09.02.2023
  108


Автор: Еділбек Дүйсен

Ауыл

Ауырды, міндет - арқалау,
Ауылдан ба едің, қалқам-ау?!.
Қоңсылар тұрар қол бұлғап,
Жол шығар одан сан тарау...

Аспаны тұтас көрінген,
Түтіні көкке өрілген.
Толағай шығар төріңнен,
Төбеті кем бе, бөріңнен!?

Бойымды билеп, жаулады,
Бауырға тартып баулары.
Далиған дала-кеңпейіл,
Тәкаппар емес таулары.

Қысардай ауыл, жадырап,
Құшағына алып, қазір-ақ.
Жаныма сіңіп жатады,
Жусанның исі жамырап.

Жұмбақ бір мейірім арбай ма,
Ауылды сүймес жан қайда!
Табынам оған Тәңірдей,
Сағынам, кетсем шалғайға.

Шүпірлеп шуақ жататын,
Таңы да бөлек ататын.
Қымсынған қыздай қызарып,
Күні де бөлек бататын.

Жайнасын десең, нұр-өңдер,
Тірлікке мынау рең бер!
Қайтесің, арман әрқилы,
Іздейді жұмақ біреулер.

Жеткізбес, жұмақ-сағым ба,
Естігем бала шағымда.
Тозаққа таныс емеспін,
Ал, жұмақ, туған ауылда!

Көңілім қалай жасанбас,
Өмірім қалай жасармас.
Қандай бір көркем қала да,
Аулымның орнын баса алмас!





Пікір жазу