Сабылысыңды жасырып қалған сәт қанша
Сабылысыңды жасырып қалған сәт қанша?!
Не болар екен көңіл-сандықты ақтарса?!
Мен жүрген мынау тағдырдың жолы тайғанақ,
Басыма сосын қона бермейді бақ та онша...
Ғаламның мынау мейіріміне көп шөлдеп,
Армандайсың кеп «адал» боп қана өтсем деп,
Жауапсыз қалған дұғаң жайлы да ойлайсың,
(Қос алақанын құдайға жайған тек сен бе?!)
Жүрегім менің мұңның өзімен егіз бе?
«Тірлік кешуді» аласыңдағы негізге,
Құдай барына күмәнмен сосын қарайсың,
Сүңгігің келмей «ой» дейтін терең теңізге.
Кешесің тірлік аяқталмаған жыр құсап,
Түн құсап, сосын ашылмай қалған сыр құсап...
Қабырғалар да еңсеңді әбден басады,
Қашады бәрі, ашады саған кім құшақ?!
Досымдай менің келген Көктем де, Ай, Теңіз,
Теңселген терек, біздің бастағы жайт егіз...
Көңілімізді кірлетіп алсақ қайтеміз?!
Жүрегімізді ауыртып алсақ қайтеміз?..
Өлеңді ойлап, өзімді ойлап...былайғы...
Ғұмырды ойлап...тұғырды ойлап...(ұнайды...)
Ойлап жатам да, қалғып кетемін төсекте,
Жүрегімдегі (көкте ме еді?) құдайды...