10.02.2023
  86


Автор: Тілек Ырысбек

Момидзи

Алақанымнан аққан көлеңке,
Жүзімді жасырғанда,
Уақыттан үзіліп,
Аспанға мағынасыз телмірдім,
Мен солай,
Бала күнгі сынған айнаға шағылысқан жарқылдың,
Жалт-жұлт еткен әнтек,
Естеліктерін ғана есіме түсірдім.

Көзіме шағылысқан сәуледен,
Жанарымды тайдырып ойнаймын деп,
Әлдебір кездескен адамдарым мен киген киімдерімді ұмытыппын.
Тек қана қара қолғабым мен қырау қатқан тікбұрыш терезеге телмірген көздерім әлдебір шимайлардан жоғалған өркениетті іздегенін түсіндім.

Күннің көл бетіне шағылысқан сәулесін,
Тек өзіммен ғана ала кетердей тебіреніп,
Өзгелердің де көзінде көлбең қағатыныны секілді,
құдды өмір мен үшін жаралғандай әсерленіп жүріппін.

Кенет селк еткен жапырақтан,
Ауа сыртындағы суретке жанарымды сидырып үлгердім.
...
Жапырақ үзілді...
Жапырақ Үзіліп
Жерге түсті...





Пікір жазу