Ару қыздар гүл қыздар, мерекелеріңмен!
Қазақ елінде әрқашанда қыздарды құрметтеп, «Қыз қонақ» деп қызға берер тәрбиені ерекше қадағалаған. Қыз ертең барған жерінде ата-анасының атына кір келтірмесін деп инабатты да, ибалы етіп тәрбиелеп өсіретін болған. «Қызды қырық үйден тиым» деп қыздардың жүріс-тұрысын назардан тыс қалдырмаған.
Қыз баласын қашанда төрге отырғызып сыйлаған ата-бабамыз қыз үйден басқа үйге ұзатылып кеткенде, сол үйдің босаға жағында, төменгі орында отыратын болған. Бұл үрдіс қазіргі таңда да жалғасын тауып келеді. Үлкенге құрмет, кішіге ізет қылатын әрбір қыз баласы ертеңгі болашақ ана. Расында қыз өз үйіне қонақ, қыз жат жұрттық екені сөзсіз.
Сонымен қатар қызды теріс қылықтардан да қорғап өсірген. Ішімдік ішу, темекі шегу, үлкендерді беттен алып, оларға тіке бажырая қарауға да жол бермеген. Олардың жүріс-тұрыстарын, әдет-ғұрыптарды қалай бағалау керек қыз анасы осылардың барлығын қыздың санасына құйып, бойына сіңіре білген.
Қазақта қыз тәрбиесіне қатты көңіл бөлген. «Қыз бұзылса бүкіл ұлт бұзылады» деген ата бабамыз қыздарды елдің айнасы деп санаған. Сонымен қатар қызды ренжітпеуге, оларға қарап дауыс көтеріп сөйлеуді де жат санаған. «Қыз елдің көркі» дегендей қыз баланың тәрбиелі, ибалы, қылықты етіп өсіру әрбір қазақ отбасына тән болған.
Гүл көктемдей құлпырып, айналасын нұрға бөлейтін, өздеріне жарасымды тартымды қылықтарымен, ибалы жүріс-тұрысымен, биязы қалпымен барлық адамды тәнті еткен қазағымның ару қыздары! Сендерді 8 наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Армандарың орындадып, мақсаттарыңа жете беріңдер! Әр көктем сайын жүздерің жайнап, қуанышқа кенеліңдер! Абыройларың асқақтап, әрбір істерің сәттілікке тола берсін! Таусылмас бақытқа жете беріңдер!
«Ғажайып Қазақстан —2050» журналының және «Ғажайып Қазақстан» газетінің бас редакторы Жібек Искакова, Түркістан қаласы