10.02.2023
  277


Автор: Мирас Асан

Абай


Тағдырдың тарқауы кем, түйіні көп
Тартқаны біртоға рай, бұйығы кеп.
Сыртыңнан еркіндіктің түрін жасап,
Ішіңнен қамалудан қиыны жоқ...

Кеудеме қымтап келген сайра, құсым,
Қамалған сен бе, мен бе... ойран ішім!
Бір жағы ренжу де ыңғайсыздау,
Ешкімге айта алмайтын ойлар үшін!

Бір өксіп, бір күрсініп, бір өкініп,
Мөп-мөлдір жасқа айналдым міне, тұнық...
Қоғамның үнсіздігін кешу ауыр,
Дауысың бар екенін біле тұрып.

Адасып ақылымнан тыс іргелі,
Ойларға соғыламын – мүсін көбі...
Дыбыссыз кино құсап күн кешемін,
Қосылып жаңғырыққа ішімдегі.

Аспаннан шайдай ашық бұлт іздеген,
Бір үміт мен шығармын жұрт үзбеген.
Бақыты тартылмайтын таразымен,
Уақыты өлшенбейтін күнтізбемен.

Тым-тырыс неге мынау мекен барлық,
Заһарды ішем үнсіз шекер бал ғып...
Хакім кеп айғай салған жартас — мен-ау,
Қаңқ етіп, қайта мылқау кетер қалғып!




Пікір жазу