғы ауыр əйелдер қатаң сақтауга тиісті тəртіп-режімнің бірін де сақтамаған. Дəл босанатын күнге дейін демалыс алмай, қызметіне барып жүрген. Дəрігерге көрінбеген.
Бұл соңғысы Зағипаның кінəсі емес еді. Өйткені ауылда дəрігер жоқ.
Кызмет десе Зағипа өзін-өзі ұмытатын əдеті.
Тірі ойыншық тəрізді тырбаңдаған, шала туған Қуанышты ендігі бағып-қағушы өзі аурушаң шешем. Түнде ол бесікті төсегінің қасына алып жатады. Сəбидің қыңқ еткен дауысы естілсе, тұрып тербетеді. Асты су болса, жаялығын ауыстырады. Күн ара темір пешке от жағып, легенге су ысытып шомылдырады.
— Өс! Өс! — деп аяғынан, қолынан салбыратып ұстап созғылайды.
Маған сол кезде сəбидің əлі бекімеген нəзік аяқ-қолы үзіліп кететіндей көрінеді. Ол шыр-шыр етіп жыласа, жаным ашып:
- Апа, ауырттыңыз ғой, ақырын, — деймін.
- Тəйт! Маған ақыл айтпай, аулақ кет! Өзің қалай өскеніңді білемісің?
Үйде апам барда мен Қуанышқа онша көп жоламаймын. Анадай жерде столда бас алмай, емтиханға дайындалумен болам. Апам оны-мұны жұмыспен үйден шығып кетсе-ақ, бесіктегі сəбиге жетіп барам.
— Қуаныш! Əй, Қуаныш!
Бет-əлпеті əлі қалыптасып болмаса да, сəбидің аумаған өзім екені селтиген танауынан, жұп-жұқа қызғылт еріндерінен, қас-қабақ бітімінен бірден танылғандай. Соған бір түрлі ішім жылып, қызықтап қуанып қараймын.
***
Қуанышкөп жасамады. Сəбидің ажалына бірден себепкер өзім болдым. Өзімнің ақымақшылығымнан өлтірдім.
Бір күні бесіктегі Қуанышбез-без етіп жыласын. Бұл кешке қарай еді. Сірə, емшек еметін кезі болған. Үйде менен өзге ешкім жоқ. Зағипа мектепте сабағында. Келетін уақты болып қалған.
Мүмкін, келе жатқан шығар.
Тербетіп ем, сəби жұбанбады.
Терезеден қарап, мектептен тарап келе жатқан оқушы балаларды көрдім. Яғни Зағипа да келе жатыр. Мен Қуанышты оның алдынан алып шықпақ болып, бесігінен шешіп алдым. Асты су екен. Басқа бір алақандай қүрғақ шүберекке асығыс орай салдым.
Сəбиді міне тысқа алып шықтым. Əке боп, көшеге елкөзіне тұңғышрет бала көтеріп шығуым. Өзіме осыны мақтан, дəреже санағандаймын.
Бұл май айының іші. Тыста тызылдап соғып түрған қара суық. Сəби безілдеуін қоя қойды. Титімдей нəресте қолға алғанды кəдімгідей біледі.
Мектеп көшенің ең шетінде, дөң үстінде. Соған қарай аяғымды жайлап басып, келе жатырмын. Ең соңғы балаларға дейін қасымнан өтіп кетті. Ал Зағипаның қарасы корінбейді.
Жүре-жүре мектепке де жеттім. Ішке бала көтеріп кіру-ді ыңғайсыз санап, сол арада сыртта тағы бірталай түрып қалдым. Жер жүтқандай Зағипа əлі жоқ.
Сəби безілдеп, тағы жылай бастады.
Мен оны жүбатпақ боп орауымен секіртіп аспанға атам. Сəби жүбанбайды, одан бетер шыр-шыр етеді. Тəжірибе-сіз қолмен алқам-салқам орала салған көрпеше əлсін-əлсін орауы жазылып, сəбидің жалаңаштəні көрініп те қалады. Мен маубас бұған мəн бермеймін. Уыздай нəзік нəрестеге суық тиюі мүмкін-ау деп ойлап та қоймаймын.
Бір кезде, əрең дегенде, мектептен Зағипа шықты. Мұнша неге кешіктің десем, директор шақырып, отырып қалдым дейді.
Мектептен шыға, суық жел азынаған төбешіктің үстінде отырып ол шыр-шыр еткен Қуанышты емізе бастады. Сəбиді мүлдем өлтіруге ол маған солай көмектесті.
Үйге келісімен шешем баланың бетін ашып, қарап жіберді де:
— Тұқымдарың құрып кеткірлер-ай! Сендер мына баланы құртыпсыңдар ғой! Қырқынан шықпаған нəрестені қылтанақтай етіп, көшеге желге алып шыққан кімді көріп едіңдер? Балаға суық тигізіпсіңдер ғой! — деп жылап жіберді.
Екі өкпесі сыр-сыр етіп, еті күйіп-жанып жатты да, Қуанышсол түні ел жатар кезде қайтыс болды.
Ең соңғы рет ышқына демалып, ап-айқын сəби көздерін кең етіп ашып, маған жəудірей қарағанын айтсаңыз. «Əкем, қайтейін, хошбол. Дүниеге келмей жатып кетуіме себепкер өзің болдың» дегендей адамның іші-бауыры елжірегендей күнəсіз ауыр мүң, наразылық бар еді көз қарасында. Сəбидің сол кейпі есімнен өмір-бақи кетпек емес.
49
Мемлекеттік емтиханның болғанынан боладысы қорқыныш. Осыншалық жауапты үлкен сыннан бір де бір студент сүрінгенін мен өзім көрген жоқпын. Тіпті, аузың қайсы десе, мұрнын көрсетіп, қасақана сүрінгісі келсе де, сүріндірмейтін тəрізді. Комиссия мүшелерін, бірі қолынан, бірі қолтығынан демеп дегендей, асудан қалай да, асырып əкетеді. Олар тек осы үшін — ешкімді емтиханнан құлатпау үшін отырғандай.
Шынтуайтқа келгенде мемлекеттік емтиханның маңын көруге жарамайтын мəубастар біздің курста бар болатын.
Ондайларға комиссия мүшелерінің айтар сөзі мынадай секілді:
— Шырақ, мемлекет сені төрт жыл бойы тегіннен тегін оқытты. Қоғам үшін қажетті білімді маман етіп шығару жолында қыруар қаржы жұмсады. Енді кеп маман болмаймын, надан болам, институтты бітіргім келмейді дейсің. Жоқ, шырақ, оныңнан түк шықпайды. Маман болсаң да боласың, болмасаң да боласың. Институтты бітірсең де бітіресің, бітірмесең де бітіресің. Бұл үшін мына отырған комиссия мүшелері тиісті орындардың алдында бастарымызбен жауап береміз.
Дəл осылай дейтін тəрізді. Онысы рас-ау деп те қаласың.
Ал білімсіз нашар маман даярлағаны үшін оқу орны жауап беріпті дегенді мен өзім естіген жоқпын.
...Ең соңғы мемлекеттік емтиханды «беске» тапсырып, арқамдағы ауыр жүктен біржолата құтылып, шығып келе жатырмын. Есік алдында дəлізде əлі емтихан тапсыруға кірмеген, топырлаған өзімнің студент жолдастарым.
— Қалай тапсырдың?
— Қандай сұрақтар келді?
Мен жауап беру орнына əлгілердің қоршауынан шеткерірек сытылып шықтым. Сосын шекемнен ежірейе қарап:
- Ей байғұс, студенттер-ай, жаным ашиды. Сендер де маған ұқсап институт бітіретін күндерің болар ма екен! — дедім.
Жолдастарым еріксіз күлісіп жатыр.
***
Мемлекеттік емтихан басталмас бұрын бізді — институт бітіретіндерді — қызметке бөлу болған. Аспирантурада оқуға қалу, астанада қызметке қалу, басқа қалалардағы жоғары оқу орындарына, техникумдарға мұгалім болып бару секілді болашағы бар, мəнді қызметтер, яғни жіліктің майлы басы күні ілгері əркім-əркімге меншіктеліп, атап-атап қойылған. Ол «əркім-
əркім» оқуды озат оқитындармен қатар жоғарыда сүйеніші барлар, тоқпағы мықтылар.
Ал менде тоқпақ та, сүйеніште жоқ. Бірақ, оқуды мен де озат оқимын. Төрт жылдың ішінде бір ғана пəнді «төртке» тапсырдым. Қалғанының бəрі «бес». Мемлекеттік төрт емтиханның бірін «төртке», қалғанын «беске» тапсырдым.
Соған қарамастан маған жіліктің майлы басы түгіл жай басы да бұйыратын емес.
Қызметке бөлетін комиссияның алдында тұрмын. Тым құрса Алматы облысына қалдыруды өтінем. Біріншіден, осында туып-өстім. Өз облысым. Екіншіден, əдебиетпен əуестенуші жас ақынмын. Өлеңдерім газет-журнал беттерінде басылып жүр. Балаларға арналған тұңғыш өлеңдер жинағымды жуырда баспа қабылдап алды. Астанадан ұзап кетсем, бұндағы өзім жаңа үйір бола бастаған əдеби қауымнан қол үзіп алам ғой деймін. Бұның бəрін комиссия мүшелеріне əрі мақтан етіп, əрі бүйректері мен жаққа бұру үшін айтам.
Сөйтсем, менің өзіме де, талантыма да пысқыратын жан көрінбейді. Комиссия председателі Оқу министрлігінен келген, камбала тəрізді қарны қампиган тапал сары шал:
— Мылжыңдамай бол, аталған мектептердің біреуін таңда, — деп əуелі зекіп, ұрса бастады.
Ол атап, ұсынып отырған мектептер Қазақстанның қайдағы-жайдагы қиыр түкпір-түкпірінде. Шырт етіп, қырсығым үстап:
— Мен ол аталған мектептерге бармаймын, — дедім. Сары шал қасындағы институт директорына бұрылып:
— Осындайлар институтқа қалай түсіп кетіп жүр? Қуу керек қой! Институт есігіне бір шақырым жерден қуу керек бұндайларды! — деді.
Болар іс болғасын мен де тартынбадым. Енді мені Камчаткаға айдаса да бəрі бір еді:
— Сіздер қызметке дұрыс бөліп отырган жоқсыздар! - дедім.
Сары шал шақ-шəлекей болды:
- Сен бізді тексергің келе ме? — деп столды быртық жұдырығымен қойып келіп қалды. — Қара! Қара мұны! Анкетасының түрі болса мынадай сатпақ-сатпақ... беспартийпый... бір емес, екі рет сотталған, сөйте тұрып тағы өзі... жіберген мектепке барғысы келмейді. Олай болса біз саған мүлдем жұмыс бермейміз! Ал онда қайтер екенсің? Иди куда хочешь. Жалуйся кому хочешь. Ишьты!..
Ашуы алқымына тығылған сары шал сөзінің соңын айта да алмай қалды. Бүкіл мойны-басы үш этаж боп қатпарланған бұғағы піскен шаян тəрізді қып-қызыл болып кетті.
Мен оның сөзін үнсіз түрып тыңдадым. Ішімде бомба жарылуға дайын еді. Бірақ жарылмады. Ғажап ұстамдылық көрсеттім. Бəрінен де сары шалдың менің баяғыда екі рет сотты болғанымды есіме салып жатуы етім түгіл сүйегімнен өтетін тілдеу, жəбірлеу.
Осы бір жексұрын атақ-сөзден менің құтылатын күнім бола ма, жоқ па?
Жігіттік ар-намысым қажап, соңынан бір-ақ өкіндім. Комиссия алдына бармас бұрын бір стакан ащы арақты ішіп алмағаныма, сөйтіп батыр боп бармағаныма өкіндім. Онда əлгідей адамшылығымды күл ететін жəбір сөзді үнсіз тыңдап тұрмас едім. Сары шалдың да, ол отырған столдың да астын үстіне келтіретін едім.
Оған да, қасындағы комиссияның басқа мүшелеріне де бұл сабақ болар еді.
Мен бе? Мені қойшы. Мен не көрмеген, неге көнбеген жанмын.
ҮШІНШІ ДƏПТЕР
1
Тулағанмен ештеңе тындыра алмадым. Менің тағдырым Оқу министрлігінің қолында еді. Оларсыз барар тау, басар жерім жоқ жəне де өмірдің осынау кең жолына қадам аттап шығар кезде артыма бірқыдыру бықсыған шала байланарын сезгендіктен, ақыры, əлгі аталған мекемеге сүмірейіп, қайта қайтып келдім. Сырт тұлғасы камбалаға ұқсайтын мені иттен жек көріп үлгерген быртық сары шалдан — министрліктің кадрлар бөлімі бастығының алдынан — қайта шығуға мəжбүр болдым. Алысқа ұзай қоймайтынымды ол білген. Мойнымдағы бұғалықтың бір ұшы шеңгелінде екенін, оны үзіп жөнелуге дəрменім жоқтығын ол білген.
Көнбіс болған мəстекше ерте ме, кешпе ноқтаға басымды өзім əкеп тығатын кезімді күтіп отырған.
Кеспелтек семізше денесін орындықтың арқалығына мығымдай тіреп, мен жеңілген, ол жеңген тəкаппар пішінде мысқылмен сөйледі:
- Кел, кел, бунтарь жігіт. Қалай, ақылың кірейін деді ме? Алыс облыстардың біріне қызметке баратын болдың ба? Жоқ əлде...
Жуасып келіп тұрғанымды түрімнен байқаған ол сөзінің соңын айтпады.
- Бармасқа лажым жоқ.
- Өкімет сендерге қыруар қаржы жұмсап оқытады, білім береді. Ал сендер мемлекет алдындағы борыштарыңды ұмытасыңдар... — деп шал жаттанды сөздерімен тағы біраз қажай түсті.
Екі иығым салбырап, тілімді тістеп, тұра бердім. Бір ауыз қарсы сөйлесем, өзіне қарсы қол көтерген қабаған итше өшіктіріп алам. Ол маған тап қазір зиян. Өйткені алыс облыстардың да күн көруге қолайлы дұрыстау, бұрыстауы бар. Соның дұрыстау біреуіне жіберсе екен деп тəуелдімін.
Бағамды онша түсіргім келмей, кергіген болдым да, келістім, ақыры. Ендігі дəм маған кең байтақ Қазақстанның, оңтүстік батысынан, өзім бұрын болмаған, көрмеген Н. облысынан бұйыратын болды. Бұрын тек сырт естумен білетін бейтаныс өлке. Бейтаныс адамдар.
Министрлік əйеліме де осы арадан жолдама беріп жіберетін болды.
- Шет облыстарға сендер бармағанда кім барады? Білім мен мəдениеттің ұрығын ауылдық жерде сендер сеппегенде, кім себеді? Алыс облыстарда осы күнге дейін əлі де бір жоғары дəрежелі білімді мұғалімі жоқ орта мектептер бар. Қалай ойлайсың, осы жарай ма?
Сары шалдың бұл айтып жатқандары, əрине, қисынсыз емес еді.
***
Поезд үсті. Плацкарт вагон. Оңтүстік қайдасың деп, Зағышекеуміз жолға шыққан бетіміз.
Бір айдан аса Тұйықта, елде болдым. Ол менің үлкен еңбек жолына аттанар алдында демалып, күшжиғаным іспетті еді.
Шешем мен Қаныша жеңгем бізге ілеспеді. Жылы орындарын əзірше суытпауды, Тұйықта қала тұруды лайық көрді. Қандай ел, қандай жер кез келерін кім біліпті. Əуелі өздерің барып көріңдер. Жайғасыңдар. Жағдайларың келісіп, сол араны түпкілікті жерсінгендей болсаңдар, біздің баруымыз қашпас деген сөз айтты шешем.
Мекенсіз, елсіз біреулерше бір-екі бөстек көрпе-жастығын арқалап, бір дегеннен біздің соңымыздан ұбап-шұбағанды жөн көрмеді.
Бұнысы жөн еді.
Поездың жүрісі біртін-біртін үдей түсті. Алматы бұлдырап артта қалып барады. Өзіміз пəлен жыл оқу оқып, білім алған, туған аулымыздай етене болған бауырмал қала бізбен қошайтысып, артта қалып барады.
Қызығы, шыжығы мол ұмытылмас студенттік өмір артта қалып барады.
Алда буалдыр басқа өмір, басқа тірлік. Ыстық-суығы бара-бар қастерлі ұстаздық қызмет.
***
Купедегі бір орын астынан, бір орын үстінен тиген. Жүк дейтіндей бізде не жүк болсын. Екеу ара бір қара чемоданымыз бар. (Зағыштың маған қосылғанда өзімен бірге ала келген, бір де болса «бірегей» жасау-мүлкі.) Жəне буаз мегежіннің қарнындай салпиған, олпы-солпы буылған бір бума теңіміз бар. Басқа дүниеден құр аманбыз.
Буманы төбедегі жүк қоятын сөреге, чемоданды астындағы қуысқа жайғадық.
Терезенің ар жағы дала. Етек-жеңі далиған, көз тоқтар бұлдыры жоқ. Қазақтың жайдақ кең даласы. Жер танабын қуырған жүрдек поезд даланың осы кеңдігін жеңе алмағанына ыза болғандай оқтын-оқтын құлақ тұндырып ақырады.
***
Төменде, бізге қарама қарсы орында, түр-түсі бір көргеннен есте қаларлықтай, басы өгіздің басындай үлкен, көз қарасы ойлы да байсалды, ақ бас орыс шалы келе жатыр. Бүкіл бетін, мойнын, мұрнының танау-танауына дейін айғыздап əжім басқан. Қызарған екі көздің алды салбыраған екі ісік дорбаша. Қысқасы, талайды көрген, от пен суды талай кешкен адамның сыңайы.
Манадан Зағипа екеумізге барлап көз тастаумен отырған ол бір кезде сəл ыңыранып, біздің назарымызды өзіне аударып алып, қоспасы жоқ тап-таза қазақ тілінде:
- Балалар, жолдарың болсын. Қайда кетіп барасыңдар? - деді.
Мен Алматыда оқу бітіргенімізді, өзіміз бұрын болмаған оңтүстікке, Қорған дейтін ауданға, мұғалімдік қызметке кетіп бара жатқанымызды айттым.
Шал тағы да ыңыранып қойып:
— Өз еріктеріңмен бара жатырсыңдар ма? Болмаса, зорлап жіберді ме?
Мен мырс еттім:
- Е, неге зорлайды? Өз еркімізбен.
Жақсы, Қорғанға да жоғары білімді адамдар баратын болған. Бұл енді өте жақсы.
2
Міне, облыс орталығындамыз. Күн күйіп тұр. Жеміс-көктің бəрі дерлік піскен.
Вокзалдың алды-арты түгел базар. Он адам бас қосқан жер базар.
Қазағы өзбек, өзбегі қазақ болып кеткен. Бастарындағы ала тақияға қарап, ажырату қиын.
Шеттен келген адамды сонадайдан таниды. Жақындай бастасаң;
- Əке, ал, алың, — деп шоңайнаша жабысады. Жүгімізді сақтық камерасына қалдырдық та, қалаға келдік.
Облыстық оқу бөлімінің кеңсесін тауып алдық. Қорғанға бармас бұрын əуелі осыннан бұйрық алуымыз қажет.
Бізге керегі кадрлар бөлімі. Дəу де болса анау, қаңылтырмен қапталған қара есік. Иə, қателеспеппін.
Мекеме атаулының бар құпиясы, сірə, осы кадрлар бөлімінде сақтала ма деймін. Өйткені, мен көріп жүрген кадрлар бөлімінің бəрі дерлік темір есіктің ар жағында болады. Бөгде адамды онда кіргізбейді. Темір есікке қатарлас немесе темір есіктің дəл орта тұсында адам басы сияр-симас үңірейген тесікшесі болады. Сол арқылы сөйлесіп, тіл қатысады.
Бұнда да солай. Есікті тартып көрсем, мызғымайды. Сөйткенше болмады, есіктің орта тұсындағы төрт бұрышты тесікше əрмен қарай ойылып, ашылып кетті. Түр-түсі егде тартқан сары əйел отыр.
— Сізге не керек?
Ерлі-зайыпты екеуміз осы облысқа мұғалім болуға келген адамдар екенімізді айттым.
- Жолдамаларыңыз бар ма?
- Бар.
Тоқымдай екі жолдама тесіктен ары сүңгіді. Тесік сарт етіп, қайта жабылды. Күтудеміз. Шын жолдама ма, өтірік жолдама ма анализ алып, зерттеп жатқан тəрізді.
Тесік қайта ашылғанда, кадрлар есебінің терліктей екі листогі менің мұрнымның астында тұрды.
— Мынаны толтырасыздар. Өмірбаян жазып, қосып алып келесіздер.
Таныс əуен. Таныс сөз. Зағипа да, мен де бұған шеберміз. Сол арада отыра қалдық та, жаздық. Толтырдық.
Қағаздарды қайырып беріп жатып, дауысымды барынша биязылап:
— Біз сізден өтінеміз: мүмкін болса, сіз бізді қаладағы немесе қала маңындағы мектептердің біріне қалдырсаңыз екен, — дедім.
Сары əйел қарсылық айтуға болмайтын, кесіп-пішкен үнмен бір-ақ қайырды:
— Министрлік қайда жіберсе сонда барасыздар.
***
Поезға қайта отыруға тура келді. Тағы да екі жол жүріп. Шұбар дейтін станциядан түсеміз. Одан əрі Қорғанға жолшыбай кездескен машинамен жетеміз. Екі орта, бұндағы жұрттың айтуынша, екі жүз километр.
Вокзалға қайта қайтып келдік. Шұбарга дейін билет алайық десек, касса жабық. Неге жабық екенін ешкім білмейді.
Өшіретте тосып тұрған халық. Біз де тұрдық.
Бір сағат тұрдық. Касса жабық. Неге жабық екенін ешкім білмейді. Поезд келетін мерзім тақап қалды. Вокзал қызметкерлерінің əркім-əркімін мазалап, сұрай бастадық.
— Билет поезд келер алдында сатылады, — деді. Құп, басқа салса амал не, оған да шыдайық.
Міне, поезд келер уақыт тақады. Касса жабық. Жүрт енді мазасыздана бастады. Кассаның терезесін тоқпақтап ұру көбейді.
Касса ашылды. Ар жақтан:
— Билет сатылмайды. Поезда орын жоқ! — деп хабарлады.
Мəссаған!
Жұрт у-шу, опыр-топыр болды. Күйініп, ұрсып, боқтап жатыр.
- Бұлар ылғи да өстеді!
- Адам емес...
- Əдейі өстеді!
- Жулики!
Манадан кассаның тесігін баққан халық ұбап-шұбап, буыншақ-түйіншектерін арқалап, сыртқа перронга қарай лап қойды. Біз де ілестік.
Ысылдап-пысылдап, салмағымен темір жолды майыстырып, Алматы жақтан поезд келіп тоқтады. Жұрт вагон-вагонға ұмтылысты. Проводник билет сұрайды. Билет жоқ.
Байқасақ, билеті жоқтар қайтып кетпей, вагон-вагонға тырмысып мініп жатыр. Проводникпен
күбірлесіп сөйлеседі. Көз қысып иек қағысады да, лып етіп, мініп алады.
Мен-дағы тез түсіндім. Жас жігіт проводниктің құлағына қайда баратынымызды айтып сыбыр еттім. Ол маған сыбырлап, төлейтін ақшамыздың санын айтты.
Сонымен шаруа бітті.
Ішке кірген соң қарасақ, вагонда бос орын көп.
Он екі-он үшжасар қыз ерткен қазақ кемпір кіріп келе жатыр. Иығына артып алған қоржыны бар. Басында кимешек, терлеп-тепшіп кеткен.
Əлгінде кассаның алдында өшіретте ол да тұрған.
Кемпір менің тура қарсыма келіп отырды. Вагонда бос орынның көп екенін көріп, күйіп-пісіп жатыр:
- Қараң қалғыр неме, орын жоқ дейді. Енді қара, мынау-мынау орындар түгел бос. Одан да билет сатса, несі кетеді?
Кемпір басы-көзінің терін сүртіп, ентігін басыңқыраған кезде:
Шеше, билетсіз қалай міндіңіз? — дедім. Пысық, қу кемпір екен:
- Өзің қалай міндің?
- Біз проводникке көрінбей, зып етіп, кірдік те кеттік.
- Зып еткізіп кіргізер ол сені!
- Ал сіз қалай міндіңіз?
- Қалай мінуші ем. Ақша бердім.
- Қанша ақша бердіңіз?
- Əй балам. Тексеруші құсамай жөніңе отыр.
Поезд қозғалды. Жол жүрмек болғандардан перрон жым-жылас тазарды. Қалып қойған бір жан жоқ. Сатылған бір билет жоқ.
3
Ермек болсын дедім де, кемпірмен сөзді қайта жалғастырдым. Сыпайылап жөн сұрастым. Біз түсетін Шұбардан ол да түседі екен. Осы өлкенің байырғы тұрғылықты адамы. Қаладағы ұзатқан қызына барып келе жатыр.
Кішкене шошақ иегімен Зағипаны нұсқап:
- Мына бала кім, зайыбың ба? — деді. Мен əзілмен жауап бердім:
- Есебі, солай десе де болады.
- Екеуің де барып, мұғалім болмақсыңдар?
- Мұғалім етпей, директор етіп қойса да қарсылық жоқ.
Кемпір онша ұнатпаған түрмен:
- Əйтеуір, оқу бітіргеннің бəрі осы жаққа келеді, - деді.
- Еліңізге оқыған білімді адамдар келуінен сіздерге не зиян бар?
- Е, зиян болмай. Өзіміздің балалар қызметке тұрайын десе, тұра алмайды.
Кемпірдің қызық кемпір екенін байқаған соң:
- Үлкен кісі, айтыңызшы. Осы жақта əлі күнге қызына қалың мал алушылық бар дейді. Мүмкін, сіз де алған боларсыз. Осы рас па? — дедім.
- Е, алмай. Пəлен жыл асырап, азаптанып өсірген баласын кім бекер бере салмақ?!
- Еліңізде əлі күнге көп əйел алушылық бар дейді?
- Бұл енді өтірік. Көп əйелді неменесіне алады? Бұрынғыдай мал береді дейтін мал жоқ. Көп алғанда екі-ақ əйел.
Кемпірдің мына сөзіне Зағипа да, мен де күліп жібердік. Жас қыз жымиып, ол да күлді. Бейқам отырған сөз иесінің өзі ғана.
Əй бір талайды көрген пəле кемпір боларсың-ау!
- Əлі күнге қыз алып қашу бар дейді еліңізде. Сол рас па?
- Қыз алып қашу деймісің? Ол енді бар. Балам, байқа. Əйелің тым жас көрінеді. Біреу-міреу қыз екен деп ойлап, алып қашып кетіп жүрмесін. Сақ бол. Қасыңнан екі елі шығарма.
Тауып айтылған əзілге біз тағы да жамырай күлдік.
Шұбарға түнде келіп түстік. Бізді қарсы алған ешкім жоқ. Біз танитын мұнда бір жан жоқ. Күндізгі қапырық ыстық қайтқан. Оңтүстіктің желең жүруге болатып жып-жылы қоңыр кеші.
Поезд сəл кідірді де, ал енді қошболыңдар дегендей өңешін жыра бір айқайлап, кетіп қалды.
Вокзалдың күту залына кірдік. Адам аз. Пəлендей қауіп-қатер төнетін орын емес. Сонда да болса сақпын-ақ. Осындай жол жүрген кезде бір шоқып, екі қарау қажеттігін Зағипаға да қайталап айта берем. Өйткені, аузы күйген үріп ішеді деп, аузым талай жидіген. Ауылда аңқау өскендіктің салдарынан жылмақай ұры-қарыға талай рет оңайдан олжа болғаным бар. Бірде қалтамдағы ақша салған əмиянымды, енді бірде дорба толы кепкен нанымды, тағы бірде (түрмеде) аштықтан өліп-талып, əзер қолым жеткенде паек нанымнан айрылып, жігерім құм боп, зарлап қалған сормаңдай өзге емес мен екенімді оқушы, сірə, ұмыта қоймаған да болар.
Менде əкесінің өші бардай ұры-екең, маған талай рет ауыз салған. Бүкіл өміріме ұмытылмастай мықты сабақтар берген.
Біріміз чемодан мен буманы бауырымызға басып жатып, көз шырымын алғанда, енді біріміз қарауыл қараймыз. Вокзал басындағы түнді осылай өткердік.
Күн шығысымен ауа тағы ыси бастады. Вокзалдың маңайындағы тас төселген жерден былайғының бəрі толарсақтан шаң. Қурай, шөп бұталардың бəріне сүмеленіп шаң қонған. Тиіп кетсең бұрқ ете қалады. Біздің Жетісу өлкесінің шаңы бозғылт-қоңыр болады ғой. Бұл араның шаңы үй ақтайтын əк тəрізді аппақ. Киімге жұқса, оңайлықпен кетпейді. Майлы бояу тəрізденіп жабысып, сіңіп қалады.
Зағипага тағы да дүние-жиһазды күзеттіріп қойып, Қорғанға қарай жүретін машина іздеуге кірістім.
Құдай оңдады. Қорғанның тура өзіне баратын жүк машинасы кезікті. Бірақ кабинада орын жоқ. Ал кузовына кілең арбиған шөп машина, шеп тырмалар тиелген.
Мейлі. Қайсы бір сəніміз келісіп жатқан жандармыз. Əйтеуір жетсек болды да. Арбиған қалың көк темірдің ара-сына жайғасып, отырып алдық.
Даланың жабайы жолымен зымырап келеді машина. Шаң көкесі осында. Керуенше шұбалған қою бұйра шаң машинаны өкшелеп қуып келеді. Машина жеткізбеуге тырысып, безіп қашып келеді.
Алдан оқта-текте арық-арна кездеседі. Машина амалсыздан кілт бөгеледі. Өкшелеп қуып келе жатқан қою шаң сол кезде əп бəлем дегендей, үстімізден басып қалады.
Қорғанға кешке қарай жеттік. Аман-сау машинадан түсіп жатырмыз. Ерлі-зайыпты екеуміз бірімізге біріміз қарап, ыржиямыз. Мені қайдам, Зағипаның тұла бойынан жылтыраған көзі мен əппақ тістерінен өзге ештеңе көрінбейді.
Қонақ үй бар екенін біліп, қуанып қалдық. Осындағы көп үйлердің біріндей соқпа там үй. Төңірегі көң-қоқыр. Бізге түнеп шықсақ болды емес пе?
Жалпақ, жуан бөксе қара əйел жүкартқан өгізше пышылдап еден жуып жатыр. Бастық та, үй
сыпырушы да бір өзі көрінеді.
- Орын бар ма?
- Неше адам?
- Ерлі-зайыптымыз.
Еден жуған шүберегінің суын сорғалатып, сəл-пəл ойланып тұрды да:
- Мына төр бөлме қатындардікі. Əзірше соған орналасыңыздар. Ал тағы да əйел қонақ кеп қалса сіз босатып ауыз үйге шығасыз, — деді.
Əйелдердің арасында жата берсем де болмай ма?
- Жатқызса, жата бер.
Басқалар жатқызбағанмен өз əйелім жатқызар.
Сөйтіп төр бөлмеге жайғастық. Төрт төсек. Ауыз бөлмеде де төрт төсек. Бұнда да біреулер бар секілді. Бір-екі төсектің үстінде шашылып жатқан киімдер, заттар.
Үстіміздің шаңын қағып, жуынып-шайынып, асханадан тамақтанып келгенімізше ел орынға отыратын кез болды. Енді жатып тынығуға құштармыз. Машина мықтап соққан — діңкелеп қаппыз.
Ауыз үйдегілер де оралыпты. Мосқал тартқан екі еркек. Ауыл адамдары. Екеуі де масаң. Үйдің ішін көк түтінге толтырып, таяқтай етіп қолдан ораған шылымдарын бұрқ-бұрқ сорып кереуеттерінің үстінде отыр.
Амандасып едім, жауап қайыру орнына алая қарасты.
Төр үйге өтіп, есікті қымтап жауып алдық. Мен шылым шекпеймін. Шылымды тастағаныма жарты жыл. Мемлекеттік емтиханға дайындалу кезінде шылым шексем, басым айналып, көзім қарауытып, жөтелетін болдым. Сосын пəлендей қиналмай-ақ тастап кеттім.
Содан бері шылымды да, шылым шегушілерді де иттей жек көремін.
Егер төр үй оңаша болмай, маған орынды ауыз үйден, мына екі темекішінің қасынан бергенде сорлайды екем.
Шылымның иісі мен түтіні төр үйге де еніп алған.
Терезелерді ашып, үй ішінің ауасын тазартып алмақ болдым.
Сөйтсем, бөлмедегі екі терезенің екеуі де тарс бітеу. Ашылмақ түгіл желдеткіші де жоқ. Мен шошып кеттім. Мынадай ыстықта қапырық, бітеу үйде қалай ұйықтап, қалай демалуға болады?
— Құдайдың нағыз азабы емес пе!
Ұйықтамақ түгіл, отырып та шыдамаймын. Жаздыгүні терезені ашып қойып ұйықтауға əдет алғам.
Жəне екі терезенің екеуі де бір емес, екі қабаттан. Сірə, қысқа бейімделіп орнатылған да, мызғымаған.
Бөлмедегі ауа енді маған өмірі тазармаған, үйдің бүкіл қабырға-төбелеріне əбден сіңіп алған қоңырсық болып сезіле бастады.
Сыртқа шықтым. Жиналып, үйіне кетпек болып жатқан жалпақ қара əйелді тауып алдым.
- Оу, жеңеше, терезелерде желдеткішжоқ қой? Бұл қалай?
- Əуелде солай жасалыпты ғой. Сосын бұл араның желі қатты болады. Үйге шаң толып кетеді. Ыстық болса, есіктерді ашып қойыңдар.
Ақылыңнан айналып кетейіннің əңгімесінің түрі осы.
Ауыз үйдегі мас көршілермен тіл табысып, екі есіктің екеуін де біраз ашқан болдық. Бөлмеге жанға жайлы таза ауа еніп, рақаттанып қалдық.
Қонақ күнде ауысқанмен төсек-орын күнде ауыспайтын секілді. Бір кездегі ақ жаймалар енді қоңыр жаймаға айналған. Көрпешенің сыртынан шешінбестен құлай-құлай кеттік.
Жастығы жастық емес. Ішіне құс жүннің орнына ұмар-жұмар жабағы тыққан бір пəле шекеге тасша батады. Жаймалап тегістеуге көнбейді.
Теңді шештік те, өзіміздің жастықтарды алып жастандық.
Аузы-мұрны бітеу бөлме қайтадан ыси бастады.
Ауыз үйдегі екеу бастары жастығына тиер-тиместен қорылға басты. Бірі мен бірі жарысып кеп қорылдасады. Ұйықтағанда қорылға басатын талай сығайды көріп едім. Өзім де одан құралақан емеспін. Ал дəл мына екеуіндей қорылдағыштарды көрсем, көзім шықсын.
Біреуінен біреуі асып түспесе арам өлердей. Əсіресе, мынау, біздің есікке жақын босағада жатқандікі, тым ерекше. Əн айтқандай əуелі жіңішкелеп сызылтып бастайды да, сосын, біртін-біртін өрлей келіп, нағыз шыңғыруға айналады. Шыңғыру ұшар биігіне жеткен кезде кенет, біреу өңешін орып жібергендей тыныс та, үн де күрт үзіледі. Тым-тырыс болады.
Уһ, біткен шығар деп қуанасың.
Жоқ, бітпеген. Алдамшы тоқырау. Бауыздалған қойдай кеңсірік теуіп шығатын нағыз жуан қорылдаулар міне осыдан кейін басталады.
Екеу қосылып, дуэт боп шыққан кезде, қонақ үйдің қабырғалары дірілдегендей болады.
Қапырық пен қорыл қабат қысқан үйде, үйықтау ешмүмкін емес.
Зағипа да дөңбекшіп, ұйықтай алмай жатыр. Оқта-текте күрсініп:
- Ту, үйдің іші ысып кетті-ау, — деп қояды. Жаным шындап қиналған кезде басыма сап етіп бір ақылдың келе қалатын əдеті...
Тысқа шықтым. Маңай тым-тырыс. Жұрт ұйқы құшағында. Жалпақ қара əйелдің қарасы бұл арадан мүлдем батқан. Үйіне ол мана-ақ кетіп қалған.
Сырттан бөлмеге жұдырықтай тас алып кірдім. Есікті мықтап жаптым да, бөлменің қақ ортасында тұрып, терезелердің бірінің үлкендеу бір көзін қолымдағы таспен періп келіп қалдым. Екі қабат терезенің əйнегі де сыңгыр етіп, қирап түсті. Зағипа бұны күтпеген. Ол шошып:
- Еркін, ол не?! — деп төсектен басын көтеріп алды.
- Тссс... Қорықпа. Жата бер.
Не болғанын Зағипа түсінген тəрізді.
Ауыз үйдегі екеу терезе сынбақ түгіл, бомба жарылып жатса сезетін емес.
Жағдай өзгерді. Терезенің бірінде желдеткішпайда болды. Сырттағы салқын таза ауа бөлмеге будақ-будақ кіре бастады. Енді ұйықтауға да, демалуға да болады.
Таңертең оянсақ, қонақ үйдің қожасы келген екен. Мен оған қираған терезелерді көрсеттім. Түнде əлдекім көше жақтан тас жіберіп, сындырып кеткенін айттым.
Ол бірден сенді.
— Тұқымың құрғыр, осында бір оқуды тастап кеткен бұзақы балалар бар. Тіпті жан таптырмайды. Кинодан шыққан соң құтырған солар ғой. Басқа кім дейсің, — деп жатыр.
Күдік ойламайды.
Зағипа екеуміз бірімізге біріміз қарап жымыңдасамыз.
4
— Алматыдан келдік дейсіңдер ме? Өте жақсы. Жазда барып қайтқам. Сыраның өшіреті деген керемет болады екен. Сыра іздеп, бармаған жеріміз жоқ. Сонау қаладан шығып кеттік. Қарасаз ауданын білем. Біздің бір ағай соғыс жылдары прокурор болып істеген. Қылмыс көп дейтін еді. Қазір енді ондай емес шығар. Түзелді ғой... Үшорта мектеп бар ауданымызда. Жеті орталау мектеп... Жо, жо, бұнда орын жоқ. Бұнда екеуіңізге бірдей нагрузка табылмайды. Əсіресе, тіл мен əдебиеттен. Көкөзекке барыңыздар. Аудандағы алдыңғы қатарлы орта мектеп. Онда екеуіңізге де орын бар... колхозы бай. Əлібеков дейтін директоры бар. Көптен істеп келе жатқан, осы араның тұрғылықты адамы. Бар жағдайды жасайды. Жоқ, алыс емес... Көкөзек бұл арадан... Молдеке! А, Молдеке! Молдеке, Көкөзек бұл арадан қанша шақырым? Жо, отыз болмас. Мықтағанда жиырма бес шақырымдай. Əйтпесе одан да кем... Машина, көлік жүріп жатады...
Аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі Əміров жастау жігіт екен. Сөзі де мінезі де ұшқалақтау көрінді маған. Астынан су шықандай ұшып-қонып отыр. Сабалақ елтіріге ұқсайтын бұйра шашын əлсін-əлсін саусағымен тарағыштап, көзін жыпылық-жыпылық еткізіп қояды. Бір сөз айта бастасаң, соңына дейін тыңдамай, өз сөзін өзі қызықтап, лағып кетеді.
Біз қызметке Əміров айтқан Көкөзекке баратын болдық.
Ауданның қай түкпіріне қуаласа да бізге енді бəрібір еді.
Жолшыбай кездескен жүк машинасына отырып, тағы да шаңға иленіп жеттік.
Поселке жазық жерге орналасқан. Көше-көшеде селтиіп өскен ағашта шамалы. Бұнда да шаң. Мектеп үйі кіре беріс шетте екен. Дəл есігінің алдына кеп машинадан түсіп қалдық.
Мектепке жүгімізді арқалап кірдік. Екі-үшəйел қарқ-қарқ күлісіп, үй ақтап жатыр.
Мектеп директорын кабинетінен таптық. Орта бойлы, шашы мықтап сұйылған, шақша бас тарамыс қара сүр кісі жылан көзіндей кішкене суық көздерімен үңіле қарап қарсы алды.
Отыр да демеді.
- Əлібеков жолдас сіз боласыз ба?
- Иə, мен.
Мен жөнімді айттым.
Аудандық оқу бөлімі бұйрығының көшірмесін Əлібеков басын тұқырып алып, ұзақ қадалып оқыды. Сосын маған қарап:
- Шырақ, қай рудан боласың? — деді.
Мен дəл мұндай сұрақ күтпеген едім. Қазақтың салған жерден ру-руға сұрасып жатуын жаратпаймын. Сəл бөгелдім де айта бастадым:
- Ұлы жүз боламыз. Ұлы жүз ішінде Албан...
Бетінде ешқандай сезім белгісі білінбей, сөзін тəптіштеп сөйлеп:
- Шырақ, Албанға да, басқаға да бұл мектепте орын жоқ. Келген іздеріңмен қайта берулеріңе болады.
Мен өз құлағыма өзім сенбегендеймін. Мелшиіп отырдым да қалдым. Қалжыңы ма, жоқ, шыны ма?
Қалжыңдайтын түрі байқалмайды. Бұйрықтың шетіне жуан қызыл қарындашпен «отказать» деп жазып, шимайлап қол қойып жатыр.
Зағипа таңырқаулы жүзбен маған қарайды. Мен оған қараймын.
- Оу, ақсақал, бұл қалай? Орын болмаса, районо бізді неге жібереді?
- Оны сол жіберген адамның өзінен сұра.
- Қызық екен, — деді Зағипа.
Əлібеков столының тартпаларын бекітті де, орнынан тұрды:
- Ал, шырақ, шығыңдар, есік жабам.
Жүгімізді арқалап, сыртқа шығудан басқа бізде лаж қалмады. Сендермен мəңгі-бақи сөз бітті деген түр көрсетіп, Əлібеков үйді айналып кетіп қалды.
- Мынау бір қызық адам ғой! — дейді Зағипа өңіндегі таңырқау əлі де басылмай.
- Қызықтың көкесі енді басталар.
- О, сұмдық! Мектеп директоры бола тұрып, əлгіндей сөз айтады.
- Жершіл талай қазақты көріп едім. Дəл мынадай сорақы жершілдікті көрсем, көзім шықсын.
- Ал енді не істейміз?
- Не істеуші ек. Қайтамыз ауданға. Барып, тиісті орындарға айтамыз.
Ойымыз түгіл, түсімізге кірмеген əуре-сарсаң басталды.
Поселкенің шетінде тұрып, енді Қорғанға қарай жүретін машина тосудамыз. Керегінде көлік табыла қоя ма.
Көккөзекке жетсек, өз үй — өлең төсегімізге жеткендей бəрі болар деп, ойлап едік. Бар жағдайды жасайды деген Əлібековы былай қарсы алды. Елсіз-күнсіз айдалаға келгендейміз.
Бір де бірі есігінен қаратпайтын жат қабақ жау елге келгендейміз.
***
Бұл арадан тез кетуге асықпыз.
Қарын аша бастады. Асхана бар ма десек, жоқ дейді.
- Дүкен бар ма?
- Бар.
Қыстақтың орта тұсындағы дүкенге келдім. Сатушы өң-түсі түзу жас келіншек.
- Тамақтан өтетіндей неңіз бар?
- Арақ бар?
- Арақтан басқа?
- Тұздаған балық бар.
- Жəне?
- Басқа ештеңе жоқ.
- Мынадай ыстықта арақ ішкен адам өлмей ме?
Олай болған күнде біздің ауылдың адамдарынан адам қалмас еді.
- Нан сатылмай ма?
- Жоқ.
Бөшкедегі тұздалған балықты көріп, жүрегім дір ете қалды. Бітіспес ата жауымды көргендеймін. Аштан өліп бара жатсам, аузыма салмай кетермін.
Оған сойылдай себеп бар.
Ана жылы, ФЗО-дан қашамын деп ұсталғанда, Сібірде бізді аудандық КПЗ-дан Барнауылға поезбен жөнелткен болатын. Қамалғандарды таситын қапас вагон. Тəуліктен артық жол жүреміз. Жолда ыстық астың орнына сонда бізге тұздаған балық берген болатын. Ашадам неге қарайды. Тұз-тұзымен қарпып, сүйегіне дейін қалдырмастан жеп алғанбыз.
Біраздан соң тіліміз аузымызға симай, қаталап шөлдей бастадық. Вагонның тең жарымы əйел де, тең жарымы еркек. Адам көп. Күзеттен шу-шу етіп, су сұраймыз.
- Су!
- Су!
Су бермейді.
Аштықтан шөл жаман екенін мен сонда білдім. Ашболсаң, ұйқылы-ояу маужырап, жата бересің. Ал шөл қысқан адам жатпақ түгіл, өзін қоярға жер таппайды екен. «Су!» «Су!» Кəдімгі қара судан басқа арман жоқ.
Бір шелек суды сарқып бір-ақ сіміруден өзге арман жоқ.
Жол шетінде жарқыраған өзендер, көлдер қалып барады. Шіркін-ай, ішер ме еді деп тамсанасың. Тұздаған балық маған өзін солай танытқан.
5
Кешбоп қалды. Машина тосып əлі түрмыз. Машина түгіл, аудан жаққа қарай тырс етіп қозғалған арба жоқ.
Шұбап, сырт-сырт еткен тұяқтарымен жолдың шаңын аспанға көтеріп, өрістен сиырлар қайтып келеді. Əлібековше олар да бізге жатсынған суық көзбен қарайтын тəрізді. Қайбірінің, тіпті, сүзгісі келетіндей.
Күн батып қас қарайды, Машина тосып əлі тұрмыз.
Жүксіз болсақ, екі етекті түріп алып, жаяу тартып жөнелуден де тайынбас едік. Жиырма бес шақырым сыбай-салтаң адамға бұйым ба, тəйірі. Бұдан əлсіз, бұдан өлермен кезімде Алматыдан Қарасазға үшжүз елу шақырымға, сіңірімді сүйретіп, жаяу жеткен мен емес пе едім?
Мына екі аяқ не көрмеген? Бəрін көрген.
Жаным шындап қысылғанда, ақыл тапқышболып алғам.
Біз тұрған əлгі арада, поселкенің шетінде, кешкі салқында жайылуға шыққан бір қора есек көрінді. Апыр-ау, бұдан артық көлік бола ма?
Біздің Тұйықта есегі бар адамдар болатын. Бала кезде қызықтап есекке талай мінетінбіз. Атқа бергісіз керемет жүрдек есектер болады. Тайпалған жорға есектер де кездеседі.
Жалпы есек атаулының қандайының да жүрісі майда. Сауырына шолжия мініп алып, жұқа шаптан өкшеңмен тебініп қойып отырсаң, есек ол митің-митің жорға жүрістен танбайды. Атқа ұқсап оңайлықпен болдырмайды да. Жер түбіне алып барады.
Көлік атаулының ішінде ең жуасы да, көнбісі де есек.
- Зағипа, машина күтудің енді бізге қажеті жоқ. Мына қалың есектің ішінен екі жүрдегін таңдап мініп, Қорғанға сонымен кетейік. Түнде бізді кім көріп, кім біліп жатыр? Таң атпай, ел ұйқыдан оянбай, жетіп барамыз.
Мені қалжың айтып тұр деп ойлап, Зағышкүледі. Қалжың емес екенін ұғындырдым. Жайылып жүрген есектің біреуін ұстап алып келдім. Тайдай көк есек.
- Қане, мініп көрші.
Зағышəуелі жүрексініңкіреп, тамға шықты. Сосын сол арадан көк есектің үстіне бірден қарғыды.
- Артқарақ отыр!
Зағыштыңдамады. Есектің бел арқасындағы кішкене қара қотыр жауырдың тура үстіне қонжиды. Жауырын ауырсынған көк есек, кенет, біреу бүйіріне біз сұғып алғандай шошып,
ыршып келіп кетті.
Мен есектің мойнынан бостау ұстап, қамсыз тұр едім. Қапелімде айрылып қалдым.
Екі аяғын көкке сермеп, мөңкіп барады көк есек.
Əне, Зағышесектен ауып, құлап барады. Енді бір сəтте бақ етіп бір шыңғырды да, бұрқылдақ майда шаңның ортасына топ ете қалды.
Көк есек өз жөніне тартып отырды.
Шіркін-ай, күлерге жан жоқ. Адамның шек-сілесі қататын тегін комедия.
Мен күліп жүрсем, Зағышбырқ-бырқ ашуланып жүр. Көк есекті мен əдейі мөңкіткендей көреді.
— Есегің де, өзің де құрып қал. Мінбеймін! — дейді.
— Қой, ашуланба. Бəрі өзіңнен болды. Мен саған артқарақ мін дедім ғой. Ылғи жүк артатын болғандықтан есек атаулының қай-қайсысының да арқасында қотыр, жауыры болады. Сондықтан есекке жайдақ мінген кезде артқарақ сауырына міну керек.
Зағыштың шаңға былғанған үсті-басын екеулеп қағып жүрміз.
Айлы түн. Көкөзек пен Қорғанның екі ортасындағы жазық дала. Екі есек, екі адам — бір шоғыр қара болып, аудан қайдасың деп тартып келеміз.
Ең алда үстіне қара чемодан мен тең артылған қара есек. Оның соңында манағы тулағышүлкен көк есекке екі аяғымды көсіп салып, қонжия мінген мен. Менің соңымда Зағыш. Жаяу.
Есекке мінбек түгіл, енді оның қарағысы да келмейді.
Айдалада ұзақ жолда тым-тырыс келе жатып, мен өзімнен өзім күліп келіп жіберем. Əлгіндегі тегін комедия көз алдыма елестеп кетеді: екі аяғын көкке сермеп, тулаған көк есек. Орамалы желпең-желпең, өзі қоқаң-қоқаң еткен Зағыш... Зағышашуланады:
- Жының қысып келе ме? Неменеге күлесің?
- Сенен атты əскер шықпайды екен.
Біраз бұртиып үнсіз келе жатады да, Зағышөзі де күледі:
- Қайдан білейін. Мөңкіп алды да жөнелді, лағнет келгір!
- Ана қара есектің жауыры жоқ, туламайды. Мініп ал.
- Мінбеймін.
- Шаршап, өлесің ғой.
- Өлсем, өлермін. Бұл қорлықты көргеннен де өлген артық.
Таң бозарып ата бастағанда, алдымыздан аудан қарасы көрінді.
6
Ə м і р о в. Оу, кеткендеріңнен келгендерің тез болды ғой. Бұл қалай?
М е н. Бардық Көкөзегіңізге. Əлібеков дейтін директорыңызды көрдік. Міне былай деп, бұрыштама соқты. Сосын қайттық.
Ə м і р о в. Өй, жынды ма? Бұнысы несі?
3 а ғ и п а. Машина тоссақ, машина жоқ. Түнделетіп жаяу келеміз деп өліп қала жаздадық.
Ə м і р о в. Қап, қиын болған екен, Əлібеков ол сондай... Кейде қырсығып қалатыны бар.
М е н. Шырақ қай рудан боласың деп, əуелі менің руымды сұрап алды. Сосын айтқаны: Албанға да басқаға да біздің ауылда орын жоқ.
3 а ғ и и а. Мектеп директоры коммунист, бұндай сөзді қалай аузы барып айтады ?
Ə м і р о в, Осында бөтен ешкім жоқ қой. Мен сіздерге шындықты айтайын. . Жершілдік дейтін мұнда сұмдық. Сіздер əлі одан да сорақы сөздер естисіздер. Қап, қайтсем екен? Мектепте телефон да жоқ сөйлесетін. Əлібеков ол сондай, бір қисайса, оңайлықпен түзелмейді.
3 а ғ и и а. Құрсын. Біз енді Көкөзекке бармаймыз. Жіберетін болсаңыз, басқа мектепке жіберіңіз.
Ə м і р о в. Басқа қайда жіберем? Бұндағы орта мектеп толық, орын жоқ. Абайға жіберер ем, онда сізге нагрузка табылғанмен мына кісіге табылмайды. Бастауышкластардың бəрінде де мұғалім толық.
М е н. Олай болса, бізге мұғалім кадрлары қажет емес деңіз де, жолдамамызға солай деп жазып, бізді Алматыға қайта қайтарыңыз. Далада қаңғырып қалмаспыз. Бізге де бірдеңе табылар.
Ə м і р о в (шошып). Жоқ, неге! Қайтпайсыздар! Неге қайтасыздар?! Аупартком, ауатком бар, шешеміз. Əлібеков солардан үлкен ғой деймісің?!
Аупарткомның үгіт жəне насихат бөлімі. Қос тумбалы үлкен стол. Стол иесі қара костюм киген, қара галстук таққан, шашын қисайтып, жылтыратып тараған кертпек мұрын жалпақ сары жігіт. Мынадай ыстық күнде мен ол құсап киінсем, пысынап терлеп өлем. Галстукті жаз түгіл қысқы суықта тақсам, қылғынып жүре алмаймын.
Ал жалақ сары былқ етпейді. Жас шамасы өзінен кіші бола тұра Əміров оны Түке дей отырып, біздің жайымызды айтты.
— Ешекең деген кісіні, Түке, өзіңіз білесіз ғой. Бір қырсықса, қырсығып қалады. Бұл шаруаны енді өздеріңіз реттемесеңіздер болмас, — деді.
Жалақ сары тек тыңдай түсіп, ыңыранады. Ыңырануында не мағына жатқанын аңғару қиын.
Қатар отырған Зағипа екеуміздің бас-аяғымызды шолып қарай береді. Əміровті əбден тыңдап болып:
- Көкөзекте орын бар ғой бұл адамдарға? - деді ол. Əміров аузын желге толтыра сөйлеп:
- Ба-а-ар, - деді, - биыл тағы оныншы ашылғалы отыр. Нагрузка жетеді.
- Ммм... Ешекең өзі де əдебиетші емес пе? Бұл кісі де сол пəннен көрінеді. Екі қошқардың басы бір қазанға сыймас деп қырсығып жатқаны да содан шығар.
Бұл сөздерді айтқан кезде жалақ сары мұрнын шұқылай отырып, танауының ішінен тары дəнінен гөрі үлкендеу бір түйір бірдеңе тауып алып шықты. Сосын оны көз алдына əкеп, шегірлеу көздерімен тесірейе қадалып қарады. Сірə, бағалы зат болмауға керек. Иығынан асырып, арт жаққа қарай шертіп жіберді. Оның бар қимылын бақылаумен отырған Əміров:
- Сөйтіп, Түке, не істейміз? — деді. Жалақ сары бізге қарап:
- Сəл сыртқа шыға тұрыңыздар. Біз мұнда өзіміз ақылдасайық.
Бөлім бастығының мына мінезін ұнатпағанымды түр-түсіммен білдіріп, Зағипаны алдыма салып, сыртқа шықтым.
Осылайша тым сыпайы сөзімен сені қуып шығып, мұрныңның дəл астында тарс жабылып қалатын есіктер болады. Соның ар жағында сен туралы сөз қозғап, мəселе шешеді. Өмірде жаным сүймейтіннің бірі осы. Кешікпей Əміров те шықты: — Былай болды. Əлібековті телефонограмма беріп, шақыртатын болдық. Сосын, осында көзбе-көз отырып шешеміз.
7
- Ал енді қайда барасыздар? - деді Əміров. Зағипа екеуміз қайда баратынымызды өзіміз де білмеген түрмен бірімізге біріміз жаутаңдап қарасып алдық.
- Жүріңіздер. Біздің үйден шай ішейік. Кешке қарай Əлібеков те келіп қалар. Оған дейін біздің үйде боларсыздар.
Əміровтың үйі аудандық оқу бөлімі кеңсесімен қанаттас, жақын екен. Аула ортақ. Əлгінде нəрселеріміз осында кеңседе қалған. Соларды алдық та, Əміровтің соңынан ілестік.
Есік алдында бір жамбасынан қиралаңдап ақсап басқан, кимешек киген сұр кемпір ұшырасты. Кісі көрмегендей Зағипа екеумізге ежірейе қарайды.
- Артынып-тартынып, жүк арқалаған бұлар қай балалар?
- Алматыдан мұгалім болуға келген балалар, - деп Əміров біздің жөнімізді айтты.
Сұр кемпір одан бетер елең етіп, бүкірейген белін тіктеп жазып алды:
- Е, соншалық жер түбінен келетін, немене, өз ауылы қызмет бермей қойып па?
Кемпірдің адуын сөзі маған оқыста басыма таяқпен бір салғандай əсер етті. Жөпелдемеде не деп жауап қайтарарымды білмей, мүдіріп қалдым. Соны сезген Əміров:
- Сіз де айта береді екенсіз. Өкімет жіберген соң келеді де, — деп жұмсартқан болды.
Сұр кемпір Əміровтің шешесі екен. Тынымсыз да тиюсыз. Жан жағындағыларға бұйырмай, дауыс көтермей, бір сəт те тынышотыра алмайды.
Келін-баласын бір шыбықпен өргізіп, жусататын түрі бар.
Шай үстінде ол бізді тағы да сұраққа ала бастады. Қай ру боласыздар? Елде жақын туыстардан кімдерің бар? Не істейді олар? Қанша малдарың бар?...
Кемпірдің əлгіндегі түйеден түсті сөзі жүрегімде тас болып тұрып қалған. Əңгімелескенмен, жек көріп отырмын. Ішім жылымайды.
Біздің Көкөзекке сандалып, бос барып қайтуымыздың егжей-тегжейін естіген ол еңсесін көтеріп алып, сұқ қолын менің алдыма жебеп сөйледі:
- Əй, балам! Сендердің ол мектепте қалмағандарың жақсы болған. Əлібеков дейтін ол жаман адам. Бүкіл ел біледі. Оның аты аталған жерде жылаған бала қояды. Осы елдің мынау деген талай-талай азаматтарының түбіне Əлібеков жеткен...
Əміров жаратпады:
- Ту, апа-ай, не болса соны айта береді екенсіз.
- Мен айтсам, дұрысын айтам, — деді кемпір өршеленіп, — Əлібековтің қолдаушысы əне, ана жақта! — Кемпір қолын тік созып, үйдің төбесін нүсқады. — Ақылдарың болса, онымен тақаспаңдар. Мойындарың үзіледі.
Кемпірдің сөзінен мен шындап секем ала бастадым.
- Сен шақырттық дейсің Əлібековті. Сонда оған не айтпақсың? — деп шүйлікті кемпір баласына. — Мына екеуін мұғалім етіп ал демекпісің? Алмайды.
- Неге алмайды?
- Алмаймын деп айтыпты ғой. Одан артық не керек?
- Мектеп ол Əлібековтің жеке меншігі емес. Алмаса, аупартком алғызады.
- Партком түгіл, құдайың айтсын мейлі. Сен Əлібековті білмейді екенсің.
- Ту, апа-ай! Қойыңызшы, бұл тіпті де сіз араласатын шаруа емес.
- Мақұл, парткомің алғызсын. Сосын не болады? Əлібеков отырса — опақ, түрса — сопақ дейді де, бұл екеуіне күн көрсете ме? Көрсетпейді. Сен осыны неге ойламайсың? Одан да бұл екеуіне шындап жаның ашыса, басқа мектептің бірінен орын тауып бер. Ал саған айтарым Əлібековтен аулақ жүр. Байланыспа онымен. Ол сені тобығыңнан бір қақса, ұшырып жібереді. Сен маған осы сөзді түбінде қашан айттың деп жүрме!
Телефонограмма бердік, шақырттық деген Əлібековтері ол күні түгіл ертесінде де келмеді. Тіпті хабар жоқ. Қашан келері белгісіз.
Бұл күндері біз Əміровтің үйінде масыл қонақпыз. Əлібеков əне кеп қалар, міне кеп қалар деумен мəселенің бір жайлы шешілуін тосып, жатырмыз.
Жап-жас жігіт Əміров үйелмелі-сүйелмелі төрт кішкене балаға əке болып үлгерген. Əйелі бала бастылықтан салақсып кеткен салпы етек біреу. Осынша жанның үстіне иленіп жатып алуымыз олар үшін де, біз үшін де ыңғайсыз-ақ.
Кетейік десек, бара қояр жер жоқ. Қонақ үйінің түрі анау.
Əміров үйде жоқ кезде сұр кемпір менің қасыма дереу жетіп келеді. Құлағымды қашай бастайды:
- Əй, балам. Құдай сені бұл араға қайдан айдап əкелді? Кесірің менің балама тимесе неғылсын. Ол ақымақ, өлер жерін білмейтін ақымақтың нақ өзі, — деп қақсайды да отырады. Тыңдап тұрған ешкім жоқ па дегендей жан-жағына тінтіп қарап алады да, тағы да бір жақтағы Əлібековті жамандай бастайды. Оның Ташкентте жеке меншік үйі, құмда жасырып баққызатын көп малы бар екенін айтады.
8
Əміров үйге күлімсіреп, көңілді келді:
- Біз сіздерді осындағы, аудан орталығындағы орта мектептің өзінде қалдыратын болдық.
Бұл сөзді естіп, Зағипа екеуміздің қуанышымызда шек жоқ еді.
Ауданның аты аудан. Жанбағыс үшін де бұнда тəуір. Колхозда əне, не нан сатылмайды, не асхана жоқ. Ал мұнда, тым құрса бір мезгіл шайханадан жүрек жалғасақ та өлмейміз.
Əміровке алғысты жаудырып жатырмыз.
Бұндағы орта мектепке бізді Əміров өзі ертіп келді. Директоры Жақыбаев дейтін қартаң семіз сары адам. Мұрнының ұшыны қондырылған көзəйнегі түшкірсе ұшып кетейін деп əрең ілініп тұр. Ол бізді көзəйнектің үстінен ит көрген текеше сүзе қарап, қарсы алды. Мектебіне Алматыдан білімді жас кадр мұғалімдер келуіне қуанған түрі онша байқалмайды. Неге екенін, тым салқын.
- Жұмеке, қалай денсаулық мықты ма? Жеңгей қалай? Бала-шаға... Ремонт не боп жатыр? Жо-жо! Ремонт бітпей, демалыс деген сөзді ауызыңызға алмаңыз... Айтпақшы, парта əкелуге машина тауып жібердіңіз бе?
Əміров осылайша əр нені бір сөз етіп кетті. Жұмекең үйіндегі жеңгейдің аяғының ревматизмі, оған не ем болатыны, күзгі соғым, барқыт пен үнді шайын қалада қайдан табуға болатыны — бəрі айтылып жатыр.
Сөз кезегі бізге де келді-ау!
- Жұмеке, манағы айтқан екі жолдас міне мына кісілер. Жас кадр екеуі де. Райкоммен келісіп, біз бұл адамдарды осында, сіздің мектебіңізде қалдыруды жөн деп таптық.
- Бұл жолдас əдебиетші көрінеді. Бізде əдебиеттен нагрузка жоқ қой, — деді Жұмекесі.
- Табылар. Əдебиет болмаса басқа пəннен берер.
- Бұлар семьялы жандар көрінеді. Бұларға үй қажет. Мектепте үй жоқ бере қоятын.
- Қала емес, ауыл іші ғой. Үйді өздері бірдеңе етіп, сұрастырып табар.
- Былтырғы əлгі Саша, Машаларға ұқсап, соңынан сен бізге ананы істемедің, мынаны істемедің деп жүрмесе...
- Жоқ өйтпейді. Бұлар өйтетін балалар емес.
Сөйтіп, осы мектепке қалатын болдық.
Жақыбаев айтқан былтырғы Саша, Машалардың уақиғасын мен соңынан естіп, күліп алдым.
Былтыр, дəл осы кезде, осында Ленинградта институт бітірген, ерлі-зайыпты екі жас мұғалім келеді.
Жоқ, келмес бұрын əуелі олар мектеп директорының атына хат жолдайды. Онда былай деп жазады: біз, пəлен-пəлен дейтін екі жас маман институт бітіріп, алыстағы сіздің мектебіңізге жолдама алғалы отырмыз. Сіз бізге, егер қиын болмаса, мына төмендегі жайттарды сипаттап жазып жіберсеңіз екен. Мектеп тұрған селоның табиғаты көркем бе? Жақын маңда тау немесе орман бар ма? Орман болса қандай ағаштар, жеміс-жидектердің қандай түрлері өседі? Саңырауқұлақ бар ма? Қандай түрлері бар? Көл немесе өзен бар ма шомылатын? Балық аулауға бола ма? Балықтың қандай түрлері кездеседі? Бізге, ерлі-зайыпты екеумізге, неше бөлмелі пəтер бересіздер? Мектеп біз тұратын пəтерден қанша жер? Нан дүкені, азық-түлік дүкені жақын ба? Аптека жақын ба біз тұратын пəтерге? Əйелдер босанатын үй бар ма? »
Хат сөзі осындай. Жақыбаев оқиды да, көзəйнегі селкілдеп, мырс-мырс күледі. Жауап хат жазуды қажет деп таппайды.
Аз күнде хат иелерінің өздері салаң ете қалады.
Екеуі де уыздай жас. Институтты жаңа бітірген. Екеуі де Ленинград қаласының өзінде туып өскен. Ауылда тұрып көрмеген. Қорғанның шаң-шаң көшесін, тоқал төбелі бəкене там үйлерін көріп, шошығандай болады. Селоның төңірегі күн қақтаған қу тақыр дала. Олар армандаған асқар биік тау да, сыңсыған қара орман да көрінбейді. Шомылып балық аулайтын мөлдір өзен-көл онсыз да жоқ.
Қол боста, демалыс күндері корзинкаларын толтырып теріп əкелмек болған жеміс-жидектің, саңырауқұлақтың иісі де сезілмейді.
Пəтерді осындағы мұғалімдердің көмегімен қыстақты аралап, іздеп жүріп, əзер табады. Біреудің бір бөлме аласа там үйі. Едені жер. Үй жылытатын батарея көрінбеген соң:
- Қысты күні бұл үй қалай жылынады? — деп сұрайды.
- Темір пешқойып, от жағасыңдар.
- Отынды кім береді?
- Күні бұрын көң, тезек, қурай жинап дайындап аласыңдар.
Асхана мен азық-түлік дүкенінен ленинградтық екеу бастарын шайқап шығады.
- Ет, май дүкені қайда?
- Арнаулы ондай дүкен жоқ.
- Ет, май сатылмай ма сонда?
- Сирек сатылады.
- Жұрт не жейді?
- Өздері жекеменшік мал, құс ұстайды. Соның етін жейді.
- Əйелдер босанатын үй қайда?
- Арнаулы ондай үй жоқ.
Қулау жігіттердің бірі:
- Бұл ауылдың əйелдері кемпірлердің көмегімен өз үйлерінде босанады. Əйелдер босанатын үйге бармайды, — дейді. Бұны естіп, Ленинградтан келген кəнизактің көзі атыздай болады. Сөйтсе, байғұстың аяғы ауыр екен.
Мектеп директоры Жақыбаев əлгі екеуін үйіне шайға шақырады. Ып-ыстық жаңа піскен көмбе нанды олар рақаттанып, сүйсініп, мақтап жейді.
- Бұл нанды кім пісірген? — деп сұрайды қонақтар.
- Өзіміз, — дейді Жақыбаев. — Қалай пісірілетінін сыртқа шығып, көрулеріңе болады.
Қонақтар есік алдына шығады. Шойын тапалардың асты-үстінен сиырдың тезегін қалап, от жағып, пісіріп жатқан нанды көреді. Əйел мұғалім тағы да шошып: — Ужас! В навозе хлеб пекут! — дейді.
Əлгінде мақтап жегені осы нан екенін білгенде, жүрегі лоблып, ішкен-жегенін түгел құсып тастайды.
Ертесі аузы-басын ұшық қаптап, ауырып қалады.
Бұдан соң көмбе нанды жемек түгіл, қарамайтын болады.
Ленинградтық екеу, ақыры, мұнда көне алмайды. Бір-екі ай мектепке қызмет істейді де, келген іздерімен қайтадан тайып отырады.
Бұндағы жұрт олар туралы жырдан қызық етіп айтады.
9
Оқу жылы басталған. Мен жетінші, бесіншіге ана тілінен, тоғызыншыға психологиядан, оныншыға логикадан сабақ берем. Аннан құрап, мыннан құрап, жетісіне жиырма төрт сағат жүк тауып берді. Зағипа екі үшінші кластың бірін оқытады.
Жаңабай дейтін біреудің бір бөлме, едені жер там үйін жалдап, сонда тұрып жатырмыз. Мектепке қашық емес.
Егер шынымды айтсам, педагогтік жұмысқа деген ынта менде алғашында зор еді. Осы жолға барымды салып еңбек етуге дайын едім. Бірақ, амал қанша, мектептегі жағдайды көріп-білгеннен кейін енді біртін-біртін қожырай баста-дым.
Қожырамау, торықпау мүмкін емес.
Мектеп үлкен мектеп. Ал бірақ жоғары дəрежелі білімі бар мұғалімдер аз. Бірен-саран ғана. Оның өзінде де көпшілігі сырттан оқып бітіргендер.
Мектеп директоры Жақыбаев та, оқу ісін басқарушы Ільясов та білімдері таяз, педагогтік қабілеті шамалы дүмше жандар көрінді. Ұстаздарға ұстаздық ету қолдарынан келмейді. Нендей мəселені болса да тамыр-таныстық, туысқандық жолмен шешеді.
Олардың бетіне қарсы келетін, қыңқ деп дауыс көтеретін адам мұнда шамалы.
***
Кəрілігімен қоса Жақыбаев əрі дымкəс аурушаң. Болары болған, бояуы сіңген адам. Азық етіп, нəр етері баяғы ескі жүгі. Бүгінгінің бəріне баяғы қоржынның түбінен қарайды. Бүгінгіні көнерген ескі өлшеммен өлшеп бағалайды. Онысы, көбіне-көп, кертартпалық болып шығады.
Қашан көрсең Жақыбаевтың қолынан таяғы, аузынан ыңқылы түспейді. Алдына бір жұмыспен бара қалсаң айтатыны: кеше қандай тамақтар жеді? Оның əсері қалай болды? Түнде қалай ұйықтады?..
Егер шын айтса, оның ауырмайтын күні, он екі мүшесінде ауырмайтын жері жоқ. Бір басымда бес итім бар деп, кейде өзі қуланып отырады. Олары: гастрит, полиатрит, радикулит жəне бірдеңе «иттер».
Осыншама иттерге талатып қойып, қалай тірі жүргеніне таңқаласың.
Жақыбаев, сірə, осы күнгі газет-журналдарды оқымайтын болса керек. Оқыса, өзінше оқиды. Өйткені, қайдағы ескі сөз, ескі терминдерді тілінен тастамайды, «Совет одағы» деудің орнына «Кеңестер одағы», «Социалистік Қазақстан» деудің орнына «Социалды Қазақстан» дейді. Басқалар баяғыда үмытқан көне сөздерді ол үмытпайды.
«Октябрь революциясын» «Октябрь төңкерісі», «жиылыс президиумы» деудің орнына «жиылыс төрағасы» дейді.
Оқу ісін басқаратын Ільясов — Жақыбаевтың көлеңкесі тəрізді. Өз сөзі, өз пікірі деген болмайды онда. Директор жөтелсе, ол да жөтеледі. Директор мұрнын шұқыса ол да мұрнын шұқиды.
Директор есінесе, жағынып ол да есінейді. Аузын оған қарағанда кең ашып есінейді.
Мұғалімдердің көпшілігі əйелдер. Кездейсоқ жинала қалған əйелдер емес. Бірі осындағы аупартком хатшысының, бірі соттың, бірі прокурордың, енді бірі милиция басшысының, қысқасы, кілең мықтылардың жұбайлары. Немесе солардың келін-кепшік, қарындас туыстары. Мектеп басшыларының оларға деген қарым-қатысы, қамқорлығы ерекше.
Жоғарғы сегізінші-оныншы кластарға қазақ əдебиетін Қасымова дейтін кексе əйел оқытады. Күйеуі сот. Ал білімі екі жылдық мұғалімдер институтын сырттан оқып бітірген.
Қасымованың əдебиетті танып-білу, кесірленіп айтқанда, менің тырнағыма татымайды. Күрделі əдеби процестерді айтпағанда, оқулықта кездесетін қарапайым əдеби терминдердің өзін ол жөнді түсінбейді.
Осыны көрген мен шыдамадым. Бір күні мектеп директорына кірдім. Асқазаны нашар Жұмекең бір уыс тұз жұтқандай тыжырынып, дар еткізіп кекіріп қойып отыр екен.
- Жұмеке, осы қалай ойлайсыз? Жоғарғы кластарға қазақ əдебиетін Қасымова емес, мен оқытқаным жөн секілді, - дедім.
- Неге?
- Бірінішіден, менің Қасымоваға қарағанда білімім жоғары. Екіншіден, мен жазатын адаммын. Əдебиетке жаным жақын, Əдебиет менің төл ісім. Жейтін наным.
- Қасымованың əдебиетті оқытып келе жатқанына талай жыл болды. Тəжірибесі мол. Енді оны ауыстырып жатудың реті келмес, — деді Жұмекең.
Мен бұл сөзге қанағаттанбадым, ренжіп:
- Бұныңыз əншейін шығарып салу ғой, — дедім. Жақыбаев маған өте бір ұнатпаған көзбен қарады.
- Əй, осы тура сөзділігім-ай! Ойымдағымды жасырмай, ашық айтып салатындығым. Өлсем, түбі, осы мінезімнен өлетін шығармын.
10
Қарап жүрем бе, мұнда да өзіме дұшпандар тауып ала бастадым. Əнеугі əңгімеден кейін Жақыбаев менімен салқын амандасады. Жоқ, ол өздігінен ешкімге ыңғай берген емес. Тек берген сəлемімді салқын қабылдайды.
Жақыбаев мені жек көргені үшін завуч Ільясов тіпті құтырып кетті. Өйткені, екеуінің ымы-жымы бір.
Əдебиет пəнінің оқытушысы Қасымовамен терте емес ем. Бұрын ол мені көрсе қылмаңдап, шүйіркелесе қалатын. Енді аяқ астынан ол да өзгерді. Амандаспай, тымсырайып өтеді. Соған қарағанда Жақыбаев оған əнеугі əңгіменің ұзын-ырғасын жеткізген. Яғни, менімен Қасымова да жау.
Мектеп жанында интернат бар. Оның директоры Сейіт дейтін тұрпайының маскүнемі, маскүнемнің тұрпайысы. Оның интернат балаларына істемейтін бассыздығында шек жоқ көрінеді: өз үй ішінің жұмысына пайдаланады, жеке меншік малын баққызады, отынға, шөпке жұмсайды. Тіл алмаған балаға қол жұмсайтын дөрекілігі жəне бар.
Бұның бəрін маған интернат балалары шағынып өздері айтатын еді. Олар менің баспасөзде өлеңдерім, əңгімелерім жарияланып тұратынын біледі. Мені жазушы санайды. Маскүнем Сейіттің əлгі аталған оңбағандық қылықтарын қатырып фельетон етіп жазуымды өтінеді.
- Ағай, сөйтіңізші, Сейіттің əкесін танытып, өшімізді бір алып беріңізші дейді.
Сейіттің қандай адам екенін жүре-бара өзім де көрдім. Тізгін үздінің нағыз өзі екен. Кезекті бір педсоветте, əй шықпырттым-ау. Интернат директоры болуға лайық адам емес дедім.
Содан бері Сейіт, ол да, менің жауым.
Кейін білсем Сейіт мектеп директоры Жақыбаевтың əйелінің жақын бауыры екен.
***
Бірінші тоқсан аяқталды. Тоқсандық қорытынды шығарылып жатыр. Мектепті жайлап алған шылық-былықтың неше түрлі көкесі енді көріне бастады.
Оқу сапасыз болғандықтан қай класты алсаңыз да балалардың білім дəрежесі оқу программасына сай емес, төмен.
Мəселен, мен сабақ оқытатын бесінші класс оқушылары грамматиканың үшінші, төртінші кластарда өтілуге тиісті қағидаларын білмейді, оп-оңай сөздердің өзін қате жазады. Бұл оларға бұдан бұрынғы кластарда дұрыс білім берілмеуінің, кластан класқа атүсті көшіріп келудің салдары.
Міне, қазір де солай. Балаларға шетінен өтірік бағалар қойылуда.
Мектепте əдетке айналған бұндай көз бояу жолға мен түспедім. Өзім сабақ беретін пəннен əр оқушы қалай үлгерсе, сол өзіне лайық бағасын қойып-қойып шықтым. Бұның нəтижесі өзім үшін де, мектеп басшылары үшін де оншалық қуанарлық болмады. Бүкіл мектеп бойынша оқушылары сабаққа ең нашар үлгеретін мүғалім мен болып шықтым.
Оқушылар ең нашар үлгеретін пəн — мен оқытатын қазақ тілі болып шықты.
Мəселен, бесінші кластағы жиырма төрт оқушының жарымына жуығы үлгермейді.
Класс журналындағы мен қойған тоқсандық бағаларды көріп, завуч Ільясовтың көзі бақырайып кетті.
- Бұл... бұл... неге бұлай? — дейді.
- Бұл осылай. Оқушылар пəнді нашар біледі.
- Неге нашар біледі?
- Нашар білетін себебі: бұдан бұрынғы жылдары олар оқу программасына сай тыңғылықты дұрыс білім алмаған. Кластан класқа өтірік көшіріліп келген...
- Кім дұрыс білім бермеген? Кім өтірік көшіріп келген?
- Əрине, мен емес. Менің мұғалім болуым бірінші жыл.
- Жо, болмайды түзеу керек. Аудандық оқу бөлімі мынаны қабылдамайды.
- Нені түзеу керек?
- Мынау «екі» алғандардың бағасын «үш» етіп, түзеу керек. Бір кластан он бала үлгермейді деген сұмдық емес пе? Бұл үшін районо бізді басымыздан сипамайды.
- Жоқ, түзей алмаймын, — деймін. — Районо басымыздан сипамайды екен деп, өтірік баға қоя алмаймын. Бұған менің педагогтік ар-ұятым жібермейді.
...Директор шақырады дейді. Келдім. Мен тапсырған тоқсандық есеп алдында жаюлы жатыр. Қық... деп тыржи-ып, кекіре жаздап:
- Мамырбаев жолдас, мынау не? — деді.
- Ол менің тоқсандық есебім болар.
- Мм... жиырма төрт оқушының, қық... оны үлгермейді. Солай ғой?
- Бəрі сонда жазылған.
- Жазылғанын көріп түрмын. Менің білгім келетіні сіз бір тоқсан бойына не бітірдіңіз? Бала оқыттыңыз ба, жоқ əлде өкіметтің ақшасын текке алып, сандалып бос жүрдіңіз бе? Мұнша бала сабақтан неге үлгермейді?
- Оны əуелі мына сіздерден сұрау керек. Мен бұл балаларды бір тоқсан ғана оқытсам, сіздер жылда оқытып келесіздер. Өкіметтің ақшасын текке алушы мен емес, сіздер болуларыңыз мүмкін. Өйткені, балалар шетінен сауатсыз.
Мына сөзді естіп, Жақыбаев санына шоқ түскендей болды. Кəдімгі қызыл өңешкерісу басталды. Екеуміздің шаңқылдасқан дауысымыз дəлізге шығып кетті. Аяқ астынан бұнда не боп қалды дегендей əркім-əркім есікті ашып қарайды.
Айқаймен жеңе алмасын білген ол үнін қайта бəсеңдетті:
- Қой, бала болмаңыз, түзеңіз.
- Жоқ түзей алмаймын.
- Онда біз сіздің өзіңізді түзеуге мəжбүр боламыз. Сіздіңше бір тоқсан бала оқытқан сіз ғана адал адамсыз. Басқалардың бəрі арам, жау. Өкіметтің көзін бояушы болғаны ғой. Жоқ, олай емес шығар. Сіз келмей тұрып та осы мектеп тəп-тəуір мектеп болатын. Қырық екі мүғалімнің қырық бірі оңбаған да, тек біреуі оңған дегенге, сірə, ешкім нана қоймас.
11
Керіс енді Зағипа екеуміздің арамызға көшті.
- Құрсын, тақаспашы солармен. Түзе дегенін түзей сал. Өтірік баға қойып жатқандар сен ғана емессің ғой, бəрі, — дейді жұбайым.
- Өй, сен қызық екенсің. Жұрттың бəрі ұры болды екен деп, мен-дағы ұры болмақпын ба?
Өмір құбылыстарын маған ұқсап ысып-суымай, байсалды қарап топшылайтын Зағыш:
- Боласың. Болмасаң, олар сенен одан жаманын жасайды, — дейді. — Кешегі Көкөзекті ұмытқан екенсің. Əлібековты ұмытқан екенсің. Адам жаны төзбейтін топастық, сорақы рушылдық көріп келдің. Күйіп-пісіп айттың бəріне.. Əне, содан не шықты? Түк те шыққан жоқ. Үріп үріп қала берген күшік тəрізді болдың. Мықтасаң бұны да айтып жазарсың. Бірақ оныңнан да түк шықпайды. Ең соңында арызшыл, жікшіл атанып, өзің жаманатты боласың.
Бұның бəрі құлаққа кіретін сөздер еді.
Мен көп ойландым. Ақыры, қолымды бір-ақ сілтеп, ымыраға келуді жөн деп таптым. Қашанғы тақасайын. Темір екештемір де тозып шаршайды. Ал мен адаммын ғой. Бұл болмаса, күл болсын. Түзет дегендерінің бəрін түзетіп берейін.
Тағы да Ільясовтың алдында отырмын. Көңілдімін. Ол қалай қисай десе, солай қисаям. Тіл табысып отырмын.
- Есебім енді қалай?
- Енді тамаша.
- Бұндай есеп үшін районо басымыздан сипайды ғой?
- Сипап қана қоймайды. Əлі дүйім жүрттың алдында үлгі етіп, мақтайтын болады. Суретіміз құрмет тақтасына ілінеді.
Мəселе міне, қайда жатыр!
Жақыбаев, Ільясовтарға керегі міне, осы — мақталу. Дүйім жүрттың алдында — мұғалімдердің аудандық жиын, конференцияларында — жақсы аталу. Құрмет тақтасының бетінен əрі өткен, бері өткен жұртқа ұялмай, жымиып, күле қарап тұру.
Қандай жолмен болса да осыған қолдары жету.
Əлгіндей балаларға өтірік баға қою секілді былық-шылық мектепте көп-ақ. Онымен күресуші аз. Кейбірінің бұған еті өліп кеткен. Байқаса да, байқамаған болады. Барлық жерде осылай деп қарайды. Ал енді бірі сен тимесең, мен тимен бадырақ көз дейді. Өзінің қара басының қамын, тыныштығын ойлайды. Енді біреулер күресінің əуресінен, машақат-қиыншылығынан қашады.
Жалғыз өзім коммунизм орнатпаспын дейді.
Əйтпесе, білімді, ақылды мұғалімдер мұнда да жоқ емес, бар.
Əділдік үшін күресіп, дауыс көтергендерге арызқой, жікшіл деп ат қойып, айдар тағып алатындары жəне рас. Былайғы даурықпа жұрт не біледі? Түк те білмейді. Біреуге əлгідей жаманат тағылса, өрт шыққандай еліріп, даңғаза қылып əкетеді. Көшеде жайыңа кетіп бара жатсаң: əне, анау арызқой. Əне, анау жікшіл деп көзіңе шұқып көрсетіп, қаныңды қарайтып жүйке тамырыңды тоздыратын болады.
Осыдан соң сен не істесең де ең əуелі жікшілдің, арызқойдың ісі болып шығады.
Иə, күрес жолы қиын жол. Екінің бірі оған түсе бермейді. Тек жүрегінің түгі барлар түседі. Тоғышарлар өзі түспей, өзге түссе екен дейді. Отты өз қолымен емес, басқаның қолымен көсеуді тəуір көреді.
Оқудың жарты жылы зымырап өте шықты. Қысқы демалыс. Тағы да біраз жол азабын шексем де, Алматыға келдім. Баспаға жазда тапсырған өлеңдер жинағым бар, соның тағдырын білмекпін. Бұл бір шаруам.
Екінші, бұл жолы да құр қол емес едім. Балаларға арнап, спортшы өмірінен шағын повесть бітіріп əкелдім. Соны «Пионер» журналына ұсынбақпын.
Төрт жыл өмірім өткен астанамен əлі суысып үлгермегендіктен оны сағынғаным жəне бар.
Институтта өзіммен бірге оқыған Мұқамеди бұл күнде аспирант. Студенттер жатақханасының бір бөлмесінде тұрады. Былтыр, оқу бітер кезде алған əйелінен ажырасып, екінші əйел алып үлгерген. Жора-жолдасқа бейілі кең жігіт. Қысылғам жоқ, сонда келіп түстім. Мұқамеди де, оның бұралған жас əйелі де жылы қарсы алды.
Аспирант Мұқамеди де кешегі студент Мұқамедиге ұқсамайтын мінездер пайда бола бастапты. Тамақты талғап ішіп, талғап жейтін бопты. Арақты тастап, шампанға көшіпті. Дастарқанға көзге оғашқыпша бел, шілтиген нəзік рюмкалар əкеліп қойды.
Мен қырлы стаканның өзін тəуір көріп отырмын.
Оймақтай нəзік рюмкаларға ауыз жарымады. Шыдамым жетпеді де, ашық кеттім:
- Осы үйде стакан бар ма? Маған стаканға құйып бер, - дедім.
Мұқамедидің мəдениетті бола қалуы əншейін екен. Қырлы стаканға ол да көшті.
Түннің бір уақытына дейін екеуміз шампан ішіп дуылдастық.
Демалысымды көңілді өткізе жүріп, ойға алып келген шаруаларымды да ұмытқан жоқпын. Ол сапарым ақталды. Ісім бірінен соң бірі оңға баса бастады.
Өлеңдер жинағымды баспа, негізінен, ұнатыпты. Менімен қолма-қол шартқа отырды. Жуырдағы күндері ақша болады. Қаламақының алпыс процентін алуыңа болады деп, ойламаған жерден
қарық қып, қуантып қойды.
Қанша ақша алатынымды есептеп, сол бір бақытты күнге жеткенше шыдай алмай жүрмін.
Баспаның директоры аты республикаға белгілі ақын еді. Ол мені студент кезімнен біледі. Бұрнағы жылы институттың мен басқаратын əдебиет үйірмесінде біз онымен мықтап тұрып дуылдасып, кездесу кешін өткізгенбіз. Бірге суретке түскенбіз. Соның бəрі ол кісінің есінде екен. Жастарға қамқоршыл мінезімен ол мені өте жылы қарсы алды. Баспаға қатысты шаруаларымды ешқандай əуре-сарсаңсыз тындырып берді.
Бүгін қаламақы төлейтін күн. Бақандай тоғыз мың сом алады екем? Қуаныштан жүрегім жарылып кетпесе неғылсын. Бұрын-соңды біздің тұқымда осынша мол ақшаны қолына бірден ұстаған адам, сірə, болды ма екен?!
Əй, қайдан болсын!
Жүрегім аттай тулап, қолдарым дір-дір етіп, мен əлгі аталған ақшаны əзер санап алдым. Жоқ, санап алдым дегенім өтірік. Кассаның алдындағы топырлаған жүртқа көз етіп, бұрын мұншама мол ақшаға қолым жетіп көрмеген бейбақ екенімді оларға сездірмеуге тырысып, əйтеуір санап алған болдым.
Бірақ, бұндай қулық маған оңайға түспеді. Төбемнен бақайыма дейін малшынып терлеп кеттім.
Уһ деп, сыртқа шықтым. Қалта қалтамның бəрі ақша. Буын-буынымнан əл кетіп, аяғымды əзер басатын тəріздімін.
Бүгінгі күн мен үшін байитын күн екенін айтып, Мұқамедиді ерте келгем. Ол ішке кірмей, қолын артына ұстап, сол арада дəлізде жүр. «Алдың ба?» «Алдым».
Енді кете берсек те болады.
Жоқ, бірден тартып отыруға батылсызбын. Оным əбестік болатын тəрізді. Тегіннен тегін қыруар ақша қалтама өзі келіп түскен жоқ қой.
Немесе көшеде келе жатып, тауып та алған жоқпын. Өзіме тіл жеткісіз жақсылық, қайырымдылық жасаушы адамдардың арқасында алдым. Ендеше, жақсылықты жақсылықпен қайтаруым қажет секілді. Турасын айтсам ішкізіп, жегізуім керек.
Менің бұрын-соңды байқауымша, жұрттың бəрі солай етеді. Бəрі болмағанмен көпшілігі. Сонда кімге ішкізіп, жегізем? Мен үшін ең бірінші қымбат адам — ол баспаның директоры. Алған қаламақының ол тең жарымын ішіп-жесе, өкінетін мен жоқпын. Егер реті келсе, батылым жетсе, мен оны Алматының ең мынау деген ресторанына шақырмақпын.
Аяғымды қорына басып, баспа директорының кабинетіне кірдім. Біраз бөгде адамдар отыр. Олардың көзінше ештеңе айта алмасымды сезіп, одан бетер қысылдым. Дегенмен отырып жатырмын.
Баспа директоры:
- Ақшаңды алдың ба? — деді.
- Алдым. Рақмет.
Басқа түк те айта алмадым. Біраз отырдым да, сыртқа шықтым. Тағы да айналсоқтап кете алмаймын. Осыншама мол ақшаны қалтама тығып ап, тайып отыруым тіпті де жөн емес тəрізді.
Жəне бір ой қинайды: баспа директоры маған қарағанда жасы ересек адам. Əдебиетте аты, орны бар. Мен жүріңіз дегенмен ол жүре қоя ма? Мынау неткен жағымпаз, қу бала деп, жаман ойлап қалмай ма?
Ал шақырмасам, ниет білдірмесем, ол мен туралы сараң бала екен деп ойлап қалатын секідді. Сонымен, екі оттың ортасындамын. Ақыры, шақыра алмадым.
Баспаның көркем əдебиет бөлімінің бастығы жастау жігіт. Менің жинағымның тағдыры тікелей соның қолында. Алдағы уақытта да оған ісім талай түсуі даусыз. Енді, тым құрыса, соны сыйлау, бүдан гөрі жақындасу ниетіндемін.
Бірақ қолыма бөлім бастығы да оңайлықпен түсетін емес. Менен гөрі ысылған, менен гөрі арынды біреулер оның столын манадан қоршап алған. Үйірлі балық тəрізденіп, дүр етіп, бəрі сыртқа бірге шығып кетеді. Дүр етіп, бірге қайтып келеді. Кеткендегіден келгендегі түрлері көңілді, шат-шадыман. Сірə, сол маңдағы көк үйшік-сырахананы бір сүзіп оралатын тəрізді. Келісімен желдей есіп, жаңа өлеңдерін оқысады. Желдей есіп, бірін-бірі арқаға қағып, мақтасады. Байқаймын, бүгінгі Пушкин, бүгінгі Абай осылар.
Кіл классиктер қоршап алған бөлім бастығынан да күдерімді тез үздім. Мүқамеди екеуміз өзіміз тартып жөнелдік. Үйге қарай емес, əрине. Бүндайда кел, кел деп, қол бүл-ғап жібермейтін ресторанға қарай.
12
«Пионер» журналы Алматыдағы газет-журнал редакцияларының ішінде маған ең жақыны. Олай болатын жөні бар. Институттың бірінші курсында оқып жүргенде, тұңғышөлеңім осында басылған. Тиесілі азын-аулақ қаламақысын журнал қызметкерлерінің əлдекімдерден сəлем айтып, шақыртумен ұялып, əзер барып алған едім. Ол менің түңғышқаламақым болатын. Сөз сатып тапқан ақшаға тұңғышауыздануым.
«Пионерді» менің біржола жаулап алуым міне солай басталған. Содан бері өлең, əңгімелерім журнал бетінде үзбей басылатын болған.
Басқа редакциялардай емес, мен мұнда еркін кіріп, еркін шығам. Бұлардың өз адамы тəріздімін. Келген шаруамның жайын ешқандай қысылыссыз еркін отырып айтам.
Енді міне соқтауылдай повесть əкеп отырмын.
Журналдың көркем əдебиет бөлімін белгілі жазушы Мұқан Иманжанов басқарады. Адамшылыққа, мінезге бай тамаша мəдениетті жан. Бұдан бұрын да ол маған талай қамқор болған. Балаларға арнап повесть жазып əкелдім дегеніме ол менен бетер қуанды. Не жөнінде? Спортшы өмірінен деймісің? О, тамаша. Біздің қазақ балалары үшін нағыз қажет, тың тақырып екен деп, табанда редакция қызметкерлерін жинап, повесті дауыстап оқуды ұйымдастырды.
Журнал редакторы ол да мінезі ашық-жарық адам. Мұқанмен дос. Екеуі бір бірін бүкпесіз шын құрметтеп, сыйлайды. Менің алыстан келгенімді ескеріп, өз-жұмыстарын былай сырып қойды.
Өзіме осынша достық бейіл көрсетілуіне мен дəн риза едім. Бас-аяғы жетпіс беттік шағын повесті ақ өлең оқығандай судыратып, шабыттанып тез-ақ оқып шықтым. Жұрт зерікпей, көңілді отырып тыңдаған секілді. Ара-түра күлісіп қойып отырды. Мен, əсіресе редактор мен Мұқанның қабағын бағам. Ол екеуі күліп, масайраса, ішімнен мен де күліп, масайрап, жетісе түсем.
Шығарманың тыңдаушыға жақсы, жаман жетуі, белгілі бір дəрежеде, оны оқуға да байланысты екенін сездім.
Үзіліс. Жұрт шылым шегіп, кеукілдесіп, басқа жайларды сөз етісіп кетті. Ал менің ойымда повестің тағдыры түр. Не болар екен? Қабылдана ма? Жоқ па?
Мұқан не айтса, сол болары даусыз. Оның өң-реңінен қауіп көлеңкесі сезілмейді.
Міне енді повесті талқылау басталды.
Отырған ат төбеліндей шағын топты көзімен шолып алды да:
- Ал кім сөйлейді? - деді редактор. - Мұзафар, сөйле!
Мұзафар тайқып шықты:
- Əуелі прозаиктер сөйлегені жөн ғой.
- Олай болса, мен айтайын, — деді Мұқан.
Бірінші боп өзге емес, Мүқан сөйлегеніне мен қуандым. Бірқыдыру мақтады.
Түзеу үшін айтылған жеңіл-желпі сыны да бар.
Келесі сөйлегендердің бəрі дерлік осы ізбен кетті: Өйткені, бүл отырғандардың ішінде Мұқанды сыйламайтын, оның пікірін бедел тұтпайтын ешқім жоқ еді.
Повесть журналда басылатын болды.
***
Кеудеме нан пісіп, жер мен көктің арасына симай жеттім Қорғанға. Алматының жарым бөлігін көшіріп əкелген адамдаймын. Үстімде келіскен қара драп пальто. Жағасына барқыт ұсталған. Дəл осындай пальто институтта оқып жүргенімде профессор Жұмалиевте болушы еді. Мен қызығатын едім. Енді міне мен де киіп үлгердім.
Қолыма су жаңа қызғылт чемодан ұстап келіп түрмын. Құлыбы шіреп əрең жетіп жабылған. Іші толы əр түрлі бүйым, шай-шамалақ, кəмпит... Мал сатып базар базарлап оралған жолаушы тəріздімін.
Жинаққа алған ақшаның тоз-тозы шыққан. Біразын Түйыққа шешеме жібердім. Байғұс анам, менің адам боп, ел қатарына қосыла бастағанымды біліп, қуанып, бір жасап қалсын. Іші тар туысқанның іші күйсін. Осы үшін əдейі жібердім.
Зағышқа біраз базарлық заттар алып келдім.
Ақшаның дені, шынын айтсам, Алматының ресторан, сыраханаларында қалды. Баспа менен журналдың бірінші басшыларына қолым жетпесе де, оларға сый-сыбаға көрсете алмасам да, оларды жоқтатпайтын зерделі азаматтар əлгі аталған мекемелердің төменгі қатардағы қызметкерлерінің арасынан, қүдайға шүкір, мол табылды.
Тіпті, мен қажет еткеннен де артық табылып жүрді.
Ішіп, қызып алғанға дейін осы көңілділіктің себепшісі болғандықтан, əуелі, мені мақтасады кеп. Мен жазған азын-аулақ дүниелерді əдебиет аспанының сонау төріне алып барып қояды. Ал қызыңқырап алған соң əрқайсы өзді өзін мақтайды.
Көңілді оралғанымды Зағыштүрімнен көріп:
- Қалай, жақсы барып қайттың ба? Мен бас бармағымды көрсетем:
- Мынау!
Желдей есіп айта бастаймын: Кітабым басылып шығатын болды. Баспамен шарт жасастым. Алпыс процент ақша алдым қаламақысына. Повесімді «Пионер» ұнатып, қабылдады. Келесі
номерінен бастап томпылдатып баса бастайды. Ай сайын қыруар ақша домалап одан келіп жататын болады...
Бұны естіп, Зағыштың жүзі қуаныштан гүл жайнады. О, тағдыр, бізді де жеткізейін дедің бе, бұныңа құлдық деген ризашылық сезімі көзінен ап-айқын көрінеді.
- Еркін, амансың ба? Ат-көлік аман, жақсы барып қайттың ба?
Бүл келген Жаңабай көрші, біз жалдап тұратын мынау бір бөлме жаман там үйдің қожасы. Аудандық ақша бөлімінде агент болып істейді. Дүниеде ақшадан құдіретті, ақшадан күшті нəрсе бар деп ойлай қоймайды.
Жаңабайдың соңында шұбаған қатын, балалары. Осындайдан қалмайтын, белі бүкшиіп жазылмаса да, сау адамға бергісіз зыр жүгіретін, ауылдағы айтулы желаяқ жаяу почтаның бірі -оның кəрі шешесі.
Бұлар жаңа есіктерінің алдында шаруаларын істеп жүріп, менің келгенімді көрген. Кеткен кездегіден өзгешелеу түрмен оралғанымды байқап қалған. Осынау күндері тек мені ойлап жүрген адамдарша бəрі жамырап жөн сұрап жатыр. Қайда болдың? Не бітірдің? Сапарың оңды болды ма?
Əлгінде Зағышқа айтқанымды бұларға одан да гөрі өсіңкіреп айтам. Мол іс бітірдім, мол ақша тауып қайттым.
- Ол ақшаң қайда? — дейді Жаңабай жұлып алғандай.
Тəйірі, ақша тұратын ба еді? Оңды-солды шашып, жоқ еткенімді айтам. Шашпай ше? Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көр деп, нағыз көп ақшаға қолым жетер кезі əлі алда деймін.
Жаңабай мен бүкішкемпір ауыздарын ашып, іштері күйіп тыңдайды.
- Əкем-ау, сонша ақшаны сосын, не істемексің? — дейді бүкішкемпір.
- Кəрия, аманшылық болса, үй салам. Осы көктемде үй салуға кірісем.
***
Бұл сөз менің аузымнан оқыс шығып кетіп отырған жоқ. Маған үй жалдаушы, дүние қоңыз Жаңабайға көрсеткен қырым да емес. Бұл менің талайдан көкейтесті боп жүрген, ең мықты арманымның бірі. Шіркін-ай, кең, қолайлы етіп, үй-жай салып алсам. Бау-бақша өсіріп, ат, сиыр ұстасам. Тұрмысымды түзеп алып, сосын, алаңсыз отырып, жазсам!
Осы арман менің көкейімде талайдан, тіпті, студент кезімнен жүр.
Атақты жазушылардың бірталайы деревняда тұрғанын білем. Лев Толстой, Тургенев, қазіргі көзі тірілерден Шолохов.
Абай да бар ғұмырын ауылда өткізбеді ме? Жүйрік ат, құмай тазы ұстады. Аңшылық, саятшылық жасады. Сосын бəрін жəне дəріптеп жырлап кетті.
Неге екенін, мені де қала емес, дала қызықтырады. Даланың кеңдігі, табиғат, аң аулау, балық аулау көңілімді өзіне көбірек құштар етеді. Мен даярға маяр боп өскен жан емеспін. Өмірде кездесетін қара жұмыс атаулының бəрін дерлік атқардым. Өзімнің рақатым үшін əлгідей үй маңындағы шаруа-кəсіппен шүғылдануды ешқашан да ар санамаймын. Қайта, басқаға үлгі болуға жарайтын абыройлы іс деп білем.
Сөйтіп, енді жатсам-тұрсам үй салуды ойлайтын болдым. Біреудің бір бөлме тар үйінде қашанғы қысылып отырмақпын. Зағыштың болса аяғы ауыр. Ай-күні жақындап келеді. Ертең нəрестелі боламыз. Оны дұрыстап өсіру үшін де жағдай керек.
Өмірдегі ең жаман нəрсенің бірі өзімдікі дейтін баспанаңның болмауы. Біреуге кірме болу. Есіктен еркін кіріп, еркін шыға алмайсың. Жүрсең, тұрсаң қорынып, қор боп бітесің. Мына біз тұрған бір бөлме үйдің едені тақтай да емес, жер. Жуып алуға келмейді. Сыпырса бұрқырап шаң көтеріледі.
Өз үй, өлең төсегімнің болуы бір күн өмір сүрсем де рақат емес пе? Егер, оны-мұны жағдаймен, бұл арадан кетер болсам сатам.
Өз үйім - ол кассаға салып қойған ақшамен тең.
Қаладағыдай мұнда ет, сүт сатылып тұрмайды. Өз үй, өз аулам болса, мал да, құс та ұстар едім.
Ең бір құштар нəрсем, шіркін, бір тəуір ат ұстау. Бұл енді бар арманымның ішіндегі биік шыңы. Қазақ емеспін бе, сылаң ұрған жақсы ат көрсем, көзімді ала алмаймын.
Жақсы, жүйрік атқа тақымым тигенде, бір жасаймын.
Қоғамдық жылқы малына деген көзқарас соңғы кезде күрт өзгерді. Оны жаппай қыру, етке өткізу жүріп жатыр. Жоғарыдағы бір мықты жылқы өнімді аз беретін мал десе керек. Оның бұлай деуі жекеменшік жұртқа онша теріс болмады. Колхоз, совхоздарда жылқы малының бағасы арзандап кетті. Жақсы ат, жақсы бие тауып алудың жолы жеңілдеді.
Əйтпесе, бұған дейін, бұл жақта атақты жақсы аттың бəсі жеңіл машинамен бара-бар еді.
***
«Пионер» тұрды уəдесінде. Повесті томпылдатып баса бастады.
Бұл жағдай мені материалдық жағынан қоңайтып қана қоймады. Оқушылар мен олардың ата-аналарының арасында беделімнің шарықтап, аспанға көтерілуіне бірден-бір себепші болды.
Өйткені, жұрт жазушыны сыйлайды.
«Пионерді» жаздырып алмайтын бала жоқ. Ал баласыз мұнда бір үй жоқ. Яғни, бəрі оқиды. Ай сайын томпылдап басылып жатқан повестің авторы басқа емес, мен екенімді бəрі біледі.
Өздерінің осындағы мұғалімі. Жазушы мұғалім. Оны сыйлап, құрметтемей, кімді құрметтесін?
Жақыбаев, Ільясовтардың күні мен бар жерде енді күн болмауға айналды. Үшеуміз қатар
түрғанда, жүрт əуелі маған келіп қол береді. Балалар əуелі иіліп, менімен амандасады.
Үзіліс кезінде жоғарғы класс оқушыларының мені қоршап алып айтатындары:
- Ағай, қазақ əдебиетін бізге сіз неге оқытпайсыз? Сіздің оқытқаныңыз жақсы еді ғой.
Мен жұқашалап жауап берем:
- Бұл менің еркімдегі мəселе емес.
Түйсінгішбалалар қазбаламайды. Кімнің еркіндегі мəселе екенін олар сезбейді емес.
13
Жарқырап көктем келді. Поселкіде жаңа үй салушылар көбейді. Анда да, мұнда да тыраштанып, кесек құйып, үй қалап жатқан халық.
Бұл өлке ағашқа тапшы. Құрылысқа қажет ағашмұнда өспейді. Жұрт үйді, негізінен, қам кесектен тұрғызады. Əдемілеп қалап тұрғызса, кесек үй де қатып шығады.
Үй салуға мен де кіріспекші болдым. Əрине, өзім салмаймын. Кісі жалдаймын. Оған мүмкіндік бар. Жалданып үй салатын чешендер көшеде жүмыс іздеп, шұбап жүр. Олар еңбек сүйгіш, қол күшіне берік халық. Келіссең болды, істе дегеніңді істеп береді. Чешендердің семьялары, əдетте, үлкен болады. Қатын-балаларымен жабыла түгел қимылдағанда, жапырып жібереді. Бірер жетінің ішінде бір үйді тұрғызып, іші-сыртын сылап, дайын етіп шығарады.
Əуелі үй салатын участок алуым керек. Оны кім береді?
Біреулер сельсовет береді деген сөз айтты.
Сельсоветке келдім.
- Біз бұл мəселемен шүғылданбайтын болғанбыз. Аудандық атқару комитетіне барыңыз. Сонда құрылыс бөлімі дейтін бар, егжей-тегжейін сол айтады, - деді.
Ішектей созылған ұзын коридордан мен бұл бөлімді əзер іздеп таптым. Өйткені, есігінің сыртына бір парақ қағазға жазған жазуын əбден кір басып көрінбейтін болған. Үңіліп, əрең танып оқыдым. Оқығанмен не пайда. Есік қашан келсем жабық түрады.
Бір күн, екі күн келейін. Ылғи жабық.
Жəне бір күн келіп, тұтқасынан тартып келіп қалғанымда, есік ашылып келіп кетсін. Мен бұны күтпеген едім. Əрі қуанып, əрі таңғалғандай болдым. Сопақша күңгірт бөлме ішіне толған темекі түтінінен одан бетер күңгірт тартқан. Төрде терезенің алдында бір тумбалы бір ғана стол. Шылымды бұрқыратып сорған біреу отыр. Мен аудандық ресми бір кеңсеге емес, оның жеке басының ұйықтайтын бөлмесіне баса-көктеп кіріп келгендей ол маған бақырайып қарап қалған.
Төңірегімнен отыратын орындық іздеп, таба алмадым.
Бөлмедегі жарыққа сəл көзім үйренген соң байқасам, сақал-мұрты тікенек боп, өсіп кеткен біреу екен. Үстіне кигені тік жаға көне сарғышкитель. Жас шамасын мөлшерлеу мүмкін емес. Мүмкін, жиырма бесте шығар. Мүмкін, елу бесте.
Отыратын орын болмаған соң, шаруамды түрегеп тұрып айттым:
- Мен осындағы орта мектепте мүғалім едім. Үй салсам деген ой бар. Соған участокті қалай алуға болады?
- Үйді неден салмақсыз? Қанша бөлме етіп салмақсыз? Қашан бастап салмақсыз? — деп, ежелеп
сүрап алды да: — сіз бұл мəселемен колхозға барыңыз, — деді əлгі.
- Колхозға?
- Бұл жерде колхоз қожа. Колхоздың жері. Сіз арызды участок сұрап, колхозға жазыңыз. Олар қаулы шығарады. Сосын, сол қаулының көшірмесін жəне салатын үйіңіздің жобасын алып, бізге келесіз.
Үй салу үшін де біраз машақатты бастан кешу қажет екенін енді білдім. Тəртіп солай болғасын амал нешік. Көнуге тура келеді.
Арыз алып, колхозға келдім.
— Арызыңызды тастап кетіңіз. Қазір науқан кезі, қарбалас. Бүгін-ертең қарай алмаспыз. Науқан біткен соң қарармыз. Əуелі колхоздың басқарма жиналысында қаралады. Сосын жалпы жиналыс қарап шешеді, — деген сөз айтты.
Қиын емес шаруаны осынша қиындатып қойғанға басымды таңырқай шайқап, сыртқа шықтым.
Күндер зымырап өтіп жатыр. Қаралған арыз жоқ.
Олардың науқаны біткенше, жаз да бітетін түрі бар. Мен асықты екен деп, асығатын колхоз көрінбейді.
Тіпті бара-бара председательді мезі етіп біттім. Соңғы бір барғанымда ол маған қатаңдау сөз айтты:
— Шырақ, сенің арызыңды қарамақ түгіл, өзіміздің басымыз қатып, мұрнымыздан су кетіп жатыр. Арызың қаралады. Айтамыз өзіміз, — деді.
Менен басқа үй салмақ болғандардың бəрі-ақ қимыл үстінде. Поселкенің ана шет, мына шеті бірі құр емес. Қаптап кесек құйып, үй қалап жатқан халық.
Мен таңмын. Олар рұқсатты қашан, қалай алып үлгерді? Əлде алдын ала қам істеп, қыста алып алды ма?
Жақынырақ маңдағы үй салып жатқан біреулердің қасына келдім. Сыпайы сəлемдесіп, сосын, жұқалап сұрастырып көрсем, үй салуға рұқсат, қаулы, жоба дегеннен əлгі дым білмейді. Мен тап бір шүршітше сөйлеп түрғандай бетіме бажырая қарап: Неғылған қаулы? Неғылған жоба? Ол кімге қажет? — дейді.
Маған ұқсап, үй салатын орын сұрап, ешкімнің алдына мөлиіп бармаған. Осы араны өзіне ұнатқан да, бірден үй салуға кіріскен. Жоба да өзінікі. Білетіні осы.
Жəне біреулерге барсам, ол да солай.
Үшінші, төртінші үй салушылардың бəрі солай. Əлгілердің көпшілігі, тіпті, ауданда құрылыс бөлімі дейтін мекеме барын білмейді. Естімеген. Естісе, осы қазір ғана менен естіп отыр.
Мен ақымақ болып жүргенімді енді білдім. Заңда, тəртіпте не шаруам бар еді? Қазіргі жылы кездің əр күнін пайдаланып, іс тындырудың орнына өзімнің мазам кетіп, өзгелерді қоса мазалап, кеңсе-кеңсенің табалдырығын тоздырып, уақытымды текке өлтіріп, сандалумен жүргенмін.
Колхоздың рұқсат қаулысымен, типтік жобамен үй салып жатқан бір жан көрсем, көзім шықсын.
Заңды бұзба, тиме оған, айналып өт деген сөз осындайдан айтылса керек.
Айналып өтіп, енді мен де іске кірістім.
14
Поселкенің дəл орта тұсында, мектеп пен аудандық кітапхананың екі аралығында ешқандай пайдаға аспай, бос жатқан жер бар. Он сотықтан кем емес. Мен үйді поселкенің шетінен емес, осы арадан салуды лайық көрдім. Орталық. Мектепке жақын. Шылдыр еткен қоңырау даусын естіп үйден шықсам да, сабағыма дəл барамын.
Заңмен, тəртіппен жүріп үйренгендіктен əлі де қашасоқпын. Ешкім ештеңе демес пе екен деп, əуелі, бір демалыста, үй салар жерді қадалар қағып, иемденіп қоршаған болдым.
Жоқ, тыныш. Қол қағар ешкім көрінбейді.
Бұдан соң, қоршалған жердің бір шетінен кесек құю үшін балшық жасайтын шұқыр қаза бастадым. Ауыз ашқан жан жоқ.
Батылдығым артып, үй салатын кісі жалдап, кесек қүйғызуға кірістім. Ешкім ештеңе демейді.
Жұмыс қызып жүріп берді. Ахмет дейтін чешенді жалдап едім. Бір қора қатын-бала, қарындас-інілерін ертіп келеді. Таңның атуынан күннің батуына дейін істейді. Күн шуақ, жауын-шашын жоқ. Кұйылған кесек тобарсып тез кебеді. Үйді қалап, іші-сыртын сылап, ақтап беруді Ахмет мойнына түгел алған.
Ахмет арақ ішпейді. Бес уақыт намаз оқып, тамақ ішкенде ғана жұмыстан қолы қалт етеді. Басқа кезде тыным алғанды білмейді.
Бас-аяғы бір жетінің ішінде үйге қажетті кесек түгел құйылып бітті. Жəне бір жетіде үй қаланды. Үшінші жетінің аяғында төбесі түйе тайлы боп жабылған, есік-терезе орнатылып, іші-сырты сыланып, ақталған, екі бөлме, алдында кіре беріс шағын кілеті бар жаңа үй даңғырап шыға келді.
Ағаштың тапшылығынан шатырлы үй бұл жақта сирек. Жəне жауын да аз.
Ал еденін тақтайлау ол кейінгінің жүмысы. Тап қазір менің қалтам оны көтермейді.
...Біздің үйде той — жаңа қоныс тойы.
Өзім өз боп өмірімде тұңғышрет баспана салып кірдім. Өзімдікі дейтін тұңғышшаңырағым. Қуанышым зор-ақ.
Қонақтарымның бəрі дерлік мұғалімдер. Ішінде аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі Əміров бар.
Көңілім қаламаса да, мектеп директоры Жақыбаевты да шақырдым. Тастап кетудің ретін таба алмадым. Келді. Тек сыпайыгершілік үшін шақырып отырғаныңды ол, əрине, біледі.
Қой сойылған. Бір бөшке бал сыра.
Шарап мұнда сəн емес. Шараптың бұндағы аты қызыл арақ. Қызыл арақ десе, жүрт тыжырынып
қарайды. Əйел де, еркек те онымен ауыз былғап жатқанша, мұздай боп салқындатылған көжесін ішкенді тəуір көреді.
Əуелі етке жол беріледі. Сосын, сыра сорапталады.
Қонақты, мүмкін болғанынша, риза етіп жіберу — ол енді мақсат.
Бұл демалыс күні болатын. Ет жегеннің соңынан, екінші рет шай ішілердің алдында, бəріміз сыртқа есік алдына шығып, бой жазып, кеукілдесіп тұрмыз. Нағыз орталық көшеден бұл ара қаға беріс. Көшемен өтіп жатқан жұрт аз.
Бір кезде мектеп жақтағы көшенің мүйісінен аяғын тəлтіректей басқан біреу көрінді. Аяғына етік, галифе шалбар, китель киген. Кителінің бар өңірін ағытып, ашып қоя берген. Көшенің кеңдігінен екі жақтағы үйлерге соғылмай, əрең жол тауып келе жатыр.
Ол анадайдан шоғырланған бізді көрді. Бізге қарай ойыса жүрді. Таныдым - сол əлгі ауаткомның құрылыс бөлімін басқаратын жігіт, өзімнің ескі досым.
Біздің дəл қасымызға келіп тоқтады. Əркім-əркімге үңіліп қарап, амандасқан болады. Бір кезде қолын маған ұсынды. Көздерін жыпылық-жыпылық еткізіп, мені жөндеп тани алмай тұр. Таныса да, есіне түсіре алмай тұр.
«Анаң сырқат. Тез жет!»
Телеграмма сөзі қысқа. Қысқа да болса, айқын.
Қайтейін, қанатым жоқ. Қанатым болса ұшар едім. Апыл-ғүпыл жиналдым да, станцияға қарай жүретін машина іздеп, тартып жөнелдім.
Зағипа ай-күніне тақап отыр. Жол жүруге жарамайды.
Жолшыбай машина тауып, екі жүз шақырым жердегі темір жол станциясына, одан поезбен Алматыға, Алматыдан жəне машина іздеп, Қарасазға, Қарасаздан Тұйыққа үйге жеткенімше бес күн өтіп кетті. Мүмкін болған жағдайдың бəрін пайдаланып, ақшаны бетіне қарамай шашып жұмсаумен құс болып, ұшып жеткен түрім осы. Анашым ауыр халде екенін естігенде, жан шыдасын ба? Одан қымбат, одан құрметті кімім бар? Бізді, Сəрсебек екеумізді, өсіріп, адам етуден басқа ол өмірде не ойлады? Осы жол-да тартпаған азап-михнаты қалды ма? Не қызық көрді бейшара жан?
15
Жас кезімде үлкендердің аузынан алдамшы өмір, опасыз ит өмір деген секілді сөздерді көп еститін ем. Бірақ қандай мағынада айтылады деп мəн беріп, ойлана қоймайтынмын. Енді осы жолы ойландым. Осы жолы бар жан-тəніммен шамырқана сезініп, ұққандай болдым. Иə, адам өмірі деген тесік шелекке құйылған су тəрізді болады екен. Тіршіліктің оны-мұны шаруа-қамымен күйбеңдеп, басың қатып жүргенде, бір күні, сарқылып бітіп қалғанын білмей де, байқамай да қалады екенсің.
Алдамшы емей, немене? Опасыз емей, немене?
Тұйықтың да төбесі көрінді-ау. Ауыл сол баяғы орнында. Баяғы ел. Күйбең-күйбең баяғы күйкі тіршілік. Ештеңе де болмағандай. Ешкім өліп-жітілмегендей. Байқасаң, өмірдің алдамшылығының бұл да бір қыры.
Мені анамның ыстық құшағының орнына жаңа қазылып көмілген түсі суық томпиған қабір қарсы алды. Бір ауыз тілдесіп, хоштасып та үлгермедім асыл жанмен. Өмірдің опасыздығы емей, немене бұл?
Қаныша жеңгем аңырап жалғыз отыр.
Анам көп ауырмапты. Кешқұрым ойбай басым, басым деп жығылған төсегіне. Ертесі дүние салған. Жарықтық: а, құдай! Алар болсаң, жанымды қинамай ал. Бала-шағаға масыл қылмай, қор қылмай ал деп, ылғи да жалбарынып, тілеп отырушы еді. Құдай оның дəл осы тілегін айнытпай беріпті. Бейшара жан арманыңа бір жетіп өтші дүниеден деп, жанын қинамай алыпты.
***
Анамнан өлі айырылсам, Қаныша жеңгемнен тірі айырылып, қайғы үстіне қайғы арқалап қайттым.
Қаныша да менің анам еді. Кіші анам еді. Қиын қыстау кездердің бəрінде бір дəнді бөліп жескен, ыстық-суықты бастан бірге кешкен қимасымның нақ өзі еді ғой. Біз үшін, Сəрсебектің оты өшіп, шаңырағы құламау үшін, ол не көріп, неге көнбеді? Бəріне де көніп еді.
Енді сол аяулы жеңгем оқу жылы аяқталған соң келіп, Қорғанға көшіріп əкетейін десем, бас шайқайды. Айтатыны:
— Ерке, сен мені көшіріп əкеткенде не істейсің, қалқам? Арбаның бесінші дөңгелегі секілденіп сендердің соңдарыңа жармасып алғаным жараспас. Жылы орнымды суытып, тағы да кімнің алдына барып, қызмет сұрап тұрмақпын? Одан да өз күнімді өзім көрейін. Тағдырдың маған деген де бір жазуы бар шығар. Сəрсебек кебін киіп кетпеп еді. Кебенек киіп кетіп еді. Үмітімнің шырағын, шамам келгенше, əлі де өшірмеуге тырысармын... Еңкейген, етегіне сүрінген кəрі емеспін. Өз жанымды өзім баға алатын шығармын. Менің бұдан былайғы өміріме сен енді ерік бер, қалқам.
Жеңгемнің бұл айтқан сөздерінде қаншама терең мағына, астар жатыр.
Лебі қаңтардай қатал болғанымен қаншама бас бұрғызбас өмір шындығы жатыр. Кеще болып кетпесем, мен бəрін де түсінемін. Иə, ол жас əлі. Өмірінің алды анау, арты анау деп, тоқыраған жан емес. Əлі де үміті бар болашақтан. Сондықтан да, өзі айтқандай, арбаның бесінші дөңгелегі болып, өмір-бақи бізге тіркеліп жүре алмайтыны белгілі.
Осының осылай екенін іштей мойындасам да, сыртымнан бір ауыз, жеңгем, сөзің дұрыс деп айту мен үшін қиын. Мен еріксіз егіліп жылағанды білдім. Əлім ə дегенде өзімнің екі көзіме ғана жетті. Екінші анамдай болған аяулы жеңгемнен ажырау — бұл мен үшін тым қиын жағдай еді. Өзімнің төрт мүшемнің біреуін өз еркіммен кесіп тастағанмен тең еді.
Қайтейін, қиналып, күйзелсем де, көнбеске шара жоқ. Ой, ит тағдыр-ай! Кейде пендеңді аяу дегенді білмейсің-ау!
16
Қорғанда екінші жыл мұғаліммін. Мектеп басшылары сол бұрынғылар. Мұғалімдердің ішінде бірлі-жарым кеткендері, келгендері бар.
Шынымды айтсам, беті ашылған келіндей, мен бұл кезде мектеп басшыларын онша сыйлай қоймаймын. Көбінесе, өзіммен өзім болып, жеке жүрем. Мектептегі сабағымды, өзіме тапсырылған қоғам жұмыстарын білем.
Өзі шақырғанда болмаса, директор кабинетінің есігін ашу дегенді қойғам.
Жақыбаев, Ільясовтар көшеде кездессе, байқамаған адам болып, шекемнен қарап өтем. Былық пенен шылыққа белшеден батқан, тоғышар арзан жандар екенін көріп, біліп отырып, қалай ғана сыйларсың? Қалай ғана бас иіп, амандасарсың ?
Педсовет болса қаралып жатқан мəселеге менің қатысым жоқтай бір шетте кітап немесе газет оқып отыру əдетіме айналған.
Институтты осы биыл бітіріп келген, көзі ашықтау, тауы шағыла қоймаған бірді-екілі жас мұғалім жігіттер бар. Олар маған үйір, мен жағында. Менің сөзімді сөйлеуге бейім.
Ал кəртамышмұғалімдер Жақыбаев пен Ільясов жағында.
Осы жікшілдік, осы бөліну, əсіресе, педсовет болған кезде ашық байқалады. Мен жағындағылар өз алдымызға өкшелеп бөлек отырамыз да, мектеп басшыларының сойылын соғатындар ым-жымдары жарасып, бірін-бірі қас-қабақпен ұғысып, олар да бөлектеу отырады.
Кейде ымыраға келмей, екі жақ боп айтысып, тартысу əдетке айнала бастаған.
Жоғарғы кластарға қазақ əдебиетін, бұрынғыша, биыл да Қасымова оқытады. Мен алтыншы, жетіншіге қазақ тілін оқытам. Жетісіне жиырма төрт сағаттан артық сабақ беріп көрген емеспін. Мектептегі жүгі ең аз мұғалімнің бірімін. Бұл мені мектеп басшыларының, өздерінше, шөміштен қысқан түрлері.
Бірақ мен қыңқ демеймін. Сабақ беретін сағатымды өсіруді өтініп, ешкімнің алдына мөлиіп барып тұрмаймын. Алматыда шығармаларым, кітабым басылып жатқанда, шөміштен оңайлықпен қысыла қоймайтыным белгілі.
Бұны Жақыбаев пен Ільясов та біледі.
Қорған орта мектебіндегі жағдай айтарлықтай емес. Мұғалімдер арасында жікшілдік бар. Соның кесірі бүкіл оқу-тəрбие жүмысына тиіп отыр деген қаңқу сөз биыл ұлғайған.
Содан ба, қайдам, бір күні мектепте өзгеше бір педсовет шақырылды. Аудандық партия комитетінің бірінші секретары Алдажаров, аудандық атқару комитетінің председателі Құсайынов келген. Əміров, болсын-болмасын, осында. Бірінші басшылардың алдында ол аяғын ұшынан басып, құрдай жорғалайды. Өзі де бір мекеменің əміршісі екенін мүлдем ұмытқан.
Күн тəртібіндегі мəселе біреу: Мектептегі оқу-тəрбие жүмысының хал-жағдайы жəне оны жақсарту шаралары.
Осында келгелі бері көріп, білгендерім ішімді сақардай қайнатып, зорға жүрген адаммын. Бұндайда сайрамағанда, қашан сайраймын. Жарыс сөзде бірінші болып сөйледім. Жақыбаев пен Ільясовты аяусыз сынға алдым. Былық пен шылықтың неше түрі осы екеуінен өрбитінін бас бұрғызбас дəлелдер келтіре отырып, тілімнің жеткенінше дəлелдеп айттым.
Жүрт ұйып тыңдады. Көбінің қышуы қанып отырғаны белгілі еді. Директор мен завучтің мойындарынан су кеткен. Төмен қарап, мөлиіп тек тыңдаумен отыр.
Кейбір тым сорақы фактілерге тоқтаған кезімде Алдажаров сөзімді бөліп:
- Жақыбаев жолдас, осы рас па?
- Ільясов жолдас, осы шынында да осылай ма? — деген секілді киме сұрақтар беріп отырды.
Рас демеске ана екеуінің əбдісі жоқ.
Мені жақтайтын жас жігіттер бұндайда үн беріп, менің сөзімді қостап, масайрап қалады. Бірақ бір де бірі жарыс сөзге сұранбады. Əлгіндей орындарында отырып қоқаңдаудан əріге бара қоймады. Əлсіздік атаулыға атой сап, қарсы шапқан, сонда негізінен мен ғанамын.
Дон-Кихот мен ғанамын.
Жақыбаев та сөйледі бұл жиында. Бірақ маған қарсы келмеді. Менің бір де бір сөзімді теріске шығармады. Кəдімгі көпшілік жиындарда көп айтылып, мезі қылған жалпылама жауыр сөздер. Өйтейік, бүйтейік деген ұран-шақырулар. Тату болайық, біріміздің білмегенімізді біріміз айтып, көмектесейік. Мүмкін, кемшілігіміз де бар шығар. Кемшіліксіз адам болмайды деп ұлы көсеміміз Ленин өзі айтқан. Кемшілігіміз, болса түзейміз. Жолдастардың айтқанынан қорытынды шығару ол біздің борышымыз деген секілді құр сылдыр, жуып-шаю.
Ең соңынан аупартком секретары сөйледі. Ол не айтса заң бұнда. Секретарь күмпілі кеше ғана басылған апат соғысты еске салды. Халқымыздың өмірінде соғыс кеселдік келтірмеген сала жоқ. Соның бірі халық ағарту ісі. Бəрі соның зардабы. Біз ол зардапты жоюымыз керек. Осы кездегі жаңа талаптарға сай еңбек етуіміз керек деді. Коллективті бірлікке, татулыққа шақырды.
Біз Жақыбаевтарға қарсы жақ, бұл педсоветтен сөзіміз өрге басқан, жеңген боп, масайрасып тарастық.
Нағыз айқас əлі алда екенін нағыз жеңіп, жеңілу сонда айқындалатынын, сөйтсек, білмеппіз де болжай алмаппыз.
Ақыр түбі сойылға кім жығылатынын, кімнің мерейі үстем боп, мұртынан жымия қарап тұрарын болжай алмаппыз.
17
Мен əкемін. Жамал атты алты айлық, өзіме тартқан тəмпішмұрын қызым бар. Зағышкөктемде аман-есен босанған. Бұдан былайғы бір алданышың енді осы болсын деп, жас нəрестені маған сыйға тартқан.
Балажан əке болатынымды бұрын да сезетін едім. Енді одан асып түстім. Қызымды бір сағат көріп, иіскемесем, тұра алмаймын.
Шіркін, күн, ауа, жөргек иісі араласқан сəбидің жас иісінен асқан сүйкімді не бар екен!
Ұнатпайтыным сəбидің жылаған кезі. Əсіресе, түнде жылағаны. Тəтті ұйқымды бұзғанына зығырданым қайнайды.
Бірақ мен тұрып жұбатпаймын. Жұбатып, емізетін Зағыш. Мен көрпемді одан бетер бүркеніп, екі қүлағымды тығындап, бұдан былай ештеңе естімеуге тырысам.
Таңертең ұйқым қанып тұрған соң, енді жыласа жылай берсін.
Өсе бастаған балаға ақ қажет болатыны белгілі. Ал сүт мұнда ешжерде сатылмайды. Колхоз сауған сүтін маслопромға өткізеді. Мал шаруашылығы ауданында, қалың малдың ортасында отырып ет, сүт сатып ала алмау бүл енді ақылға сыймайтын іс.
Сарымай да солай. Өздері мал ұстамайтын қызметкер, жұмысшылар ет, майды мүмкіндіктері болғанда, сонау алыстағы облыс орталығынан, темір жол станциясынан тасиды.
Сүмпеңдеп, көршілерден сүт сұрап жүрмейін деп, біреудің бір жаңа туған құнажынын сатып алдым. Сөйтіп, біртіндеп малды бола бастадым.
Бір жақсы ат ұстау арманым еді. Ол да орындалды. Түр-тұлғасы келіскен, жүрісі де, жүйріктігі де бар бір дөнен шығар сары ат сатып алдым.
Бақпаса мал, қарамаса қатын кетеді деген мақал бар. Ол рас. Баға білсең ғана мал құтаяды. Малға жем-шөп, тұратын қора жай қажет. Мал-жан көбейген соң енді маған істер іс те, шаруа-тіршіліктің қамын ойлау да көбейді.
Бірнеше күн əуреленіп, үйдің бет алдынан ат пен сиырға арнап қора салдым.
Жем-шеп табылуы да оңай емес. Ешжерде ашық сатылмай діңкелетеді. Ашық сатылса, алар едің ақшаңа. Жұрт жем-шөпті малдарына əрқайсы əр түрлі қиғашжолмен, əр түрлі амал-айламен, əлде кімдермен жең ұшынан жалғасып табады. Мүмкіндігі барлары ептеп-септеп өздері дайындайды.
Амалдауға ебім жоқ адаммын. Ондайды ойыма алсам, жиреніп, үркіп тұрам. Біреуден бір екі дөңгелекті кодек арба сатып алдым. Мектепке сабақ беріп келгеннен кейін, қолым боста, соны сары доненге жегіп алам да, тартып жөнелем. Колхоз егісінің ара-арасынан, арық-арықтың бойынан жекешеге рұқсат етілетін жерлерден малыма пішен орып əкелем.
Қысқасы, осындағы нағыз шаруақордың біреуіне айналдым. Қолымнан айыр, күрек, балта түспейді. Малымды уақтылы жемдеу, суару, қора тазалау. Ойлайтыным тек осы.
Майлыаяқ атты қарала күшік асырап жүрмін. Өзі сондай ақылды, құймақүлақ. Айтқаныңның бəрін түсінеді. Жамалжаным екеуі дос. Қолына кəмпит, нан ұстатсаң Жамал күшігімен бөліп жеп отырғаны.
Жамалдың омырауына төгілген айран, сүтті Зағипадан бұрын байқап көрсе, Майлыаяқ жалап тазартады.
Əрине, бұл да аз көмек емес.
Жаңа үйдің əлі бітіп болмаған жұмыстары толып жатыр. Оны да шетінен өзім бітіре жүрем. Қолымнан келсін-келмесін бірдеңе істеуге, тұрмысты жеңілдетуге себі тиетін бірдеңелер ойлап табуға құштармын-ақ. Үйімнің айнала сыртын шарбақтап, əп-əдемі етіп, қоршап алдым. Енді қақпа орнатуды ойлап жүрмін.
Тек бір жүмысым қозғалыссыз қалып қойды. Сонымен шүғылдануға ғана уақыт табылмайды. Ол — жазу. Творчество.
Жұмыстарымның ішіндегі ең басты, құдіреттісі.
Үй салып, шаруа құрып алған соң алаңсыз отырып, жазармын-ау деп ойлаушы едім. Сөйтсем, оным бекершілік екен. Өзің жалғызілік болып, шаруамен басың қатса, жазу жайына қалып қояды екен.
Шынымды айтсам, қызыл сиыр мен сары ат жазатын да кəсібім бар екенін маған ұмыттыра бастады.
Таңертең оянғанда бүгін бірдеңе оқу, жазу тұрмайды басымда. Үйдің отын-суы, сары ат пен қызыл сиыр, бұзаудың жем-шөбінің қамы тұрады.
Жоқ, бұл болмайды екен деген қорытындыға келдім. Жазушы болуды бала кезімнен армандайтын едім. Енді міне, кім боп барам? Мына хал, мына тұрмыспен, байқасам, алдыңғы уақытта да жаза қояр түрім байқалмайды.
Қолым боста ұстайтыным қалам емес, айыр, күрек.
Төр үйдің есігін тарс жауып, столға жабысып, отыра қалу орнына мал қорадан шықпаймын.
Шаруамен айналысқалы өзімді өзім күтуден де қала бастадым. Қара жұмысқа не ыңғайлы болса, соны кием. Ұзақ күнге үстімнен салтақ-салтақ қара фуфайка, аяғымнан тарп-тарп еткен керзі етік түспейді.
Қайта, студент кезімде ықтиятты, өзімді өзім күтінгішедім.
«Екі кеме құйрығын ұста жетсе бұйрығың» деп əрі шаруа, əрі творчество екеуін бірдей қабат алып жүру ол менің қолымнан келмейтін əрекет екеніне көзім анық жетті.
Сары ат, қызыл сиыр, қызыл бүзау маған жазу жазғызбайтынына көзім анық жетті.
Екеуінің бірін қалауым керек тəрізді.
Əдебиетті қаладым.
Ендігі жоспар мынау: оқу жылы аяқталысымен үй-жайымды, малды сату. Сосын, Алматыға кету. Сары ат, сиыр, қызыл бұзаудан сөйтіп қүтылу. Жақыбаев, Ільясовтардан құтылу.
Толстойға ұқсап деревняда тұрып келдім. Бірақ Толстойша жаза алмадым. Мүмкін, қалаға барсам жазармын.
Алматыдан шеттеп, алыстауым — əдебиеттен шеттеп, алыстау болатынын бір кезде жөнді ескермеген тəріздімін. Ескерсем, нем бар мұнда келіп. Қалаға немесе қала маңына жабысып, жатып алар едім ғой.
Уақасы жоқ, ештен де кешжақсы.
Сөйтіп енді, орысша айтқанда, чемоданное настроениенің адамдарымыз. Зағышменің еркімнен шықпайтыны белгілі. Өзің біл. Тышқандай бір баламен қайда барсақ та жан бағатын шығармыз деп қарайды.
Көңіл күйім əлгіндей болған соң мен енді тіптен еркінсіп кеттім. Мектеп басшыларын адам екен деп көзге ілмеймін. Қолдарыңнан келетіні болса, бір емес, екі істеңдер. Тіреп түрған аспандарың болса, төбемнен тастап жіберіңдер деген сөзді керіс-талас туа қалса, ашық айтам.
Сөйтсем, бұным əрі асығыстық, əрі астамшылық екен. Пəлеқор дүшпандарымның қолынан əлі де талай нəрсе келетінін болжай білмеуім екен.
Ақыры, бір күні, ойламаған жерден қатырды олар мені. Мықтап қатырды. Мойнымды астыма қайырып, омақастырды десем де болғандай еді.
Ə десең мə деді де, аспанды төбемнен, шынында да, тастап келіп жіберді.
Шынымды айтсам, бүл жолы да бəріне өзім себепшімін. Бетегеден биік, жусаннан аласа болып аяғымды ұшынан басып, жайыма тынышжүре алмайтын ит мінезім себепші.
Ақжүрек партизандығым себепші.
Осы қыста мектепте Манабаев дейтін шəнтік, есерсоқ біреу пайда болған. Хим-биологиядан сабақ береді. Өзінің оқытатын пəнін де жөнді білмейтін дəрменсіз дəлдір біреу. Сабақ үстінде оқушылармен базардағы былапыт əйелдерше салғыласып ұрысатын көрінеді. Балаларды тілдеп, боқтауға дейін барады. Осы мектепте не сен тұрасың, не мен тұрамын. Басыңды кесіп алып, он жыл арқалап кетуге бармын деген секілді дөрекі сөздер айтады оқушыларға.
Манабаев туралы мəселе бірнеше рет педсоветте қаралған. Неге екенін, мектеп басшылары оған тым ымырашыл. Педагогтік мінезге ешжараспайтын сорақы қылықтары атой сап, көзге ұрып тұрса да, мəймөңкелеп қарайды. Көзін алартып, кеңірдегін сығып алу орнына сауырынан сипап, ескерту, қатты ескерту секілді жұмсақ шаралар қолданған болады. Одан əріге бармайды.
Бұны жаза екен деп сезінген, түзелуге бет алған Манабаев жоқ.
Есер Манабаевтан зəбір көрген жоғары класс оқушылары шағынып маған келді. Ағай осы туралы газеттердің біріне қатырып жазыңызшы деп өтінді.
Жаздым. Фельетон жаздым: «Манабаевтың масқара қылықтары» деген. Аудандық газеттің редакторы Мейрамов түзу жігіт. Өзі менімен достау. Фельетонымды соған оқып беріп ем, ұнатты.
Фельетон газетте жарияланды.
Қорғанда жер сілкіну, менің төбемнен аспан қүлау міне, осылай басталды.
Мен фельетонға герой етіп жазып отырған Манабаев, сөйтсем, бұнда жел айдап, қаңғып келген əлдекім емес екен. Аудандағы ту десе түкірігі жерге түспейтін екі дөкей басшының бірі — ауатком председателі Құсайыновтың əйелінің жақын туысы болып шықты. Ол мұнда жайдан жай келе салмаған. Құсайыновты сағалап, соны арқа тұтып келген.
Мен мұны қайдан білейін. Егер білсем, арты қалай болады деп ойланам ғой.
Сөйтіп, пəлені тағы да өзіме өзім тауып алдым. Бауырын күнге қақтап, манаурап тынышжатқан қарашүбар жыланның құйрығын өзім барып бастым. Жылан басын бұрып алды да, тісінде қанша уы болса соның бəрін аямастан төгіп, мені шақты-ай кеп! Дүшпандарым жетісіп, шоқ, шоқ! Өзіңе сол керек деп табалап күледі. Ал достарым...
Бұндайда, басыңа іс түскенде, мен осының досы едім. Не көрсем бірге көрейін деп қасыңда кім қалады?
18
Фельетон жарияланғанына бір жетідей уақыт өткен. Манабаев қалшылдап күйіп-пісуде. Бір күні аяқ астынан мектептің бір топ мұғалімін ауаткомның мəжілісіне шақырады. Мен де бармын шақырушылардың ішінде. Тізімнің жуан ортасындамын. Аңқау басым ештеңеден сезік ала қоймадым. Бардым. Отырдым. Аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі Əміров, мектеп басшылары бəрі отыр.
Ауатком мəжілісінде қаралмақ мəселе тағы да Қорған орта мектебіндегі оқу-тəрбие жүмысының жайы туралы екен. Мен бұны жаңа естіп білдім. Жұрттың қас-қабағын аңғарып, енді ғана ішімнен сезік ойлай бастадым.
Онымды білдірмеуге тырысып, жағамды жайлауынан салып отырмын.
Сөз əуелі мектеп директоры Жақыбаевқа берілді. Оның айтуынша: бұрынғы жылдар Қорған орта мектебі үшін қой үстіне бозторғай жүмыртқалаған тамаша жылдар болған. Мектеп аудан бойынша ең алдыңғы қатардағы мектеп еді. Мұғалімдер коллективі сүттей ұйыған тату болатын. Біреуге біреу нағыз досша, нағыз большевикше көмектесіп, ауыз жаласып еңбек ететін. Оқу-тəрбие жұмысының дəрежесі балалардың сабаққа үлгерімі кəзіргі кездегіден пəленбай есе жоғары болған.
Ол заман, алтын заман, енді жоқ. Өтті кетті. Мектеп бүліне бастады. Сүттей үйыған мұғалімдер коллективінің арасына жік кірді. Бұған кінəлі кім? Кінəлі мектепке былтыр, биылдар келген жас мұғалімдер. Атап айтқанда Мамырбаев...
Төбемнен зу еткен суық сезім табанымнан бір-ақ барып шықты.
Мені қаралап, жамандауда Жақыбаев сөзді аяп қалмады. Əбден дайындалып, мені тұқыртуға болады-ау деген көр-жер фактісымақтарды жіпке тізіп, алып келген. Астанада институт бітірген жас кадр бола тұрып, өкімет пен партияның сенімін ақтамаймын. Мектеп басшыларының сенімін ақтамаймын. Өзімді коллективтен жоғары бөлек ұстаймын. Коммунистік идеяға жат жекеменшік психологияны уағыздаушының бірімін. Өзге мұғалімдер бүкіл күш-жігерін мектептегі оқу-тəрбие ісіне жұмсап жүрген кезде мен тек өзімнің қара басымның қамын ойлап, жекеменшік үй салумен, жекеменшік мал жинаумен болғам.
Осы қыста соғымға бие сойған едім. Жақыбаев оны да маған пəле етіп жапты. Аналық малды жойды. Сол арқылы ауданымызда мал басының көбеймеуіне себепші болды деп қаралады. (Биені колхоздан сатып алғаным есеп емес.)
Моральдық бейнем де айтарлықтай емес екен. Былтыр педагог Қасымованы айналдырғам. Ол көнбеген соң жау боп алғам. Бұны осында отырған Қасымова өзі растайды. Оқушыларды мүғалімдерге қарсы айдап салам. Пəлен-түген деген оқушылардың дəптерлерін жыртқам. Қысқасы, педогог болуға мүлдем лайықсыз, оңбаған біреу екем.
Ойпырмай, ақты қара, қараны ақ етіп сипаттаудан оңай ештеңе жоқ екен-ау деп ойлап қалдым. Кімді де болса жамандауға сөз табыла береді екен. Маған енді бəрі түсінікті еді. Ауатком
мəжілісі тек мен үшін шақырылған. Менің көзімді Қорған орта мектебінен жою үшін. Бəрін алдын ала тəптіштеп ойластырған. Бəрін келісіп алған. Кімдер сөйлейді? Қандай ұсыныстар жасалынады? Оны кімдер қостап, кімдер қостамаған болады. Осының бəрі алдын ала əзірленіп, кесіп-пішіп қойылған. Ауатком председателі Құсайынов сөйледі. Осындагы совет өкіметін бір өзі сүйреп жүрген адамдай, мен оның жолына көлденең тұрғандай столды тоқпақтап, аузының түкірігі шашырап, қалш-қалшетті. Бұл секілді жат мінез бұзақыны мектепке жақын жолатуға болмайды. Қуу керек деп тоқтады. Аупарткомнан үшінші секретары Сырғажанова дейтін қызыл бет əйел қатысып отырған. Байы жоқ. (Мен көріп жүрген əкім əйелдердің көпшілігі неге екенін, байсыз болады.) Оның сөзі Құсайыновтың сөзінің жаңғырығы тəрізді болды.
Газеттегі фельетон туралы бір ауыз сөз айтылмады.
Бұл да алдын ала ойластырылган нəрсе. Фельетон жайлы айтылса, онда сөз басқа жаққа ауады. Жұрттың назарына бірінші боп, Манабаев түседі.
Ауатком председателінің кімді қызғыштай қорғап, кім үшін күйіп-пісетіні белгілі болып қалды.
Ең соңында маған сөз берілді. ЬІза буып, жиреніп кетіп қалғым келіп, əзер шыдап отыр едім. Орнымнан асықпай түрегелдім. Төрдегі Қүсайыновқа қарап:
— Спектакльді жақсы əзірлеген екенсіздер. Өз рольдеріңізді бəрілеріңіз де тəуір атқарып шықтыңыздар. Өтірік пен жалақорлық əбден кəсіптеріңіз болып алған екен, — дедім.
Ешқандай толқымай, өрепкімей, жайымен айттым. Ар жағы таза, адал адам, қашан да, өзін мығым үстайды. Есікке таяу отыр едім. Шығып жүре бердім.
— Мамырбаев! Тоқта! Қайда!..
Мамырбаев тоқтаған жоқ. Неменеге тоқтасып? Сөз ұқпас қорқаулармен керісу үшін бе?
Маған енді бəрібір еді. Онсыз да құйысқаным көтеріліп, бұл арадан кетуге əзірленіп жүрген адаммын. Қашайын деген қоянға тəйт деген себеп деп, мыналар соны тек тездетті.
19
Соңынан естідім: Мен кеткен соң Құсайнов одан бетер шақ-шəлекей бопты. Ол, сірə, мені ұзақ сөйлеп, ақталар. Жалынып-жалбарынар деп ойласа керек. Мені Қорғаннан басқа мектепке ауыстырмақ ниеттері бар екен.
Мен əлгідей мінез көрсеткен соң ауатком председателі табан астында басқадай шешімге келеді. Жергілікті өкіметті, оның мəжілісін сыйламайтын бұл кім өзі? Қайдан шыққан əулие? Оның көзін ертеңнен бастап жою керек! Мұғалімдік қызметтен мүлдем шығару керек. Қаңғып кететін жағына кетсін біржолата! — депті.
Мəжіліс мені мұғалімдік қызметтен босату туралы қаулы қабылдапты. Қырсыққанға кейде мен де қырсығатын жыным бар. Жоқ олай болса, жайдан жай кете салмаспын. Арамзаның біразының мойнын астына қайырып, өшалып, содан кейін ғана кетермін деген ойға келдім. Өйткені, ісім де, арым да ақ адаммын. Неден қорқам?
Жайдан жай кете салсам, жеңіліп кеткен болам. Яғни, кінəм бар. Көлденең жүрт солай ойлап, солай топшылайды.
Тоғышарлар пəлен өстіп бүлдірді мектепті. Сол үшін қызметінен қуылып кетті демей ме ?
Мешкей деген жаман ат. Бұл сөз, сосын, Қорғаннан басқа жерге жайылады. Əлі Алматыға жетеді. Мені танитын, танымайтындардың арасында жаман пікір тудырады.
Кетерде мұнан еңбек кітапшасын алуым керек. Оған бұлар өздігінен тəуір сөздер жазбайтыны белгілі.
Жоқ, үн-түнсіз кете салуым жарамайды. Жігіттік ар намысым бұған жіберетін түрі жоқ. Мен күресемін. Ісім мен арым адал екенін дəлелдеп, содан кейін ғана кетем.
Əділдік қашан да жеңуге тиіс.
Енді менің жауыздықпен күресуім басталды. Ойын жолы біреу ғана — жоғарғы орындарға арыздану.
***
Басына іс түспеген адамның заңда шаруасы бола қоймайды. Ал бірдеңеге ұшыраса, ең əуелі, заңға жүгінеді. Заңеке, бұған сен не айтасың?
Ісіме қатысы бар заңның біразымен танысып қарасам, заң мен жақта көрінеді.
Жоғары дəрежелі білімі бар мұғалімді аудандық жер қызметінен босата алмайды. Тек облыс босата алады. Онда да республиканың оқу минстрлігіне хабарлай отырып дейді заңның сөзі.
Оу, мыналардың істеп отырғаны, ендеше, тұрған заңсыздық қой!
Жүгіріп прокурорға барайын. Айналайын прокурор, сен мені мына заңсыздықтан қорға.
Кəне, қандай заңсыздық деп əлеп-жəлеген прокурор көрінбейді. Тыңдауы да, жауап беруі де самарқау:
— Болар іс болған екен. Біз оған ештеңе істей алмаймыз. Сотқа беріңіз. Сот қарап шешеді, — дейді.
Сот мұнда Қасымов. Сол əлгі сабақ оқытуда өзіммен бақталас əдебиетші Қасымованың күйеуі. Əділдік іздеп, арыз айтып, соған баруым керек.
Жоқ, бара алмаспын мен оған. Жоғарыға томпылдатып арыз айдағаннан өзге енді лаж жоқ.
Білгіштер қайда да болса бар. Ауылда да жетерлік. Менің тағдырым секілді тағдырды бастан кешіп, сауаты ашылғандар жан-жақтан ақыл бере бастады:
— Сен арыз жазар болсаң, жоғарғының жоғарғысына жаз. Аудан, облысқа жазып əуре болма. Оныңнан түк шықпайды. Əділдік тапсаң, жоғарыдан ғана табасың. Ал бергі, төменгі жақ, сенің сөзіңді ешуақытта да сөйлемейді. Құсайынов, Жақыбаевтардың сөзін сөйлейді. Өйткені сенен гөрі олардың қолы ұзын. Əділдік айтқысы келіп, ашыла бастаған ауызды олар сенен бұрын тығындап қояды.
Білгіштің бір емес, бəрі осыны айтады. Жəне бір білгіш:
— Құдайга шүкір, біздей емессің, азын-аулақ орысшаң бар. Сен арызды орыс газеттеріне жаз, — деген кеңес береді. — Орыс ол əділдігі мол жұрт. Қазақ газеттеріне жазғаныңнан пайда аз. Қазақ газеттерінен келетіндер мұнда кімнің үйінде түнеп шықса, ертеңінде соның сөзін сөйлейтін болады. Біз оны көріп жүрміз, шырақ.
Шығарма жазу орнына арыз жазғышболып алдым.
Таңертеңгі шайымды ішісімен, басымның тың кезінде, столға жабысып алам. Бір ғана жазып қоймаймын. Көшіремін.
Арыздың бірі емес, бірнешеуі жөнелтілді. Барсын, бара берсін. Артықтығы болмас. Бірнеше парақ қағаз бен кон-верт, маркалардан өзге менен не шығып жатыр. Қолым бос, уақыт деген жетеді.
Не арзан — қағаз, конверт арзан.
Көп арыздың бəрі бірдей аяқсыз қалмас. Бірі болмағанымен бірі тексерілер.
20
Е, Еркін шырақ, дүниеде жүмыссыздық дейтін пəле барын бұған дейін сен газеттерден, кітаптан оқып білетін едің. Енді өз басыңа келді.
Айтса, айтқандай азап екен ғой бүл. Төрт мүшең сау, ақыл-есің дүрыс. Тепсең темір үзетіндей күш-қуатың бар. Ал істейтін іс, баратын жұмыс жоқ. Мен бұның қандай азап екенін осы жолы басыма түскен соң анық білдім.
Мен тағдырдан денім сау, көзім қара кезінде қиыншылық атаулының бəрін бер деп тілер едім. Тек жұмыссыз қалдыра көрме. Дүниеде бұдан өткен қорлық бар деп ойламаймын.
Зағипа таңертең ерте мектепке сабағына кетеді. Жамалды бұрынғыша көрші орыс семьясы бағады. Мен үйде жалғызбын. Бұрынғыдай ермек етіп қарайтын мал да жоқ. Ақыр бұл арадан кететін болғандықтан, ретіне қарай атты да, сиырды да сатып үлгердім. Əзірше сатылмаған тек үй. Оны саудаласушылар аз емес.
Енді міне екі қолым алдыма сыймайды. Істерге іс таппай, қамаудағы адамша төрт қабырғаның ортасында сенделіп, жүрем де қоям.
Көңілім орында болса, тым қүрыса, отырып бірдеңе жазар едім. Соны ермек етер едім. Көңілім орнында емес. Басым толы қайнаған ыза. Бұндайда кісі столға отыра ала ма?
Жазу үшін бап керек. Адам өзгенің бəрін ұмытуы керек. Дүниеде тек сен ғана барсың. Қолындағы қалам, алдыңдағы ақ қағаз, басыңдағы жазбақ ой ғана бар. Іске татыр бірдеңе сонда ғана жазылмақшы.
Сенсеңіз, көшеге шығудан да қорынатын болдым. Мектепті бүлдірген, қызметінен қуылған мұғалім, əне, анау деп, жұрт мені қолдарымен нұсқап, күлетұғын тəрізді. Əменде солай. Біреу сүрініп, құласа, біреудің үйі өртенсе, басқалар үшін ермек, күлкі емес пе?
Күн соңынан күн өтіп жатыр. Арыздардан жауап жоқ.
Мұғалімдердің ішінде бірлі-жарым менімен пікірлес, доссымақтар бар еді. Осы күні солардың бірі жоламайды. Үйімде дуылдасып, талай бірге болып еді. Солардың бірі келіп, халің қалай демейді. Иə, мен оларды түсінемін. Өмір сүру керек оларға да. Мен болсам, ойыннан шығып қалған адаммын. Менен енді оларға пайда аз.
Пайда келсе, Жақыбаев, Ільясовтардан келеді.
Достардан да, бəрінен де түңілетін кездерім болады.
Адамды ой да қалжыратады. Сондай кезде жақын маңдағы азық-түлік дүкеніне барам. Жынды судың бір шөлмегін қойын қалтама салып, алып келем. Жалғыз өзім отырып, іше бастаймын. Осындай бір ермек «дос» таптым.
Енді міне, сырдың суы сирағымнан келмейтін батыр-мын. Жауларымды шетінен бураша тарпып
тастамай, үйде неғып қамалып отырғаныма таңқаламын. Ақырып, столды қойып келіп қалам:
- Мен оларға көрсетем!
Адам, сірə, осылай жынданатын болса керек.
Мектептен Зағипа келеді. Торға жаңа қамалған арыстанша ұрынарға қара таппай, үй ішіне сыймай жүрген түрімді көреді. Сыртқа шықсам біреумен, шынында да байланысуым мүмкін. Содан қауіп ойлаған ол жұп-жұмсақ алақанымен басымнан сипап, тыныштандырмақ болады:
— Еркін жаным, жатшы, жатып демалшы.
Мен бұған одан бетер құтырып кетем:
— Айтшы, не істедім мен оларға! Не істедім? Жазығым қызметіме адал болғаным ба? Жауыздарға мен əлі көрсетемін! Тектен тек кете салмаймын бұл арадан. Егер əділдік таппайтын болсам, шетінен үйін өртеп, өздерін бауыздап өлтіремін! Бұл менің қолымнан келеді.
Келмей қалсын!
Мастың сөзі құрсын. Ертесінде, есім қайта кірген кезде, кешегі бақырып айтқан сөзім, ісім үшін өзімнен өзім үялам. Өзімді өзім жерлеп басым салбырап, отырып қалам.
21
- Сізді аупартком шақырады.
- Кімі?
- Үгіт-насихат бөлімі.
Неге шақырады екен деген дүдамалмен келдім. Сол əлгі кертпек мұрын сары жігіт. Бөлім бастығы. Сол əлгі денесімен дене боп сірескен қара костюм. Мойнын қылғындырып байлаған қара галстук. Темекісін ең соңғы рет үстемелей сорып-сорды да, күлсалғышқа мыжып-мыжып өшіріп жатып:
- Отырыңыз, Мамырбаев жолдас.
- Отырдым.
Жігіттің өңі де, сөзі де жылы.
- Хал қалай?
- Шүкір.
- Үйдесіз бе?
- Əзірше үйдемін.
- Мына арызды сіз жаздыңыз ба?
Өзім жазған жазу көзіме жылы ұшырай кетті:
- Иə, мен.
- Арызыңыз бізге келіп түсті, — деп қағаздың ар жақ, бер жағын аударып қарап, ыңыранып сəл отырды. — Ал не істейміз? Тексереміз бе?
- Оны мен қайдан білейін. Өздеріңіз білесіздер де.
- Менің сізге мынадай бір замешание айтқым келіп отыр. Сіз деген оқыған азаматсыз. Такт дейтін болады, сіз оны білуге тиіссіз. Жергілікті партия, совет орындарының басынан асырып, арызды ту Москваға жазғансыз. Осыңыз жарай ма? Əлгі айтқан тактіге жата ма осы?
- Қайда жазсам да еркім емес пе ?
- Əрине, еркіңіз! Москва түгіл одан əрі... Бірақ такт, такт болу керек. Ал ендігі əңгіме былай: мен арызыңызбен мұқият таныстым. Сіз, əрине, бəрін өз көзқарасыңыз тұрғысынан баяндайсыз... Арызыңыз тексеріледі, тексерілмей қалмайды. Бірақ, ол үшін біраз уақыт қажет. Мүмкін, сіз де кінəсіз емес шығарсыз. Сізді жазалаушы жолдастардың да артық кеткені бар
шығар. Оның бəрі сарапқа салынып, тиісті қорытынды шығарылады. Ал оған дейін біз не істеуіміз керек? Сіз кəзір қызметсіз жүрген секілдісіз. Бұл, əрине, жарамайды. Біз сізді əзірінше, басқа бір мектепке қызметке жіберуді дұрыс көріп отырмыз. Бұндағы мектептің басшыларымен енді бəрібір сыйысып қызмет істей алмайсыз. Солай ғой? Солай. Бір бет жыртысқаннан кейін... Сіз бұған қалай қарайсыз?
- Жоқ, мен ешқайда да бармаймын. Үй-жайымды сатып, Алматыға кетем.
- Алматыға?
- Иə.
- Онда өзіңіз біліңіз. Маған Алдажаров жолдастың берген тапсырмасы əлгідей — сізді қызметке орналастыру.
- Кетуін кетем. Оған белімді бекем буған адаммын. Бірақ мынадай жаман атақпен кетпесем деп едім. Жауып отырғандары түгелдей жала.
- Сіз жас адамсыз, талантыңыз бар. Өлең жазасыз. Газет-журнал беттерінде жарияланған дүниелеріңізді мен оқып тұрам. Кітабым шығады деймісіз? Прекрасно! Сізге не керек бұдан артық? Шынымды айтсам, мен сіздің Алматыға кетем деген ойыңызды құптаймын. Мұнда, былық-шылықтың арасында, не бар сізге? Айтыс-тартыста не шаруаңыз бар?
Жалақ сары ақылсыз жігіт емес тəрізді. Екеуміз бірғауым əңгімелестік. Құлаққа кіретін, арналы сөздер айтады. Пікірінде əділдік, дұрыстық бар. Арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей, екі арадан бітімнің тура жолын тапқысы келетін тəсілшеңдігі жəне байқалады.
Біз тіл табысып, келісіп тарастық. Оқу жылы аяқталуына аз ғана уақыт қалды. Мен енді қызметке тұрмаймын. Өйткені, Қорғаннан бəрібір кететін адаммын. Арызымның жуық арада тексеріліп, тексерілмеуі жəне шарт емес. Оның есесіне еңбек кітапшама «қызметінен өз еркімен босады» деген жазу жазылатын болды. Бұны жалақ сары өз мойнына алды.
Əңгіме осымен тынды.
Пəледен машайық қашыпты деген сөз бар. Сол жолды енді мен де қуайын дедім.
22
Үй де сатылды. Поезда алып жүруге болмайтыннан сатылмаған тек Майлыаяқ.
Ит сату қазақта болған кəсіп емес. Пəленше ит сатыпты деген сөзді естігеннен де өлген артық.
Адамдай емес, иттің өсіп-жетілуі жедел болады екен. Майлыаяқты осы кезде күшік деп айта алмайсың. Кəдімгі середей үлкен ит. Аяқтары сидам, үлкен жарғақ құлақтары салпиған, жүні тықыр. Төбет иттен гөрі тазы тұқымына көбірек ұқсас.
Байлау көрмей, аула ішінде еркін шапқылап өскендіктен бе, Майлыаяқ ызақор, қабаған емес. Əрі баладай шолжаң, ерке. Үйден біріміз шыға келсек, басымызға шапшып қарсы алады. Ұрсып, зекіп жатсаң тыңдамай, беті, қолымызды жалап, ыза етеді.
Сырттан келсең жəне сол.
Тек өзіміздің үйдің адамдарына ғана өйтпейді. Біздің қақпаға қарай бөтен адам, бөтен мал келе жатса да, алдынан одыраңдап қарсы жүгіретін əдеті. Жоқ, қаппайды. Балалық шолжаң мінезі ұстап тек қорқытып, үркіткісі келгендей басыңа шапшып секіреді. Немесе бірнеше рет айнала шауып өтеді. Бар бітіретіні осы.
Оның бұл мінезін, қылжақбас екенін, бөгде жұрт қайдан білсін. Майлыаяқ одыраңдап түра жүгірген кезде-ақ қабады екен деп ойлап, қорқып шаж-баж болып жатқаны.
Өзі де бала болғандықтан ба, əсіресе, бала-шағаны қорқытып үркітуге Майлыаяқ сондай құмар. Тіпті кейде біздің үйден аулақ сонау көшемен, өз бетінше кетіп бара жатқан балаларды да тырқыратып қуып беретін əдеті.
Сол ерке, еркін өскен Майлыаяқ біраз күннен бері өзінің бұрынғы бостандық өміріне зар. Байлаулы тұр. Біз оны шынжырлап байлап қоюға мəжбүр болдық. Өйткені, көшедегі біз ілген хабарландыруларды оқып, үй немесе басқа бірдеңе сатып алмақ болып келген жұртты оның шошытып, жолатпайтын, қуалап бітетін түрі бар.
***
Тап бүгін бір сұмдықтың болатынын Майлыаяқ анық сезді. Таңертең итаяққа құйган асты іпшей, легеннің шетінен түмсығымен көтере қағып, төгіп тастады.
Сосын, үйшігінің алдында шоңқиып отырып алып, тұмсығын көкке созып, ұлуға кірісті. Бұдан бұрын болмаған əдет. Қиын-қыстау замандарда иесінен айрылып, жұртта қаңғып қалған иттер өстетін еді.
- Əй, Еркін, мына ит бүгін біздің кететінімізді біліп, соған ұлып отыр. Қандай аянышты! Өзін бірдеңе етіп, алып кетсек қайтеді. Жамалжаныммен қатар туған ит еді, — дейді Зағипа.
Майлыаяқтың зарлы дауысы менің де жүйкемді босатқандай. Бірақ жағдаймен санаспасқа лаж жоқ.
— Оу, қалай əкетеміз? Поезға бірдеңе етіп мінгенмен, Алматыға барған соң, өз үйіміз жоқ, қайда ұстаймыз. Өзімізбен бірге кеңсе-кеңсеге жетелеп жүреміз бе? Əбекеңе тастаймыз. Əбекең бұл итті қор қылмайды.
Бұл айтып отырған адам осындағы қойшы. Біздің көрші, жақсы кісі. Аңқылдаған ақ көңіл. «Інішек, көшер болсаң, Майлыаяқты маған беріп кет» деп қызығып сұрап жүр.
Қимасам да Майлыаяқты Əбекеңе қалдырдым.
23
Қорғанмен де, Майлыаяқпен де қошайтыстық.
Біріншісімен қуана қошайтыссақ, екіншісімен қоштасарда жүйкеміз кəдімгідей босағандай болды.
Тағы да Алматыдамыз. Қайда жүрсем де, Алматы мен үшін өз үйім, үлкен үйім секілді. Тап осы келгенде өзімді ұзатылып кетіп, жайлы болмай, төркініне қайта қайтып келген қыз секілді сезінемін.
Барған жерің оңбаса, астыңнан су шықса, қайта қайтып төркініңді таппағанда кімді таппақсың? Мені ұзатқан қара шаңырақ ол — ҚазПИ. Төрт жыл оқып, тəрбие, білім алған бесігім болғандықтан ол маған əрқашан ыстық. Көзіме анадайдан жылы ұшырап тұрады.
Басқадай барар жер болмағандықтан ҚазПИ-дің Совет көшесіндегі студенттер жатақханасына келіп түстік. Өзім бірнеше жыл тұрған, өмір сүрген үй. Коменданты, есік баққан кемпірлері, бұлың-бұлыңы түгел таныс. Сен кімсің деп, жат көзбен қарамас, қуып тастай қоймас.
Оның үстіне қазір оқу жылының аяқталған кезі. Студенттер жазғы демалысқа тарап кеткен. Жатақхана бос. Қашан пəтер тауып жайғасқанша, мүмкін бір бөлмесін бере тұратын шығар.
Бірінші іздегенім комендант Карпенко болды. О, бұл деген тамаша адам. Студенттердің мынау деген досы. Майдангер ескі солдат. Мінез-құлқы кең пішілген, жақсы-жаман өмірді молынан көрген. Егер бар болса, басқа бір жаққа ауысып кетпесе, онымен тіл табысуға болады. Баяғыда талай рет бірге отырып стакан соғыстырып, тамақ жібітіскенбіз.
Қысқасы, өз адамым. Осында ең əуелі соған сенгендіктен келіп түсіп отырмын. Есік баққан кемпірден:
- Карпенко бар ма? — деп сүрадым.
- Бар.
- Дені-қарны сау, істеп жүр ме?
- Істеп жүр.
Болды, бітті. Маған керегі əзірше осы.
Комендантты өз орнынан таптым. Туысқан адамдарша мəре-сəреміз. Амандық, хал-жай, жөн сүрасып жатырмыз. Қысқашалап жағдайымды айттым. Өзіммен бірге ере келген əйеліммен, қызыммен таныстырдым. Пəтер тауып жайғасқанша тұра тұруға бізге бір бөлме баспана керек дедім.
Жақсылықты жақсылықпен қайтаратынымды ол көзімнен оқып, біліп түр.
- Сол да сөз боп па? — деді Карпенко екі қолын қанатша жайып жіберіп. — Бір ай тұр. Тіпті, екі ай тұр. Бір бөлме аз болса, екі бөлме алып түр.
- Бір бөлме жетеді.
Үйдің екінші қабатындағы үлкен бір бөлме еркімізге берілді. Төсек-орын, стол, орындықтар бəрі жатақхананыкі. Дəл бір əкеміздің үйіне келгендей еркінсіп, жырғадық та қалдық.
24
Біріншіден қызмет, екіншіден пəтер іздеп, сандалудамын. Күн ыстық. Ыстық күнде терлеп-тепшіп, борсып қала кезу оңай шаруа емес.
Жалдайтын жекеменшік пəтер қала ортасынан табыла қоймайды. Трамвай, троллейбус жолынан қашық шеттен табылады. Бұл арадағы көшелер, əдетте асфальтталмаған. Толарсақтан шаң. Ыстықта бетіңе бір елі боп қонған шаң мен терді сүрте жүріп, əр қақпаны бір қағып, итті абалатып, қаңғырып пəтер іздегеннен өткен азап жоқ-ақ.
Үй жалдайтындар:
- Жас балаларың бар ма? - деп сұрайды. Шынын айтасың:
- Бар.
Болды, бітті. Үй жалдаушы сенімен бұдан əрі сөйлеспейді. Жас баланы олар тажал көреді.
Оларға керегі қыңқылдап жыламайтын, мазаларын алмайтын баласыз қу бас жандар. Келген-кеткені білінбесе, үндері шықпаса...
Кешқұрым шаршап-шалдығып, өзімді өзім əзер сүйреп жеткен менен Зағипа:
- Не таптың? Ештеңе таптың ба? — деп сұрайды.
- Бірнеше пəтер табылып еді. Жас балаларың бар екен деп келіспеді.
Зағипа көзі аларып, шошып қалады:
- Тілеуің құрғыр, тілеуі жаман неғылған жандар. Баласы жоқ үй бола ма екен?!
Институтта сабақ берген үстаздарымның ішінде менің ерекше сыйлайтын адамымның бірі профессор Жұмалиев еді. Нағыз ғалым міне сол. Өз пəнін бес саусақтай біледі. Бұрынғы-соңғы ақын жазушылардың шығармаларынан сала құлашүзінділерді жатқа соғады.
Бір күні көшеде сол кездесе кетті. Қайдасың? Қайдан келдің? Демалысқа келдің бе деп сүрап жатыр.
- Хажеке, мүлдем келдім, Үй ішімен көшіп келдім, — деп жай-жағдайымды айттым.
Ол менің əңгімеме аса мəн беріп, тағдырыма өзімнен бетер күйзеліп тыңдады.
- О баста кетпеуің керек еді. Қате істедің. Қызмет осы арадан да табылатын еді ғой, — деді.
- Менің де, өзімше, жоспарларым болып еді. Үйдегі ойды түздегі нарық бұзады деп, ойлағанның бəрі жүзеге аса бермейді екен.
- Сөйтіп енді қызмет таптың ба?
- Жоқ, ыңғайлы қызмет таба алмай жүрмін.
- Оқу құралдары баспасына редактор боласың ба?
- Болайын.
- Онда мен сені Əбуге ертіп барып, айтайын, — деді Хажекең.
- Айтқаныңыз артық болмас.
Сол əлгі өзімнің тұңғышкітабым — өлеңдер жинағым шығатын баспа. Директоры мені, былай да жақсы таниды. Есіктен кірген бетте-ақ назар тігіп, жылы қарсы алды.
- Оу, қайдан, ауылдан келдің бе? Дұрыс кепсің. Міне, кітабың шыққан, — деп стол үстінде үйіліп жатқан бірнеше кітаптың арасынан жұқалтаң сарғышкітапты тауып алып, маған ұсынды.
Мен, əрине, қуаныштымын. Өзімнің тұңғышкітабымның қалай болып шығатынын ойлап, талай-талай тəтті қиялдағанмын. Сол енді міне қолымда тұр. Мұқабасының сыртына суретім басылған. Фамилиям өзімнің қолтаңбам үлгісімен жазылған. Əдемі.
- Екі-үшкүнде ақша болады. Қалған ақшаңды аласың, — деп директор одан бетер қуантты.
Хажекең баспа директорымен дос еді. Оған өзімсінген сыңаймен менің жайымды айта бастады. Еркінге қызмет тауып бер, редактор етіп қызметке ал, мынау деген редактор болады деді.
- Редакторлық орын əзір жоқ. Бірақ соған деңгей басқа қызмет тауып берейін.
Мəселе табанда шешілді. Оқу құралдары баспасының қасынан айына бір рет «Халық мұғалімі» атты педагогикалық журнал шығып түрады. Соған мені бөлім бастығы етті.
Осы ауланың ортасында белуардан жерге батқан, барақ тəріздес аласа оқшау үй тұр. Үзын дəліз. Екі жақта қатар-қатар есіктер. Соның сол қол жақтағы біреуінің сыртына «Халық мұғалімі» журналының редакциясы» деген жазу қағылған. Шаршылау бір ғана бөлме. Төрт стол. Соның босаға жақтағы адам отырудан босына мен ие болдым.
Аты дағардай журналда менен бұрын үшадам жүмыс істейді екен. Редактор, жауапты хатшы жəне бір жас келіншек — бөлім бастығы. Мен төртінші боп қосылдым.
Бөлмедегі бір ғана үлкен терезе батыс жаққа қараған. Əбден түс ауғанда болмаса, күн сəулесі мұнда жоламай-ды. Сыз иісі еденнің астынан бұрқырап соғады да тұрады. Таңертең қызметке сап-сау келген адамдар кешке қарай үйімізге мұрнымыз бітіп, түшкірініп, пысқырынып, ауырып қайтамыз.
Соған да қарамастан біз журнал қызметкерлері тату едік.
***
Редактор Баттал ақылды, жуас кісі. Талай жыл мектепке сабақ берген тəжірибелі педагог. Қатаң сөз, қатқыл мінез жат оған. Айтатынын жайымен сылап-сипап айтады. Мақтауын да, ренжуін де
солай жеткізеді. Редакцияға келіп-кетуші жұртқа да, өз қызметкерлеріне де сондай жағымды.
Жауапты хатшы Ғарекең Батталдан да жуас, əрі ғажап қарапайым. Кішпейілділігінде шек жоқ.
Жас шамасы қырықты мол орталаған бұл адам киімді тым қоңыр киінетін еді. Пальтосы ескі үлгімен сонау соғыстан бұрын тігілген ұзын. Екі иығына өркештей боп, екі кило мақта тығылған. Етек, жеңі, жағасы қырқылып, кірлеп біткен. Оның бір түймесі қашан да үзілген болады, орнында жібі салбырап тұрады. Жəне бірі үзілуге тақау.
Ғарекең киіп жүрген шалбардың өтектелгенін, оған қыр түскенін көрген емеспін.
Ол ақ жейде кимейді. Кіл кір көтеретін қоңыр түсті жейделер киеді. Галстук тақпайды, шаш қоймайды. Шашкүтуді де, сірə артық əуре көретін болса керек.
Ғарекең бойшаң кісі. Сол бойшаңдығын да өзіне көпсінгендей ылғи еңкіштеніп, тізесін бүге басып қорғаштанып жүргені. Біреу-міреу оқыстан тəйт деп қалса, мықшиып шөге кетуге дайын.
Сырт бейне, жүріс-түрысы осыншама жұпыны, елеусіз Ғаракеңнің бар асылы ішінде. Оқыған-тоқығаны мол, орысша, қазақша бірдей сауатты білімдар журналист. Мен одан көп үйрендім, көп тəлім алдым. Бойындағы толып жатқан адамшылық қасиеттерін өзіме үлгі тұтуға тырыстым.
Ғарекең неге де болса адал, əділ еді. Қиянат атаулыға өз-өзінен кейіп, күйзеліп отырғаны. Кітапты, əсіресе, классикалық əдебиет үлгілерін көп оқиды. Гогольді өлердей ұнататын. «Шіркін-ай, Гоголь тіріліп келіп осы қаланы бір аралап шықса! Данышпаным жазар еді-ау. Оның қаламына ілінгісі келіп, тіленіп түрған нəрселер көп қой, көп!» деп армандап отыратын.
Жан дүниесі ізгілікке толы осы абзал Ғарекеңде бір оғашмінез де бар. Жалақы немесе қаламақы алса, ертеңгі күні қызметке келмейді. «Ауырып» қалады. Кейде екі-үшкүн қабатынан ауыратын кездері болады.
Талай жыл қызметті бірге істескен Баттал оның бұл сырын жақсы біледі. Əлгідей Ғарекеңнің қолына қарға тышқан күндері ол алдын ала:
— Сен əлгі қолыңдағы материалдарды реттеп, беріп кет. Өйткені ертең ауыратын күнің, — деп əзілмен қағытып отырады.
Ғарекең бұған шамданып, ашуланбайды, көзін төмен салып тыңдайды да, редактордың айтқанын бұлжытпай орындайды.
Əлгідей мезгілсіз «ауырып» қызметке келмей қалғаны үшін редактордың оған кейіп, ренжігенін көрген емеспін.
Ғарекеңнің денсаулығы қолдан бұзылуына бір күні мына мен себепші болдым.
25
Педагогикалық тақырыпқа мен бір мақала жаздым. Ғарекең оқып ұнатты. Өз қолымен біраз мұқият редакциялау жүргізді.
Ғарекең ұнатқан материалды Баттал қарамай да жібере береді. Ғарекеңе ол сенеді. Мақала журналда басылып шықты.
Бұл менің педагог-журналист ретінде тырнақ алды еңбегім еді. Ғарекең мені ынталандыру ниетімен қаламақыны молдау етіп көтермелеп қойды. Жарайды, ақша алғанда жақсылығыңыздың бəрін ескерермін деген ойдамын.
Өзім қызмет істейтін журналдан тұңғыштапқан қаламақыма ырым етіп, Батталды да сыйламақ ойым бар. Бірақ ол дымкəс адам. Ішімдіктің ешқандайын татып алмайды. Тамақтың өзін шөкімдеп, талғап жейді.
Қызметтен Баттал ертерек кетіп қалды. Үндемедім. Ғарекеңнің орнынан тапжылмауын ұнатып ісім Ғарекеңмен болсын деген ойдамын.
Ғарекең де бұны сезетін тəрізді. Əбден қызметтің соңына қарай, бухгалтерия оңашаланған кезде барып қаламақымды алдым. Қайта кеп, жұмысымды істеген болып отырмын. Ендігі күткенім екінші бөлім бастығы Күлəштің кетуі. Сосын Ғарекеңе ниет білдірмекпін. Бір кезде Ғарекең:
- Ақшаңды алдың ба? — деді.
- Алдым.
- Алсаң бар. Ақшаңды шығын етпей, келінге апарып бер.
Ішіме күдік кірді. Бұл несі? Сен мені сыйлағың келіп отырғанын білем. Бірақ бармаймын дегені ме?
Осы кезде Күлəшалдындағы қағаздарын жинастыра бастады.
- Ғареке, маған айтатыныңыз жоқ па? Мен кеттім.
Күндегі əдетімен:
- Сағат қанша болды? - деп сұрап алды да: - барсаң бар, — деді оған Ғарекең.
Міне енді Ғарекең екеуміз ғанамыз. Сөзді неден бастарға білмей, қиналудамын. Бұдан бұрын дəмдес болған адамдар емеспіз. Бірінші рет.
- Ғареке, қайтпаймыз ба? - дедім бір кезде үнімді басқашалау мағынада шығарып.
Ол маған көзінің астымен қарады:
- Қайтамыз ба?
- Қайталық.
Бірімізді біріміз ұққан тəріздіміз. Кеңседен бірге шықтық.
- Ғареке, мына арадан сыра ішсек қалай болады?
- Ішсек, ішейік, — деп лып ете қалды. Жасырынбақ ойнау осылайша аяқталды.
Тəйірі ақ түйенің қарны жарылған бүгінгідей күні оны атап өтпей кісі тежелетін бе еді?
Ертесі Ғарекең қызметке келмеді. СезінгішБаттал бəрін сезіп, біліп отыр:
— Кеше сен қаламақы алған сияқты едің. Ғарекең содан ауырып қалған ғой, — деді.
Мен жымиып, күлгенді ғана білдім.
26
Қабілеті бар жанға нағыз жазатын кез — жас кез. Бұрыңғы-соңғы аты мəлім жазушылардың көбі, негізінен, жасында жазып тастаған. Жас кезде істеген іс, əрқашан да өнімді.
Жазу үшін, əрине, азды-көпті жағдай керек. Жұмыс істер бөлмең, өзіңнің тиесілі оңаша столың болуы бірінші шарт.
Ал менде, əзірше осының бірі де жоқ.
Сонда да жазған болам. Жаза алмай тұра алмаймын. Бұл менің айықпас ауруым, дертім тəрізді.
Мен түнде ел үйқыға жатқан кезде жазамын. Күндіз үстіне ас əзірлеп, ас ішілетін жалғыз стол. Соны оңашалап, алдыма газет төсеп, жұмыс жағдайын жасаймын.
Айналамда пыш-пыш, қор-қор етіп, балаларым, əйелім ұйықтап жатады. Бұл кезде қолымда енем де бар. Бір қора жанбыз. Зағипа Алматыға келісімен босанып жəне бір қырық жеті тауып берген. Атын Жамалға ұйқастырып Жанар деп қойғанбыз. Күзден бастап ҚазПИ-ге оқуға түскен Зағипаға əрі оқу оқып, əрі екі жас баланы бағу қиын соғатын болғандықтан Павлодардан оның шешесін шақырып алғанбыз.
Кешегі педагог Зағипа — бүгін енді студентка.
Енем оншалық кəрі адам емес, елуді енді орталаған. Елде өзінің де үшұл баласы бар. Ең үлкені үйленген. Қалған екеуі мектеп жасында. Соларды қалдырып Зағипаға жаны ашып, қимағандықтан ол мұнда біздің қолымызға зор қиналумен келіп отыр.
— Бір жыл болам да кетем. Жанарды алып кетем. Ал Жамал есейіп қалды, қалай етіп бақсаңдар, бағыңдар өздерің. Балалар бақшасына бересіңдер ме, болмаса адам жалдайсыңдар ма, еріктерің. Осы бастан айтып қояйын, -дейді енем. Өйтпей қайтсын. Бауырмал ана жүрегі елдегі əлі есейіп үлгермеген өз балаларын ойлап, алаң бола береді.
Біз ол не айтса да мақұл дейміз. Оның да тап қазір, біз үшін ең қиын кезде келіп, қол үшін бергеніне де шексіз ризашылық білдіріп, сыйлаймыз.
***
Шіркін-ай, ең құрығанда бумен жылытатын жалғыз бөлме үйім болса деп арман етем. Одан басқа ештеңе тілемес ем. Ал оған қолым қалай жететіні белгісіз.
Осы кезде Тастақта біреудің бір бөлме кесек үйін жалдап түрам. Үй болмай құрып қалсын. Отынды қанша жақсаң жылымайды. Суық, ызғар еденнің астынан улеп, соғады да тұрады. Жазу жазған кезде аяғыма пима, арқама тон жамылып отырмасам қатып қалам.
Пəтер болса, шіркін, басқа уайым болмас еді.
Соғыс салған жара біртін-біртін жазылуға бет алған. Ел тұрмысы түзеле бастаған. Ет те, май да
магазинде карточкасыз еркін сатылады. Ақ нан, қара нанның түр-түрі тұр. Еңбек еткен, азды-көпті ақша тапқан адам енді өлермін деп ойламайды.
Рас, магазиндерде, кейде, ет болмай қалады. Ет сөресінде құйқасының жарым-жартысы күйіп кеткен, тістері ақсиған кіл қой бастары тұрады. Сүйек мүжи білетін қазаққа бұл да тамақ. Енем əлгідей бастың екі-үшеуін бір-ақ алып келеді. Жақсылап, тазалап жуады. Бабымен былбыратып, асады да, қамыр салады. Үй ішімізбен лықа тоюға жарайтын бір табақ ет боп шығады.
Кұйқаның сорпасы қандай сіңімді. Қолдан сойған малды еске түсіреді.
Миы не тұрады?!
Мен кейде таңырқайтын едім: басы бар да, денесі жоқ, бұл неғылған қойлар? Тек бастарын кесіп əкеп, сатқаны ма?
27
Үйсіздіктің азабын, əй, бір кісідей-ақ тарттым-ау. Бас-аяғы бір ғана жылдың ішінде үшүй алмастырдым. Жақсы, тұруға қолайлы болғандықтан алмастырмайтының белгілі. «Үйі жоқтың, күйі жоқ» дейтін мақал да шығарып алдым.
Ал күйсіз пенде қаңғыбас. Əр түрлі солақай, сырап жүрістерге бейім.
Қызметтің соңынан бірден үйге қайту сирек. Өйткені автобус, трамвайда адам көп. Оңайлықпен отыра алмайсың. Отырсаң да итің шығып, зорға отырасың. Түймеңнен түйме, жүйкеңнен жүйке қалмайды.
Одан да азырақ сергіп, көңіл көтергенді, демалғанды тəуір көресің. Жападан жалғыз көңіл көтерілмейді. Жолдастар тауып аласың.
Жас адамға, ақшалы адамға жолдас көп.
Сен таппасаң олар сені іздеп табады. Үйсіздік-күйсіздігің бұдан соң ұмытылады...
Радиокомитетте директор болып істейтін денелі кеудесі алпамсадай Мұқажан мені қолтықтап ап, жібермей тұр. Басқалар тарап болған. Осы қазір ғана рестораннан шыққанбыз.
- Бозбалашылық жасауға қалайсыз? — деді.
- Кімдер олар?
- Мынау деген артискалар.
Сахнадан əн салып, жалт-жүлт етіп түратын сұлу əйелдер көзіме елестеп кетті.
- Жарайды, барайық.
Жолдан гастрономға соқтық. Конфет, шампан алдық.
Қаланың орта тұсындағы «Алматы» аталатын бір қабат қонақ үйге келдік. «Г» əрпіне ұқсайтын ұзын үйдің бір жақ қанатында кіл пəтерсіз адамдар тұрады екен. Соның бір бөлмесі. Беті əжім-əжім, аяқ-қолы тарамыс, тым қорашбір əйел қарсы алды. Қарсы алды деуім бекершілік. Əлгі бізге кісі көрмегендей немесе біз оны тонау үшін келгендей суық көзбен үдірейе қарайды.
Мұқажан қол ұсынып, өзімсініп əзілдеспек болса, үркіп жоламайды.
Мен əуелгіде таңырқап, түсіне алмадым. Əлгі мынау деген артисткасы осы ма? Жоқ, басқа ма? Осы болса құрып қалсын.
Хошкепсіз, отырыңыз деген ешкім жоқ. Соған қарамастан Мұқажан қалтасынан арақ, шарапты шығарып, стол үстіне дүрс-дүрс қоя бастады. Əйелден рюмка, стакандар сұрап алды. Ішуді тəуір көретін жігіт екенін бұрын да ептеп сезуші едім. Енді байқасам, Мұқажаным ішкен кезде дөрекі,
жүгенсіз болып кетеді екен. Не айтып, не қойғанына оншалық есеп бермейтін тəрізді. Қап, осыған бекер еріп келдім-ау деп деп өкіне бастадым. Біраз іштік. Үй ыстық. Педжактарымызды шешіп, отырған орындықтарымыздың арқалығына іліп-іліп қойдық. Əйелдің сол тікенек боп, үдірейген қалпы. Мүқажан өзінше оның іші-бауырына енген боп, тұрпайылап қалжың-бірдеңелер айтады.
- Тап бір кісі көрмегендей өзің не? Бар, барып анау əлгі... осындағы сұлу келіншектердің бірін ертіп кел. Отырып тамашалаймыз. «Өмір екі келмейді, өгіз аттай желмейді» деген мақал бар екенін білемісің? Біз сыртқа шығып, шылым шегіп келейік.
Қыстығып əзер отыр едім. Ауланың ішіне былай таман шығысымен Мүқажанға дүрсе қоя бердім:
- Өй, əлгі мынау деген артискаң осы ма? Берекесіз Мұқажан сөзінің қисыны қашып:
- Бұның əдемі жолдастары бар, — деген болады. Маған енді бəрі де түсінікті. Мұқажанға керегі əдемі əйелдер емес, арақ, шарап. Сылтау тауып жəне бір рет тойып ішіп қалу.
- О, құры, құрып қал. Мына тəрізді əйелге келгенше ұялмайсың ба?
- Бұнымен мен... Ал саған сұлуын ертіп əкеледі. Əкелмей көрсін...
- Қой. Мен кетем. Сұлуын да, сұлу емесін де сенің өзіңе қалдырдым.
Үйге қайта кірген бізді артисткамыз аяқ астынан бірдеңе болып қалғандай, бұлқан-талқан қарсы алды. Əлгіндегі үдірейген үдірейген бе? Көздері шатынап, жіңішке арық мойнының көк тамырлары ісініп шыға келген. Өңі боп-боз, қолдары, ерні дір-дір етеді. Айтатыны бір-ақ сөз:
- Кетіңдер! Тез кетіңдер!
- Оу, не? Не боп қалды?
- Кетіңдер! Кəзір кісі келеді.
Керісіп жату ыңғайсыз. Керіссек əлгі көкбет көршілерін, тіпті милиция шақырудан да тайынатын емес. Соншалық жат, жау боп кеткен бізбенен.
Киіндік те, тайып тұрдық.
Сыртқы көшеге шыққан соң Мұқажанға айтқаным:
- Ит! Шошқа екенсің! Сен мені қайда ертіп келіп жүрсің?!
- Білмеймін не болғанын. Бұрын мүндай емес еді...
- Сөзің де, өзің де құрып қал! Қолымды бір-ақ сілтеп, жөніме кеттім.
Бұндай күндері Зағипада ұйқы болмайды. Қашан мен аман-есен келгенімше сарғайып, көз ілмей тосып жатады.
Міне, аманмын. Келдім. Көңілі орнына түскен Зағышенді міне тергеуге ала бастады.
- Осыған дейін қайда болдың?
Алдаудың ретін таба алмадым. Əрі үй ішіме бекерден бекер жаманатты болғаным үшін Мұқажанға ызалы едім. Тəуекелдеп шынымды айттым:
— Əуелі ресторанда болдық. Іштік. Сосын артистка əйелдерге бардық. Бір жігіт сұлу əйелдер деген соң барып едім. Сұлу болмай тұқымы құрсын...
Имандай шынымды айтып түрғаныма Зағипа сене қоймайды. Əдеттегіше, өтірік айтып түр деп ойлап:
— Жоқ, шын айт, — дейді.
— Шыным осы.
— Ендеше сол барған жеріңде неге қонып қалмадың? Неге келдің ?
— Ойбай-ау, қондыра ма? Өзі тікенектей қатып қалған жексұрын біреу екен. Апарған арақ, шарабымызды да жөндеп ішкізбестен, үйінен тырқыратып қуып шықты.
Зағипа бұны да шын сөз деп ойламайды. Ойдан шығарып айтып тұр деп, онша мəн бере қоймайды. Мəн бермегені маған жақсы.
Иə, бұным — бар шынымды айтып келуім — дұрыс тəсіл екен деген ой келді маған осы кеште.
Осыдан осылай дəнігіп алдым. Ылғи өстем: солақай жүрістерім болып, кешігіп келсем, əйеліме ешқандай қоспасыз, бар шынымды айтам. Өтірік айтып, бұлтақтамаймын. Əйелім, бəрібір, сенбейді, шын айтып тұр деп, ешуақытта да ойламайды. Əдейі менің қитығыма тие түсу үшін қиыстырып, ойдан шығарып айтып тұр. Қалжың айтып тұр деп ойлайды.
Онысы маған жақсы. Сенбегені, кінəмді жоққа шығарғаны маған жақсы.
***
Түн ортасында келсем де, ақшаны молдау етіп əкелсем бұндайда əйелім тез жадырайды. Маған деген өкпе, күдігінен тезірек айығады. Бүгін де солай еді, қалтам тоқ.
Зағипа көңілденсін деп, ішқалтама қолымды салып келіп жіберейін. Жүрегім су ете қалды. О, сүмдық! Қалтам бос. Ақшам жоқ.
Екінші қалтамды сипалаймын жаңылыстым ба деп, онда да жоқ. Бес сомдықтан екі бума ақша алғам. Мың сом. Соның ішкен, жегеннен қалғаны қалтамда түгел болатын. Жоқ! Дым да жоқ!
Кім алады?
Кім алғанын бірден білдім. Əлгіндегі артистка əйел алды. Одан басқа ешкім де алған жоқ. Біз сыртқа шылым шегуге шыққанда, педжактарымыз үйде, орындықтың арқалығында ілулі қалмады
ма? Міне, сол кезде, алған да қойған.
Ойпырмай, неткен сүғанақ жан!
Бəсе, қараптан-қарап бұлқан-талқан болуы тегін емес еді. Бізді үйінен итермелеп, тез қуып шығып, есігін тарс жауып ілгешегін іліп алғанша жан таппап еді. Ой, кəззап-ай! Мұндай да кəззап жан болады екен!
Сондай əйелмен байланысып жүрген Мұқажанның да кім екенін енді танып білдім.
Ақшаларым жоқ боп шыққанга өңім, сірə, бүзылып кетсе керек. Бірдеңеге ұшырағанымды сезген əйелім үдірейе қалды:
- Не? Не болды?
- Жай...
- Жоқ, жай емес. Айт.
- Ақшам жоқ...
- Қанша ақшаң жоқ?
- Мың сомдай.
- Қара жөндеп.
- Қарадым. Міне...
- Кім алады ?
Жоқ, бұл жолы ойымдағымды шын айтуға батпадым. Кім алғанын қайдан білейін деген тұрмен иығымды қомпаң еткіздім.
Зілденуден гөрі қамқорлығы басым үнмен Зағыш: — Өстіп жүріп бір күні басыңды жоғалтпасаң неғылсын! — деді. Бір ауыз лəм-мим деуге, қарсы сөйлеуге менде бет жоқ еді. Бұл енді менің бүкіл өміріме сабақ болар.
28
Алматыға келгеніме екінші жыл. Осы уақыттың ішінде бес үй алмастырып үлгірдім. Ол үйлердің əрқайсысы туралы, олардың иелері туралы қайғы менен күлкіге лықа толы жеке-жеке повестер жазуға болар еді. Баспана болмаудың азабы тек жалдайтын үй тауып кірумен бітпейді. Сосын, ол үйді жылытатын, ас əзірлейтін отын қажет. Оны да өзің тауып, дайындайсың. Қала ол тезек теріп қурай орып əкелетін ауыл іші немесе қазақтың кең даласы емес.
Отын қалалық сексеуіл базасында сатылады. Кім болса соған еркін сатыла салмайды. Қызмет орның беретін талон бойынша ғана босатылады.
Тамаққа, киім-бұйымға карточка жойылғанмен отынға əлі жойылмаған.
Əлгі аталған сексеуіл базасына бір рет барып, отын алған адам енді оған екінші рет оңайлықпен жолай қоймай-ды. Өйткені, заңды жолмен сексеуіл, көмір алу деген — ол азаптың азабы. Мың түрлі қолдан жасалған тосқауылға, мың түрлі машақатқа душар баласың. Бір тонна сексеуілдің соңында қызметіңнен қалып, ең кемі, бір жеті сандаласың.
Отын алудың оңай да жолы бар. Əне сайрап жатыр. «Солақай» жол. Амалсыздан сен де енді соған түсесің.
Базаға келгендерді жымысқы көздерімен атып, ұры итше тіміскілеген біреулер əлгі арада сумаң қағып жүр. Ыңғай беріп, оңашалана бастасаң қасыңа жетіп келеді. Саған не керек? Сексеуіл керек пе? Жоқ, көмір керек пе?
Не керек, қанша керек айтасың. Болды, бітті. Машинаға тиеліп, дап-дайын боп, ешқандай əуре-сарсаңсыз, үйіңе өзі домалап келеді. Тек бəсін үш-төрт есе асырып төлесең, ақшаңды аямасаң болғаны.
***
- Қатын, бол! Жина жүкті! Көшеміз. Тағы да танаурап, көшу үшін машина алып келіп тұрмын.
«Көшемізге» Зағипа үйреніп болған. Қайда, қандай үйге көшетінімізді жобалап сұрап алды да, жүкті жинастыра бастады. Бұл ноябрь айы. Қыс пен жаздың екі ортасы. Суық күз.
Жетісіп немесе ермек іздеп, көшейін деп отырған мен жоқпын. Дəл кəзіргі тұрған үйіміздің едені бір күні, ойламаған жерден, гүрс етіп, ойылып, түсті де кетті. Сөйтсек сыз үйде саңырауқүлақ дейтін пəле болады екен. Еденнің тақтайын сол шірітіп, жеп қойыпты.
Бірнеше күн қызметімнен қалып, зыр қағып, табанымды тоздырып іздеумен жəне бір үй таптым. Бірінші жəне екінші Алматының аралығы. Бір жақсысы, трамвай жолына тақау. Дəл қасында орыс қазақтың аралас моласы бар. Итшілеп жүріп, бір күні өле қалсаң, үй ішің машина немесе арба жалдап, алысқа тасып əуреленбейді. Сирағыңнан сүйреп апарады да, көме салады.
Кедей болсаң көшіп көр дейді қазақ. Рас сөз. Қанша түгім жоқ дегеніңмен көшкен кезде дүние ит көбейіп кетеді. Біз жүк тиеп болғанша, күздің қысқа күні түске айналды. Көшеде кез бола
қалған машина еді. Шофер: қожайын, бол! Тездет. Уақытым аз деп, қыңқылдап, ол-дағы тықыр салып қояды.
Сүйекті ауыр дейтін заттан бізде бары базарда қолдан сатып алынған айналы сарғышгардероб. Жəне басы мен аяғында жылтырауық əшекей шариктері бар, екі кісілік зілдей шойын кереует. Басқалары кіл ұсақ түйек. Соның өзінде де машина кузовы зат, мүлікке лықа толды.
Күн бүгін таңертеңнен бұлыңғыр. Алатауды жарым беліне дейін көміп алған зілдей ауыр тұман бар. Сол тұман қалаға қарай біртіндеп жылжып келеді. Əне, ызбар лебі де білінді. Суық жел шықты. Сірə, жауын-шашын болмаса неғылсын.
Дүние көздің қүрты. Анау қалып қоймасын, мынау қалып қоймасын деумен жəне біраз бөгелдік.
Əне, күдігіміз іске асты тысырлап əуелі жаңбыр жауа бастады. Қап, гардеробтың сыры көшіп, бүлінетін болды-ау. Енді тез кету керек.
Енем осы кезде бұнда емес. Ол өзінің баяғы айтқанынан қайтпаған. Жаз шығысымен кіші қызым Жанарды алып, Павлодарға еліне кеткен. Кəзір мұнда мен, Зағипа, Жамал үшеуміз ғанамыз.
Зағипа мен Жамал кабинаға шофердің қасына отырды. Мен кузовтамын. Арқамды гардеробқа тіреп, қалың жүктің ортасына жайғасқам.
Тек осыны — біздің жолға шығумызды — күтіп түрғандай, жаңбыр одан бетер күшейіп, құйып кетті.
Шоферге адресті беріп қойғам. Қай жолмен, қалай алып баруды ол өзі біледі. Бірақ, қалай еткенде де, қаланың ортасымен өтуіміз керек.
Жаңбыр басылудың орнына егескендей, арты қарға айналып барады. Қиыршық та қар емес қыстыгүнгідей, жапалақ-жапалақ жабысқақ су қар. Жаңа пəтерімізге тез жетіп, жүкті тез түсіріп, жайғасқаннан басқа арман жоқ.
Отыз-қырық минуттың шамасында нысаналы жерге келіп те қалдық. Машина тас төселген негізгі көшеден бүрылып, жабайы тар көшеге түсті. Мен жалдаған жаңа пəтер, əне, анау арада. Екі-үшкөше өтсек, қасына жетіп те барамыз.
Бірақ, бұл араның жолы жол емес еді. Толарсақтан келетін езілген қара балшық. Əрлі-берлі күшеніп, əзер жүріп өткен машина дөңгелектердің айғыз-айғыз сойылған іздері. Мына бүгінгі жаңбыр мен қар өзі жаман көшенің одан бе-тер миын шығарып жіберген.
Машинамыз тайғанақтап, оқтын-оқтын түрып қала жаздап, əрең жүріп келеді. Су аралас қара балшық екі жаққа быт-быт шашырайды. Əй, қауіп! Жете алар ма екенбіз, жоқ...
Кенет машинаның арты оңға қарай қисаң ете қалды. Газ үстін-үстін берілуде. Жоқ, алға емес, артқа кетіп бара-ды машина. Қомпаңдап, бар денеммен ұмсына қозғалақтап, оған мен де көмектескен болам. Жоқ, ештеңе шықпады. Машина бір жамбасына ауып, тұрды да қалды. Əлгі ана беті көлшіктеніп байқалмайтын шұқыр екен.
Газ сөндірілді. Мотордың үні өшті. Шофер кабинаның есігін ашып, маған мойнын созып
дауыстайды:
- Қожайын, белшемізден баттық! Батқанымызды ол айтпаса да көріп тұрмын.
Баратын үйімізге бұл кезде тіпті аз ғана, таяқ тастам жер қалған еді. Діңкең қүрғыр, соған жетіп те тығылмауын көрдің бе!
- Қожайын, не істейміз?
- Қайдам? Сүйреп шығаратын машина іздеу керек болар?
- Студавеккерден басқа машина бұл араға келмейді. Келгенмен сүйреп шығара алмайды. Немесе трактор табу керек.
- Трактор қайдан табылады ?
- Олай болса, қожайын, екеуміз жолға шығып, студавеккер тосайық. Бізді мына балшықтан сол ғана сүйреп шығарады.
Шофердің бұл сөзінің жаны бар. Америка одақтасымыз соғыс кезінде көмекке берген əлгі аталған машиналар, шіркін, машина-ақ қой. Жол талғамайды. Балшық демей, қар демей, кешіп-жарып жүре береді. Студент кезімде бір рет қыстыгүні өзіміздің ауданға студавеккерге отырып барған едім. Қайқы деп аталатын тау жотасын боран соғып, қалың омбы қар басып қалған екен. Жол дегеннен дым жоқ. Ар жақ, бер жақтан келген машиналар өте алмай, аязда иіріліп тұр.
Мен отырған студавеккер əй-шайға қарамады. Өгізше өкіріп келіп, омбы қарды тұмсығымен қойды да кетті. Мұз жарғышкеме дерсің сойқанды. Тіліп-жарып, талқандап кетіп барады. Əбден сілелеп, күші келмей қалғанда ғана тоқтап, кейін шегінеді. Сосын бар күшімен өшіге екпіндеп келіп, тағы сүзеді. Осылайша жар болып бітелген омбы қарды қақ жарып, өтті де кетті. Екі жақта иіріліп тұрган өзге машиналарға жол ашылды. Студавеккердің ғажап машина екенін мен сонда көргем.
***
Қаланы аэропортпен жалғайтын үлкен тас көшенің бойында шофер екеуміз кешбатып, қас қарайғанша тұрдық. Арлы-берлі ағылып, машинаның түр-түрі өтіп жа-тыр. Бірақ бір де бір студавеккердің қарасы көрінбейді. Соғыс кезінде, соғыстан кейінгі жылдары көп болушы еді. Енді азайып, құри бастаса керек.
Жапалақ-жапалақ су қар əлі жауып түр. Жер беті, үйлердің шатырлары кəдімгі қыс келгендей ақ көрпеге оранды.
Машина кузовындағы жүктің де бл кезде болары бол-ды. Сары гардеробтың болары болды. Енді аяйтын да, аянатын да ештеңе қалмады.
Шофер жуас жігіт көрінеді. Қаланікі емес. Қаскелеңнен осында зат алуға келіп едім дейді. Өзі плащсыз фуфайкасының иығы дір-дір етіп, тоңа бастағанын көріп аяп кеттім.
- Осы маңнан бір жерден бірдеңе тауып ішіп, əлденіп, жылынып алсақ, қайтеді? Сосын
көрерміз.
- С удовольствием!
Шофердің дауысы тым қуанышты шықты.
Машинаға қайта қайтып келдік. Бəрі қаз қалпында. Зағыш, Жамалжаным екеуі екі көздері төрт болып, кабинада қамалып отыр. Бой жазып, сыртқа шыға да алмайды. Шықса, айналадағы қара балшықтан аяқ басып, жүре алмайды.
Бізге үй жалдамақ болғандар орыстың кемпір, шалы еді. Тұрмыстары жүдеу, кедей жандар. Жылы үйде отыра тұру үшін біз Зағышпенен Жамалды сонда алып келдік. Олар біздің тап іргеге, жап-жақын жерге келгенде мүшкіл болған халімізді білгенде, қап деп, жандары шынайы ашып, қиналып өкінумен болды. Өзі қайғылы адам басқа біреудің қайғысын тез түсінеді жəне оған ортақтасқышкеледі.
Пештеріне от жағып, Зағышпен Жамалға ыстық шай ұсынып, кемпірі де, шалы да жік-жапар болды да қалды.
Əуелі бір жерден тамақ тауып ішіп əлденеміз. Сосын трактор немесе студавеккер тауып алып келіп, тығылған машинаны, қалай да, шығарамыз деген сеніммен шофер екеуміз жөнеп отырдық.
Қарын аш, өзіміз мықтап тоңғанбыз. Енді күйленіп, жан шақырып алмасақ, оған дейін басқа дүние қараң.
Бірінші Алматының вокзалынан бір-ақ шықтық.
29
Жаз. Демалыстамын. Жылына жалғыз рет берілетін демалысты, мүмкін болғанынша дұрыстап, пайдалы өткізу жөнінде көп ойлап, бас қатырып жататын кез емес. Жаспын, күш-қуатым азаймаған. Денсаулығым мықты.
Курорт, санаторий деген сөздерді жүре тыңдаймын. Қалтамда ақшам көп болса. Ресторан, сыраханалардың есігінен ешқандай қысылып-қымтырылмай, еркін кірсем – курорт деген, мен үшін, міне сол.
Тұруға, азын-аулақ жұмыс істеуге қолайлы баспанам болса, курорт деген, мен үшін, міне сол.
Мезгілімен тойып тамақтансам, мезгілімен ұйықтасам,
- курорт деген мен үшін, міне сол. Дені сау, жас адамға басқа не қажет?
***
Өстіп демалысымды, өзімше, тамаша өткізген боп, шалқып жүрген кезімде, бір күні, жасы менімен тең-түс, көңілдес Ақтақашкездесіп қалды.
Ақтақашəскерде атақты 28 гвардияшы-панфиловшылар дивизиясында қызмет еткен. Өмірдің ыстық-суығын бастан кешіп, ысылған алымды, өжет жігіт. Ол-дағы əдебиетші. Əдебиетті терең де, нəзік түсінеді. Сын мақалалар жазады. Орыстың классик жазушыларының том-том кітаптарын бұрқыратып аударып, ақшаны қап-қап етіп табады. Жолдастыққа берік, молқол, ақжарқын.
Амандықтан кейін:
- Не жаңалық бар? — дедім.
- Жаңалық сол — дөй бастық болып кеттік, — дейді Ақтақаш. Үлкен беттері жалпиып біртүрлі қуана күлімсірейді. Тегі, өзіне өзі риза секілді.
Мен ынтығып:
- Қандай бастық?
- Киностудияның сценарий бөліміне бастық етіп қойды.
- Құттықтаймын!
Бастық болған соң өзіне жақын адамдарға шарапатын тигізуі қажет.
- Əй, сен журналды қойып, келсеңші бізге, - деді Ақтақаш. — Маған бір редактор керек. Қазақшаға аударылатын фильмдердің текстін редакциялайсың. Жұмысы жеңіл. Жылына, не бəрі, он шақты фильм аударылады. Қаламақы дейтін бізде жетерлік. Өзің де аударасың. Сосын
киностудия қаланың шетінде өзінің қызметкер, жұмысшыларына арнап, финский үйлер салып жатыр. Содан үй алып берем.
Мейлінше ақкөңіл Ақтақашта бөсіңкіреп сөйлейтін мінез бар. Мен өйтем, мен бүйтем деуінен сол байқалады. Дегенмен істеймін дегенін істей алатын жігіт. Оның төбемнен үйіп-төккен көп жақсылығының ішінен «үй əперем» деген сөзі өте ұнап кетті де, ойланбастан:
- Мақұл, — дедім.
Орыстың мақалы бар емес пе: «человек ищет где лучше, а рыба где глубже».
30
Сөйтіп кино қызметкері болып шыға келдім.
Менің кинематографиямен істес болуым сонау соғыс кезінен, атақты кинорежиссер Сергей Эйзенштейн Алматы маңында «Иван Грозный» кинофильмін түсіріп жүрген уақыттан басталатынын оқушы ұмыта қоймаған шығар. Міне енді дəм айдап, Ақтақашсебеп болып, киномен жəне тоқайласып отырмын.
Арты немен тынатынын бір құдай өзі білсін. Ақтақашбастығым екеуміз бір кабинетте отырамыз. Оның столы əрине төрде. Менікі босағада. Оның столы, əрине, екі тумбалы. Менікі бір тумбалы. Бастық пен оған бағынышты қызметкерді бетпе-бет қатар отырғызып қою немесе түр-түсі бірдей столға отырғызып қою — ол əбестік болар еді. Жұрт сосын, бастық кім? Бастық емес кім — қалай айырады?
Бастығым не жүмыс атқаратынында менің шаруам шамалы. Ал өзім міндетім қазақшаға аударылған фильмдердің текстін қарау. Соны редакциялау.
Кино əр елде, əр түрлі тілде түсірілетіні белгілі. Кейіпкер басқа тілде сөйлейтін сөз қазақшалағанда дəл сол көлемде болуы шарт. Қазақ актер айтқан кезде фильмдегі геройдың аузының қимыл-құбылысына, мүмкін болғанынша, сай келуі қажет. Маған қойылар бар талап міне, осы. Ақтақаштың былай, былай ет деп көрсетуімен жəне режиссердің азды-көпті жəрдемімен мен бұл жүмысты аз уақыттың ішінде дөңгелетіп əкеттім.
Жазушылардың бірдей болмайтыны секілді аудармашылар да бірдей емес. Жақсы жазушы аз, жаман жазушы көп. Аудармашылар да солай — жақсысы аз, жаманы көп.
Жақсы аудармашы аударған текстіні редакциялау, əрине, жеңіл, тіпті қызғылықты. Одан көп нəрсе үйренуге болады. Ал нашар аудармашы аударса, азап.
***
Киностудияда бұрыннан келе жатқан, қалыптасқан бір қыңыр тəртіп, дұрысы тəртіпсіздік бар екен. Дубляж жасалатын фильмнің текстін кез келген аудармашы аударуына болмайды. Киноматография министрлігі бекіткен, ешкім қол сүғуға болмайтын тізім бар. Аудармашылар тізімі. Он шақты адам. Фильм текстін тек солар аударуға праволы.
Ол тізімдегілер кімдер? Кіл ығай мен сығай сұрыпталған таңдаулы аудармашылар болар? Жоқ, олай емес. Шетінен кездейсоқ жандар. Кейбіреулерінің мұрындарына көркем аударманың иісі барып та көрмегендер. Ондайлар фильм текстін аударуды творчестволық еңбек деп қарамайды. Оңай ақша табудың көзі ретінде қарайды.
Нантабар халтурщик кəдімгі.
Менің жүйкемді тоздыратындар міне солар. Олардың шатпарақ нашар аудармасын бастан-аяқ талқандап, қайта істеумен болам. Азабын мен тартам.
Егер билік менде болса, аударылатын текстіні тек қолы тнан іс келетін жақсы аудармашыларға берер едім. Билік, бірақ менде емес. Кейде, тіпті, Ақтақашта да емес. Аударылатын фильмнің текстісі біздің бөлімге дирекция арқылы келіп түседі. Бастықтардың бірінің қолымен «осыны пəленге аударуға беріңіз» деген сəлем хат тіркеліп, қоса жетеді. Жүрегіңнің түгі болса, сен оны тыңдамай көр. Нашар аудармалар дүниеге осылай келеді.
Тас болып қалыптасқан, іске кесел əлгі тəртіпті мен бұздыра алмай əлекпін.
Уақыт та, еңбек те зая кететін, ақылға сыймайтын бұдан басқа да артық əуре-сарсаң дубляждің төңірегінде жетерлік.
Киностудияның директорына мен бірнеше рет кіріп, айттым осы жайды. Жоқ көнбейді.
Ақтақашқа айтсам, ол да қолды бір-ақ сілтейді:
— Құрсын, мен де талай айтқам. Тыңдамайды, — дейді.
Қалыптасып, орын теуіп қалған бір келеңсіздікті өзгерту үшін, кейде, он ақылды бастың əлі келмейтінін өз көзіммен көрдім.
***
Сол кезде жаңадан құрылған, аты дардай Қазақ ССР киноматография министрлігі дейтін болған. Бірақ ол көп жасамады. Біраздан соң жойылды. Істейтін, тындыратын ісі болмаса, жойылмағанда қайтеді?
Министрлік болған соң дағарадай зор кеңсе, мол аппарат.
Министр Жақыпов. Оның орынбасары...
Республикада жалғыз ғана көтерем киностудия бар. Ол — мен қызмет істеп жүрген «Қазақфильм». Жылына не бір, не екі толық метражды фильмді күшеніп, əрең жасап шығарады. Əлгі аталған дардай Қазақ ССР киноматография министрлігі міне осы жалғыз студияны басқару үшін құрылғандай еді.
Өйткені, министр де, оның орынбасары да күні бойы киностудиядан шықпайды.
Айына бір рет «Советтік Қазақстан» атты киножурнал жасалынады. Оны министр өзі келіп қабылдайды. Орынбасарлары шұбап соңында.
Олардың соңында біздің өз басшыларымыз.
Хроникер — операторлар колхоз-совхоздардан, завод-фабрикалардан сюжеттер түсіріп алып келеді. Оны қарап, талқылауға да министр Жақыпов өзі қатысады. Өзгелерді бас-басына түгел сөйлетіп, ең соңынан шіреніп өзі сөйлеп, пікір айтады.
Түсіріліп жатқан көркем суретті кинофильмнің материалдарын министр күн ара өзі келіп көреді. Дубляж жасаған фильмді өзі қабылдайды. Бəрін де министр өзі... өзі... өзі...
Министрлікте бас редактор, жай редактор деп аталатын творчестволық қызметкерлер жеткілікті. Солар атқаруға тиісті жүмыстың бəр-бəріне Жақыпов өзі араласады.
Бұл оның іскерлігінен туған нəрсе емес еді. Басқадай істейтін іс болмағандықтың салдары еді. Көзі қара дені сау адам ұзақ күнге кеңседе қол қусырып, қалай қарап отырсын?
***
Дубляж жасалатын фильмнің қазақшаланған текстін əуелі министрліктің бас редакторы қарайды. Сосын министр өзі қарап, бекітеді.
Министр бекітпейінше текстіні өндіріске жіберуге болмайды.
Жақыпов бұған ерекше мəн беруші еді. Есігінен төріне дейін ат шаптырым зор кабинетте екеуден-екеу ғана отырмыз. «Біз бітпейінше, ешкім кірмесін» деп, есік алдындағы хатшы қызға ескертіп қояды.
- Ал, оқы.
Мен қазақшаланған текстіні жайлап оқи бастаймын. Жақыпов оның орысшасын қуалап, қарап отырады. Күдік алған тұста «Тоқта» дейді. Тоқтаймын. «Осы өзі қалай? Дұрыс аударылған ба?» «Дұрыс». Қолындағы добалдай қызыл қарандашпен жаңағы күдікті сөзді министр дөңгелектеп қоршайды. Ал қоршауға келмейтін бүтін бір сөйлем болса, астын қалыңдап тұрып сызады да, ойланады.
Не ойлайтынын құдайым өзі білсін.
Əлден уақытта:
- Қара! Осы араны жəне бір рет дұрыстап қара! — дейді.
Мен тек көңіл үшін:
- Жарайды, — деймін. Əйтпесе, қарайтын түгі де жоқ.
Жақыповтың жасы елуді орталаған. Бет-жүзі ысталған балық тəрізді сап-сары, үлкен картоп мұрынды, шегір көзділеу адам. Мінезі бұйығы, жабық. Сөзді ыңыранып, бəсең дауыспен сөйлейді. Өзгенің де сабыр мен бəсең сөйлегенін ұнатады. Біреу дабырлап, қатты сөйлей бастаса, маңдай терісі қатпарланып, жақтырмайды. «Жай, жай сөйле» деп қолымен басып, ескерту жасап отырады.
Бір фильмнің текстін қарап шыққанша, бір күн уақыт кетеді. Министрге есінеп, зерікпеу үшін бір күндік жұмыс табылады.
Əбден соңынан:
- Қара! Жəне бір рет жақсылап қарап шық. Қате кетіп қалып жүрмесін, — деп ескертеді министр.
Мен тез кетуге асық боп:
- Мақұл, - деймін.
***
Ақтақаштай бастығы бар адамда, шіркін, арман жоқ. Қызметке ерте келдің, кешкелдің демейді. Бір жерде шаруаң боп, кетіп қалсаң, неге кетіп қалдың деп тексергенді білмейді.
Өйткені, Ақтақашөзі солай.
Кеңседе қадалып отырып алу ол үшін жат. Жазылып, талқыланып жатқан сценарий, бірінен соң бірі түсіріліп жатқан кинофильм болмаған соң, несіне отырады? Сағат ертеңгі он-он бірде басы мең-зең болып, көздері қызара ісіп, кеңсеге қызметке, əйтеуір келген болады. Жұмыста екенін білдіріп, дирекция жақты бір аралап шығады. Сосын, осындағы өзіне ұқсап, екі қолы алдына сыймай, не істерін білмей зеріккен режиссер, операторлардың бірімен кабинеттің есігін тарс жауып, отырып алады да, шахмат ойнайды.
Уақыт зымырап өтіп жатады.
Жалақы тоқтамай, ол да жүріп жатады.
Сағат түскі бір болады. Үзіліс. Шахматтан жалыға бастаған Ақтақашкөзінің қиығымен маған қарайды. Редакторым, халің қалай? Бас жазатын бірдеме-сірдемең бар ма дегені.
Мен бар, жоғын білдіремін. Ақтақашөзі де құр қалта емес, əрине. Кеңседен былай таман оңаша шыққаннан кейін екеуара бюджеттің нақтылы көлемі айқындалады. Тартып жөнелеміз. Сол маңға жақын көк базарды төңіректей қонған ресторан, сыраханалардың бірінен бір-ақ шығамыз.
Кəзіргідей түс кезінде қалтаңдағы ақшаға тамақ тауып ішу азаптың азабы. Қайда барсаң, қаптаған халық. Есіктен кіру кезек. Столға отыру кезек. Заказ беру кезек.
Киім шешу, киіну ол да кезек.
Бөтекені томпитып əлденіп шыққанша, қызметтің соңы болады. Ақтақашта, мен де кеңсе барын енді ұмытамыз. Əрқайсымыз өзімізге тиесілі автобус аялдамасына қарай, жүгіре басып, алды-артымызға қарамай, асығып кетіп бара жатырмыз. Осындай адам аздау кезінде қала шетіндегі үйімізге аман-есен жетіп алуға тырысамыз.
Əйтпесе, енді аз кешіксек, жұрт жүмыстан жаппай шыға бастайды. Сіз сол кезде Алматының трамвай, автобусына отырады екем деп ойламаңыз да, дəмеленбеңіз. Күшіне, шынтағының үшкірлігіне сенгендер ғана отырады. Пальтоларының түймелері тас болып, мықты қадалғандар ғана бұл кезде трамвай, автобусқа қорықпай міне алады.
31
Шынымды айтсам, кинодағы қызметім көңілімдегідей болмады. Бұдан, қайта журналым тəуір еді. Бірақ жан бағу, семьяны асырау қажет. Жұрттың бəрі-ақ сол үшін жүмыс істеп жүрген жоқ па?
Ақтақаштың «пəтер алып береміні» құр сөз болды.
Киноға қызметке келгенде көрген бір ғана жақсылығым — ол үлкен қызым Жамалды мекеменің балалар бақшасына орналастырдым. Соған да рахмет. Жанаржаным əлі сол Павлодарда əжесінің қолында. Біз, Зағипа екеуміз, Жанаржанды əбден сағынып біттік. Енем күшпен тартып алып кеткендей қайғыланып, əзер шыдап жүрміз. Ерте де, кеште Жанарды əңгімелейміз. Шыбыным не қып жүр? Науқастанып қалмады ма? Папасы мен мамасын ойлай ма екен? Əй қайдан ойласын.
Осы жазда, демалыс алысымен, Зағипа екеумізде Павлодарға Жанарға тартып жөнеуден өзге арман да, жоспар да жоқ.
32
Көк пен жердің арасын жаңғырықтырған тың жəне тыңайған жерді игеру дейтін ұран шықты. Жазушыға қатысы жоқ ұран болмайды. Жазушы білек түріп араласпайтын науқан болмайды.
— Ал жазушылар — аттаныңдар. Қазақстанның тың игерілетін облыстарына барып, очерктер, өлеңдер, əңгіме-суреттемелер жазып əкеліңдер!
Жазушы партияның солдаты. Бұндайда қолды шекесіне алады да:
— Құп! - дейді.
Жүрексініңкіресем де, бұл кезде мен де өзімді жазушымын деп атай бастағам. Жазушылық билетке қолым жеткен. Жұқалтаң да болса, екі-үшкітаптың авторымын. Əдебиетке, əдебиетшілерге қатысы бар дүрмек іске өңмеңдеп, өзім тіленіп араласатын мінезім де жоқ емес.
— Мен де барайын! Мен де жазып əкелейін!
Мен Павлодар облысына баратын болдым. Əдейі аттай қалап сұрап алдым. Өйткені, онда Жанаржаным бар. Нағашыма да барайын, тайымды да үйретейін демекші мынадай сəті келіп қалғанда екі шаруаны бірден тынды-рып қайтпақшымын: Əрі Жазушылар одағының тапсырмасын орындаймын. Яғни, очерктер жазып əкелем. Əрі сағыныштан өле жаздап жүрген Жанаржанымды көріп, сүйіп-қүшып, мауқымды басып қайтам.
***
Жиырма күн зымырап өте шықты. Тыңға келудегі Жазушылар одағы жүктеген міндет біршама орындалды. Жалпы атын «Тыңға сапар» деп атап, тарам-тарам көлемді очерктер жазуға кірістім. Біткен бас жағы облыстық газетке басылып та шықты.
Алматыға «Қазақ əдебиетіне» жəне жібердім.
Ендігі беталыс Жанар.
Бір жарым жылдай көрмей, сағынған қызыма базарлықты үйіп-төгіп мол апармақшымын. Павлодарда араламаған дүкен қалдырмадым. Кəмпиттің түр-түрінен көтергенше алдым. Үлкендігі кішігірім баладай, кеуде түсынан қысып қалса, аюша гүж ететін, көк-жасыл мауытыдан істелген ойыншық аю сатып алдым.
Павлодардан ауданға почта таситын жүк машинасымен тартып келе жатырмын. Ой, қандай бақытты едім. Арада төрт-бес сағат өткенде, түс ауа, Жанаржанымның қасында болам.
Əне, ауыл қарасы да көрінді. Машина енемнің үйінің алдына тоқтады. Жанарға деп алған базарлық бір топ нəрселерімді артына-тартына құшақтап, кабинадан түсейін деп жатырмын. Бүкіл өн-бойыммен күлімсіреп, шексіз бақытты едім.
Алдымнан Жанарым жүгіріп шықпағанына таңырқағандаймын...
Есік алдында біраз ауыл адамдары жиналып қалған. Əйел, бала-шағалар. Мен бұған мəн бермедім. Бұндағы жұрт əлі көріп, білмеген алматылық күйеу баланың, яғни, менің келе жатқанымды естіп, əуестікке жиналған көрші-қолаң болар деп, ойладым.
Япырау, енем мен Жанар неге көрінбейді? Үйге тығылып, отырып алғандары несі?
Көктем шығар кезде Жанарға посылкамен капюшонды қызыл мауыты пальто жіберген едік. Жан-жағыма алақтап қарап, қызыл пальтолы бала іздеп, таба алмаймын.
Міне сырт есіктен кіруге тақадым. Маған жол беріп, босағаның екі жағына екі жарылып, үнсіз турған əйелдердің біреуі сол кезде алдымды орап, менің қолымдағы заттарға келіп жармасты. Əлгінің, қарасам, өң-түсі суық. Көз-дерінде мөлтілдеп, жабыса қалған жас бар. Жүрегім су етті де, үйге тез адымдап, кіріп келдім.
Төр үй бос. Төр алдына қонақ келетінін біліп, текемет, көрпе төселген. Жан алғышəзірейілден қашып тығылғандай босағадағы бір кісілік төсектің үстінде енем жалғыз өзі бір уыс боп, бүрісіп, үнсіз отыр.
Жанар көрінбейді...
Сорлағанымды жаңа білдім. Жанарды құшуға дайындап келген құшағыммен қара жерді құша өкіріп, төр алдына құлай кеттім...
Қызылша шығып ауырып, Жанар осы жуырда содан қайтыс болыпты. Суық хабар сумаңдап Алматыға жеткенде, мен мұнда тың аралап жүрмін.
33
Арада бірнеше ай өткен.
Бір күні кеңседе қызмет істеп отырсам, «Қазақ əдебиеті» газетінің редакторы, ақын Сарыбаев телефон соғып:
- Əй, сен бізге келіп кетсең, қалай болады? — дейді.
- Барайын.
Келдім. Сəлемдестім. Отыр деп, бет алдынан орын ұсынды. Амандық сұрасты. Сосын, тегенедей үлкен бетіне жалпыя қонған жұмсақ май мұрнының танау-танауын шұқылап, созғылап алды да:
- Сенің осы оңтүстікпен қандай байланысың бар? — деп сұрады.
- Қай оңтүстік?
- Осы өзіміздің, Қазақстанның оңтүстігі.
- Ешқандай да байланысым жоқ.
- Сен ол жақта болып па едің?
- Болғам. Бұрынғы жылдың арғы жылы, институт бітірген соң, бір жылдай барып, мұғалім болғам.
- Е! Қай жерде мұғалім болдың?
- Қорған дейтін ауданда.
- «Достарың» көп болды ма сонда?
- Адам болған соң досы да, қасы да болатын шығар.
- Ендеше сол балаларға арналған өлеңдер жинағыңа сын жазып жіберіпті. Мə, оқып көр.
Дəптердің төрт бетіне əдемі жазумен тасқа басқандай етіп жазылған, ұзақ хат. Ынтығып, көзімді жылдамдата жүгіртіп, оқи бастадым. Біз пəлен ауданның педагогтері, пəлен дейтін ақынның балаларға арнап басылған пəлен дейтін кітабын оқып таныстық. Кітап бізді таңғалдырды. Балаларға ешқандай тəлім-тəрбие бермейтін, зиянды кітап екеніне көзіміз айқын жетті. Қай өлеңін алсаңыз да идеялық қатеге толы. Біздің советтік бақытты өміріміздің, бақытты оқушы-пионерлеріміздің образы көрінбейді...
Хат сөзінің сарыны міне осылай. Салған жерден-ақ менің кітабымды төпеп, жамандау болып барады. Азды-көпті қисындырып дəлелдеп те жамандау емес. Тисе терекке, тимесе бұтаққа деп, қара күйе балшықты шеңгелдеп ап, мен жаққа үстін-үстін атқылау. Шығармадан гөрі оны жазған авторға өшігіп, бəлем, сені ме деп, тістеніп, кіжінген біреулердің іс-қылығы.
Бұны кім жазды екен деп, хатты оқып бітірісімен, соңына қарадым. Сөйтсем, біреу емес, екеу емес, бақандай жеті адам қол қойыпты. Жеті мұғалім. Қатардағы жай мұғалімдер емес, кіл атақ-лауазымы бар «мықтылар». Мектеп директорлары, завучтер...
Ең бірінші фамилия «Ш. Əлібеков. Мектеп директоры. Республикаға еңбегі сіңген оқытушы».
Оу, тоқта! Əлібеков? Таныс фамилия ғой! Əлгі... əлгі... Көкөзектегі Əлібеков емес пе? Басы жыланның басына ұқсайтын? «Шырақ, Албанға да, басқаға да біздің ауылда орын жоқ» деп, Зағипа екеумізді қабылдамай қоятын Əлібеков емес пе?
Иə, сол. Соның тап өзі.
Хаттағы екінші фамилия «Ж. Жақыбаев. Мектеп директоры». Бұл да таныс.
«Р. Ільясов. Мектептің оқу ісін басқарушы». Бұл да таныс. Бəрін де білем. Бəрін де танимын. Өзімнің бір кездегі айтысып, тартысатын жауларым. Мені мүғалімдік қызметтен солар қуған.
- Мен мына адамдардың бəрін де білем, — дедім Сарыбаевқа.
- Қалай білесің?
Қалай білетінімді айтып бердім. Ақын редактор қабағы салбырап, еріні дүрдиіп, соғыста жарықшақ тиіп, кемтар болып қалған қолымен иегін тіреніп ұйып тыңдады. Сосын таңдайын тілімен шық-шық қағып, басын қинала шайқап айтқаны:
— Бəсе. Тегін хат емес екенін мен бірден біліп едім. Енді бəрі де түсінікті болды. Əй, пəлеқорлар əлі де көп-ау!
***
Əлгі хат менің басымнан талайға дейін шықпады. Ойлап кетсем, не күлерімді, не ашуланарымды білмеймін. Ойпыр-ай, қандай лас нəрсе! Кім ұйымдастырды екен? Əлібеков пе? Əй, сол шығар. Əдебиетші. Көркем шығармаға дөрекілеп болса да, азды-көпті талдау жасау қолынан келеді.
Жақыбаев, Ільясовтардың қолынан келмей қалсын. Сол Қорғандағы аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі Əміровтың шешесінің маған: əй балам, Əлібеков ол жаман адам. Оған жолама, аулақ жүр деп, зарлап, айтып отыратын сөздері есіме келеді.
Кемпір, сөйтсем, бірдеңені біліп зарлайды екен ғой. Əлібековтер жамандайтын жинақта бас-аяғы екі шумақ «Маса» дейтін əзіл өлең бартын.
Болаттың бетіне бір маса қонды.
Тырсиып, тойып, қып-қызыл болды.
Тістеніп тұрып, шертіп кеп қалдым.
Маса өлді, Болатты жылатып алдым.
Пəлеқорлар осы өлеңді былай талдайды: Болат ол совет баласы. Ал оның, совет баласының, қанын сорушы кім? Кəдімгі жай маса ма? Жоқ, жай маса емес. Автордың маса деп, бүркеп айтып отырғаны қанаушы тап — капиталистер. Екі беті торсықтай совет баласының қанын ақын жауыз ка-питалистерге сорғыздырып қойған. Өлең Болаттың жылауымен бітеді. Осында қандай тəрбиелік мəн бар? Совет баласын жайнатып, күлдіріп көр-сетудің орнына оның көзінен сорасын ағызып, ботадай боз-датып қою авторға не үшін қажет болғанын біз, педагогтар түсіне алмадық.
34
Арада бір жыл өткен. Көктем. Май айы. Менің қызмет орным бұл кезде тағы өзгерген. Қазақстан Жазушылар одағының органы «Қазақ əдебиеті» газетінде бөлім бастығымын. Киностудиямен хошайтысқам. Қара! Тағы бір рет жақсылап қарап шық. Қате кетіп қалып жүрмесін деп, өзінің көлеңкесінен қорқып, пəле жоқта пəле күтіп отыратын Жақыпов министрмен хошайтысқам. Біз, жас талап əдебиетшілер, Қазақтан Жазушылар одағы аталатын мекемеге студент кезімізден əуес едік. Осы босағада өтетін əдебиетке қатысы бар жиналыс-талқылаулардың бірін құр жібермейміз. Іздеп, сұранып жүріп қатысамыз. Əлгі аталған, біз үшін беделі зор мекемеде қызмет істейтіндерді нағыз бақытты жандар санаймыз.
«Қазақ əдебиеті» газетінің редакторы Сарыбаев бізге қызметке келесің бе дегенде мен, шынымды айтсам, төбем көкке жетіп, қуандым. Өйтпей ше! Өзім арман ететін, əр келгенде табалдырығын жүрексіне аттайтын мекеменің төл қызметкері болудан артық мен үшін дəреже бар ма?
Газеттің бөлім бастығына шақырды. Ризамын. Одан үлкенді өзім де дəметпеймін.
Сөйтіп, «Қазақ əдебиеті» газетінде қызмет жасаймын.
Таңертеңгілік уақыт. Бөлмеде жалғыз өзім. Жайлап есік ашылды. Кепкасын шешіп, қолына ұстап алған, толықша, қызыл шырайлы балаң жігіттің жүзі көрінді. Аяғын қорына батылсыздау басып кіріп келеді. Маған жақындап, күлімсірей түсті де:
— Аға, саламатсыз ба? — деді.
Редакцияға күніне талай адам келіп, кетеді. Соның біреуіне санадым да, мен онымен ресми амандастым.
Кең балақ шалбарын түріңкіреп, менің бел алдымдағы орындыққа жайлап отырып жатып:
— Аға, сіз мені танымадыңыз ба? — деді.
Мен елең етіп, жас жігіттің жүзіне қайта қарадым. Бірақ есіме түсіре алмадым.
- Мен Қалимын ғой...
- Қай Қали?
- Қаныша жеңгемнің тəтесінің баласы... Балжанның.
- Өй... өй... сен сол Қалимысың?
Жас жігіт одан бетер ыржиып күледі.
Мен көз алдымда соғыстан бұрынғы сонау жылдар: арбамен Сəрсебек ағайым, Қаныша жеңгем, мен үшеуміз Бөген ауданына, Қаныша жеңгемнің əкпесі Балжандарға қонаққа барғанымыз
елестеп келді. Қалиды алғашрет сонда көргем. Бес-алты жасар кішкене бала болатын. Бірақ пəле бала еді. Мені Ғалияға жолатпай, екеумізді сөйлеттірмей, жынымды келтіруші еді. Енді міне, зіңгіттей жігіт.
- Ой, Қали-ай, ə! Қалай тез өскенсің?
- Өстік қой, аға.
Қалидың сол бала кездегі мінез-қүлқын есіме алып, басымды еріксіз шайқап, күлемін.
- Əке-шешең аман ба?
- Аман.
- Не істейді?
- Не істесін. Екеуі де картайды.
- Ғалия қайда?
- Ғалия тəтем мына Жамбыл ауданында мұғалім ғой... Осыны айтып, Қали құнжыңдап, педжагінің ішкі қалтасына қол сала бастады. Конвертіне адрес жазылмаған хат алып, маған үсынды:
- Мынаны Ғалия тəтем беріп еді. Жүрегім шымыр ете қалды.
Таныс жазу көзіме жылы үшырай кетті. «Еркін, амансың ба? Мен сенің газетте қызмет істейтініңді білетін ем. Əңгіме, мақалаларыңды оқып тұрам. Мына бала менің інім, білетін шығарсың. ҚазПИ-дің тіл-əдебиет факультетіне оқуға түскен. Өлең жазумен əуестенеді екен. Саған алып барып, көрсетейін десе, ұялатын тəрізді. Бірдеңеге жарайтындары болса, ақылыңды айтып көмектесерсің. Ал мен жайлы білмек болсаң, мен осы маңда мүғаліммін. Жалғыз түрам... Басқа жаңалықтарды Қалидан естіп білерсің. Ғалия».
Хат сөзі осы. Жалғыз тұрамы қалай? Күйеуі қайда? Қалидан бірден сүрауға ыңғайсыз көрдім де, басқа жақтан орағыттым:
Ғалияны ЖенПИ-де оқиды деп естіген ем. Ол оны бітірген екен ғой?
- Бітірген. Күйеуі мен екеуі қызметке бір жерге барған. Жуырда бір айдай болды, күйеуінен ажырасып кетті.
- Неге?
Қали қиналған түрмен айта бастады:
- Кінəлау екі жақтан да болса керек... Ғалия күйеуіне ішесің дейтін көрінеді... Ал анау бала таппайсың дейтін секілді...
Түсінікті. Енді қазбаламасам да болады. Бақытсыз семьяларда жиі кездесетін драманың бір түрі.
Ғалияның хатты тектен тек жазып отырмағаны белгілі еді. Қалидың ақындығына ақыл айт, көмектес деуі, əрине, сылтау. Маған өзінің кəзіргі жай-жағдайынан хабар бергісі келген ғой. Жалғыз екенін, баяғы қыз кезіндегідей басы бос екенін білдірмек...
Мен оның күйеуінен ажырасқанына, шынымды айтсам, ренжігем жоқ.
- Ғалия қəзір қай жерде ?
- Шілікті дейтін қыстақта.
- Сен барып тұрамысың?
- Демалыс сайын барам.
- Бұл арадан онда автобус қатынай ма?
Ұзынағашқа қатынайды. Ал одан ары сол жердің өз автобусы жүріп түрады.
- Тамаша. Сен алдағы демалыста барасың ба? Екеуміз бірге барсақ?
Қали қуанғаннан еңсесін көтеріп алды:
- Мақұл. Бірге барайық.
35
Қали екеуміз Ұзынағаштамыз. Осы араның Шіліктіні басып өтетін жалғыз есікті салдырлақ көне автобусына таласып-тармасып, əзер міндік. Бүгінгідей демалыс күні жолжүрушілер көп. Көпшілігі аудан орталығында базар базарлап, қайтып бара жатқан, кіл қоржын-кешек, буыншақ-түйіншек арқалағандар. Автобустың қарасы көрінген кезде қаңтарда пішен көрген ашқойларша жапа-тармағай лап қойысты. Кезек быт-шыт болды. Күші, ебі жеткендер мініп жатыр.
Əуелде сасқалақтасақ та, жағдайды тез барлап алдық та, біз де қарап қалмадық. Жас екенімізді, күш-қуатымыздың молдығын біз де көрсеттік. Автобустың арт жағынан болса да, қысылысып, орын алып үлгердік.
Дүние жүзіндегі ең көнбіс, ең демократияшыл автобус, сірə, осы болар. Бір де адам қалмастан түгел мінді. Кейбірі мүлдем жабылмайтын болган кемтар терезелерден шаң бұрқ-бүрқ кіріп, даланың бұралаң жабайы жолымен, міне енді, ор қояндай орғытып, келе жатыр. Біреу түсем десе, кілт тоқтай қалады. Жол бойы адам кездессе, отырғызып алады.
У-шу нағыз базар автобустың ішінде.
Біз де құр қол емес едік. Ауылдық жердің сырын білетін мен мана жолға шығар алдында Алматының Калинин көшесінде жуырда ашылған, қаладағы ең мақтаулы гастрономға соққам. Ғалия біз барғанда аяқ астынан қонақ күтудің қамын істеп, асып-саспасын деп, бір қойдың санын, бірнеше бөтелке тəуір шараптар сатып алғам. Ішінде не барын, əзірше, тек өзім ғана білетін зілдей кішкене қара чемодан осы келе жатқанда Қалидың қолында.
Мынау міне Шілікті.
Автобусқа мінер кездегі азаптан түсер кездегі азап кем болған жоқ.
Ғалия совхоздың мүғалімдер үшін салған, əрқайсы екі пəтерлі, каркас үйлерінің бірінде тұрады екен. Қыстақтың шеті. Сыртта есік алдында балтамен тоңқаңдап, отын жарып жатқан үстіне келдік. Мені көріп, көздері жылтырай күлімсіреді:
- Е, сені мүнда кім шақырды?
- Шақырмаса, келмей ме екен? Саған қонаққа келдім.
- Біз бұл күнде қонақ қабылдамайтын болғанбыз.
Баяғыда, студент кезімде, Ғалияның үйінен сен менің еркіме көнбедің деп, ашуланып кеткенім есіме келді.
- Бұрын да қонақ қабылдап, қарық қылғаныңды көрмеген тəріздімін, — дедім.
Қай мағынада айтылған сөз екенін Ғалия, əрине, түсінді.
Баяғы Еркін, баяғы Ғалия емеспіз. Қалидың көзінше ашық, еркін қалжыңдасамыз. Қали да: сен
аулақ жүр. Əпкеме жаман сөздер айтасың деп Ғалияны менен қызғыштай қоритын баяғы қызғаншақ бала емес. Есейген, енді өзі жігіт болған. Ғалия екеуміздің қалжыңымызды қайта, құптап, қуанғандай өңін төмен салып, жымиып күліп қояды.
Ғалия бұрынғысынан көп өзгеріпті. Бойы аласарып, белі жуандап, салпы етек ауыл əйелдерінің біріне айналыпты. Үстіне киген киімдері де тым жұпыны. Ерні шыт-шыт жарылып, бет-жүзін ұсақ əжім баса бастаған.
Баяғы мен білетіннен өзгермеген оның ақылды көз-қарасы мен əдемі күлкісі.
Маңайда бөгде ешкім болмаған соң:
— Сен өзің не боп кеткенсің? — деп, Ғалияның белінен қапсыра құшақтап, сілкіп-сілкіп қойдым. Оны сағынып, алып ұшып жеткенімді осылай білдірдім. Дегенмен, бұлшық еттері тығыз. Əлі қаны суымаған салмақты ыстық дене...
***
Төр үйде Ғалия екеуміз ғанамыз. Қали сыртта отын жарып, самауыр қойып жүр. Ол мұнда жоламайды. Кірсе, тек ауыз үйге кіріп шығады.
Ғалияны жаңа көргендей бетіне тесіле қараймын.
- Неге қарайсың?
- Ғалия, бір нəрсе сұрасам, айтамысың?
- Сұра.
- Сен осы күйеуіңе сүйіп қосылдың ба? Тек шын айт.
- Жоқ, сүйген жоқпын.
- Сүймесең, неге тидің?
- Оған тосын бір жағдай себеп болды.
- Қандай тосын жағдай?
- Жəй... ақымақшылық...
- Дəлірек?
- Дəл айтсам: оның армиядан жаңа келген кезі. Салт атқа мініп алатын да, ағасы жылқы ферманың бастығы, ауыл арасында шапқылаумен жүретін. Бір күні маған тауға рауғаштеруге барайық деді. Мен келістім. Екеуміз бір атқа мінгестік те, бардық. Иесіз тау. Белуардан шалғын. Маңайда жан адам жоқ. Біраздан соң ол маған көңіл білдіріп, жабыса бастады. Мен, əрине, көнбедім. Екеуміз сол ара-да əбден алысып-жұлыстық. Киімдеріміз дала-дұла болды. Оның əрекетінен, əрине, түк шықпады. Ауылға мен ашуланып, жаяу қайтып келдім. Ол келген соң
жігіттерге өтірік айтып, мақтаныпты. Мен Ғалияны тауға алып бардым, сөйттім-бүйттім депті. Жігіттер қандай: шетінен əумесер. Мені көрген жерде алдымды орап, күлетінді шығарды. Сенсең, міне сол себеп болды. Əлгі өсек елге жайылады екен, апам естиді екен дедім де, тие салдым.
- Тек сол ма?
- Сол.
- Дура!
***
Ертесі. Таңертеңгілік мезгіл. Осы арадан бірінші өтетін автобуспен Қали екеуміз Ұзынағашқа, одан Алматыға қайтпақшымыз. Селоның дəл орта тұсындағы автобус аялдамасында тұрмыз. Үстіне пальто ма, плащпа көне бірдеңе кие салған, ұйқысы онша қанбаған Ғалия кірбиіп, бізді шығарып салып тұр.
Мен оның бетін оңаша бұрып, сыбырлап:
— Келіп тұрам, — деймін.
Жауап беру орнына Ғалия таңертеңгі салқын ауадан тоңазыған түрмен, екі қолын жеңіне тыға түсіп, тітіркенеді.
Кешегі көңілді автобус келе қалды. Адам тағы да толы. Орын арт жақтан əзер табылды. Жайғасып отырып жатып, артыма бұрылып қарадым. Ғалия сол орнында əлі тұр. Көзі бізде — ұзап бара жатқан автобуста. Неге екенін қайдам, ол маған дəл осы сəт жапан дүзде немесе елсіз-күнсіз аралда жалғыз қалып бара жатқан панасыз жандай тым аянышты көрініп кетті.