Жастығым сені іздедім
Жазды күні жастығым сені іздедім,
Сезімім өзіңменен егізбе едің.
Үміт оты лауламай өшсе дағы,
Қайран жастық уайым жегізбедің.
Күзді күні жастығым сені іздедім,
Арманым өзіңменен егізбе едің.
Сары жапырақ төгілсе көңілдерден,
Япырай босқа жүрмін дегізбедің.
Қысты күні жастығым сені іздедім,
Шыдамым өзіңменен егізбе едің.
Сезімді суық шалып жатса дағы,
Қиялдың сары уайымын жегізбедің.
Көктем күні жастығым сені іздедім,
Махаббатым көктеммен егізбедің.
Өрекпіген жүрегім байыз таппай,
Сағынбаспын жастықты дегізбедің.
Қайран жастық өмірлік естеліксің,
Сезімім бәсеңсуді ескеріпсің.
Ал махаббат сұрауы өткен күннің,
Біреуге ерте, біреуге кеш келіпсің.
Кәрілікте қарымы жастық шақтың,
Күз келгенде сарғаяр жапырақтың.
Бір-бірінен айнымас сұрғылт уақыт,
Бейберекет зуылдап өтіп жаттың.
Насыреддин Қожырбайұлы