ЖҰМБАҚ
Бәрі жұмбақ—
сенбесім, сене аларым...
(Осы күзде, білмеймін, не боларын?..)
Түнегінде қалдырған махаббаттың—
жүрегіңе,
жаным-ау, келе ме әлің?!
Сағынышым санамды сергіткен күн—
Тәтті болса деуші едім мен күткен Мұң.
Жаралы жанның мынау жазасы аздай,
Қасіретті қасыңа ертіп келдің.
Дертті жүрек доғармай дүрсілдеуін,
Қайғымды іштім,
қалғанша құр сүлдерім!
Үркек үнсіздігіңе үздігетін—
Сен сезсең ғой—сәттердің күрсінгенін...
Аңсау деген сезімді шығарған кім?!
(Ұйқымды ұрлай береді ұзарған Түн...)
Періштеден кем көрмей сүйсем,
ол да—
Тұмса тазалығыңнан шығар, бәлкім?..
Қайта-қайта қайталап мұңды Өлеңді,
Тұнжыраумен қаншама түндер өлді.
Саған жетіп,
қалғанда соңғы қадам—
Құлай берем,
Құдай-ау, бұл не болды?..
Сонда көңіл жай табар—
сабырым кеп,
(Тілеуімді берсе екен Тәңірім тек...)
Бәлкім, бақыт не екенін білермін мен—
Маңдайыңнан сүйгенде:
«ЖАРЫҒЫМ» деп!..