09.02.2023
  137


Автор: Еділбек Дүйсен

Жұлдыздар жымыңдайды...

Жымыңдайды жұлдыздар,
Шаттық күйін кешкендей.
Білінбейді түнгі ызғар,
Жұмбақ жылу ескендей.

Сұлулық-ай, жер-көкті,
Бір өзіне қаратқан.
Түнгі аспанның зерлепті,
Омырауын, Жаратқан.

Жұлдыздардың айменен,
Ажарлана түсті өңі.
Көкке құлаш жайды өлең,
Қолын бұлғап "Құс жолы".

Көргендеймін, бір қызды,
Бейне күліп тұрғандай.
Тамашалап жұлдызды,
Қарап қалған қырларды-ай...

...Өмір, қандай сүйікті ең,
Жайнап тұрғай нұр жүзің.
Жарқырай бер биіктен,
Менің, арман-жұлдызым!





Пікір жазу