10.02.2023
  122


Автор: Мұқият Қойшыбайұлы

Кісе белбеу

Ізгілік жататұғын талғамында,
Жүретін жақсы жандар жан-жағында.
Жасатып əкем берді кісе белбеу,
Алғашқы мүшел жасқа толғанымда.


 


Таныған қас шебер деп жұрт ісінен,
Қазақтың өн-бойына ғұрпы сіңген.
Жасаған кісе белбеу ақысына,
Бір тайды əкетті ұста жылқы ішінен.


 


Ұсталық қарапайым жұмыспенен,
Жан екен еңбегінен ырыс жеген.
Қолынан келгенінше барын салып,
Кісені нақыштапты күміспенен.


 


Бір тайлық кесіп берген құнды өзіне,
Береді мұндай затқа кім кезіге.
Алатын көздің жауын шынымен де,
Тұрғанда шағылысып күн көзіне.


 


Асаудың жабысатын құлағына,
Ауылдың жарығанмын құнарына.
Əкем де қалдырмайтын жиын-тойдан,
Тортөбел мінгізіп ап құнаныма.


 


Əр түрлі болса да елдің көз қарасы,
Əр əкеге ыстық қой өз баласы.
Ондайда тастамаймын мен кісемді,
Секілді ханның жалғыз бекзадасы.


 


Талайдың көзі солай түсіп жүрді,
(Қымбат зат екендігін ішім білді).
Бұл қалай жасалған деп сұрап қап ем,
Былайша əкем бір де түсіндірді:


 


- Бұғының пайдаланған жон терісін,
Байқасаң үлкен ғылым ол тегі шын.
Қазақтың өнерінде қасиет бар,
Қидым ғой, бір тулақты, мен, сол үшін.


 


Ежелден бағалаған ел іріні,
Соған сай қалыптасқан ер ұғымы.
Деп айтып баласының кісесіне,
Көзінен тамып тұрды мейірімі.


 


...Өшпейтін сəт болады жүректен де,
Жүрек пен қиналады жүдеп пенде.
Қапияда кісемді ұры əкетті,
Арада екі жарым жыл өткенде.


 


Дариға - ай, мен өскен жер, əсем Іле,
Болмақшы сенен өзге əсерлі не.
Қайтейін, кісе түгіл, өмір осы,
Менен ұрлап əкетті əкемді де.


 


Назым бар, өмір саған айтарым бар,
( Мен кімнің баласымын ал, таныңдар).
Əкемнен қалған асыл көз екен ғой,
Кісемді, кері өзіме қайтарыңдар.





Пікір жазу