1 наурызда қандай қызықты оқиға болды
Бүгін – көктемнің алғашқы күні, сондықтан Көктем мерекесі тойланады. Көктем туралы ежелгі славян аңызы бойынша бір күні сұлу қыздың кейпіндегі Күн көңіл көтеріп, билеу үшін жерге түседі. Бірақ мейірімсіз Жылан Күнді ұрлап алып, өзінің сарайына жауып тастаған-мыс.
Қазақстанда бүгін Алғыс айту күні тойланады. Алғыс айту күні – қысылтаяң шақта бар ауыртпашылықты бірге көтеріп, мемлекет басшысының жетекшілігімен Тәуелсіз Қазақстан құру жолында аянбай тер төккен ел азаматтарының бір-біріне құрмет көрсету күні.
Алғыс айту күні – қазақстандық патриотизмнің, бірлік пен достықтың жарқын мерекесі. Қазақстан халқы бұл мейрамды алғаш рет 2016 жылы атап өтті. 2016 жылдың 14 қаңтарында президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнін, яғни 1 наурызды Алғыс айту күні етіп жариялады.
"Қазақстан халқы ассамблеясы құрылған күн, яғни 1 наурызды жыл сайын барлық этностың бір-біріне және мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді. Бұл күн бізді бұрынғыдан да гөрі жақындастыра түспек. Бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі бола алар еді", - деген болатын Назарбаев Ассамблея сессиясында.
Сондай-ақ бүгін Халықаралық қошемет сөздер (комплимент) күні аталып өтеді. Бұл күні арнайы акциялар мен флэш-мобтар өткізіліп, адамдар бір-біріне жылы сөздер айтады.
Мамандардың пікірінше, көптеген адам өзгеге комплимент айтуға ұялады немесе қорқады екен. Өйткені біреуге қошемет сөз айту – бұл өнер. Мақтау сөз нақты фактіге негізделуі керек, әйтпесе ол кәдімгі жағымпаздық болып шыға келеді. Психологтар бұл өнерді меңгеруді өзіңнен бастауға кеңес береді. Күнде таңертең айнаның алдына тұрып, өзің туралы жақсы сөздер айтып, көңіл-күйді көтерудің шарапаты мол.