27 ақпанда қандай қызықты оқиға болды
Әр адам өмірді әртүрлі қабылдайды. Бірі өмірдің жаман тұстарын көбірек көріп, қиындыққа тап болған сайын қапаланып, қабағы ашылмай жүрсе, басқалары, керісінше, әр атқан таңына шүкіршілік етіп, үнемі көңілді жүреді. Міне, бүгін дәл сол өмірге әрдайым риза жандардың күні. Халықаралық оптимист күні жыл сайын аталып өтеді. Сондықтан, бүгін сүреңсіз өмір сүріп жатқандар "бұлт астындағы күнді" көруге тырысып, өмірге жаңа көзбен қарауға тырысқаны жөн.
Сондай-ақ, бүгін – Халықаралық ақ аю күні. Бұл күнді атап өтудегі негізгі мақсат – ақ аю туралы ақпаратты кеңінен таратып, оларды қорғауға қоғамның назарын аударту. Сонымен қатар, поляр мұзының еру проблемаларын шешу қажеттігі туралы да мәселе көтеріледі. Себебі мұздың еруі – ақ аюлардың жойылуының басты себебі. Жаһандық жылыну салдарынан Арктикада мұздың еруінен 2050 жылға қарай ақ аюлардың үштен екісі жойылып кетуі мүмкін. Мұнай кен орындарын игеру де бұл аңдардың өміріне қауіп төндіреді.
27 ақпан – АҚШ-та құлпынай күні. Жазда өсетін жемістің төл мерекесі неге қыста аталып өтеді деген орынды сұрақ туындауы мүмкін. Әдетте ақпан айының соңғы күндері Америкада көктем лебі сезіледі, ал ең алғашқылардың бірі болып пісетін құлпынайды "көктем дәмі" деп те жиі атайды.
Құлпынай әлемнің көптеген елінде өседі, алайда ең ірі өндірушілер қатарына АҚШ, Түркия, Испания, Египет, Мексика, Ресей, Мексика, Жапония, Оңтүстік Корея, Польша, Германия және Италия кіреді.