10.02.2023
148
Күйім көптеу....
күйім көптеу ессіздікке ұласқан...
бұл жұбату – қарын төгіп тұр Аспан.
мейірім де сарқыла ма, ей, құстар,
уақыттың тез өтетіні рас па?!
жақын таппай шын түсініп, бек сенер...
халі мүшкіл көңіл нені көксемек?!
жылы жаққа жылу іздеп “ұшпаймыз”,
осы маңда қалуға да жоқ себеп...
қаңтар жақын, күздің әнін жаттап қал,
адамдар ма жерде жүріп бақ тапқан...
күн суыса, мен құстарды аяймын...
күн суыса, қар жауады. Аппақ қар...
көзімізде сан ғасырлық тұр күйік...
бақытты боп танытып жүр кім кейіп?
сендер ғана жерге қона алатын
ұша алатын сендер ғана тым биік!
тек жазғанды көре ме екен пешене?
мен әйтпесе басқа өмір кешер ем...
не істей алар екенбіз біз, ей, құстар,
“осы жерден жер бітеді” десе егер...