15 ақпанда қандай қызықты оқиғалар болды
Бүгін – Дүниежүзілік қатерлі ісікке шалдыққан балалар күні. Бұл атаулы күн күнтізбеде 2001 жылы Дүниежүзілік қатерлі ісікке шалдыққан балалардың ата-аналарының конфедерациясы (ICCCPO) бастамасымен енгізілген. Ракпен ауыратын балалардың күні Халықаралық балалар онкологтары қауымдастығының ұйымдастыруымен 90-нан астам елде аталып өтеді. Медициналық статистикаға сүйенсек, жылына әлемде 200 мың бала қатерлі ісікке шалдығады, жартысы науқастан айықпастан көз жұмады.
Сонымен бірге, бүгін – Халықаралық ота медбикесі күні. Ота медбикесінің арнайы білікті мамандардың арасында алатын орын ерекше, оның білімі, қабілеті мен тиянақтылығының арқасында кез келген хирургиялық ем сәтті шығады. 2009 жылы 15 ақпаннан бастап ота жасау кезінде көмектесетін медбикелер өздерінің қауымдастығының бастамасымен кәсіби мерекесін тойлап келеді.
Ресейде 2011 жылдан бастап 15 ақпанда ерекше мереке аталып өтеді – Отанынан тысқары аумақта қызметтік борышын атқарған ресейліктерді еске алуға арналған Интернационалист жауынгер күні. Бұл күн кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылу мерейтойына байланысты таңдалған, ауған соғысында қаза тапқан 15 мың кеңес жауынгерінің рухына бағышталады. Көптеген тарихшы және сарапшылар Ауғанстан соғысын Ұлы Отан соғысынан кейінгі ең қатал қантөгіс деп санайды. Атап өтсек, бұл күні Ауғанстан соғысының ардагерлерін ғана емес, елден тысқары 30-дан астам қарулы қақтығысқа қатысқан басқа да азаматтарды еске алады. 25 мыңнан астам ресейлік қызметтік борышын атқару кезінде ажал құшқан.