10.02.2023
  194


Автор: Дәурен Тілеухан

СӨЗСІЗ

 


«О, если б без слова


Сказаться душой было можно!..»


© А.Фет


 


Жүректе—жамау-қайғы,


жанарда—мұң,


Жазам деп өлмес өлең тағы алдадым.


Жарқ еткен жан сәулемнің жарығым-ай,


«Шіркі-ін, сөзсіз жеткізсем саған бәрін!..»


 


Қайықтай қаңыраған жағалауда,


Қайтейін, арман болып қалар ол да.


Сен едің—сиқыр сезім,


сол сезімнің—


Теңеуін тіл мен жүрек таба алар ма?..


 


Өртенген түндерім көп содан менің,


Сен үшін содан бері көп әуремін.


Ұйқасты, тіркесті де қажет қылмас,


Жүректің құпиясы болар дедім.


 


Сол Жүрек болмаса егер мұң сыздаған–


Күншіл-бақ, кісәпір-жыл құнсыз маған.


Білерім— жалған сезім, жылтыр сөзден,


мың есе артық біздің Үнсіз ғалам!..


 


Тапқандай бақытының бәрін содан,


Сабырға келмес, сірә, сағынса адам.


...Өзіңсіз көңілсіз күн кешеремді—


Тек үнсіз жеткізсем ғой, жаным, саған!...


 


(... Қайтейін...)





Пікір жазу